ПОӘК 042- 14-5 01. 20. 1/01 -2013 №1 басылым 05. 09. 2013



бет1/7
Дата19.11.2016
өлшемі1,53 Mb.
#2094
  1   2   3   4   5   6   7




ПОӘК 042- 14-5-2.01.20.1/01 -2013

№1 басылым 05.09.2013

бет барлығы







Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті




3 деңгейлі СМЖ құжат

ПОӘК

ПОӘК


042-14-5-02.01.20.1/01-2013


ПОӘК

Оқытушыларға арналған

"Отандық тарихтың қазіргі кезеңдегі түпкілікті мәселелері" пәні

оқу- әдістемелік кешені



№1 басылым 05.09.2013





ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
"Отандық тарихтың қазіргі заман теориялық – методолгиялық іргелі мәселелері " пәні бойынша

«6М020300»- Тарих мамандығына арналған


ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАРЫ

СЕМЕЙ


2013

1 ӘЗІРЛЕГЕН

6М020300 «Тарих» мамандығы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарты арнайы пәннің типтік бағдарламасы негізінде жасалынған. Құрастырған Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Б.Ж.Атантаева т.ғ.д.


2ТАЛҚЫЛАҒАН

2.1. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Тарих және құқық» кафедрасының отырысында қаралды.

Хаттама № 1

03.09.2013 ж.

Кафедра меңгерушісі Мухаметжанова Н.А.

2.2. Гуманитарлық факультетінің оқу-әдістемелік кеңесінің бюросының отырысында мақұлданды

Хаттама № 1

05.09.2013 ж.

ОӘБ төрайымы Кеңесбаева Ш.С.

3 БЕКІТІЛДІ

Университеттің Оқу-әдістемелік кеңесінің отырысында шығаруға мақұлданған және ұсынылған

Хаттама № 1

18.09.2013 ж.

Университеттің ОӘК төрайымы,

бірінші проректор Искакова Г.К.



Мазмұны

1 Дәрістер

2 Практикалық сабақтар

1Тақырып Енгізу дәрісі

Жоспар.1 Тарихи білімнің дамуы және ғылым болып қалыптасуы

2. Қазақстандық тарихнаманың табыстары



Мақсаты. Тарих ғылымын тереңнен зерттеу

Талқыланатын сұрақтар: Тарихтын түп тамыры, танымал тарихшылар

Қазіргі деңгейдегі ғылыми-теориялық ойлау жүйесі зерттелмек нысан мен процестің мәніне ұмтылуға тырысады. Ғылыми зерттеу дегеніміз болашаққа зер салу секілді іздену жолдары, ғылыми объективті көзқарас. Фактілерді түсіндірілуі немесе практикалық қолданылуы қиын деп ысырып тастауға болмайды. Себебі ғылымдағы жаңалық зерттеушінің өзіне де байқалмайды. Жаңа ғылыми фактілер, тіпті жаңалықтар маңызы толық ашылмағандықтан ұзақ уақыт бойы ғылым қорында жатып қалуы немесе практикада қолданылмауы мүмкін.

Идеяны толық шешілуіне дейін жеткізу ғылыми зерттеуді жоспарлы жүргізуде ғана іске асады. Ғылымға кездейсоқ ашылулар да тән. Бірақ жоспарлы әрі жақсы жабдықталған ғылыми ізденістер табиғаттағы объективті заңдылықтарды тереңірек ашуға және тануға ықпал етеді. Ары қарай алғашқы ойды мақсатты әрі жүйелі өңдеу жалғаса береді, өзгерістер, қосымшалар, нақтылықтар енгізіледі де зерттеудің сұлбасы дами береді.

Ғылыми зерттеу нәтижесі түсінікке, заңға және теорияға айналатын нақты мақсаттылық таным. Оған тән кейбір ерекшеліктер бар:



  • бұл міндетті мақсатты процесс, оған жету жолындағы нақты шешілмек міндеттер;

  • бұл жаңа, шығармашылыққа, белгісізді ашуға, айрықша идеяларды іске асыруға әрі қарастырылмақ мәселелерді жаңаша қарауға бағытталған процесс;

  • ол жүйелілігімен сипатталады: яғни зерттеу процесі әрі оның нәтижесі тәртіпке, жүйеге келтіріледі;

  • оған дәлелділік, жинақтаулар мен тұжырымдарды жүйелі негіздеу тән.

Ғылыми-теориялық зерттеулердің нысаны жеке, нақты жағдай емес, оның зерттеу нысаны ұқсас құбылыстар мен жағдайлардың толық тобы, олардың жиынтығы.

Ғылыми-теориялық зерттеулердің мақсаты жекелеген құбылыстардың қатарынан жалпыны табу, ондай құбылыстардың пайда болуын, қызмет етуін, даму заңдылықтарын ашу, демек ондай құбылыстардың мәніне терең үңілу.

Ғылыми-теориялық зерттеулердің басты құралдарына мыналарды жатқызуға болады:


  • жан-жақты негізделген және бір жүйеге келтірілген ғылыми әдістердің жиынтығы;

  • өзара бір-бірімен байланысты және ғылым тілін қалыптастыратын түсініктердің, нақты терминдердің жиынтығы.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелері ғылыми еңбектерге (мақала, монография, оқулық, диссертация, т.б.) айналып, жан-жақты бағаланғаннан кейін практикада жүзеге асады, практикалық таным процесінде ескеріледі және қорытынды түрде жетекші документтерге кіргізіледі.

Cонымен адамдардың барлық саладағы қызметтері (ғылыми, практикалық, т.б.) бірқатар факторлар қатарымен анықталады. Оның нәтижесі кім (субъект) немесе кімге (объект) бағытталған және бұл процесс қалай жүзеге асады, қандай тәсілдер пайдаланылады. Демек, бұл әдістің (метод) мәселелері.



Әдіс (метод, грекше – таным тәсілі) – кең мағынасында – «бір нәрсеге жол салу», субъектінің кез келген түрде қызмет ету тәсілі.

«Методология» түсінігінің екі мағынасы бар: белгілі бір қызмет (ғылым, саясат, өнер, т.б.) саласында қолданылатын тәсілдер жүйесі; сол жүйе туралы ілім, әдістің жалпы теориясы, теорияның жүзеге асуы.

Таным мен практиканың тарихы, оның қазіргі жағдайы кез келген әдіс пен принциптер жүйесінің теориялық және практикалық мәселелерді шешуге нәтижелі көмектеспейтінін көрсетті. Сондықтан зерттеу нәтижелері ғана емес, оған жеткізетін жол да шынайы болуы тиіс.

Әдістің (метод) басты қызметіне таным процесінің ішкі ұйымы мен оны реттеу немесе қайсібір нысанды практикада жүзеге асыру жатады. Сондықтан әдіс (қайсібір түрлерінде) белгілі бір ереже, тәсіл, таным нормалары және оны іске асырудың жиынтығына тіреледі. Демек белгілі бір нәтижеге жетуге бағытталған талап, принцип, т.б-дың жүйесі.

Ол ізденісті реттейді, күш пен уақытты үнемдейді әрі мақсатқа жетудің қысқа жолын көрсетеді. Шынайы әдіс компас секілді, таным субъектісі және іс-әрекет үшін жол салады, қателіктерден сақтандырады. Философ Ф.Бэкон әдісті қараңғыда жол сілтейтін шамшырақпен салыстыра отырып, танымның құралы – индукция  методы деп есептеді. Яғни ол ғылымнан эмпирикалық талдау, бақылау және экспериментті қалады. Соның негізінде себеп пен заңды тануға болады деді. Эмпирикалық деңгейдегі алғашқы бақылауға теориялық талдаудың жүйелі-құрылымдық әдістемесі де жатады (білім дамуының белгілі бір деңгейі, ғылыми фактілерді жинақтау, зерттеу нысаны туралы түсініктердің жиналуы, т.б.).

Эмпирикалық немесе тәжірибелілік өз кезегінде сынақ пен тексеру арқылы іске асады. Және тексеру екі түрлі болуы мүмкін: тәжірибе арқылы сынау (онымен тәжірибелік /эксперимент/ ғылым айналысады) және салыстыру арқылы сынау (бұл салыстырмалы /компаративті/ ғылым аясына кіреді). Негізінен салыстыру да, тәжірибе де бір принципте жұмыс істейді. Яғни дескрипті мәліметтерді арнайы сараптамалық құралдар арқылы жүйелі және методикалық сәйкестендіру.

Р.Декарт әдісті (метод) өтіріктен шынайыны ажыратуға көмектесетін «нақты да қарапайым ереже» деп түсіндірді. Әсіресе дедуктивті-рационалды әдіссіз қайсібір шынайылықты іздеудің өзі қажетсіз дейді философ.

Әрбір әдіс белгілі бір теория негізінде жасалатыны сөзсіз. Әдістің тиімділігі, күші теорияның мазмұны, тереңдігі, іргелілігімен байланысты. Әдіс ғылымның әрі қарай дамуына, теориялық білімнің жүйеленуіне, оның практикада іске асуына себеп болады. Демек, теория мен әдіс бір-бірінсіз болмайды,  сол секілді бір нәрсе де емес. Олар бір-біріне әсер ете отырып, теория өмірді бейнелейді де ал әдіс зерттеулер арқылы теорияға қайта оралады. Демек, әдіс – практикада іс-әрекетке айналған теория.

Ғылыми әдіс бірнеше топтарға бөлінеді. Ғылыми таным процесінде қолданылуы мен рөліне қарай әдістер формальды, мазмұнды, эмпирикалық және теориялық, іргелі және қолданбалы, зерттеу әдісі және мазмұндау, т.б. болып бөлінеді.

Ғылыми зерттелмек нысандардың мазмұнына орай қолданылатын әдістер жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық деп бөлінеді. Өз кезегінде жаратылыстану ғылымы әдістері өлі табиғат және тірі табиғат, т.б. әдістерге бөлінеді. Сонымен қатар сандық және сапалық, детерминистік және ықтималдылық, тікелей және жанама, түпнұсқалық және туынды, т.б. әдістер деген де бар.

Ғылыми әдіс белгілеріне көбінесе объективтілік, қайта жаңғыру, эвристикалық, қажеттілік, нақтылық, т.б. жатады. Қазіргі білімде методологиялық білімнің көпсатылы концепциясы нәтижелі қызмет етуде. Бұл жағынан ғылыми танымның барлық әдістерін төмендегідей басты топтарға бөлуге болады:

Философиялық әдіс, оның ең ежелгісіне диалектикалық және метафизикалық әдістер жатады. Әрине әрбір философиялық концепцияның ой-қабілетін көрсететін методологиялық қызмет түрлері бар. Сондықтан философиялық әдіс осы екі атаумен шектелмейді. Оған сараптамалық, интиутивтілік, феноменологиялық, герменевтикалық, т.б. кіреді.

Жалпығылымилық және зерттеу әдісі, ол арнайы ғылымның философиясы мен теориялық-методологиялық жағдайында өзіндік «аралық» методологиялық рөл атқарады.  Жалпығылымилық түсініктерге, негізінен, «ақпарат», «үлгілік», «құрылымдық», «функциялық», «жүйелік», «элементтік», «оптималдық», «ықтималдылық», т.б. жатады. Жалпығылымилық принциптер мен жағдайларға жүйелілік, құрылымды-функциональды, кибернетикалық, ықтималдылық, үлгілік, формальды, т.б. кіреді. Соңғы уақытта жалпығылымилық синергетика, яғни өзін-өзі ұйымдастыру және ашық тұтас жүйелер – табиғаттық, әлеуметтік, когнитивтік (танымдық) пәндер дамуда.

Синергетикада «тәртіп», «хаос», «түзу емес», «анық болмау», «тұрақсыздық», «диссипативті құрылым», «бифуркация», т.б. түсініктер қатары бар. Синергетикалық түсінік «тұрмыс», «даму», «қалыптасу», «уақыт», «тұтас», «кездейсоқтық», «мүмкіндік», т.б. философиялық категориялармен тығыз байланысты.

Жекеғылымилық әдіс – белгілі бір ғылым саласында қолданылатын таным принциптері, зерттеу тәсілдері мен процедура жиынтығы, яғни механика, физика, химия, биология және әлеуметтік-гуманитарлық ғылым әдістері.

4 Пәндік әдіс – қайсібір ғылым саласына кіретін немесе аралық ғылым шекарасында пайда болатын белгілі бір ғылыми пәнге тән тәсілдер жүйесі. Іргелі ғылымның өзіне тән айрықша пәні әрі өзіндік зерттеу әдісі бар тәсілдердің жүйесі.

Пәнаралық зерттеу әдісі – пәнаралық синтетикалық, интегративтік тәсілдер (әртүрлі методологиялық деңгейдің үйлесу нәтижесі) жиынтығы. Ол кешенді ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыруда қолданылады.

Сонымен методология термині гректің «методос» және «логос» деген сөзінен шығып, «таным жолдары» деген мағынаны береді екен.  Ғылымда методология көп мағынаға ие. Танымның әдістері туралы ілім және ғылыми зерттеу тәсілдерінің жиынтығы. Демек, ол – күрделі де динамикалы, тұтас келетін, тәсілдерінің субординарлық жүйесі бар, түрлі деңгейлік принциптерге сүйенген, қызмет ету аясы, бағыт, эвристикалық мүмкіндіктері, мазмұны, құрылымы, т.б. екен.

Ал негізгі тақырыбымыз – тарихтың методологиясы қандай?

Методологияны «тарихи танымның теориясы» деп түсіндіруге де болады. Бірақ бұндай жағдайда ғалымның зерттеушілік қызметі тасада қалады.Сондықтан зерттеу нәтижесі ғана емес, сонымен бірге оған жеткізер жол да шынайы болуы керек. Ия, теориялық біліммен ғана қаруланған ғалым нақты фактілерді сараптауда әлеуметтік процестің жалпы және нақты-тарихи заңдылықтарын ашады. Ол деректерді зерттейді, ондағы әлеуметтік ақпараттарды алады, өткенді қалпына келтіреді, фактілер мен оқиғаларға объективті баға береді. Бұл жерде теория мен әдістің, зерттеудегі әдіс пен концепция, ғылыми танымдағы методологияның маңызындағы бірлікті айту қажет. Ол әлеуметтік танымның жалпы теориясы дамуының алғышарты әрі нақты тарихтың тереңірек зерттелуіне жағдай жасайды. Демек, тарихшының шығармашылық зертханасы үшін методологияның құны айрықша деуге болады. Сонымен тарихтың методологиясы ғылыми талдау талаптарынан әрі нақты шындықты танудың құралы ретінде жалпы теориялық, көзқарастық жағдайлардың жүйесі арқылы анықталады. Демек, тарихтың методологиясы бәрінен бұрын ғалымның таным принциптері, ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолданатын белгілі бір көзқарастық теориялық жағдайлардың (заң, түсінік, қорытынды) мақмұны. Бұл жағдайда зерттеуші өзінің практикасында методологияға сүйене отырып мынадай әдістер кешеніне сүйенеді: 1) таным мазмұнын сипаттайтын көзқарастық жағдайлар мен теориялық прициптер; 2) зерттелмек пәннің ерекшелігіне сәйкес әдістемелік тәсілдер; 3) ғылыми зерттеу нәтижесіне жету жолдары мен тәсілдері. Демек, әдіс арқылы теория және әдістеме, зерттеу техникасының анық бір өзара байланысы көрінеді.

Тағы бір айта кетуге болар жайт, ол әдебиетте кездесетін «әдіс» («метод») терминінің «әдістемеліктің» («методология») синонимі ретінде берілуі. Бірақ олардың бірлігімен қатар айырмашылықтары да бар екенін ескеру қажет. Методология әдістен (метод) кеңірек, оны үш деңгейлі білім – философиялық, ғылыми-теориялық және эмпирикалық ілім деуге болады. Сондықтан методологияны әдістен ажырату, нақты әдіс немесе әлеуметтік ақпаратты (мысалы, сипаттау, сандық, т.б.) берудегі айырмашылықтарды білу керек. Бұлайша араластырып жіберу тарихи танымның көзқарастық аспектілерін толық ашпаған болар еді. Тарих методологиясы, әрине, әдістерден немесе зерттеудің техникалық тәсілдерінен алыстамайды; ол онымен нақты, эмпирикалық негізде айналысады. Тарих методологиясы тұрғысынан белгілі бір құбылысты зерттеуде нақты-тарихи талдауға, тарихнама және дерекнамаға сүйенетін көзқарастық, теориялық жағдайлар маңызды болып табылады.

Методология түсінігі мен мәселесін жалпы қарастыра отырып, тағы бір гуманитарлық ғылымда пәндік маңызды орны бар «аралық», яғни әлеуметтік шындықты тарихи және көркем бейнелеу тепе-теңдігі мәселесін айтып өтуге болады. Тарих ғылымы методологиясы тұрғысынан бір аспектіні – тарихи процесс пен танымдағы көркем кейіпкер қызметін бөліп көрсету дұрысырақ болады. Бұл аспектінің шындығы көркем шығармашылықтың мәдениеттің, ал ол өз кезегінде жалпы тарихи процестің бөлшенбес бір бөлшегі болуында. Тарих ғылым ретінде өнермен де тығыз байланыста. Екеуі де танымда айрықша қызмет атқарады. Егер де, бір жағынан, тарих ғылымы үшін көркем кейіпкердің маңызы зор болса, екінші жағынан, өнер адам тәжірибесін түсіндіруде тарихи материалсыз болмайды. «Ешкім ешқашан өнердің бұл қызметін ауыстыра алмайды. Әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, мүсін, театр, кино жеке өмірлік тәжірибені тамаша байытады, – деп жазды М.В.Нечкина. – Егер бұл функцияны тарихи процестен алып тастасақ, бір адамның тәжірибесі ол тұратын көшенің аумағына дейін кішірейіп кетеді. Егер адам өз басында өзі жинаған барлық өмірлік тәжірибесін қаншама ұстап тұруға тырысса да оған дейінгі жиналған ұрпақтардың тәжірибесізінсіз оның жүрегінен жүздеген моралдық мәселе, адам сезімінің толағай терең теңізі жоғалып кетеді. Демек, қазіргі адамның тарихи қимылы оның адамзаттың жинаған тарихи құндылықтарын бойына сіңіруімен ерекшеленеді». Яғни бұл мәселенің ғылымда қалыптасқан дәстүрі бар. «Аннал» мектебінің негізін қалаушылардың бірі, француздық тарихшы Марк Блок өзінің «Апология истории, или Ремесло историка» еңбегін «Әке, түсіндірші! Тарих не үшін қажет?» деген баланың сұрағынан бастайды да тағы былай деп жазады: «Тарих – ғылым ба, әлде өнер ме? Бұл туралы біздің аталарымыз 1800 жылы маңыздана отырып әңгімелейтін. Кейін 1890-жылдары қайсібір жабайы позитивизмге бойлай енген мамандар әдіс мәселесінде таласа отырып, оқырмандардың тарихи еңбектерді оқи отырып өздері түр деп түсінетін нәрсеге қатты бой алдыратыны айтып өкінді», – деп жазды. Яғни бұл сұраққа жауап әлі ізделуде әрі ізделе береді де. Николай Доризо деген ақынның:

деп жазғанындай, тарих – тек ғылыми трактаттар емес, ол адамзаттың тіршілікпен органикалық байланысы, яғни оның әлеуметтік жады. Қоғамдық процестегі сабақтастықты аша отырып, тарих өткенді тану арқылы бүгінгіні түсінеді әрі белгілі бір сипатта келешекті болжайды. Жадынан айырылған адамның қоғамда жұмыс істеп, өмір сүре алмайтыны секілді өз тарихынан алыс қалған қоғам да алға жылжып, дами алмайды.

Тарих қалай жазылуы керек, өткеніміз туралы ой толғаушының да, айтушының да еркіндігі қаншалықты әрі оның шынайылығы қай дәрежеде – бұл сұрақтар әрқашан тарихи шығармалардың авторларын да, олардың оқырмандарын да қызықтыратыны күмәнсыз. Демек, бұл сұрақ күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Негізінде тарихи білім немесе тарихилық (историзм) Еуропада ХҮІІ ғасырда Галилей мен Декарттан басталды да ал ғылыми тарих білімі ХҮІІІ – ХХ ғасырларда қалыптасты әрі ол қазірге дейін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі ғылыми тарих білімі ХҮІІІ ғасырда, яғни Ағарту дәуірінде бекіді және тарихи факт объективті және құнды, тарихи түсінік сол ХҮІІІ ғасырдан басталады деген «көзқарас» бүгінгі күндері де өз жалғасын табуда.

Қазіргі заман немесе модерн дегеніміз адамның өзін-өзі теңестіретін тарихи кеңістік, ал постмодерн мета әңгімеге (метанарратив), яғни тарихшылар ұсынатын тұтас тарихи білімге сенбестігімен ерекшеленеді. Тарих теориясына ғылыми принциптер негізінде орындалып, ұғынылған тқтас тарихи процесс жатады. Біріншіден, тарихи процесс теориясына қарағанда мета әңгіме ұғымы кеңірек. Кез келген тарихи теория бұл мета әңгіме, бірақ кез келген мета әңгіме теория емес. Екіншіден, қарапайым тариғи түсінік теориямен күрделі қарым-қатынасқа түседі: әрбір кәсіби тарихшы немесе философ – теория жасаушы – өз заманының адамы, яғни заманына тән қарапайым тарихи түсініктен алыс кетпейді. Тағы бір жағы ғылыми білім кем дегенде мектеп оқулығы болса да көпшіліктің тарихи санасына ықпал етеді. Демек, кез келген тарихи зерттеудің (оның ішінде өзіңдікі де) теориялық негізін ұғыну үшін тарихи метаәңгіменің эпистемологиялық сараптамасын жүргізуді үйрену керек. Дерекнамалық негізде метаәңгіменің дағдарысынан шығудың қайсібір тәсілдерін меңгере отырып, бұл әдістің салыстырмалы-тарихи зерттеулердегі мүмкіндіктерін ұсыну қажет.

Алексис де Токвиль (Франция) салыстыру адам ой қабілетінің қажетті компоненті дейді. Сонымен бірге кез келген гуманитарлық және жаратылыстану танымдық жүйенің де методологиялық ұйытқысы – салыстыру (компаратитвті талдау) екенін айта кету қажет. Қазіргі күні зерттеу бағдарламаларында статистикалық әдіс те танымал. Нәтижелі зерттеу стратегиясына статистикалық талдау мен нақты оқиғаны зерттеудің әдістерін бірдей қолдана білу тән.

Ғылыми жұмыс барысы автордан қалыптасқан тәсілдерді қажет ететін бірнеше базалық кезеңдерден тұрады. Автор жұмысының компьютер тілімен айтқанда алгоритміне тоқталсақ ол мынадай

• болашақ кітаптың «сұлбасы», бөлімдер атауы, сюжеті жасалады
• ақпарат, фактілік материалдар жинау
• жинақталған материалдарды оған дейін жасалған сызба бойынша өңдеу
• мәтінді автордың және баспаның қойған мақсатына сәйкес безендіру

Міне, осы әртүрлі кезеңдерді бір процеске біріктіретін құрал – компьютер. Сондықтан жаңа ақпараттық технологияны ғылыми жұмыстарға пайдалану өте маңызды болып табылады. Көпфункционалды мәтін процессор – Word-ты, оған қосымша иллюстрацияларға арнаулы Adobe PageMaker немесе QuarkXPress бағдарламаларын, сонымен бірге жарияланған мақалалар мен кітаптарды пайдалану үшін сканер қолданылады.

Сонымен қатар қазіргі күнгі ғылыми-зерттеу және білімде ақпараттық технологияны пайдаланудағы басты мақсат − болашақ оқытушылар мен зерттеушілердің жалпы ақпараттық білімі мен ақпараттық мәдениетін тереңдету, автоматтандырылған талдаулар мен ғылыми мәліметтерді жүйелеуге бағытталған әдістер мен құралдарды меңгерту, дәстүрлі («журналдық») және электрондық ғылыми жарияланымдар мен тұсаукесерлерді дайындауға үйрету, Internet ғылыми-білім қорларын күнделікті кәсіби қызметтеріне пайдалана білу, т.б.

Интерактивті тақта (Interactive whiteboard) – компьютер мен проекторы бар үлкен сенсорлы экран. Компьютердің жұмыс үстелінен проектор көмегі арқылы интерактивті тақтада бейнелер көрсетіледі. Бұл жағдайда тақта экран секілді қабылданады. Проекциялау арқылы тақтадағы бейнелермен жұмыс істеуге болады, өзгерістер енгізіп, белгілерді көрсетуге мүмкіндік бар. Барлық өзгерістер компьютерге файлдарға жазылады, яғни олар сақталады әрі кейін редакцияланып, алып жүруге де жарайды. Демек, электронды тақта ақпарат енгізудің құрылымы рөлін атқарады. Тақтаны арнайы стилус, сонымен қатар саусақты тигізу арқылы басқаруға болады. Тақта мен компьютердің жұмысы екі жақты да, ал интерактивті тақта үшін саусақ немесе қаламсап (стилус, қаламсап) компьютерлік mouse болады. Қазіргі күні интерактивті тақта сабақты компьютерлік қолдау үшін мектептерде, тренинг-орталықтарда, келіссөз бөлмелерінде пайдаланылады. Интерактивті тақтамен жұмыста проектор документ-камералармен де ауыстырыла береді.

Оқытудың белсенді түрлері – білім, білік және тәсіл, т.б. меңгере отырып, өндіріс орындары мен ұйымдарда маңызды шешімдерді қабылдай білуге үйретуде кейс-әдістің (case study) де рөлі ерекше. Теориялық білім мен тәжірибені ұштастыруда кейс-әдісті пайдалану оқытудың сапасын да көтереді. Жағдайды топтарда талдай білу командалық жұмыс стилін қалыптастырады.

Сонымен бірге кейс-талдау әдісі мәселені талдау әрі оған диагностика қою, өз позициясын анық та сенімді жеткізу, пікірталастарға қатыса білу, ақпаратты қабылдап, оған баға беру секілді кәсібилік біліктіліктерді жетілдіреді. Кей жағдайда бұл әдіс жеке адамның қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Әрі адамның өзіне-өзі сенімділігін арттырып, артық қорқынышты немесе тым өзімшілдікті жоюға көмектеседі.



2 Тақырып: Номадизма феномені Қазақстанның тарихында.

Тарихи таным аясындағы көшпенділік феномені

Жоспары. Тарихи танымның формациялық және өркениеттік парадигмалары ауқымындағы номадизм

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің діңгегі, ұлттың тарихи өзіндік санасының өзегі- көшпенділік құбылысы- философия мен ғылыми әдіснамадағы басы ашылмаған «ақтаңдақтардың» бірі. Күні кешеге дейін әлеуметтік болмысты талдаудың жалғыз лайықты тәсілдері деп есептеліп келген әмбебап еуроорталықтық әдістер көшпенділік өркениетті назардан тыс қалдырды, «әдіснамалық нәсілшілдіктің» салдарынан оны зерттеу аймағынан алып тастады. Тек соңғы ХХ ғасыр бойы еуропалық рационалистік дүниетанымның тығырыққа ке- луі барысында, сондай-ақ шығыс халықтарының «мәдени импе- риализммен» күресі барысында ғана «эндогендік дамудың» өрке- ниеттік түбірлері зерттеу жұмыстарының тақырыптарына айнал- ды. Осыған сай, ғылым мен философияда үстемдік етіп отырған әмбебап екі әдіснаманың – дәурені өтіп бара жатқан формациялық парадигма мен жалпы ортақ теориясы болмаса да, белгілі бір қоғам мәдениетінің барлық формалары мен руханилығының негізін құрайтын субстанциясы өркениет түрінде мойындалған өркениеттік парадигманы қарастырудың, бұл екі әдіснама аясында көшпенділік құбылысының талдануын сипаттаудың реті келіп тұр. Біз алдыңғы тараудағы тақырыпты талдау барысында мына нәрсені аңғардық: тарихты рухани игерудің адамзат жинақтаған тәжірибесі өзінің дүниетанымдық және әдіснамалық ұстаным- дарының алуан түрлілігіне қарамастан, кейбір ортақ белгілерді байқатады. Біріншіден, тарих нақты кеңістік пен уақытта жүзеге асатын үдеріс ретінде қарастырылады. Оның бірқатар себептері бола- ды және олар зайырлы немесе діни формаларына қарамастан тарихтың қозғалысын және оның бағытын анықтайтын факторлар деп есептеледі. Екіншіден, әртүрлі елдер мен халықтардың, өр- кениеттер мен нақты ұлттық қоғамдардың тағдырлары мен жолда- рын пайымдаудың алғашқы кезеңдерінен бастап-ақ тарихи үдерістің біртұтастығын, әрбір халықтың, әрбір өркениеттің ерекшелігі мен өзгешелігін қалай түсінуіне байланысты мәселелер туындайды. Бір ойшылдар үшін адамзат тарихының ішкі бірлігі болса, басқалары бұл қағидамен келіспейді. Үшіншіден, көптеген ілімдерде тарих айқын немесе жасырын түрде телеологиялық (мақсатты) сипатта көрініс табады. Дінде бұл хилиастикалық эсхатология (адамзат тарихының ақырғы заманы туралы ілім) түрінде білінсе, ал материалистік философияда бұл – тағдыры адамзатты міндетті түрде жарқын болашаққа немесе әлемдік катаклизмдерге әкелетін қоғамдық даму заңдылығының автоматизмі. Төртінші ортақ мәселе тарихтың қозғалу сипатына үңілуден туындайды. Бұл тұста да өзіндік дихотомия – тарихтың линиялық немесе циклдік қозғалысы туралы екі түрлі көзқарас пайда болды. Бесіншіден, тарих дамудың белгілі бір кезеңдерінен (дәуірлері- нен, замандарынан және т.б.) өтетін үдеріс ретінде ұғынылады. Бір ойшылдар мұны тірі ағзаның өсіп-өнуімен (балалық шағы, жастық, ересектік, қарттық) салыстырса, өзгелері дамудың ерекшелігі ретіндегі кезеңдерге бөлудің негізіне адамдар болмысының қандай да бір элементтері мен қырларын (дін мен мәдениет секілді рухани қырларын немесе еңбек құралдары мен меншік түрлері тәрізді материалдық қырларын) алады. Ақырында, тарих қашанда әлеуметтік-мәдени факторлардың күшті ықпалымен пайымдала- ды. Әдетте ойшылдардың ұлттық-мемлекеттік, әлеуметтік-таптық және мәдени-өркениеттік бағдарлары алдыңғы орынға шығады. Жалпыадамзаттық бастаудың арнайы (ұлттық, әлеуметтік және т.б.) формасы бар екенін естен шығармау керек. Ойшылдардың жеке тұлғалық өзгешеліктерін де ескеру қажет. Осыларды түйіндей отырып, тұтастай алғанда, бүгінгі күнгі тарихи танымдағы екі парадигманы, екі әдіснамалық тәсілді ай- қындауға болады. Олардың біріншісі монистикалық, ал екіншісі өркениеттік немесе плюралистік деп аталуға лайықты. Монисти- калық тәсілдің шеңберінде екі тұжырымдаманы – маркстік формациялық тұжырымдаманы және постиндустриалдық қоғам теория- сын атап өтуге болады. Маркстік тұжырымдама қоғамдық дамудың негізгі детерминан-ты ретінде өндіріс тәсілін алады және соның негізінде белгілі бір кезең- дерді немесе формацияларды (мұның формациялық тұжырымдама деп аталуы да сондықтан) бөліп алады; постиндустриалдық қоғам тұжырымдамасы болса, ол негізгі детерминант ретінде техникалық факторды ұсынады және қоғамның тарихи үш типін атап көрсетеді: дәстүрлі, индустриалды, постиндустриалды (ақпараттық немесе те- лекоммуникациялық, технотрондық, биотехнологиялық, нанотехно- логиялық және т.б. деп те аталады) қоғамдар. Өркениеттік тәсілдің түбірінде әрқилы негіздерге құрылған көп- теген тұжырымдамалар жатады, сондықтан да оны плюралистік деп атаймыз. Формациялық парадигманың негізгі идеясы адам- зат тарихының бірлігі мен оның кезеңдік даму түріндегі прогресі болса, ал бұл парадигма адамзат тарихының бірлігін және оның прогрессивті дамуын теріске шығарады. Осы өркениеттік тәсіл бойынша, бір-бірімен байланысы шамалы немесе мүлдем жоқ көптеген тарихи бірліктер (өркениеттер) болады, бұл түзілімдердің әрқайсысы өзінше құнды және сондықтан өзара тең. Олар өздерінше қалай төлтума болса, тарихтары да сондай ерекше. Адамзаттың даму тарихына қатысты діни (теологиялық), жаратылыстық-ғылыми (маркстік әдебиеттерде ол көбіне натура- листік деп аталады), ғылыми-техникалық (техникалық-детер- минациялық), мәдени-тарихи (өркениеттік) және әлеуметтік-эко- номикалық (формациялық) сияқты негізгі әмбебап тұжырымда- малардың ішінде соңғы екі тәсіл ғылымда алдыңғы орынға шықты және тарихты түсінудегі маркстік монизм мен батыстық плюра- лизмнен тұратын бұл өзіндік дихотомия зерттеуші-ғалымдар арасындағы қызу пікірталастың өзегіне айналды Алдымен, осы бірінші тұжырымдаманың мәніне үңіліп көрейік. Қоғам мен оның тарихи дамуы туралы К. Маркстің ілімі «тарихи ма- териализм» деп те аталады. Бұл ілімнің негізгі түсініктері – қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана, материалдық өндіріс тәсілі, базис пен қондырғы, қоғамдық-экономикалық формация, әлеуметтік рево- люция. Қоғам барлық элементтері өзара байланысты және иерар- хиялық (сатылық) қатынаста болатын тұтас жүйені білдіреді. Қоғам- ның іргетасы немесе қоғамдық өмірдің негізін материалдық өндіріс тәсілі құрайды. Ол «жалпы өмірдің әлеуметтік, саяси және рухани үдерістерінің алдын алады. Адамдардың болмысын олардың сана- сы анықтамайды, керісінше, қоғамдық болмысы олардың санасын анықтайды» Өндіріс тәсілі құрылымында өндіргіш күштер және, ең алды- мен өндіріс құралдары (техника) басты мәнге ие болады. Қоғамдық өмірдің басқа салаларына (саясатқа, құқыққа, моральға және т.б.) олардың ықпалы өндірістік қатынастармен сипатталады. Ал өндірістік қатынастардың жиынтығын нақты базис, қоғам-ның экономикалық құрылымы және олардың үстіндегі олардың әрқайсысына қоғамдық сананың белгілі бір формалары сәйкес келетін құқықтық және сая- си қондырғылар құрайды. Өз кезегінде қондырғы да (саясат, құқық және т.б.) базиске белсенді кері әсерін тигізеді. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы қайшылықтар дамудың не- гізгі көзі болып табылады және олар ақырында әлеуметтік рево- люция формасындағы қоғам өмірінің ерекше жағдайына әкеледі. Адамзаттың тарихы табиғи, яғни адамзат санасынан тыс жүзеге аса- тын қоғамдық-экономикалық формациялардың алмасу үдерісі болып табылады. Ол қарапайым, төменгі формалардан анағұрлым дамыған, күрделі, мазмұнды формаларға қарай өтеді. «Жалпы белгілеріндегі азиаттық, антикалық, феодалдық және қазіргі буржуазиялық өндіріс тәсілдерін экономикалық формацияның прогрессивті дәуірлері деп анықтауға болады. Буржуазиялық өндірістік қатынастар өндірістің қоғамдық үдерісінің соңғы антагонистік формасы болып табыла- ды. Сондықтан буржуазиялық қоғамдық формациямен адамзат қауымдастығының алғы тарихы аяқталады».. Орыс философы А. Панариннің айтуынша, «Маркс жалпы жә- не тұтас алғанда, тарих туралы өз заманының ауқымды түсініктерінің (мысалы, Гегельдің философиясының әлемдік тарих тікелей біртұтастықпен сипатталады, онда жалпы заңдар әрекет етеді, онда белгілі бір даму бағыты болады және т.б. тұжырымдарының) шеңберінде қалды. Бұл көзқарастарды оның басқа әдіснамалық (басқаша айтқанда, материалистік) негізде қайта пайымдағаны түсінікті, бірақ, тұтас алғанда, қайталап айтайық, ол өз ғасырының ұлы болып қалды. Және де, әрине, жаhандық көріпкелдікке бой ұрудан да құтыла алмады: капиталистік формациядан кейін коммунистік формация (социализм оның тек бастапқы кезеңі) деп есептеді. Коммунизм, осылайша, тарихтың жоғарғы мақсаты, адамзаттың алтын ғасыры болып саналды» [82, Осы ойдан шыға отырып, марксизмді ғылыми қауымдастыққа (ғалымдардың, мамандардың, әлеуметтанушылардың қауымына) арналған ғылыми теория ретінде де, қалың бұқараға, олардың ақылы мен жүрегін жаулап алуға арналған идеологиялық ілім (тіпті дін) ретінде де қарастыруға болады. Және мұның соңғысында тео- риядан гөрі сенімнің басымдылығын аңғару қиын емес. Бірінші жағдайда Маркс ғалым ретінде көрінсе, екіншісінде жалынды идео- лог, уағызшы ретінде көрінеді. Осы орайда тарихтың мәнін түсіну- дегі яhудилік рухтың тағдырына терең тоқталған орыс ойшылы Н. Бердяевтің мына бір сөзі ойға оралады: «Бітім-болмысы мейлінше еврейлік болып табылатын К. Маркс тарихтың кейінгі сәтінде сол баяғы інжілдік тақырыптың шешімін табуға тырысады: маңдай теріңмен наныңды тап. Жер бетіндегі игілікті еврейлерше талап ету К. Маркстің социализмінде жаңа формада және мүлдем өзге тарихи жағдайда көрініс тапты. Маркстің ілімі яhудилердің діни дәстүрінен сырттай ажырайды және кез келген әулиелікке қарсы шығады. Бірақ Құдайдың таңдаған халқы ретінде еврей халқына таралған мессиандық идеяны К. Маркс тапқа, пролетариатқа ауы- стырады... ендігі жаңа Израиль жұмысшы табы, құдайдың таңдаған халқы ретінде ол әлемді азат етіп, құтқаруы тиіс».. Уақыт өте келе Маркстің ілімі әлемге кеңінен таралды. Жаңа дін ретінде ол әр алуан елдердегі адамдардың жүрегін жаулап алды. 1917 жылы Ресей империясында қазан төңкерісінің жеңісінен кейін және 1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан кейін маркстік ілім социалистік бағдар ұстанған көптеген елдердің ресми идеологиясына айналғаны мәлім және ол капиталистік батыстық әлемге қарсы идеологиялық құрал ретінде пайдаланылды. Кеңестер Одағы құрамындағы біздің еліміз де осы маркстік-лениндік үстем идеологияның құрсауында болды. Кеңес дәуірі тұсында маркстік- лениндік рухтағы ілімнің тек қоғамдық-саяси өмірдегі идеологияның негізгі құралы болып қана қоймай, бүкіл жаратылыстанымдық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың әдіснамалық негізі болғаны да белгілі. Сондай-ақ ол өмірдің барлық дүниетанымдық қырларын, оның ішінде тарихи дамуды да түсіндіріп беретін бірден-бір дұрыс әмбебап ілім рөліне ұмтылды. Рухани саланың кеңестік дәуірге тән ерекшеліктеріне орай сол заманғы адам ментальдылығында үстемдік еткен бұл ілімнің өзіндік орнын жоққа шығаруға болмайды. Екі ғасырдан артық бодандық бұғауын басынан өткізген еліміз енді ғана өзіне тән төл мәдениетін жандандыра отырып, жалпы әлемдік өркениеттік қауымдастық құрамына ену мүмкіндігіне ие болған тұста ұлтымыздың тарихи-мәдени дамуының кеңестік кезеңі оның ажырамас бөлігі екендігін ескерген жөн. «Коммунистік бағыт» тығырыққа тірейтін жол еді, дегенмен белгілі философ Ә. Нысанбаевтың айтуынша, «КСРО өмір сүруінің жекелеген кезеңдерінде коммунистік ұлттық идеяның пайдалы әрекет коэффициенті өте жоғары болды. Адамзат тарихында ең әділ қоғам орнатуға деген құлшыныс кез келген басқа ойлаушылықты жаныштаумен еселеніп, кеңес халқының ең қалың бұқарасында коммунистік аңыз туындатқан ұғымдардың тұрақтылығын қамта- масыз етті. Осы ұғымдар ұзақ жылдар бойы, тоталитарлық идео- логияның күйреуі байқала бастаған 1970-жылдардың соңына дейін кеңес адамдарының бірнеше ұрпағының ой-санасын билеген «коммунистік идея» дейтін түрдегі кеңестік ұлттық идеяның бейне- сін құрады» Тарихты түсіндірудің Маркс ұсынған формациялық парадигма- сына деген сыни көзқарас оның көзінің тірісінде-ақ басталған еді. Бастапқыда оның апологеттері көрінген көптеген ойшыл- дар кейінірек уақыт өте келе, оның ілімінің шектеулілігіне көздері жетіп, одан көңілдері қалды. Бірақ кеңестік биліктің тоталитарлық жағдайында оған қарсы сын айту келешек тағдырыңа өзің балта шапқан көзсіз ерлікпен бірдей еді. Сондықтан қоғамтанушылар, ең алдымен тарихшылар тарапынан оған қарсы пікірлер тек қайта құру жылдары, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында ғана бұрқ ете түсті Тоталитарлық жүйенің құлап, бұрыңғы кеңестер елінің қиранды- сында жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өсіп шығуы барысында бұл сын пікірлер күшейе түсті. Алысқа бармай-ақ біздің елімізде кеңес дәуіріндегі жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы бұрмаланып келгені белгілі еді. Көшпелі қоғамға тән әлеуметтік қатынастарға тап күресі таңылды. Көшпелі өркениет алғашқы қа- уымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Әлеуметтік және өркениеттік дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақ халқының мәдени тарихына деген менсінбеушілік көзқарас қалыптастыруға тырысушылық болды. Кәсіби тарихшылар бір тобы тарихқа деген марксшілдік тәсіл- дің негізгі қағидалары тарихи тәжірибенің сынағынан өте алмады, сол себепті оны түбегейлі басқа тәсілмен алмастыру керек деген пікірді ұстанса, екіншілері марксизм философиялық-тарихи теория ретіндегі өзінің маңызын сақтайды, тек формациялық теорияны формациялық редукционизмнен ажырата білу керек дейді. Тарихшы және қоғамтанушы мамандардың формациялық парадигмаға таққан айыптарын былайша топтастыруға болады. Біріншіден, Батыс еуропаның тарихи материалдары негізінде жа- сақталған формациялық теорияның бүкіләлемдік тарихқа көшірілуі негізсіз. Әлемнің көптеген елдері мен аймақтарындағы қоғамдар дамуының нақты үрдістері мен формалары бес формациялық ке- стеге кіріге қоймайды. Мұны Маркстің өзі де сезіп, азиаттық өндіріс тәсілі дегенді ұсынды, бірақ ол мәселені аяғына дейін шеше алма- ды. Қазақ халқының да әлеуметтік-экономикалық тарихы бұл ке- стеге сай келмей, идеологтардың бізді қалайша бір формациядан екіншісін тастап, үшіншісіне «секіртпекші» болғаны естеріңізде болар. Оның үстіне дәстүрлі қазақ қоғамында жерге жеке меншік болды ма деген мәселе үлкен пікірталасқа айналғаны белгілі. Екіншіден, формациялық теория тарихи өмірдің негізгі детерми- нанты ретінде оның тек бір ғана қырын – әлеуметтік-экономикалық қырын алады. Алайда рухани өмір мен мәдениеттің қоғамның ма- териалдық тарихынан, әсіресе, «базис – қондырғысынан» қалайша тәуелді болатынын айқын көрсетіп бере алмайды. «Шындығында, дейді Н. Бердяев, егер экономикалық материализм бүкіл адамзаттық сана экономикалық қатынастардың үстіндегі қондырғы деп есеп- тесе, онда осы экономикалық қатынастардың пассивті бейнесінен үстем тұрған материализмнің жаршыларының, Маркстер мен Энгельстердің өздерінің санасы қайдан шығады? »Үшіншіден, ресейлік мәдениеттанушы А.Я. Гуревичтің пікірінше, формациялық тұжырымдама тарихтың макроәлеуметтанулық тал- дауына ғана бағытталған, ол әлеуметтік-экономикалық зерттеулер- ді адамдардың санасына олардың мәдениетіне сәйкес егілген әлемді қабылдау өзгешеліктері мен діни наным-сенімдерін, ұжым- дық санасын, жүріс-тұрыс қалыбын, құндылықтарын зерттеумен жақындастыратын микроәлеуметтанулық талдауды теріске шыға- рады. Төртіншіден, формациялық парадигма тарихқа бірбағытты, теле- ологиялық сипат, дамудың алдын ала берілген қатаң сабақтастығын береді және бұл дамудың мәні мен мақсаты – қоғамдық өмірдің мұраты ретіндегі коммунизм . Тағы бір ресейлік белгілі тарих философиясын зерттеумен терең айналысқан ғалым М.А. Барг бұған қосымша біршама белгілерді атап өтеді. Формациялық тәсіл барысында қоғамның әлеуметтік құрылымының кескіні барынша жұпыны көрінеді, негізгі антагонист- таптардан өзге барлық әлеуметтік топтар маргиналдық элементтер күйінде ғана көрінеді. Әсіресе таптық қайшылықты қатынастар әлеуметтік құрылымында жеті аталық ұстынды, қандас-туыстық байланысты берік ұстанған дәстүрлі қазақ қоғамына сәйкес келмейді. Сондай-ақ аталмыш тарихи материализм тарихтың қозғалысындағы «көсемдердің», «көшбасшылардың» рөлін мой- ындамайды. Саясаттануда кең танымал бұл «басшылар мен тобыр» теориясындағы кейбір ойларды дана Абайдың шығар- машылығынан да кездестіреміз: «единица болмаса, өңкей нөлің не болмақ», «көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел». Сондай-ақ формациялық тәсіл мемлекеттің рөлін қанаушы таптың саяси үстемдігінің құралына ғана теңгереді. Мемлекеттің басқа маңызды функциялары ескерілмейді. Ақырында аталмыш тұжырымдамада тарихи үдеріс рух атаулыдан мүлдем жұрдай екендігі белгілі. Ол қасиетті атаулының барлығын жойып, жалғыз бастапқы, нақты және шынайы болмыс ретінде материалдық экономикалық өндірісті ғана қалдырды да, бүкіл діни өмір, бүкіл рухани мәдениет, барлық өнер тек қана туынды, тек рефлексия, тек қондырғы ғана болып қалды. Қанша дегенмен формациялық теория тұтастай жүйелі ілімді білдіргендіктен оның мәнін ашу да соншалықты жеңіл, ал өркениеттік тәсілге келер болсақ, мұндағы мәселе анағұрлым күрделі. Өйткені біртұтас өркениеттік теория деген жоқ, оның үстіне «өркениет» (цивилизация латын тілінен аударғанда азаматтылықты білдіреді) терминінің өзі мейлінше көпқырлы. Мысалы, «Философиялық энциклопедиялық сөздікте» оның үш мағынасы келтірілген:  1) мәдениеттің синонимі; 2) материалды және рухани мәдениеттің қоғамдық дамуының сатысы немесе деңгейі; 3) тағылықтан кейін келетін қоғамдық дамудың сатысы Тек соңғы уақыт- тары ғана шетелдік және отандық зерттеуші философтардың еңбектерінде өркениеттің әр алуан тұжырымдамаларын бір қисынды жүйеге келтіруге тырысушылық байқалады. Ғылыми- көпшілік әдебиеттерде «цивилиография» деген атпен жаңа ғы- лым саласын бөліп көрсету ұсынысы да естіліп жатыр [Өр- кениет белгілі бір қоғамның барлық салалары мен аймақтарын көктей өтіп, мәдениеттің барлық формаларына нәр беретін, сол қоғам-ның рухани негізін құрайтын, тұтастықты орнықтырудың белгілі бір тетігін құрайтын субстанция екендігі айқындалды. Бүкіл тұрғылықты халық, мейлі ол қалалық немесе ауылдық болсын, орталықта немесе шеткері аймақта болсын, қай таптың өкілі бол- масын басқалардан ерекше, бірақ өздеріне ортақ әлеуметтік ге- нотип пен стереотипке ие болып, жалпы құндылықтар мен иде- алдарды ұстанады және ол ұзақ уақыт бойы жаңғыртылып, қайта бекітіліп, әлемдік кеңістіктегі өзінің оқшау орнына ие болады. Бұл парадигмаға сәйкес қойылатын осы ортақ талаптардан шыға от- ырып, Ғарифолла Есім ғылымға «қазақстандық өркениет» деген ұғым енгізді. Ол әлемдік өркениет жоқ, ол ұлттық өркениеттерден тұрады, өркениет дегеніміз этностардың өмір сүру тәсілі, демек оның түрлері көп дейді. Әдетте өркениетті елдер деп технологиясы жоғары жетілген елдерді айтсақ, Ғарифолла Есім өркениеттің басты сипаты, оның қайталанбайтындығында дейді. Ал келесі бір өркениеттанушы Е. Омаров «қазақ өркениеті» жөніндегі мәселені көтеріп жүр Қазақ өркениетінің Орталық Азияны қамтитын өзінше дербес оқшау территориясы, ежелгі заманнан руналық төл жазуы, өзен аңғарларында ғылым, қолөнер және т.б. дамыған қала мәдениеті, ортақ менталитеті, мәдениеті мен тарихы бар Дегенмен біртұтас ғылыми теория ретіндегі «өркениеттер теориясы» толығымен қалыптасты деп әзірге айта алмаймыз. Өр- кениеттік тәсілдің өзі ұқсас әдіснамалық қондырғылардың, ұстын- дардың жиынтығы түрінде көрінеді. Осыдан барып солқылдақтық, өлшемдердің бұлдырлығы сияқты бұл әдістің әлсіз тұстары аңғарылады. Ғылымда осы терминнің пайда болған кезінен бастапқы екі жарым ғасырдың ішінде «өркениет» ұғымының эволюциясын тал- дау оның ғылыми категория ретінде қалыптасуының баяу жүріп, әлі де жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Осы мәселені арнайы зерт- теген И.Н. Ионов бұл эволюцияның үш кезеңін бөліп қарастырады Біріншісі XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың орта- сына дейінгі кезді қамтиды және оның көрнекті өкілдеріне М.Ф. Вольтер, А. Фергюссон, А.Р. Тюрго, И.Г. Гердер, Ф. Гизо, Гегель жә- не басқалары жатқызылады. Бұл кезеңде барынша сенімді тарихи оптимизм, өркениет пен прогрес идеяларының жақындасуы (тіпті бірігуі), өркениет үдерісінің линиялық-кезеңдік сипаты үстем бол- ды. «Өркениет» ұғымы тұтас адамзаттықты білдіріп, тек жеке түрде қолданылды және мейлінше бағалаушы бағытта (жабайылық, тағылық, өркениет) болды. Ұлттық-мәдени айырмашылықтар мекен ету ортасына, нәсіліне, мәдени дәстүрлеріне байланысты екінші мәндегі туынды айырмашылықтар деп есептелді. Бұл кезеңде тарихтың ерекше жергілікті мәдениеттердің жиынтығы ретіндегі идеясы (мысалы, неміс ағартушысы И.Г. Гердердің еңбектерінде) бой көрсетті, бірақ ол уақытта сұранысқа ие бола қоймады. Екінші кезеңде (XIX ғасырдың екінші жартысы) тарихи үдеріс теорияларында тарихтың тұтастығы мен байланыстылығы туралы көзқарастар үстем болып қала берді. Ойшылдар оны зерттеудегі логикалық пен тарихилық тәсілдерінің толық өзара сыйымдылығы туралы ұстынды басшылыққа алады. Тарихи синтезге деген ұмтылыс, болмыстың себеп-салдарлық байланысын талдау ба- сым болды. Өркениет теорияларының әлеуметтануландырылуы басты үрдіс болды. Бірақ тарихи оптимизм біршама бәсеңдейді. Бұл кезеңнің өкілдері О. Конт, Г. Спенсер, Г.Т. Бокль, Г. Риккерт, Э.Дюркгейм және т.б. Локальды өркениеттердің көптігі туралы көзқарастар (Н.Я. Данилевский) дами бастайды. Үшінші кезеңде (ХХ ғасыр) тарихтың локальды өркениеттердің – белгілі дәрежеде әлемдік тарих ауқымында өзара әрекетке түсетін және белгілі бір аймақты мекен ететін адамдардың ерекшеліктерінен, нақты әрекеттерінен туындайтын әлеуметтік-мәдени жүйелердің жиынтығы ретіндегі көзқарастар үстемдік ете бастады (О. Шпенглер, А. Тойнби, П. Сорокин және басқалары). Әрқилы мәдениеттердің дүниетанымымен байланысты әрекеттің субъективті мотива- циясын талдау күшейе түсті. Алдыңғы кезеңдерде басым болған тарихтың түсіндіруші ұстыны герменевтикалық (түсіну) ұстынымен алмасты. Тарихи оптимизмнің ізі де қалмады. Зерттеушілер тарих- ты пайымдаудағы рационалдық тәсілден беттері қайтып қалды. Әлемдік өркениет идеясы орталықтан периферияға қарай ал- масып, бұрынғы еуроорталықтық көзқарас сыналды. Тарихтың монистік тұжырымдамасы плюралистік тұжырыммен түбегейлі ал- масады. Бұл кезеңнің өкілдері санатына В. Дильтей, М. Вебер, К. Ясперс, С.Н. Айзенштадт, Ф. Бэгби, М. Блок, Л. Февр, Ф. Бродель және басқалары кіреді. Өркениеттік тәсілдің басты айырмашылығы – қоғам дамуындағы шешуші детерминацияның жоқтығы. Егер формациялық теория материалдық өндіріске басымдық бере отырып, қоғамды талдау- ды «төменнен» бастаса, ал өркениеттік тәсілдің жақтаушылары қоғамды пайымдауды «жоғарыдан», яғни мәдениеттен (діннен, өнерден, адамгершіліктен, құқықтан, саясаттан және т.б.) бастайды. Өркениеттік парадигма көбіне материалдық өмірге мүлдем назар ау- дармайды, қоғам өміріндегі үстем құндылықтар жүйесіне баса назар аударады. Әрбір мәдениетің органикалық тұтастығы, мәдени-тарихи типтердің қайталанбас даралығы идеяларын негіздей отырып, олар еуропацентризмді сынаушылар қатарында болды. Өркениеттік тәсіл социумнің тарихын талдаудың жалпы әдіс- намалық тәсілі ретінде әлі де болса даму, жетілу үстінде. Оның мә- ні қоғамдық-тарихи үдерісті талдауға негізделуі тиіс. Және мұның барысында формациялық тәсілдің жетістіктерін қолдану да қажет, оны есептен мүлдем шығарып тастауға болмайды. Осылайша, формациялық және өркениеттік тәсілдердің араласуы мәселесі пайда болады. Қоғам мен оның тарихын талдауға қатысты форма- циялық тәсілді пайдалану мен сақтау қажеттігі туралы соңғы кездері ғылымда мәселе көтеріліп жүр (Мысалы, Г. Макленнан). Олармен келіспеуге де болмайды, өйткені қарастырылып отырған екі тәсілдің әрқайсысы да өзінше маңызды, әрі өзінше жеткіліксіз. Өркениеттік тәсіл өркениеттік дамудың бір кезеңінен екіншісіне өтудің себептері мен тетіктерін түсіндіріп бере алмайды, ал формациялық тәсілдің шеңберінде Шығыс елдерінің, оның ішінде қазақ қоғамының тари- хын сипаттап беру қиынға соғады. Формациялық теорияның пәні мен қолданылу аясы – адам- дардың санасы мен еркіне бағынбайтын олардың әрекетінің объективті нәтижесі ретіндегі тарих. Ал өркениеттік тәсілдің пәні мен қолданылу ауқымы болса – белгілі бір мәдени аймақ үшін ерекше тән болып келетін белгілі бір құндылықтарға бағдарланған, сана- сы мен еркі бар адамдардың өмірқамының үдерісі ретіндегі тарих. Формациялық теория тарихтың онтологиялық талдауын, яғни терең ішкі, мәндік негіздерін айқындауды білдірсе, өркениеттік тәсіл – бұл негізінен тарихтың феноменологиялық талдануы, яғни халықтар мен елдердің тарихы зерттеушінің назарына ілігетін формаларда сипатталуы. Формациялық талдау – бұл тарихты «тігінен» тіліп өту. Ол адамзаттың қозғалысын әуел бастапқы, қарапайым (төменгі) саты- ларынан немесе формаларынан дамыған күрделіге қарай ашады. Өркениеттік тәсіл, керісінше, – тарихты «көлденеңінен» талдау. Оның пәні – тарихи кеңістік-уақытта қатар өмір сүретін өркениеттер, ерекше, қайталанбас түзілімдер. Егер, мысалы, өркениеттік тәсіл қытайлықтың француздан айырмашылығын атап берсе, ал формациялық әдіс қазіргі қытайдың ортағасырлық феодалдық дәуірдегі қытайдан ерекшелігін айтып береді. Формациялық теория – бұл басым бөлігінде тарихтың әлеу- меттік-экономикалық кесіндісі. Ол тарихты игерудің бастапқы бе- кеті ретінде материалдық өндіріс тәсілін алады және ол түбінде қоғамдық өмірдің барлық өзге салаларын айқындайды. Өркениеттік парадигма мәдениеттанулық факторға басымдылық береді. Оның бастапқы бекеті – мәдениет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар және т.б. Мұнда алдыңғы орынға өмірдің құралдарын өндіру емес, өмірдің өзі шығады.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет