Сайқымазақ ДҮние



бет1/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Көсемәлі Сәттібайұлы


САЙҚЫМАЗАҚ ДҮНИЕ

Тараз

«Сенім»

2007

ББК 84 Қаз 7-44

С28
Сәттібайұлы К. Сайқымазақ дүние.

С 28 Әңгімелер, хикаяттар, ғақлиялар, ертегілер.

Тараз: “Сенім”, 2007 – 272 бет.

ІSBN 9965-548-48-Х



Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлына тән бір қасиет, оның әңгімелері Қыз Жібектің көшіндей шұбатылып жатпайды. Ол осы ықшам дүниенің ішіне талай дүниені таспадай түйіп тастайды. Соның бір парасы – ұлттық әлем. Сондықтан жазушының“Сайқымазақ дүние” деп аталатын осы жинағындағы “Шаншудың балконы”, “Соп-тиак-ти”, “Шарбақтының жалғызы”, “Электорат” және басқа әңгімелері мен хикаяттарын жазушының әдебиет деген ауыр жолдағы толымды табысының бірі деп бағаласақ ағаттық болмас.

Кітап көпшілік қауымға және жастар мен балаларға арналған.

ББК 84 Қаз 7-44


ІSBN 9965-548-48-Х


© Сәттібайұлы К.., 2007

КӨСЕМӘЛІНІҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ
Жазу жарықтықтың тәңірісі – қалам иесі, соның дүние, адамтанымы, ой-сана ағасы. Өзінің нысанасы адам, оның соңғы демі біткенше бітпейтін кейде мамыражай, кейде алай-түлей, кейде тастай берік, кейде солқылдақ, көбіне қарама-қайшылықты тірлігі: қаламгер осы қым-қуыт, қиыр-шиыр әлемге шын батып кетіп ой қаузайды, мән іздейді, жақсы мен жаманнан бастап кез-келген құбылыстың әлеуметтік себебін іздейді. Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының көркем шығармашылығындағы мақсат осындай. Кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық жабық конкурстың жүлдегері атанған Көсемәлі әдебиеттің оң мен солын әлдекімдер сияқты орғытып өтіп, «орда бұзамын» деген жоқ, оның телегей болып келетін шалқар ойларын шарлады. Сонда білгені алпыс аталы, жетпіс жезделі адамзаттың бағы мен соры, арманы мен мүддесі қанша тұтасып жатқанымен, әр ұлыстың өз әлемі бар екен. Әркім сол өз әлемімен ұлт, халық екен.

Жарық дүниеге ешкім де өз әлемінсіз келмейді. Алайда, дүниенің түрлі-түрлі дүрбелеңі, дүмпуі кездеріндеөоз әлемінен әлдекімдердің араларына судай сіңіп, тастай батып кеткендер көп. Құдай жарылқағанда қазақ өйте алмады. Өйте алмағаны өз әлемі - тілі, діні, ділі, күнкөріс дәстүрінен, өмір сүрудің тарихи жолынан көз жазбады, атадан балаға ауысып отыратын ар-намысты аманаттарды көзінің қарашығындай сақтай білді. Сонда осының барлығының ақ ордасы да, алтын қазығы да Ауыл еді. Көсемәлі қаламынан туып жатқан көркем шығармалар осылай пайымдайды. Жөнсіз ауа жайылмай, ауыл жағын жағалайды.

Технократтың, экономикалық, мәдени-рухани коммуникацияның бір мұржадан біреу-ақ болып шығып жатқан қою көк түтінінің көп нәрседен көз жазып бара жатқан қазіргі кезімізде анаған да, мынаған да еліктеп-солықтамай рухани тағдырымыздың о бастағы ауылдық әуенін одан ары жалғастырып, жаңғыртып әкету назық табиғилық. Біздің қазақы әлемнің түпсіз тарихы бір басқа. Оның берідегі жылнамасының өзі ондаған ойсылқара теңдеп әкете салатын оңай жүк емес. Өшіп-жанғаны, көшіп-қонғаны, қуанып-күлгені, жылап-сықтағаны айтылып та, жазылып та біткен жоқ. Тірлік керуені таулы жерде қарғытып, ойлы жерде орғытып кете алмаған. Кетер еді, пешенеңе жазылған пенделік дейтін пәтуасыздықтан мына жалғанда жаныңда жүргенмен жағаласып, жанай жүргенмен жан алысып, өз жолыңды өзің кесіп жатасың. Әр заманның басынан өткен, өтіп жатқан, өте беретін жай. Кешегі жиырмасыншы ғасырда қазақ әлемі қай сұмдықтан “қағылмады”? Қапаста қалды ма-ау, қан төгілді ме-ау, қаңғып та кетті ме-ау, қайыр да тіледіме-ау... Адамның соры сонда неге бес елі? Тағдырдан ба? Болса, оның кезегімен келіп отырған соққыларын таңбалап отырсаң басқа бір пәле тағы жатыр ғой. Ол осындайда іргеңді іштен шыққан шұбар жыландар тесіп шығатыны. Сөйтіп, көресіні Көсемәлінің «Шопанбайдың шарбағы» әңгімесіндегі Орақбай сияқты белсенділерден де көресің. Орақбайлар мәрттіктің, сұлу торы аттай көркем, таза ғұмырдың жауы. Соны табанына салып, сағын сындырғысы келеді: құдай төбесінен ұрғанда оған өзінің әлі келмей-ақ қойды. Бірақ айы оңынан туғанда аудандық милицияның әпербақан бастығы бар еді. Соны айдап салды. Мойны доғаша иілген сұлу қара айғырды кеңес өкіметінің милиция бастығы мінбей кешегі бай тұқымы, бүгінгі жәй жылқышы неге мінеді? Қара басқа қауіп төнді. Не айғырды бер, не түрмеге бар. Атам заманнан атадан балаға ауысып келе жатқан алтынды аяққа таптатпайтын аманатқа адал Мейірқұл жылқышы қара айғырға әпербақанның аяғын артқызған жоқ, жануарды мұздайсуға шомылдырып, аппақ жабу жауып, күміс ер- тұрмансалып, құйрық-жалын сүзіп адам көзінен таса айдалағаапарып, адал бауыздап, арулап көміп тастады. Бұл не? Орақбай белсенді әпербақан бастықты қан соқтырғаны ма, жоқ, ауыл біткеннің асылын айдап, атып, аздырған,әруағын тоздырған кеңестің «Кейқуат салған кесірлі» заманына іштей қарсылық па: мұны ойлы оқырман өзітанып алуға тиіс.

Енді,міне, түрмесіне отырды ма, трудармиясына барды ма, не көрмеген өмір де тұяқ серпуге таяу. Әркімніц демі әрқалай, әрқилы жағдайда, әрқилы ой, әрқилы жылаумен түгесіледі. Жетпеген, жеткізбейтін ит арманның бәрібір сенім-үміті сөнбейді. Мейірқұлдың немересі Еркебұланды ата жұртты көрсетуге әкеліп отырғаны сол. Осы бір тұқым-тұяқтарының әруағы айқасып жатқан ескі қорымға көз қырын салып жүрер, иесіз қалдырмас деген дәмесі. Жарықтық Шопанбай бабасы осы ұлтарақтай жер үшін қара шекпендермен де қан-жоса болысқан, бірақ қисайғанды қынадай қырған қызыл әскер ерік бермеді. Енді мынау заман өзгерген сияқтыма, немене... Заманның сөзі өзгеріп, өзі сол баяғы “аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесінінде” қалса қайтеді? Болмаса, осы түгін тартса майы шығып жатқан ауыл жерін Астанадағы бір сенатор алып қойыпты деп жүргендері не әңгіме? Ол сенатордың кім екенін жалғыз ұлы біледі. Облысты басқарып тұрған кезінде бұған жақсылығы да тиген. Енді бір жоталы қызмет деп те армандап жүр.

Ендеше ұлға сенім жоқ. Ол заманының тазысы. Заманы басына теуіп жатса да кетпейді. Өле-өлгенше соны бір шалып қалуды көксейді. Сол мақсатының жолында жел соқпаса да иліп тұруға, сел жүрмесе де ағып кете беруге бейіл. Бұған бабасы “Шопанбайдың шарбағы” да, мына әкесі ертең о дүниеге көшкенде жатуға тиіс өзі көрсетіп отырған тоқымдай жер де бәлендей мәселе емес. Қазақтың жерін біреу түгел көшіріп әкетсе де бәрібір. Тек, өзін де бірге ала кетсін. Атына мінгізіп әкете ме, жоқ есегі бұйыра ма, әйтеуір жаяу-жалпы қалдырмаса болды.

Жұмбағы көп дүниенің тағы бір жұмбағы - тектіден тексіз қалай туады? Қазақтың «Жақсыдан жаман туады іске алғысыз, жаманнан жақсы туады адам нанғысыз» деп, таңдай қағатыны осы жұмбақтың жауабын таба алмай дағдарғанынан шығар. Дүниенің бірде киіз, бірде мүйіз болып, астаң-кестеңі шығып жататыны түптеп келгенде әлгіндей алақұлалықтан, бәлкім. Сол алақұлалық болмаса қазір ғана көз алдыңда ақтарылып отырған ақыл былай шыға айдаһардың аранына айналып кетпесе еді ғой. Сонда кімге, қалай, неге сенесің?

Көсемәлі - Мейірқұл шалдың ішкі әлемін соншалық қазбаламағанымен шағын диалогтары, үзік ойға алулары арқылы өзінің мына заманға деген танымын ақырын астарлап жеткізеді. Осыдан кейін ойлайсыз: япыр-ау, Мейірқұл қарияның ата-баба қорымынан тәнін жасырар бір тоқым жердің бұйырғанын көксеп отырғаны не, ал небір сулы, нулы жерлерді қолдарында билігі бар балтыры жуан, басы «алтындардан» бастап, ауылдағы «балақай» әкімдерге дейін алып қойып жатқаны қалай?!.

Мейірқұл шал осыдан түңілген. Оның ендігі жердегі үміті мен сенімі - келер күндерге ауылдан барын алып кетіп бара жатқан емес, ауылға барын алып келе жатқан немересінде...

Дүниенің қызығы көп. Соның ішінде ақиқаттан қымбаты жоқ. Өткен бір замандардағы шылбырыңды қиып, шымбайыңа батқан шындықты айту әркімнің- ақ қолынан келер, ал өз заманының ақиқатын айна қатесіз ақтарып салу арлының ісі. Жазушы дарынсыз ақымақтардан азар да, безер қорқады. Өйткені онда терең көріп, тебірену жоқ, тесіле қарап, тік сөйлейтін батылдықжоқ, ақылы удай ашитын азап-шер жоқ. Аңғал-саңғал, алабажақ, арсы-гүрсі...

Көсемәлі бейнелі сөз, бедерлі ойға қосылып өз заманының ақиқатын айтуға, шындыққа әркез сусап, көні кеуіп отыратын дүниенің шөлін басып, айызын қандыруға ұмтылады. Кімнен қорқуды, неден безінуді әңгімелейді.

Бүгінгі қоғам басқа қоғам. Өзгерген қоғам. Кешегі қойшы бүгін таксист, мұғалимаң - шекілдеуік сатқыш. Әнебір жылдары есігінде үрерге иті жоқ кейбірі аяқасты байып, жалғанды жалпағынан басып жүр. Жә, оның барлығы ештеңе емес-ау, ел билігіне ессіздердің еніп кетіп жатқаны ше? Мынандай эпизодқа қараңыз: “Әліпбайдың әпербақаны” аталып кеткен біреу облысқа әкім болады. Бұл өзі «голландық әдіс» деп аталатын тендер дегеннің ісіп-кеуіп тұрған кезі еді. Әлгі әкім тендер дегенде көзі дым көрмей кететін пәле екен, облыста сатылмаған нәрсе қалмайды. Ақыр соңында көзі мұражайға түседі. Сөйтіп бір күні нөкерлерімен жетіп келеді де:

Мынау не? - дейді сәлем-сауқат жоқ, мұражай ауласының қақ ортасына талтайып тұра қалған Әліпбайдың әпербақаны.

ХТЗ-ы ғой.

Бұл неғып тұр?

Көненің көзі емес пе? Жем-су сұрап жатқан жоқ...

Керек емес. Бүгіннен қалдырмай көзін құртыңдар. Ал мынау не?

Балбал тастар ғой. Жиырма жыл жүріп жинаған еңбегім. Мынаны Тайтөбенің бауырынан, мынаны Ақыртастың басынан алып келдім. Бетіндегі таңбаларын көрдіңіз бе ? Мынау Талас жазулары... Ата-бабаларымыздан қалған арда белгілер бәрісі. Анау Андронов дәуіріндегі көрдің тасы...

Не дейді, бұлардың да көзін құртыңдар. Қаланың ортасына моланың тастарын жинаған деген не сұмдық? Неткен сауатсыздық? Не деген артта қалып қойған облыс бұл? Қандай тупикке келгем құдай-ау?

Ойбай-ау, не деп тұрсыз? Мемлекеттің қарауындағы жәдігерлер ғой бұлардың бәрісі... Тауарих қой...

Құртыңдар деген соң, құртыңдар. Мына мұражайдың іш-сыртындағы халам-баламдардың бәрін құртыңдар. Біз бұл арадан мынауский думанхана жасаймыз.

Сендердің ескі-құсқының исі мүңкіген мұражайларыңнан бюджетке көк тиын да пайда жоқ...

Әліпбайдың әпербақаны мұнымен тынбайды. Сол жерде қасына еріп жүрген тілшілерімен баспасөз мәслихатын өткізіп жіберді.

Маған дейтін бұл облысты ұлтшылдық дерті жайлап алыпты. Қай жерге барсаң да қазақ, қай жаққа қарасаң да қазақ мектебі... Иә, айтпақшы, «тіл», «діл» деп қақсай беретіндер менің ана тілімнің қай тіл екенін неге сұрамайды?

Тілшілер “қазақтың ана тілі қазақ тілі болмағанда, атасының басы бола ма?” дегендей үндемейді.

Менің ана тілім - месхет тілі...

Сөйтсе Әліпбайдың әпербақаны Меркідегі месхеттердің ортасында өскен ғой.

Сонда не болды? Егер биліктің бір тізгіні туған елінің тарихи орнын думанханаға айналдырып, «интернационалист» болып көріну үшін ана тілін месхет тіліне айырбастай салатын мына секілді әпербақандар қолында тұрса, қоғамның тағдыры қайтпек? Оның тарихы, ділі не күйге түседі? Жазушының азап-шерге бөлейтіні осы. Оның кейіпкері Сайлаубектің қыжылы Әліпбайдың әпербақаны кезінде есеп-санақ комитеті деген мекеменің шотын теріс қағып жүрген екен, елдегі үлкен зауытты сатып, миллиондаған доллар пара алған алаяқ екен, ендеше ел билігіне қалай өтіп кеткен? Мұндайлардың қоғамы бола ма, оған қоғамның қажеті бар ма?

Гоголъдің “Ревизорындағыбір көріністі көз алдыңызға елестетіңізші. Қала басшысы қаладағы барлық мекеме басшыларын шұғыл шақырып, ревизор келгенін хабарлайды ғой. Сонда әлгінің бірі «о, құдай, оның бізге керегі не?» деп жаман таң қалады. Бұл ішкен-жегеннен басқаның бәрінен, бәрінен болғаны тіпті өзінің Ресей-Анасын, жалпы қоғам деген ұғымды, оның заңдарын баяғыда ұмытқан құдай-тобасыз адам, ягни билік құрамының іріп-шіріген образы. Әліпбайдың әпербақаны сол құдай-тобасыздардың бүгінге жеткен тұяғы.

Бұл аз десеңіз, Көсемәлінің жазушы Ғ. Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылғанбәйгеде жүлдеге ие болған «Шаншудың балконы» деген әңгімесіндегі Шаншуды қайтеміз, қайда апарып, қайда қосамыз? Бұл да бастық. Осы білдей бастықты ішіп қаңғып кетпесін деп көкайыл әйелі сыртынан кілттеп кетеді. Одан не пайда, қарауындағыларатауын алып келіп жіппен бесінші қабаттың балконына аттандырады. Сосын қызыл араққа мелдектеп алып, балконнан тост айтады келіп. Бұрын-соңды балконнан тост айтқан кімді көріп едіңіз. Айтқанда ауылдан артынан іздеп келгенағайындарына мана ғана бесінші қабаттың балконынан:

Көркемтай-ау... Мен қор болдым ғой. Қорлады ғой мыналар. Ауылға ап кетіңдерші. Естібай атам қайда? Апарыңдаршы... - деп іші бауыры езіліп, еңіреп тұрған Шаншу, енді масайғанда:

Ауылдан келдік дедіңдер ме, маған. Бәрің де итсіңдер. Естібай да, Кенжебек те, бәрің. Жақсы атты көріңгілерің келеді, ә. Аттарын шығару үшін ескерткіш дегенді шығарып апты түге. Түкірдім мен ондай... ондай... халтураларыңа, - деп шыға келеді.

Шаншудың “халтура” деп тұрғаны ауылда өзінің туған әкесіне қойылған ескерткішті айтқаны екен. Шуылдақ шалға қойылған ескерткіиітің артындағы Қордайдың қызыл тасына сталиндік жазалауға ұшыраған 77 адамның аты-жөндері жазылып, ескерткіш ашылғанда бәрінің ұрпақтары келіпті. Келмеген Шаншу ғана...

Азғындықтың түрі көп. Ал туған әкесіне қойылған ескерткішті «халтура» деу айуандықтан да жаман. Беті аулақ қасырет. Қоғамды иектеп жүрген жын. Ол біреу ме, екеу ме? Әліпбайдың әпербақаны, Шаншу сияқтылар он, жүз, тіпті одан да көп болып, көбейіп жатса ше? Осы зарды айта білетін жазушы қоғамның жанашыры, қоғамның жоқшысы. Мұндай қаламгердің жанайқайын, көз жасын күйректікке жатқызуға болмайды, өл кесір-кесепатпен келісімге келе алмайтын киелі күрес, жамандық атаулыға қаны қас қарсылық.

Көсемәліге тән тағы бір қасиет, оның әңгімелері Қыз Жібектің көшіндей шұбатылып жатпайды, ықшам. Осыықшам дүниенің ішіне талай дүниені таспадай түйіп тастайды. Соның бір парасы ұлттық әлем. Қалиқан Ысқақов ағамыз: “Ж.Аймауытовты бұрын оқысам, мен басқаша жазар едімдепті. Өкінгені, қызыққаны-ау. Қазақы тұрмысты, қазақы психологияны, қазақы тілді, қазақы қимыл-әрекетті дәл Аймауытовтай айнытпай жазған қазақ әдебиетінен әлі ешкімді көрген жоқпыз. Жалпы, енді Аймауытовтың шығармаларын мектептер үшін этнопедагогиканың аса құнды қазынасы ретінде танып, пайдаланатын уақыт жетті.

Аймауытовтағы ұлттық болмыс Б. Майлинде жалғасады. Одан бергі жерде ұлтымыздың қаны таза қазақы қалпын Д. Исабеков, Т. Нұрмағамбетовтердің әңгімесінен көруге болады. Бұлардың әңгімелері ұлттық колориттің Аймауытовтан қалған классикалық үлгісі. Көсемәлі әңгімелерінде осы үлгі бар. Болмаса жаңағы Шаншудың әкесі Шуылдақтың аупарткомдағылар Сталиннің ескерткішін ауылыңа алып бар дегендегі тірлігін қараңыз. Кеуде мен басы ғана бар зілдей көк тасты көк есекке артып алған шал ауылға тіке тартып кетсе жақсы, өйтпеді: қант-шай алайын деп аудан орталығындағы дүкенге, ала тоқтының терісін өткізе салайын деп базарға соқты. Қайда барса да есегінің сауырында салақтаған Сталиннің басы. Одан енді кепкен көнін жібітіп алмаққа шайханаға соқпай ма.

Шәуке, көк есекке кімнің басын артып алғансыз, - дейді шайханашы ұйғыр қылжақтап.

Шал саспайды:

Стәліннің басы...

Қапта не бар?

Не болушы еді, құм да.

Құм дейсің, ә, - деп сыздаусиды төрде төбедей боп қызыл шәй ішіп отырған шегір көзді, таңқы танау, бақа тамақ қазақ. Қарны боққа толы бақа тамақтың белгілі арызқой екенін аңқау шал қайдан білсін...

Осы күні ауыл мен қаланың психологиясы тұтасып кетті, айыра алмайсың деп адасушылар бар. Мұның шындығына көз жеткізу үшін Көсемәлінің әңгімелерін оқысаңыз да жетеді. Оның ауыл адамдары Буш деймісің, Бен Ладен деймісің қайсысының саясатын сайысқа салсын, қыза-қыза Ауғанстан асып, Пәкістан кетсін, жабыла Гюнтер Грассты оқысын, қалаға қоныс аударып қалаша сөйлеп, қалаша тамақ жесін, қалаша киінсін бәрібір ауыл адамдары өзгермейді. Өзгермейтіні олар қазақы тұрмыстың төлтұмарлары. Ойы, мақсаты, мүддесі түгел қазақы. Қалпынан айнып көрмеген қасиетті қазақы әлем. Көсемәлі қаламының қадыры бұл. Мен осылай ойлаймын. Ауыл қандай табиғи болса оның жазуы да сондай табиғи.

«Шарбақтың жалғызы» әңгімесін алып көріңіз. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский өте ұлтжанды болған ғой. Ұлтжандылықты ұлы суреткер бүкіл адамзаттықмүддеге апарар жол деп білді. Әйтеуір қайсыбір ұлтжанды болмасын жерге де, көкке де телміріп тегін іздейді. Кез-келген тектің оты сөнбейтін, сөндіруге болмайтын көзінің қарашығы іспетті қастерлісі болады. Қазақ үшін ол мұра – киіз үй. Ұлтымыздың ежелден ұябасары. Қаншама ұрпақ содан өріп шықты. Ән әуеледі, күй күмбірледі, жыр төгілді. Ұлттың көсемдігі көсілген, шешендігі есілген қара шаңырақ. Қазақтың өзі. Орны сайын дала, саржайлау еді ғой, жарықтықтың. Енді бүгін қаланың мал базарының қасында дейсіз бе, көрінген дүкеннің қалқасында дейсіз бе, көшелер қиылысының іргесінде дейсіз бе, қаптаған киіз үй. Осыған қарап Көсемәлі жазады: «...киіз үйлердің тағдыры да шарбақтылардың тілі сияқты: кей өкіметтің тұсында кәдеге аспай қаңырап қалса, кей өкіметтің тұсында төсегінен жаңа тұрған аурудай қалқайып, қатарға қосылып қалады. Содан да болар, олпы-солпы». Әңгімедегі кейіпкер Шаншархан мал базарындағы сондай киіз үйдің біріне бас сұқпайма. Төрге шығуын шықса да, жалп етіп отыра кетпей, шаңыраққа қарады. Тегінде бар әдетпен үйдің сүйегін байқағысы келіп шаңыраққа қарап тұр. Одан уықтарға көз салды. Қаламышаңыраңтың көзінен шығып кеткен бір уық салбырап тұр екен.

Уық та қарашаның кебі сияқты. Шаңырақ ауыр болса, қанша майысқақ болғанымен күндердің күнінде шарт сынады.

Күлдібадам шаңырақ кімге пана болсын? - деді сәлден кейін.

...Кезінде кім көрінгенге күлкі болған киіз үйіміздің төрінде шәниіп жатқанымыз да осы қара шаңырағымыздың арқасы емес пе? Құдай қаласа, төрімізге салт-дәстүріміз де озды. Әйтпесе, кешегі күніміз босағадағы жетім баладай еді ғой - дегенге:

Далбаса, - дейді Шаншархан. - Мен бірдеңе білсем, Шарбақтыдан шыққан дүбаралар қазақтайын халықты сайлаудың кезінде ғана есіне алады. Басқа уақта сіз бен біздің ұлттық құндылықтарымыздың бәрі анау уық сияқты салбырап тұрғаны тұрған.

Әдебиет ақиқатымен – әдебиет. Қандай тәсілмен, қандай астармен айтсаң да, ақиқат айтылуға тиіс. Жазушы дүбаралық дейтін пәленің етегімізден айрылмайтынына боздап отыр. Тәуелсіздік жылдарында талай-талай ұрпақтың қан мен терімен жасалған дүниелер құдайдың құдыреті шығар, көбіне дүбаралардың қолында кетті ғой. Шарбақтыдан шыққан сондай бір дүбара, кешегі коммунистердің қолшоқпары, партком болған Айналақарын. Осы қазір Қоянды жәрмеңкесімен түйедей құрдас мал базарының жеке дара қожайыны. Айналақарын қайсыбір жылы қаланың қақ ортасынан жайлау жасаймын деп қатты желігеді. Сөйтіп, Шарбақтыда шаппа-шотпен шаңырақ шапқан әйгілі шебер Ыстыбай қарияның киіз үйін қалаға алдыртады. Жыл он екі ай болмай жатып, самалы жоқ сайға тігіліп, шыбын-шіркей үймелеген «жайлаудың» сәні кетті. Киіз үйге қымыз емес, арақ-шарап іздеген албастылар ғана үйір болды. Соңы жын-ойнаққа айналды. Көп ұзамай киіз үйдің туырлықтары үзіктеріне дейін қап-қара боп күйе түсіп, жиди бастады. Үйдің туырлығын әлдекім ойып алып кетті. Жосаға боялған нау керегеқара нардың қабырғасындай ырсиып қалды. Келесі күніүзік сыпырылып жерде жатты. Жалаңаш уықтар тарам- тарам саусақтарын көкке жайып: “мына ит қорлықты көретін көз барма, жоқ па? ” деп шашын жұлған кейуанаға ұқсады. Найсаптар енді түңілікке қол салды. Түңілігінен айрылғанүйдің шаңырағы, - деп жазады Көсемәлі ары қарай. - Бір қасиетсіз кеп бөркін жұлып алған ақсақалдың әзіз басындай қорғансыз еді...

Қаламгердің ой-жүйесі қайда алып бара жатыр бізді? Тұтастай ұлттық тағдырымызға ма? Енді ше. Халықтың қастерлісін аяққа таптау - халықты қорлау. Айналақарын сияқтылар қастер дегенді қаперіне ала қоймайтын қасиетсіздер. Олар үшін киіз үй, ұлы Шыңғысханға ұлының қайғылы қазасын безілдеген бебеумен жеткізген қайран киелі қара домбыра, қилы-қилы кезеңде қиядан шабатын, қисынын табатын қайраққа түскен қайран қызыл тіл құйрығы жиырма кіләеділбай қойының жанында түкке тұрмайды. Қоғамның дүбаралықтан секем алып, оған қатер деп қарайтын жері де осы тұс.

Айналақарын - Обломов сияқты дәнеңеде шаруасы жоқ, жатып ішер масыл емес. Ол жатқан жыланның астынан жұмыртқа алатын пысық. «Сатылмайтын ешнәрсе жоқ, бәрі сатылады, бәрін де сатып аламын» дейтіндердің классикалық өкілі. Ол тіпті өз ар-ұятын, намысын да саудаға салуға тайынбайды. Әйткені, олар оған қажет емес. Қажеті - ақша. Тек жеке басының пайдасы. Тәуелсіздікті осынау мүмкіндікті бергені үшін ғана жақсы көреді. Ел бар-ау, қоғам бар-ау, дейтін ұғым адыра қалған.

Айналақарын—жаман өнеге. Бұлар көбейе берсе, оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаса, бара-бара біздің ұлттық қасиетіміз қараң қала бастайды. Шарбақтыда осыны айтып шырылдап жүрген жалғыз Шаншархан. Шаншархан-ақиқаттың символы. Олар барда шындық айтылмай қалмайды. Жалғыз да болса, барына, шүкір. Ол қазақ шаңырағы ақиқатының өшпес үміттің, өлмес тілектің шырағы.

Шығарманың идеясыЫстыбай жарықтық айтқан: “Шаңыраққа... шаңыраққа уақап болыңдаршы!” Көсемәлі осы мұратты бойлайды, ұлттың ертеңіне енеді, суреткердің кесепаттың ұшқынына секем алатын сезімталдығын танытады.

АуылдыЕлдеп танитын жазушы оның сол табиғи тазалығын сақтап қалуды көксейді, бәрімізді сол таза әлемніц қасыреті - әпербақандардан абай болуға сақтандырады. Мұның барлығы құнарлы тіл, көркем оймен өріліп, шеберлік танытқан. Қорыта айтқанда, Көсемәлі Сәттібайұлы СУРЕТКЕРЛІККЕ бет алып келе жатқан таланттың бірі.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет