Үштілділік қазіргі заман талабы «Үштілдік аясында оқыту үрдісінде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту»



Дата12.03.2018
өлшемі110,69 Kb.
#39279
Үштілділік - қазіргі заман талабы

«Үштілдік аясында оқыту үрдісінде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту» атты облыстық конференция

Жоспар: 


І. Кіріспе бөлім 
Тілге көзқарас –елге көзқарас. 

ІІ. Негізгі бөлім 


2.1 Үштілділік- қазіргі заман талабы. 
2.2 Үштілідік білім беруді жүзеге асыру шарттары. 

ІІІ. Қорытынды бөлім 


"Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі" 

І. Кіріспе 

Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты мәселенің бірі осы - тіл. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Қазіргі кезде қазақ тілін дамыту, оқытудың деңгейін арттыру мәселесі көтеріліп, осы орайда түрлі шара атқарылып жатқаны баршаға аян. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оның мүмкіншіліктерін барынша пайдалану – еліміздің әрбір азаматының абыройлы міндеті. Адамзат мәдениетінің негізгі – тілде. Кез келген ұлттың басты ерекшелігі – оның ана тілінде. Ұлттың жаны мен жүрегі ары мен ұяты, қазына – байлығы мен атақ абыройы тілге байланысты. Жер бетіндегі сан мыңдаған ұлттардың ішінде тек қазақ халқы өз тілін ана тілі деп ардақ тұтып, қастерлейді. Қазақ үшін тілден құдіретті ештеңе болмаған.
Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ана тілі – әр адамға ананың ақ сүтімен бойға жетіп, ананың әлдиімен, бесік жырымен құлаққа сіңіп, атадан – балаға жетіп отыратын ұлы күш. Ана тілі – ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлықтың баға жетпес байлығы, қуатты қайнар бұлағы. Ана тілі – халықтың өткен ұрпағы, қазіргі және келешек ұрпағы арасындағы тарихи жалғастықты жүзеге асыратын бірден – бір сенімді құралы.

Тіліміз арқылы халқымыздың жан дүниесін танып білеміз, себебі, халықтың рухани байлығының сарқылмас бұлағы сонда жатыр. Туған жеріміз бен ел – жұртымызды да сол арқылы айтып жеткіземіз.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал, ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Олай болса, ата – бабамыздың өткен тарихына көз жүгіртсек...

Әлемде екінші ұстаз,ұлы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілі білсе, өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың бір туар ұлы  Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.Қазақ тілі  еш уақытта  өзімен көршілес халықтың  тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқын.

Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». 

Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта  көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев сияқты талай тарландырымыз қанша жерден ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған.

Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық. Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді.Орыс тілін үйреніп,орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік.Енді алдағы асу –ағылшын тілі.Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.

«Елбасының «Үш тұғырлы тіл» жобасы ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздеген мақсат. Осы жобаны түсіндіруде және іске асыруда түрлі жансақтықтарға жол беріп алып жатамыз. «Үш тұғырлы тіл» - қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып, жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз. Мұнда мемлекеттік тілдің орны тіпті бөлек. Оған ешкімнің таласы жоқ. Үш тұғырлы тілді желеу етіп, мемлекеттік тілді ығыстыру мүлде дұрыс емес» - дейді. 


2.1 Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономиканы ойдағыдай түсіну тілі. Дәлірек айтқанда, үш тұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. Үш тұғырлы тіл идеясын дамыту үшін мемлекет тарапынан еліміздің әр азаматына көптеген жағдайлар жасалынған. 
Биылғы жылғы Елбасының дәстүрлі Жолдауынан кейін тіл саясатында да біраз тың өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, ұлттық терминологияны дамыту, мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұжырымдамасын әзірлеу, ағылшын тілін үйретудің курстарын ашу, мемлекеттік қызметке қабылданатын үміткерлерге мемлекеттік тілден тест тапсыру, қолданыстағы тіл туралы заңнамаларға “Тілдердің үш тұғырлығы”, дәлірек айтқанда – үш тілдің бірлігі бойынша өзгерістер енгізу және тағы басқалар.

“Үш тілдің бірлігі” мәдени жобасы – үш тілді, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін Қазақстан азаматтарының бірдей меңгеруін меңзегенімен, бұның түпкі негізі, көздеген мақсаты – мемлекеттік қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізу. 


Қандай мемлекет болмасын оның, ең әуелі мән беріп, ұлықтайтын тілі, әрине, мемлекеттік тілі. Өйткені, мемлекеттік тіл әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің сипатты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Міне, осы бағытта еліміз, ең әуелі, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салып отыр. Бұл мәселе тек қана қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де алдында тұрған міндет. 
Еліміздегі ең жоғарғы лауазым – Президенттікке үміткер тұлғаға қойылатын талаптың бірі – мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеретін сынақтан өту. Осындай қатаң талап неге мемлекеттік құры-лымның басқа да лауазымды тұлғаларының алдына қойылмайды?! Мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет жоғарыдан бастау алып, қарапайым халыққа үлгі болса, қазақ тілінің тұғыры беки түсер еді. Әрбір маманның, қызметкердің өз қызметі шегінде, өзінің кәсіби біліктілігінің аясында мемлекеттік тілді меңгеру межесі нақты айқындалып, жаңа міндеттер жүктелуі тиіс. Осы арада айрықша тоқталатын мәселе, тілдің тағдырын тек заңмен, басқа да міндеттеу шараларымен, шешу мүмкін емес. Тілге қажеттілік тудыру керек. 
Бүгінгі таңда тіл саясатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, нормативтік-құқықтық және ғылыми-лингвистикалық базаны одан әрі жетілдіру, мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау жүйесін дамыту, терминологиялық базаны қалыптастыру, тарихи атауларды қалпына келтіру, т.б. салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 
Бүгінгі күнгі үштілділік тәрбие берудің мәселесі туындап отыр. Үштілділік оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күні ең басты қажеттілік.

2.2. Елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - өзінің стратегиялық ойлау қабілетімен, саяси-экономикалық батыл қадамдарымен Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына енгізген, енді алғашқы 30-дың қатарына кіргізуді мақсат еткен әлемдік деңгейдегі, ірі саясаткер. 


Жалпы Мемлекет басшысы қойған негізгі мақсат - 2050 жылға дейін Қазақстан әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылуы керек. Бұл әрине өте үлкен мақсат. Бірақ бұл жетуге болатын мақсат екеніне көзіміз жетеді. Бұған «Қазақстан-2030» даму стратегиясы куә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы бұл болашақ ұрпақтың қамы. Болашақ бүгіннен басталады , ел болашағы – ертеңгі азамат, бүгінгі жас ұрпақ. «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» - деген болатын Елбасы. 

Үштілділік - нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы», - Б. Хасанұлы анықтама бергендей , бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда. Осы орайда құрылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты: 

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру;
мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу;
ағылшын тілін меңгерту;
орыс тілін жетік білу;
әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау;
тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу. 
Елбасының үштұғырлы саясаты  аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.

Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып, сондай-ақ жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлініп жатқаны жасырын емес. 


Елбасы Қазақстан-2050 Стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизм туралы ой қозғайды. Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. «Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Сондықтан да өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек.» Осы мақсатта «Қазақстан тарихы» және жаңадан енгізілген «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәндері - оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту, сонымен қатар қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған моральдық – адами құндылықтарын меңгеруге ұмтылысын тәрбиелеуге бағытталған. Бұл мәселе 1997 жылғы Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» даму стратегиясының өзінде ұсынылған болатын. Шынымен де қазіргі қоғаммен оның өткенін байланыстырушы тарихи сана қалыптаспайынша патриотизмді қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан да тарихты объективті оқыту және оны насихаттау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. 
Қазіргі таңда оқушыларға компьютермен, интернетпен, интербелсенді тақтамен сабақ өткізу толығымен жолға қойылып отыр. Көптеген мұғалімдер осы уақытқа дейін техникалық құралдармен сабақ өтіп, оның қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді. Компьютермен сабақ өткізу арқылы оның қолданылуын үйрене отырып телесабақтарды тың, жаңа деңгейде өткізуге, оқытушы мен оқушының қарым-қатынасының педагогикалық және методикалық тұрғыдан сараланып алынған алуан түрлі қызмет түрлерінің қолданылуы жүзеге асады. Сондықтан әрбір мұғалім өз қызметіне ақпараттық технологияны пайдалана білуі кажет. Бұл мәселе білім беруді ақпараттындырудың қажетті шартына айналып отыр. 
Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр. 
Сабақтарды қызықты әрі оқушылардың ағылшын тіліне деген құштарлығын арттыру үшін мұғалім дидактикалыық деректер мен ойындарды сабақтарда қолданады.

Бастауыш сыныптарда ағылшын тілі , орыс тілі, қазақ тілі сабағында міндетті түрде төрт дағдыны дамытамыз. Яғни, тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым. Себебі бұл дағдыларды меңгерген оқушылар олимпиадаға қатысқанда немесе әр түрлі сайыстарға қатысқанда олар қиындықтардан шыға алатын болады.

Мектептерде қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады.

Өз іс-тәжірибемде балалардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген: «Кім тапқыр?», «Кел сайысайық!», «Тілдер сөйлейді» ойындары, , «Матрица» сынды әдістер. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сұрақ-жауаптар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Тәжірибелі мұғалімдер өткенді қайталауды берілген сабақтағын тақырып пен тараудағы оқып жатқанмен ғана байланыстырып қоймайды, барлық оқу пәнінің тақырыбын оқып жатқан материалмен үйлестіреді. Жеке пән ретінде берілген ағылшын пәнінен басқа, кіріктірілген сабақтың маңызы да бөлек. Мақсаты- оқу материалдарын байланыстырып, сабақта оқушыларға терең білім беру, ойлау қабілетін дамыту. Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру балалардың жан-жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіндік жасайды. Әрине әр ұстаздың өз ұстанымы бар. Біз үшін оқушылардың сабақтарда алған білімдерін шынайы өмірде қолдана білсе мақсатымызға жеткеніміз. Өзімнің жұмыс тәжірибемде бүлдіршіндердің шет тілін өте тез қабылдайтынына және есте сақтау қабілеттерінің де жоғары болатындығына көзім жетті.

Бастауыш сынып оқушыларына шет тілін меңгертуде әр баланың психологиясына ауыртпалық түсірмейтіндей әр түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білсең ғана сапалы білім бере алатынымыз хақ. Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңін көркейте түсері сөзсіз. Халқымызда «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген даналық сөз де бар.

ІІІ.Қорытынды. 
Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал 2007 Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.

Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. 

Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жарықбаев Қ. Аталы сөз.– Алматы: Жалын, 1980.

2. Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

3. Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу — әншейін бір ұран емес», Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзі

4. Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007 ж

5. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері, А, 2008 ж.

Advertisements



Исатаева Гульбара Койлыновна,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Сарыағаш аудандық білім бөлімі

№28 Абылай хан атындағы жалпы орта мектебі КММ



бастауыш сынып мұғалімі
Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет