Тәуелсіздік тағдыры Кеше немесе біз қайдан шықтық?



Дата25.02.2018
өлшемі303,83 Kb.
#38186
Тәуелсіздік тағдыры

Кеше немесе  біз қайдан шықтық?

Күні кеше социализм шекпенінен шықтық. Бүгінгі көптеген тауқыметтеріміздің тамыры сонда жатыр. Сонымен, біз кешегі әлемдегі «ең әділетті», «ең бақытты» делінген елден шық­тық. Бала күнімізде «тым жақын, әне бір қыр астында тұрған коммунизмді» көргіміз келіп көк­жиекке мойын созатынбыз. «Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп ұрандататынбыз. Есейе келе сол ұрандардың бәріне күмәнмен қарадық. Бұл ұрандардың қиялға құрылғанын аңғара бастадық. Біз табынып жүрген көсем­дер, партия халық қанын кешкен қылмыскер­лер екенін естіп білдік. Уәде еткен ұжмағы қайдам, бірақ олар өз заманында жер бетінде дозақты орната біліпті. «Байлардың қанауынан құтқарамыз» деп халық­ты өзара қырылысты­рып қойып, одан кейін аман қалғанын мем­лекеттің өзі қанапты. Күллі Кеңес елі үлкен бір еңбек лагеріне айналыпты. Большевиктер онымен тынышталмапты. Халық­ты байдан ғана емес, Құдайдан да азат етеміз деп лепіріпті. Адам жанына қол салыпты. Қол­дан Құранды түсіріп, жүректен иманды ұшы­рыпты. «Құдай­сыз­дар қоғамын» құруға кірісіп­ті. «Бұлардың Құдайда әкесінің құны бар ма?» деуіңіз мүм­кін. Орынды сауал. Жауабы: «Қызыл көсемдер халық жүрегіндегі Құдайдың орнын өздері иеленгісі келген».

Қызылдар төңкерістің елең-алаңында «Тең­дік!» «Бостандық!» деп айқай салыпты. Қандай ұран! Оған кім қуанбасын! Барлық халықтар қуа­ныпты. Патшалық құлдықтан құтылдық деп. Қай­ран аңқау халық! Теңдік тиді деп қол со­ғыпты. Республика теңдік кепілі деп біліпті. Бірақ, қызылдар көп ұзамай көрсетіпті «теңдік­ті». «Теңдік» сұрағандардың көзіне көк шыбын үймелетіпті. Республикалар Орталық езгісіне түсіпті. Қуыршақ республикалар, басқасын былай қойғанда, өз елінің тілін де қорғай алмапты. Төңкеріс әкелген «теңдік» осымен бітіпті. Орта­лыққа «теңдік» емес, қол қусырып тұра­тын «құл­дық» керек екен. Республика басшылары соны ұғыпты. Дәл солай жасапты. Бірақ, іште тұн­шы­ғып наразылық қалыпты. Бұл ішке бұқтырылған наразылық баяу жарылатын бомба еді. КСРО, сөйтіп, республикалардағы «тең­дік­ті» тұқырта­мын деп өз көрін өзі қазыпты. Егер, КСРО конституциясында жарияланған «ұлттар теңдігі» іс жүзінде жүзеге асқан болса, кім біледі, Кеңес Одағы 90-шы жылдардағы күй­реуден аман қа­лып, конфедерациялық қа­лыпта өмір сүре беруі де мүмкін еді. Бірақ, қызыл Кремль көсем­дері 17 жылы ақ патшадан құтыла алса да, кеңес заманында ұрда-жық империяшыл кеселден құты­ла алмапты. Бұл империяшыл кесел, әлемдегі екі алыптың бірі болған Кеңес Одағының ажалына көрініпті. Сырттан бір оқ атылмай бұл Одақ іштен жарылған бомбадан күлі көкке ұшыпты.

КСРО ажалының тағы бір себебі – қарғыс­тан. Халық қарғысынан. Қызылдар 20-шы, 30-шы, 40-шы жылдар миллиондардың қарғысына ұшы­рады. Қарғыс жібермеді. Адресін тапты. 20-шы, 30-шы жылдар Құдайды мансұқ еткен қызылдар кеңестік кеңістікте сайтанның салтанат құруына жол берді. Жалшы байға қарсы шықты. Бала әкеге қарсы шықты. Дос досты сатты. Мұндай сайтанның салтанат құруына жол берген жүйе күйремеуі мүмкін емес еді. Нә­ти­жесінде қанша қару жинаса да бұл өкімет Құдайдың қарғысына ұшырап жау шаппай жайрады. Бірақ, біз бір нәрседен аулақпыз. Социализм заманында бәрі жаман болды деуден аулақпыз.

Бір жақсысы – социализм ешкімді жұмыс­сыз қалдырмады. Бір жаманы – жақсы істесең де, жаман істегенмен теңестірілдің. Содан жұрт жұмысқа құлықсыз, жанаяр болды. Өйт­кені, еңбек мәжбүрлі еді. Ел бір алып еңбек ла­ге­ріне ұқсады. Оның салдары, ақыры, тоқы­рауға тірелді. Қадыр ағамызша талдап көрейікші. Бір жақсысы – оқу, медицина тегін болды. Бір жаманы – қызмет көрсету сапасы нашар болды. Бір жақсысы – кезекпен болса да жұрт баспана ала алатын. Бір жаманы – кең үйде тұруға құқың болмады. Бір жақсысы – барлық республикалар Кеңес Одағының қауіпсіздік шатыры астында болды. Бір жаманы – әлем қақ жарылып теке­тірес жағдайында тұрды. Бір жақсысы – кеңес халықтарының ор­тақ тарихы, ортақ мен­талитеті қалыптасты. Бір жаманы – әр халықтың өз тарихы, өз мен­талитеті қағажу көрді. Бір жақсысы – кеңестік интернационализм қалып­тасты. Бір жаманы – ол интернационализм ұлтжанды­лыққа қарсы ұртоқпаққа айналды. Бір жақсысы – кіші ұлт­тар жаппай орыс тілін үйренді. Бір жаманы – өз тілін ұмыта бас­тады. Бір жақсысы – орыс тілі арқылы әлем мәдениетінен, әдебиетінен су­сындады. Бір жаманы – сол әдебиетті өз ана ті­лінде оқитындар саны миллиондап кеміді. Өйт­кені, бір тілде – орыс тілін­де сөйлейтін ке­ңес халқын қа­лып­тастыру КОКП ұраны еді. Қазақ­стан комму­нистері бұл ұранды орындауда алдына жан салмады. Қазақ КСР-інің астанасы – Алматыда жалғыз Жазушылар одағы мен кейбір қазақ тілді ақпарат құралдарының редакциялары ғана қазақша сөйлейтін. Мемлекеттік мекемелер болса тү­гел­дей бұл тілдің жаназасын шығарып қойған­дай еді. Яғни, өз тілімен іштей қоштасып, КОКП бағдарламасына сәйкес бола­ша­ғы зор кеңес халқының тілінде сөйлейтін. Тәуелсіздік туралы әңгіме атымен өшкен еді. Немесе өші­рілді. Тәуелсіздік туралы әнгіме сонау 37 жылы атылған ұлтшылдармен бірге оққа ұшты. Қазақ халқы 90-шы жылдарға осындай күйде келді. Тоталитарлық жүйе осы тұста құлады. Қазақ­стан өз Тәуелсіздігін жариялады. Ең қы­зы­ғы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Тәуел­сіздік туралы мәселені күн тәртібіне қойғанда: «Осы біз кімнен Тәуелсіздік жариялаймыз?» деп мәлімдегені бар. Бұ нені көрсетті? Бұл – қазақ саяси элитасының аспаннан түскендей болған азаттыққа дайын болма­ғанын көрсетті. Біз де сондай күйде болдық. «Бұл… рас па, өтірік пе?!» деп сенер-сенбе­сімізді білмедік. Үміт пен күдік құшағында тұрдық. Бұ жолы, бірақ, бұйрық ті­ке­­лей Жара­тушының өзінен келсе керек. Сон­дық­тан, оған ешкім қарсы тұра алмады. Горбачев бастап, коммунистік элита қанша шыр-пыр болғаны­мен, Жаратушы бұй­рығын өзгерте алмады. Тарих доңғалағы алға басты. КСРО атты алып кеме бір күнде құрдымға кетті.

Бүгін немесе

біз қайда келдік?

70 жыл ұдайы қызыл идеология табанында тапталып өшуге айналған ұлт азаттық үмітіміз қайта тұтанды. 1991 жыл. Көп ұзамай ол жалпы алаш жүрегін шарпыған шаттық алауға айналды. Азаттық!!! Ғасырлар бойы алаш жү­регінде маздаған арман алау! Көп ұзамай көк­темде Ордабасыда ұлан-асыр той өтті. Азаттық алған халықтың алғашқы ұлы жиыны. Ордабасы – табиғаттың өзі тұрғызған жасыл пирамида тәріз­ді. Ұшар басында көкпен тілдесіп көк ту желбірейді. Тәуелсіздік туы. Алып төбе етегін­дегі жасыл жазықта иін тірескен халық. Ине шаншар орын жоқ. Өйткені, аспанмен та­лас­қан Ордабасы төбесіне қазір Қазақстанның тұңғыш Президенті көтеріледі. Арғы ғасыр­ларда ел басына күн туғанда қазақ хандары осы қасиетті төбеге жиналыпты. Тығырыққа тірел­ген ха­лық­қа қаратып үн қатыпты. Отан қорғау жолында ата-бабаларымыз анттасыпты, баталасыпты. Енді осынау тарихи төбенің ұшар басына тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті көтеріл­мек. Араға бірнеше ғасыр салып азаттық алған алаш жұртына арнап тіл қатпақ. Бейнебір Жарат­­қанның жердегі елшісін күткендей біз тағат­сыздана толқып тұрмыз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен бірге көршілес өзбек елінің президенті Ислам Каримов, қырғыз елінің президенті Ас­қар Ақаев келе жатты. Ордабасыға жиналған ха­лық теңіздей толқып кетті. Президенттер жолақ кілеммен өтіп, Ордабасы етегіне қойыл­ған мін­берге көтерілді. Сөз сөйледі. Содан кейін олар қасиетті төбеге көтеріле бастады. Алда – Қазақ­стан Президенті. Биіктеп барады. Ғасыр­лар бойы табанға түсіп тапталған алаш арманы да онымен бірге биіктеп бара жат­қан­дай. Осы бір көрініс… тайға таңба басқандай есте қалып­ты. Ғасыр­лар бойы езгіге түскен қазақ арманын, алаш аманатын арқалаған Назарбаев текшемен көтеріліп барады. Етекте жү­ріп езіліп осынау киелі биікке Тәуелсіздік тұ­ғы­рына алаш жұрты көтеріліп бара жат­қан­дай…Әне оның, немесе, халқымыздың әрбір басқан қадамы астарында қаншама қасіретті жылдар, оқиғалар жатыр! Осы тұғырға жеткенше… замана баспал­дақ­та­рын­да қаншама боз­дақ­тар қалмады!? Әр тек­шесі қанмен жуыл­ған… тарих баспал­дақта­ры!!! Енді, міне… осы баспалдақтардың соңғы тек­шесі… Тәуелсіздік текшесіне айналыпты. Біз соның куәсіміз. Сол ең биік Тәуелсіздік тек­ше­сіне халқымен бірге шығуды Жаратқан Ие Әбіш­тің ұлы Нұрсұл­танның пешенесіне жазыпты. Ол сол биікке өзі ғана емес… өзімен бірге арғы-бергі ұрпақтың арманын да ала көтерілген еді…

Әне, Президент Ордабасы төбесіне шықты. Шықты да халыққа бұрылды. Бұрылды да қос қолын көтерді. Жұрт дүрілдеп кетті. Қол соғып жатыр. Көзге үйірілген жас. Теңіздей толқыған жұрт. Бақыт құшағында. Беу, дүние-ай! Сол бір азаттықтың алғашқы жылдарындағы көтеріңкі көңіл күй-ай!! Неткен ғажайып күндер еді!! Бүкіл халық бір атаның баласындай ұйысқан… бақыт­тан балқыған күндер!! Өйткені, ол Тәуел­сіз­діктің бозала таңы, балалық шағы еді. Сол сенім, сол көңіл күй, сол жүрекжарды қуаныш Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында… қазақ болмысында бұққан бір бұла күшті оятты. Бұл бұла күш миллиондар бойында бұққан сұрапыл пассионарлық қуат еді. Тау қопарып, тас жарар буырқанған алапат қуат еді. Кешегі 86 жылы Брежнев алаңында намысы тапталған халық елмін деп еңсе көтерген еді, Алла сыйы азаттық рухын аспандата көтерген еді. Ендігі жерде тарих жолында алаш алдында тұрған еш кедергі жоқтай. Бақытты қоғам, бақытты заман бүгін­нен басталғандай. Тауқымет атаулы түгел Кеңес өкіметімен бірге кеткендей… келмеске. Сөйтсек, мұнымыз Тәуелсіздік таңында құс-қиял болып қанат қаққан бостандықтың «бала­лық сырқаты» екен.

Көп ұзамай азаттықтың алғашқы «қызық-шыжығы да» басталды. КСРО-дан қалған ке­ңістікте экономикалық, саяси аласапыран дауылы бас көтерді. Осы тұста Қазақстан Прези­денті кеңестік экономикалық кеңістікті сақтау туралы дабыл қақты. Бірақ, кеңестік жатақ­ха­на­дан жаңа шыққан жұрт, түйіншектерін кө­теріп тым-тырақай тарап бара жатқан тә­уелсіз елдер ол дабылға құлақ асар халде емес еді. Біз де сөйттік. Назарбаевтың бұл үндеуін кешегі коммунист басшының кешегі кеңестік жүйені көк­сеуі деп білдік. Ал, экономика болса ай санап емес, күн санап құлдырап бара жатты. Президент Қазақстан халқын бос жатқан жерді бөліп алып картоп егуге шақырды. Ең болмаса халықтың қарны ашпасын дегені болса керек. «Кассада есеп-шотымыз бар» деп қомпиып жүргендердің жиған-тергендері бір күнде желге ұшты. Оның есесіне социализмнің жиған-тергенін бір күнде пышақ үстінен бөліп алып, аяқты алшаң басқандар аз болмады. Зауыттар, фабрикалар тоқтап, жұмыс орындары жабыла бастады. Пенсия, айлық кешікті. Қарны ашқан халық көшеге шықты, митингілеп. Ауыл халқы қалаға шұбырды. Қала халқы қапшықтарын көтеріп шетел асты «челнокшылап». Базар жағалап алақанын жайғандар жүр. Той буы тез тарқап, біз көз ашып төңірегімізге қарадық. Сөйтсек, шындықтың сықпыты жаман. Түнде көшеге шықтың ба, соққыға жығыласың. Ең болмағанда құлақшыннан айырыласың. «Тә­уел­­сіз Қазақстанның түрі мынау болса… жетіс­кен екенбіз!» деп түңілгендер түйіншектерін түйе бастады. Қазақстан болашағына қолды бір сілтеп миллиондап көше бастады. Қазақстан солтүстігінде орыс сепаратизмі бас көтерді. Приднестровье үлгісімен орыс автономиясын құрмақ ниеттері. Тәй-тәй басқан 2-3 жасар Тәуелсіздік экономикалық, саяси және этнос­тық хаос алдында тұрды. Осы тұста Назарбаев Қазақстан халқының өзара түсіністік алаңы болуға тиіс Қазақстан халқы Ассамблеясын құ­ру идеясын ұсынды. Өйткені, ішкі тұрақты­лықты Президент Назарбаев Тәуелсіз Қазақ­стан үшін мемлекеттік қауіпсіздіктен кейінгі екінші басымдық деп білді.

1991 жылғы желтоқсанның 16-сында өмір­ге келген күннен бастап Тәуелсіз Қазақстан үшін бірінші басымдық мемлекеттік қауіп­сіздік болды. Қазақстан тәуелсіздігін жария­лаған бетте араға 18 минут салып Қазақстан Тәуелсіз­ді­гін бірінші болып Түркия таныды. «Қазақстан Тәуел­сіздігін тану үшін ертеңгі таңның атуын күтіп тұра алмадық», деп жүрекжарды қуаны­шын айдай әлемге жайып салған Түркия прези­денті Тұрғыт Өзалды Нұрсұлтан Назарбаев сол үшін айрықша құр­мет тұтты, дос тұтты. Тарих табалдырығынан тәй-тәй аттаған нәресте елдің Тәуелсіздігін тану – ересек жанның жас балаға қолұшын беруі­мен бірдей еді. Әлі шекарасы толық белгіленіп бітпеген, әскері құрылмаған жас Қазақстанға достық қолын алғашқы екі аптада 18 ел ұсынды. Бір жылда Қазақстан Тә­уел­сіздігін 108 мемлекет таныды. Тәуелсізді­гі­не 3 ай толған кезде Қазақстан БҰҰ-ға мүше­лікке қабылданды. Көк туы әлемнің 180-нен астам елдерінің тулары қатарында желбіреп тұрды. Бірақ бұл сол 180 елмен тереземіз тең болды деген сөз емес еді. Бұл әлемдік қо­ғам­дас­тықтың сені тек егемен ел деп қана та­ны­ғаны еді. Ал, жарияланған Тәуелсіздік тағ­дыры қан­­шалықты баянды болады? Бұл осы әлем картасында жаңадан пайда болған елдің өз бас ауруы еді. Бұл, яғни, тәуелсіздік тағ­ды­ры, әсіресе, осынау өтпелі кезеңде ел тізгінін қол­ға алған басшының бас ауруы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Президент Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі бағытын белгіледі. Әлем картасында жаңадан пайда болған Қазақстан Республикасы Еуразиядағы екі алып – Ресей мен Қытай арасында орналасқан. Түстігінде – Орта Азия рес­публикалары. Пешенесіне жазылған осынау географиялық орын Қазақстанның геосаяси да орнын белгіледі. Сондықтан да, Қазақстан өз болашағын «Азия арыстаны» деп те емес, «Азия жолбарысы» деп те емес, Алатау шыңда­­рын мекен еткен шапшаң да шалт қимылды барыс бей­несінде елестетті. Арыстанның аузында, жол­ба­рыс­тың жұмырында кетпес үшін барысқа шап­шаң да шалт қимыл, сауысқандай сақтық керек.

Осыны ойлаған Елбасы Кеңес Одағы ыдырай салысымен араға екі апта салып Алматыға кешегі кеңестік республикалардың басшыларын жинады. Алматыда ТМД қауымдастығы құрыл­ды. КСРО-ның қауіпсіздік шатырынсыз қалған ел басшыларын Алматыда тағы жинап Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымын құруды жедел­детті. Бұл Ұйым мүшелері сырттан бас­қын­шылық болған жағдайда бірін-бірі қорғауға міндеттенді. Сонымен, әрбір тәуелсіз ел тағды­рындағы бірінші басымдылық – мемлекеттік қауіпсіздік болса, ТМД басшылары қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік шарты осы жолдағы алғашқы қадам еді. Алайда, жалғыз Шартпен қауіпсіздікті біржола қамтамасыз ету қиын. Президентке Қазақстан қауіпсіздігін баянды етудің өзге де жолдарын іздеу керек болды. ТМД аймағында аласапыран бас көтерген эко­номи­калық дауыл. Үзілген байланыстар. Тоқта­ған зауыттар. Жалақысыз жұмысшылар. Ми­тин­гіле­ген халық. Экономикалық бұл аласапы­ранның емі не? Бұл ем табылмаса Тәуелсіз­дікке тікелей қатер ғой! Сондықтан да, ел Президенті Тәуелсіз Қазақстан үшін үшінші басымдық – экономикалық өрлеу деп белгі­леді. Егер, бұл үшінші басымдық тауқыметі тез арада шешіл­месе онда ол бірінші және екінші басымдықты бордай тоздырары анық еді. Президенттің: «алдымен – экономика» деуі содан. Бірақ, экономиканы бір күнде, бір бұй­рықпен көтере алмай­сың. Жұрт 70 жыл дағды­ланған жоспарлы экономиканы бір күнде сыпырып тастап, орнына табиғаты мүлдем бөлек нарықтық экономика орната алмайсың. Осыдан келіп қоғамдық психологиядан бастап еңбек қарым-қатынасын түбе­гейлі өзгертетін тарихи реформаны бастау қажеттігі туындады. Өйт­кені, Қазақстан бодан­дықтан бостандыққа ғана емес, бір тарихи формациядан екінші тарихи формацияға өтер табал­дырық алдында тұрды. Алда 70 жыл қалыптас­қан социалистік форма­ция­ның экономикалық, саяси, заңдық, әлеу­меттік базаларын ысырып тастап, оның орнына жаңа нарықтық капита­листік институттар орнату тәрізді таудай тауқыметтер тұрды.

Сол тұста Қазақстан алдында бұдан өзге жол, бұдан өзге таңдау жоқ болды. Оны неден, қалай бастау керек? Қызығы сол, капиталистік формация құру жөніндегі маман Қазақстанда болмай шықты. Ондай тәжірибе Президенттің өзінде де жоқ еді. Президент дамыған капита­листік елдерден тәжірибелі экономист шақы­руға мәжбүр болды. Экономикасы жамбастап жатқан Қазақстанды емдеудің жалғыз жолы «шошу терапиясы» еді. Ол деген сөз – бұ­рын­ғы социа­листік қоғамдық меншік нысаналарын қысқа мерзімде капиталистік жекеменшікке айналдыру. Яғни, жекешелендіру. Яғни, бұрынғы қоғам­дық меншікті жекеменшікке беру. Бұл бөлісте қазан жағалағандар қарық болды да, былайғы жұрт ерін жалады. Сонымен, Карл қарғаған (Марксты айтып отырмыз) капитал қоғамының ағысты суына Қазақстан өз еркімен құлаштап қойып кетті. Сол тұста бір кило ет алу үшін бір сағат кезекте тұрудан, бір етік алу үшін бір түн қатудан ығыр болған халыққа дүкендері тауарға толы капитализмнен өткен жұмақ жоқтай көрінгені рас еді. Карл байғұс «Капиталында» капитализмді қанша қарғаса да, кеңес халқының түсіне бәрібір сол бай­лыққа батқан Батыс кіретін. Сондықтан, Тәуел­сіз Қазақстан бақуат­ты Батыс жолын таңдады. Жасыратыны жоқ, Батыс тәрізді бақуатты болашақ бәріміздің арманымыз болды.

Алайда, біз армандаған капитализмнің ауылы әлі алыс еді. Біз турист болып барып сырттай шолып қайтатын сырты жылтыраған капитализм бір жылдың емес, бірнеше ғасырдың жемісі екен. Бірақ, бізде бірнеше ғасыр күтуге уақыт жоқ еді. Біз асықтық. Бізге бүгін өрке­ниетті өмір сүру керек болды. Нарық атты ағы­сы қатты асау өзенге, сондықтан да, жүзу білмей тұрып қойып кеттік. «Шошу терапиясы» осы екен. Нарық дариясында жүзу білмей­тіндер батып-шығып жан дауысы шыға бастады. Ал, капитализм керек болса! Нарық өзе­нінде батып-шығып малтыққандар Құдайдан бастап бастық біткеннің бәрін сыбап жатты. Жабайы капита­лизмнің мына түрін көрген жұрт социализммен жылап көрісетіндей жағдайда.

Өтпелі кезеңнің алғашқы 10 жылы Тәуел­сіздіктің ең қиын қылкөпір кезеңі болды. Ха­лық қиналды. Бұл Президентке де ауыр тиді. Тәуелсіздік тағдыры реформаға тірелгендей. Іште митингілеген халық. Сырттың түрі одан да жаман. Мына, көрші Қырғызстанға баса-көктеп ауған террористері кірді. Олар атқан мылтық­тың дауысы Алматыға естіле бастады. Батыс сарапшылары: «Орта Азия – болашақ Балкан. Онда тәуелсіздік жариялаған кешегі кеңестік республикалардың келешегі жоқ», деп кесіп-пішіп жатыр. Яғни, Орта Азия өртке оранғалы тұр. Кейбір сыртқы күштерге Орта Азияның өртке оранғаны керек те сияқты. Өйткені, бұл – мұнайлы, минералды өлке. Бұл байлықта алыстағы Американың да, жақын­дағы Ресей, Қытайдың да мүддесі бар.

Сонымен, Орта Азияда аз ғана уақыт ішінде алып елдердің мүдделері тоғысты. Бұл тоғысу­дың Тәуелсіздік тағдыры үшін тағ­дыр шешті салдары бар еді. Орта Азия үс­тінде геосаяси ойын басталды. Бұл ойында ешкім ешкімге ұтылғысы жоқ. Әсіресе, Қазақ­стан. КСРО құлар кезде мұндай ойын­дардың көке­сін көрген Нұрсұлтан Назарбаев мұнайға мұ­рын созған алыптарды Қазақстан ау­мағында пари­тет­тік тепе-теңдікте ұстауға күш салды. Ол тепе-теңдік Қазақстан үшін қауіпсіздік кепілі – Тәуелсіздік тағдыры еді. Тәуелсіздік – қазақ тәрізді кіші халықтар маң­дайына бірне­ше ғасырда бір жазылатын тарихи мүмкіндік, тарихи бақ. Осы бақты Алла тағала 20 ғасыр аяғында алаш пешенесіне жазды. Ендеше, басты парыз – сол бақтан айыры­лып қалмау. Баянды ету. Аймақ төңі­регінде астыртын жүріп жатқан геосаяси ойындарда ұтылмау. Президент басында­ғы ең ауыр жүк, өтпелі кезеңдегі ең ауыр жүк осы болды. Осылай болар деп біз де топшылайтынбыз. Бірақ, көзбен көрмеп едік.

Осы өткен сәуірдің 30-ы күні Алматы резиденциясында бізді жеке қабылдау барысында Президент иығына түскен сол бір зілді көзбен көргендей болдық. Біз кіріп келгенде Нұрсұл­тан Әбішұлы кең кабинетінің ортасында… ауыр ой үстінде тұр екен. Дәлірегі, санаға түскен… бір таудай салмақ астында тұр. Әдетте ел алдына шыққанда жүзі жарқырап, төңірегіне абзал аура тарататын Президенттің мынадай тұнжыр кейпін тұңғыш көруіміз еді. Сәлемдесіп үстел басына отырғаннан кейін ғана Нұрсұлтан Әбіш­ұлы әлгі бір бізге беймәлім санаға түскен салмақтан серпілгендей болды. Бірақ, біздің көз алдымызда сол бір бейне, кең кабинет ортасында жалғыз жабырқап тұрған Президент бейнесі бәрібір сақталып қалды.

Осы орайда президенттік билік туралы шет­елдік сарапшылар арасында тараған мына бір теңеу еске оралды. Бүкіл билікті пирамида десек, Президент – соның ұшар басында отыр­ған тұлға. Бірақ, биігінде Президент отыр­ған алып пирамидаға жоғарыдан төң­керілген тағы бір алып пирамиданы елесте­ті­ңіз. Ол көзге көрін­бейді. Бірақ, сол төңке­рілген пирамиданың сал­мағы жалғыз Президентке түседі. Төңке­рілген пирамида – Президентке жасалынатын қысым­дар көлемі. Яғни, жауапкершілік жүгі. Мемлекет қауіпсіздігі, Тәуелсіздік тағдырына қатыс­ты тарихи ше­шім­дер жасау ауыртпалығы. Осынау саяси ойында басшыға тек шебер тактик болу аз, бұл ойында Президентке кемінде жүз жыл алда­ғыны болжайтын сайыпқыран стратег болу басты шарт. Онсыз бүгінгі бұл ойынның салдарын өзің көрмесең де, ертеңгі ұрпағың көреді. Басшысың, ендеше, жалғыз замандас­тарыңның алдында ғана емес, болашақ алдында да жауап­тысың. Президенттің екі пирамида қыспағында болатын себебі осы. Жердің тіті­регенін пирамида етегіндегі емес, пирамида ба­сындағы сезеді, алдымен. Ендеше, ауған бүлік­шілдері Қыр­ғызстан шекарасын бұзғанда ұй­қы­дан айырыл­ғандар алдымен Орта Азия басшылары болғаны хақ.

Тәуелсіздік- кезеңі



КСРО кезінде шекара маңына жолауды біл­мейтін қарулы топ Тәуелсіздік тұсында Орта Азия тауларында тайраңдап жүрді. Бұ нені көрсетті? Бұл Орта Азия шекаралары әлі қор­ғансыз екенін көрсетті. Қазақстан Президенті осы тұста Орта Азия одағы идеясын көтерді. Бірақ, аймақ басшылары бұл ұсынысқа дайын болмай шықты. Қазақстан Президенті көп ұза­май тағы да Түркі тілдес елдер одағы идеясын көтерді. Осы орайда сұрақ тууы мүмкін. «Сонда, одақсыз өмір сүруге болмай ма?» деген. Орынды сұрақ. Осы сұрақ бүгінде Еуразия одағы идеясына қатысты да қойылып отыр. Осы сұраққа орай біз Президент логикасын қалай түсінеміз? Жарайды, алғашқы екі одақ Тәуел­сіздігімізді күшейтпесе, әлсіретпек емес. Мұста­фа Шоқай күллі ғұмырын арнаған ұлы идея. Бірақ, мына Еуразиялық одақты қалай түсінуге болады? «Кеше құрығынан әрең құтылған отаршыл Кремльдің қолтығына қайта кіру емес пе бұл?!» деген айғайлар естіледі. Оған себеп: орыстың империяшыл идея­сы әлі тірі. Әлі күшті. Назарбаев болса: «КСРО қайта тірілмей­ді!» деп сендірумен келеді. Еуразия­лық одақ Еуроодақ тәрізді тәуелсіз елдер одағы болатынын айтумен келеді. Ендеше, Президент логикасын түсінуге тырысайық! Ол КСРО құлай салысымен Орта Азия одағы идеясын көтерді. Неге? Себебі, осы аймақ елдерінің күні кешегі хан­дық­тар дәуіріндегі қанды тарихы есте еді. Орта Азия­ның «Алтын Ордадан» кейін бөліне-бөліне бір бөріге жем болған тарихы есте еді. Бұл тарих енді ешқа­шан қайталанбауға тиіс еді. Орта Азия елдері­нен Тәуелсіздік теріс айналмауға тиіс. Орта Азия тағы да сыртқы күштер табанына түс­пеуге тиіс. Міне, осы тұрғыдан, Орта Азия үшін дамудың бауыр­ластық, тату көршілік, одақтас­тықтан өзге баламасы жоқ еді. Сондық­тан, Қазақ­стан Пре­зиденті дер кезінде Орта Азия одағы идеясын көтерді. Мұндай одақ бауыр­ластық Тәуелсіздік кепілі еді. Түркі тіл­дес елдер одағы да сондай ұзақ мерзімді Тәуел­сіздік кепілі болар ма деген арманнан туған. Бұл одақтар жүзеге асқан жағдайда Тәуелсіздігімізге берері: біріншіден, Орта Азия одағы Тәуелсіз шекара­мыз­дың сыртынан тартылған бірінші бейбіт­шілік белдеуі болуға тиіс еді. Екін­шіден, Түркі тілдес елдер одағы сол кіші шеңбердің сыртынан тартылған екінші үлкен шеңбер – бейбіт­шілік белдеуі болуға тиіс еді. Қазақстан Прези­денті ұсынған осынау екі тарихи жобаға, өкі­нішке қарай, аймақ елдерінің бәрі бірдей дайын болмай шықты. Бұл жоба белгілі бір уақытты қажет ететін жоба болып шықты. Бірақ, қол қусырып күтіп отыра беруге тағы болмайды.

Бүгінде Қазақстан Президенті осы екі шеңбер, екі одақ сыртынан тартылатын үшінші бейбітшілік белдеуі – Еуразиялық одақ құру жолында жүр. Бұл одақ та, Нұрсұлтан Назарбаев жобасы бойынша, Тәуелсіз Қазақстан шек­ара­сы­ның сыртынан тартылған үшінші бей­бітшілік белдеуі болуға тиіс. Бұл – Қазақстан жағының көзқарасы. Бірақ, бұл одаққа Ресей жағы қалай қарайды? Ресейге бейбітшілік белдеуі керек пе? Әлде, Кремльге бағынышты «кіші інілер» керек пе? Кремльге «кіші іні» болудың «қызығын» ке­шегі кеңес республикалары көрудей-ақ көргені белгілі. Енді ешқашан көргісі келмейтіні де аян. Қазақстан да көргісі келмейді. Ал, Ресейдің кейбір белгілі сарапшылары болса, «тең одақтастық» дегенге тілдері келмей, баспасөз бетінде: «Біз біртұтас мемлекет құруымыз керек!» дегенді айта бастады. Теңдікке үйренбеген орыстың империялық пиғылы емей не бұл? Сонда кімге сенеміз? Бір нәрсе анық. Ондай «ойыншық» одақтастықтың қазаққа керек емес екені анық. Құрметті оқыр­ман! Біз Тәуелсіз Қазақстан төңірегінде қалып­таса бастаған геосаяси ахуал жайында ой қоз­ғадық. Енді Қазақстан болашағын қалай көргі­міз келеді, сол турасында бірер ой.

 

Ертең, немесе қайда барамыз?

Біз Еуразиялық одаққа кірген Қазақстан тағдырын, дәлірек айтқанда, Тәуелсіздік тағды­рын қалай елестетеміз? Елестетпей-ақ, көз алды­мыздағы Еуроодаққа кірген елдерге қара­уымыз керек екен. Еуразиялық одақ архитекторлары жаңалық ашып жатпай-ақ, дайын Еуро­одақ жобасын алыпты. Ол қандай жобалар? Ол – Еуропарламент. Ортақ ақша – еуро. Ортақ сыртқы саясат. Ортақ қорғаныс. Ортақ виза. Демек, 2015 жылдан бастап бізді де осындай ортақ органдар, ортақ виза, ортақ ақша күтіп тұр деген сөз.

Сонымен, Тәуелсіздікке тарихи сын болға­лы тұрған Еуразиялық одақ бұрынғы КСРО-ны қайталамас үшін қандай болуы керек? Бірін­шіден, Еуропалық одақтан өз тәуелсіз­дігіне еш зиян келмейтініне еуропалықтар қандай сенімді болса, Қазақстан да Еуразия­лық одақтан өз Тәуелсіздігіне еш зиян кел­мей­тініне сондай сенімді болуы керек. Екін­шіден, Тәуелсіздік тұсында басталған отарсыздану үдерісі бұл одаққа кірген күнде де тоқтап қалмауы керек. Бұл не деген сөз? Бұл – тоталитаризм тұсында зардап шеккен қазақтың тілі, діні, ділі, яғни ұлттық құндылықтары толық қалпына келуі керек деген сөз. Мемле­кеттік тілді үйренуге деген ұмтылыс әлсіремеуі керек. Егер де, Тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттік тілін үйренуге деген ынта-жігер Еура­зиялық одақ аясында әлсірер болса, онда бұл Қазақ­стан Тәуелсіздігінің тікелей зардап шек­кені болмақ. Тіл – тәуелсіздік көрсеткіші. Тіл тағды­ры – Тәуелсіздік тағдыры. Керек десеңіз, қазақ тілін үйренуге деген ынта-жігер Еура­зиялық одақ аясында бұрынғыдан да күшеюі керек. Қазақтардың сонда ғана бұл одақтың шын мәніндегі терезесі тең елдер одағы екеніне көзі жетпек. Бұл одақ құрыла қалған жағдайда қатысушы елдердің өзара теңдігі бас­ты мәселе екенін соңғы бір сөзінде Қазақстан Президенті де ескертті. Ол қазіргі экономика­лық Кеден одағы туралы айта келіп: «Бұл үшеудің бірлігін асықпай-аптықпай бір жақсы деңгейге жеткізу керек. Бұл бірліктің шын мәніндегі терезесі тең елдер бірлігі екеніне жұрттың көзі сонда ғана жетеді», деген еді. Бұл мәлімдемеден не ұқтық? Екі нәрсе ұқтық. Бірінші ұққанымыз – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қай одаққа кірсе де өз елінің өзге елдермен терезесі тең болғанын қалайтынын басы ашық айтып отыр. Екінші ұққанымыз – Президент қазіргі экономикалық Кеден одағы­нан саяси одаққа өту үдерісін асықтырмай, алдағы одақта да шынайы теңдіктің болатынына жұрт көзін жеткізу керек деп отыр. Бұл мәлімдемеден Қазақстан үшін аса маңызды бір үшінші ой туындамақ. Ол ой – 2015 жылы құрылғалы отырған Еуразия одағы одан да арғы жылдарға шегерілуі мүмкін екендігі туралы ой. Саяси одаққа асықпау Қазақстан үшін тиімді болары сөзсіз. Ал, саяси одақты тезірек құру Ресей үшін қажет екені көрініп тұр. Өйт­кені, Путин өз елі алдында Кеңес Одағы құла­ғанда тарап кеткен империя жерін қайта жинаушы ретінде тезірек көрінгісі келеді. Ресейдің біраз сарапшылары саяси одақ дегеніміз кеше қолдан шығып кеткен империялық кеңістіктің қайта қалыпқа келуі деп түсінетінін жасырмай отыр.

Осы орайда көз алдымызға көлбеңдеп бір көрініс келеді. Дүбірлі аламан бәйге келеді. Әнеки, қиқулаған халық. Жайлауда дүбірлеп жосыған жүздеген жүйрік. Жарықтық әне бір тұлпар маңдайы жарқырап алда келеді. Қанат байлап ұшып келе жатыр дерсің. Шаң қауып, ұлы дүрмектің қалың ортасында келе жатқан­дар қаншама! Шабандоздар мәйкесі – әр елдің ұлттық туы. Егемен елдер қатысқан әлемдік аламан. Ат жалына жабысып тізгін ұстаған­дар… осынау әлемдік аламанда ел тізгінін ұста­ғандар деуге болады… Дүние дүбір… Жер тітірейді. Қиқулаған халық! Халық емес-ау, тарих! Жан алып, жан беріскен бұл аламанда бір нәрсеге анық еді. Тізгін ұстаған шабандоздар­дың еш­қай­сысының шаң қауып артта қалғысы кел­мейтіні анық еді. Шабандоздар мақсаты – қас­қайып алда келу… Өйткені, бәйгеге түскенің –басыңның бәсекеге түскені. Соңғы 5 ғасырда Батыс өркениеті осындай бәсекелестікке құ­рыл­­ған әлемдік тәртіп қалыптастырды. Аса қатал, жан аямас жарысқа құрылған тәртіп. Бір жағы­нан бұл бәсекелестік Батысты дамытты. Алға шығарды. Екінші жағынан, баюдан бас­қаны білмейтін капитал жүйесі ашкөздікті тудырды. Ашкөздік әлемді алапат дағдарысқа әкелді. Бәсекелестікке құрылған капитал мақ­саты қалай да баю болса, осы жолда адамды адам шаң қап­тырады. Компанияны компания шаң қаптырады.Мемлекетті мемлекет шаң қаптырады. Бұл әлем­дік тәртіп жүздің бірін ғана жарылқайды. Өйт­кені, бұл – жан аямас жарыс. Шаң қаптың ба, өзің кінәлісің. Батыста басталған дағдарыс – осынау жүгенсіз, ынсапсыз жүйе дағдарысы. Оның зардабын шегіп жатқандар алпауыттар емес. Оның зардабын шегіп жатқандар қалың халық.

Иоанн Павел ІІ Астанаға келген сапарында Қазақстан Президентінің қасында тұрып: «Батыс… жалаңаштанып алып Құдайды ұмытты…Ұятты ұмытты!!» деп мәлімдеген болатын. Марқұм Рим Папасының бұл сөзі астарынан біз Құдайға емес, капиталға табынған Батыс өркениетіне деген қарғысты естігендей бол­дық. Батыстың Бас дін иесі, байқасаңыз, құдайсыз қоғамнан әрнәрсені күтуге болатынын ескертіп тұр. Оған дәлел соңғы жылдары Рим клубы көтеріп жатқан идеялар. Ірікті әлем интеллектуалдары жиналатын бұл беделді клуб соңғы жылдары «Алтын миллиард» деген теория шығарып алды. Бұл не? Бұл – осы клубқа қатысушы әлем сарапшылардың пікірінше, Жер шары ендігі жерде тек 1 миллиард адамды ғана асырай ала­ды-мыс деген тұжырым. Оны «Алтын миллиард» атап отыр. «Алтын миллиард» дегеніміз, дамыған елдер халықтарының саны екені айтпаса да түсінікті. Әлем интеллектуалдары бақыт­ты миллиардқа тағы 1 миллиардты қосып отыр. Бұл екінші миллиард бақытты болуға мүмкіндігі бар халықтар екен. Сонымен, 2 миллиардты құт­­қардық. Ал, енді қалған 5 миллиардты қайтеміз? Сайыпқыран сарапшылардың пікірі бойынша, ол 5 миллиард болашағы жоқ масыл­дар-мыс. «Масылдар» құрдымға кетіп бара жатса, ендігі жерде оларды құтқарып жатудың қажеті жоқ көрінеді. Мінеки, адамзаттың «ал­дыңғы қатарлы» ақыл­гөй­лерінің жеткен жері! Тура, Мальтус пен Гитлер тіріліп келгендей! Батыс сарапшылары мұнымен де тоқтамайды. Адамзат болашағына, Жер шары болашағына қатысты сәуегейлік­терін одан да әрі тереңдете түседі. «Хардланд» деген теория шығарған («Хардланд» – су баспайтын құрылықты білді­реді). Бұл теория бойынша Еуразия құрлығында жатқан терри­торияның бел ортасы – «Хардланд». Яғни, Брест қаласынан бастап Қытайдың Сары өзе­ніне дейін тура сызық тартсаңыз, сол сызық өткен жердің белортасы «Хардланд» дейді.

Қарап отырсаңыз «Хардландқа» Қазақстан­ның солтүстігі еніп тұр. Батыс сарапшылары (әсіресе, АҚШ) «Кім осы «Хардландты» иеленсе, болашақта сол әлемді иеленеді» деп сәуегейлік шешім шығарып қойған. Ол – алыс болашақты ойлайтын Батыс назары Қазақстан­ның жеріне де түсіп отыр деген сөз. Адамзат­тың бір-бірінің жеріне көз алартуының соңы қаншалықты қасіретке алып келгені 20 ғасыр сабағынан аян. Бірақ, Рим клубында жиналған «алдыңғы қатарлы» әлем сарапшыларының ауаны дүниені қайта бөлшектемей, адамзатты құт­қару қиын екенін алға тартады. Осындай әлділердің айтқанымен жүретін ескі әлемдік тәртіптің заманы өтті деп біледі Қазақстан басшысы. Жаңа ғасырға жаңа әлемдік тәртіппен кіру керек деп біледі.

Өткен Астана Экономикалық форумында Назарбаев әлем сарапшылары назарына «G-­гло­бал» немесе «Үлкен әлем» пішінін ұсынды. Бұдан біз Қазақстан Президентінің бүгінгі әлемді билеп отырған капитал жүйесіне деген үлкен алаңдаушылығын көреміз. Бұдан біз өзара тығыз байланыстағы әлем өзгермей, жекелеген елдің өз бетімен өзгере алмасына көзі жеткен көшбасшы үнін естігендейміз. «20 ғасырда соғыс пен революциялар мүмкіндігін түгесті. Адамзаттың бүгінгі даналығы, сондық­тан, бейбіт эволюциялық даму болуға тиіс. Өйтпеген жағдайда, адамзат өзінің түбіне өзі жетеді», деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Кешегі КСРО құлағаннан кейін бұрынғы көп полярлы әлем АҚШ бастаған бір полярлы әлемге айнала бастағаны аян. Мұның зардабы сол экономикада да, саясатта да ендігі әлемнің бір орталықтан басқарылатын әлемге айналу қаупін тудырды. Бір орталықтан басқарылатын әлем кімдердің мүддесін қорғап, кімдердің мүддесін қорғамауы мүмкін екенін жоғарыда мысалға келтірілген Рим клубы сарапшыла­рының ауызынан естідік. Ендеше, ел мен елдер, ұлт пен ұлттар арасын­дағы тепе-теңдіктер сақ­талуы үшін Н.Назарбаев БҰҰ-ға, ЕО-ға және әлем сарапшылары назарына екіұдай стандарттан арылған, әділетке, ашықтыққа, теңдікке, консенсусқа негізделген «G-глобал» пішінін немесе жаңа ғасырға аяқ басқан адамзатқа жаңа әлемдік тәртіп ұсынады.

Әлемдік қоғамдастыққа бағытталған бұл үндеу неге бүгін туып отыр? Неге Қазақстанда туып отыр? Мұнда да заңдылық бар. Екі алып ел Ресей мен Қытай арасында Тәуелсіз мемлекет құру барысында Қазақстан және оның Елбасы халықаралық қоғамдастықпен қарым-қатынаста аса күрделі де күрмеуі қиын күндер­ді бастан кешті. Қабырға қаусатар қысымдар оңнан да, солдан да, төбеден де, төменнен де болды. «Былай тартсаң өгіз өліп, былай тарт­саң арба сынар» сәттер болды. Және болып та жа­тыр. Бола да бермек. Әлемде, сондай-ақ, Қазақстан тәрізді шикізатқа бай жас елдердің жылы-жұмсағын жұтып семірген трансұлттық компаниялар (ТНК) дейтін аждаһалар тағы бар. Олар Қазақстан Тәуелсіздігін жариялай салысымен жан-жақтан айдаһардай жылжып жетке­ні есте. Төрт құрылықты түгел шарлап, минералды жердің бәрін барлап, жалмап келе жат­қан бұл монстрлар қазақ мұнайына келе тұм­сық тығып жатып алды. Оның біреуінің тұмсы­ғына шерт­сең, ар жағында бір ұлы держава селк етеді. Сондықтан да, «G-глобал» піші­нінде Қазақстан Президенті әлемдік қоғам­дастыққа «Ұлттарды төмендететін, оның намысына тиетін екұдай стандарттан арылуды» ұсынды. «Екіұдай стандарттан арылудың жолы – көп полярлы әлем», деп кесіп айтты. Бұл, ашығын айтсақ, АҚШ бастаған Батыс әлеміне қарай айтылған ащы үндеу. Мықтылар монополиясына айнала бас­таған әлем болашағына, оның қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық.

Бір нәрсе анық. Бүгінгі әлем бұрынғы әлем емес. Бұрынғы әлемде ел мен елдер бір-бірінен алыс, алшақ кеңістікте автономды түрде тірлік кеше беретін. Бүгінгі әлемде заманауи коммуникация елдер мен елдерді жақындастырып, мидай араластырып жіберді. Географиялық ал­шақ­тық­тар адыра қалды. Адамзат әлемі тұтас бір ағзаға айналды. Сол ағзаның бір мүшесінің саулығы ендігі жерде тұтас ағза саулығына тіреліп тұр. Бәрін емдемей, бірін емдеу мүмкін емес. Осы қағидатты терең түсінген Қазақстан басшысы­ның жалқыны өзгерту үшін жалпыны өзгерту қажет екендігіне көзі жеткен. Оның планетар­лық идеялары осы сенімнен туған.

Соның тағы бір айғағы – Астанаға әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің шақыры­луы. Күні кешегі Тәуелсіздік таңында Орта Азия тауларында төбе көрсеткен терроризм тамыры діни түсінік-сенімдерде жатты. Ал, діни сенімдер болса, әлемде әлі күнге қырғи-қабақ қырық ру, алтыбақан алауыз күйде еді. Батыс сарапшылары болса, сол қырғи-қабақ діни көзқарастарға негізделген «өркениеттер қақты­ғысы» басталды деп дабыл қақты. Ендеше, өркениеттерді қақтығыстырып қойып, қол қу­сы­­рып отыра беруге бола ма?! Осынау жаһан­дық қиын түйіннің бір шешімін іздеу керек еді. Сондықтан да, Қазақстан Президенті әлемдік дінбасыларын 2003 жылы Астанаға шақыр­ды. Тарихта ешқашан бастары бірікп­еген, өзара қырғи-қабақ конфессиялар өкілдері тұңғыш рет Астанада бас қосты. Өзара үнқатысу бас­талды. «Болмайтын нәрсе…» дедік біз де сол кезде, Назарбаевтың бұл бастамасына бас шайқап. Сол тұста бұл бастамаға біз сияқты бас шайқаған скептиктер әлемде аз болмаса керек. Оған дәлел – алғашқы жиынға әлемнің небары 17 елінен ғана делегация келуі. Кешегі өткен соңғы 4-ші басқосуға болса әлемнің 40 елінен 85 делегация келді. Мінеки, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана Съезіне деген сенімі 9 жыл ішінде 3 есе артқан! Бұл – дінаралық түйіндер шешімін бірігіп іздеу қажеттігін әлем мойындай бастады деген сөз. Осы съездің беташар сөзінде Нұр­сұл­тан Назарбаев бұл басқо­судың маңызын: «Адамзатты әділетті әлемдік тәртіп негіз­деріне бастайтын жаһандық үн­қа­ты­судың маңызды бөлшегі», деп бағалады.

Осы жерде «әділетті әлемдік тәртіп» деген сөз тіркесіне аздап тоқталуға тура келеді. Бұл – сөз тіркесі емес-ау, ой тіркесі. Бұл ой, байқап отырсақ, биылғы өткен Астана Эко­номикалық форумында да әлем назарына Қазақстан Елбасы ұсынған «G-глобал» піші­нінің де негізгі өзегі болды. Нұрсұлтан Назарбаев неге соңғы кезде «әділетті әлемдік тәртіп» дегенге айрық­ша мән бере бастады? Заңды сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын да осы тіркестің өзінен табамыз. Қараңыз, Қазақстан Президентінің жаңа ғасырда жаңа «әділетті әлемдік тәртіп» қалыптастыру жайында жалпы адамзатқа үн тастай бастады. Ол әлемде әлі де «әділетті әлемдік тәртіп» жоқ деген сөз емес пе?! Демек, мына айнымалы әлемде қалыптасқан ескі тәртіпке Қазақстан Көш­бас­шысының көңілі толмайды деген сөз. Сонымен, Қазақстан Көш­басшысы жаңа ға­сыр­да әлем елдерін зорлық-зомбылықтардан ада, бар­лық ұлттар құқын құрметтейтін, өзара теңдікке құрылған жаңа әлемдік тәртіп орна­туға шақырып отыр. Бұл – Қазақстан Тәуел­сіздігінің болашақ тағдыры тек Жер бетінде осындай «әділетті әлемдік тәртіп» орнағанда ғана тұғыр­лы болатынына көзі жеткен Көш­басшы қадамы.

Осыдан он жылдай бұрын Батыс ақпарат құралдары қасиетті дінімізге, Пайғамбары­мызға топырақ шаша бастағанда, Назарбаев Еуропа төрінде тұрып: «Әлемге ислам қауіп төндіре бастаған жоқ, керісінше, әлем ис­лам­ға қауіп төндіре бастады!» деп батыл мәлімдеме жасаған еді. Сөйтсек, Елбасы өзінің бүгінгі қалыптасқан әлемдік тәртіпке деген наразылығын сол кездің өзінде ашық айтқан екен. Қазақстан Президен­тінің бүгінгі әлемдік қоғамдастыққа қаратылған үндеулері, айналып келгенде, алаш Тәуелсіз­дігіне бүгін болмаса ертең қауіп төндірер қатерлердің алдын алу шаралары екенін түсіну қиын емес. Қисын: кіші шеңбердегі Тәуелсіз­дігің тұғырлы болсын десең, ұлы шеңбердегі әлемдік тәртіпті емдеу қажет! Бүгінгі әлемдік тәртіпті емдеу үшін оның кесел тұсын дөп басатын диагноз қою қажет. Сондай диагнозды Қазақстан басшысы дүние­жүзілік форумдарда үнемі қоюмен келеді. Бұ жолы да, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының 4-ші съезін­де де қалыптас­қан капитал қоғамының басты кеселіне Президент төмендегідей диагноз қой­ды: «…Мораль­дық-адамгершілік құндылық­тар­дың жа­һандық дағ­да­рысы үдей түсіп отыр. Көп­теген қоғамдарда «жалған бостандық» насихатталып және орнық­тырылып жатыр. Ада­ми қарым-қатынастар табиғатына жат көз­қарас­­тарды қазіргі қоғамның қалыбы ре­тінде көрсе­туге тырысушылық байқа­лады. Таза еңбекке талпыныс қандай тәсіл­дермен болса да байып қалуға ұмтылыспен алмастырылуда. Және мұн­дай антимораль көп жағдайда абсолют ретінде мадақталады.Әлемде моральдық-адамгершілік дағдарыс­тың өріс­теуіне тән белгі дінге сенетін­дерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеу­меттік үдерістің шет-жағалауына ығысты­рып тастау әрекеттері болып табылады. Дін – руханисыздық пен ашкөздіктің алдына кесе-көлденең қойылған бөгет. Көптеген кезең­дерде дәл осы дін халықтық дана­лық­тың, мәдениеттер мен дәстүр­лердің кей жағдайда бірден-бір сақтау­шысы болып келді. Қазақстан қоғамы мұны құдайсыз кеңестік режімдегі өзінің өмір тәжірибесінен, әсіресе, сталиндік қуғын-сүргін кезеңінен біледі. Біз мұндай әрекеттерді үзілді-кесілді айыптаймыз. Және барлық дін көшбас­шы­ларына барлық діндерге жауыққан құдай­сыздарға қарсы тұруда қолдау білдіреміз. Қазіргі дүние жолайырықта тұр. Адамзат, бұрындары талай мәрте болғанындай, оған Жоғары Сана берген жаңалықтардың бар­лы­ғын әркез әлем игілігі үшін жұмсамауда. Желілік ресурстар білім таратудың орнына көп жағдайда кесірлі істерді насихаттауға қызмет етеді. Жалғандық, арсыз түйсік, өшпенділік ұрығын шашады. Кез келген қоғамның моральдық өнеге бесігі болып табылатын отбасы берекесі (бала тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы) бұзылады».

Біз Нұрсұлтан Әбішұлының аталмыш Съез­де сөйлеген сөзінің негізгі бөлімін тұтас­тай дерлік назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өйт­кені, бұл – тарихи сөз. Тарихи тұлғаның бүгінгі дүниеге деген тобықтай түйінді философиясы. Әсіресе, тарихи жолайырықта тұр­ған өз елі үшін рухани манифестік маңызы бар сөз. Көп көкейінен шыққан, ұзақ болашақ­қа ұлт болмысын белгілейтін бағдарламалық сөз. Капитал қоғамына аяқ басқан қазақ қауымының, Қазақ­стан қауымының болашақ рухани-мо­ралдық болмысы қалай болуы керек деген тағ­дыр шешті сауалға ашық жауап. Екінші жағынан, Елбасы­ның бүгінгі капитал әлемі шалдыққан негізгі кеселге қойған қатал да кесімді диагнозы. Бұл – Жер шарының қай бұрышында болмасын ақыл-есі дұрыс адам қарсы шыға алмас, аталы сөз, ащы ақиқат. Қазақстан басшысының бұл мәлімдемесіне тереңірек мән берген жан оның бүгінгі капитал әлеміндегі экономикалық дағда­рыстар тамыры «руханисыздық пен аш­көздік­те», «арсыз түйсік, өшпенділікте» жатқа­нын аңғара­ды. «Қандай тәсілдермен болса да байып қалуға ұмтылған» «антиморальда» жатқанын аңғарады. Діннің қашанда «ашкөздік алдына қойылған бөгет» болып келгенін, мұндай анти­моральға капитал жүйесі Құдайды немесе «дінді әлеуметтік үдерістің шет-жағалауына ығыстырып тастау» арқылы жетке­нін аңғара­ды. Демек, Қазақстан Президенті адамзат қа­уы­мын соңғы 2 ғасырда капитал әлемі төң­керіп тас­таған дәстүрлі діни дүние­танымға негіз­делген шынайы гуманизмді қайта қалпына келтіруге шақырып отыр. Шынайы гуманизм-адамгер­ші­лік қағажу көрген қоғам қашанда дағдарыстар ұйығынан шыға алмасын аңғартып отыр.

Дағдарыстар ұйығына алдыңғы қатарлы үлкен елдер малтып жатқанда, Қазақстан тәріз­ді кіші елдің күні не болмақ?! Қазақстан Пре­зи­­ден­тінің үлкен әлемге қарап үн қатуы осыдан. Планетарлық санадан. Президенттің пла­нетар­лық сана биігіне көтерілуінен. Тә­уел­­сіздік тағды­рын сол биіктен болжаудан. Оған қарап біз қазіргі заманғы қазақ пас­сионар­лығын көреміз. Өзіне Астанадай ес­керт­кіш қойған қазақ пассио­нарлығын көре­міз.Тәуел­сіздік – төбедегі туымыз. Ол ту желбіреп тұрса, иншалла, орындалмас арман болмас. Біртіндеп бәрі де қалпына келер. Қағажу көрген тіліміз де, қудалау көрген дініміз де, шашырап кеткен еліміз де – бәрі де орын-орнына келер. Дініміз қалпына келсе, әрбір жүрекке Алла нұры – иман ұялар… Әрбір жүрекке иман ұяласа, әрбір азамат ұрлық-қар­лық, зорлық-зомбылық, өшпенді­лік, ашкөздік, арсыздық сияқты сайтани апат­­тардан арылар… Әрбір азамат осындай рухани кемелдікке көтерілер болса… онда Қазақстан қоғамы алда бақуатты, иманды қо­ғамға айналар… Асанқайғы арман еткен Жер­ұйыққа айналар… Тіліміз қал­пына келсе, ұлт­тық рухымыз тұтасып, Тәуелсіздігіміз тұғыр­лы болар… Қазақтың жаһан­дануға жұтылып кетпеуіне кепіл болар… Шашырап кеткен қа­зақ қалпына келсе, отандастарымыз оралып, алып дала халыққа толар… Алып дала ха­лыққа толса… әлем картасындағы саяси сал­мағымыз артар… Саяси салмағы арт­қан алаш… әлемдік аренада ауыр салмақты атлетке айналар… Осының бәрі мүмкін… Төбе­мізде Тәуелсіздік туы желбіреп тұрса бәрі мүмкін… Ол үшін бізге, тек, мынадай айнымалы алмағайып заманда сақтық керек! Тұта­сып… ту ұстаған Тұлға төңірегінен табылуымыз керек! Өйткені, Ту ұстар Тұлға жалғыз… Біз көппіз. Тарихтың тар жол, тайғақ ке­шуінде тек топтас­қандар ғана толайым та­быс­қа жеткен, жойдалы жеңіске жеткен!!! Осы жолда… «мың өліп, мың тірілген» алаш­қа, әманда, Алла жар болғай!



Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы
Каталог: 2094E0BBA66F0CD0
2094E0BBA66F0CD0 -> Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған.
2094E0BBA66F0CD0 -> Ойынның мақсаты: Жуан, жіңішке түбірлі сөздерді қайталау және ажырата білу
2094E0BBA66F0CD0 -> Қыркүйек аралығында «Өнер алды – қызыл тіл» тақырыбында өткізілетін тілдер апталығының іс-шара жоспары
2094E0BBA66F0CD0 -> Рамазан Елебаев (1910, Акмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Құдықағаш ауылы 4 қараша, 1943, Ресей, Ново Сокольники қаласының маңы) – композитор. Өмірбаяны


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет