ШЫҒыс түркістан ұлт-азаттық ҚОЗҒалысының Қайраткерлері



Дата06.11.2016
өлшемі157,21 Kb.
#1164
ӘӨЖ 930 (09); 930(092)
З. ҚИНАЯТҰЛЫ

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д.
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ
Аннотация

Бұл мақалада 1940-1950 жж. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері Калибек (Хаким) Райымбекұлы (1908-1985) және генерал Далелхан Сүкірбаевтың (1906-1947) өмірбаяны мен күрес жолдары туралы баяндалады. Калибек Хаким 1940-1946 жж. Манас-Сауан аудан (аймақ) халқының көтерілісін басқарды. Көтеріліс жеңіліске ұшырағасын бір бөлім халқын ертіп Такла-Макан шөлін басып Тибет, Үндістанның Кашмирі арқылы Түркияға өтіп 1985 жылы сонда дүние салды. Шығыс Түркістанның халық батыры.

Д. Сүкірбаев 1904 жылы Моңғолияда туған. Кейін Шығыс Түркістанға өтіп, ондағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты. 1944 жылы Шығыс Түркістан үкіметі құрылғанда үкіметтің орынбасары, Шығыс Түркістанның азаттық армиясы бас қолбасшысының орынбасары, кейін Шығыс Түркістан Үкімет басшысы болды. Шыңжанның Халық батыры, әлем қазағының ішінен генерал атағын алған үшінші қазақ. 1947 жылы белгісіз жағдайда ұшақ апатынан опат болды.
Түйін сөздер: Шығыс Түркістан, халық, көшбасшы, батыр, генерал.


  1. Қалибек (Хакім) Райымбекұлы (1908-1985)

Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің бірі. 1947-1952 жылдары Қаратау-Көкіліктен бастау алып Такла-Макан шөлін көктей өтіп, Тибетпен Гималай арқылы 1952 жылы әуелі Үндістанның Кашмир аймағына, 1954 жылы Түркияға жетіп қоныстанған құрлық асқан ұлы көштің көшбасшысы, ұлтының азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен қаһарман тұлғалардың бірі.

1908 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжанның Тарбағатай аймағы, Майлы Жәйір өңірінде дүниеге келген. 1933 жылы Шығыс Түркістан астыртын ұйымын құруға қатысты. 1940-1946 жылдары Манас-Сауан аудан халқының ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық етті. Арнайы жасақ құрып Сауан ауданын азат етті. 1946 жылы аудан әкімі болып тағайындалды. Сол жылы оған Шығыс Түркістан үкіметі «Халық батыры» атағын берді (1, 3 б.). Бастапқы кезеңде Шығыс Түркістан үкіметінің белсенділерінің бірі болып жүрген Қалибек Хакім бұл үкіметтің сатқындық әрекетіне көз жеткізгесін Сауан халқын соңынан ертіп Қаратау-Көкілікке қарай көшті. Бұл көш кейінірек құрылық асқан халықаралық көшке ұласты. Көштің тізгінін Қалибек Хакім қолына алды. Көш қиыр-қиыр бел асып аса қияметті жолдан өтті (2, 46-48 б.).

Біз бір топ тарихшылар (автордың сөзі) 2008 жылы қараша айында осыдан 446 жыл бұрын дүние салып, сонда жерленген Мұхамед Қайдар Дулаттың өмірінің соңғы кезеңі мен жерленген жерін іздеп Кашмирге барып бірер жайға қанық болып қайтқан едік. Тағдырдың мына бір қиылысқан жерін қараңыз, біз қатысқан «Ұлы жібек жолының» тарихына арналған халықаралық конференция қарашаның 26 күні Синагарда басталды. Сөйтсем осыдан 57 жыл бұрын, дәл осы күні Қалыбек Хакім бастаған қазақ көші (ішінде Қалибектің тұңғышы, ол кезде 23 жастағы Хасан бар) Кашмирге келген екен.

Бір үзілісте бізді Кашмирге жақын жердегі Гул Марк (Гул дала) деп аталатын Ғималайдың бір биік қыратына шығарды. Шығып бара жатып Баркөл – Құмылдан басталған Қалибек көші түйемен қыран ұшқан қиядан қалай өткеніне таң қалып, ата-бабаларымыздың қаһармандық тағдырына риза болдық.

Қалибек хакім бөгденің жерінде қиын-қыстау күй кешіп жүргеннің өзінде Кашмирдегі 298 қазақтың тізімін жасап олардың атынан Үндістан, Пакистан, Түркия үкіметі мен Әлем мұсылмандары көсемдеріне хат жазған екен.

Иә, бұл Алтайдан басталып, бірнеше мемлекеттің шекарасынан өтіп құрлық асқан тарихи көш еді. Ғұн, Батыс түрік қағанаты дәуірі немесе ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақ-қазақ даласынан Қара теңізге дейін жеткен Қай (каі) топтарының көшінен кейінгі уақытта қазақ тарихында мал-жанымен құрлық асқан көш болған емес. Көштің тууына 1940-1950 жылдары Шығыс Түркістанда орын алған Ұлт-азаттық қозғалысының шырғалаң оқиғалары түрткі болды. Егер 1889-1903 жылдары орын алған Бөке батыр көтерілісі және басқадай кіші-гірім қақтығыстарды айтпағанда 1940 жылдарға дейін Алтай, Тарбағатай, Бұлғын, Шіңгіл бойындағы қазақтар бұрынғы төрт би төрелік билік жүйесін сақтап ру-ру, ауыл-ауылы мен малын бағып, отын жағып, ұлттық салт дәстүр, тіл мәдениетін тұнық күйінде сақтап жайын жатқан қауым болатын. Барлығы да Шың Шы Сай билігі кезінде Шыңжан өлкесінің ішкі ісіне қызыл орыстардың араласуынан басталды.



1945 жылы қыркүйекте Шығыс Түркістан Республикасы құрылды. Қалибек Хакім ШТР құрылуына ат салысқандардың бірі. Халық басында бұл үкімет халыққа еркіндік әпереді деп сенді. Қазақтың игі жақсылары республика билігі құрамына енді. Бірақ Кеңестер Одағының көмегіне сүйенген Республика басшылары алғашқы қадамынан бастап революциялық шұғыл шараларға бет бұруы салдарынан алғашында берген ант, көп болып келісіліп қол қойылған мәмлелелердің шарты бұзыла бастады. Қазақтарды шеттету басталды. Ұлт серкелерін бақылауға алды. Ақыры қазақтардың өзі екіге жарылды. Дәлелхан Сүгірбаев, Әлихан төре бастаған топ Қазақстан, Моңғолия арқылы келіп жатқан Кеңестер одағының көмегі мен коммунистік жүйені қабылдау арқылы халқын тығырықтан алып шықпаққа әрекеттенді. Оспан батыр, Жанымхан қажы, Қалибек Хакім, бастаған топ қызылдарға түбегейлі қарсы тұрып қазақтың ұлттық дербестігі үшін ашық күреске шықты. Екінші майданның бас батыры Оспан Ісләмұлы да, көштің саяси көсемі әрі идеологы Қалибек хакім болды. Мен тарихшы ретінде айтарым бұл екі топтың іс әрекетіне тарихи-саяси баға бергенде біржақты қарауға болмайды. Бұлардың қай-қайсысы да ұлтын жан тәнімен сүйген жандар. Бірақ ұлтының келешегі үшін күресте екі топ екі түрлі жолды таңдады. Екі бүйірден екі қызыл держава қысып қазақ ішкі бірлігінен айырылған қысылтаяң заманда саяси таңдау жасау оңай шаруа емес еді. Неміс фашистерін жеңіп айы оңынан туып тұрған Кеңестер одағы, жаңа ғана жеңіске жеткен қызыл Қытайдың күш қуатына сүйеніп жоғарыда аталған бірінші бағытты таңдау әрине кезінде төте жол болатын. Ал екінші жол нағыз тыңнан шалғы салған, аса қиыр, нағыз «Тар жол, тайғақ кешу» еді. Ол кезде алып Ресей, қаптаған Қытайға қарсы тұру деген «Аспанға шабуыл жасағанмен» бірдей ерлік, бірақ орындалмайтын арман болатын. Күрескерлер бұлай боларын біле тұра алға қойған мақсат, алған сертінен қайтпады. Оспан батыр, Нұрғожа, Аббас батыр, Қалибек Хакім, Жанымхан қажы бастаған қазақ қолы ұлт жауларымен талай мәрте айқасты. Қайсыбірі күрес жолында шәйіт болды. Ақыры көтеріліс жеңіліске ұшырады. Бірақ олардың бұл жолғы жеңілісі саяси мазмұны, келешекке қалдырған сабағы тұрғысынан жеңіс пен пара-пар еді. Ата жұртында өздеріне орын қалмағанын сезген олар ендігі жерде ұрпағының қамы үшін шарасыздықтан ел-жерінен босып кетуге мәжбүр болды. Бірақ ол кезде қазақ ауылдары батысы Ресей, шығыс, оңтүстік шығысы Қызыл қытай, батыс солтүстігі Кеңес одағының ықпалындағы Моңғол елінің құрсауында тұрғандықтан «Ұшарға қанат, қара жерде қалқан жоқ» күйде еді. Бұл құрсаудан ел-жұрт, ауыл-аймағын аман алып шығу деген ердің ерінің қолынан ғана келетін, қара басын бәйгеге тіккен аса қауіпті де қатерлі жол болатын. Алда 1889 жылы Бөке батырдың Тибетке дейін көшкен ізі жатты. 1940 жылдары Елісхан, Зайып ауылдарының осы сүрлеу мен бірер қадам жасағаны бар. Тарихтың осы сабақтары да ескерілсе керек, 1951 жылы Қалибек хакім, Жанымхан қажы, Сұлтаншәріп ел жұртын бастап атқа қонып жоғарыдағы сүрлеумен солтүстікке бет бұрды. Бұл туралы осы көшті көзімен көрген Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай және басқадай авторлар жазды. Біз бұл жолы оларды қайталамай осы көштердің тарихтан алатын орнына байланысты өз пікірлерімізді ортаға салып көрейік.

1. Тарихта үлкен болсын, кіші болсын елеусіз, ескерусіз қалатын оқиға болмайды. Өйткені тарих деген бүкіл халықтың, ұлттың өмірбаяны. Өкінішке орай Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан екінші жақтың (Оспан батыр, Халибек Хакім т.б.) атқарған қызметі, олардың көксеген ұлттық идеалы коммунистік идеология тұрғысынан жоққа шығарылып келді. Ал бүгінгі кезең коммуннистік идеология құлдырап, Алаш азаматтары, Халибек Хакімдер аңсаған ұлт азаттық идеологиясы жеңіске жеткен заман. Біз ендігі кезекте бұрынғы коммунистер сияқты қарсы тараптың атқарған еңбегін жоққа шығармай, ұлтының азаттығы үшін күрескен Алаш арыстарының өмірі мен күресі тарихын жазуымыз керек. Бұл бүгінгі жастарды отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа шақырып тұрған аса келелі тақырып.

2. Бұл жолғы көш қозысын маңыратып, құлынын кісінетіп, ботасын боздатып сән салтанатымен жылжыған көш емес, еркек кіндіктілері қолына қару алып соңынан өкшелей қуған жауының бетін қайтарып отырған, ата-бабалардың өткендегі ерлік жолын ХХ ғасырда қайталаған халықаралық көш. Мысалға Манас-Сауаннан шығып, Қаратау-Көкілікті басып әйгілі Такла-Макан шөлін кесіп өткен Қалибек Хакім ауылының көшін (3, 109-110б.) алайық. Такла-Макан аумағы 300 мың шақырым, ұзындығы 1000 шақырымға созылып жатқан әлемдегі ірі құмды шөлдердің бірі. Бұл сусыздықтан талай керуен күйреген өлке. Шыңғыс хан 1209, 1226 жылдары бұрынғы Си Ся жұртын шабу алдында Такла-Маканнан өту үшін алдын-ала үлкен дайындық жасатқаны тарихтан белгілі. Ал 1951 жылғы қазақ көші соңынан қуған, алдынан жолын тосқан жауына дес бермей құмды-құм, белді-бел демей тәуекелге бел буған көш. Бұл тарихта сирек кездесетін құбылыс.

Көш бірнеше лектен тұрады. Әр лектің өз серкелері, өз батырлары, басынан кешірген шытырман оқиғалары бар. Олардың әр қайсысы өз кезегінде көпшіліктің назарына ұсыныла жатар. Ал Қалибек Хакімге келсек ол ұлтым, елім деп еңіреген Алаш қаһармандарының бірі. Ол тек білімдар, көреген күрескер ғана емес салихалы дипломат адам болған. Оның Пакистан, Түркия өкіметіне, мұсылман қайраткерлеріне халқының атынан жазған хаттарынан дипломатиялық салиқалы ой пікір, ситуациялық анализ, тығырықтан шығу жолдарын аса ұқыптылықпен ашып көрсете алғанын көре аламыз. Қалибек Хакім білімімен қоса аса қажырлы, алған сертінен қайтпайтын, сеніміне берік көп қырлы тұлға.

Калибектер кешегі өткен А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатовтарды оқып, олардың рухынан тәлім, өнеге алып өскен, жандар. Олардың ұлтым деп ұран салған дауысы 1950 жылдары Алтайдан естілді. Алаштың ондағы ізбасарлары ұя салар шыңын іздеген қыран, көлін іздеген үйрек, үйірін іздеген адасқан құлындай шарық ұрып жанкештілікпен күрес жүргізді. Бірақ кеңестік жүйе, коммунистік идеологияның бұғауындағы отаны кезінде ұлт арыстарына пана болуға қауқарсыз еді. Дүйім қазақтан шыққан алғашқы генерал, даңқты ұшқыш, Моңғолияның әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысы болған генерал М. Зайсанов 1951 жылы өз ортасын іздеп мұнда келіп жар соғып кері қайтқанын білеміз. Замана оларға кезінде ырық бермеді. Отаным, ұлтым деген арыстар ол кезде көз түрткі болып көрінетін. Сөйте тұра олар отанына, қазағына деген ізгі үмітін үзбей дүниеден өтті. Алаштың рухы бізді тәуелсізділікке жетеледі. Бүгінгі көзі тірі біздерге тағдыр тәуелсізділікке куә болу мүмкіндігін бергені болмаса, біздің бүгінгі жеңісіміз Алаш ардақтыларының жеңісі.

1950 жылғы көшті бастаған әке, аталардың бір үлкен ерлігі табанымен от кешіп жүріп ұрпағын ата шаңырақтың бір отауы Түркия жеріне жеткізуі. Бүгіндер сол қилы көшпен Түркия жеріне жеткен ұрпақтың ішінен Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай, Мұстафа Өзтүрік, Мұртаза Бұлұтай қатарлы белгілі азаматтар өсіп шықты. Олар бүгінгі ел боламын деген қазақтың рухына – рух, біліміне – білім, жігеріне – жігер қосып отыр.

Солардың бірі Қалибек Хакімнің ұлы, ұлтжанды қайраткер, азамат Хасан Оралтай еді. Біз Хасекеңнің өткен өмірі, атқарған қызметі, адамгершілігі, қазағына деген пәк жүрегін оның «Елімай-лап өткен өмір» деп аталатын естелік еңбегі арқылы таныспыз. Бұл қазақ тарихы үшін деректемелік, ақпараттық мағлұматы зор, аса құнды еңбек. Еңбекті сынай қарайтын адамдарды да кездестірдік. Бірақ автордың басынан кешірген өмірі, батыстық ақпараттар арқылы қазақтың қайғы-қасіретін бізден әлде қайда бұрын түсініп, ішқұса болып еңіреп жүрген азамат коммунистік идеология, Кеңестік тәлім-тәрбиенің құрсауынан арыла қоймаған Қазақстанға, қазағының ортасына келгенде іштегі шерін бұлайша тарқатпаса қалай тарқатпақ деп ойлап барлығына да кешірімділікпен қарайтын болдық. Автор өз еңбегінде жеке адамдар жайлы айтқан кейбір пікірлерін азаматтың назы деп түсінген жөн сияқты. Өйткені Хасан Оралтай басынан кешірген өмірі, қазағына еткен еңбегі, төккен теріне қарағанда қазағына еркелеуге лайық азамат. Автордың еңбегіндегі көптеген құнды дүниелердің ішінен «Туған жер мен қоштасқан» және араға 35 жыл салып қайта оралу сәтін көрсеткен тұстары аса сәтті де әсерлі шыққан.

Қалибек Хакім ұрпағын соңынан ертіп талай қиыншылықтарды басынан өткере жүріп Түркияға келіп тұрақтады. Түркияның Салихлы қаласына қоныс теуіп, сонда екінші өмірін бастады. Ол Түркиядағы қазақтардың ұйытқысы болып ғана қоймай халықаралық ақпараттық құралдары арқылы шет елдердегі қазақтардың жай-күйін біліп, оларға ара түсіп отырды. Меккеге жеті рет қажылық сапарға барды. 1970 жылдардан бастап Түркия, Германия баспасөз құралдарында Хакімнің мақалалары жарық көре бастады. Қалибек Хакімнің өмірі, күрес жолы туралы ағылшын, швед, неміс, американ авторлары жазды. Батырдың ерліктерін әлем жұртына паш етуде Хакімнің ұлы Хасан Оралтай, інісі Біләл көп күш жұмсады.

Қалибек Хакім 1985 жылы 16 қарашада өмірден өтіп, өзі тұрған Салихлыда жерленді. Ұрпақтары қазір Түркия, ҚХР, Германия және Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Қазақ пен Түрік жамағаттары Қалибек Хакімді Шығыс Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске үлкен үлес қосқан ұлт-азаттық қозғалысының ірі басшыларының бірі деп таниды.

1950 жылдардағы құрылық асқан көш, ондағы тұлғалар туралы біршама жазылды, жазылып та жатыр. Ендігі кезек біздерге, ғылымға, әдебиетке келіп тұрғандай. Естеліктерді сараптай отырып, көштің ізін шалып, Қытай, Үндістан, Пакистан, Түркия, Германияның архивін қазған ғылыми монография жазылып, диссертация қорғалуы керек сияқты. Бұл келешек үшін қажет.



  1. Дәлелхан Сүкірбаев (1904-1949)

Шығыс Түркістаннан шыққан саяси қайраткер, Шығыс Түркістан уақытша Үкіметінің басшысы, әскери қолбасшы болған әйгілі тұлға. Қазақтан шыққан алғашқы генералдардың бірі, Шыңжан халқының «Халық батыры».

Қазақтың шеруші Көбеген руынан. Атасы жылқышы Ақтайұлы Керей қазақтары арасынан шыққан Он Зәңгінің бірі*. Әйгілі палуан, халыққа беделді, малды – жанды адам болған. Ақтай – жылқышы ауылы 1870 жылдары Моңғолия өлкесіне алғаш қоныс аударғандардың бірі. Әкесі Сүкірбай осынау көші-қон дүрбелеңі жылдары Моңғолияға асып келген қазақтардың көшбасшысы болды. 1909 жылы Манжу - Чин** Үкіметінен тайшы атағын алған. 1912-1914 жылдары Моңғолиядағы қазақтарға қиямет әкелген «Жалама айдаған»*** оқиғасы кезінде 300 отбасын соңынан ертіп Алтай асып Ресейге келіп, ел іші тиышталғасын Моңғолияға қайтып оралған.

Дәлелхан 1904 ж. Моңғолияның Қобда аймағы, Цэнгэл сомоны өлкесінде Сүкірбай тайшының отбасында дүниеге келген. Отбасылық мектепте мұсылманша (қазақша) және моңғолша білім алады. 1919 жылы әкесі Сүкірбай тайшы қайтыс болғаннан кейін 15 жастағы Дәлелхан ағасы Дөрбетхенмен бірге ел ісіне араласа байстайды. 1920 жылы Шеруші Хощунын* басқарып «Итгэмжит гүн»** лауазымына ие болады. (5. 240-241 бб.)

Бұл Моңғолия жерінде Д. Сүхэбатор бастаған революциялық төңікеріс басталып Моңғолия жерінде Қызыл орыстар мен Ақ орыстардың теке-тіресі басталып халық екіге жарылған заман болатын. Сүкірбаевтар К. Байкалов және Моңғолияның әйгілі партизаны Ц. Хасбатырларға қолдау білдіреді. Қазіргі Өлгий қаласынан 40 шақырымдағы Тұлба көлі жағасындағы Сарул Гүң хүренінде*** Ақ гвардия генералы Байкаловтың қоршауында қалған революционерлердің хатын Қош-Ағаштағы Қызыл Армия отрядына жеткізуіне көмек көрсетеді. Сөйтіп жүріп ағайынды үшеу (Дәлелхан, Дөрбетхан және Мұқан) генерал Бакич әскерилерінің қолына түсіп, 18 жастағы Дәлелхан ағаларының көмегімен әзер құтылып, екі ағасы сонда атылады. 1921 жылғы төңкеріс жеңіске жеткеннен кейін Дәлелхан Шеруші хошунының бастығы болып сайланып халық арасына революциялық бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру ісіне араласады.

Дәлелхан Сүкірбаев шеруші хошуны атынан 1928 жылы желтоқсан айының 14-нен 1929 жылдың қаңтар айының 14 аралығында өткен Үкіметтің V құрылтайына қатысады. Құрылтайға қазақтан Т. Үмбет, М. Байқадам және Урианхай атынан Да Лама Чултэмдер қатысқан. Құрылтай коминтерннің тапсырмасы бойынша «Феодалдарды» тап ретінде жою, ірі феодалдардың мал-мүлкін тәркілеу» туралы шешім қабылдайды. Осы құрылтайдан Дәлелхан Сүкірбаев және Да Лама Чүлтэм мемлекеттік алғашқы парламент – кіші құрылтайдың мүшелігіне сайланады. Бірақ Да Лама және бұрынғы тайшы, Зәңгінің ұрпақтары «Феодал, тобына» жататынынан секем алған Да Лама Чүлтэм, кейінірек Дәлелхан Сүкірбаевтар барлық мал-мүлкі, дүниесін тастап Қытай билігіндегі Алтайға (Шыңжан) асып кетеді. Бұл оқиға бір жағынан Моңғолиядағы қазақтар арасында үлкен саяси дүрбелең тудырса, екінші жағынан Моңғолияның көсемі маршал Чайбалсан 1944 жылы Кеңестер одағында білім алып қайтқан жолында Дәлелхан Сүкірбаевты Ұланбатырда қабылдағанына қарағанда Дәлелханның Алтай асқан оқиғасында мемлекеттік құпия сыр бар сияқты болып көрінеді (6. 269 б).

Саясатта көзі ашық, хатқа жүйрік алып денелі 25 жастағы азамат мұнда келгесін де саясаткер, күрескерлердің көзіне түсе бастайды. 1933 жылы Алтай аймағы бастығы, аймақтың қорғаныс штабының қолбасшысы Шәріпхан Жеңісханұлының сенімді өкілі болып тағайындалады (4, 66-67 бб.). Бұл туралы Қостай Жақыпұлы «Генерал Джелхан» атты еңбегінде былай деп жазады: «Дәлелхан Сүкірбайұлы Шәріпханға сүйеу, қолғанат болып, Сарысүмбеде тұрып қызмет істеді. Алтайдағы қазақ, қырғыз мәдениетін ілгерлету қоғамы бастығының орынбасары және империалистерге қарсылық ұйымының Алтайдағы бөлімшесін басқарады. Сарысүмбе ауданы әкімінің орынбасары бола жүріп Шәріпхан бастаған істің алға басуына қомақты үлес қосты». Сөйтіп жүргенде Моңғолиядан келгендігі алға тартылып «Қызылдармен астыртын байланысы бар» деген жаламен түрмеге қамалады. Ол қызыл большевиктік емес, демократиялық бағыттағы төңкерісшіл көз қарастағы адам болған. Дәлелханның мұндай көзқарастағы адам екенін Шыңжандағы Кеңес үкіметінің өкілдері біліп Дәлелхан Сүкірбаевты 1941 жылы Кеңестер Одағына жібереді. Шыңжаннан келген, әр ұлт өкілдерінен құралған бір топ адамдармен бірге әуелі Москваға келіп онда бірер дайындықтан өткеннен кейін Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орнында екі жылдан астам уақыт білім алып атты әскер ойындарында ерекше көзге түседі. Күш иесі тұрғысынан да қатарындағылардан озық тұрады. Бұл оқиғалар В.И. Петровтың «Қара Ертіс» романында баяндалады. 1943 жылы Шыңжанға өту үшін Моңғолия арқылы еліне қайтады. 1944 жылдың бастапқы айларының бірінде Моңғолияның көсемі маршал Чойбалсан Дәлелханды әдейі қабылдайды. Х. Чойбалсан оны 1928 жылдан бері білетін, Моңғолиядан Қытай асып кеткенінен де хабардар еді. Ал бұл жолғы кездесудің сырын кездескен екеуінен өзге білетін ешкім жоқ. Чойбалсан да, Дәлелхан да сыр ашпаған. Мүмкін Кеңестер одағы жағынан ықпалы болған шығар.

Дәлелхан сол жылы Моңғолия үкіметіндегілердің көмегімен Шыңжан асады. Осы жылы Шығыс Түркістан халқының азаттық күресі жеңіске жетіп, 1944 жылы сәуір айының 15 күні Шығыс Түркістан Республикасы құрылады. Дәлелхан әскери тактикалық және ұйымдастыру тұрғысынан ШТР құрылуына үлкен рөл атқарып Қытай революциялық армиясының қолбасшысы Мао Цзе Дуннан құттықтау хат алады. 1945 жылы Құлжа қаласында құрамында 100 мың әскері бар Шығыс Түркістанның ұлттық армиясы құрылады. Дәлелхан Сүкірбаев 1946 жылы Шығыс Түркістан азаттық армиясы бас қолбасшысының орынбасары болып тағайындалады. Осы жылы генерал-майор атағы және Шыңжан халқының «Халық батыры» атағына ие болды. Ол М. Зайсанов (моңғолиялық) және Шәкір Жексенбаевтан кейін генерал атағын алған әлемдегі үшінші қазақ болатын. Қайсыбір естелікші, саясаткерлер мен тарихшылар Шыңжан қазақтарының ұлт азаттығы қозғалысының батыры Оспан Ісләмұлы мен Дәлелхан Сүкірбаевты бір-біріне қарсы қоюшылық байқалады. Иә, бұл екі тұлғаның қоян-қолтық қызмет атқарған, бөлініп-жарылып бір-біріне қарсы екі майданда жүрген тұстары болғаны рас. Бірақ адами тұрғыдан бір-бірімен жау болмаған. Екеуі талай рет кездесіп, хат жазысып тұрғаны тарихи шындық. Дәлелхан 1946 жылы Шығыс Түркістан үкіметі атынан дала батыры Оспанға «Халық батыры» атағын табыс ету үшін Оспан ауылына барғаны бар. Бірақ өмірінің соңғы жылдары екі тұлғаның жолы түйіспеді. Бірі Шыңжандағы ресми Үкіметтің өкілі (әкім, әскери қолбасшысы) болса Оспан батыр ресми үкіметке қарсы шықты. Бұл Оспан батыр үшін аса ауыр таңдау еді. Ақыры өзі де жақтастары да аса ауыр тағдырды бастан өткерді.

Дәлелхан Сүкірбаев Алтай аймағының Уәли (әкімі) болып тұрған кезінде халықтың әл-ауқатын жақсарту, инфраструктураларды қалпына келтіру, жаңадан мектеп, дәрігерлік мекемелер құру саласында көптеген игі жұмыстар атқарды.

1949 жылы халық революциясы жеңіске жетті. Шығыс Түркістан халқы, оның үкіметі бұл жеңісті ықыласпен қабылдады. Кешікпей Шығыс Түркістан көсемдері: Ахметжан Қасым, Ысқақбек Мұнаров, Әбдікәрім Ғаббас және Ло Жылар мен бірге Дәлелхан Сүкірбаев ҚХР алғашқы құрылтайына шақыру алып 27 тамыз күні Құлжа қаласынан ұшып шығып Бейжиңге бет алған жолында Кеңестер одағының Хабаровск қаласы маңында Дәлелхандар мінген ұшақ апатқа ұшырап барлық азаматтар опат болды. Бұл опаттың шын сыры әлі күнге дейін ашылған жоқ. Бұл күнді Шыңжан жұрты қазірге дейін «Халық қара жамылған күн» деп есептейді. Неге олай болды? деген сауалдың жауабын халық әлі күнге дейін іздейді. Олай іздеуінің де жөні бар. Өйткені Қытайдың жаңа үкіметі Шыңжанды игеру шараларын өлкенің жергілікті басшыларының өлген күнінің ертеңінде-ақ бастап кетті. Шығыс Түркістанға дереу Қытай әскері кіргізіліп ұлттық армия таратылды. Шығыс Түркістан Республикасы Үкіметі таратылып, орнына Шыңшан – Ұйғыр автономиялық районы құрылды. Осылайша Шығыс Түркістан халқының 20 жылға созылған ұлт-азаттық күресі аяқталып, көсемдері саясаттың құрбаны болды. Дәлелхан Сүкірбаев сондай саяси құрбандардың бірі. Ұрпақтары қазір ҚХР, Моңғолия, Қазақстанда өмір сүріп жатыр. ҚХР Құлжа қаласындағы 1949 жылы 27 тамызда ұшақ апатынан құрбан болғандарға арналған тақта бар.
Әдебиеттер

1 Қалибек Хакім туралы естеліктер (Азаттықты аңсап Гималай асқан көш). Құрас: Ә. Ілиясұлы. – Алматы: Білім, 2009. – 288 б.+32 бет фото.

2 Хасан Оралтай. Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық күресі. – Ізмір, 1961. – Стамбул, 1976.– 128 б.

3 Хасан Оралтай. Елім-айлап өткен өмір. – Ыстанбұл, 1999.– Алматы, 2005.– 790 б.

4 Пәтіхан Сүгірбаев. Естеліктер. – Шыңжан, Күйтің баспасы, 1961. – 218 б.

5 Баян-Өлгий аймагийн нэвтэрхий толь. – Улаанбатар, 2010.– 850 б.

6 Қинаятұлы З. Моңғолиядағы қазақтар. – Алматы, 2004.– 318 б. Монголхүү. Цаст Алтайин чуулган. – Улаанбаатар, 2009. – 981 б.
Резюме

В статье приведены данные о жизни и борьбе лидеров национально-освободительного движения Восточного Туркестана 1940-1950 годов - Калибека (Хакима) Райымбекулы (1908-1985) и генерала Далелхана Сукирбаева (1906-1947). Калибек Хаким в 1940-1946 годы возглавил восстание народа Манас-Сауанского аймака. После подавления мятежа он вместе с частью повстанцев, перейдя пустыню Такла-Макан, территории Тибета и индийского Кашмира, пересек границу Турции, где долгие годы проживал и умер в 1985 году. КалибекХаким носит имя героя Восточного Туркестана.

Д. Сукирбаев родился в Монголии в 1906 году. Позже он переехал в Восточный Туркестан и принимал участие в национально-освободительной борьбе. После создания Правительства Восточного Туркестана в 1944 году был избран заместителем его Главы, занимал должность заместителя главнокомандующего освободительной армии Восточного Туркестана, а впоследствии стал Главой Правительства Восточного Туркестана. Он является героем Синь-Цзяня и третьим человеком в среде всемирных казахов, кому было присвоено звание генерала. В 1947 году погиб в авиакатастрофе приневыясненных обстоятельствах.

Summary

The Article has been written to review the lives and struggle for liberation of Kalibek (Khakim) Raiymbekuly (1908-1985) and General Dalelkhan Sukirbayev (1906-1947) who were leading national liberation movements in Eastern Turkestan in the 1940-1950s. During the 1940-1946s Kalibek Khakim was leading the popular revolt on Manas-Sauan lands. When the uprising was suppressed he crossed the Desert of Takla-Makan and the territories of Tibet and Indian Kashmir together with the part of the rebels until he found a shelter in Turkey, his death is dated 1985. Kalibek Khakim had been put forward for the award of Hero of Eastern Turkestan.



D.Sukirbayev was born in 1906 in Mongolia. Later he moved to Eastern Turkestan where he played the part in the battle for national liberation. Upon formation of the Government of Eastern Turkestan he was elected its Deputy Head, further there he held respectively positions of the Deputy Commander-in-Chief of the Liberation Army and the Head of the Eastern Turkestan Government. Dalelkhan Sukirbayev was made Hero of Xinjiang, he is the third person among the world Kazakhs who reached the rank of General. In 1947 General died in a plane crash circumstances of which still remain to be explained.


**Занги – тунгус-моңғолша рубасы, әкімші деген мағынаға ие лауазым.

****«Манжу-Чин» атауын біздің зерттеушілер тек Қытаймен байланыстырып қарайтыны бар. Ал шынайы тарихта 1946-1911 жж. аралығында ұлы Қытайды билеген Алтын (Чжин) әулеттік билігі (маньчжуриялықтар) осылай аталады.

******Тегі қалмақтан шыққан Да Лама (Бас лама) Дамбийжанцан 1912-1914 жж. Моңғолия қазақтарын Моңғолияның ішкі аймақтарына қарай күшпен айдаған азалы оқиғаны қазақтар осылай атайды.

**Хошуун Моңғолияның әкімшілік жүйесінің бір тармағы. Мемлекет аймаққа, аймақ хошуунға (облыс) бөлінген.

****«Итгэмжит гүн» - «Сенімді аймақ билеушісі» деген мағына беретін тунгус-моңғолдық лауазым атауы.

******Буддалық шіркеу.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет