Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов


Демотикалық әдебиет (б.з.д. YIII ғ. - б.з. III ғ.)



бет2/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36

Демотикалық әдебиет (б.з.д. YIII ғ. - б.з. III ғ.). XX әулеттің пайда болуы бүлікпен аяқ­тал­ды: биліктің екілік орталықтануының нәтижесінде Мысыр екі жеке облыс­тарға бөлінді. Сонан соң ливий әулетінің XXII және XXIII кезеңінен кейін (шамамен б.з.д. 950-730 ж.) және XXIY әулетінің жалғыз билеушісі Бокхорис патшаның билеуінен кейін (б.з.д. 720 жылы). Мысыр Эфиопия перғауындарының қол астында болды, бұлар ассирия патша­сы Ашшур­бана­палмен талқандалды. Бұл дәуірден тек патшалар мен ақсүйек­тердің жазулары кездеседі.

Саяси мен мәдени жаңғыру саисстық аталған дәуірде XXYI әулеттен (б.з.д. YII ғасыр ортасынан бастап) басталды.

Демотикалық әдебиетте дәстүрлі ұлағаттар дамыды. Британ мұражайында және Луврда­ғы папирустарда қамтылатын Анхшешонка ұлағаты ежелгіден айтарлықтай айырмашы­лығы жоқ. Ал Лейден папирусындағы Инсингер ұлағаты барынша дәлірек. Демотикалық көркем әдебиет негізінен өткенге арналған. Бұл мүлде кездейсоқтық емес. Парсылар, гректер, римдіктер қол астындағы мысырлықтар өз перғауындары басқарған, елдері тәуелсіз және қуатты болған уақыт­тарды естеріне алуға тырысты. Осыған орай «Демотикалық хабар» аталатын б.з.д. III ғ. жататын, басы не аяғы жоқ мәтіндерді айтуға болады. Түсінуге өте ауыр жазылған бұл мәтіндер жөнінде ежелгі дүние тарихшысы және мысыртанушы Эд.Мейер «олар жалмауыздың қарғыстары секілді» деген. Кейінірек мысыртанушы В.Весецкий «Олар XXYIII-XXX Лагида әулеті тарихымен, яғни парсы­лардың келгенімен байланысты. Мәтін сол кездегі абыздардың көңіл-күйін жақсы аңғар­тады. Автор: «Бөтен жерліктерден кейін елді қайтадан гераклеополдық басқаратын болады» деген болжамын жазады.

Мысыр әдебиетінің әсері көне немесе ежелгі еврей әдебиетінде ғана емес, копт әдебиетінде және араб әдебиетінде көрінді. Басқаша айтқанда, әлемдік әдебиет өте ежелгі әдебиеттердің бірі саналатын Мысыр әдебиетіне міндетті.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Ежелгі Мысыр жазба ескерткіштер кезеңдерін атаңыз

  2. Орта патшалық (б.з.д. 22-11 ғ.) кезеңінің әдебиетіне тән ерекшелік

  3. Ежелгі Мысырдағы махаббат әндері жөнінде

  4. «Пирамида мәтіндері» атауымен бекітілген мәтіндердің ғылымда пайда болуы және ондағы суреттелген жағдайлар

  5. Весткар папирусының ертегілеріне тоқталыңыз

  6. Орталық патшалық дәуіріне тән «Арфист өлеңін» еске түсіріңіз

  7. Жаңа патшалық әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері

  8. Жаңа патшалық дәуіріндегі Мысыр әдебиетінің үздік үлгісі саналатын «Өлілер кітабына» тоқталыңыз

  9. Демотикалық әдебиет пен оның туындылары



Ежелгі Месопотамия әдебиеті
Шумер өркениеті дүниежүзіндегі ежелгі мәдениет ошақтарының бірі болып саналады. Қосөзенде, яғни Тигр және Ефрат өзендерінің аңғарында б.з.д. IY мыңжылдықтың өзінде таптық қоғам пайда болды. Бірақ Мысырмен салыстырғанда Қосөзен мәдениеті біркелкі болмады. Оның құрылуына тілі бізге белгілі тілдік топтардың біріне де жатпайтын шумер­лер, көне еврей, финикийлік, араб тілдеріне ұқсас семит тілдерін қолданатын аккадтықтар (вавилондықтар мен ассириялықтар), Солтүстік Месопотамия мен Солтүстік Сирияда мекен­деген хуриттер мен көптеген басқа халықтар қатысты. Қосөзендегі жазу жүйесі шумерлерден бастау алды деген болжам бар. Олардың хат жүйесі (сына жазуы) аккадтықтар, сонан соң алдыңғы Азияның басқа халықтарына әсер ете дамып, үш мың жыл бойы қызмет етті. Демек, көне сына жазуын оқи отырып, өркениеттің ертерек кезеңдерінен бастап ұзақ уақыт аралы­ғын­дағы әдебиеттің қалыптасу жолдарын зерттеу мүмкіндігіне ие боламыз.

Сақталып қалған шығармалардың ішінде сына жазулары рим мен грек әдебиетінен басқа барлық ежелгі әдебиеттерден асып түседі. Шынында, сына жазу әдебиетіндегі шығармалар көлемі жағынан ауқымды емес. Себебі ауыр әрі көлемді балшық тақтайшаларда ұзақ мәтін­дерді жазу қиынға соқты. Сондықтан да бізге жеткен ең көлемді деген сына жазу ескерт­кішінің өзі екі-үш мың қатардан аспайды.

Қосөзен тарихында Шумер кезеңі шамамен 1000 жылға созылып, Тигр мен Ефрат аңғарында ежелгі таптық мемлекеттер қалыптаса бастаған б.з.д. IY мыңж. соңынан б.з.д. ІІІ мыңж. соңына дейінгі кезеңді қамтиды. Шумер халқының тегі әлі жұмбақ, тіпті анық қайдан келгені де белгісіз. Тілі өз төңірегіндегі ежелгі халықтардың ешқайсысына ұқсамайды. Олар­дың көпшілігі көп буынды сөздерден тұратын болса, шумер сөздері көбіне бір буынды сөз­дер­ден тұрды. Олар иленген саз балшықты әрқилы қалыпқа түсіретін аяқпен теппе зырыл­дауықты, диірмен мен соқаны, доңғалақ пен желкенді қайықты, мыс, қола құймаларын, күн тізбесін алғаш ойлап тапқан халық. Гемопатиялық медицинаның қалыптасуына әсер етіп, заңды, аспан денеле­рінің адам ағзасына әсерін жүйелеген. Құрылыста күмбез, нақыш, фриз, шыны-шытыра, тас қашау, металл безендіруді бірінші боп пайдаланған. Арасына сабан, қамыс салып, қам балшықтан кірпіш басу, қыш кірпіш, ағаш бөлшектерден үй салуды кең өріс­теткен. Тұрған үйлері төрт бұрышты, қосқабатты, аспалы бақты болған. Су құбырларын тартып, қала­ларының қақ ортасында жебеуші тәңірінің құрме­ті­не арналған алып ғимарат орна­тып, сәулет өнерімен бірге мүсін өнерін де дамытқан. Музыка аспаптары мен музыка тео­рия­сын да бірінші боп қалыптастырған шумерлер. Аспан-Жер-Жерасты бір-бірімен бағы­ныш­тылық жолымен бай­ла­нысып тұрған кешенді құбылыс деп түсінген. Осылайша, шумер­лер таңғажайып мәдениеті қалып­тасқан халық болатын.

Б.з.д. ХХІY-ХХІІ ғ. шумерлер аккад әмірлігінің қол астына кіреді. Аккад билігі кезінде шумерлер де, олардың дәстүрлері де жойылған жоқ, дегенмен аккадтықтардың әсері Қосөзен бойындағы көркем өнердің дамуында айқын көрініс тапты. Шумерлердің тәуелсіз тарихы­ның соңғы кезеңі құл иеленушілік мемлекеттің толық қалыптасып, оның идеялогиясының түзелуі, пантеон жүйесі мен салт жораларының реттелінген кезіне, яғни ІІІ Ура және Исин әулетінің басқаруы (б.з.д. ХХІ ғ.) тұсына сәйкес келеді. Осыдан соң Қосөзен Вавилонның билігіне өтіп, шумерлер тәуелсіз халық ретінде өмір сүруін тоқтатады.

Шумер әдебиетінің ескерткіштері олардың аккадтықтармен етене араласып, аккад тілі шумер тіліне қарағанда кең қолданыста болған б.з.б ХІХ-ХYІІІ ғ. сейкес келеді. Бұл ескерт­кіштер шумер тілінде не шумер-аккад тілінде жазылған шығармалар немесе олардың көшір­месі болатын. Осыдан біз шумер мәдениетінің Қосөзен тарихында үлкен орынға ие болғанын көре аламыз.

ХІХ ғ. 60-жылдардың ортасында америка археологтарының қатысуымен ежелгі шумер­лік мәдени орта­лық болып табылатын Ниппурға жақын Абу-Салябих деген жерде шамамен б.з.д. XХYІІ-XХY ғ. аралығына жататын үлкен мұрағат табылды. Ондағы алуан түрлі сына құжаттардың ішін­де ұрандар, аңыздар мен ғибратнамалар болды.

Шумерлерде патша жазулары І Ура әулетінің билігі басталғанға дейін, яғни б.з.д. ІІІ мыңж. ІІ ширегінде пайда болды. Алғашқы мұндай жазулар ғибадатхана мен ка­нал­­дардың құрылысымен байланысты болып, негізінен «Мынадай құдайға мынадай ғимарат са­лын­­ды» деген бір ғана сөйлемнен тұрды. Кейін сөйлемдер күрделене түсіп, соғыстар жайлы айтыла бастайды. Б.з.д. ІІІ мыңж. жазулардың ауқымы кеңейіп, мазмұны түрлі кейіп­кер­лер мен көрі­ніс­­тер арқылы байи түсті. Сондай шығарманың бірі Лагаш қаласының билеу­шісі Эаннату­ма­ның (б.з.д. ХХY ғ.) «Қарақұс стеласында» соғыс алаңындағы көріністер сурет­телсе, Лагаш­тың тағы бір билеушісі Энметеннің (б.з.д. ХХІY ғ.) жазбасында Лагаш пен Умма қалала­ры­ның тарихы баяндалған.

Уақыт өте келе жазуларлардың тек көлемі кеңейіп қана қоймай, олардың стильдік негіз­дері қалыптасып, әсерлі әрі бейнелі сөздермен өрнектеле бастады. Кейінірек шумерлер мен вавилондықтарға тән өте қызық жалғанжазу (псевдонадпись) жанры пайда болады. Стиль жағынан ежелгі жазуларға ұқсағанымен, онда оқиға бірінші жақта баяндалады. Жал­ған­жазу­ларда әскери жағдайлар мен шынайы тарихта орын алған қарулы қақтығыстар тура­лы сурет­теледі. Ескерткіштің бұл түріне Адабтың аңызға айналған патшасы Лугальанемун­ду­дың аннал­­дары мен Уруктың патшасы Утухенгали мен Кута қаласының билеу­шісі Тири­канның арасында болған қанды шайқасты суреттейтін шығарма­ны жатқызуға болады.

Кейде тарихи құнды мазмұндағы ескерткіштер кездеседі. Соның ішінде ежелгі шумерлік Ниппур қаласындағы «Туммаль ғибадатханасының» қабырғаларындағы жазуларда оны сал­ған, не қайта жөндеген қала басқарушыларының есімдері, солардың ішінде Урук патшасы Гильгамеш, оның баласы Ур-Нунгаль, Киш қаласының билеушісі және Гильга­меш­тің қарсы­ласы Энмебарагес пен оның ұлы Агга есімдері келтіріледі. Бұл мәліметтер басқа мағлұмат­тар­мен бірге шумер-аккад жырының белгілі батыры Гильгамештің тарихи тұлға екендігін көрсетеді.

Шумер тарихының хронологиялық арқауын құрастыруда өте маңызды саналатын «Пат­ша тізімі», сондай-ақ ІІІ Ура әулеті тұсындағы «Жыл атауларының тізімі» де өте қызықты. «Пат­ша тізімі» бірыңғай және мәңгі «патшалық» идея – «нам- лугальды» қамтиды.

ІІІ Ура әулеті кезіндегі «Жыл атауларының тізімін» алғашқы хроника немесе жылнама деп есептеуге болады, онда әр жыл сол жылда болған бір оқиғаға байланысты аталды. Мұн­дай тізімдер аккад әулеті кезеңінде жазыла басталған (б.з.д. ХХІІІ ғ.), бірақ бізге жетпеген.

Бізге жеткен бірнеше шумер мәтіндерін шумертанушы ғалым С.Н. Крамер әдеби ката­лог ретінде баспаға ұсынды. Салыстырмалы түрде бұл мәтіндерді анықтау қиынға соқпады, себебі шумерліктер мәтіннің атауы ретінде шығарманың бірінші жолының басын алған, ал тізімде белгілі ескерткіштер қатары болды. Шумер әдебиетінің шамамен 150 ескерткіші бел­гілі (көбісі фрагментарлы түрде). Олар­дың арасында ғибадатханада құлшылық етудің бір бөлігі болып табылатын өлеңмен жазыл­ған аңыздар, эпикалық әңгімелер мен жалбарынулар, құдайлар мен патшаларға арналған ұрандар, діни өлеңдер, махаббат әндері мен жоқтаулар да болды. Олар ғибратнамалар, ақыл-өсиеттер, дау-сұхбаттар, сондай-ақ мысалдар, күлдіргі әңгімелер, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдерге бай еді.

Шумерлер дінін қауымдық мәдениетке негізделген сенімдер ретінде анықтауға болады, басқаша айтқанда, ол діннің ежелгі типіне жатты. Діни нанымдарда этикалық оқуларға қара­ғанда сиқырға арналған салттар маңыздырақ саналып, қауымдар арасында өздеріне жақын әрі қорғау­шы түрлі құдайлары3 болды.

Көптеген зерттеулерде құдайлар мен батырлардың ерлігі жөніндегі әңгімелерді аңыздар немесе батырлар жыры ретінде қарастырылады. Шумер әдебиетінде мұндай әңгімелердің 11 белгілі, олардың 9 батырлар ерлігі (құдайға теңелген патшалар), ал екеуінде құдайлардың (Инанна құдайы мен Эбех тауының құбыжығы арасындағы соғыс пен Нинурта құдайы мен Асаг есімді зұлым шайтан шайқасы) даңқты істері туралы айтылған.

Шумер аңыздарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Урук билеу­шісі Гиль­гамештің Киш билеушісі Аггамен күресі жөнінде айтатын тек бір мәтін жатады. Бұл - жанрын батырлық өлең ретінде қарастыруға болатын бізге белгілі жалғыз шығар­ма. Бұл шығармада қиялғажайып көріністер мен бейнелер кездеспейді әрі оның желісі нақты тарихи оқиғалармен сәйкес келеді.

Аңыздардың екінші тобына «Энмеркар мен Аратта абызы» және «Энмеркар мен Энсух­кеш­данна» атты екі мәтін жатады. Екі туындыда да Энмеркар мен Аратта қаласының жоғар­ғы абыз­дары арасындағы пікірталастар суреттеледі. Бұл шығарманың алғашқысында Урук қаласының билеушісі Энмеркар Инанна құдайының құрметіне арнап ғибадатхана салмақ бо­ла­ды да, алыстағы Иран таулы аймақтарындағы Аратта тұрғындарынан үлкен көлемді алым­ға ие болу үшін бұл қаланың абызына жұмбақ жасырып, елші жібереді. Энмеркар елші бұл қиын да ұзақ жұмбақты ұмытып қалмас үшін жазуды ойлап табады. Осылайша, екі кейіпкер бір-біріне біз түсіне алмайтын сиқырлы жұмбақтар жасырумен болады.

Аңыздың үшінші әрі көбірек сақталған тобын сиқырлы батырлар ертегісі құрайды. Олар­дың саны сегіз: «Инанна және Эбех тауының құбыжығы», «Ушнурта және Асаг кұбы­жы­ғы», «Гильгамеш және аспан бұқасы», «Гугальбанда және Хуррум тауы», «Гильгамеш және Хуллуппу ағашы», «Гильгамеш және ажалсыздың тауы», «Лугульбанда және Ангуд бүркіті», Энкиду және жер асты әлемі».

Бұл шығармалардың барлығы да мифологиямен байланысты. Оларда әлемдік ғажайып ертегі­лерге тән элементтер кездеседі. Әдеттегідей, басты кейіпкер ержүрек батыр тұлға басқа елге немесе жер асты патшалығына аттанып, жолда түрлі кедергілер мен қиындық­тарға ұшы­рап, құбыжықпен алысып, қасиетті ағашты құлатуы қажет болады.

Шумер әдебиетінде әнұран жанры барынша толық берілген. Шумер әнұрандары ұжым­дық, топтық орындауға есептелген, мадақталатын құдайға қызмет ететін мәтіндер болып та­бы­­лады. Бұл құдайға жеке емес, тұтас ұжымның арнауы, ал әнұранды орындау кезінде пайда болған эмоция­лар - ұжымдық эмоциялар.

Мифологияны зерттеуде әнұранның алар орны зор. Оның әр тұсында мифологиялық негіз жатыр. Осыған ұқсас ескерткіштердегі қайталаулар күшті әсер қалдырып, мәтінді жеңіл есте сақтауға көмектеседі. Бізге жеткен әнұрандардың көпшілігі Ниппурдан шыққандықтан, оның айтарлықтай бөлігі Энлиль мен оның баласы Наннаға арналған. Діни мәтіндерге, сонымен қатар, жоқтауларды да жатқызуға болады. Бізге жеткен ең көне жоқтауда Лагаш қаласының билеушісі Уруинимгин мен Умманың патшасы арасындағы қым-қиғаш ұрыс кезінде Лагаш қаласының құлауы туралы айтылады. Ал қалған жоқтаулар діни сипатта. «Ак­кад қарғысы» атты жоқтауда Иштар (Иннин) құдайы қарапайым адам Сарагон­ға ғашық болып, оны ұлы патша етеді. Оның тұсында ел өркендеп, дами түседі. Кейін оның немересі Нарам-Суэн Энлильдің құрметіне тұрғызылған ғибадатханасын қорлап, құдайға сөз тигізеді. Осы үшін ел үлкен жазаға ұшырайды.

А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнері мұражайының сына жазу жинағының арасында белгілі ғалым С.Н. Крамер анықтаған екі жерлеу өлеңдері сақталған. Бұл екі өлең - әкесі Нанна мен әйелі Навиртум өлімдерін жоқтайтын Лудингердің элегиясы.

Шумер әдебиетінің ерекше жанрын мектеп мәтіндері немесе Эдуба мәтіндері құрайды. «Эдуба» сөзі «кесте үйі» не шумерлік жазғыштарды дайындаған мекемені білдіреді. Шумер мекте­бі сына жазудың пайда болуына байланысты қалыптасты, өйткені хат жүйесін игеру үдерісі күрделі және ұзақ дайындықты талап ететін болған. Ежелгі жазба ескерткіштердің ара­сынан (б.з.д. ІY мыңж. соңы - ІІІ мыңж. басы) оқу мәтіндері, жатқа жаттау үшін сөз тізімдері, кейінірек мақалдар, жаңылтпаштар табылды. Шумер мектебі б.з.д. ІІ мыңж. бастап дами бастады. Онда сарай шаруалары мен ғибадатхана үшін жазғыштар дайындалды.

Эдуба әдеби мәтіндерін үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа мектеп өмірін және онда дәріс беруді суреттейтін шығармалар жатады. Екінші топқа дидактикалық шығармалар жата­ды. Ол үлгі-өнегеге, ақыл-кеңес пен өсиет­ке толы тәрбиелік мәні бар мәтіндерден тұрды. Үшінші топқа халық даналығының жиынтықтары жатады. Бізге белгілі б.з.д. ХХYІІ ғ. жата­тын ең көне оқу мәтіндерінің бірінде мақалдар жинағы келтірілген.

Шумерлік жазба әдебиетінде алғашқы қауымдық идеологияның таптық қоғамның жаңа идеологиясымен қақтығысу үдерісі көрініс табады. Ежелгі шумер ескерткіштерімен, әсіресе мофологиямен танысқанымызда, бейнелерді плэтизациялау мен идеализациялаудың жоқты­ғы көзге түседі. Шумерлік құдайлар жер бетіндегі жай ғана жаратылыс емес, олардың ішкі әлемі адамзатқа тән сезімдер әлемі емес, керісінше олардың бейнесі қоқынышты әрі ұсқын­сыз, қатыгез әрі дөрекі ретінде суреттеледі. Құдайлардың тіршілікті тырнақтың астындағы кірден жаратуы, мас кездерінде адамдарды жаратуы, еш себепсіз адамзатты жою, мұның бар­лы­ғы сол кездегі адамдардың әлем туралы алғашқы түсініктерін көрсетеді. Ал шумерлік­тердің жер асты патшалығына келер болсақ, онда мысырлық Осирусқа тән әділ сот та, адам­дар­дың әрекетін өлшеу де жоқ. Олардың өлім туралы, оның қалай болатыны, о дүние тура­лы ешқандай түсінік­тері болмады. Оның себебі мысырлықтарға қарағанда Қосөзен бойын­да мекендеген халықтар табиғат қаталдығын жиі көргендіктен болар (су тасқыны, таби­ғи байлықтардың аздығы, құм болардары мен ылғал ауарайы). Сондықтан пайда болған жаңа идеология табиғақа деген осын­дай қорқынышты сезімдерге қарсы тұруы керек болды.

Қосөзен мемлекеттерінде таптық қоғамның жаңа идеологиясы орнағаннан кейін, әде­биет­тің мазмұны да өзгеріске ұшырап, олардың жаңа түрлері мен жанрлары дами бастады. Жазба әдебиетінің ауызекі әдебиеттен бөліну үдерісі тез әрі қарқынды жүрді. Шумер қоға­мы­ның соңғы даму сатысында дидактикалық шығармалар пайда болып, мофологиялық көріністер жүйеленіп, жазба әдебиетінің жаңа бағыттары дүниеге келе бастады. Алдыңғы Азия әдебиетінің осындай жаңа даму сатысын тарих сахнасынан жойылған шумерлердің мәдени мұрагерлері – вави­лон­дықтар (аккадтықтар) жалғастырды.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Шумер жазбалары нені баяндайды?

  2. Гильгамеш жырына тоқталыңыз

  3. Эдуба мектебі мен эдуба әдеби мәтіндерін топтаңыз

  4. Шумерлік әдебиетке тән жанрларды атаңыз



ЕЖЕЛГІ Аккад (Вавилондық-Ассириялық) әдебиеті
Аккад тіліндегі көне ескерткіштер (іс құжаттары) б.з.д. ІІІ мыңж. ортасына сәйкес келеді. Аккад әулетінің дәуірінде (б.з.д. ХХІY-ХХІІ ғ.) аккад тілі Қосөзен аңғарында қысқа уақыт аралығында ресми тіл болды. Б.з.д. ІІ мыңж. шамасында ІІІ Ура әулетінің, сонан соң б.з.д. ХІХ ғ. басында Исин әулетінің құлауынан кейін құдайға сыйынатын мәтіндер аккад тілінде жазылып, шумер тілі біртіндеп ұмытыла бастады. Осы кезеңнен бастап және б.з.д. ІІ-І мыңж. Қосөзен немесе Месопотамия тарихы семит халықтарының тарихы болып саналды.

Бірақ шумер тілінің аккад тілімен ығыстырылуы шумер мәдениетінің жойылғандығын, оның жаңа семиттекпен түбегейлі ауысқандығын білдірмейді. Тіпті аккадтық құдай есімдері шумерлік атаулардан шыққан немесе солармен теңдестірілген (Энлиль-Бел, Иштар-Инанна, Ут-Шамаш). Семит халқы бұрыннан Месопотамия тұрғындарының маңызды бөлігі болған­дықтан да, екі халық­тың бір-біріне сіңісуі біртіндеп жүрді.

Дегенмен шумерлік шығармаларға қарағанда аккадтық өлең шумақтарының құрылымы мен заңды­лық­тары түсінікті. Аккадтық ескерт­кіштер екпін түскен буындардың санына бай­ла­нысты шумақтармен жазыл­ған. Бұл өлеңдер әуезбен айтылуға арналғандықтан, әуенді такт шумақтардың негізі болып сана­лады. Аккад тілін­дегі өлеңдердің логикалық екпіні болған­дық­тан, екі сөздің ортақ бір екпі­ні болуы мүмкін. Егер сөздің соңы тұйық немесе ұзақ дауыс­ты дыбыстан аяқталса, екпін сөздің соңынан санағанда екінші буынға, ал қалған жағдайда үшінші буынға түседі.

Вавилон мәтіндері өте нашар күйде сақталған түрлі көшірмелер мен жазулар арқылы жет­кен. Вавилондықтар да шумерлер сияқты шығармалардың канондық тізімін жазған. Мұн­дай каталогты 1958 ж. ғалым У.Г. Лэмберт шығарған. Бұл тізім шығарма атауларынан басқа, олардың авторы көрсетіл­гендігімен ерекшеленеді.

Вавилон әдебиетіндегі «Әлемнің жаратылуы» (Энума элиш) атты космогоникалық маз­м­ұн­­дағы поэма ерекше көзге түседі. Архаикалық тілде жазылған бұл шығарма көлемі тұрғы­сынан Гильгамеш туралы жырдан кейін екінші орынға ие болып, әрқайсысы 125-165 қатар­дан құралған жеті сына жазу кестесінен тұрады. Бұл поэма көне тілде жазылып, оның басы шумер шығарма­ларының кіріспе бөлімінде кездесетін құдайлардың алғашқы қалаулары ту­ра­лы мәтіндерді еске түсіреді. Поэмада Вави­лон қаласы мен оның жергілікті құдайы Мар­дуктың даңқын паш ету мақсаты табылады.

Нергаль мен Эрешкигаль құдайлары және Иштар құдайының шығу тарихы туралы вави­лон­дық поэмалар жер асты патшылығы туралы аңыздар төңірегінде құрылған. Шумер әде­бие­тінде жиі кездесетін ажалды батырлар туралы әңгімелер вавилон әдебиетінде сирек кезде­седі. Осы уақытта Қосөзен тарихының ерте кезеңіне қарағанда батыр-құдайлар туралы аңыздардың саны арта түседі. Вавилон әдебиетінде бізге белгілі төрт батыр бар: Гильгамеш, Адап, Этан мен Атрахасис. Осындай вавилондық қызық шығармалардың бірі балықшы Адап туралы аңыз. Аңыз бойынша, Адап - ежелгі шумердің аңызға айналған Эреду қала­сының данышпан тұрғыны әрі балықшы. Ол - Эа құдайының баласы. Бірде, балық аулап жатқан Адап өзіне кедергі болған Оңтүстік желіне ызаланып, оның қанатына зақым келтіре­ді. Ыза­ланған Көк тәңірі Ану кінәліні жазаламақ болады. Адапқа әкесі Эа Ану құдайының алдында өзін қалай ұстау керек екенін үйретеді. Адап әкесінің кеңесін бұлжытпай орындай­ды. Адап­тың тапқыр жауаптарына тәнті болған Ану оған өмір суын ұсынады. Әкесінің кеңесі бойын­ша, оны өлім суы деп қабылдаған Адап одан бас тартады. Ану Адаптың бұл қылығын түсіне алмайды да, оның себебін сұрайды. Сонда Адап бұл әкесінің бұйрығы екенін айтқан­да, ыза­ланған Ану Адапқа өлім жазасын кеседі. Осылайша, Адап өмірінен айырылады. Бұл шығарманың негізгі нұсқасы Мысырдан табылған. Осы жерде жазғыштар сол кезде халы­қаралық тіл болған аккад тілін үйренетін. Шығарма шамамен б.з.д. ХІY ғ. логикалық байла­ныссыз құрылған.

Лирикалық мәтіндердің ерекше тобын дұғалар қамтиды. Олар көп жағдайда әдеби құнды­лыққа ие болмағанымен, олардың кейбір үзінділерінде көркем шығармаға тән элемент­тер кезде­седі. Егер әнұрандар құдайға қызмет етудің ресми түріне жатса, дұғалар мен тәубеге келу жеке діни сарынға жатады.

Махаббат жырлары туралы бізге жеткен түрлі шығармалардың аттары сақталған ката­лог-тізімнен мол мәлімет ала аламыз. Осындай шығармаға 50 қатардан тұратын «Ғашықтың сына­ғы» атты көневавилондық (б.з.д. ІІ мыңж. І жартысы) махаббат диало­гын жатқызуымыз­ға болады.

Б.з.д 745 ж. бастап (Набанасар билігінің басталуымен) канондық вави­лон хроникасын жүргізу басталады. Б.з.д. 745 ж. бастап Ашшур­бани­палға б.з.д. YІІ ғ. дейін жеткізіл­ген вави­лон хроникасы, Ассирия­ның құлауы жөнінде әңгімелейтін «Гэдда хроника­сы» (б.з.д. 626-605 ж.), б.з.д. YІІ ғ. ортасына дейін жеткізілген «Уайзман хрони­касы», Вави­лон­ды парсы­лардың жаулап алуын суреттейтін «Набонида кира хроникасы» сияқты бізге жеткен барлық вавилон хроникалары тұтас прозаикалық шығарма болуы мүмкін. Олар барын­ша қысқа әрі ықшам тілмен жазылып, таза ақпараттық сипатқа ие боды.

Асархаддон мен Ашшурбанипалдың бірнеше әнұрандарын есептемегенде, ассириялық әде­биетпен мүлде таныс емеспіз. Шынымен де, ассириялық сына жазу әдебиетінің бірден-бір өзіндік ерекшелікке ие ескерткіштері патшалық жазулар болып табылады. Бірақ б.з.д. ІХ ғ. патшалардың жылнамаларынан басқасы, аз ғана жергілікті ассириялық ерекшеліктері бар вавилондық әдеби диалектісінде жазылған.

Таяу Шығыстың сына жазу әдебиетінде патшалық жылнамалар жанры Хетт патшалы­ғында (б.з.д. ІІ мыңж.) пайда болып, кең тарады. Бұл жанр хеттер арқылы хурриттік патша­лық Митан­ниде қабылданып, б.з.д ІІ мың­ж. екінші жартысында Митанни арқылы Ассирияға өтті. Б.з.д. ІХ ғ. дейін ассирия­лық жылна­малардың көп бөлігі жорықтар, алынған бекіністер, құлдар мен бұқаралық жазалаулардың құрғақ тізімінен тұрды. Бұлар көбінесе айқын хеттік анналистикаға жататын қалыпты тіркестермен баяндалған. Алайда ассириялық мәтіндердің кіріспесінде патшаның атақтары мен артықшылық­тары, құдай­ларға үндеу өлеңдері жазыл­ған. Кең ауқымды тарихи мағлұматтар мен табиғат пен соғыс сурет­терін көркем бейнелеу жаңа ассириялық (б.з.д. YIII-YII ғ.) патша жазуларының ерекшелігін білдіреді.

Ассириялық патша жазуларын үш типке бөліп қарастыруға болады: салтанатты жазулар, жылнамалар және құдайларға арнап жазылған «хаттар». Салтанатты жазу патша жеңісін қандай да да бір географиялық немесе тарихи мәліметтерсіз көрсетеді. Жылнамалар қандай да бір патшаның билеу уақытындағы жорықтары мен жеңістерін толық суреттеу болып табы­лады. Олар бізге ассирия әскерлері болған елдер жөнінде құнды тарихи және географиялық мәліметтер береді. Патша жазуларының үшінші түріне қандай да бір патшаның жорығы жөнінде құдайға хат түрінде жазылған толық есебі жатады. Бұған Урарттың жорығы мен II Саргон мен Шубрия еліне жасаған жорығы туралы Асархаддонның Ашшур құдайына арнаған хаттары дәлел бола алады.

Вавилон-ассириялық әдебиетіндегі сюжеттер, көптеген жанрлар шумерліктерге ұқсас, алайда біршама көрнекірек жазылған. Бірдей сюжеттегі түрлі жанрлардағы ескерткіштер аккад поэзясында мүлдем басқаша беріледі. Бір тақырыптағы вавилондық шығармалар шу­мер­лік нұсқаға қарағанда өте қысқа, бірақ көп нәрсе баяндалған әрі оқырманның жүрегінде әсерлі із қалдырады.

Егер шумерлік әдебиет, ең алдымен, әдебиеттің қалыптасу үдерісі мен дәстүрлі ауызша жанрлардың жазбаша әдебиет шарттарына бейімделу үдерісіне әсер етсе, вавилондық әдебиет сол үдерістің нығайып, ары қарай жалғасын табуына өз үлесін қосады.



Хетт және хуpрит әдебиеттері. Б.з.д. II мыңж. ежелгі Таяу Шығыс тарихы Кіші Азияны мекендеген екі халық – хеттердің және б.з.д. III мыңж. екінші жартысынан бастап Солтүстік Месопотамия мен Солтүстік Сирияның тұрғындарының негізгі бөлігін құрған, б.з.д. XYIII ғ. қуатты Хетт мемлекетіне біріккен хурриттердің бәсекелестігімен анықталады. Б.з.д. XYII ғ. хеттердің оңтүстікке, Сирияға жылжуы олардың хурриттермен қақтығысуына және хуррит мәдениетінің хеттіктерге әсер етуіне әкеліп соқты.

Мұндай әсер Кіші Азияның оңтүстік аймақтарындағы халықтардың тарих сахнасында рөлі арта түскен б.з.д. ХІY-ХІІІ ғ. Жаңа патшалық дәуірінде анық білінеді. Бұл аймақтарда хеттердің астанасы Хаттусасқа өз әсерін тигізген монументтік көркем өнер қалыптаса бас­тайды. Осындай көлемді ескерткіш­тердің бірі - Язылыкай сәулет өнері галереясы. Язылы­кай ғибадатханасы Жаңа патшалық кезіндегі хетт патшалары хурриттік шығу тегі бар өз әулет­терінің діни жоралғыларын орындау үшін қолданды.

Хетт патшалығының астанасы Хаттусас (қазіргі Богазкей Анкарадан 100 км жерде) мұрағатынан аккадтық I Саргон патшаны еске түсіретін ежелгі хуррит мәтіндерінің көшір­мелері табылған. Богазкей мұрағатында нағыз хурриттік шығармалар да жеткілікті. Жаңа хетт кезеңінде хуррит әдеби дәстүрінің мәні жөнінде Хаттусастағы әдеби және ән қызметі ғибадатхана орталығының біріне қызмет көрсететін тұлғалардың 208-ге жететін жалпы санынан 10-ы хуррит тілінде ән салатын әншілер (рапсодтар), 33-і «ағашқа жазатын жазғыш­тар», ал небәрі 19-ы сына жазу (хеттік) мәтін жазғыштары болды.

Мысыр мұрағатында Митанни (хурриттер мемлекетінің аты) патшасының хуррит тілін­де жазған көлемді хаты табылды. Бірақ Митанни территориясы, Месопотамия мен Сирия облыстарында табылған хаттардың да, басқа хурриттік құжаттардың да айтарлықтай әдеби мәні болмады. Сондықтан Ежелгі Шығыстың ұлы әдебиеттерінің бірі саналатын хуррит әдебиетін зерттеудің негізгі көзі Богазкей мұрағаты болып табылады. Алайда хуррит­тік шығармалардың көшірмелері немесе хетт тіліндегі нұсқалары өзінің қысқалы­ғымен ерекше­ле­неді. Мысалы, «Тау әкесі - қасиетті Кесси» туралы хурриттік поэма 14 сына жазу кесте­сінен тұрса, хеттік нұсқасы небәрі бірнеше ондаған қатардан тұрып, поэма мазмұны құрғақ баяндалған.

Орта хеттік (б.з.д. XY ғ. б.з. дейін) кезеңнен бастап хетт тіліне хурриттік шығар­ма­лары көптеп аударылған. Онда ұқсас сюжеттер толып жатыр, мысалы, аспанда Құдайдың төрт ұрпағының ауысуы жөніндегі аңыздық поэма грек Теогониясындағы құдай­лар­дың төрт ұрпа­ғы­ның ауысуы туралы сюжетіне ұқсас. Әлемнің жаратылуы туралы хурриттік поэма вавилон поэмасының прототипіне сәйкес келеді де, екі алғашқы ұрпақтың басты құдайларының хур­рит­­тік және хеттік есімдері аккадтықтарға, ал соңында шумерлікке сайып кетеді. Хуррит поэмасын­да алғашқы құдай өз жауынан құтылу үшін Төменгі әлемге қашқан Алалу (шумер­ше Энлиль) болса, дәл осылай грек аңызында да алғашқы басты Төменгі әлемнің құдайы Мұхит болған. Екін­ші ұрпақты басты хуррит құдайының есімі Ану (шумерше Ан-аспан) да екінші ұрпақты грек құдайының Уран (аспан) есімінің бастапқы мәніне ұқсас.

Ал төртінші ұрпақтағы хурриттік бас құдай саналған Тешуб (Найзағай құдайы) өзінің атқа­ра­тын қызметі жағынан гректік Зевске ұқсас. Тешубтың Улликумми атты құбыжықпен шайқа­суы Тифон туралы гректік аңызымен сәйкес келеді.

Хетт тілінен аударылған хурриттік эпикалық шығармалардың ежелгісі ретінде садақпен атудан жеңіске жеткен хуррит батыры Гурпаранцаху туралы повесін жатқызуға болады.

Сонымен хуррит әдебиеті хеттік әдебиетті алдыңғы ежелгі шығыс мәдениетінің қалып­та­суы кезеңдермен байланыстырған көпір іспеттес.



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет