Садықов Тілеген Садықұлы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультетінің профессоры, т.ғ. д



Дата31.12.2019
өлшемі87 Kb.
#54369
Садықов Тілеген Садықұлы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ,

Тарих факультетінің профессоры, т.ғ.д.
Набиев С.Т.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультеті,

Еуразиялық зерттеулер кафедрасының докторанты, Астана қаласы

ӘОЖ 929.52


АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Аннотация.

Мақалада қазақ тарихы ғылымындағы орны ерекше тұлға, белгілі ғалым, тарихшы М.Қ. Қозыбаевтың тарих ғылымына қосқан ерен еңбегі жайында жазылған. Тарихшының ұлт-азаттық қозғалысты зерттеудегі өзіндік жаңашылдығы, тарихымыздағы ұлт-азаттық қозғалыстарды жеті кезеңге бөліп қарастыруы және «ұлт-азаттық көретілістің», «ұлт-азаттық қозғалыстың» бір бөліге екендігін анықтап, осы тақырып бойынша қалам тартқан кейінгі тарихшыларға методологиялық, терминологиялық бағыт-бағдар беріп, ұлт тарихы үшін аянбай еңбек еткендігі жазылған.


Кілт сөздер. «Қазақ КСР», ұлт-азаттық қозғалыс, ұлт-азаттық революция, отан соғысы, «Алаш партиясы», көтеріліс, отарлану, ақпан революциясы, қазан революциясы, ақтаңдақ.
Кіріспе. Отандық тарихшылардың ХХ ғ. 90 жылдарынан бастап ұлт тарихындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы өзекжарды тақырыбы болса, соны алдымен көтерген көшбасшылардың бірі академик М.Қ.Қозыбаев болатын. Себебі, тәуелсізідіктің дәмі аузына келген, еркіндікті сезінген зерттеушілердің жаңа легі үшін келешектегі зерттеулерге бағыт сілтеуге және тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерін анықтауға М.Қ.Қозыбаев бастаған тарихшылардың аға буыны аса кәсібилікпен келді, жауапкершілікті сезіне білді. Соның көрінісі ретінде өздері бас болып күрмеуі қиын тақырыптарға қалам тартты.

Материалдар мен әдістер. Дерек ретінде академик М.Қ.Қозыбаевтың негізінде жазылған еңбегіндегі мәліметтер қолданылды. Оның ішінде ғалымның: "Тарих зердесі (Замана асуы)", «История и современность» (Алматы «Ғылым», 1991.) «Ақтаңдақтар ақиқаты» (Алматы «Қазақ университеті», 1992.), «Жауды шаптым ту байлап» (Алматы «Қазақстан, 1994.), «Тарих зердесі» (Алматы «Ғылым», 1998.), «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» (Алматы, 2000.), «Өркениет және ұлт» (Алматы «Сөздік-Словарь», 2001.) сияқты еңбектеріндегі тұжырымдары мен көзқарастары, сол сияқты: «Национальные движения в условиях колониализма: Казахстан, Средняя Азия, Северный Кавказ» атты 1991 жылы жалпыодақтық деңгейде өткізілген дөңгелек столда сөйлеген сөзі, "Академик Манаш Қозыбаев. Мерейтойлық жинақтағы" мәліметтер дерек ретінде пайдаланылды. Деректердің бір парасы ҚР ПМ 163-қ., 1-т., 53-іс. 49-153, 181-пп. қорындағы құжаттардан және академиктің ғылыми келбетіне ғылыми зерттеуін арнаған Кулдибаев Е.К. М. Қ. Қозыбаевтың өмір жолы мен ғылыми шығармашылық мұрасы (1985-2002жж.) 07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты (Алматы, 2010) қолданылды.

Әдістері: Мақаланы жазу барысында тарихи жүйелілік, тарихи-салыстыру, хронологиялық және бақылау әдісі; секілді тарихи, тарихи-әлеуметтік және т.б. бағыттағы зерттеу әдістері қолданылды.

Талқылау.

Академик М.Қ.Қозыбаевтың 1969 жылы 4 маусымда қорғаған «Қазақстан Коммунистік партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты докторлық диссертациясында замана ызғарынан қаймықпай тарихи ақиқатты алға тартуының өзі кейінгі жылдары ғалымның теориялық білімінің шыңдалуына септігін тигізсе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлде қашан пісіп-жетілген батыл әрі тың тұжырымдарды өмірге әкелді.

Аталған зерттеуінде ғалымның көтерген мәселесінің бірі кеңестік саясаттың салқынымен қордаланып қалған – ұлт мәселесі еді. Соғыс жылдарында тыл жұмысына қазақтан адам алынуына ол арнайы тоқталып, 1916 жылғы патшаның маусым жарлығындағыдай жергілікті халықтың мүддесімен санаспаушылықтың орын алғандығы батыл көрсетілді. Еңбекке жарамды азаматтардың жаппай мобилизацияға ілінуі салдарынан ауыл шаруашылығындағы ауыр еңбекке қариялар мен әйел бала-шағалардың жегілуі патриоттық ұлтшылдықтан гөрі шарасыздықтан туғандығын ғалым кеңестік тарихнамада алғаш рет көрсетіп мәскеулік әріптестерінің назарын аударды.

Ұлттың азаттық күресі көсемсіз болмайтынын жете түсінген ғалымның ұлтжандылығын көрсеткен тағы бір қыры 1983 жылдың 9 тамызында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында «Қазақ КСР» қысқаша энциклопедиясына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және т.б. қазақтың арда туған арыстарының өмірбаянын енгізу туралы мәселе қойуы еді. Өкінішке орай, Манаш Қабашұлының ол кездері жазу түгілі, есімдерін айтуға тиым салынған қазақтың біртуар перезенттерінің атын жаңғырту ниетін партия басшылығы өткізбей тастады.

1986 жылы ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бөлім меңгерушісі, көп кешікпей осы айтулы ғылыми-зерттеу мекемесінің директорлығына тағайындалған Манаш Қабашұлы одақ деңгейінде танылған ғалымдығымен қоса ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру ісінде де мол тәжірибе жинаған кәсіби басшы болып қалыптасқан болатын. Сөйтіп, 1987 жылғы ақпанда «ақтаңдақ» термині алғаш рет қолданысқа түсті. Оның қолдану аясы бірте бірте кеңіп, Отан тарихының көптеген кезеңдерін қамти бастады.

Сол сияқты ғалым ақтаңдақтар қатарына қазақ халқының этногенезі, қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт азаттық қозғалысы, ұлттың көне мәдениет тарихы, Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы, көшпенділер өркениеті, қазақ халқын күшпен отырықшыландыру әдістері мен шежіре мәселелерін жатқызды. Кеңестік дәуірдің құрдымға кетіп бара жатқандығына көз жете бастаған тұста тарихшылар әулетіне көсемдік еткен Манаш Қабашұлы Қазақ мемлекеттігі, отаршылдық жүйе, геноцид туралы алғашқы идеяларды алға тартты.

Тәуелсіздікке қол жетісімен азат тарихи сананы қалыптастырудың алғашқы салмағы қоғамдық ғылым өкілдеріне, оның ішінде тарихшыларға салмақ салғаны ақиқат. Әсіресе, тарихшыларға Қазақстан тарихнамасында күрделі болып келген тақырыптарды ақиқаттық тұрғыдан ашып көрсетуге, шынайы баға беруге мүмкіндік туды. Осы тұрғыда академик М.Қ.Қозыбаев «Қазақ халқы босағасы берік, шаңырағы биік мемлекет болған екен, ендеше, оған өзіне лайық тарихы да жазылуы қажет»- деп алда тұрған міндеттерді айқындай білді [1, 114-б.].

Академиктің қазақ тарихына, оның ішінде ұлтымыздың азаттық жолындағы күресі, оның көлеңкелі тұстары мен қайта зерделеуді қажетсінетін тұстарын көрсеткен еңбектерінің қатарына: «История и современность» (Алматы «Ғылым», 1991.) «Ақтаңдақтар ақиқаты» (Алматы «Қазақ университеті», 1992.), «Жауды шаптым ту байлап» (Алматы «Қазақстан, 1994.), «Тарих зердесі» (Алматы «Ғылым», 1998.), «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» (Алматы, 2000.), «Өркениет және ұлт» (Алматы «Сөздік-Словарь», 2001.) және басқа да мақалаларын жатқызуға болады. Осы зерттеулерінде көне заман бастап Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы тарихы толықтай қамтылады. Аталған тарихи еңбектерінде ғалым қазақ тарихының көмескі тартқан тұстарын ашып, оның маңыздылығын айқындайды. Осы еңбектер ғалымның ұлттық тарихқа түбегейлі бет бұрғандығын көрсетеді.

Академик М.Қ.Қозыбаевтың бастамасымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мұрындық болып КСРО көлемінде алғашқылардың бірі болып Алматы қаласында 1990 ж. 27-28 шілдеде «Национальные движения в условиях колониализма: Казахстан, Средняя Азия, Северный Кавказ» атты Бүкілодақтық дөңгелек стол ұйымдастырылды. Осы жиын шығыс халықтарының патшалы Ресей отарлық саясатына қарсы азаттық қозғалысының қайта зерделенуіне түрткі болды. Тарихшылардың осы бас қосуында Ресей отаршылдық саясаты талданып, ұлт-азаттық қозғалысының ортақ заңдылықтарын ашу, оларды әлемдік азаттық қозғалысының құрамды бөлігінде қарауға алғашқы талпыныстар жасалды және де айтылған пікірлер, тұжырымдар бүгінде азаттық тарихына қатысты көптеген зерттеушілердің мәселені індете қарауына итермеледі.

Осы алқалы жиында М.Қозыбаев: «Значительно меньше внимания в исторической науке уделялось борьбе народов нашей стране. Это привело к тому, что до сих пор не создана цельная, правдивая, подлинно научная концепция освободительной борьбы народов восточных многонациональных регионов. Во многом сложившаяся ситуация объясняется тем, что развитие историографии ...было многократно грубо прервано и нарушено» [2, 4 б.] деп мәселені зерттеуге жаңа методологиялық ізденістердің қажеттілігін көтеріп, тақырыпқа қатысты тарихнама мен деректанудың іргелі мәселелерін нықтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы лебінің білінуімен бірге Манаш Қабашұлы ұлт тарихының жоқтаушысы ретінде ұзақ уақыт іштен тынып, бір мезетте атқылаған жанартаудай Отан тарихының теориялық-методолгиялық мәселелерінің түйткілдерін жайып салды. Өзінің осындай өмірлік ұстанымын пір тұтқан академик бар күш-жігерін елі мен жерінің тарихын қайта саралауға арнады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында академик М.Қозыбаев жаңа сипаттағы Қазақстанның азат тарихының жаңа тұжырымдамасын жасауға өз зерттеулері арқылы салмақты ой-тұжырымдар қосты.

Аталған туындыларында академик мәселені қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қарастырып, патшалы Ресей мен Кеңес Одағы жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен қарулы көтерілістердің ортақ белгілері мен аймақтық ерекшеліктерін сабақтастыра қарастыруға, көтеріліс жетекшілерінің тарихи тағдырын жаңа заман талабымен қайта саралауға шақырды. Әсіресе, Манаш Қабашұлы 1994 жылы жарық көрген «Жауды шаптым ту байлап» публицистикалық жанрда жазылған мақалалар жинағында ұлт-азаттық көтерілістің методологиялық мәселелерін кеңінен жазды. Жинақтағы «Ұлт-азаттық қозғалысының белестері» деген мақаласында «отаршылдық», «ұлт-азаттық қозғалысы», «ұлт-азаттық революциясы», «Отан соғысы» сияқты бұрын Отандық тарихы ғылымында көтерілмеген ұғымдарға тоқталып, олардың ішкі мазмұны мен сабақтастығына талдау жасай отырып, оның түрлерін жіліктей келе орыс империялық отаршылдығы отарлау жүйесінің ең арзан, жабайы түрі екендігін дәлелдеді. Зерттеуінде ғалым қазақ даласындағы азаттық қозғалысы әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының, дүниежүзілік отарлық жүйеге қарсы күрестің құрамдас бөлігі, бұл да бір методолгиялық тұғырдан мөлшерлер мәселе деп түйеді.

Әсіресе, ғалым қазақ азаттық қозғалысының сатыларын, белестерін, асуларын тәуелсіз ойлау биігінен саралап, ашып көрсетуге тырысты. Ол ұлт-азаттық қозғалыс барысын жеті кезеңге бөліп қарастыру керектігін ұсынды. Оның пікірінше, бірінші кезеңге қазақ халқының құрамына кірген тайпалардың Сібір жұртын жаулап алуға қарсы азаттық қозғалысын жатқызды. Ал, екінші кезеңде қазақ елінің Жетісу, Сыр бойы жоңғарларға, Қоқан-Хиуа хандықтарына тәуелді болып, жоңғарларға қарсы Отан соғысы болғандығын, бұл кезеңде үш жүздің басы одан әрі бірігіп, ұлттық дәрежеге көтерілгендігін айтса, үшінші кезеңде қазақ халқының Ресейге бодан болуға қарсылық білдіру барысын айқындап, төртінші кезеңге патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы көтерілген Сырым Датов, Исатай Тайманов көтерілісін, ал бесінші кезең барысына Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті жатқызады. Алтыншы кезең XX ғасыр басында қалыптасқан зиялы қауым өкілдерінің патша саясатына мерзімді баспасөз арқылы қарсы шығуы мен патша жарлығына қарсы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласуын, жетінші кезеңге 1917 жылғы Ақпан мен Қазан революциясын жатқызады [3, 22-28 бб.]. Ғалым тың методологиялық пікірлер айта отырып, азаттық жолындағы көтерілістерді тұтас қарастыру керектігін көтерді. Бұл методолгиялық көзқарастың күштілігі ұлтты, оның отаршылдықпен күресін біртұтас етіп қана емес, бір сипатты, бір мақсатты екендігін көрсетуде. Ұлт-азаттық қозғалысы мен қазақ-қалмақ арасындағы Отан соғысының түбірлестігі, бір-біріне ұласу заңдылығы, олардың арасындағы диалектикалық даму заңдылығы тұңғыш рет тарихи әдебиетте көтерілді. Міне, осындай түйіндерді шешіп барып автор азаттық қозғалыстың белестерін көрсетті, классификациялады.

Бір айта кетерлігі, ғалым өз зерттеулерінде патшалы Ресей кезіндегі және кеңес өкіметі тұсындағы көтерілістерді байланыстыра қарастыру керектігін де алға тартты. Осы екі дәуірдегі қазақ азаттық күресінің ішкі үндестігін, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін байланыстыра, сабақтастыра зерттеудің қажеттілін баса көрсетті.

Сонымен қатар, «ұлт-азаттық қозғалыс» пен «ұлт-азаттық көтеріліс» ұғымдары ғалымның еңбегінде жан-жақты талданды. Ғалым, қазақ тарихнамасында алғашқылардың бірі болып, ұлт-азаттық көтеріліс - ұлт-азаттық қозғалыстың бір түрі есебінде екендігі айта келіп, «Менімше, ұлт-азаттық көтеріліс – ұлт азаттық қозғалысының бір түрі, оның сөз жоқ, қарулы халық қатысқан бір түрі. Ал, осы көтеріліс бір оқиғалық, региондық шеңберінен шығып, масштабы кеңейіп, бүкілхалықтық дәрежеге көтерілсе, ол ұлт азаттық революция санатына көтеріледі» деп тың көзқарас жасады [3, 21 б.]. Бұған дейін «көтеріліс» сөзіне өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының ішінде күрескеріміз М.Шоқай ғана былайша анықтама беріп кеткен, яғни оның жазуынша: «Көтеріліс езілген халықтың езушілерге қарсы өшпенділік сезімінің бір бұлқынысы» болатын [4, 104 б.]. Сондықтан да, азаттық күресінің терминдеріне қазақи анықтама беруді алғаш ұсынған да Манаш Қабашұлы болды. Оның осы мәселені сөз ете келіп: «...Қалай болғанда да біз тарихи әдебиетте халық бостандығының тарихына байланысты терминдерге, ұғымдарға мән бергеніміз жөн» деген жанды пікірін қаперге алғанымыз бүгінде дұрыстығын дәдәлдеп отыр [3, 21 б.].

Патша дәуіріндегі қазақ халқының көтерілістерінен кеңес дәуіріндегі халық көтерілістерінің айырмашылығы, ұқсастығы, өзара сабақтастығын салыстырыу нәтижесінде ұлтымыздың Тәуелсіздікке жету жолындағы қозғалысының ортақ бейнесі шығары сөзсіз. Сонымен бірге патшалық Ресей және кеңестік дәуірдегі отарлық саясаттың ортақ үндестігі мен жаңалықтары айқындалуы шарт.

Академик М.Қозыбаев ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық күресті қарағанда мұсылмандардың саяси қызметі мен олардың азаттық жолындағы қозғалысына мән бере зерттеу қажеттігіне баса мән берді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын Қазақстан тарихының келелі мәселелерінің біріне жатқызып, қозғалыстың көздеген мақсаты ұлт бостандығы, отаршылдық саясатқа қарсылық екендігін көрсетеді. Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс төңірегіндегі айтқандарын таразыға салып, талдауға тырысты. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістерін де тарихтың ірі оқиғасына жатқыза отырып, революция кезеңдерінде жіберілген қателіктердің басты себептерін де ашып көрсетеді.

«Алаш» қозғалысы, «Алаш партиясы», «Алашорда» автономиясы ұғымы турасындағы өз ойын да түйіндеген. Алаш зиялыларын ғасыр басында Ресейде қалыптаса бастаған интеллектуалдардың жаңа ұрпағына жатқызды. Ақпан төңкерісінен кейінгі Қазақстан қоғамындағы өзгерістер легін Алаш қозғалысымен тығыз қарастыруды ұсынды. Алаш зиялылары ағартушылық идеясын жаңа сатыға көтеріп, оны таптық мүдде емес тұтас ұлт мүддесін қорғап, отаршылдыққа қарсы ұлттық майдан ашуды көздегендігін талдап көрсетті. Бұл жөнінде академиктің өмірі мен ғылыми қызметіне баға берілген кейінгі зерттеулерде де кеңінен көтеріліп, бағасын алды [5].

Нәтижесі. Мақалада академик М.Қ.Қозыбаевтың қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін кезеңдерге бөлу, патшалық Ресей кезеңіндегі және кеңестік билікке қарсы қазақ халқының күресін байланыстыра қарастырудың қажеттілігіне баса назар аударды. Ғалымның қазақ ұлт-азаттық күресі жайындағы көтерген мәселелері, жасаған тұжырымдары, сілтеген бағыттары келешекте осы тақырыппен айналысатын зерттеушілердің ізденістеріне іргетас болып қаланады.

Қорытынды.

Қорыта айтқанда, академик М.Қ.Қозыбаевтың артында қалған ғылыми мұраларындағы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің мәселелері, жасаған өзіндік тұжырымдарының әлі де өміршеңдік танытып отырғандығын көрсетеді. Өйткені аталған тақырып түбегейлі зерттеудің жалғаса беретіндігі белгілі.

Академик Манаш Қабашұлы: «Бұл да еліміздің тарихы. Ал, тарих туын желбірете ұстау – біздің азаматтық парызымыз» деген еді [6, 136 б.]. Ғалымның бұл өмірлік ұстанымы бүгінгі тарихшылардың темірқазығы саналып келеді.

Сонымен қатар, ғалымның жеке құжаттары да бүгіндері ізденушілер үшін қолжетімді болып отыр [7 және 8].


Сілтемелер:

Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі (Замана асуы) – Алматы: Ғылым, 1998. 1-кітап. -344 б.

«Национальные движения в условиях колониализма: Казахстан, Средняя Азия, Северный Кавказ» Материалы Всесоюзного «круглого стола» 27-28 июля 1990 г. Целиноград, 1991 г. 92 стр.

Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. – Алматы: Қазақстан, – 1994. -192 б.

М.Шоқай. Таңдамалы, 2 том, Алматы. 1999

Кулдибаев Е.К. М. Қ. Қозыбаевтың өмір жолы мен ғылыми шығармашылық мұрасы (1985-2002жж.) 07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2010

Академик Манаш Қозыбаев. Мерейтойлық жинақ. Алматы: Атамұра, 2001.

Қозыбаев М.Қ //ҚР ПМ 163 -қ., 1-т., 53-іс. 49-153, 181-пп.

Республикалық мемлекеттік мекеме “ҚР ҰҒА” (1999-2004 жж.) //ҚР БҒМ Біріккен мекемеаралық мұрағаты (ҚР БҒМ БММ) 142-қ. 1-лд-т., 19-21п.
References

Kozybayev M.K. Tarikh zerdesi (Zamana asuy)- Almaty: Gylym, 1998. 1- kitap. – 344 p.



“National movements in conditions of colonialism: Kazakhstan, Central Asia, the

North Caucasus” Materials of the All-Union “round table” July 27-28, 1990

Tselinograd, 1991 92 p.

Kozybayev M.K Zhaudy shaptym tu bailap.- Almaty:Kazakhstan, -1994. -192 p.

M. Shokai. Tandamaly, 2, Almaty.1999

Kuldibayev E.K. Life and scientific heritage of M.K. Kozybayev. (1985

2002жж.)07.00.02 - History of the Motherland (History of the Republic of

Kazakhstan) The dissertation author 's abstract prepared for the degree of

Candidate of Historical Sciences,Almaty, 2010

Academician Manash Kozybayev. Anniversary Collection. Almaty: Atamura,

2001. Kozybayev MK // Article 163, art. 1, p. 53. 49-153, 181 pp.

Republican State Institution "National Academy of Sciences of the Republic of

Kazakhstan" (1999-2004) // Joint Interdepartmental Archive of the Ministry of

Education and Science of the Republic of Kazakhstan (MES RK) 142 1-nd, 19-21p.

Republican State Institution "NAS RK" (1999-2004) // Joint Interdepartmental

Archive of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan

(MES RK) 142 1-nd, 19-21p.


ВОПРОСЫ ОСВОБОДИТЕЛЬНОЙ БОРЬБЫ КАЗАХОВ В ТРУДАХ АКАДЕМИКА М.К. КОЗЫБАЕВА
Садыков Тлеген Садыкович

профессор Евразийского национального университета имЛ.НГумилева, доктор исторических наук
Набиев С.Т.

докторант PhD кафедры Евразийских исследований Евразийского национального университета им. Л.Н. Гумилева

г. Астана, Казахстан
Резюме

В статье рассматривается роль известного ученого-историка М.К. Козыбаева, внесшего весомый вклад в изучение истории Казахстана. Ученый по-новому изучает национально-освободительное восстание казахов, считая его одним из важных частей семи этапов всех национально-освободительных движений, происходивших в истории нашего народа. М.К. Козыбаев разработал по этому вопросу ряд методологических и терминологических направлений, которые впоследствии стали отправной точкой для других молодых ученых, посвятивших себя этой немаловажной странице истории Казахстана.



Ключевые слова: КазССР, национально-освободительные движение, отечественная война, партия Алаш, восстание, колонизация, февральская революция, Октябрьская революция, белые пятна истории.
Sadykov Tlegen Sadykovich

L.N. Gumilyov Eurasian National University

Professor of the Faculty of History

Astana, Kazakhstan


Nabiyev S.T.

L.N. Gumilyov Eurasian National University,

Faculty of History, PhD student of the Department of Eurasian Studies

Astana, Kazakhstan



THE ISSUES OF KAZAKH LIBERATION STRUGGLE

IN THE WRITINGS OF THE ACADEMICIAN M.K. KOZYBAYEV
Summary

The article considers the role of M.K. Kozybayev - famous historian scholar, who made a significant contribution in the study of the history of Kazakhstan. The scholar is exploring the national liberation uprising in a new way, considering it one of the important parts of the seven stages of all national liberation movements that once happened in the history of our people. M.K. Kozybayev developed a number of methodological and terminological directions on this issue, which later became the starting point for other young scholars who have devoted themselves to this important page of the history of Kazakhstan.

Keywords: KazSSR, national liberation movement, Patriotic war, Alash Party, uprising, colonization, February revolution, October revolution, blank spots.



Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2186 -> 2019
2019 -> Әож 94 (574) жаһанша досмұхамедов – алаш қОЗҒалысының Өршіл қайраткері түйін Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»
2019 -> Әож 94 (574) ахмет бірімжанов – алаш интеллигенциясының КӨрнекті өкілі түйін Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
2019 -> Уалтаева А. С., т.ғ. к. Отар Ә. Н., 2-курс магистранты Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ӘӨЖ: 94(574)(092)
2019 -> Б. С. Боранбаева
2019 -> Қали айнұр1, СӘкенұлы қайрат2, айдаралиева әсел
2019 -> Маулит. Б. 1, Шәріпқазы Н. 2 1
2019 -> Омарова Г.Ә., ғылыми қызметкер, Алматы қ., Қазақстан. ӘОж 4(574). 084. Алжир қасіреті: азап шеккен аналар естелігінде
2019 -> Г. Р. Мухтарова1 1Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбысжазба архиві Алматы, Қазақстан
2019 -> Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
2019 -> Г. Е. Сабденова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, доцент, т.ғ. к., Қазақстан, Алматы А. Н. Усерова


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет