Павлодар облысы Екібастұз қаласы



Дата11.11.2016
өлшемі75,26 Kb.
#1518


Павлодар облысы Екібастұз қаласы


№ 23 – жалпы орта білім беретін (орыс) мектебінің

11А сынып оқушысы Әсем Арымбекованың

«Жеңіс. Естелік. Отансүйгіштік» айдары бойынша

жазба жұмысы (шығарма)



Еңбегі – елге өнеге


«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс ...»

Жоспар:


  1. Кіріспе.

  2. Негізгі бөлім:

  1. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар.

  2. Павлодар облысының ардагерлері.

  3. Еңбегі – елге өнеге.

  1. Қорытынды.

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл алпыс бес жыл толады. Осы ұлы жеңіске жеткізгендер – біздің ардақты ардагерлеріміз. Алпыс бес жыл – мүшелді мерзім. Әдетте, жақсылыққа қанша жыл өтсе де, жұрт осы күнді асыға тосады.

Соғыстан кейін немістердің қолында болған жеті мың тұтқын босатылды. Олардың құтқарылғаны – қуаныш. Бірақ мың жарым миллион тұтқынның газ камераларында тұншықтырылып, отқа жағылғаны да ойға оралғанда, қуаныштың ізі де қалмайды. Фашистер ешкімді де аямаған. Баланы да, ананы да. Концлагерьге әскери шайқаста қолға түскен тұтқындарды ғана емес, жай қарапайым адамдарды алып келіп, мал сияқты қырған. Саналы түрде қырған. Нәсілшілдердің еврей ұлтына қаны қас болды. Сондықтан да оларды соғыс өрті шалған, фашистердің құрығы жеткен жердің бәрінен жинады. Отқа жағылғандардың тоқсан пайызы еврейлер еді. Адамзат тарихындағы мұндай ауыр қасіретті, нәсілшілдердің жауыздығын ешқашан да ұмытпас үшін осындағы лагерьлер кешені орналасқан жерде, ашық аспан астында жүздеген гектар аумақты алып жатқан музей-ескеркіш жасалған.

Еліміз бойынша Ұлы Отан Соғысы жылдары Қазақстан бір миллион екі жүз мың адамды майданға аттандырды. Алты жүз мың қазақстандық жауынгер майданнан оралған жоқ. Қазақстандық жауынгерлердің бес жүздейі Кеңестер Одағының Батыры атанды. Оның жүз он бірі – қазақ. Қазақстандық сексен бір жауынгер – Даңқ орденінің толық иегері. Оның он тоғызы – қазақ. Соғыста Кеңестер Одағының Батыры атағын екі мәрте алған жауынгер саны – алпыс екі. Төртеуі – қазақстандық. Оның бірі – Талғат Бигелдинов.

Павлодардың әскери комиссариатына фашистік Германияның басып кірушілеріне қарсы Отан қорғаушылар қатарына жазылу үшін еріктілерден мыңдаған өтініштер түсіп жатты. Соғысқа қырық алты мыңнан аса павлодарлықтар шақырылған. Олар әскерлердің барлық түрлері бойынша және барлық майдандарда соғысты. Баянауылдық Ғаббас Жұматов Брест бекінісін қорғаушылардың қатарында болып, соғысты Венаның жанында аяқтады. Мәскеудің маңында Әбілқайыр Баймолдин (Лебяжі ауданынан), павлодарлық Александр Иванович Щербинко және көптеген жауынгерлер ерліктерін көрсете білді. Павлодарлықтардың көбі Сталинград, Орел-Курск шайқастарына қатысты. Олар Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Болгарияны, Польшаны, Чехославакияны, Югославияны азат етуге қатысып, Одерге шықты.

Екібастұз қаласы бойынша Ұлы Отан Соғысына бір мың төрт жүз жетпіс бес екібастұздық қатысқан. Отыздан астам екібастұздық жауынгер соғыста құрбан болған.



Менің атам Ұлы Отан соғысына тікелей қатыспаса да, ерен еңбегі үшін қатысқандармен теңестірілді.

Атамның өмір жолы ауыр басталып, бала жастан көп қиындық көрді. Ол бір мың тоғыз жүз он тоғызыншы жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен Майқайың алтын өндірісінде жұмыс істеген. Бірақ атам он төрт жасқа келгенде, әкесінен айырылады, ал араға екі жыл салып, анасы қайтыс болады. Жетім қалған атамды және оның қарындасы Әлпеш апаны туыстары Баянауылдағы балалар үйіне береді. Атамның жасы ересектеу болған соң, жасын төрт жылға кемітіп жазғызады. Бір мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылы туды деген сол дерек кейін төлқұжатына да жазылып кетеді. Жасын кішірейтіп жазғандықтан, ол балалар үйінде ұзақ уақыт тұрақ табады.

Атам, Әшім Арымбеков, қарт ұстаз екендігін мақтанышпен айтқым келеді. Ұстаз болу – жүректің асылдығы деп ойлаймын, өйткені Ұлы Отан соғысы кезінде атамның аянбай еңбек еткен ардагер-ұстаз, ауылының құрметті қариясы екендігін ауылдастарынан жиі естимін.

Атам бізді жақсы көреді, үнемі әңгімелескенде «шыбыным» деп еркелетіп, «сабағың қалай, нешеге оқисың?» деп сұрайды. Атам «иә, жоқ» деген қысқа жауапқа қанағаттанбайды. Үнемі толық, дұрыс жауап бергенді жақсы көреді. Біздің бос уақытымызды тиімді пайдалануды, оның ішінде көбіне кітап оқығанымызды ұнатады. Атам қазір тоқсан бір жаста. Ол сексен тоғыз жасқа дейін таңғы сағат үш-төртке дейін үнемі қызықты әдеби шығармаларды оқитын. Сол оқыған кітаптардағы керекті нақыл, дана сөздерді бізге айтып отырады. Қазір көз жанарынан айрылған.

Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін бәріміз мойындаймыз. Елдегі білім мен ауыл мектебінің абыройы үшін қырық екі жыл еңбек атқарған атам секілді қарт ұстаздар қатары күн сайын азайып барады. Бүгінде жасы тоқсан бірге қараған атамның ұстаздық еңбек жолынан нағыз мұғалімге тән қасиеттерді анық танимын. Екібастұз өңіріндегі ұстаздар арасында «Ленин» орденіне ие болған жалғыз мұғалім де – атам.

Бір мың тоғыз жүз елу жетінші жылы үздік қызметі үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталса, бір мың тоғыз жүз алпысыншы жылы Қазақстан мұғалімдерінің үшінші съезіне қатысып, «Ленин» орденін кеудесіне тағып қайтады. Басқа да республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттары жеткілікті. Соғыстан кейін де бірнеше медальдармен марапатталды. Кейінірек «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Бүгінде атамның белі бүгіліп, жүруге жарамай, төсек тартып қалды.

Тәуелсіздігіміздің баянды болуының бір ұшы білімді ұрпақтың қолында деп ойлаймын. Осындай білімді ұрпақты тәрбиелеуге көп үлес қосқан ардагер атамды мақтан тұтамын. Атамның шәкірттерінің ішінде Екібастұз қалалық аурухана кешеніндегі жарақат бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Жұматаев Ерболатты, «Отарқа» газетінің бас редакторы Садуақасов Жассерікті, профессор, кардиолог-дәрігер Мусина Әлияны атап кетуге болады.

Павлодар қаласының орталығында тамаша Даңқ саябағы орналасқан. Саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан павлодарлық жауынгерлердің құрметіне үлкен ескерткіш бой көтерген. Биіктігі жиырма төрт метр бұл ескерткіштің түбінде Отан үшін өмірін қиған боздақтарға арналған Мәңгілік алау жанып тұр. Сондай-ақ Даңқ саябағында соғыстан қайтып оралмаған бір мың екі жүз жауынгердің аты-жөні жазылған мәрмәр тақта орнатылған.

Павлодар облысынан отыз шақты жауынгер Кеңестер Одағының Батыры деген жоғары атақ алған екен. Олар: И.В.Бабин, А.Ф.Горобец, А.Н.Елгин, С.А.Елистратов, К.А.Семенченко, В.В.Степаненко, Қ.М.Сұрағанов, М.К.Қайырбаев, М.М.Катаев, А.О.Квитков, И.И.Корнев, И.И.Кривенко, Г.П.Кравченко, И.Н.Кудин, И.В.Кутурга, И.Г.Ледовский, В.М.Милевский, С.К.Токарев, К.Ф.Шувалов. Солардың ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атаған алған – Г.П.Кравченко. «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің бәрімен де марапатталған батырлар – С.Рубаев, Б.Қайдаров, Г.Ткачев.

Бұл ескерткіш кешені Ұлы Жеңістің отыз жылдық мерекесінде салтанатты түрде ашылса, елу жылдық тойда көркемделіп, сәулеттеніп жұртшылық көңілін бір көтеріп тастады. Өйткені павлодарлықтар үшін бұл жер – қасиетті орын. Мәңгілік от басына соғыс ардагерлері жалын шарпыған жастық шағын, қыршын кеткен қимас достарын, қала жұртшылығы соғыс оты жалмаған туған-туысқандарын, жастар қаһарман ата-әкелерінің, аға-апаларының есімдерін, ерліктерін еске алуға, тағзым етуге, гүл шоқтарын қоюға келеді. Саябақтың әсем гүлзарлары, ақ қайыңдары, жанға жайлы тыныштығы терең ойларға жетелеп, бүгінгі бейбіт өмір мен бақыттың қандай бағамен келгенін еске түсіреді. Аға ұрпаққа зор ризашылық, үлкен құрмет сезімін оятады.



Біз фашизммен шайқастағы ұлы жеңісімізді ешқашан ұмытпаймыз. Оны мақтаныш етеміз. Жыл сайын соғыста құрбан болғандарды құрметпен еске алып, ерліктеріне бас иеміз. Мәселе тек ұмытпағанда емес, сонымен қатар, зұлмат соғыстың қайталанбауы үшін күресуімізде. Бұл күрес – алдымен құрбандарға тағзым, ұрпақтарға отансүйгіштік тәрбие жүзінде көрінуге тиісті. Мақсатымыз – фашизм ұрығының жерге түспеуі. Түсе қалған жағдайда, оны түп-тамырымен жұлып тастаған жөн.





Каталог: Pobeda
Pobeda -> Шығарма «Жеңіс, ес, отаншылдық»
Pobeda -> Сочинение. Казахстанцы в Великой Отечественной войне. Война святее нету слова, в тоске и славе этих лет
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімі Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс естегілер Отаншылдық»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет