Р. Г. Молдашева аудандық әдістемелік кабинеттің жоғары санатты жаратылыстану пәндері әдіскері



Дата16.01.2020
өлшемі67,91 Kb.
#55970
түріСабақ
Байланысты:
Жас-эколог, өлкетанушы Адаялиев М.Г
Жас-эколог, өлкетанушы Адаялиев М.Г
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің сараптама кеңесінде қаралып, облыс педагогтарына таратуға ұсынылды. Хаттама №1 06.03.2015ж

Құрастырған:

Адаялиев Мирбол Ғибатоллаұлы – Казталов ауданы, Ғ.Бегалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі

Рецензенттер:

Р.Г.Молдашева – аудандық әдістемелік кабинеттің жоғары санатты жаратылыстану пәндері әдіскері

С.И.Мажитова – Қараөзен мектеп-лицейінің жоғары санатты биология пәні мұғалімі

Осы оқу-әдістемелік бағдарлама биология, география пәні мұғалімдеріне, «өлкетану», «экология» үйірмесі жетекшілеріне көмекші құрал ретінде ұсынылады.

Оқушылардың «Кіші Отанына» деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын, танымдық қабілеттерін арттыра отырып, оларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде осы курстың мәні зор.



Мазмұны

  1. Түсінік хат 3



  1. Мақсаты мен міндеттері, бағдарлама ерекшелігі, оқушыға

қойылатын талаптар, күтілетін нәтижелер, пәнаралық байланыс 4

  1. «Жас эколог-өлкетанушы» факультатив курсының бағдарламасы 5-10



  1. «Жас эколог-өлкетанушы» факультатив курсының жоспары 11-13



  1. Қолданылған әдебиеттер 14



  1. Сабақ үлгілері 15-22



Түсінік хат

Жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде экологиялық-өлкетану үйірмелері маңызды роль атқарады. Биылғы жылғы Елбасының халыққа дәстүрлі Жолдауында 2050 жылға дейінгі жарқын болашаққа жету жолдары көрсетілген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының мыңдаған жылдар тарихи тәжірибесінен, Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен қазақстандық жолдан туындаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жария етті. Ендігі жерде барша халық бір мүдде – Тәуелсіздігімізді нығайтып, еліміздің өркендеуіне атсалысуымыз керек. «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы ел дамуының арқаулық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Осы жолда қазақстандық педагогтердің қосар үлестері орасан болмақ. Балалар экологиясы мен туризмі – болашаққа мамандар даярлау, олардың өз өлкесін сүйетін дұрыс қалыптасқан жеке тұлға болуына үлес қосатын тәрбие құралы. Осы факультатив курс 2013-2014 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген оқу бағдарламалары, 2013-2014 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатты басшылыққа ала отырып жасалған.

Бағдарлама авторы: М.Ғ.Адаялиев – Ғ.Бегалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі.

Осы бағдарлама экологиялық-экономикалық білім беру мен оқушыларды кәсіби бағдарлау бойынша оқу-әдістемелік құралдардың республикалық сырттай байқауында 187 жұмыстың ішінен «жеңімпаз» деп танылып, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының қазылар алқасы шешімімен (24.04.14 ж №2) республикалық экологиялық альманахқа енгізіліп, жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне әдістемелік құрал ретінде ұсынылған. Казталов аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кеңесте талқыланып, 2014-15 оқу жылына биология-география пәні мұғалімдеріне факультатив курс ретінде ұсынылды.



Мақсаты

Мектеп оқушыларының өзіндік дамуын, ойлау қабілетін қалыптастырып, шығармашылық және интеллектуальдық мүмкіншілігі арқылы өзін-өзі тәрбиелеу қасиетін ашу. Азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, туған өлкенің табиғатын аялауға, мәдени, рухани мұраларды танып білуге, сақтауға тарту, туған жеріміздегі танымал тұлғаларды дәріптеп, оларды үлгі тұту. Бос уақыттарын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануды көздейді.



Міндеті

Әлеуметтік-педагогикалық: жеке тұлға қалыптастыру, «Кіші Отанына» деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, өзінің туған өлкесі тарихына деген мақтаныш түйсігін, патриотизмді көтеру, мамандық таңдауға баулу (эколог, өлкетанушы, зерттеуші, жазушы, журналист т.б)

Білімділік: өңірдің табиғат байлықтарын қорғау, қала мен жеке адамдар, тарихи тұлғалар туралы білімдерін кеңейту, іздестіру-зерттеу жұмысының негіздерін үйрету, өзіндік қорытынды, түйін жасауға баулу

Танымдық: биогеографиялық ақпараттарды молынан қамту, тарихи дерек көздерімен, мемуарлық, ғылыми-ақпаратық әдебиеттер мен баспа беттерімен жұмыс жасауды меңгерту

Дамытушылық: туған өлкенің экологиясын, тарихын өз бетімен оқуға деген құлшынысын дамыту, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін көтеру, экологиялық жорықтар мен жарыстарға қатысу арқылы шеберліктерін шыңдау.

Бағдарлама ерекшелігі

Бағдарлама экология-өлкетану қызметі – туған өлке арқылы оқушыларға еліміздегі табиғи, рухани байлықтарымызды танып-білуге, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, қоршаған ортаны кең көлемде тануға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламада экология-экономикалық дәрістер, туристік-өлкетану, экологиялық жорықтар, саяхаттар оқушыларды Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде , адамды рухани дамытуда ең пәрменді бағыт екендігі ескерілген. Сондай-ақ үйірме мүшелерін жас ерекшеліктеріне, қабілеттеріне қарай екі топқа бөліп (экологиялық және өлкетану топтары), ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу да көзделген.



Күтілетін нәтиже

  • Туған өлкеміздің табиғатын, тарихын толық сезініп, танып барып өз бетінше оқудың, зерттеудің қажеттілігін білуі, зерттеуді өз бетінше жалғастыруы, танымдық белсенділігінің жоғары деңгейге көтерілуі

  • Патриоттық, азаматтық және интернациональдық біліктілігінің толеранттық мәдени қарым-қатынасқа көтерілуі.

Пәнаралық байланыс: биология, география, экология, тарих, әдебиет.

«Жас эколог-өлкетанушы» факультатив курсының бағдарламасы.

Кіріспе. (2 сағат) Экология және өлкетану тарихы туралы түсінік. «Жас эколог-өлкетанушы» курсының мақсат, міндеттері. Зерттеу әдістері, туристік-өлкетану жұмыстарының маңызы. Өлкетану – Қазақстан ғылымында ХХ ғасырдың аяғында Егемендікпен бірге пайда болған жас пән. Оның мақсаты өскелең ұрпақты азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, туған өлкенің тарихи, мәдени, рухани мұраларын танып білуге, сақтауға тарту. Мектеп оқушыларының өзіндік дамуын, ойлау қабілеттерін шыңдау, интелектуальдық мүмкіндіктерін ашу болып табылады. Жалпы алғанда өлкетану пәні болашақ мамандар, тарих пен өлкетану, жан-жақты дамыған жеке тұлғаның қалыптасуы, мықты тәрбие құралы. Ұлы ағартушылар Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский еңбектерін басшылыққа ала отырып өз өлкесін тану идеясын дамыту. Өлкетану ғылымының «атасы» К.Д.Ушинскийдің жастарды өлкетану арқылы тәрбиелеудегі еңбектерінің құндылықтары. Өлкетануды К.Д.Ушинский неліктен «Отантану» деп атады?

Экология, өлкетану ғылымына еңбек сіңірген адамдар. Қазақтан шыққан алғашқы өлкетанушылар ретінде Ш.Уалиханов пен Ә.Жангелдин аталарымыздың еңбектеріне тоқталу. А.А.Остапец-Свешников, Т.Қ.Жездібаев, С.С.Абдамбаев, С.Р.Ердаулетов т.б ғалымдар еңбектерімен таныстыру.



І бөлім. Экология және өлкетану бастауы. (12 сағат)

Батыс Қазақстан облысының экологиялық жағдайы. (2 сағат) Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған әскери сынақ полигондарының зардаптары. Полигон зардаптарын жоюдың жолдарын көрсетіп шағын шығарма жазу, апат аймақтары туралы ғылыми-зерттеу жұмысы. (Жоба қорғау)

Батыс Қазақстан облысының аудан, ауыл, қалаларындағы экологиялық жағдай. Әрбір ауданға тән экологиялық проблемалар, оларды шешу жолдары. БҚО экологиялық жағдайын білу, полигон зардаптарын жоюдың маңызын ұғыну, т.б.



БҚО әкімшілік-территориялық бөлінісі және халық саны. (4 сағат) Географиялық зерттеулер, ізденіс. Халықтың орналасу ерекшеліктері, тарихы. Облыстағы халықтар достығы, «толеранттық» ұғымы. Облыс табиғатын, өзен-көлдері, қазба байлықтарын, жануарлар дүниесін ажырата білуі. Сарамандық жұмыс №1. Сарамандық тапсырма: экология, өлкетану әдебиеттерін талдау, архив қызметімен танысу. Экологиялық топтағы қызметтік міндеттер. Сарамандық жұмыс №2. Облыстың ауқымы, әкімшілік бөлінісі, географиялық нысандары. Әртүрлі зерттеу әдістерін, талдау, салыстыру, өзіндік байлам жасауға үйрету. Іздестіру-зерттеу жұмыстарына баулу.

Туған өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер – халық қазынасы. (2 сағат) Ұлтымыздың рухани байлығының қайнар көзі – халық шығармашылығын насихаттау. Мәдени қазынаны жасаушылар кімдер дегенде, жаңа буынның өсіп қалыптасуына ерекше ықпал тигізетін ақын, жазушы, композиторлар, суретші т.б өнер шеберлері, олардың қолынан, іс-әрекетінен шыққан рухани байлықтар. Мәдени қазынаның, рухани байлықтың әділ қазысы – халық екендігін ұғындыру. Адам мен Ғалам, Болмыс пен Ақиқат сырын аңдауға талпынып, даналық сырына үңілген дала жұртының ерекше тұрпатты пәлсапасы, сан ғасырлар өтінде өңін тайдырса да, өзегін жандырмай, уақытпен бірге шыңдалып, ұрпақтан-ұрпаққа дарып келеді. Алашқа аты таралған небір өнер саңлақтары мен мәдениет қайраткерлерінің кіндік қаны тамған, табаны тиген қасиетті Орал өңірінің топырағында ұлттық мәдениет пен ұлағатты дәстүрлер жаңара жарасымын табуда. Өлкетану тобындағы қызметтік міндеттер. Байырғы Дешті Қыпшақ заманынан бастап мекендеген мол тарихи қазбалардың көпшілігі әлі терең зерттеуді қажет етеді. Облыс аумағындағы әлі зерттелмеген ескі қорымдар болашақ ұрпақ еншісінде. «Мамай» және «Қособа» археологиялық кешендерінің маңызы туралы зерттеулер жүргізу. Сарамандық жұмыс №3. Өңір тарихы, халқына байланысты зерттеу жұмыстары. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің тізімін жасау. Облыс, аудан, ауыл кітапханасымен байланыс жасау.

Мұражай – халықтардың материалдық және рухани мәдениеті. (2 сағат) Облыс көлеміндегі музейлердің құрылу тарихы, мағынасы мен маңызы. Өлкетану музейлері туралы түсінік. «Экскурсия» сөзінің мағынасын ашу. Экскурсия – жеке тұлғаның уақытша болатын елдегі (жердегі) туристік ресурстарды танымдық мақсатта жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа барып көруі. Музей жәдігерлерімен, аудан мектептеріндегі өлкетану жұмыстарымен танысу «Оралым – көрікті әсем қалам» слайд, «Кім Орал өңірі туралы көп біледі?» ойыны.

Музейдің мазмұны мен жинастыру жұмыстары, ғылыми-зерттеушілік бағыты. «Туған жерді сүю парыз, Сүю үшін, білу парыз» туған жер құндылықтарын жинау апталығы. Сарамандық жұмыс №4. Мектеп музейлеріне экспонаттар жинау, жинау, сақтау әдістері. Сақталу мерзімі. Тарихи-өлкетану, Пушкин, Жәңгір хан т.б мұражайлар туралы деректер беру.



Топонимика ғылымы – жер-су аттары туралы ғылым. (2 сағат) Жергілікті географиялық атаулардың ерекшеліктері. Облысымыздың қазіргі әкімшілік-территориялық шекаралары ХVІ ғасырдың алғашқы жартысында қалыптаса бастаған. 1928 жылы Орал губерниясы таратылып, Орал округі құрылды. Бұл округтің құрамында 15 аудан болған. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ресей империясының әкімшілік – отаршылдық реформасына байланысты қазақ жеріне орыс, украин шаруалары ағыла бастады. Осылайша біздің облыс жеріне Ресейден көпес А.Карев, ағайынды Глухов, Дуков, Хорошкин, Щербаков сияқты қарашекпенділер көшіп келіп, жер алып, егін егіп, күтір салады. «Таскүтір», «Көпкүтір», «Мирон», «Шильная балка» т.б жер атаулары содан қалған. Талов қонысының өзіне де орыстар көптеп келе бастайды. И.Аверьянов, А.Зобнин, Николай, Петр Поповтар, А.П.Неверов, А.Латыповтар Таловкада үйлер салған. Аудан, ауыл атауларының шығу тарихы, мағынасы мен маңызы. «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас» атты апталық ұйымдастыру. Аудан, ауылдарға қатысты қызғылықты мағлұматтар жинау, салыстыру, талдау. Көнекөз қариялармен кездесулер, журналистикалық жұмысқа баулу (кітапша толтыру, диктофонға жазу, саралау, талдауға үйрету). Оқушыларға жергілікті жер атауларының шығу тарихын зерттеуге, ізденіс жұмыстарына үйрету. Сарамандық жұмыс №5. Өлкеміздегі топонимикалық атауларды зерттеу және жүйелеу. Жоба дайындау.

ІІ бөлім. Ақжайық өңірінің мәдениеті. (9 сағат)

Ақжайық өңірінде мәдениеттің дамуы. (2 сағат) Облыстан шыққан белгілі адамдар, қоғам қайраткерлері. Қасиетті Ақжайық топырағынан шыққан белгілі адамдар аз емес. Олар өз еңбектерімен Егеменді еліміздің дамуына зор үлес қосқан адамдар. Олардың ерен еңбектерін өскелең ұрпаққа паш ету, үлгі тұту баршамызға парыз. Мысалы: Мұхамед-Салық Бабажанов (1832-1871) – этнограф, өлкетанушы, ағартушы, қоғам қайраткері. Бұл атамыз Талов, Қамыс-Самар қисымында правитель болған, қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық өнері туралы еңбектер жазған. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын жинап зерттеген. «Салық өлді дегенше – алып өлді десейші, Алып өлді дегенше – халық өлді десейші...» деген қанатты сөздер халық жадында сақталған. Ғұмар Қараш (1875-1921) – ағартушы, ақын, журналист, қоғам қайраткері. Ел аузынан әдеби мұраларды жинап 1911 ж. «Шайыр», «Көксілдер» жинағын шығарған. 5 поэзиялық «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Тумыш» (1911 ж. Уфа, Орынбор қ.), «Аға тұлпар» (1914 ж. Орынбор), «Тұрымтай» (1918 ж. Уфа) жинақ кітабын, 3 зерттеу кітаптарын «Ойға келген пікірлерім» (1910 ж. Орынбор), «Өрнек»( 1911 ж.Уфа), «Бәдел қажы» (1913 ж. Қазан) жариялаған. Алаш азаматтарына арнап «Алаш азаматтарына» атты жыр жинағын шығарған. Алғашқы педагогикалық журнал «Мұғалімге» басшылық еткен. Сарамандық жұмыс №6. Жергілікті аз санды ұлт өкілдерімен кездесу. «Мәңгілік Ел» идеясын ұғындыру, халықтар достастығын уағыздау. Өзге ұлт өкілдерімен кездесулер өткізу.

БҚО өлкесіндегі музыка өнері. (2 сағат) Өнер қайраткерлері, олардың еңбектері, кездесу кештері. Өлкемізден шыққан белгілі адамдар тарихымен таныстыру. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Ғ.Құрманғалиев. Е.Хасанғалиев С.Қажмұратов, Д.Қажымов т.б.

Өлкеміздегі музыка өнерінің ерекшеліктерін зерттеп, тани білу. Өнер қайраткерлері, олардың ел мәдениетіне сіңірген еңбектері. Аудандардағы театрлар, мысалы: Казталов халық театры, М.Ғұмаров атындағы халық театры, Р.Ығылманов атындағы ұлт-аспаптары оркестрінің шығармашылық топтарымен кездесу, репертуарларымен танысу. Өнер майталмандарының өлкетанулық шығармаларын оқу. Сарамандық жұмыс №7. Өлкеміздің өнер қайраткерлерінің туған жеріне байланысты әдеби карта жасақтау. Мысалы: М.Мераліұлы – Қаратөбе, Казталов – Х.Бөкеева, С.Садыков, Қошанкөл - Ә.Дінішев, Жалпақтал - М.Ғұмаров, Р.Ығылманов т.б.



Батыс Қазақстан өңірінде әдебиеттің дамуы. (2 сағат) Танымал әдебиет саңлақтары. Әдебиет саңлақтары: Сырым, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз, Шәңгерей, Ғ.Қараш бабаларымыздың еңбектеріне ғылыми-зерттеу жұмысы (жоба қорғау). Т.Жароков, А.Жұмағалиев, Ж.Молдағалиев, Х.Есенжанов, Қ.Мырзалиев сынды әдебиет саңлақтарының еңбектерін білу, зерттеу, ізденіс жұмыстары. Әдеби ақпарат көздерін талдау.

Өлкеміздің зиялы қауым өкілдері, табиғат қорғаушылары. Биология, география, экология, өлкетану ғылымдарының саңлақтары. (2 сағат) «Білім мен ғылым - егіз ұғым». Өлкемізден шыққан жаратылыстану ғылымының докторлары: А.З.Петренко, А.А.Джубанов, М.М.Фартушина т.б. Білім, ғылым саласы қайраткерлерінің еңбектерімен таныстыру, оларды өскелең ұрпаққа үлгі тұту. Ғ.Қараш, А.Оразбаева, М.Бегалиева, Ғ.Бегалиев, Қ.Басымов, Ғ.Молдашев, С.Камалов, И.Кенжалиев, Т.Сейткереев, Б.Шынтемірова т.б білім мен ғылымның дамуына атсалысқан адамдардың шығармашылығына жеке тоқталу. Мысалы: үйірме мүшелерінің көмегімен Ғ.Қараш, А.Оразбаева, М.Бегалиева, Ғ.Бегалиевтерге арнап апталықтар ұйымдастыру, ізденіс, зерттеу, салыстыру, талдау жұмыстары. Ауылдағы білім саласының ардагерлерімен кездесу. Сарамандық жұмыс №8. Өлкеміздің зиялы қауым өкілдерін, олардың құнды еңбектерін жете білуі, олар туралы материалдар жинақтау.

Орал өңірінің бейнелеу, сән өнері. Спорт саңлақтары. (1 сағат) Өңірімізден шыққан спорт саңлақтарының даңқын асыру. А.Шайхиев, Н.Қауметов, В.Бектұрғанов, М.Елеусінов, Д.Елеусінов, С.Ақмурзин т.б шығармашылық өнерлерін талдау, салыстыру. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары, спорт қайраткерлері Н.Қауметов, М.Елеусіновтердің жеңісті жолдарын, шәкірт тәрбиелеудегі еңбектерін үлгі тұту, дәріптеу. Белгілі қылқалам шеберлері, үздік спортшыларға еліктеу, оларды үлгі тұту. Танымал бейнелеу шеберлері, спорт саңлақтарының еңбектеріне шағын шығарма жазу.

ІІІ бөлім. БҚО аудандары. (4 сағат)

Аудандар тарихы, орналасуы, халқы өзіне тән экологиясы. (2 сағат) БҚО аудандарының өткен және жаңа кезеңдегі тарихи оқиғаларын, әр аудан өзіне тән экологиясын білуі. БҚО аудандарының халқы, орналасу ерекшеліктерін, тарихын білу. Сарамандық жұмыс №9. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің тізімін жасау. Аудан, ауыл кітапханасымен байланыс жасау.

Әр ауданның халық батырлары, өнер, білім қайраткерлері. (2 сағат) Халық батырлары, өнер, білім қайраткерлері туралы мағлұматтар жинақтау. БҚО аудандарында тұратын халықтардың өмірі мен этнографиясын зерттей білу. Шығармашылық, ізденіс жұмыстары.

ІV бөлім. Іздестіру-зерттеу жұмыстары. (6 сағат)

Туған өлке табиғатын зерттеу. Ауа, су, топырақ сынамаларын алу әдістері. (2 сағат) Облыстың жер бедері. Облыстың жер бедері жазық, Каспий маңы ойпатының солтүстік бөлігін қамтиды. Жері қызыл сортаң. Жер бедері негізінен хвалын кезеңінің құмды сазды жыныстарынан қат-қабатталып түзеліп тұзға қаныққан. Сорлары облыс жерінің 4% бөлігін алып жатыр. Облыстың оңтүстігінде сорлар мол, оңтүстік-батысына қарай ойлы-қырлы болып келеді. Табиғи шөп алаңдарының көп болуы, басқа жерлерге қарағанда қыстың қысқа және қары аз болуы қой шаруашылығы, ет бағытындағы ірі қара мен жылқы өсіруге қолайлы жағдай туғызады. Өлкеміздегі табиғи су көздерінің жалпы сипаттамасы. Бұл бөлімде жалпы БҚО бойынша 196 өзен мен өзеншелер бар екендігі, олардың жалпы ұзындығы Жайық өзенін санамағанда 4600 км-ге тең екендігі айтылуы тиіс. Себебі жер асты суларында шекара жоқ, ол тек бір аудан немесе ауыл-аймақпен шектелмейді. БҚО, аудан көлеміндегі ауа бассейнін ластайтын дереккөздер, олар өз кезегінде су бассейндерін ластайды. Бұлар – газ-конденсат кен орындары, автомобиль жолдары, мұнай және газ құбырлары трассасы, өндіріс орындарының қалдықтары, тұрмыстық қалдықтар, жануарлар өлекселері т.б. Табиғи су көздерінің қоректенуі: көктемгі қар суы есебінен және жылдық жауын-шашыннан келетін мөлшерін анықтау. Өзен, көлдерге туристік-экологиялық жорық ұйымдастыру. Туристік жорық кезінде табиғи су көздерін пайдалану ережелерін үйрету. А.А.Чибилевтің «Жайық өзені», А.Г.Галимовтардың «БҚО географиясы» кітаптарын басшылыққа алу. Орал өңірі табиғатын жете меңгерту, өңір туралы басылып шыққан кітаптармен таныстыру. Ғылыми зерттеу жұмыстарына баулу, жоспар, тезис құрып үйрету. Түрлі сынамалармен жұмыс дағдысын қалыптастыру. Сарамандық жұмыс №10. Сарамандық тапсырма: топографиялық, геологиялық және жер қыртысын зерттеу әдістеріне баулу. Жер қыртысын зерттеу құралдары: нивелир, теодолит, компас, буссольды іс жүзінде қолдана білуге үйрету.

Топографиялық зерттеу, жергілікті жерді бағдарлау. (2 сағат) Спорттық бағдарлау, спорттық бағдарлау сайысы. Бағдарлау тәсілдерін (компас, карта мен компас арқылы бағдар жасау, күнге, жұлдызға қарап бағыт айқындау, өзінің тұрған нүктесін табу, азимут арқылы қозғалу т.б) үйрету. Кескін картамен жұмыс дағдысы. Кітапхана және мұрағатпен жұмыстана білуге үйрету. Туған өлкеміздің картасы және оны жасылдандыру жоспары. Туған ауыл, аудан картасын жасақтау. Туристік-өлкетану жорығын ұйымдастыру. Жаяу туризм техникасын меңгерту. Жаяу жорық кезіндегі кездесетін табиғи кедергілерді меңгерту әдістері мен ережелері. Жалпы және арнайы дайындық сатылары. Туристік кедергілерден өту. Жорық кезінде өлкетанулық тапсырмаларды орындау. Сарамандық жұмыс №11. Туристік-экологиялық карта жасақтау, кескін картамен жұмыстану. Сарамандық тапсырма: «Турист, өз терегіңді отырғыз» экологиялық акциясы.

Экология-өлкетанулық жорықтар. (2 сағат) Туған өлкенің ауыл, елді мекеннің тарихына зерттеу жұмыстарын жүргізу.Тапсырмаларды орындап қағаз бетіне түсіріп отыру. Жорықты талқылау және есеп жазу.

«Орал өңірінің кіші өзендері» акциясының маңызын ұғындыру. Туған өлкедегі кіші өзендер мен көлдерге зерттеу жүргізу. Аудан, ауыл аймағындағы өзен көлдерге сипаттама беру, олардың тазалығын, тұнықтығын анықтау. Бүгінгі күнгі экологиялық жағдайын, ондағы балықтардың, өсімдіктердің түрлерін зерттеу. Осындай жорықтар арқылы оқушылардың туристік-экологиялық зерттеу білім деңгейлерін жетілдіру. Аудандық «Отаным – алтын бесігім», «Атамекен» т.б байқауларға әзірлік, жоба дайындау. Туған өлкеміздің тарихы мен мәдениеті, табиғаты туралы материалдар, фотосуреттер жинақтау. Естіген әңгімелерін диктофонға жазып алу. Сарамандық жұмыс №12. Сарамандық тапсырма: өзен бойының тіршілігін бақылау. Өзен, көлдердің флорасы мен фаунасын білу. Топсеруен. Іздестіру-зерттеу жұмыстары, білім-біліктілік дағдысын қалыптастыру.



V бөлім. Қорытынды. Сынақ алу. (1 сағат)

Өлкетану тақырыбына шығармалар, өлең-жырлар байқауын өткізу. Экологиялық, өлкетанулық жобаларды қорғау. Жыл бойғы жұмыстарды қорытындылау. Мектеп әкімшілігінің қатысумен түрлі байқауларда жүлделі орын алып, озат, үздік көрінген оқушыларды марапаттау.



«Жас эколог-өлкетанушы» факультатив курсының бағдарламалық жоспары


Тақырыптың мазмұны


Сағат саны

Мерзімі

Жүргізілу түрі, қосымша жаттығулар

Білімділік қазынасы, күтілетін нәтиже

Бар

лығы


Тео

рия


Прак

тика





І – бөлім. Экология және өлкетану бастауы

1

Кіріспе. Экология және өлкетану тарихы туралы түсінік

2

2







Слайд, суреттер, көрсетілім

Экология, өлкетану пәндерінің маңызын білу

2

Батыс Қазақстан облысының экологиялық жағдайы. Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған т.б экологиялық апат аймақтары.

2

2







Слайд, суреттер, көрсетілім

полигон зардаптарын жоюдың жолдарын көрсетіп шағын шығарма жазу, апат аймақтары туралы ғылыми-зерттеу жұмысы

(жоба қорғау)


БҚО экологиялық жағдайын білу,

полигон зардаптарын жоюдың маңызын ұғыну



3

БҚО әкімшілік-территориялық бөлінісі және халқы, тарихы. Экологиялық топтағы қызметтік міндеттер.

4

2

2




Облыстың ауқымы, әкімшілік бөлінісі, географиялық нысандары туралы түсінік беру.

Сарамандық жұмыс №1,2.



Облыс табиғатын, өзен-көлдері, қазба байлықтарын, жануарлар дүниесін ажырата білуі

4

Туған өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер – халық қазынасы. Өлкетану тобындағы қызметтік міндеттер.

2

1

1




Облыс, аудан көлеміндегі мәдени-архитектуралық ескерткіштер тарихымен таныстыру.

Сарамандық жұмыс №3.



Өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер тарихын білу

5

Мұражай – халықтардың материальдық және рухани мәдениеті. (Мұражайларға саяхат)

2

1

1




Тарихи-өлкетану, Пушкин, Жәңгір хан т.б мұражайлар туралы деректер беру.

Сарамандық жұмыс №4.



Мұражайлар арқылы халықтың рухани құндылықта-рын уағыздау

6

Өлкеміздегі жер, су аттары. Жорық кезінде туындайтын апатты жағдайлардан сақтану және алдын-алу шаралары.


2

1

1




Өлкеміздегі жер-су аттарының шығу тарихын зерттеу, картамен жұмыс жасау.

Сарамандық жұмыс №5.



Топонимика негіздерін ажырата білуге, алғашқы мед.көмек бере білуге үйрету





ІІ – бөлім. Ақжайық өңірінің мәдениеті.

7

Ақжайық өңірінде мәдениеттің дамуы. Халықтар достығы. Жергілікті аз санды ұлт өкілдерімен кездесу.

2

1

1




«Мәңгілік Ел» идеясын ұғындыру, халықтар достастығын уағыздау. Өзге ұлт өкілдерімен кездесулер өткізу.

Сарамандық жұмыс №6.



Өлкеміздегі мәдениеттің даму жолдарын, көрнекті мәдениет қайраткерлерін тани білу

8

БҚО өлкесіндегі музыка өнері. Өнер қайраткерлері, олардың еңбектері, кездесу кештері.

2

1

1




Өлкемізден шыққан белгілі адамдар тарихымен таныстыру. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Ғ.Құрманғалиев т.б

Сарамандық жұмыс №7.



Өлкеміздегі музыка өнерінің ерекшеліктерін зерттеп, тани білу

9

Батыс Қазақстан өңірінде әдебиеттің дамуы. Танымал әдебиет саңлақтары.

2

2







Әдебиет саңлақтары: Сырым, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз, Шәңгерей, Ғ.Қараш бабаларымыздың еңбектеріне ғылыми-зерттеу жұмысы. Әдеби ақпарат көздерін талдау

(жоба қорғау).



Т.Жароков, А.Жұмағалиев, Ж.Молдағали

ев, Х.Есенжанов, Қ.Мырзалиев сынды әдебиет саңлақтарының еңбектерін білу



10

Өлкеміздің зиялы қауым өкілдері, табиғат қорғаушылары. Биология, география, экология ғылымдарының саңлақтары.

2

1

1




Өлкемізден шыққан жаратылыстану ғылымының докторлары: А.З.Петренко, А.А.Джубанов, М.М.Фартушина т.б

Сарамандық жұмыс №8.



Өлкеміздің зиялы қауым өкілдерін, олардың құнды еңбектерін жете білуі, олар туралы материалдар жинақтау

11

Орал өңірінің бейнелеу, сән өнері. Спорт саңлақтары.

1

1







Слайд, суреттер, көрсетілім

Танымал бейнелеу шеберлері, спорт саңлақтарының еңбектеріне шағын шығарма жазу.



Белгілі қылқалам шеберлері, үздік спортшыларға еліктеу, оларды үлгі тұту




ІІІ – бөлім. БҚО аудандары.

12

Аудандар тарихы, орналасуы, халқы өзіне тән экологиясы.

2

1

1




БҚО аудандарының халқы, орналасу ерекшеліктерін, тарихын білу. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің тізімін жасау. Аудан, ауыл кітапханасымен байланыс жасау.

Сарамандық жұмыс №9.



БҚО аудандары-

ның өткен және жаңа кезеңдегі тарихи оқиғаларын, әр аудан экологиясын білуі



13

Әр ауданның халық батырлары, өнер, білім қайраткерлері.

2

2







Халық батырлары, өнер, білім қайраткерлері туралы мағлұматтар жинақтау.


БҚО аудандарында тұратын халықтардың өмірі мен этнография-сын зерттей білуі




ІV – бөлім. Іздестіру-зерттеу жұмыстары.

14

Туған өлке табиғатын зерттеу. Ауа, су, топырақ сынамаларын алу әдістері.

2

1

1




Ғылыми зерттеу жұмыстарына баулу, жоспар, тезис құрып үйрету. Түрлі сынамалармен жұмыс дағдысын қалыптастыру. Сарамандық жұмыс №10.

Орал өңірі табиғатын жете меңгерту, өңір туралы басылып шыққан кітаптармен таныстыру

15

Топографиялық зерттеу, жергілікті жерді бағдарлау. Кескін картамен жұмыс дағдысы.

2

1

1




Туристік-экологиялық карта жасақтау, кескін картамен жұмыстану.

Сарамандық жұмыс №11.



Кітапхана және мұрағатпен жұмыстана білуге үйрету

16

Экология-өлкетанулық жорықтар. Іздестіру-зерттеу жұмыстары, білім-біліктілік дағдысын қалыптастыру.

2

1

1




Туған өлкенің ауыл, елді мекеннің тарихына зерттеу жұмыстарын жүргізу.Тапсырмаларды орындап қағаз бетіне түсіріп отыру. Жорықты талқылау және есеп жазу.

Сарамандық жұмыс №12.



Туған өлкеміздің тарихы мен мәдениеті, табиғаты туралы материалдар, фотосуреттер жинақтау. Естіген әңгімелерін диктофонға жазып алу




V – бөлім. Қорытынды. Сынақ алу.

17

Жоба қорғау. Қорытынды.

1

1
















Барлығы:

34

22

12










Қолданылған әдебиеттер:

  1. Абишева З.М, Абдреева Ш.Т «Туристік-өлкетану жұмыстарының негіздері», Алматы, 2009 ж – 135 б.

  2. Ахметов Б.С «Тарихи өлкетану», Алма-Ата, 1981 ж - 169 б.

  3. Байдулова Л, Булатова Қ, Қарағойшин Ж «Батыс Қазақстан облысының жануарлар дүниесі», Орал, 2001 ж.

  4. Вуколов В.Н, Назарчук М.К «Основы туристко-краеведческой работы», Алматы,1997 г – 150 с.

  5. Дарбаева Т, Утаубаева А, Цыганкова Т. «Растительный мир Западного Казахстана», Уральск, 2001 г.

  6. Даринский А.В. « Краеведение: пособие для учителя», Москва, 1987 г – 324 с.

  7. Даринский А.В « Основы туристко-краеведческой работы в школе», Москва, 1979 г – 384 с.

  8. Джубанов А.А, Петренко А.З, Фартушина М.М «Зеленая книга Западно-Казахстанской области», г. Уральск, 2001 г.

  9. Ердавлетов С.Р «Казахстан туристский», Алма-Ата, 1988 г – 192 с.

  10. Жиздебаев Т.К «Школьный туризм и краеведение Республики Казахстан», Алматы, 2001 г -165 с.

  11. Кенжалиев И, Табылдиев Н «Казталовка – байырғы атамекен» , Алматы,1994 ж.

  12. Куприна Л.Е «Экология, туризм, рекреация: комплект программ эколого-туристской подготовки детей дошкольного и школьного возраста», г. Тюмень: ТОГИРРО, 2001 г.

  13. Остапец-Свешников А.А. «Система туристско-краеведческой деятельности общеобразовательной школы», г. Москва, 1989 г.

  14. Рысбеков Т «Батыс Қазақстан обылысының тарихы», Орал, 2001 ж

  15. Туремуратова Ж «Жайық өңірі», Дастан, Алматы, 2001 ж.

Сабақтың тақырыбы: Батыс Қазақстан облысының экологиясы, қорғауға алынған өсімдіктер мен жануарлар дүниесі.

Мақсаты: оқушыларды БҚО экологиясымен, қорғауға алынған өсімдіктер және жануарлармен таныстыру. Оқушылардың тірі организмдер туралы дүниетанымын арттыру. Қоршаған ортаны қорғауға баулу.

Сабақтың түрі: Дәріс

Сабақтың әдісі: көрнекі баяндау, СТО элементтерін пайдалану.

Сабақтың пән аралық байланысы: экология, география, биология, тарих.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, сызба-нұсқа,тірек-сызба, суреттер, портреттер.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

ІІІ. Бекіту.

ІV. Үйге тапсырма беру.

І. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.

ІІ. Батыс Қазақстан облысының алуан түрлі табиғи жағдайы, оның еуропа, сібір, жерорта және монғолия фауналарының қалыптасу орталықтарының ортасында орналасуы оның табиғатының көркем және бай өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен ерекшеленеді. Өзінің географиялық орналасуына байланысты біздің облыс Ресейдің 4 облысымен шектесіп жатыр. БҚО экологиясына әсер етуші факторлар: Бөкейорда мен Жаңақала аудандары аумағында орналасқан әскери полигондар (Капустин Яр), көршілес Атырау облысы жерінде орналасқан (Азғыр, Тайсойған) полигондардың зардаптары, Қарашығанақ газ кеніші, Чинарев мұнай-газ кенішіндегі ілеспе газдар көптеген зиянын тигізуде. Жүздеген жылдар бойы шаруашылық мақсаттар үшін ағаштарды кесуге, кұстарды, сүтқоректілерді, балықтарды жыртқыштықпен аулауға шек қойылмады. Мұндай жағдай жер бетіндегі өсімдіктер түрлерін, кәсіптік жануарлар санын күрт азайтты. Кейбір түрлер мүлдем жойылып кетті. Облыс фаунасының Республика Қызық кітабына /Алматы,1996 ж./ енген сан түрі көбейді: омыртқалылар – 53, бунақденелілер – 27. Осы ҚР-ның Қызыл кітабына енген бунақденелілерге қосымша Батыс Қазақстан аймағына тән сирек кездесетін 8 түр анықталған.

Халкымыз ежелден-ақ өсімдіктер мен жануарлардың табиғаттағы, адам өміріндегі қадір-қасиетін, пайда-маңызын жақсы білген. Жас ұрпақтың көкейіне құйып, оларды сақтап, қорғауға баулып, тәрбиелеген. Оған мынадай даналық сөздер куә: «Ер - елдің көркі, орман-тоғай жердің көркі», «Бір тал кессең, он тал ек», «Дәрі -шөптен шығады, дана - көптен шығады», «Қорада малың болсын, көшеңде талың болсын», «Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті», «Дала көркі - мал, өзен көркі - тал», «Нар - түйеден, тұлпар - биеден», «Мал өсірсең -кой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сиякты мақал-мәтелдер бұған толық дәлел.

Қазакстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында бидай масағы мен қанаттанған пырақ бейнеленген. Бұл - туған жерімізге деген терең сүйіспеншілік. Өсімдіктер мен жануар­лар әлемін қадірлеп кұрметтеуден туындаған халқымыздың өз ұрпағын, табиғатты аялап, сақтауға тәрбиелейтін - тыйым салатын сөздерін көптеп мысалға келтіруге болады: «Көк шөпті жұлма, таптама», «Көктемде жан-жануарға тиіспе», «Үйге кірген жыланға ақ кұйып шығар», т.б.

«Қызыл кітап» сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қорғау мақсатымен жазылған. Қазақстанда «Қызыл кітап» тұңғыш рет 1978 жылы шыкты. Онда омыртқалы жануарлардың сиреп бара жатқан түрлері тіркелді. Екінші басылымы 1991 жылы, үшінші басылымы 1996 жылы шығарылды. Өсімдіктерге арналған Қазақстанның «Қызыл иітабы» 1981 жылы жарық көрді. Елімізде өсімдіктері мен жануарлары әр алуан, арнайы қорғалатын тұтас табиғи аймақтар -қорықтар ұйымдастырылған:

Алматы мемлекеттік қорығы (Іле Алатауы), Ақсу - Жабағылы мемлекеттік қорығы (Талас Алатауы), Барсакелмес мемлекеттік қорығы (Арал теңізінің солтүстік батыс бөлігіндегі Барсакелмес аралы), Қорғалжын мемлекеттік корығы (Акмола облысының су-батпақты аймағы), Наурызым мемлекеттік корығы (Қостанай далалы аймағы), Маркакөл мемлекеттік қорығы (Оңтүстік Алтай), Үстірт қорығы (Маңғыстау), Батыс Алтай қорығы (Шығыс Қазақстан), Алакөл корығы (Алматы облысы, Талдықорған). Бұлардан басқа өсімдіктер мен жануарлардын жекелеген түрлерін қорғау мақсатында 62 қорықша, 5 ұлттық саябақ (Алтынемел, Баянауыл, Көкшетау, Іле Алатауы, Қарқаралы) және табиғат ескерткіштері ұйымдастырылған. Табиғат казынасы сарқылмас қор емес. Адам игілігіне пайдалану, қайта қалпына келтіру ісі адамның қамқорлығының арқасында ғана жүзеге асады.

ІІІ. Бекіту сұрақтары:



  1. БҚО орналасу ерекшеліктері туралы не білесіңдер?

  2. БҚО экологиясына әсет етуші факторлар қандай?

  3. Біздің елімізде өсімдіктер мен жануарлар қалай қорғалады?

  4. «Қызыл кітап» деген не?

  5. Қорықтар мен ұлттық саябақтар не үшін құрылады?

  6. Мысалдар келтіру.

ІV. Үй тапсырмасы

Экологиялық бағыттағы рефераттар жазып келу.

V. Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Батыс Қазақстан өңірінде мәдениеттің дамуы.

Мақсаты: оқушыларды БҚО-ның мәдениет саңлақтарымен таныстыру. Олардың еңбектеріне талдау жасау арқылы дүниетанымын арттыру. Туған өлкесін шынайы сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: панорамалық

Сабақтың әдісі: конференция

Сабақтың пән аралық байланысы: әдебиет, тарих, география.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, сызба-нұсқа,тірек-сызба, суреттер, портреттер.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

ІІІ. Бекіту.

ІV. Үйге тапсырма беру.

І. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.

ІІ. Оқушылар күні бұрын сабаққа белгілі адамдар өмірінен қызықты мәліметтер тауып әзірленіп келеді. Олардың қысқаша өмірбаян, еңбек жолдарынан үзінділер келтіреді. Интерактивті тақта көмегімен бейнебаян, олардың еңбек жетістіктерінен қысқаша көрсетілім даярланады.

Алашқа аты таралған небір өнер саңлақтары мен мәдениет қайраткерлерінің кіндік қаны тамған, табаны тиген қасиетті Орал өңірінің топырағында ұлттық мәдениет пен ұлағатты дәстүрлер жаңара жарасымын табуда. Облыстан шыққан белгілі адамдар, қоғам қайраткерлері еңбектерін саралауға бір сағат, бір күн түгілі бір айда аздық етері сөзсіз. Қасиетті Ақжайық топырағынан шыққан белгілі адамдар аз емес. Олар өз еңбектерімен Егеменді еліміздің дамуына зор үлес қосқан адамдар. Олардың ерен еңбектерін өскелең ұрпаққа паш ету, үлгі тұту баршамызға парыз. Мұхит Мераліұлы, Дина Нүрпейісова, Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге келіп, өнер көрсеткен киелі аймақ. Мысалы: Мұхамед-Салық Бабажанов (1832-1871) – этнограф, өлкетанушы, ағартушы, қоғам қайраткері. Бұл атамыз Талов, Қамыс-Самар қисымында правитель болған, қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық өнері туралы еңбектер жазған. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын жинап зерттеген. «Салық өлді дегенше – алып өлді десейші, Алып өлді дегенше – халық өлді десейші...» деген қанатты сөздер халық жадында сақталған.

Ғұмар Қараш (1875-1921) – ағартушы, ақын, журналист, қоғам қайраткері. Ел аузынан әдеби мұраларды жинап 1911 ж. «Шайыр», «Көксілдер» жинағын шығарған. 5 поэзиялық «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Тумыш» (1911 ж. Уфа, Орынбор қ.), «Аға тұлпар» (1914 ж. Орынбор), «Тұрымтай» (1918 ж. Уфа) жинақ кітабын, 3 зерттеу кітаптарын «Ойға келген пікірлерім» (1910 ж. Орынбор), «Өрнек»( 1911 ж.Уфа), «Бәдел қажы» (1913 ж. Қазан) жариялаған. Алаш азаматтарына арнап «Алаш азаматтарына» атты жыр жинағын шығарған. Алғашқы педагогикалық журнал «Мұғалімге» басшылық еткен.

Хадиша Бөкеева (09.01.17 жылы Казталов ауданы, Казталов ауылында дүниеге келген) – Қазақстанның халық артисі (1957), КСРО Халық артисі, профессор. Ленинград театр институтын тәмамдаған. Ол – драмалық, комедиялық және трагедиялық рольдерде бірдей өнер толғаған, әр қырлы, диапозоны кең суреткер. Өзі ойнайтын кейіпкерлердің ішкі сезім дүниесін, қайшылыққа толы күрделі ой-мінезін терең ашып көрсетумен қатар, оның сахналық бояуын әсем етіп бейнелеушілік – Хадиша Бөкееваның өнерінің ерекшелігі. А.Чеховтың «Дядя Ваня» спектакліндегі Марья Васильевна, С.Ахмадтың «Жених» спектакліндегі Рахбор, «Қобландыдағы» - Қарлыға, «Ақансері-Ақтотыдағы» - Ақтоты, «Қозы-Көрпеш – Баянсұлудағы» - Күнекей бейнелері шеберлік шыңдары болып есептеледі. «Абай» спектакліндегі ролі үшін 1952 жылы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығы берілді. 1940 жылдан бастап киноға түскен, 1965 жылдан Алматы өнер институтында педагогикалық қызметпен айналысып, жастарды мәдениет шыңына шығуға баулыған. Ленин, Құрмет белгісі, Отан ордендері мен көптеген медальдармен марапатталған.

Бұлардан басқа да көптеген мәдениет қайраткерлерінің еңбектеріне қысқаша шолу жасау. Қазақ ССР-нің Мәдениет қайраткері - Ш.Х.Даулетияров, «Ақ Жайық» эпопеясының авторы Х.И.Есенжанов, ҚР еңбек сіңірген артисі – Ш.Ә.Есенқұлова, ҚР еңбек сіңірген артисі – Г.Х.Жақыпова, КСРО-ның Халық артисі – Роза Жаманова, Қазақ ССР-ның Халық артистері Шамғон Қажғалиев, Сердеш Қажмұратов т.б

ІІІ. Бекіту сұрақтары:



  1. БҚО-да мәдениеттің бастауы кімдерден басталған?

  2. БҚО-ның аты аңызға айналған мәдениет қайраткерлері кімдер?

  3. Біздің елімізде олардың еңбектері қалай таралған?

  4. Олардың еңбектерінің құндылығы неде?

  5. Жасөспірімдер мәдениетке құштар болу үшін не жетіспейді?

  6. Мысалдар келтіру.

ІV. Үй тапсырмасы

Мәдениет қайраткерлеріне арнап (біреуін таңдап алып) шағын эссе жазып келу.

V. Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Аудандар тарихы, орналасуы,

халқы, өзіне тән экологиясы.

Мақсаты: оқушыларды БҚО-ның аудандарымен таныстыру (әркім өздері тұратын ауданды алуға болады). Казталов ауданы. Аудан тарихын, табиғатын, экология мен экономикасына талдау жасау арқылы дүниетанымын арттыру. Патриоттық тәрбие беру.

Сабақтың түрі: Проблемалық

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелесу

Сабақтың пән аралық байланысы: әдебиет, тарих, география.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, сызба-нұсқа,тірек-сызба, суреттер, портреттер.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

ІІІ. Бекіту.

ІV. Үйге тапсырма беру.

І. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.

ІІ. Оқушыларға өздері тұратын аудан туралы сұрақтар (миға шабуыл) қойылады. Аудан картасы ілініп, қала, ауыл, елді мекендер тарихы айтылады. Оқушылар өздері тапқан мәліметтерімен бөліседі.

Казталов ауданы, аудан тарихы, орналасуы, халқы, өзіне тән ерекшеліктері. Казталов ауданы – Батыс Қазақстан облысының оңтүстік батысында орналасқан әкімшілік-аймақтық бөлім. Алғаш рет 1928 жылы құрылған. Кейіннен 1997 жылы Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданы таратылып, оның негізінде Казталов ауданы бұрынғы аумағына қоса қайта құрылды. Жерінің аумағы – 1 860 581 га. Тұрғыны - 30673 адам (2015ж). Аудандағы 54 елді мекен 16 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы - Казталов ауылы. Каспий теңізінің солтүстік бөлігін қамтиды. Ең биік жері ауданның батысындағы Қараоба ауылы тұсындағы төбе (абс.биіктігі 42 м). Климаты тым континенттік: қысы суық, жазы ыстық, қуаң. Ауданның орташа температурасы қаңтарда – 13-140С, шілдеде – 240С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 200-250 мм. Аудан жерімен Қараөзен, Сарыөзен және Қоңырсай ағып өтеді. Ірі көлдері: Сарышығанақ, Балықты, Ақкөл (Сакрыл). Жері негізінен қызыл қоңыр, қоңыр, сортаң, сор топырақты. Оларда боз, жусан, бетеге, еркекшөп, өзен жайылымдарында және көлдерді жағалай қамыс, қоға, құрақ аралас шалғынды шөптесін қалыптасқан. Жабайы аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, доңыз, киік, борсық, саршұнақ, аламан, қосаяқ т.б, өзен-суларында шортан, сазан, алабұға, жайын т.б кездеседі. Құстардан аққу, қаз, үйрек, көкқұтан, үкі, жапалақ т.б мекендейді. Аудан халқының түгелдей дерлігі қазақтар (99,5%). Халықтың орташа тығыздығы 1км2-ге 2,0 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Казталов (5705 адам), Жалпақтал (4473 адам), Бостандық (1945 адам), Қошанкөл (1662 адам), Қараоба (1456 адам). Ауданда жалпы білім беретін 44 мектеп, оның ішінде 21 орта, 6 негізгі, 17 бастауыш мектептер бар. 2 қосымша білім беру мекемесі бар. Арнайы оқу орындарынан 1 кәсіптік-техникалық колледж Жалпақтал ауылында жұмыс жасайды. 14 Мәдениет үйі, 45 кітапхана, 9 клуб, 4 кинотеатр, 2 музей, 3 мешіт орналасқан. Емдеу орындарынан 3 аудандық аурухана мен 3 жаңа үлгідегі емхана, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Аудан бойынша 593 шаруа қожалығы, 3 өндірістік кооператив, 19 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс жасайды. Бұлардың 13-і егін егумен, 580-і мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін өңдеумен айналысатын 3 диірмен, 3 наубайхана, 2 байпақ басатын цех, 2 макарон цехы, 1 қымыз цехы жұмыс жасайды. Аудан жерімен Жәнібек – Казталов, Казталов – Жалпақтал – Чапаев автомобиль жолдары, Интер Газ Орталық Азия газ трассасы өтеді.

Сарамандық тапсырма: «Менің Отаным – Қазақстан» экспедициялық штабының жұмыс ұйымдастыру.

ІІІ. Бекіту сұрақтары:



  1. БҚО-да қанша аудан бар?

  2. Казталов ауданының орналасу ерекшеліктері қандай?

  3. Экологиялық жағдайы тұрақты ма?

  4. Экономикасы қалай дамуда?

  5. Ауданымызды көркейту үшін не істеу қажет деп ойлайсыңдар?

  6. Мысалдар келтіру.

ІV. Үй тапсырмасы

Ауданымыздың экологиясын немесе экономикалық дамуын ашатын шағын шығарма жазу.

V. Бағалау.

Сабақтың тақырыбы: Өңір тарихы, халқына байланысты

зерттеу жұмыстары. Тарихи-археологиялық ескерткіштердің

тізімін жасау.

Мақсаты: оқушыларды өңір тарихымен таныстыру (әркім өздері тұратын ауданды алуға болады). Казталов ауданының тарихын, халқына байланысты зерттеу, талдау жасау арқылы дүниетанымын арттыру. Туған өлкесін шынайы сүюге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Сарамандық

Сабақтың әдісі: зерттеу

Сабақтың пән аралық байланысы: әдебиет, тарих, география.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, сызба-нұсқа,тірек-сызба, суреттер, кітаптар, қосымша әдебиеттер, портреттер.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

ІІІ. Бекіту.

ІV. Үйге тапсырма беру.

І. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.

ІІ. БҚО аудандарының өткен және жаңа кезеңдегі тарихи оқиғаларын, әр аудан өзіне тән ерекшеліктерін білуі. Казталов ауданы, аудан тарихы, орналасуы, халқы, өзіне тән ерекшеліктері. Казталов ауданы – Батыс Қазақстан облысының оңтүстік батысында орналасқан әкімшілік-аймақтық бөлім. Алғаш рет 1928 жылы құрылған. Кейіннен 1997 жылы Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданы таратылып, оның негізінде Казталов ауданы бұрынғы аумағына қоса қайта құрылды. Жерінің аумағы – 1 860 581 га. Тұрғыны - 30673 адам (2015ж). Халқының көпшілігі 98,8% қазақтар. Аудандағы 54 елді мекен 16 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы - Казталов ауылы.

Туған өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер – халық қазынасы. Ұлтымыздың рухани байлығының қайнар көзі – халық шығармашылығын насихаттау. Мәдени қазынаны жасаушылар кімдер дегенде, жаңа буынның өсіп қалыптасуына ерекше ықпал тигізетін ақын, жазушы, композиторлар, суретші т.б өнер шеберлері, олардың қолынан, іс-әрекетінен шыққан рухани байлықтар. Мәдени қазынаның, рухани байлықтың әділқазысы – халық екендігін ұғындыру. Адам мен Ғалам, Болмыс пен Ақиқат сырын аңдауға талпынып, даналық сырына үңілген дала жұртының ерекше тұрпатты пәлсапасы, сан ғасырлар өтінде өңін тайдырса да, өзегін жандырмай, уақытпен бірге шыңдалып, ұрпақтан-ұрпаққа дарып келеді. Алашқа аты таралған небір өнер саңлақтары мен мәдениет қайраткерлерінің кіндік қаны тамған, табаны тиген қасиетті Казталов топырағында ұлттық мәдениет пен ұлағатты дәстүрлер жаңара жарасымын табуда. 1878-80 жылдары Көктерек ауылының батыс шетінен үй салып Сағырбай Өтепбергенұлы тұрған. Казталов жері Құрманғазы Сағырбайұлының табаны тиген, сазы кернеген, киелі топырақ екендігімен мақтана алады. Мәдени ескерткіш ретінде Жалпақтал өңірінде ХХ ғасырдың басында салынған Қожантай мешіті мен П.Овчинников шіркеуін айтуға болады. Кейіннен шіркеу мектепке айналып балалардың білім алуына жағдай жасаған. Байырғы Дешті Қыпшақ заманынан бастап мекендеген мол тарихи қазбалардың көпшілігі әлі терең зерттеуді қажет етеді. Аудан төңірегіндегі әлі зерттелмеген ескі қорымдар болашақ ұрпақ еншісінде. «Мамай» және «Қособа» археологиялық кешендерінің маңызы туралы зерттеулер жүргізу.

Аудан орталығында 2 музей (Казталов пен Жалпақталда) және Көктерек ауылында Орал облыстық өлкетану музейінің филиалы жұмыс жасайды. Бұдан басқа ауылдардағы (8 ауылда) мектеп мұражайларында жинақталған экспонаттар өткен өмірден сыр шертеді. Аудан аумағында кездесетін тарихи-археологиялық ескерткіштердің тізімін жасау. Аудан, ауыл кітапханасымен байланыс жасау. Ескінің көзі, көнекөз қариялармен байланыс жасау, олардан аудан тарихы, туған өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер туралы сұхбат алу.

ІІІ. Бекіту сұрақтары:



  1. Өңір тарихына байланысты қандай деректерді білесіңдер?

  2. Казталов ауданындағы халық саны, орналасу ерекшеліктері қандай?

  3. Туған өлкеміздегі қандай тарихи-мәдени ескерткіштерді білесіңдер?

  4. Олардың болашақ ұрпақ үшін маңызы қандай?

  5. Мысалдар келтіру.

ІV. Үй тапсырмасы

Сыныпта айтылған, істелген жұмыстарды қорыту. Ауылдағы көнекөз, ақылгөй қариялардан аудан тарихы, тарихи-мәдени ескерткіштер, олардың пайда болуы туралы сұхбат алу (диктофонға жазып алу).

V. Бағалау.



Сабақтың тақырыбы: БҚО-дағы халықтар достығы.

Мақсаты: оқушыларға Орал өңіріндегі халықтар достастығын насихаттау. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспарымен, олардың мақсатымен таныстыру. Өз Отанын шынайы сүюге, толеранттық пен патриотизмге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Сарамандық

Сабақтың әдісі: «дөңгелек үстел», театрландырылған көрініс элементтері, сұхбат құру т.б

Сабақтың пән аралық байланысы: әдебиет, тарих, география.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, сызба-нұсқа, суреттер, кітаптар, қосымша әдебиеттер, портреттер, БАҚ құралдары, т.б

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі.

ІІ. «Дөңгелек үстел».

ІІІ. Бекіту.

ІV. Үйге тапсырма беру, қорытындылау.

І. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.

ІІ. Жүргізуші: «2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жариялануына байланысты елімізде биылғы жылы Халықтар Достастығына арқау болатын мәдени шаралар жиі өтуде. Сондай шараның бірі міне бүгінгі күні біздің мектебімізде оздырылып отыр». Жүргізуші ары қарай сценарий бойынша түрлі ұлт өкілдеріне сөз береді.

Алдымен қазақ сұлтандары «Керей» мен «Жәнібек» қазақтарды біріктірудегі қиыншылықтар мен кедергілер туралы сөз қозғап, олардың сөзін «Абылай» хан жалғап Қазақ Хандығының құрылу тарихымен таныстырады. Биылғы жылы 550 жыл толып отырған Қазақ хандығының құрылуына еңбек сіңірген батырлар мен , қоғам қайраткерлері туралы сөз болады. Ауылдағы тұратын өзге ұлт өкілдері өз өмірлерінен сыр шертіп ой бөліседі. Бұл жерде Қазақстанды мекендеген барша ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі, олардың бақытты болашағы әңгімеге арқау болады. «Дөңгелек үстелге» ауыл әкімі, ауыл ақсақалдарын, асыл әжелерімізді, әдебиет, тарих пәні мұғалімдерін шақыруға болады. Ол кісілер өмірден көріп-түйгендерін, өз ойларын оқушылармен бөліседі.

ІІІ. Әр түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, билері биленеді. Кейбір ұлт өкілдерінің даму тарихынан қызықты ақпараттар беріледі. Оқушылар өзге ұлт өкілдеріне өз ойларында жүрген сұрақтарын қояды.

ІV. Сабақты мұғалім қорытындылайды: қатысушылардың барлығына рахмет айтып, Қазақстан халықтар Ассамблеясының маңызын, олардың Егеменді еліміздің бірлігіне, татулығына қосар үлесінің басымдығына тоқталады. Оқушыларға өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан жерінде бақытты өмір сүріп жатқандығын, біздің елімізде барлық ұлттардың теңдігін арқау ететін, мәнін ашатын шағын шығарма жазып келуді тапсырады.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет