Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi а. Бектаев, Т. Турткулбаева Қазіргі әдеби процесс



бет4/12
Дата04.11.2016
өлшемі3,24 Mb.
#295
түріУчебное пособие
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

«Сейхұндария» поэмасында автор бұрынғы ұстанған концепциясын одан әрі тереңдете түскен. Поэманың негізгі идеясы – таза махаббатты шынайы сүйіспеншілікті мадақтау. Шығарма желісі аңызға құрылғанымен, біздің заманымызға сабақтастырыла, бүгінгі күн биігінен бағалануға лайық туынды.

Ақжәми – қай тұрғыдан алғанда да сұлу, өзінің сүйгені Гауһарайға деген сезімі әрі нәзік, әрі мөп-мөлдір; патриоттық бейнесіне риза боласың. Тегінде, жігіттің жар сүйе білуі мен ел үшін қам жеп, жақсылық жасауға жанын салатын қасиеттерін өзара салыстырғанда, қайсысының басым екенін айыру оңайға соқпайды. Шынында, батылдық пен батырлық дегеніңіз Гауһарайға деген ыстық сезімнен туып жатыр.

Шөл далада тіршілік етіп жатқан Гауһарайдың ата-анасын, ауыл-аймағын ауыз сумен ғана емес, дариямен қамтамасыз етуі жігіттің қызға өмірлік серік болу жайындағы арманының негізгі себебі емес. Істің әділіне барсақ, бұл әлгі кіршіксіз сезімнің салдары, нәтижесі. Осы жағымен Ақжәмидің тұлғасы еңселі тартып, биіктей береді. Ақжәмидің Гауһарайға қосылмаса да, мұндай жаны ашырлық, әрі ердің ерлігін танытарлық қимыл көрсететіне шүбәңіз қалмайды. Шындығында да солай болады: поэма тамамдалғанда екі жас бір бірімен қол ұстасып, бақытқа кенеле қойған жоқ. Соған қарамастан, Ақжәми нағыз жігіттік бейнесімен өзіне тартып отырады. Ақжәми өзінің жеке мүддесінен көпшіліктің мүддесін көп жоғары қоятын азамат. Ең бастысы – осындай асыл қасиеттерімен жаныңа жақын көрініп тұрады.

Гауһарай бейнесінде өткен заманда еңіреп өткен апа-сіңілілері түгілі, қазіргі өмірді арзан бағалап, келешегін жеңіл түсінетін аз да болса кейбір жастарға сабақ боларлық жайлар баршылық.

Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар.

Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.

Махаббатты үйлену деп ойлайды,

Құдыреттің құнын білмес сорлылар,- дейді бірде ол. Жігіт алдындағы анты да оқырманды толғандырмай қоймайды:

Мейлі тілім ұғыспасын ғаламмен,

Тек сені аңсап сарғаярмын санаммен.

Мейлі, денем, отқа түссін, өртенсін.

Сені сүйген жүрекпенен қалам мен.

Бұдан артық жігіт сенер сөз табудың өзі қиын. Сондықтан да оның қызға құмарлығы арта түседі. Қолдан келер қайран жоқ. Бүйі ханның тырнағынан құтқару – Ақжәми сияқты қарапайым жігітке арман болып қана бұлдырайды.

Ақтық демің таусылғанша, құлама,

Құламасын біздер сенген мұнара.

Ең соңғы ауыр қоштасудың сәтінде

Жыламаймын,

Айнам, сен де жылама?

Ақжәми де, Гауһарай да – аңыздың ізімен алынған кейіпкерлер болғанымен, ертегілердегідей ерекше жандар емес, Демек, отқа күймейтін, суға батпайтын, қанат бітіп, қалаған сәтте ұша жөнелетін қаһармандар емес. Бұлар жер басып жүрген екі аяқты пенделер тәрізді. Қуана да, қорқа да біледі. Автор мұндай табиғилықты нанымды бере алған. Айталық, Гауһарайдың сүйген жігітімен сырласуы қай кездің жастарына да ортақ жай сияқты. Гауһарайды - қолынан ұшып кеткен бақытын- іздеуі де барынша шындығымен берілген. Бір ескерте кететін жай – дәл осы ретте Ақжәмидің Бүйі хан еліне сапарға аттанар кезеңін суреттеуде ақын поэзияның мол мүмкіндігін еркін пайдаланған. Жігіт жол үстінде, жат жұртта талай қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін екенін алдын ала сезеді. Көп ойланып, көп толғануы сондықтан.

Оның Махаббатпен, Енжарлықпен, Өжеттікпен, Намыспен, Төзіммен, Күншілдікпен сұхбаттасып ақыл қосуы да орынды. Әлбетте, аттарына сай олардың не айтары да белгілі. Ақжәмидің алыс жолға шығуына, ең болмаса, сүйгенінің түрін көріп қайтуға құштар етіп, дем бергендер – махаббат, намыс, өжеттік, төзім.

Шаханов поэмаларында көсіле сөйлейді. Ұзынды-қысқалы өлеңдері мен балладаларында ұшырасып отыратын сан түрлі шумақтар аралас келіп отырады. Қайсыбір сыншылардың пікірлерінде бір шығарма (ол мейлі өлең болсын, баллада, толғау болсын, мейлі поэма болсын) басынан аяғына дейін бірдей ырғақ, бірыңғай ұйқаспен жазылуға тиіс деген ұғым ұшқын береді. Біздіңше, ондай шек қою әділдікке жатпайды. Әсіресе, поэмада кейіпкерлердің ойлауы мен сөйлеуінің әр алуандығын ескерсек, авторлық суреттеудегі кең серпілісті қажет ететін жағдайлар мен «ат басын тарта» сөйлеуге тура келетін реттерді ұғынсақ, буын саны мен жол санында алуандық бола беруін тек қуаттау керек. Міне, сырт болмысының өзімен-ақ Мұхтар көп ретте поэма жазу дәстүріндегі стандартты, канонды бұзып, оқиғаға орай әр қилылықты орнымен пайдаланып отырады.

Поэзия есігін алғаш қаққанда, Мұхтар Шаханов әлі ешкім бастамаған жол іздеуге өз ішінен ант етіп, мақсат ұстанды. Бұл күнде оның өз жолы бар. Оқырман қауым сол жолдың әлі де болса кеңи түсіп, ақынның алда талай татымды дүниелер беретініне сенім білдіреді.

Ақын Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм трагедиясы»-шағын поэма. Ол шағын да болса, шымыр. Бас-аяғы жинақы, ешбір басы артық сөзі жоқ, жұп-жұмыр бұл туындыны поэзияда жарқ етіп көрінген жаңалық десе де болғандай. Өйткені, оның композициялық бітімінің өзі-назар аударарлықтай, соны. Поэмада екі бөлім бар. «Махамбеттің соңғы монологы» деп аталатын бірінші бөлімде бас кейіпкерді сөйлете отырып, автор сол кейіпкер сөзі арқылы-ақ оның көркемдік тұлғасын жете танытады. Ал, «Әке үкімі» атты екінші бөлім сол бірінші бөлімді заңды түрде толықтырып, бас кейіпкер тұлғасын биіктете түседі. Шағын штрихтармен-ақ қою сюжеттің шиеленіскен желісін тартудың шеберлігі де бар мұнда. Кейіпкер сөзі-поэманың да көркемдік бір компоненті дейтін болсақ, сол компонентті ұштай түсудің жақсы үлгісі бар осында. Автор кейіпкер сөзі арқылы оның бейнесін танытудың бар мүмкіндігін сарқа пайдалана отырып, өзінің үлкен дарын күшін жарқыратып жайып салады. Махамбет сияқты үлкен ақынның аузына сөз салып, оны өз шығармасында сөйлету қай суреткерге болмасын, оңай емес. Себебі, шығармадағы кейіпкер сөзі өмірде болған Махамбеттің өзі туралы айтқан өз толғауларындағы асыл сөздерінен кем түспеуі керек қой. Ал кем түссе, оның ешкімге де әсері болмас еді. Ал «Нарынқұм трагедиясындағы» Махамбеттің монологы оның өз шығармаларындағы әйгілі сөздермен терезесі тең түскендей. Бұл автордың көп ізденуінің, толғануының, дарын күшінің буырқануының мейірім қандырарлықтай нәтижесі, жемісі. Сондықтан да монолог арқылы автор бас кейіпкер-Махамбеттің ұмытылмас көркем бейнесін сомдап берген. Поэмадағы Махамбет-өр, биік, ақылды, ел дегенде ет жүрегі елжірейтін азамат, сөздері мірдің оғындай өткір де мағыналы, аса мықты дүлдүл ақын. Поэмадағы Махамбет аузынан шығатын сөздер шетінен сап алтындай асыл, Өнегелі де шешен. Мәселен:

Батырлығы жоқ адамнан

Үлкен ақын шыққан емес ешқашан.

…Ақындықтың басты шарты-

Басты алса да шындықты айту емес пе?

…Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын

Оның тартар азабы да соншама,-

сияқты поэмадағы Махамбет сөздері нақыл, мәтел боларлық терең мағыналы сөздер. Поэмадағы екінші бір кейіпкер-халық өкілі-адал азаматтың сөздері де бас кейіпкер Махамбет сөздерінен кем түспейді.

М.Шаханов «Нарынқұм трагедиясында» асыл ер, абзал ақын Махамбетке деген бүкіл халық махаббатының күшін, құдіретін ұнамсыз кейіпкердің де күрделі өмірі, іс-қимылы арқылы сенімді түрде шебер бейнелеп берген. Өткен ғасырдағы халық өмірінің тарихи кезеңін оның тарихи ұлы перзентінің сом әдеби тұлғасы арқылы айқын суреттеп берген «Нарынқұм трагедиясы» поэмасы әрі жаңашыл туынды, әрі эпикалық поэзияның еңсесін көтере түскен көркемдік ірі жетістік.

Қазіргі эпикалық поэзиядағы халқымыздың соғысқа қарсы, бейбітшілік үшін күресіне арналған туындылардың елеулісі-ақын Тоқаш Бердияровтың «Есіктің алды көк терек» атты поэмасы. Ақын поэмасы лирико-публицистикалық сипатымен дараланатын шығармалардың санатына қосылады. Поэмадағы ақынның мұраты, тілегі, ойы, сезімі, халықтың рухани тіршілігімен тікелей қатысып, табиғи жарасым тауып үндесіп тұр. Бейбітшілікке үндеген қуатты пафос, жігерлі өлең шумақтары-шығарманың саяси идеялық мазмұнын салмақтандыра түскен.

Поэмада ақын кешегі өткен тарихқа да көз жүгіртіп, шолып өтеді. Гитлершіл фашистердің адамзатқа қарсы қанды қырғынын, Американ империализмінің Хиросимадағы жыртқыштық ойранын ашына еске алады. Қазіргі империалистердің ядролық, нейтрон қаруларына қарсы халықтың шексіз ашу-ызасын төге отырып, бейбітшілік үшін жан аямай күресуге шақырады. Ақын поэмасында аз сөзге көп мағына беруге ұмтылған. Ракеталарды тот бассын, даланың гүлдері жайқалып, көк теректер көбейіп, ну орман көкке өрлей өссін деп тебіренгендігі, ақынның асыл ойлары ап-анық. Ол – қарапайым, бірақ мағыналы, терең ой түйе отырып, халық, ел арманын табиғат суреттері арқылы әсем өрнектеу.

Жалпы, Тоқаш Бердияров поэзияда бар ескі сүрлеулерден бойын барынша аулақ ұстап, жырдың жаңа өрнектерін табуға еңбектенетін ақын. Осы поэмасында да ақынның өзіндік жаңа теңеу, эпитеттері бірден көзге жарқырап түсе кетеді. Мәселен, бүгінгі қанатты ракеталар-тоңмойын дүлей піл тектес, Хиросимаға түскен бомба-атомдық әліппе, нейтрон бомбасы- у сәуле, адамзатты мәңгілік арқалап жүрсе де, жер-ана шаршамас, деген сияқты т.б. метафора, теңеу, образды бейнелер ұлттық поэзиядағы Тоқаш Бердияров әкелген соны өрнектер.

«Есіктің алды көк терек» - қазіргі халық өмірінің көкейкесті мәселесін тебірене де төгіле толғаған поэма. Дүниежүзілік апатқа қарсы, бейбітшілік үшін күреске үндейтін жалынды пафоспен суарылған жігерлі шығарма. Ол поэзияның бүгінгі өмірмен тығыз бірлігін, өміршеңдігін, әлеуметтік тынысын, саяси актуалдығын дәелдейтін поэмалардың бірі.

Экология проблемасы-қазіргі адамзат қауымын қатты толғандырып отырған дүниежүзілік ірі проблемаға айналғаны баршаға аян. Айналадағы табиғатты анамыздай аялап, оны сақтау, қорғауға бар күш-жігерді жұмсап, қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдалануға ұмтылу-біздің еліміздегі бүгінгі күннің түбегейлі міндеті болып отыр. Қазақстанды мекендейтін жұртты алаңдатып, күн тәртібінде шұғыл шешуін күтіп отырған күрделі де қиын проблемалар да аз емес. Атақты Арал теңізі, Балқаш көлі, Сырдарияның бүгінгі аянышты халі кім-кімнің де жүрегін сыздатып, қабырғасына қатты батып отырғаны аян. Міне, осындай табиғат пен адам арасындағы проблемалық қайшылықтарға айрықша назар аударып отырған ақындар өздерінің үлкенді-кішілі шығармаларында азаматтық позициясын жақсы танытып келеді. Бүгінгі таңдағы халық өміріндегі өзекжарды, аса маңызды мәселені толғаған қазіргі қазақ поэмаларының көрнектісі де көріктісі- ақын Қадыр Мырзалиевтың «Қызыл кітап» поэмасы.

Немқұрайды қарау ма, әлде тоғышарлық, тайыздық па,-себебі көп, әйтеуір, әр түрлі жағдай, әрқилы әрекеттердің салдарынан айналадағы табиғат әлемінің шеккен зардабы ұшан-теңіз. Міне, сол ащы шындықты ақын Қ.Мырзалиев поэмасында әрі нақтылы, әрі жинақтай топшылай отырып толғайды.

Хайуанатқа жасаған қиянатың-

Бауырыңа жасаған опасыздық!-

деп ашына тебіренеді ақын.

Бәрі-бәрі олардың қырылыпты,

Біздер мына-бүгінде тірі, мықты.

Мамонттарды жоқтауға тиісті адам,

Жоқтар болса түбінде ірілікті,-

деп қадым заманда із-түссіз құрып кеткен аңдарды елжірей еске алады. Талай-талай аңдарды аяусыз апатқа ұшыратқан адамзат қауымының қатыгездігіне, қателігіне талдау жасайды. Сол ауыр-ауыр қателіктерден түйінді сабақ алып, оны енді қайталамауға бір дауыспен жар салады.

Табиғатты аямау, оны бүлдіру адамдарға жасаған опасыздықпен бірдей екені де поэмада айқын көрініс беріп отырады. Әсіресе, гитлершіл фашистердің, немесе қазіргі ақшақұмар тоғышарлардың табиғатқа қарсы тағылық, жыртқыштық, әрекеттерін әшкерелеген поэма жолдары өткір, мірдің оғындай атылып, нысанасына дәл тиіп жатыр.

Отаршыл жыртқыштардың әлсіз аз ұлттарды жаншып, құртып жіберетінін ақын айбарлы ашу-ызамен, ашына айыптайды. Поэманың:

Кімде, кінә, бауырым,

Кімдерде айып?!

Кімдер одан сорлады,

Кімдер байып?!

Хайуанаттар түгілі

Дүниеде

Ұлттар ғайып болыпты,



Тілдер ғайып!-

деген жолдары тек өткеннің ғана емес, қазір де аз ұлттарды жұтып қоюға дап-дайын боп, аранын ашып отырған шовинист- империалистерге айтылған қарғыс даусындай, азаттыққа ұмтылған ұлттардың жауынгерлік жігерлі ұранындай естіледі.

«Қызыл кітап» поэмасының идеялық мазмұны терең. Ол адалдықты жоғалтпай сақтап, ізгі гуманистік қасиетке ұмтылдыратын туынды. Зорлыққа, зомбылыққа, әділетсіздікке, теңсіздікке қарсы, әсіресе, халықаралық империализмнің отаршылдық жауыз саясатына қарсы әрбір адал ниетті азаматты белсенді күреске шақыратын дастан. Бұндай шығармалардың жалын атқан идеясы көкірегі ояу әр адамның жүрегіне жол тауып, күрескерлікке, биік гуманизмге, патриоттыққа, ешбір ұлтты алаламайтын интернационализм рухында тәрбиелейтініне шүбә жоқ. «Қызыл кітап» поэмасының идеялық, саяси мәнінің құндылығы да осында.

Соңғы жылдарда қазақ поэмаларының идеялық мазмұны тереңдеп, көркемдік сапасы жақсара түсті… Ақырында поэма жанрының дәстүрлі мүмкіндіктерін молынан пайдаланумен қатар, соны, көркем ізденістер жасау жолында да батыл барлау жасалды.

Кейінгі жылдардағы қазақ ақындары поэмаларының басым көпшілігін өз замандастарының өмірін бейнелеуге арналды. Бұл эпикалық поэзиядағы заңды құбылыс.

Қазіргі тақырыпқа жазылған поэмалар арасында жұртшылық назарын аударған Қ.Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыр», Т.Жароковтың «Тасқынға тосқын», М.Әлімбаевтың «Құрыш қазақ», А.Шамкеновтың «Жайлау таңы», Ғ.Қайырбековтың «Жер астындағы жұлдыздар», Қ.Мұқышевтың «Өкініш», З.Шүкіровтың «Аня», Қ.Ыдырысовтың «Әке жолы», т.б. поэмаларда соны сюжет, жаңа көркемдік бояулармен ұлттық поэзияның бейнелеу арсеналы молыға түсті. Бұл тұста қазақтың эпик ақындары өз замандастарының кең тынысты жарқын өмірін жырлау жолында поэма жанрының мүмкіншіліктерін мейлінше толықтырып, өздерінің ақындық шеберліктерін жетілдіре түсуге күш жұмсады.

Замандастар туралы жазылған елеулі туындының бірі – Аманжол Шамкеновтың «Жайлау таңы» поэмасы. Поэманың сюжеттік желісі жалындаған жігерлі жас қауымның өкілі-Алмат деген жас жігіттің алғашқы өмір жолын суреттейді. Ақынның суреттеуінде Алмат -өз міндетіне жауапты да, ұқыпты қарайтын жан, ары таза, рухани дүниесі бай, романтикашыл- арманшыл, өршіл, жігерлі жас. Алматқа қарама-қарсы алынған ұнамсыз кейіпкер Жарғақ Жолтаев. Оқиғалар осы Жарғақ пен Алматтың тартысы негізінде өрбіп отырады.

Ақынның ашына суреттеп, мансұқ ететін адамы-Жарғақ ескі қоғамның қырсықты сарқыншықтарын бойына жинаған. Оқушыға ұсынылып отырған терең идеяны, еңбек адамының үлгі-өнегесін поэмада суреткерлік шеберлікпен жырлауға ұмтылған ақынның творчестволық қадамы нәтижесіз емес. Алматтың, оның сүйген қызы Айжанның портреттері поэманың әр тұсында нақышты бояумен суреттелген.

Замандастарымыздың аяулы сезімі-махаббатын, асыл арманын, ішкі дүниесінің күрделі сырларын терең толғап суреттелген, жұртшылықтың рухани серігі боларлықтай аса көрнекті шығармалар әзір туа қойған жоқ. Махаббат тақырыбына, жастардың сезім күйлерін бейнелеуге арналған Т.Молдағалиевтың «Камила», «Мазасыз махаббат», «Алатау қызы», «Мен адасқаным жоқ», Ш.Мұхамеджановтың «Қошалақ», «Сөнбес махаббат» поэмалары ойдағыдай шықпады.

Еркеш Ибрагимов «Өмір өлмейді» поэмасында бір семьяның өмірінде түскен соғыс ауыртпалығын нақты түрде көрсету арқылы, сол қаһарлы жылдардың қатаң шындығын бейнелеген. Жаумен ерлік шайқас үстінде зағип болып қалған Жарастың, оның әкесі Бекен қарттың, жары Толғанайдың дараланған бейнелері, әр қилы тағдырлары поэмада сол тұстың өмір шындығына сәйкес нанымды суреттелген.

Енді бір топ поэмалар халықтың аяулы ұлдары, белгілі тарихи қайраткерлердің өміріне арналады. Оларда қазақ елінің белгілі ағартушысы Ы.Алтынсариннің (Ғ.Қайырбековтың «Дала қоңырауы») ұлы композитор Құрмағазының (Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы»), әнші-ақын Біржан Қожағұлұлының т.б.өмір жолдарына арналған поэмаларды жатқызуға болады. Тұтастай алғанда, халықтың сүйікті перзенттерінің көркем бейнесін жасау жолындағы ақындардың творчестволық ізденістері жақсы болды.

Хамит Ерғалиевтың жаңа туындылары «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің» поэмаларында еңбек адамының жарқын көріністері жасалған. Ал «Құрманғазы» поэмасы идеялық мазмұн тереңдігі, көркемдік қуатының молдығы жағынан ақын творчествосының кең құлашын, зор тынысын танытатын кезеңді туынды. Еңбекші халықтың жалынды күреске ұмтылған дабылды жырындай естілетін Құрмағазының дауылды күйлері де әр оқиғаның тұсында асқақ шабытпен естіліп тұрады. Құрманғазының тау суындай тасқындаған жігерлі күйлерінің «қысқа күнде қырық мәрте» шалқитыны, өнерлі елін ерекше құрметтейтін туған елінің «жүрегі оның жүрегімен жалғас ұрып келе жатқаны рас». Ұлы өнерпаздардың өткен дәуірдегі өнегелі өмірін бүгінгі шындыққа ұштастыра жырлау шығарманың көркемдік ажарына мән беріп тұр. «Құрманғазы» поэмасының тіл образдылығының қызықтырар сәттері көп. Қашан да тынымсыз, ізденгіш Ерғалиев қазақ поэзиясындағы өзіндік ерекшелігі бар эпик ақын екендігін осы поэмасында айрықша танытады. Көне сүрлеуге жоламай, тың образдар, соны ұйқастар, ұтқыр бейнелеу амалдарын, өлең өрнектерін, сөз кестелерін жасауға зор күш салған. Сонымен «Құрманғазы» поэмасы өзінің сюжеттік арнасында, тілдік образдық жүйесінде кейбір кемшіліктеріне қарамастан ұлттық поэзия тарихында елеулі орны бар шығарма.

Ғафур Қайырбеков эпикалық поэзияда Ыбырай Алтынсариннің образын, қайраткердің ағартушы-демократиялық көзқарас, озық ой, зор еңбегін үлкен талас-тартысымен бейнеленген.

«Дала қоңырауында» алдымен Ы.Алтынсариннің азаматтық еңбегін поэмаға арқау еткен. Поэмада Ы.Алтынсариннің барлық өмірі емес, белгілі бір тарихи кезеңдер ғана алынған.

Ыбырайдың поэтикалық образын жасау үшін ақын көбіне көп оның үлгі- өнегелік қадір-қасиетін ашуға зер салған. Ол - бұқара халық үшін жан қиярлық еңбек етуі, еңбекші бұқараның тағдыры, жарқын болашағы үшін еңбек сіңіруі

«Дала қоңырауы» поэмасы, ондағы үлкен ақындық қуатпен жырланған Ыбырай бейнесі- қазақ поэзиясының соңғы кездердегі аса ірі табысы.

Кейінгі жылдары қазақ поэмаларының ішкі жанрлық түрлері де әр алуан. Бір топ поэмаларда негізгі сюжеттер, тартыстар мен қайшылықтар, кейіпкерлердің қарым-қатынасы, көзқарас, идеал-мұраты, өмір жолдары арқылы көрініп, шығарманың сюжеттік желісіне айналып айналып отырады.

Сонымен бірқатарда кейінгі жылдарда бірнеше сюжетсіз лирикалық-философиялық поэмалар да пайда болды. Олар Қ.Бекхожиннің «Сұңқар туралы жыр», Х.Ерғалиевтың «Аңыз ата», Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын», «Дала дастарханы», Ә.Тәжібаевтың «Портреттер», О.Сүлейменовтың «Адамға табын, жер енді», М.Әлімбаевтың «Менің Қазақстаным», Т.Есімжановтың «Құлагер» т.б. поэмалары. Бұл шығармаларда автордың лирикалық ой-толғанысы анық танылады да, белгілі бір сюжетке құрылмайды. Көбінесе, лирикалық кейіпкер орталық образдың міндетін атқарады.

Лирикалық поэмалардың ішінде жалпылама айтумен нақтылыққа ойысып кететіндері де бар. Поэмадағы ең басты көркем тұлға-ақынның лирикалық кейіпкері. Поэмадағы барлық әңгіме сол лирикалық кейіпкердің төңірегінде өрбиді.

Ж.Молдағаливтың «Мен қазақпын» поэмасы қазақ халқының ұзақ тарихына көркемдік шолу жасап, сол халықтың жинақталған мүсінін жасайды. Ел тарихындағы кезеңді-кезеңді оқиғаларды айта отырып, қазақ халқының қанаушыларға, отаршыларға, басқыншыларға қарсы мың өліп, мың тіріле» күрескенін суреттейді. Әрі көне дәуірдегі, әрі қазіргі замандағы туған халқының өмірін жырлай отырып, оның жинақталған образын жасауда Жұбан Молдағалиев сюжетсіз лирикалық-философиялық поэманың жанрлық мүмкіншіліктерін творчестволық қуатпен молынан пайдаланған. Қазақтың эпикалық поэзиясының өрісін кеңейтіп , елеулі көркемдік қосқан.

Тұтастай алғанда бұл жылдары қазақ поэмалары сан жағынан да, сапа жағынан да недәуір ілгеріледі. Поэмалардың тақырыптық ауқымы кеңіп, мазмұны байыды. Поэтикалық ірі-ірі туындылардың әлеуметтік өмірмен байланысы күшейе түсті. Поэма жанрын жетілдіруде, шеберлікті ұштауда ақындар творчестволық ізденістер жасады.

Сөйтіп, бұл жылдары эпик ақындарымыз поэма жанрын жетілдіріп, оны байыту жолында үздіксіз ізденуде, тәжірибе молайтуда екенін анық танытты. Осы жылдардың сәтті-сәтсіз ізденістері қазақ поэмаларының өсу перспективасы зор екенін көрсетті.

Қазіргі қоғам өміріндегі егемендік дәуірінде, жариялылық бел алған кезде біз де поэма жанрындағы келеңсіздіктерді, сұрқайлықтарды жасырмай батыра айтып отырамыз. Өйткені, жанрдың алға басу тұсындағы кемшіліктерден тезірек арылып, идеялық-көркемдік арсеналын молықтыра беруіне үздіксіз де айрықша назар аударып отыру-әдеби сынның ешқашан күн тәртібінен түспейтін бірінші міндеті.

Әрине, даму өрісін, өсу перспективасын жыл сайын туындап, басылып шығып жатқан сұрқай поэмалар белгілемейді. Қазақ поэмасының бүгінгі дәрежесін, өркендеу деңгейін, оқушының эстетикалық талғамын ұштап, мейірін қандыратын, рухани жағынан байытатын оның көркемдік табыстары ғана анықтайды. Ал ондай елеулі, қомақты эпикалық туындылар қазіргі қазақ әдебиетінде бар. Бірақ онша көп деп айта алмаймыз. Өз шығармаларының идеялық мазмұнын тереңдетіп, көркемдік сапасын әлі де жетілдіре, арттыра түсуде қазақ ақындарының алдында таудай міндеттер, алынбаған биік асулар бар.



Сұрақтар мен тапсырмалар

1.ХХ ғасыр 80-90 жылдардағы поэмалардың даму бағдары.

2.Поэма жанрындағы көркемдік ізденістер, олардың өрінісі

3.Публицистикалық поэма жанры. О.Сүлейменов, М.Шаханов поэмаларынан мысал келтір.

4.Сюжетсіз поэмалар, олардың қазіргі әдебиеттегі көрінісі.

5.Соңғы жылдардағы тарихи поэмаларды ата, мысал келтір.



Бүгiнгi қазақ әдебиетiндегi әңгiме жанрының өзiне тән ерекшелiгi және даму жайы

Жоспар

1.Әңгіме туралы түсінік.

2.Қазіргі әңгімелердің тақырыптық байлығы.

3.Қазіргі әңгіме және идеялық көркемдік.

4.Әңгіме жанрының қазіргі әдеби процестегі орны.

5. Қорытынды.


Тірек сөздер: Ықшам жанр, кіші проза, новелла мен әңгіме, қаз-қалпында, мөлтек сыр. Әңгімедегі дәстүр мен жаңашылдық, лиризм мен психологизм, тақырыптың баюы, жанрлық ізденіс, кейіпкердің ішкі сезімі, жан дүниесі.

Проза қазақ әдебиетінде кеш туған жанр. Ал әңгіме кіші проза ретіндекейінірек пайда болды. Қазақ әңгімелерінің тарихын Ыбырай Алтынсариннен бастаса кейін Б.Майлин, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтер арқылы дами түсті. С.Шәймерденов, Н.Ғабдуллиннің, Д.Исабековтың, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Т.Нұрмағамбетов, С.Мұратбеков, О.Сәрсенбаев, А.Сейдімбеков, Б.Нұржекеев,

Бүгінгі қазақ әдебиетінің даму қарқыны мен бағыт-бағдарының әңгіме жанрындағы беталысынан да, қол жеткізген табысынан да айқын көрінеді. Қазақ прозасындағы әңгіме жанрының өзі бүгінде сан жағынан да, сапа жағынан да кемелдене, толыса түскені айқын.

Қазіргі әңгімелерді шартты түрде тақырыбына қарай топтайтын болсақ, дені ауыл өмірінен алып жазылған шығармалар екені көрінеді. Бір қуаныштысы - әңгіме авторлары бүгінгі ауылдың рухани дүниесінде болып жатқан өзгерістерді нақты характер шындығы арқылды бейнелей отырып ашуға ұмтылады.

Қазіргі әдеби процесте әңгіме жанрының алатын орны мен атқаратын қызметі де күшті.

Қазақ жазушыларының үлкен бір ұрпағы плеядасы түгел дерлік әңгіме жанрында көрінді. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ прозасының дені әңгіме болатын, прозадағы ұнамды кейіпкерлер де сол әңгімелерден басталған. Қазіргі әңгімеде қысқа да болса қызық шиыр тарих бар.

Мынаны ескерген жөн. Әңгіме жайын сөз еткенде біз талдау мен талғаудың критерийлерін біліп алғанымыз мақұл.

- Әңгіме не үшін жазылады?

- Әңгіме бір шындықты таныту үшін жазылады. Ал әңгіме шындықты танытады деу жеткіліксіз. Әңгіме шындықты қалай танытады? Сөз сонда.

Мәселен, жазушы Сафуан Шәймерденов «Бала арманы» атты әңгімесінде екі-ақ кейіпкер бар. Жәния ана мен Сәния бала. Мысал үшін Жания Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі Қапия да, Нағима да емес, Саян «Қос шалқардағы» жидек теретін балаларға ұқсамайды. Бұл ана-бүгінгі ана, бала-бүгінгі бала. Бұлардағы сыр мен сезім де, іс пен әрекет те бұрынғылардан бөлек жатыр. Соңғы жылдардағы қазақ әңгімелерінен аңғарылатын бір нышан-нақтылық.. Зейнелғаби Иманбаевтың әңгімелерін түгел оқып шыққанымызда оның өзі тұрған ауылдың тұрмыс-тіршілігін, кешегі халі мен бүгінгі жайын толық біліп шыққандай боласың.

Соңғы жылдардағы қазақ әңгімелерінен аңғарылатын келесі бір жақсылық-бірыңғай жылтырақтықтан, қызғылт бояудан аулақ, өміріміздің кейбір көлеңкелі құбылыстары қалам ұшына түйілетіндігі. Кәрім Баялиевтің әңгімелерінде арамыздағы әртүрлі адамдардың ісі мен мінезіндегімін-мүлтіктер әшкерелене көрсетілетіндігі.

Сонымен қатар қазіргі әдеби процесте қазақ әңгімелерінен көрінетін тағы бір жақсы нишан-идеялық-көркемдік қасиетінің жоғарылығы.



Нығмет Ғабдуллиннің «Гүл» деген әңгімесінде көз тоқтатып, көңіл аударып көрелік. Әңгімеде тракторшы Шәріп пен кітапханашы Сараның арасындағы таза махаббаттың тұңғыш тұтануы суреттеледі. Махаббат, сөз жоқ, аса әдемі сезім. Герой ойларының сезім иірімдері іс-әрекеттері мен өрлей өрістеген. Сонымен қатар «Гүлде» өзіміз кешелі бүгін оқып жүрген көп әңгімелерде кездесе бермейтін екі түрлі ерекшелік бар. Бірінші ерекшелік-байыпты интеллект, екінші ерекшелік-нәзік лиризм. Авторлық баяндаудан да, суреттеуден де осы екі қасиет аңғарылады. Бір мысал қызғаныш деген не? Әңгімеде, міне осы сұраққа жауап бар. Қызғаныштың қайдан туатынын Сар мен Шәріп өзара байыптау арқасында шын сүгендіктен туатын шығар деп ойлап «Жоқ, қызғаныш сенбеулен туады. Адал махаббат иелері біріне-бірі шын сенеді, бірін-бірі құрметтейді, сыйлайды. Мұндай асыл достар арасында ешқандай қызғаныш болу қисыны жоқ.»-деп түйеді Шәріп.

Соңғы жылдардағы әңгімелер Тахауи Ахтановты жақсы бір қырынан танытты. Жазушы әңгімелерінен танылатын жақсы бір қасиет-жазушының мәдениеті. Бүгінгі жазушы- халық ақылшысы-биік мәдениетті кісі болуы шарт. Сонда ғана ол қазіргі білімдар қауымға ғана енгізе алады. Тахауи әңгімелерінің тақырыбы мен идеясын, оны өрбітудегі өнері мен өрісінен интеллект- парасат мәдениеті аңғарылатынын көреміз.

Т.Ахтанов әңгімелерінен аңғарылатын тағы бір сипат- нәрлі, нәзік психологизм. Ол адам бейнесін жасауда бірден адамның ішкі психологиялық иіріміне сүңгіп, характерді сол ішкі сыр мен сезім тұрғысынан келіп ашады, көркем тұлға жасау, мүсіндеу биігіне геройдың жан диалектикасының бойымен өрлемек болады. Жазушының «Алғашқы ән» атты әңгімесінде мынадай бір пейзаж бар. «Ертеңгі күннің қиғаш сәулесі өзеннің арғы бетіндегі бозды адырды қызғылт-сарғыш ұғыласына малып, балғын жұмсақ реңк беріп тұр…» Жанды табиғат пен жансыз табиғат бұл тұста да әсем астатқан.

Шағын проза туралы сөз еткенілгенде Тәкен Әлімқұловтың есімі аталмай қалмайды. Жазушы әңгімелері түгелдей дерлік жол үстіндегі қақпақыл әзілмен, негізгі кейіпкердің шабыт үстіндегі ойлану сәтімен басталады да келесі жайлармен заңды жалғасып отырады. Мәселен кімде-кім Махамбет өліміне енжар қарамайтыны рас. «Қараой» әңгімесінде сол заман шындығын көз алдымызға әкеледі. Әрине, Махамбет өлімі тарихтан да жақсы мәлім. Жазушы ұлы адам бейнесін бар шындығымен бейнелейді. Әдетте, ақын аңғырт, албырт аңқау келеді.Сол сияқты жаумен жағаласқан батыр көбінесе қапылыста қаза табады. Ел қадірлейтін адамдардың бұл екі түрінің өзара ұқсастығы –ақкөңілділігі, бала мінезділігі.

Т.Әлімқұлов әңгімелерінде салыстыру, теңеудің, метафораның сан алуан түрлері бар. Суреткер сөз арасында өз оқушысы тарихи адамдардың жақсы қасиеттерінен хабардар етіп отырады.

Әңгіме жанрында өзіндік өрнегі бар жазушының бірі - Шерхан Мұртаза. Автор өз әңгімелерінде өмірдің болмашы ғана үзік көрінісінен көл-көсір өмір шындығын көз алдыңнан елестетіп өткізеді. Біз сөз еткелі отырған «Шекшек шырылдайды» атты шағын әңгіме осының дәлелі. Титтей ғана өмір көрінісінен жазушы Хадиша секілді асыл жанның образын тап басып мүсіндейді. Оның соғыстан кейінгі от басылоық күйкі тірлігін, ескі мінезден бірте-бірте өзгергенін, күйеуінің суретін өзінікімен қоса үлкейттіріп алуын суреттей отырып, автор ұлттық характерге тән белгілерді ашып қана қоймай, майданнан оралмай қалған жарға деген Хадиша сияқты мыңдаған келіншектің бойындағы адалдықңты, сүйіспеншілікті ерекше шындықпен бейнелеп береді.

Ендігі бір әңгіме – «Ақсай мен Көксай» мұнда да соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің хал-жағдайы сөз болады. Ежелден ауылы іргелес, қойы қоралас отыратын, құда-жекжат болып араласып кеткен қырғыздар мен қазхақтардың қиын-қыстау жылдары бір біріне сүйеу болып, қол ұшын беруі әңгіменің ерекше атап өтер қасиеттерінің бірі. Қазақ Арзы ана мен қырғыз Нұралы сияқты қарттардың екі елдің бірлігін сақтап, ауылға бас-көз болуы мейлінше табиғи қалпымен суреттелген. Әңгімеде сол бір ауыр кезеңдегі ауыл адамдарының тағдыры арқылы соғыс кезінің типтік өмір шындықтары реалистік көркем шындыққа айналған. Мұндағы кейіпкерлерді сыртқы іс-әрекеттерімен, дара характерлерімен ғана емес, ішкі бейнесі – жан дүниесі арқылы да санаңда сақтап қаласың. Әсіресе, Арзы ана осындай сом образ дәрежесіне көтерілген. Осы бір қарапайым қарт ананың қимыл-қарекетінен, шкі жан-дүниесінен ұлттық сипат қана емес, ел қамын ойлайтын абзал аналарға тән қасиеттер көрінеді. Ананың соғысқа кеткен Орха мен Ноха сияқты балаларын ойлап мазасыздануы, оларға деген сағынышы мен жүрегінде маздаған махаббат оты барлық аналарға ортақ нәрселер. Жоқтан бар жасап, жалғыз сиырының майын жинап, базарға апарып, содан түскен тиын-тебенге астық сатып алып, тағы басқа заттарын айырбастап, тапқандарын талшық етіп күн көріп жатады Арзы аналар.. Сонымен қатар, қырғыз Нұралы қарт та қашан да қажып жүрген жүдеу елге қамқор. Қазақ, қырғыз балаларынықң барлығы да өз балаларындай. Арзы анамен қырғыз аулына барған Барысханда Нұралы қарт алдына алып отырып, емірене елжіреп, бауырына басып өз баласындай басынан сипайды. Осындай көріністердің бәрінен қатар жатқан Ақсай мен Көксайдай ағайындас екі елдің арасындағы сондай бір жылы достық, шынайы бауырмалдық, қарым-қатынас сезіліп тұрады.

Шерхан әңгімелерінің қай қайсысын алсақ та салиқалы, салмақты ойға құрылған, өзіндік ерекшелігі айқын, оқырман жүрегіне жылы ұялайтын дүниелер. Жазушының қандай тақырыпқа жазылған әңгімесін алсақ та, өмірде боллатын жағдайлардың, көпшіліктің көкейінде жүрген шындықтардың шын шеберлікпен, нәзік дәлдікпен суреттелгенін айтар едік.

Кейіпкер жан-дүниесіне жіті үңіле білетін психолог жазушы Дулат Исабековтың «Ақырамаштан наурызға дейін» атты әңгімесі ауыл өмірін, ондағы әр түрлі Адам характерін шынайы көрсете білуімен әсерлі. Әңгіменің езу тарттырарлық юмормен жазылуы да оның әсер-күшін арттырып тұр. Бұл - жәй бір жеңіл күлкі сияқты көрінгенімен, сол арқылы автор әр түрлі мінездер қақтығысын, адам ой-санасындағы қайшылықтарды ашып көрсетуге ұмтылады.

Оқудағы жалғыз баласын медеу тұтып, адал еңбегімен тұрмыс кешіріп жүрген аңқау шал Кемпірбай жан-дүниесі бюарынша табиғи қалпында көрініс береді. Күні бойы сиырмен алысып, титықтап жүрсе де, оқудағы баласынан посылка алдырып, төңірегіндегілерін шайға шақырып қонақ етіп жібермек. Мұнысы, біріншіден, өзін менсінбей жүрген кейбіреулерге көрсеткен қыры, екіншіден, оқудағы баласына, ол жіберген тәтті дәмге мақтаныш ету. Бәрі орынды, бәрі табиғи.

Сондай-ақ, жәбір көрсеткен Отардың иттігіне ыза болып, оған дәп бір баласы кінәлідей ренжіп хат жаздыруын да қисынсыз дей алмаймыз. Өйткені мұндай Кемпірбайларды кез келген ауылдан кездестіретініміз сөзсіз.

Қолдарына сәл билік тисе, әлдеқандай болып бәлсініп, кісімсініп, жалған белсенділік көрсетіп, ұсақ-түйек нәрседен үлкен дау туғызып түймедейді түйедей етіп жүрген Отар, Мүсір, Молдабай сияқтылардың мінез-құлықтары да әңгімеде барынша нанымды суреттеледі. Бұл характерлер-бірінде жоқ қасиетін екіншісі толықтырып отыратын негіздес, тамырлас ұнамсыз типтер. Мінеки, аталған әңгіме осындай шыншылдығымен баурап алады. Көз алдымыздан өзімізге таныс ауыл бейнесі, әр түрлі мінездегі адамдар көпке дейін кетпей қояды. Мұның өзі, айналып келгенде, жазушы шеберлігін танытса керек. Әңгіменің тілі де нәрлі, айшықты. Әр кейіпкердің өзіне ғана тән сөйлеу ерекшелігі сақталған.

Жазушы творчествосының жақсы бір қырын көрсететін әңгіменің әттеген-ай дегізетін бір міні-кей тұстарының таза сықақ әңгімелерге ұқсап кететіндігі дейміз. Ол тұстар жеңіл күлкі үшін ғана қызмет атқарып тұр.

Әңгіменің құндылығы, әсерлілігі оқиға қызықтылығында емес, адам іс-әрекетінің шынайылығында, сол шынайылықты көрсету үшін сәтті тауып алған деталь, штрихта болса керек. Бұл ретте Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» атты әңгімесінде осы тасбақаның аузындағы шөп-кейіпкер характерін ашып, болмысын таныту үшін орнымен тауып қолданылған ұтымды деталь. Әңгіме кейіпкері-Қарабала өзінің адал еңбегіне ғана сенген, анау-мынау пысықай шаруамен жұмысы жоқ жуас адам. Өзі еңбек ететін ұста дүкенінен қарыс жерге шығып көрмеген Қарабаланың ат сабылтып аудан орталығына баратын жөні де жоқ еді. Өтірік-шынды әңгімені судай сапырып жүретін орақ ауыз пысық досы Оңбайдың өзі бітіре алмаған шаруаны екі сөздің басын құрап айта алмайтын, қой аузынан шөп алмас момын Қарабала қайтіп тындырмақ! Әйтеуір, қиналса да, кісі көңілін қалдырып көрмеген Қарабала, «ағайын едің, ең болмаса атыңның бір ащы терін қимадың» деп өкпесі қара қазандай бола ма деген оймен амалсыз жолға шыққан.

Оңбайдың кейбір қылығына қынжылғанымен де, оның мүгедек қалпын ойлағанда іші қимайды, жүрегі езіліп жүре береді.

Оңбайдың айтуынша, «ішінде бір оңған адамы жоқ» аудан басшыларымен қалай тілі табысып, жолы болғанына Қарабаланың өзі таң қалады. Мұны аңғал да адал, ырымшыл Қарабала «тасбақаның шөбінің» қасиеті деп ұғады. Ол жолы болып, өзіне көрсетілген құрметтің сол адамдарға бір кезде өзі тигізген көмегінің, адал еңбегінің нәтижесі, қарымы екенін де аңғармайды. Әңгімедегі осы іс-әрекеттің барлығы да кейіпкер табиғатын танытуға қызмет атқарып тұр. Әншейінде көптің көлеңкесінде байқалмай жүрсе де, еңбек адамының әр кезде құрметке ие болатындығын, еңбегі ескерілетіндігін аңғартады әңгіме идеясы. Адам адал еңбегімен, қулық-сұмдықсыз түзу тұрмысымен беделді, сонысымен жолы болып, ойға алғаны орындалады деген ой бар.

Автор өмірдегі осындай кейбір елеусіз болып көрінетін әрекеттерді терең түйсініп, көркемдік шындыққа айналдырып, кейіпкерлер болмысының табиғи қалыптасуын пайымдатады.

Сөйтіп, әңгіме сюжеті байсалды дамиды да, Оңбай Қарабала сияқты кейіпкерлер характері біртіндеп ашыла береді. Бірімен-бірі сабақтасқан жүрек шымырлатар шынайы көріністер еріксіз иландырады, мақұлдатады. Кейіпкер қимыл-қарекетінің шынайылығын психологиялық дәлел-дәйек нанымды да тартымды жеткізіп тұр.

Сонымен автор бұл әңгімесінде ақ адал жанымен, адамдық, азаматтық зор қасиетімен көрінген қарапайым еңбек адамының тұлғасын мүсіндеген.

Туған жер туралы ерекше бір толғаныспен оқылатын әңгіме – Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Ата қонысы».

Жоғалған сиырын іздеп Мұқа шал атақонысына барып қайтты. Дұрыс-ақ. Бірақ әншейінде мезгілмен қырынып, мұнтаздай киініп, қарттығын жасыра, бойын да тік ұстап жүретін Мұқа бұл жолы-осы бір-екі күннің ішінде неғып сонша Адам танығысыз боп, қартайып шыға келді?

Мінеки, осының сырын ойлағанда, әңгімедегі суреттелген жағдайлар санаңда қайта жаңғырып, жан-дүниең бірде алай-түлей күйге енсе, бірде жүрегіңді сыздатқан сағыныш па, мұң ба, әйтеуір, сол сияқты бір нәрсе бойыңды билеп бара жатады.

Бұл-кейіпкердің нәзік сезімдерін сыршылдықпен жеткізе білген жазушы шеберлігін танытса керек.

Автор Аймүйіз сиырдың атақонысына-үйренген жеріне келіп бұзаулауын, оны іздеп келген Мұқа шалдың іс-әрекеттерін суреттеу арқылы туған жердің жанға да, малға да ерекше ыстықтығын көрсетеді. Әңгіме желісін нақты өмір шындығымен өрнектей отырып, автор қилы-қилы тағдырларды, алуан түрлі мінез-құлықтарды көз алдымызға әкелді.

Шығармадағы Мұқа, Шынаркүл, Торғын – үшеуінің әрқайсысы тек өздеріне тән ой-көзқараспен, сенім-наныммен жеке-жеке танылған. Бұлардың іс-әрекеттерінен қадау-қадау ой тұжырымдар түйіндеп, шығарма идеясының тарамдалып жатқан нәзік арналарын ажыратып байқауға болар еді.

Бір ғана өрікке байланысты сәтті табылған детальдың өзі қаншалықты дәрежеде кейіпкер характерін жыға танытып тұр десеңізші!

«Шынаркүл өріктің біреуін аузына салды.

- Дәмі де сол күйі. Бал татиды. Мұқа-ау, жеп көрдің бе өзің?...

Шынаркүл өрікті қуана, тоймас құмарлықпен шайнады. Мұқа өрікті аузына салып еді. Анау айтқан дәмі байқалған жоқ. Аузы су татып кеткендей болды. Бірақ Шынаркүлге сыр Берген жоқ.

- Дәмді екен,-дей салды»

Осы екі түрлі сурет көп жайды аңғартады. Қарап отырсақ, екеуі де өмірлеріндегі көп қызығы, көп қиындығы өткен Талтоғанды аңсап отыр. Бірақ әр түрлі. Мұқаға қарағанда, Шынаркүлдің сағынышы, мұңы ауырлау, аяныштылау. Неге?! Мәселе-дәл осы сәттегі екеуінің хал-ахуал, тұрмыс-жағдайындағы айырмашылықта. Мұқа болса-балаларының бәрі ержетіп, өзі төсек жаңғыртып жас әйел алып, жасаңғырап тұрған тоқ көңіл шағы.

Шынаркүл-жалғыз ұлы Қайыпбегінен айрылып, жапан таудың бауырында жалғыз үй қалып, Алыпсоқтан басқа ес қылар ешкімі жоқ қамкөңіл жан.

Шығарма бұдан әрі тіпті тереңдей түседі. Мәселен, Шынаркүлдің жылап отырып айтқан әңгімесінен біздің де көңіліміз босап, жүрегіміз езіле түседі. Сөйтіп отырып, көп сырға қанық боламыз.Шынаркүлдің Мұқаға кіршіксіз матаға өрік түйіп беруі-оның оған деген аппақ көңілін білдірсе керек. Тіпті, Оның Аймүйізді сипап, бұзауына ноқта есіп беруі де шымырлатар суреттер.

Шынаркүлдің әңгімесін тыңдап отырып, Мұқа өзінің пендешілігіне қатты қынжылды, қатты қысылды. Талтоғаннан алғаш көшкенде: «Бауыр басқан атамекенді қия алмай қайта-қайта барып тұрармын»,-деп ойлайтын. Солайын солай да сияқты еді. Бірақ жаңа орта, жас әйел, қоршағанды, қошамет-құрмет өзіне бейімдеп, басқаша жағдайға қалыптастырып жіберді, Мұқтажсыз тіршілік, тоқ көңіл көп нәрсені ұмыттырады екен.

Мұқа мен Шынаркүлге қарағанда, әңгімедегі Торғын бейнесі мүлде басқа кейіпте. Оған салсаң, Аймүйіз жоғалып кетсе де бәрібір. Атақонысың да, өрігің де оған бір тиын. Байлыққа, барлыққа қызыққан, соның арқасында былқылдап өскен Торғын шығармада аз көрінсе де, өзіндік болмыс-бітімімен, өзіне тән мінез-құлқымен жеке-дара. Оның бейнесі өз алдына басқа пайым-қорытынды түйгізеді.

Сайын Мұратбеков - әдебиетімізге өзіндік тақырыбымен, өзіндік стилімен, образ өрнектеу еркешеліктерімен келегн жазушыларымыздың бірі. С.Мұратбеков өзгелерден алған өнегесі, басқаға берер үлгісі де көп. «Менің қарындасым» атты тырнақалды әңгімесінен бастап «Жабайы алма» повесінің аралығындағы жазушылық жолында ол бір сәт прозадан ауытқып көрген емес. «Алғашқы қар» әңгімесінде екі-ақ кейіпкер бар: трактористжігіт Сұлтан мен Күлипа қыз. Алғашында, оқиғаның басында өзі отырған трактордың иісін де, оны жүргізіп келе жатқан Сұлтанды да онша жақтыра қоймайды. Қызға жігіттің қимылындағы сылбырлық, оның «өгіздей» үндемей отыратындығы ұнамайды. «Адамның тұлғасы да осындай рабайсыз болады екен-ау» дейтін. Сенесіз. Күлипаның Сұлтанды бірінші рет емес, күнде көріп жүргенін және жігіт әкесінің ұлына қалыңдық таба алмай әуре сарсаңға түскенін білсеңіз, оның үстіне Күлипаның осы маңдағы мақтаулы қыздың бірі екенін ұмытпаған болсаңыз қыздың жігітті сүймейтініне сеніміңіз арта түседі. Ал, шығарма қалай аяқталады? Екі жастың бірін-бірі ұнатуымен аяқталады. Ауылдан аулақта адасып кетіп, мидай далаға түнегенде «рабайсыз» жігіт дөрекілік жасап, қызды құшақтамады да, сүйдім-күйдім деп ант-су ішпеді де. Шүп тарту, ауып кеткен шананытүзеу төңірегінен тысқары сөз де болған жоқ.. Абайласақ, жігіттің салмақтылығы, тапсырылған іске тындырымдылығы, жанындағв ғызға деген мөп-мөлдір сезімі, оны жеткізуге батылы бармай (таза махаббат солай болса керек-ті) тек жанарымен түсіндіру Күлипаны еріксіз баурап алады да,осы сәтке дейінгі қыздың жігітке деген теріс көзқарасын ұшты-күйлі ұмыттырады.

Сайын Мұратбековтың өз әріптестерінен және бір өзгешелігі-жастар бейнесін жасаудан таймай келе жатқандығы. Ілгеріде айтылғандай Сайын ауыл прозасының белсенді де табанды шебері болса, сол ауыл өмірінің ішінде көбіне-көп жастардың әрекеті, солардың ой санасындағы жаңашылдық қызықтырады жазушыны.

Шығармадағы тартыс дегеніміз кейіпкердің әр қимылы, әр сөзі арқылы көзге ұрып тұруға тиіс емес. Жазушы өзінің ойы мен пайымын жеткізу үшін оқиғаға қатысушыларды төбелестірмеді деу қате. С.Мұратбековтың «Менің құрдастарым» әңгімесінде мынадай диалог бар: «Нұрлан оқуға кетті-деді әлден уақытта қапаланған көңілмен.

- Оқығаны дұрыс қой…»

Бұл жолы да апам менің жауабымды ұнатпады. Көп уақыт үнсіз отырды. Бір кезде терезе алдынан жүгіре басып қарындасым өтті де, екі иінінен алқына дем алып үстімізге кірді. Тіптен біз күткендей емес. Балғын жүзінде қуаныш ойнап тұр. Келген бойда апамды қапсыра құшақтап, бір айналдырып билеп шықты…

Апам ыңғайланып әлдене айтпақ болып еді, бірақ Әлима ырық бермеді.

- Апа, апатай, керегі жоқ ештеңе айтпаңызшы…Сіз қалай десеңіз де мен оған сенемін…

Ауылға қазірге үйленбеген жас жігіт күйеуінен ажырасқан келіншек Әсилаға іңкәр. (Қысқы кеш).

…- Әсила мен сені ғана сүйемін ғой.

- Енді қайт дейсің, сүйе бер…

- Әсила, менің табысым Жүністен кем болмайды.

- Әй, Жолбай, осы сөздерді мен сенен естіп тұрмын ба,- деп Әсила кейіс үнмен оеы тыя тастайтды. –Жоқ, Жолбай олай демеші. Оның пысықтығы менің жаныма тиетін. Енді түсіндің бе?

Әңгіме жанрының көркемдік дамуына елеулі үлес қосқан Сайын Мұратбеков-өмір құбылыстарын бейнелей де суреткерлік шеберлігін танытқан қаламгер. Бүгінгі ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі, қуаныш-реніші Сайын әңгімелерінің өзекті арқауы. Автор қарапайым кейіпкердің басында болатын әр қилы психологиялық сезім сипаттарын, тебіреністерін аса бір дәлдікпен нәзік суреттеп береді. Оның «Қылау», «Үскірік», «Күсен-Күсеке», «Отау үй», «Ұлтуған», т.б. әңгімелері бұл айтқандарымызға толық дәлел бола алады.



С.Мұратбековтың «Жусан исі» әңгімесі бізді сонау соғыс кезіндегі ауыл өміріне Аян деген баланың басынан өткен қиыншылықтарды көрсету арқылы автор соғыс кезіндегі ауыл өмірінің шынайы болмысын көз алдымызға келтіреді. Шешесі қайтыс болып, әкесі майданға кеткен Аянның бар сүйеніші әжесі ғана еді. Ал, мол әжесі қайтыс болғанда, онсыз да жасқаншақтау, қас-көңіл баланың тағдыры тіпті қиындып, таза жетімдік хал кешкенін көреміз.

Сұм соғыс қаршадай балаға да өз дегенін істетіп, бірте-бірте тауқыметін ауырлата бастап еді. Ол Аянның қарапайым әрекетінен-ақ байқалып жаты. Өз құрбылары күні бойы сырғанақ Ойнаса, ол кісі үйінің малын жайғап, суын әкеліп, сырғанаққа жападан-жалғыз түнде ғана суреттелген тұс өте бір нәзік, психологиялық тебіреніспен оқылады. Бұзаудан құлап, тобығын шығарып алып азап тартып жүрген осы бір қиялшыл, арманшыл баланың ендігі көңіл жұбатары өзінің жанынан шығарған қызықты ертегілері… Одан кейін, жағасынан жусан исі бұрқыраған ағасының ескі пальтосы…

Аян өзінің көрген жәбіріне, Тұржан сияқты қатыгез адамдардың иттігіне деген қарғыспен сол ертегілермен айтушы еді. Ол өзі аңсаған дүниедегі жақсылық атаулының бір-бәрі: ерлік те, ізгілік те, сұлулық пен ақылдылық та, әйтеуір, адамға тән небір асыл қасиеттің барлығы да сол ертегілерінде болушы еді.

Айта кететін нәрсе-әңгімеде басынан аяғына дейін Аян тағдыры суреттелетін әр эпизодтың бірінен-біріне жалғасқан сайын бояуы қалыңдай, әсерлілігі күшейе түсетіндігі. Мысалға бірнеше үзіндіні алып көрелік.

«Жарғақ Сары тон киген Аян күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға үрейге толып жаутаңдап, өңі боп-боз, есігінің алдында тұр екен».

«Онан соң Сары тонының омырауына тұмсығын тығып, суық сорған өңі өкпеңбек боп бозарып біздің ойнымызға қарап, шетте үнсіз состиятын да тұратын.

«Бас демей, көз демей былшылдатып тебе берді. Әуелде құлындағы даусы шығып шырқырап:»Ағатайлап» шыңғырған Аянның біраздан кейін мүлдем үні өшті. Кирзі етіктің астында жансыз заттай илектеніп жата берді».

«Аян есік жақтағы темір пештің түбіне төселген қара құрым киіздің үстінде, кір-кір жұқа құрақ көрпе жамылып жатыр екен».

«Лауылдап жатқан сабанның арасы бытыр-бытыр ете қалғанда, Аян арық қолын отқа тығып жіберіп, шала пісіп қалған күйелеш масақты лып дегізіп суырып алатын.».

«Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де, қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті».

Мінеки, бұл суреттердің бәрі де шығарманың көркемдік мазмұнын қоюлатып, тұтастығын сомдай түскен.

Соңғы бірыңғай әңгіме жанрында еңбектеніп жүрген жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың бұл саладағы өзіндік ізденісі көз қуантып, көңіл толтырарлықтай. Автор әңгімелерінің нақты өмір шындығын салмақтай отырып, қилы-қилы тағдырларды, әр алуан пиғыл-ниеттерді ашып-айқындау арқылы әлеуметтік мәселелерді қозғау, көтеру басым жатады. Қаламгер творчествосының өзіне тән ерекшелігі де осындай сипаттардын туындап жатса керек. Автор көбіне ауыл өмірі жайлы жазады. Оның «Жиде гүлдегенде», «Жақсының көзі» жинақтарындағы әңгімелерден бүгінгі ауыл адамдарының тіршілігін, түйсік-сезімін, қайшылық-қақтығыстарын көруге болады. Автордың «Қосқұлақтың басында» атты әңгімесінен де осы айтқанымыздай жақсы нышандар байқалады.

Облыстық газет редакторы Бәкір Жарылқасынов бастаған бір топ шаруашылық басшыларының, мал мамандарының шопандар аулын аралауын сөз ете отырып, автор олардың әрқайсысының мінез-құлқынан, характерінен хабардар етеді.

Қора-қопсысы сайланбаған, жағдайы мәз емес шопан үйіне тосыннан келген облыстық газет редакторының алдында жергілікті басшылар қатты қысылады. Бұдан олардың малшы жағдайына қырсыздығы көрініп қалады. Бірақ бұл әрекеттерін бүркелемек болып, олар кінәнің бір ұшын шопан Көбентайдың өзіне әкеп тірейді. Әңгіменің алғашқы беттеріндегі осы бір көріністерден кімнің кім екені шаң беріп қалады. Шопан жағдайымен бажайлап танысқан Бәкір «бұл қалай» демесе де, «сезікті секірер» дегендейін, шаруашылық басшылары өздерін өздері әшкерелейді. Колхоз председателінің маңғаз көлгірлігі, ферма меңгерушісінің таяз да жалтақ жарамсақтығы байқалып қалады. Осылайша характерлер қақтығысы басталып келе жатқан әңгіменің негізгі арқауы шегініс арқылы Тасмағамбет тағдыры суреттелетін тұста тарқатылып, тіпті, үзіліп қалғандай әсер етеді. Бұл шегініс тым ұзақтау ма деп ойлаймыз. Шегініс Бәкірдің өмір жолын танытуда, оның бала кезін еске түсіріп, өскен жерін көріп толқуын, тебіренуін көрсетуде белгілі дәрежеде жүк арқалап тұрғанымен, әйтеуір, әңгіменің негізгі идеясына қабыспайтын сияқты болады да тұрады.

Сондай-ақ, автор шегіністе сырттай баяндауларға көбірек жол беріп алған секілді. Жоғарыда біздің тым ұзақтау, шұбалаңқылау көрінеді дегеніміз осыдан болса керек.

Ақселеу Сейдімбековтың «Күзеуде» әңгімесі. Шығарма бастан-аяқ осы махаббат деген құдіретті сезімнің тосын хикаясына құрылған. Тосын дейтініміз-осынау күрделі өмірден аларын алып, берерін берген, асарын асап, жасарын жасап дегендей, ата сақалы аузына шығып, алпыстан асқан шағында Ршыманның махаббат шарпуына ілінуі. Осы бір кешігіп келген асыл сезім ақсақалдың жан-дүниесін аласапыран етіп кетті. Тіпті, көзінен әлдеқашан бұлбұл ұшқан жігіттігі қайта айналып соққандай күй кешті. Ршыманның бұл уақытқа дейінгі көрген қызық қуанышы түкке тұрмай, әшейін бір далбаса нәрсе, тек өмір-тіршіліктің қамы ғана болып қалды. Автор «махаббатсыз дүние бос» деген қағиданы өзінше бір дәлелдеп, түйіндеуге ұмтылады. Бұл тұрғыдан келгенде, автор көз жетіп, көңіл иланатын біршама шынайы суреттеулерге барып, шеберлік танытады.

Әңгімедегі кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы, көңіл-күй, қимыл-әрекеттері бірте-бірте күрделеніп, пәлендей бір ірі ситуацияға бармаса да, ширыққан сезімдер қақтығысы, ішкі жан-дүние арпалысы шегіне жетіп бедерленген. Көз алдымызға бар қайғы-мұңы, қуаныш-ренішімен елестеген адам тағдырлары толғандырады, күрсінтеді, ойландырады.

Автор шеберлігі дегенде, ендігі бір айта кететін нәрсе-әңгімедегі кейіпкерлер характерінің табиғат құбылыстарымен астастырыла, сабақтастырыла суреттелгендігінде дейміз. Шығарма жанға жайлы, тамылжыған қоңыр күзді суреттеуден басталады. Күздің арты-қыраулы қыс деген сөз. Ол да ертең-ақ жетіп келеді. Май тоңғысыз маужыраған қоңыр күз жоғалады. Ршыманның да Торғынмен өткізген аз күнгі қызық-қуанышының ғұмыры қысқа болды. Бұлай болады деп ойламаған Ршыман аһ ұрып қала берді. Күрт бүгіліп, опырылып құлай түсті.

Біз, бұл әңгімені шынайы көркем шығарма ретінде талдағанда, осындай ой-пайымдауларға барамыз. Ал, жалпы, мәселенің қойылуында көңілге түйткіл түсіретін бір нәрсе-Ршыман мен Торғынның бір-біріне ғашықтығында. Әрине, мұндай жағдай өмірде болмайды деп айта алмаймыз.

Талаптан Ахметжанның «Мұң» кiтабындағы хикаяттар мен әңгiмелерде естiлер тiршiлiк-тұрмыс кедергiлерiне ұшырап жәбiрленген есуас есер, топас желбуаздар құрметтелiп, жоғарыға екпiндеп өрлеп әлпештелген безбүйрек, әдiлетсiз, рақымсыз жалған дүниенiң көрiксiз суреттерi мен қайшылықтары аяусыз әшкереленедi. Бұған «Нобель сыйлығы» хикаятындағы ар-ұят перiштесiнiң «Мен пенделердiң ұйықтап кеткен ар-ұятын оятуға әзiрмiн» деген лебiз айғақ.

Жазушы Талаптан Ахметжан лирикалық прозаның майталманы екендiгiн, оның шығармаларына сыршылдық, күйшiлiк, нәзiктiк, көркемдiк тән екендiгiн байқауға болады.

Дидахмет Әшiмхановтың «Әңгiме емес әңгiмелер» үш бөлiмнен тұрады. Мейлi көркемсөз туралы сөз қозғасын, мейлi замандастар туралы ой толғасын, мейлi ұлт жайлы көкейдегi ойын ортаға салсын, қалайда кiсi оқитындай етiп шегелеп жазған.

Соңғы уақытта әңгiме, новелла жазумен айналысып отырған жазушылардың бiрi – Бексұлтан Нұржекеұлы. Оның «Бейтаныс әйелдiң құпиясы» атты әңгiмелер жинағында ол қандай тақырыпты қамтиды, ненi көрсетедi, мазмұны қандай, қандай мәселенi көтередi деген сияқты сұрақтар туындайды.

«Махаббат мәңгiлiк тақырып», ол өзiнiң жазушылық ғұмырында осынау мәңгiлiк тақырып – махаббаттты жырлап келе жатқан Бексұлтанның 2002 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл жинағандағы әңгiмелердiң негiзгi өзегi де әйел мен еркек арасындағы сезiм сырлары. Кiтаптың атына таңдап алынған «Бейтаныс әйелдiң құпиясы» да оқырманның көз алдына бейтаныс әйелдiң құпиясын айқара ашып салатын психологиялық шығарма. Жазушы аты-жөнi белгiсiз келiншектiң күнделiгiн ойда-жоқта қолына түсiредi де, үйiне алып келiп, бастан-аяқ оқып шығады. Бар әңгiме осы. Күнделiктi жазбалар ғашықтық дертiне ұшырап, не iстерiн өзi де бiлмей, екiұдай күй кешкен бейтаныс әйелдiң бүкiл құпиясын, яғни жан дүниесiндегi толқыма толқыныстарын, құбылмалы құбылыстарын, сезiм сергелдеңдерiн толық ашып берген:

«Жаным! Әр күнiм әр түнiм сiздi ғана ойлауға арналатын болды. Қайда жүрсем де, не iстесем де сiз миымда, көз алдымда тұрасыз да қоясыз. Тұтқыныңызға мықтап түсiрген екенсiз. Торыңызға қалай, қай уақытта шырмалып қалғанымды да бiлмеймiн. Осынша естен айрылуға болады деп кiм ойлаған?! Әсiресе менiң жағдайымда жалғыз ғана үмiтiм – сiздiң маған деген көңiлiңiз. Сiз суып кетсеңiз, ол соққыны көтере алмайтын шығармын. Суымаңызшы!» деген әйел күнделiгiндегi жазулардан сыр суыртпақтан автор оған өз ойын тiркеп, көзқарасын бiлдiрiп отырады. «Сөз сыңайынан әйелдiң жас, еркектiң егде екендiгi бiрден аңғарылады. Оның үстiне әйелдiң күйеуi, еркектiң әйелi бар болу керек. Әсiресе, менiң жағдайымда,» - деуi, сiрә, сондықтан.

Әңгiме бастан-аяқ осындай тәсiлмен жазылған. Алдымен күнделiктен үзiндi келтiрiледi де, соңынан автордың да соған деген ой-топшылаулары қосарланады.

Көркем әдебиетте бiр адамның өзiнен басқа ешкiм бiлмейтiн, бiлуге тиiстi де емес жан сырын қойма қопарғандай ашып көрсететiн ең оңтайлы көркемдiк тәсiлдердiң бiрi болып табылады. Осылай басталған бейтаныс әйелдiң құпия сезiмiне автормен бiрге оның оқырманы да қызыға түседi, құныға оқиды.

Кеудесiнде жаны бар тiрi пенде секiлдi сезiмнiң де туатын, өмiр сүретiн, өлетiн-өшетiн мезгiлi болатыны айдай анық. Оны осы әңгiмеден де анық аңғаруға болады. Бiрақ бейтаныс әйелдiң оған окiнiш-күйiнiшi жоқ сияқты, қайта өзiн бақытты санайды. «Мен бәрiбiр бақыттымын, өйткенi шын сүю дегеннiң не екенiн аз уақыт болса да бастан кештiм, рахатын да таттым, азабын да таттым. Сол үшiн сiзге ризамын. Қалғанын келешек көрсетер».

Құпия күнделiк осындай көңiл-күйде аяқталады. Бұл автордың тәжiрбиелiлiгi. Өйткенi күнделiктегi жазбаларды бұдан әрi соза берудiң еш мән-мағынасы жоқ. Бәрi түсiнiктi.

Шығарманың соңына дейiн әйелдiң кiм екенiн бiлмесек те, түр-түсiн, кескiн-келбетiн ажырата алмасақ та, жазбалары арқылы оның қандай адам екенiн жазбай танимыз. Iшкi ойлары, сезiм сырлары, санасындағы сан алуан толқыныс-бұлқыныстары арқылы жанының нәзiктiгiн, жүрегiнiң нұрлылығын, табиғи болмысының мөлдiрлiгiн, сезiмге адалдығын айтпай-ақ бiлемiз. Көз алдыңызға өзi де, жаны да сұлу әйелдiң бейнесi елестейдi… Күнделiк, сөз жоқ, бейтаныс әйелдiң сырт көзге көрiнбейтiн iшкi сырын көрсету мен оның образын ашуда маңызды рөл атқара алған.

«Қандай өнердiң болса да ең биiк қасиетi – оның шынайылығы» (С.Рахманинов). Бұл әңгiме де шынайы жазылған. Шындыққа суарылған. Жалғандыққа ұрындыратын, жасандылыққа бой алдыратын, сенiмсiздiк тудырар тұстары жоқ. Өмiрдiң өзiнен ойып алғандай шынайы.

Адам жүрегінің мәңгілік күйі-махаббат туралы өзінге толғап, сонны ой-пікірлер түйіндейтін шығарманың бірі – Бексұлтан Нұржекеевтің «Бір ғана махаббат» әңгімесі. Мұнда автор махаббат, сүйіспеншілік секілді нәзік те пәк сезімнің тұтастығын айта отырып, оны уақыт шындығымен үйлестіре бейнелеуге ұмтылады. Жазушы осы арқылы махаббат атты жұмбақтың жеке адамдық құбылыс, жүрек әміріне байланысты іс екенін баса көрсеткен. Сөйтіп, махаббат туралы толғанысқ түсіп отырған кейіпкер жан-дүниенсінің қозғалыс-эволюциясын, нәзік иірімдерін, психологиясын шынайы суреттей алған. Жақыптың сонау естияр бала кезінен бастап жақсылыққа, пәктікке, сұлулыққа ұмтылуының кейін жігіттік шақта махаббатқа ұласуын, сөйтіп, «бір адамның ғұмыры-бір махаббаттың тарихы» екенін, адам бойындағы осы ізгі сезімнің бастамасы, тәй-тәй басқан тұңғыш қадамы, толысуы сияқты сатылары болатынын пайымдатады автор. Қысқасы, «бір адам өмірінің балалығы, жігіттігі, қарттығы, сәттігі мен сәтсіздігі болатыны сияқты, бір махаббаттың да бірнеше өмір жасы, ессею кезеңі бар».

Біз де ойға қаламыз. Адам өмірі махаббатпен, бір-біріне деген кіршіксіз сүйіспеншілікпен, пәктікпен нұрлы екен. Адам осы асыл сезімдердің аясында тербеліп өседі екен. Бұларсыз өмір мағынасыз, сәулесіз қалады екен.

Осы әңгіменің бір олқы тұсы-автордың аракідік әңгіме тұтастығын босаңсытып алатыны, негізгі айтпақ идеясын қорытып, түйіндеуді оқырманның еншісіне қалдырудың орнына, кейіпкер ойымен тәптіштеп, тиянақтап кетуі дейміз. Өйткені шығарма сюжеттің дамуы, шарықтауы кейіпкер характері оқырманды Жақып түйген ой-пікірге онсыз да алып келетіні даусыз.

Қазiргi қазақ әдебиетiнiң ауыр жүгiн шама-шарқынша нық та қайыспай, құмбыл да келiстi көтерiп жүргендердiң қуатты бiр буынын пайғамбар жасына жеткен немесе соларға тетелес қаламгерлер легi құрайды. Сындарлы суреткер, Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты – Мархабат Байғұтов. Оның есiмi мен кiтаптары әдеби жұртшылық пен қалың оқырманнан қағыс қалмағынаны белгiлi. Қаламгердiң соңғы жиырма жылда халқына ұсынған «Шiлде» (1973), «Сырбұлақ» (1980), «Интернаттың баласы» (1985), «Нәуiрзек» (1988), «Дауыстың түсi» (1993), «Машаттағы махаббат»(1995) атты әңгiмелерi мен повестер жинақтарын айтар едiк. Ал бұл кiтаптарда негiзiнен оның әдебиетке келу, өсу, толысу, орнығу, төселу, кемелдену тәрiздi заңды кезеңдерден сүрiнбей, шалдықпай, шабысынан жаңылмай заңды өтуi тайға таңба басқандай сайрап тұр. Сондықтан шығар мұның баршасы ең алдымен әдебиетке абырой болды.

Мархабат Байғұтовтың сындарлы да сыпа суреткерлiгiнiң құдiретiн бiр сөзбен түйiп айтар болсақ, онда оның бiрталай дүниелерi ұдайы мәңгiлiк махаббат құдiретiне құрылатын әрi қарапайым, әрi жұмбақ иiрiмдерiнде жатады. Соны нақтылы сөз етiп көрейiк.

Мархабат Байғұтов ұлттық төл әдебиетiмiздiң тума бастауынан – ауыз әдебиетiнiң теңдессiз үлгiлерiнен күнi бүгiнге дейiн арнасынан профессионалдық парасатынан мол нәр алған. «Шiлде» мен «Сырбұлақ» жинақтарындағы әңгiмелердiң бiрталайы осының дәлелi. Заманның, өмiрдiң әралуан кемшiлiктерi мен дерттерi Мархабат Байғұтовтың өз қаламынан тыс қалған емес. Оның «Интернаттың баласы», «Нәуiрзек», «Дауыстың түсi», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат» атты кiтаптарындағы дүниелерiнiң басым денi 1965-1995 жылдар аралығында қоғам картинасын мейлiнше өркем, мейлiнше шыншыл жеткiзген, суреттеген қомақты да кесек туындылар болып табылады.

«Дауыстың түсi», «Айып», «Жалбыздының жағасында», «Доланай шахтасы», «Ақ орамалды қыз», «Жанымайдың жотасы», «Машина мәселесi», «Кандидат» және тағы басқа әңгiмелерiнде соцреализмнiң эстетикасынан әлi де қол үзе қоймағанмен, әсiресе әлеуметтiк колта - өмiрге шындыққа мейлiнше сыншыл қарау, шыншыл қарау, көркемдiк шифрлардың мол байлығын жемiстi пайдалану, дiттеген мақсатқа шырғалаңсыз шынайы жету жүзеге асқан. Ысылған машықтың кәнiгi суреткерлiкке батыл қол артқан нышаны ерекше сүйсiнтедi.

Мәселен, бiр ғана мысал «Дауыстың түсi» әңгiмесiнiң әлеуметтiк-рухани аясы белгiлi бiр кезеңде белгiлi бiр адамдардың азып-тозуға ұшырайтынын әдемi суреттейдi. Қара бастың ғана құлы болу, қара бастың ғана артықшылығын көздеу, қара бастың ғана мансабын биiктете түсу бүкiл жұлын-жүйкеңдi, жан дүниеңдi, жүрегiңдi өрмекшiнiң торындай торлап алғанда көзi сау бола тұра айналаны, ешкiмдi көрмейтiн басыр болу оп-оңай-ақ екен. Еңсебектiң трагедиясы мiне, осындай трагедия. есмақан мен Еңсебек екеуi дос. Бұл – Есмахан пiкiрi, шыны. Арада жылдар өттi. Есмаханның қызметi өрлей түстi. Бiрақ ол өзгерген жоқ…

«Дауыстың түсi» атты әңгiменiң көркемдiк қуаты да, көркемдiк мазмұны да опындырмайтын iс-әрекетке жетелейтiн мақсатшыл нысананы мегзейтiндiгiнде деп қараған жөн.

Мархабат Байғұтовтың сындарлы да сыпа суреткерлiгiн, әсiресе, мәңгiлiк махаббат құдiретiне – Квант генераторына, мәңгiлiк тiршiлiк талқысына - Тағдырлар геммасына құрылатын шығармалары тым жоталандырып, тым асқақтатып көрсетедi. Бұған оның «Патефон» повесiндегi – Есқали мен Камиланың, Айсұлу мен Есқалидың, «Дос пейiлi» повесiндегi – Иван мен Марияның, Наурыз бен Назипаның, Сұлтан мен Талшынның, «Ақ шымылдық» повесiндегi Бағдат пен Зылиханың, «Машаттағы махаббат» повесiндегi – Санжар мен Саяның мөлдiр махаббаттары поэзиядағы прозалық пен қамтудың, прозадағы тұтастықты поэзиялық ырғақпен суреттеудiң өзара кемел қабысып, өзара ажырамас тұтастыққа айналып кеткендiгiнiң толық көрiнiсi дер едiк.

Қазіргі қазақ әңгімесінің ең таланты шебері – Оралхан Бөкеев еді. Алдымен Оралханның суреткерлік даралығы сол – ол өмірдің әлдебір әсерлі деталын, жүрегіңді шымырлатар құбылысын дәл байқап, оқырманның алдына жайып салады. Қалада оқып ғылым жолын қуған қыздың алыстағы ауылдағы механизатор жігітке ғашық болуы (Аспирант қыздың тракторшы жігіті) бәлкім таңдандыра қоймас, бірақ Қалқаштың шынайы ғашық сезіміне иланамыз. Ол қаза тапқан жігітінің арманын да, суреттегі бет-бейнесін де өмір бойы аялап өтетініне еш күмән туғызбайды.

Осындай жайдан туындап жататын тағы бір ерекшелігі-Оралхан әңгімелерінің нәзік лиризмге толы болып келетіндігі. Әсіресе, «Ауыл хикаялары» цикліндегі новеллалары мұның айқын дәлелі. Айталық «Апамның астауы» әңгімесінде тумаған баланың анаға, ананың балаға деген үлкен жүректі махаббатын келістіре суреттеумен бірге сол әженің он саусағынан өнері тамғанын көрсету арқылы да ұлттық этнографияға қатысты салихалы ой толғайды.

Тағы бір айта кететін жай-автордың шығармалары өлеңмен жазылғанда жеңіл оқылады, соның өзінде орынсыз асып-төгілу жоқ, салмақтылығымен, ойлылығымен қымбат.

Мұның бәрі сайып келгенде, шағын келгенде, шағын болса да қойылар міндеті үлкен жанрдың тақырыптық, стильдік тұрғыдан жетіле түскенін аңғартады. Жанрдың үлкен-кішісіне қарамастан, әдебиетке жүктелер міндеттің әрдайым ауыр да абыройлы екені баршаға мәлім.

Бұл тұрғыда әңгіме ұшқыр да ұтымды, белсенді жанр. Мұның өзіндік проблемалары, шешімін күткен мәселелері көп-ақ. Әдебиеттен бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін көтере алатын, өмірдегі сан алуан сауалдар мен оқиғалар төңірегінде тебірене толғанатын терең сезімді, парасатты қаһармандарды іздейміз. Ал, қазіргі қазақ әңгімелерінен де күтеріміз осындай алдыңғы қатарлы замандасымыздың толыққанды тұлғасы, бедерлі бейнесі болмақ.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері туралы айт.

2. Қазіргі қазақ әңгімесінің беталысы.

3. Әңгіме жанрының шебер жкімдер, олардың шығармашылығы?

4. О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов әңгімелері туралы айтып

бер.


5. Қазақ әңгімесінің келешегі кімдер деп білесің?

6. Әңгімеге деген сұраныс, оқырман талабы қандай?


Әдебиеттер

  1. Р.Рүстембекова. Қазіргі қазақ әңгімесі.

  2. З.Қабдолов. Жебе.

  3. А.Егеубаев. Сөз жүйесі.

  4. С.Қирабаев. Талантқа құрмет.

Бүгiнгi қазақ романындағы дәуiр, тарих және заман мәселесi

Жоспар:

1. Бүгінгі қазақ романшылығы



2. Прозаның тақырыптық, идеялық-көркемдік жағынан баюы

3. Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа құбылыстар



Каталог: uploads -> books -> 47828
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Ш. юлдошева, А. Нисанбаева
47828 -> Методикасы кафедрасы
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби
47828 -> Низами атындағы тмпу-дың Қазақ тілі және әдебиетін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Е. Абдувалитовтың “Абай халық данасы” тақырыбындағы сабақ үлгісі
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Науаи мемлекеттік педагогика институты
47828 -> Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби
47828 -> Низомий номидаги тошкент давлат педагогика университети


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет