1-сабақ
ДЫБЫС ЖӘНЕ ӘРІП
Сөйлеу тілінде дыбыстау мүшелері арқылы айтылып, естілетін тілдік құбылысты дыбыс дейді. Дыбыс – сөздің ең кішкене бөлігі. Дыбысты айтады және естиді.
Дыбыс адамның дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Олар: өкпе, кеңірдек, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, кішкене тіл, ауыз қуысы, көмей, таңдай, тіл, тіс, ерін, мұрын қуысы.
Дыбысты таңбалау үшін алынған белгіні әріп дейді. Яғни әріп – дыбыстың жазбаша таңбасы. Әріпті жазады және көреді.
Әріптердің рет-ретімен тізілген жиынын алфавит (әліпби) дейді. Қазақ тілінің алфавиті 42 әріптен тұрады және олардың тізбектелген қатары мынадай: а, ә, б, в, г, ғ, д, е, ё, ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ, ь, ы, і, ъ, э, ю, я.
Қазақ тілінде дыбыс саны - 37. (Дыбыс бола алмайтындар: я (й+а), ю (й+у), ё (й+о) қосарлы дыбыстары және ь –жіңішкелік, ъ – жуандық белгілері).
Ескерту: У әрпі екі дыбыстың орнына (дауысты – у және дауыссыз – у) қолданылады. Бірақ бір дыбыс болып саналады.
Қазақ тіліне тән әріптер (9): ә, ө, ү, ұ, і, қ, ғ, ң, һ.
Қазақ тілінде ъ (айыру белгісі) және ь (жіңішкелік белгісі), сондай-ақ э, ё, в, ф, ц, ч әріптері орыс тілі арқылы енген кірме сөздерде ғана кездеседі.
Қазақ тілінде дыбыстар өкпеден шыққан ауаның шығуына қарай дауысты дыбыс және дауыссыз дыбыс болып 2-ге бөлінеді.
ДАУЫСТЫ ДЫБЫС
Дауысты дыбыс өкпеден шыққан ауаның ауыз қуысында еш кедергіге ұшырамай, еркін шығуынан жасалады.
Дауысты дыбыс буын жасауға қатысады.
Дауысты дыбысқа екпін түседі.
Тіліміздегі дауысты дыбыстар: а, ә, е, и, о, ө, ұ, ү, у, ы, і, э.
Дауысты дыбыс тіл, жақ және еріннің қатысына қарай жуан - жіңішке, ашық - қысаң, еріндік - езулік болып жіктеледі. Оны төмендегі кестеден көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |