«шернияз», «Қанапия-шәрбану», «рабиғА» драмаларының тілдік ерекшелігі ж. Аймауытов драмаларындағы тартыс пен мінез



бет1/2
Дата11.12.2021
өлшемі36,78 Kb.
#99234
  1   2
Байланысты:
«Шернияз», «Қанапия-Шәрбану», «Рабиға» драмаларының тілдік ерекшелігі
1235, «Алаш» ұйымының құрамындағы ерлік істері туралы мәліметтер, «Алаш» ұйымының құрамындағы ерлік істері туралы мәліметтер, 1-тапсырма


«ШЕРНИЯЗ», «ҚАНАПИЯ-ШӘРБАНУ», «РАБИҒА» ДРАМАЛАРЫНЫҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Ж. АЙМАУЫТОВ ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРТЫС ПЕН МІНЕЗ
Жүсіпбек Аймауытов пьесаларындағы тартыс пен мінезге тоқталмас бұрын, бұл екеуінің анықтамасын ашып алуымыз қажет. З. Қабдоловтың «Сөз өнері» атты еңбегінде тартысқа мынадай анықтама берілген. Тартыс дегеніміз (латынша confliktus-қақтығыс, айқас) -өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қайшылықтардың, адамға тән әр алуан көзқарастағы, идеядағы, сезімдегі, нанымдағы, іс-әрекеттегі, мақсаттағы, мүддедегі кереғар құбылыстардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі [1, 176 б.], - десе, «Әдебиеттану терминдер сөздігіндегі». Т. Бекниязовтың тартысқа берген анықтамасы мынадай: Тартыс (конфликт латынша confliktus -қақтығыс) -көркем шығармадағы сюжет желісіне арқау болатын, айрықша шиеленіскен түрде көрініс беретін қақтығыс, қайшылық күрес. Конфликт драмалық шығармада ширақ, шиеленіскен түрде кездеседі. Ондағы характер - кейіпкер мінезі қайшылығы мол әрекеттер арқылы ашылып отырады. Академик М. Әуезов: «Драматургиядағы конфликт мәселесі - пьесаның жанрлық белгісін көрсететін шешуші элементтердің бірі - драматургияның негізгі компоненті. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгі жалғыз конфликт» [2, 112 б.], - деп айтқан болатын. Академик Р. Нұрғали: «Драматургия - қазақ әдебиетіндегі XX ғасырдың басында әлеуметтік -қоғамдық факторлардың ықпалы мен ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық форма. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі дәстүрдің бірі - халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген ғаламат бай фольклоры» [3, 89 б.] - десе, тартыс пен мінез - драматургия жанрының ең негізгі өзегі. Драмалық шығармадағы тартыс - қарама-қарсы ниеттегі қаһармандар бойындағы ішкі және сыртқы әрекеттерімен тығыз байланысты. Кез келген драмалық шығармада тартыс пен мінез қызметі солғын болса, ол -шығарма көркемдігін төмендетуге апаратыны белгілі. Мінез мәселесін ашуда әр суреткердің амалы әр түрлі [4, 76 б.] - деп қорытады профессор Ә. Шапауов. Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан - жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани - адамгершілік қуатын сынап, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады.

Тұрмыстың, семьяның жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротекс секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді. Драма кейіпкері -көпшілік қауым көзінің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді, сол тар жол тайғақ кешуде күйреп, рухани жағынан жүдеп, тозып, тоналып шығады немесе жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен үлкен ауыртпалықты көтеріп, арып -ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт - драмалық әрекеттің ширақтық сипаты. Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады. Сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап басатын болады және өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығып, басынан белгілі бір драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылады. Драма кейіпкері, негізінен көп қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды, күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішіек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес, ұмтылып құлап, қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, көктемде бұлқан -талқан бұзылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылап аға бастайды, бұрынғы тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы -күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің өзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкерлер. 1920-1930 жылдардағы суреткерлердің бірі -жазушы-драматург Жүсіпбек Аймауытов. Драматургия -Жүсіпбек Аймауытовтың проза жанрымен қатар дамыды. Қазақ әдебиетінің проза, драма жанрында өзіндік стилі бар жазушы. Ж. Аймауытов трагедия, комедия жазуға қарағанда драмаға көп көңіл бөліп, онда мәселе көтеріп, пьеса оқиғасын шиеленіскен тартысқа құруға, мінез жасауда драматург өз шеберлігін танытты. Ж. Аймауытовтың драмалық шығармалары мен пьесаларында тартыс пен мінез аса жоғары шеберленген. Рабиға, Қанапия-Шәрбану, Шернияз, Раушан, Жәмила, Мүсілім, Қасқырбай, Күләнда араларындағы тартыс пен мінез жақсы көрсетілген. Жүсіпбек Аймауытов проза саласындағы «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығымен» қатар әңгімелерінде, публицистикалық, ғылыми-ағартушылық еңбектерінде, сын мақалалары мен аудармаларында жазушының жан-жақты білімді, шығармашылық ізі жатыр. Сол кездегі қазақ топырағындағы мерзімдік басылымдардың барлығында дерлік Ж. Аймауытов шығармалары жарық көрген. Бұл өз алдына арнайы зерттеуді, сала-салаға, жанрға бөліп қарастыруды талап ететін қазына. Ж.Аймауытов шығармашылығының үлкен бір саласы – ұлттық топырақта бұрын-соңды болмағантеатр өнерінің негізін қаласып, оның дамуына өзіндік үлес қосты [5, 8 б.], - деп театр өнерін зерттеуші Б. Құндақбайұлы сөз етеді.Жүсіпбек Аймауытовтың сан салалы шығармашылық мұрасының салмақты жағының бірі - драматургиясы. Ол қазақ әдебиетінде революция қарсаңында ғана туа бастаған осы жанрдың да негізін салушылардың қатарында аталды. Сонымен қатар Ж. Аймауытов қазақтың ұлттық театр өнерінің де бастауында тұрған адам. Қазақ даласында алғашқы кәсіпқойлық ойын-сауық үйірмелерін ұйымдастырып. Оған өзі жазған пьесаларын өзі режиссерлық жасап, сахнаға қоюшылардың алдыңғы легінде де Жүсіпбектің де аты бар. Бұл жөнінде қазақ театры тарихын арнайы зерттеуші профессор Б. Құндақбаев өзінің «Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері» атты мақаласында кеңінен қамтып айтқан. Ол ұлттық сахна өнерінің алғашқы үлгілері жайлы материалдар жинау үстінде Семейде Ж. Аймауытовтың қатысуымен қойылған спектакльдер тарихымен танысқанын әңгімелей келіп, «М. Әуезовтің кеңесімен халқымыздың өнер ордасы болған Семейден басталатын ұлттық сахна өнерінің алғашқы қадамдарымен танысқанымызда, оның тәй-тәй басып дүниеге келуі Жүсіпбек Аймауытов есімімен тығыз байланысты болып шықты» [5, 47 б.], - деп жазады Б. Құндақбаев. Ж.Аймауытов драмалық шығармалар жазумен де ерте айналысқан. Бұл жанрда еңбек етуіне оның өнер сүйгіштігі айрықша әсер еткен. Ол жасынан ел ішіндегі ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, жақсы ән салған. Осы табиғи өнерін Жүсіпбек Аймауытов Семейде оқып жүрген кезінде жалғастырып дамыта түскен екен. Ол оқып жүрген кезінде жастардың драмалық, сахналық кештеріне қатысып, ұлттық мәдени ойын-сауықтар өткізген. Соның бастауы - 1914 жылы Семейде Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толған күніне арналған әдеби-этнографиялық, музыкалық өнер кешін өткізуі. Алғашқы режиссерлік тәжірибелерін Ж.Аймауытов әрі қарай жалғастырып, М.Әуезов тағы басқалармен бірігіп, қаладағы ойын-сауықтың ұйытқысы болады. Енді өздері де пьеса жазып, соны сахнаға шығаруға ден қояды. Театрмен, драматургиямен шұғылдануды ол қызмет істей жүріп те сүйікті өнерінен қол үзбеген. Семейде болған 10 жылға жуық мерзімде Жүсіпбек Аймауытов театр мен драматургияны дамытудағы жетекші шығармашылық адамы болды. Еуропалық үлгідегі театр тек қана европалық үлгідегі драматургия арқылы келеді десек, оның қыры мен сырын меңгеріп, ден қойып алғашқы қалам тербеген де Жүсіпбек Аймауытов. Ж.Аймауытұлының әдеби мұрасының салмақты бөлігі – драмалық шығармаларының еншісіне тиеді. Бұл ретте жазушы-драматургтің «Сылаң қыз», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Рабиға», «Шернияз», «Қанапия-Шәрбану» секілді пьесаларын әр қырынан қарастырған туындылары еске түседі, әрі оларды танып-талдау қажет те, қасиетті міндет болып саналады.Драматург қолтаңбасына тән ортақ қасиет: оның шығармаларында туған халқының тарихы мен тағдыры, еркіндігі мен теңдігі қос арнадай ағынды ағыс құрайды. Қайсыбір пьеса болса да ел өмірінің тыныс -тірлігі мен тамырларын әр уақыт алға тартқан кезеңнің басты тақырыптары –1916 жыл оқиғасы, би болыстар мен қалың көптің арасындағы тартыс пен әйел теңдігі мәселесі, түрлі әлеуметтік қайшылықтар т.т орынды көтеріледі. Ж.Аймауытов ауыз әдебиеті мен фольклорды, қиссаларды жетік біле отырып, көне дәуірді бейнелейтін бір де пьеса жазбаған, пьесаларын, тұтас алып қарағанда, барлығы да өз заманының болмысын суреттейтін шығармалар. Және де басқа драматургтердің дүниелеріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері айқын. Оның барлық пьесалары шымылдығының ашылуы жеке кейіпкерлердің психологиялық толғанысынан бастау алады. «Рабиғада» оқиға өзімен-өзі іштей арпалысып отырған Рабиғаның монологінен басталса, «Ел қорғанында» оқығанның әңгімесінен, «Қанапия-Шәрбануда» Шәрбанудың шешесі Ұмсынайдың уайымға толы үрейлі монологінен, «Мансапқорларда» болыс болып сайлануды арман еткен Мүсілімнің айла-тәсілінен, ішкі жоспарынан басталады. Осылай басты кейіпкерлердің сөзінен немесе монологтерінен басталған пьесаның әрекеті ширақ, кейіпкерлері барлық оқиғалардың түйінін шешіп, соның тізгінін пьесаның аяғына дейін ұстап отырады. Жүсіпбек Аймауытұлы пьесаларында драмаға тән барлық қасиет сақталғанын аңғарамыз. Олар: драмалық жағдай, монолог, диалог, тартыс, кейіпкерлер мінезі. «Рабиға» - Жүсіпбек Аймауытовтың шағын драматургиялық дүниесі. Пьесаның атына лайық мұнда Қазан революциясының жаңғырығы қазақ даласына жеткенімен, әлібостандық пен еркіндікке қолы жете қоймаған қазақ әйелдерінің ауыр жағдайы, сол кезеңнің талабына қарай нанымды суреттелген. 19 жастағы Рабиғаның ескі салт бойынша өз еркіне қарсы малға сатылып қойшы шалға келіншек болып түсуі. Бұл тек Рабиға басынан өткен оқиға емес, жалпы сол замандағы қазақ қыздарының тағдыры. Мысалы, оны Ысқақ пен Рабиға диалогінен аңғаруға болады. Ысқақ: Тақылдаған тілден басқа табар өнерлерің жоқ. Басқа түссе баспақшыл, қорлықта, күндікте жүресіңдер де «ит көзі түтін танымайды», кеуделеріңді сүйретіп жүре бересіңдер. Кісі болып жаралсаңдар, басыңа ерік ізде, «жыламаған балаға емшек бермейді».Рабиға: Ерікті қалай, кімнен сұрарсың. Біздің қол-аяғымыз кісендеулі емес пе? - дейді.

Сол замандағы қазақ қыздарының салт-дәстүрге қарсы шыға алмағандығы, өз сүйгеніне, теңіне қосыла алмауы суреттеледі. Рабиға оңаша қалған мезеттерде: «Жасқа тигеннің не арманы бар?! Екі аяқтының итіне душар қылдың-ау. Күліп-ойнап бір аяқ асыңды дұрыс іше алмайсың. Тым болмаса, жарқылдап отырса кедейлігі де, шалдығы да білінбес еді» -деп өз тағдырына наразы болады. Рабиға үйіне келген Ахметтің әні күйеуінің қорлығына шыдай алмай, қазақтың қыздарын азаттық алуға шақырады. Ауылым Қызылшілік арасында сол жаман теңім емес барамын ба? Сол жаман егер менің теңім болса, сау басыма сақина саламын ба?! А-ха-ха-хау, ой жалған! Бұл дәурен екі айналып келмес саған... - деп, Ахметтің сызылтып ән салғаны, Рабиғаның күйеуінің қорлығына шыдай алмай, қазақ қыздарын азаттық алуға шақыруға себеп болады. Пьеса соңында Рабиға: «Күндіктен, қорлықтан құтылайын! Басыма теңдік алайын! Кел, қазақтың күң қыздары! Қол ұстасып бостандық тұрмысқа жетейік!» - деп, ұран тастайды. Жүсіпбек Аймауытов суреттеліп отырған дәуірдің негізгі мәселелерінің бірі - әйел теңдігі екенін осы пьесада айқын көрсеткен. Осы тектес идеяның анықтығы Жүсіпбек Аймауытовтың басқа пьесаларында байқалады. «Қанапия-Шәрбануда» Кеңес өкіметінің арқасында теңдік алып қосылған екі жас туралы. Бұл пьеса 1916 жылдың оқиғасына арналған. Пьесада әйел тағдыры, теңсіздігі мәселесі өткір көтеріледі. Бұл тақырып автордың көптеген шығармаларында, атап айтсақ «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы», басқа да әңгімелерінде негзгі арна ретінде кең өріс алып отырады. Мұнда екі жастың қосыла алмау шырғалаңы 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі әлеуметтік тартыстар жағдайында өтеді. Шәрбанудың әкесі Исатай баласы Ынтықбайды солдаттан қалдыру мақсатымен қызы Шәрбануды Сазанбай байға береді. Мұның кедей адамның басындағы еріксіз болған трагедиялық оқиға екені, байдың осы сәтті пайдаланыпжасаған зорлығы пьесада орынды ашылады. Пьеса соңында солдаттан қайтқан Қанапия Шәрбануды алып қашып, кеңес өкіметін паналайды. Бірақ жазушы таптық қайшылықты өршіте, шиеленістіре бермейді. Сазанбай жастардан жасаған қателігі үшін кешірім сұрайды. Бұл - Жүсіпбек Аймауытовтың үстем таптың кейбір зорлық мінездерін надандықтан көріп, оларды ағарту, түсіндіру жолымен жөндеуге болады деген ойларының қазақты жалпылама бөлмей қарауға тырысқанының көрінісі болса керек. 20-ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов, СәкенСейфуллин,Қошке Кемеңгеров, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин тағы басқа қаламгерлердің шығармаларына арқау болған тақырып – сол кездегі саяси - әлеуметтік жағдай, әйел теңсіздігі.



Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» атты пьесасы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қанапия-Шәрбану» пьесасына ұқсас келеді. Баласын солдаттан алып қалу үшін қызын байға беруі суреттелсе, екінші жағынан кеңес өкіметі арқылы бір-бірін сүйген жастардың қосылуы суреттеледі. Мысалы, драматургия саласы әр заман талабына сай өзгеріп, жаңа тақырыптар еншісіне ие болып отырады. 20-ғасырдың басындағы 20-40 жылдары драматург-жазушылардың көтерген негізі мәселесі, тақырыбы - әйел теңдігі, 1916 жылғы соғыс болды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Рабиға», «Қанапия-Шәрбану», «Ел қорғаны», Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар», Қошке Кемеңгеровтың «Алтын сақина» тағы басқа пьесалары болды. 40-50 жылдары ұлттық драматургия жаңа белеске көтеріліп, тарихи күрескерлік – тақырыптардың көркемдік жағынан толықты. («Исатай-Махамбет», «Күрес күндерінде»). 60-90 жылдары еліміз өміріндегі елеулі әлеуметтік мәселелерді көтерген тың шығармалар, өз замандастарының ой – армандары, өмірлік көзқарастары, әлеуметтік жағдайлар, ана тақырыбы, экология мәселелері негізгі тақырыпқа айналып айқын бейнеленді («Ажар мен ажал», «Сәуле», «Әпке», «Кек», «Заман ақыр», «Мәңгілік бала бір бейне»). Драматургия бір тақырыппен шектеліп қоймай, дамып отыратынына көз жеткіздік. Әр жазушы-драматургтің драмтургиясы өмірден алынып, әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты дамып, өрбиді. Күнделікті тұрмыс, әлеуметтік жағдай тағы басқа мәселелер тартысқа түсіп, драмалық шығармаларға негіз болатын тақырыптарға айналады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет