Сабақтың тақырыбы: «Қыз өссе елдің көркі»



Дата31.12.2019
өлшемі17,22 Kb.
#54772
түріСабақ
Сабақтың тақырыбы: «Қыз өссе - елдің көркі».

Мақсаты: қыздар қауымымен сырласа отырып, олардың тәрбиесіне көңіл бөлу, эстетикалық тәрбие беру, оларға салт – дәстүрді үйрету, қазақтан шыққан атақты арулардың өмірбаянымен таныстыру.

Дамытушылық: оқушылардың бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын, ойлау шеберлігін, сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, сыйластыққа, қамқор болуға, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілік: ана, бала, отбасы туралы нақыл сөздер жазылған плакаттар, қазақ қызының бейнесі туралы бейне ролик, қазақтың атақты батыр, әнші, музыкант, саясаткер қыздарының суреттері.

Сабақтың барысы:

  1. Сәлемдесу

  2. Түгендеу

  3. Ән-ұран айту

Кіріспе

Жүргізуші 1: Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар! Бүгінгі «Қыз өссе- елдің көркі» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

                     Жанары жаны жаздай жайраңдаған.

                     «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді

                     Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?! – демекші, қазақ халқы қыз баланы ертеден сыйлап, қызды гүлге теңеп, «Қыз өссе – елдің көркі» дегендей, қыз баланың әр отбасына ерекше сән беріп отыратыны белгілі. Өзіне тән табиғи ерекшелігімен бірге оларға тәрбие беретін ортаның да айтарлықтай әсерінің бар екені рас. Ал, оларға дұрыс тәрбие беріп, өмір атты кең арналы тіршілікке жол сілтеу – бірінші ата – ана міндеттері дейтін болсақ, екінші кезек - қанатын қатайтып, болашаққа жол сілтеп, қарлығаштай ұшыратын  мектеп ұясының ықпалы.Бүгінгі тәрбие сағатында біз қазақ қызына тән қасиеттерді, қазақтың батыр, атақты әнші, іскерқыздары туралы өтетін боламыз.

Негізгі бөлім

Жүргізуші 2: Қазір қазақ қызының бейнесі туралы бейне роликке назар аударыңыздар. Табиғатта ең сұлу өсімдік гүл болса, әлемнің сұлуы - қыз. Бүгінгі қыз - ертеңгі ана. Сондықтан, халқымыз әйел - барша тіршіліктің бастауы, өмірдің сәні деп қасиет тұтып, ардақтап аялаған. Олай болса, қазір ортаға кезекпен шығып, қыздарға тән қасиеттерді жазайық.(Оқушылар плакатқа қаламмен қыздарға тән қасиеттерді жазады.)

Жүргізуші 1:

Қыз сұлу көрінеді қылығымен,

Жарыса төгілген қос бұрымымен.

Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы,

Қыз сұлу көрінеді білімімен. Яғни, бүгінде қыздардың асыл қасиеттерінің тізімінде білімділік те ортасын ойып, өз орынын алған.

Жүргізуші 2: Ал енді келесі кезекте сіздерді сұрақ - жауап бөліміне шақырамын. Тақтада көріп тұрған парақшалардан бір - бірден таңдап, сұрақтарға жауап беріп көрулеріңізді сұраймын.

1. Халық арасына бойжеткен қыз ажарына қарай алтыға бөлінген. Соларды атап өтсеңіз? «Әдемі қыз, көрікті қыз, әсем қыз, ажарлы қыз, шырайлы қыз, ару қыз)

2.Қазақ халқында халықтың құрметіне бөлінген, ақылына көркі сай ару қыздарды атаңыз? «Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Күләш Бәйсейтова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова)

3. Қыз балаларға арналған атауларды атаңыз? (қыз, бойжеткен, келіншек, әйел, жар, ана, апа, әже, қарындас, сіңлі)

4. Қазақ қыздарының әшекей бұйымдарын атаңыз? (шолпы, шашбау, сырға, білезік, жүзік, шашқап, шоқ, шаштеңге, үкі, күміс түйме, балдақты сақина, қобдиша, талмоншақ, қолазы, маңдайша, т.б.)

5. Қыздың бойына тән қылықтарын атап көрсетіңіз? (нәзіктік, сұлулық, сыпайылық, әдемілік, рухани байлық, сүйіспеншілік, кішіпейілділік, инабаттылық)

6. Анасы қыз баланы жастайынан қандай міндеттерге үйретеді? (үйді таза ұстауға, ас пісіру, шәй құю, кесте тігу, т.б)

7. Қазақ қызының ұлттық киімін атаңыз? (көйлек, сәукеле, тақия, ішік, белдік, етік, кеудеше, т.б.)

8. Қыздың көркі деп нені түсінесің?  ( ең бірінші мінезі, әдептілігі, әрине  сыртқы келбеті)

9. Қыздарды неге өмірдің гүлі дейді?   ( Гүл табиғаттың сәні, оны баптап, 

  бағып күтсең, әдемі, хош иісті болып өседі. Қыз бала да, солай кішкентай  

  кезінен бастап бағып, жақсы тәрбие беру керек. Отбасында берген тәрбие 

   қалай болса,өскенде солай қалыптасады.)

 10. Қызға қандай қылық жараспайды?   (ерсі күлгені, дөрекі сөйлегені, өтірік айтқаны)

 11. Қыздарға арнап мақал айт.    ( Қыз өссе елдің көркі, Таудың көркі тас,  қыздың көркі шаш, Қызға қырық жерден тыю, Анаға қарап қыз өсер)

 12. Өзіңе қыздардың қандай мінезі ұнайды? (қылықты , әдепті болса,  сыпайы, биязы  болса  )



Жүргізуші 1: Ендігі кезекте ортада көріп тұрған ребустың жауабын тауып көріңіздер. (Тақтада ребус ілініп турады, оқушылар оны бірлесе отырып шешулері керек)

Жүргізуші 2: Қазақ халқында халықтың құрметіне бөленген, ақылына көркі сай ару қыздар баршылық екені бәрімізге мәлім. Ендеше тақтадағы суреттерге назар аудара отырып, осы аруларымыз туралы қысқаша мәліметтер беріп өтулеріңізді сұраймын.

Жүргізуші 1 : Сәулетті ана болғанда даналық ұрпақ болады. Олар бүгінгі мектеп қабырғасында оқып жүрген қыздар. Болашақтың тамыры, қоғамның негізі, тарихтың көзі – жайнаған осы жауқазындар. Қыз – өмірдің қызғалдағы, қыздар – болашақ ана, бақыт – байлық ошағы, адамзаттың ойы өркендеп, тәлім – тәрбие алатын қасиеттің ұясы. Ал әйел – сол қасиетті ұяның алтын тірегі, отбасының ұйтқысы. Халық аузында қыздар туралы мақал – мәтелдер аз емес. Сол мақал – мәтелдерді еске түсіру мақсатында сіздермен жарыс ұйымдастырғымыз келеді. Сіздер 2 топқа бөлініп, әр топтан бір-бір оқушыдан шығып мына мақал - мәтелдердің жалғасын табуларыңыз керек.

1. Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз сөзге ілігер.

2. Қыздың қырық жаны бар.

3. Жақсы қыз – жағадағы құндыз.

4. Қыздың қабағында құт бар.

5. Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді.

6. Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі.

7. Қыздың көзі қызылда.

8. Қыздың жолы жіңішке.

9. Қызым саған айтам, келінім сен тыңда.

10. Қыздың құны қырық жеті.

11. Қайтып келген қыз жаман,

Қайта шапқан жау жаман.

12. Жасауы көп келіннің күйеуі жуас.

13. Қызда қырық көліктік бақыт бар.

14. Қыз бала өкпешіл болса,

Қалың малы көп болар.

15. Қызды асырап білмеген күң етер,

Жібекті түте алмаған жүн етер.

16. Шешесіне қарап қызын ал,

Аяғына қарап асын іш.

 17. Қызы бардың назы бар.

18. Екі ауылдың арасын жол қосады,

Екі елдің арасын қыз қосады.

19. Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без.

 20. Судың түбін шым бекітер,

Даудың түбін қыз бекітер.

Қорытынды бөлім

Жүргізуші 2:  «Қыз қылығымен» дейді атам қазақ. Қыздарымыздың ақылды, үлгілі, мейірімді, инабатты болуы алдымен ата – анасынан, екіншіден, білім ордасынан басталады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, ұлы Абай айтқандай, қыз балалар осындай қасиеттерді меңгеруге талпынуы керек. Арамызда ару да әсем, сұлу да көрікті, әдемі де ажарлы қыздар көп болсын! Сондықтан да қыздарды аялай білейік!

Жүргізуші 1:

Қыз, бозбала, бойжеткен, келін, ана,

Бәрі де кезінде дара тұлға.

Ұрпағымыздың ойласаң болашағын



Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла!, - дей отыра бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет