Тілендиев таң қалдырды лезде, Кемістік жоқ дирижерлік мінезде



Дата05.11.2016
өлшемі388,68 Kb.
#412
... Тілендиев таң қалдырды лезде,

Кемістік жоқ дирижерлік мінезде.

Күй тілінде қазақ тарихын,

Тыңдаушылар тілегі бір, тілі өзге.

Өжет жігіт,

өзін еркін ұстайды,

Қолы берік қолбасшыға ұқсайды,

Иек изеп, қабақ қағып нұсқайды,

Ақиықтай ілер құсын іздеген

Алпыс аспап жетер жерін ұштайды....

Кәкімбек Салықов

Музыка адамзаттың туа біткен әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш. Тылсым табиғаттың, әлемнің небір ғажайыптары болатыны сияқты, азаматтың да кейбір кереметтерінің, көсемдері мен шешендерінің, даралары мен даналарының болатынын адамзат жақсы біледі. Арғысын айтпағанда, көзіміз көрген өнердің сондай даналары мен көсемдері: қара сөзде – Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, ақындықта – Мұқағали Мақатаев, музыкада – Нұрғиса Тілендиев. Көзінің тірісінде аты аңызға айналған екі адам болса, бірі – Бауыржан, бірі – Нұрғиса.

Нұрғиса Тілендиев – қазақ даласын сахнаға айналдырып, сазға бөлеген жасампаз; музыка өнерінің ашылмай кеткен жұмбағы, шешілмей кеткен сыры; таусылмайтын кені, тот баспайтын асылы, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы, талмайтын пырағы, қалқайған құлағы; лапылдаған жүрегі, асқақ үні; әннің тіккен туы, асқар тауы, күйдің соққан желі, қара дауылы, ақ бораны; мауқымызды басқан әні елге ем болған балгер; бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған күй-құдірет.

Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыкасының бүтіндей бір ғасыры еді; халқымыздың ардағы әрі саңлағы еді; қолына домбыра тисе – боран соққандай, дирижер боп тұра қалса – дүниенің астаң-кестеңі шыққандай болушы еді.

Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстанның, Кеңес Одағының халық артисі, Халық Қаһарманы, атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Туа біткен дарын», «Ұлт рухын көтерген сазгер», «Сұлу сазға жан беріп, тіл бітірген Нұраға», «Аққумен аспандағы үн қосқандай», «Аққуын әлдилеген ән мен күйдің» (варианттар) атты әдістемелік ұсынысты кітапханашыларға, жалпы өнер сүйер қауымға, оқырмандарға ұсынып отыр.


Кеудесі ән, саусағы күй дара біткен

(Қазақстанның, Кеңес Одағының халық артисі, Халық Қаһарманы,

атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесінің үлгісі)
1 бөлім «Туа біткен дарын»

(Бұл бөлімде Н.Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған материалдар қойылады)


2 бөлім «Аққуын әлдилеген ән мен күйдің»

(Бұл бөлімде Н.Тілендиев күйші-орындаушы ретінде көрсетіліп, күйтабақтар, дискілер және ән-күйлерінің тізімі беріледі)


3 бөлім «Отырар сазы және Тілендиев»

(Бұл бөлімде «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық оркестрінің құрылу тарихы, қазақтың көне музыкалық аспаптарының топтастырылуы туралы материалдар беріледі).


Дәйексөздер:
Бір оркестр – жалғыз – дара домбыра,

Құйқылжытып, көшіре де, қондыра,

Сиқырлайды, дуалайды сазымен –

Бар ғаламды баурап алар мол мұра.


Күйден алау жақтыратын Нұрғиса,

Ойды көзбен бақтыратын Нұрғиса,

Шабынғалы тұрған долы барысты

Маужыратып сап тыятын Нұрғиса.


Бозторғайға тіл қататын Нұрғиса,

Жұлдызды да жырлататын Нұрғиса.

Бұлбұл құстың аңқита аузын аштырып,

Сиқыр сазын тыңдататын Нұрғиса.

Мұзафар Әлімбаев.

(беріліп отырған дәйексөздерді толық алмай, бөліп алуға ұйымдастырушының еркі).


Ғажайып ұл дарынды бұл бір неткен,

Жаралған өзіміздей сүйек-еттен.

Кеудесі ән,

Саусағы күй,

Сегіз қырлы –

Дирижер мың аспапты күмбірлеткен.

Оспанәлі Иманәлиев.
... Даңққа тиіп,

Тұр оның биік

күмбезі.

«Отырар сазы» - тау менен таста ойнаған

Құлан-киіктің

Тілендиевтің мінезі!

Қадыр Мырза Әли.

«Сұлу сазға жан беріп, тіл бітірген Нұраға»

(әдеби музыкалық театрландырылған кештің үлгісі)


Кеш өткізілетін орында композитор Нұрғиса Тілендиевтің портреті ілінеді. Музыка жайлы қанатты сөздермен безендіріліп, Тілендиев туралы жазылған мақалалардан, оның шығармаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу өткізіледі. Кешке мүмкіндік болса композитордың туыстарын, замандастарын шақыруға болады. Кешті жергілікті жердің мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесе отырып жүргізу және жергілікті музыка мектебінің оқушылары мен көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелерінің қатысуымен өткізу тиімді.

Кешті екі жүргізуші жүргізеді және көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері театрландырылған қойылымға қатысып және Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып отырады.


(Залдың перделері ашылады. «Ата толғау» күйі ақырын орындалып тұрады)
Сахнаға қыз бала шығады: Әлқисса! Нұрғиса кірді түсіме.

  • Мынау менің ұрпағымның жері, қазақтың ел-мекені, - дейді ол ақ көйлек кейіпті қолымен жалпағынан жатқан ен даланы меңзеп.

  • Әне, естимісің, Қорқыттың күңіренген қобыз күйін. Шексіз ғаламдағы дала тынысының сарыны бұл. Пенде баласы болған соң адам табиғат көрінісіне, тіршілігіне сүйсінбей тұра алмас. Тірлік бар жерде сүйіну де, күйіну де болатыны белгілі. Соны жұдырықтай жүрегіне сыйғызған адам баласының қанында алас ұрған толқындар жүрер. Қорқыттан жеткен мына көне күй соның бір көрінісі ғана. Адам – жоғары сана иесі болғанымен де бұл дүниедеде мәңгілік қала алмасы белгілі. Бірі кетеді, екіншісі келеді. Фәни дүниеде бақилықтың ізі бар. Бұл – тарих. Қазақ үшін дала мен тарих егіз ұғым. Даланы білгің келсе, тарихқа үңіл, тарихты білгің келсе, далаға зер сал. Сонда бірін – бірі толықтырар.

  • Әне, естимісің Құрманғазының күйі бебеулейді. Анау бір шеттен Тәттімбеттің тебіренісі жеткендей.

  • Ей, ұрпағым! Естимісің, әне Ата толғауы толқиды. Бұл сарын не дейді? Ана әлдиі, сәби күлкісі. Ел шетіне жау тигендей үрей, ел айырылғандағы күңіреніс. Батырлардың жауды жеңуі мен тұлпарының тұяқ дүбірі. Ел бірлігі мен шат-шадыман тірлігін айтады.


Сахнаға ұл бала шығады (Нұрғиса рөлінде): (түс жалғасымы)

  • Тірлігімде Жамбыл атамнан маған ауысты делінетін жебеушім – жолбарыс көрінді көзіме. Мені атамның аруақ рухы желеп-жебейді. Сағынғаны ғой. Жетейін. Бала күнімде алдына алып еркелетуші еді. Сол әдеті атамның. Кең далаға сүйсініп жырақ кетсем керек. Киелі жолбарысты жіберіпті. Күй тартсын дей ме, әлде Қарасай, Сүйінбай, Наурызбай, Сарыбай бабаларыма құран бағыштасын деді ме екен. Жетейін.


Сахнаға қыз бала шығады: Нұрағамның ақ торғынды кейпі ақ

бұлтқа айналғандай көзден ғайып болды. Енді бір сәт айбынды Алатау, ұлы дала Нұрғиса-а-а, Нұрғиса-а-а, деп дүние біткен теңселе жаңғырыққан екен деймін. Сол дауыстан селк етіп ояндым.


Жүргізуші: Нұрғисаның күйі естілді. Мынау «Бостандық таңы» ғой. (күй орындалып тұрады)

Кең дала көрінісі, бейбіт жатқан ел. Тіршілік қарбаласы. Әуелеп ұшқан аққу-қаз. Мыңғырған мал. Еркелеген бала. Сәби шаттығы. Ана мейірімі. Ел-жұрт қуанышы ғой – бұл күй әуені. Сол қуаныш көрінісінде «Мен, Нұрғиса, дүниеге келдім» дейді күйдің бастапқы ырғақтарында.

(Сахнада қуанышты дауыстар шығып, үлкен – кіші мәре-сәре болып, біреуі: «Өмірге ұл келді! Алақай-алақай! Сүйінші-сүйінші!) – деп жүр. Екіншісі: Мен келдім жарық дүниеге, қонақпын, қарсы алыңдар! Ал қашан кетерім бір Алланың қолында, - дегендей естіледі нәресте үні.


  • Ау, мына сәби дауысы әншіге лайық екен, - десті қуанғандардың бірі.

  • Жоқ, бұл жауынгер болады, елін жаудан қорғайды, - дейді екінші бірі.

  • Есімін ақынға немесе батырға аттас қоятын-ақ бала екен, - десті енді бірі.

Бұл хабарды естіген қатарлас көрші үйдегі қария да қуанышқа ортақтаспақ ниетпен аяңдап келіп:
Қария: Қарақтарым, «Ұл келсе – елдің құты, қыз келсе – үйдің құты» деген. Салиха ұл тапқан екен, бұл шаңыраққа Алланың рақымы түссін деп тілейік. Бабалары – Қарасай мен Наурызбайдай батыр болсын, Сүйінбай мен Жамбылдай ақын болсын, Сарыбайдай данагөй болсын, халқының сүйген ұлы болсын, бауы берік болсын! Әумин! – деп батасын береді.
Жүргізуші: Нұрғисаның ата-анасы Тіленді мен Салиха ауыл-аймағы

еркелеткен, аталы да баталы ұрпақ қасиетін берік ұстанған шаңырақ ретінде осы өңірге белгілі әрі сыйлы отбасы еді. Енді міне, Алланың рахымы түсіп, бұл шаңыраққа тағы бір қуанышты нәсіп етті. Дүниеге ұл келді. Екі ұлдан кейін үшіншісі қыз болса деп үміттенгенімен, Тіленді тағы ұлды болды.


Тіленді (әкесі рөлінде): Әкел, әкел бері, көрейін, - деп оқыс қимылмен

нәрестені қолына алды. Салиханың далада босанып қалғанын естігенде:

- Оқасы жоқ. Далада туса – көңілі даладай кең болады, - деді. Ұлым менің, - деп іргеде ілулі тұрған домбырасын алып, нәрестені оның шанағына жатқызған қалпы қаумалап тұрғандарды бұза-жара тысқа беттеді. Домбыра мен нәрестені басынан асыра жоғары көтерген күйі айбарлы Алатауға қарап: Қыз дегенім - құр болды

Балам менің ұл болды

Алланың сыйы, қайтейін,

Кеудеме менің нұр толды, - деп толқып,



  • Ей, Алатау! Балам сен сияқты асқақ та айбынды болсын. Жиектей созылған сәуледен балама нұр түссін. Осы нұрың таймасын. Күні – нұрлы, көңілі – жырлы болғай. Балам нұрланып жүрсін. Қыз есімі дей көрме. Қыз бала сағынған үмітім ғана. Айтқанымнан қайтпан. Есімін тумай жатып Нұр қуйса екен деп тілеп едім, енді міне Нұрғиса қойдым. Нұр түссін, нұр төгілсін, нұр құйылсын! Балам – Нұрғиса.


Жүргізуші: Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы,

Ұзынағаш ауылында дүниеге келді. Бала Нұрғиса әкесінен – күй, шешесінен - ән тыңдап, олардың айтқандарын көкейіне тоқи жүріп, бойына әдептілік пен әдеттілік секілді қасиеттерді дарыта білді. Әдептілігі – тиянақтылығы мен тәрбиелілігі. Әдеттілігі - өнерге құштарлығы. «Әдеттің озығы бар, тозығы бар» дегендей, бұрыңғы балауса балалық әдеттері есейе келе жаңаша сипат алып, енді домбыраға шындап құмарланып, қолынан тастамайтынды шығарыпты. Кірсе-шықса, жатса-тұрса домбырасының шанағын кеудесіне қыса ұстап жүреді екен.



  • Құлыным-ау, домбыраға бір сәт тыныштық беріп, өзің де демалсаңшы, - деген шешесіне:

  • Апа-ау, домбыраның да жаны бар ғой, қашып кетуі мүмкін, - деп одан бетер құшағына қыса түседі екен.

Бұл бала қайтер екен деп әкесі бір емес, бірнеше домбыра жасап беріпті. Сонда баласы домбыраларды ағашының әдемілігіне қарамай, тыңқылдатып көріп, үніне құлақ түріп, даусының қоңырлауын таңдап: «Осыны ойнаймын» деп бас салса керек.
Әкесі Тіленді: Жарайды, алғашқы сыннан өттің, балам, - деп риза болып. – Ал енді таңдаған домбыраңды тартшы, қалай ойнайды екенсің, - десе, бала малдас құрып отыра қалып, домбырасын тізесіне қойып, бір әуенді кәдімгідей-ақ тарта жөнеліпті.

  • Ой, мынауың, Салиханың «Сұлутөрдей жер қайда?» деп айтатын әнінің ырғағы ғой, мұны қалай үйрендің? – деп қуанышы мен таңданысын жасыра алмай Салиха мен балаларды шақырып:

  • Мына күшігің тартты-ей, икемі бар болып шықты, өзі солақай, - деп баланы қолқалап, әлгі әуенді қайтара тартқызды.

Нұрғиса болса кеудесін мақтана көтеріп манағы әуенді қайта тартып болғаны сол еді, әкесі мен шешесі баланы бас салып құшақтап, «құлынымыз, тентегіміз» деп кезек-кезек аймалап естері шықты. Күйші бала атамекенінде әкесі ойнап берген «Арман» күйін, «Ала байталдың желісі», «Терісқақпай» күйлерін тартып берді.
Таңданған әкесі Тіленді: мына қызықты қара, - деді басын шайқап. – Ал, мұны кім үйретті?

  • Сен.

  • Мен? Мен саған саусақтарыңды нұқып, әлі дәл көрсеткен жоқ едім ғой?..

  • Ана саусақ, мына саусақ, былай тарт, былай шерт дегенді үйретіп, күнұзаққа босқа отырмақпын ба? Көзім мен құлағым бар ғой, тартқаныңды күнде көріп, естіп жүр емеспін бе?..

  • Құлақшылын жаман неменің, - деп әкесі ілулі тұрған өз домбырасын қолына алып: Тартқыш болсаң, былай көрші, - деп оң аяғындағы етігін шешіп, малдасын құра, домбыра пернелерін сол қолының саусақтарымен ойнатып, жалаңаш аяғының башпайын оң қолдың қағысы орнына пайдаланып өзгеше сарындағы бір күйді орындады.

  • Ал, тартқыш болсаң, осыны қайталап берші, - деді күйін аяқтаған әкесі баласына қарап.

  • Әке, бұл күйіңді тартпаймын, - деп бұртиды Нұрғиса.

  • Неге?

  • Мына екі ағам мені аяғымен тартты деп мазақтайды ғой. Кейін үлкен болғанда тартамын.

  • Ә, ендеше менен жеңілдің ғой, - деп Тіленді балаша мәз болып кеңкілдей күлді. Қып-қызыл боп, намыстан булыға жаздап тұрған Нұрғиса:

  • Жарайды, орындап берейін. Бірақ, аяғыммен емес, қолыммен, - деп әкесінің башпайымен былқылдатып, сылқылдатып тартқан жеңіл ырғақтарын бұлжытпай орындап берді.

  • Өй, мынауыңның құлағы шынымен де осал құлақ болмады ғой. Әй, дегенмен, өзіме тартқансың-ау, - деп кеудесін қағып мақтанышын білдіреді.


Салиха шешесі: Атамыздың қасында сен домбырашы ма едің, тәйірі.

Қарашы, солақайлығы мен дене бітімі атасынан аумайды. Домбыра ұстағаны да атасына тартқан.


Жүргізуші: Қалай болғанда да баласының бойында өнерге деген ерекше бір талабы бар екеніне толық көзі жеткен әкесі: «Осы тентегім аман жүрсінші» деп баласының кекілінен мейірлене сипайды.

Нұрғисаның балалық шағы ауылда, Алматы маңындағы Шилікемерде, жастық кезі астанада өтті. Ал ән-күй оған туа таныс – қанымен қандас, жүрегімен тілдес болды.



Әр халықтың музыкалық мұрасы мен дәстүрі өзінше дамыған. Ал, қазақтың төл музыкасы табиғи дарын мен бейімделу арқылы қалыптасқан. Музыкалық қабілетімен танылған небір халық өнерпаздары ешқандай нотасыз-ақ дараланып алға шыққан. Олар шығарған музыкалық жанр үлгілері ауыздан-ауызға көшіп, көне музыкалық аспаптары қолдан-қолға тараған. Қазақтың қанымен жетіп, тамыры тереңге кеткен халықтық өнер жолы осылайша бастау алған-ды.
Жүргізуші : Бір адам болады, музыканы бар жан-тәнімен сүйсе де ғұмырында тек тыңдаушы ретінде қалатын. Бір адам болады, музыканы жаны сүйіп, осыны үйренсем, меңгерсем деп қолға алғанмен, болдырған аттай жолда қалады. Бір адам болады, әнге де, күйге де әуес, бірақ өнері өзінен аспай, айналасына жетпей жатады. Бір адам болады, өнерімен елін сүйсіндіріп, көзге түсетін. Бір адам болады, мыңнан дара шығып, орындаушылығымен де, шығармаушылығымен де айналасына шуақ шашып, тыңдағанның таңдайын қақтырып, есімі аңызға айналатын. Ал, құрметті кешке қатысушылар! Сіздер Нұрғиса ағамызды қай топқа кіргізесіздер?
Жүргізуші: Нұрғиса Тілендиев музыка деген ұғымды өзінше түсінуге тырысып, оның мәнін білуге әуестеніп әлек. Күй, ән, жыр, терме, айтыс, сыңсу, жоқтау дегендердің бөлек-бөлек ұғым екенін іштей пайымдайды. Бірақ осылардың қалай жеткенін, қалай таралғанын, қандай жағдайда айтылатынын біле бермейді. «Мен де, әкем де домбыра ұстаймыз. Сонда біздің үй ғана ма?» деп ойлайды екен. Осының бәрі жұмбақ. Әйтеуір әкесі мен шешесінің айтқандарына ғана барлау жасап, естігенін көкейіне тоқиды. Бір жолы әкесінен Жетісуда алдына жан салмаған Байсерке, Қожеке дейтін күйшілер болғанын, Дүйсен сал деген дүлдүл өнерпаз, Қатшыбай деген жұртты аузына қаратқан орындаушы бар екенін естіген. «Соларды өз көзіммен көрсем ғой» деп армандайды. Білмегенді білсем, көрмегенді көрсем деген талпынысы оны әрдайым алға жетелейді.
Жүргізуші : Тіленді домбырада шебер ойнауымен қатар күй тарихының тереңіне бойлай алатын, небір аңыздар мен оның дәстүрлі жолдарын да майын тамыза айта алатын бір атары бар білімпаз адам болыпты. Мұндай білімпаздық оған ата жұртынан да, нағашы жұртынан да дарыған.
Тіленді: Шешеміз Арқадан еді, ақылы дариядай еді, жарықтықтың, - деп нағашы жұртына талай барғанын, ондағы бармағынан бал тамған күйшілерді көзі көргенін, Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек, Дайрабай деген күйшілер болғанын әркез есіне алып, әңгімелейтін. Тегінде Тіленді мына күнкөріс қамыты мойнына киілгені болмаса, Жетісудың Қожеке, Сыбанқұл, Байсерке деген дүлдүлдерінің ғана емес, Арқаның, Атыраудың, Қаратаудың, Сыр бойының күйшілік дәстүрі жайлы шешіле сөйлегенде ұзаққа сілтер шешендігі, көсіле сөйлейтін көсемдігі, жалғыз күйшілік емес, өнердің қай қырының болмасын, жігін ажырата білетін көрегендігі бар адам. Оның осындай қасиеттерін үлгі тұтатындар да аз емес. Солардың бірі домбырашы Қатшыбай.
Қатшыбай: - Есімі мына жағы – Қапшағай, мына жағы – Қордайға жеткен домбырашы бала бар деп естіп едім. Білетіндер сенің балаң дейді. Үйдің төбесінде отырып күй тартады дейді. Ойнауын көрейін деп едім,- дейді.

  • Е, тығып ұстайтын алтын деп пе ең, көрсең көр, - деген Тіленді де.

  • Мына бала ма? – деп Қатшыбай қатар тұрған үшеудің дембелшелеу келгеніне қарап еді, Тіленді:

  • Олар аша-күрек ұстайтын қолқанаттарым ғой, домбыра ұстайтыны міне, - деп Нұрғисаны нұсқады.

  • Мына құлағы қалқайған, жіңішке ме?... Япырай, ә, деп таңданып қалған Қатшыбай:

  • Тілендіден рұқсат алдық. Ал, балақай, енді күй тыңдалық, - деген. Жайғасып отырған Нұрғиса қатарынан он күй орындап берді. Сонда Қатшыбай:

  • Қимылың - әкеңдікі, ақыл-ойың – шешеңдікі, қолың қарымды, көзің қырағы, жүзің ойлы екен, балам. Сенен үлкен күйші шығады, бердім батамды! – депті.


Жүргізуші: Бір еуропаша киінген жігіт вокзалдың есігінен

шығып, көпшіліктен оқшаулана қалаға қарай бет алғаны сол еді, бір нәрседен сескенгендей, өз-өзінен селт етті де, тоқтай қалды. Не болды екен? «Тоқта, тоқта, мынау домбыра үні ғой, мынау күй ғой. Қандай керемет ырғақ» деп, барар бағытынан бұрылып, домбыра үні шыққан жаққа жақындай түсті. «Кімнің күйі екен? Орындап отырған кім болды екен?» деген сауал мазалады. Сөйтсе, үй төбесіндегі үйілген шөптің үстіне жайғасып алып домбыра тартып отырған баланы көзі шалды.



  • Қарағым, есімің кім? – деді бейтаныс балаға тақай түсіп.

  • Нұрғиса, - деді үні сәл бәсең шығып.

  • Кімнің баласысың?

  • Тілендінің. Әкем қайтыс болған.

  • Шешең қайда?

  • Үйде. Жүріңіз, кірейік, - деп Нұрғиса шөп үстінен сырғып түсіп, үйге қарай жүрді.

Салиха шешей «Таңғы асқа келген қонақ жақсылық әкеледі деуші еді» деп ішінен ойлай жүріп, қонағын төрге шақырып, шәй ұсынды.

  • Қаракәстектенбісің, әлде Мәтібұлақтанбысың? – деп сұрады.

  • Жоқ, мен Қаракәстектен де, Мәтібұлақтан да емеспін. Мен Ленинградтан жеттім. Онда арнайы тапсырмамен музыка оқуына жіберілген болатынмын. Үшінші курс оқып жүрген жерімнен мұндағыларға музыка сауатын үйрет, оркестр ұйымдастыр деп арнайы шақыртқан соң келіп едім. Туған жерім – Ақтөбе, есімім – Ахмет, Ахмет Жұбанов боламын деді қонақ.


Ахмет Жұбанов: Талай жерді аралап жүріп, дәл осындай күйші баланы

кездестіріп, осындай күйді естімеппін. Бұл өзі бір талантты бала болды ғой. «Көктен іздегенім жерден табылды» дегендей, балаңыздың шөптің үстінде отырып күй тартуы, менің сол сәтке дөп келуім бір Алланың бұйрығы шығар. Балаңызды музыкалық мектепке берейін, оқытайын. Қазақтың болашағы осылар ғой. Музыкалық сауатын ашсын, - деп сөзін түйіндеді.



  • Қолыңызда баланың туылғаны жөнінде қандай документ бар?

  • Балаңыз оқи берсін, өзіңіз бір-екі күнде документін әкеп берерсіз, - деді Ахмет.

Салиха Шилікемерге, Тілендінің аталас туысқаны, қайнысы, ауылдық кеңесте қызмет атқарған Ноғайбайдікіне жол тартып, сол жақтан баласына тууы туралы құжат жаздырып алды.

  • Қай жылы туып еді? – деді кеңседегі мөр басатын келіншек.

  • Оқитын жеріне бір жасы толмайды дейді. Негізі 27-ші жылғы ғой. 25-ші жылы туылған деп жаза салшы, деп өтінді Салиха шешей. Сөйтіп, Нұрғиса бастауыш музыкалық оқу орнына ілінді.


Жүргізуші: 1934 жыл. Осы жылдың күзінде қазақтың тұңғыш операсы

«Қыз Жібек» сахнаға шығарылды, ұлт аспаптар оркестрінің негізі қаланды. Көп кешікпей қазақтың тұңғыш филармониясы ұйымдастырылды. Міне, осындай «тұңғыш» деген ұғымды бала Нұрғиса да алғашқылардың бірі болып, осы оқиғалардың бел ортасында жүріп, жеті жасында сезінді. Осы бастаудан сусындай отырып, өнер жолына түсіп, топ ішінен жеке дара оқшаулана көрінді.

Нөмірі 18-ші мектептегі Нұрғиса ұйымдастырған оркестр мектеп оқушыларының Республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Бесінші сыныпқа жеткенде Ахмет Жұбанов Нұрғисаны қолынан жетелеп апарып филармония жанындағы ұлт аспаптары оркестріндегі Қали Жантілеуовтің қатарына отырғызып, оркестр құрамына қабылдады. Жетінші сыныпта жүргенінде осы оркестрдегі композитор әрі дирижер Латиф Хамидидің үйретуімен дирижер болды. Осының барлығы баланың бойына ата қанымен, баба жолымен дарыған қасиет.
Жүргізуші: Салиха шешей балаларының аман-есен ер жетіп, жұрт қатарлы тіршілік етіп жүргендеріне қуанатын. Алайда, алда қаһарлы соғыс жылдары келе жатқанынан, Баймолдасының дүниеден өтетінінен, енді ғана отау құрған Қаймолдасының жаңа туған нәрестесін де көре алмастан соғысқа аттанатынынан, одан соң 1943 жылы 17 жасында Нұрғисасының да елін жаудан қорғауға кететінінен бейхабар еді. Нұрғисаның соғысқа кетуі анасы Салиханың онсыз да жарымжан жүрегін қоса әкеткендей болды.
Салиха шешей: Ал, менің Тұқатайым, қазір Қаймолданың артынан сен де кетесің. Балам, ат құлағында ойнаған батыр бабаларың Қарасай мен Наурызбайдың қайратын берсін саған. Атаң Атабайдай айбатты бол. Әкең Тілендідей тегеурінді бол. Кеудеңде қасық қаның қалғанша жауыңа берілуші болма, жаныңдағыларға жасық көрінбе. Не де болса, ақылға салып, алға ұмтыл. Алла жар болсын, балам! – деп құшақтап маңдайынан иіскеді.
Нұрғиса: Барар жерім беймәлім. Оқ пен оттың ортасына түссем, күнім не болмақ, анашым? – деп көңілін босатып еді
Салиха: Балам, «Қорқақ ер болмайды, қола зер болмайды» дегендей, әсте еңсеңді түсіруші болма, - деді.

-Отандасыңмен отқа түс өлмейсің», «Ер намысы – ел намысы» деген. «Тайынбаған тауды жығады, тайсалмаған жауды жығады», «Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені, еменнің иілгені – сынғаны», «Ер жолдасы – тәуекел» деген, Бауыржан ағаңа ұқсап, батыр бол. Қайысушы болма! – деді.


Жүргізуші: Манадан бері батылдық біткенді баласының бойына құйған Салиха осы сәт ет жүрегі елжіреп сала берді. Ана бір жылы мектепке беретін құжат іздеп, оқи берсін деген ниетпен баласының жасын екі жылға ұзартып жаздырғаны есіне түсті. «Сол құрғыр құжат та кесірін тигізді-ау» дейді ішінен. Енді, міне, Нұрғиса құжат бойынша өз жасынан екі жыл бұрын, он жетіге енді аяқ басқанда майданға аттанып барады.

Соғыстың осы бір шешуші кезеңдеріндегі бар қиыншылығын көру Нұрғиса тағдырына 1943-1945 жылдар аралығында жазылыпты. 1945 жылы соғыс аяқталуға екі ай қалғанда Нұрғиса демалысқа келеді. Ахмет Жұбанов республика партия ұйымының бірінші хатшысы Жұмабек Шаяхметовке алып барады. Нұрғиса ауадай қажет болып тұр, домбырашыға қатпыз дейді. Ж.Шаяхметов Түркістан әскери округінің бас қолбасшысымен сөйлесіп, майданға қайтып жібертпеді.


Жүргізуші: «Ер жігіт не көрмейді, ер көңіл не бермейді» - дегендей Нұрғисаның соғыстағы көрген-түйгені мен бастан кешіргендері жайлы нақты зерттеу әлі бастала қойған жоқ. Дегенмен, там-тұмдап болса да әсерлі көріністер баршылық. Соның бірін белгілі жазушы, журналист Серік Әбдірайымұлы қызықты баяндайды. Сол қан кешуде болған майдандас досы Молдаш Сәрсенұлы былай дейді, деп жазады Серік, «Теректің шоғындай шыртылдап тұрған мінезіне қарап Нұрғисаны қатігез шығар деуші едім. Сөйтсем олай емес екен. Әуелгі бір жорықта қызыл көз немістің офицерін көздеп жатып «Әй, осы итке абайсызда тиіп кетер ме екен» деп қолы дірілдегенін көрдім, - деген әңгімені естігенде, мен де қазақпын ғой, иә сенерімді, иә сенбесімді білмедім. Бақсам, Тілендиев жақсы ғана емес, жайсаң ғана емес, сонымен бірге сәби секілді таза, мөлдір екен! Бірақ Нұрекең үш рет ауыр жараланып, үш рет өлім аузынан қалыпты. Оның тән жарасынан гөрі, жан жарасы жазылмас, айықпас «дертке» ұласар деп кім ойлаған. Әне, жауды аяған жаралы деген осы. Мүмкін, қасірет тартпаған бақыт та таппас. Арына ақау түсірмеуі оның ұлылығы шығар...- деп Молдаш ағаның естелігін келтіреді.
Жүргізуші: 1972 жылы халық ақыны Тұманбай Молдағалиевпен әңгімелескен бір сөзінде «Соғыс басталды. Жастығымның көк жапырағының біразын сол майдан даласында солдырдым» - дейді Нұрекең. Бұл сөз жоқ қасіретті бастан кешкен, соның бел ортасында болған адамның сөзі. Сол қасірет тажалын бел ортадан кешіп, еліне аман-есен оралды Нұрғиса Тілендиев.

-Өміріңізде өте қатты, ерекше қуанған сәтіңіз қай кез? – деп сұрақ қойылған кездерде Нұрғиса ағамыз: Ұлы Отан соғысында үш рет жараланып, оққа да, отқа да күймей, елге келіп, жалғыз шешемді көргенде қуандым. Анадан әулие, анадан ардақты адам болмайды. Соғысқа қатысқан қай ұлт болмасын, ең алдымен, аузына «Мама-а-а» деген сөз алады. Жастардан қандай қиыншылық болсын, өз анасын, балаларының анасын сыйлап, алақанға салып, мәпелеп жүруді тілеймін, - деген екен.


Жүргізуші: Ұлы Отан соғысы аяқталған соң 1945 жылы, Н.Тілендиев әуелі жаңадан ашылған Құрманғазы атындағы

консерваторияның оркестр факультетіне оқуға түседі, оқи жүріп, қазақ радиосындағы оркестрдің бас дирижері болып қызмет атқарады. 1949 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысады. 1953 жылы Нұрғиса Тілендиев Москваның П.И.Чайковский атындағы консерваториясына түсіп, опералық дирижерлер даярлайтын факультетін профессор Н.А.Аносовтың класы бойынша бітіріп шығады.

1953-61 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында, 1961-64 жылдары Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде бас дирижер болып, 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясының музыка редакциясының бас редакторы, 1980 жылдардың басынан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін ұйымдастырып, бар өмірінің соңына дейін осы оркестрдің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі болды. Бұл айтқандарымыз – Нұрғиса ағамыздың өмірдегі іздері. Ал шығармашылық ерекшеліктері не дейді? Енді осыған кезек берелік.
Жүргізуші: Тағлымы мол, көзі қарақты, жүзінен нұр тамған, айналасына ақыл шашқан көне көз қарияны әдетте «асыл сүйекті, қасиетті адам» деп жақсы қасиеттілікке балайды. Нұрғиса Тілендиев – асыл сүйекті адам. Әуелі «бір бойына құдай құлақ та, құлық та берген екен» деп Қали Жантілеуов айтқандай, өнер оның бойына туа біткендігі. Бұл бірінші. Екіншіден, әке-шеше тәрбиесінің шынайылығын балауса кезінен жадына тұтып, бойына сіңіруі. Үшіншіден, Жамбыл, Кенен, Ахмет Жұбанов тәрізді қазақ әдебиеті мен өнері шоқжұлдызындағы жеке тұлғалардың Нұрағаға берген батасы қаршадай баланың өнерге қанат қағуының басты себебі екендігі.
Жүргізуші: Домбыраға, музыкаға деген соншалықты талпыныс, соншалықты сүйіспеншілік Нұрғиса ағаны өмір бойы алға жетелеп, тағдыры оны ауытқытпай, тек осы жолмен жүргізеді. Музыкадан ауытқып әнші де, боксер де болып кетуге шақ қалған кездері болған. Нұрғиса Тілендиевтің бозбала кезінде бишілер ортасына түсіп, филармонияда «Қаражорға» әнін билеп жүрген жерінде, әйгілі домбырашы Әбікен Хасенов: «Әй, бала, сенің орның күйшіге лайық», - деп ақыл айтып, музыкаға жөн сілтеген. Жігіт шағында боксер боламын деп әйгілі боксшы Шоқыр Бөлтекұлының жаттығуларына да барған. Қолы қатып қалған адам қалайша музыкада жүрсін. Ахмет Жұбанов: «Әй, Нұрғиса, не композитор бол, не боксер бол», -деген соң музыканы таңдаған.
Жүргізуші: Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық қоржынында өз жанынан шығарған 400-ден астам әндердің нотасы бар. Солардың ең алғашқысы жөнінде: «Ән...ән... жас өнерпаз жүрегіне ән құйылады. Ойына жаңа ән әуендері келеді, бұлқынады, шалқиды. Бірақ әлденеден жол таппай тұрғандай бөгеле береді. Ол тағы да ойлана түседі. Әлде біреуден естіген әуені ме? Жоқ. Ешкімнен де естімеген сияқты. Өз жүрегінен, өз бойынан шығып, біртіндеп құйылып жатқан сияқты. Ән туды. Тұңғыш әнге «Институт» деп ат тағылды». Бұл әнді тұңғыш орындаған Жамал Омарова болды. Әннің сөзін жазған Ұзақ Бағаев.

Бұл Нұрғиса Тілендиевтің алғаш композитор болуға қанат қаққандағы талпынысын білдірді. Ал музыканың кәсіпқойлық деңгейіне кіріскендегі халқына кең таралған алғашқы әні жөнінде Нұрғиса ағайдың өзі былай дейді:


Нұрғиса: Белгілі әнші ағамыз Әбілтай Мұсабековтың үйінде қонақта отырған едім. Жұрттың қолдауымен домбыра тартып, пианинода ойнадым. Өзіме бейтаныс бір әуен қайта-қайта пианиноның клавишасына іліне берді. Өзімнің туған жерім Алатау баурайының әніндей бір ән. Әлгіні ойнай бастадым. Сезімтал әншілер: Мынау бір жақсы әуен ғой. Бұл кімнің әні? – деп жатыр. Әнді жоғалтып алмайын деп нотаға түсірдім. Қайта ойнадым. Өзім өскен дала туралы ән сөйтіп тұңғыш рет тіл қатты. Әнге «Кең дала» деп ат қойдым. Әннің сөзін әуесқой ақын Айтжан Байқожаев жазды. Кейіндер көңілімді ән тербей бастаса, Абай атама жүгінетін болдым. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты әнді Абай атамның кітабын оқу үстінде жазған едім. Тұманбай Молдағалиевтың «Алғашқы әніңіз қашан, қай жағдайда туды?» деген сұрағына Нұрғисаның берген жауабы осылайша өрбіген еді.

Тұманбай Молдағалиев: Нұрғиса Тілендиевтің нағыз композитор

екенін баршаға танытқан алғашқы әндерінің бірі «Жан сәулем». Әннің өлеңін жазған ақын Нұтфолла Шәкенов. Бұл әнді алғаш рет Қазақ ССР-нің халық әртісі Байғали Досымжанов орындады. Нұрғиса ағаның бұл әні тек композитордың ғана емес, қазақ музыкасының елуінші жылдарындағы елеулі табысы болды десек, артық айтпаған болармыз.


Нұрғиса: ...1967 жыл болатын. Дариғамен жаңа танысқан кезім. Сонда ғой Петербордан екі-үш танымал кинорежиссерлер келіп, осы Олжас, Қалтай, Әкім т.б. Есентай өзенінің Медеу жақтағы жоғарғы басына, табиғаттың әсем бір бұрышына барып бастаңғы жасадық. Бастаңғы түн жарымы ауғанша созылды. Таңға таяу ма екен, Дариғаны оңаша шақырып алып, сарқырап ағып жатқан Есентайдың жағасындағы үлкен бір тасқа отырғызып қойдым. Қандай сұлулық, қандай жарасымдылық десеңші! Тып-тымық түн, күлімдеген ай, жымыңдаған жұлдыз. Көз алдыңда үлбіреген қыз. Сұлу мүсін. Ыстық леп. Лүпілдеген жүрек. Тебіреніп кеттім. Кеудемді әлдене керіп, әкетіп барады. Бір кезде жарып шықты-ау, әйтеуір. «Куә бол, жұлдыз, куә бол айым, куә бол, Алатауым....». Дереу Тұманбайды шақырып алып, әнмен таныстырдық та, сол жерде сөзін жаздырдық. Орындаушы Бақыт Әшімова, әннің аты «Куә бол», ақ жеңешең, ақ Дахама арнаймын деді.
Тұманбай: Бір күні Нұрағам мені кешке қарай үйіне шақырды. Қыс айларының бірі еді. Күн бұлыңғыр, кеш батып бара жатқан кез. Ағам пианинода мен бұрын естімеген жаңа әуен ойнап отыр. Өзі жылап отыр. «Тыңда, мына әнді, жақсылап тыңда. Бұл әннің аты «Менің жүрегім» болады. Менің жүрегімнің ауыратынын білесің ғой сен. Анау бөлмеге кір де, осы әнге сөз жаз, - деді. Әннің сөзін жаздым, ағам екеуміз бірге айттық. «Бұл әнді Бақытқа айтқызам» - деді. Бұл ән менің жақсы әнімнің бірі болады, - деді.Жүзі жадырап күлімдеп тұр. Бағанағы жылаған аға бір сағаттың ішінде тез өзгерді. Тез бұлттанып, тез ашылатын еді. Тез жанып, тез басылатын сияқты, бірақ қай уақытта да қасындағы кісісін аялап, аяп отыратын Нұрағам. Бұл әнді Бақыт та жақсы айтты. Ал Қазтұрғанова Майгүл осы әннің бағын ашты деп ойлаймын мен. Нұрағам екеуміз бірігіп 20-дан астам ән жаздық.
Нұрғиса: Бірде екі-үш күн командировкада болып келсем Дариға

Ауырып қалып, ауруханаға түскен екен. Қасымда Бәкір Тәжібаев пен Сатыбалды Жанбаев бар. Дереу ауруханаға кеттік. Жүрегім жылап келеді. Жап-жасында алған жан жарым ғой. Әлде бір әуен кеудемді керіп барады. Дыңылдап құлағыма келеді. Тіпті жан-дүниемді зарлатып, запырандай төгілетін түрі бар. Қайдан орала кеткенін қайдам, «Сағынып, сарғайып салған әнім...» деген жалғыз ауыз сөз көкейімді жарып шықты. Сол сөзді қайта-қайта қайталап, осы күні айтылып жүрген «Аққұсымның» қайырмасын зарлатып келемін: «Сағынып, сарғайып салған әнім... Сағынып, сарғайып салған әнім... Сағынып, сарғайып салған әнім...» Үйге келдік. Әуенді рояльға салып көрсем, сылқ-сылқ етіп сылдырап қоя бергені. Бәкір отыра қалып сөзін жазды. Нұрғали Нүсіпжанов пен Бақыт Әшімованы шақырдық. Алғашында әнді Нұрғали мен Бақытқа дуэтпен айтқызбақ едік, оған болмады. Сосын бұл жан-жарына деген сағынышын білдіретін жігіттің зары болсын деп Нұрғалидің орындауында қабылдадық. «Аққұсым» әні осылай дүниеге келген... Ал Мұқағали Мақатаевты үйге шақырып 35 күн бірге болдық. Отыз бес күнде отыз бір ән жаздық.


Жүргізуші: Композиторлыққа бет бұрғаннан бастап, Нұрғиса Тілендиев әндермен қатар спектакльдерге, пьесаларға да музыка жазды. Көркем фильмдер мен хроникалық-документалді, сондай-ақ мультфильм-дерге жазылған музыкасының әрқайсысы жеке әңгімеге арқау боларлық дүниелер. «Қыз Жібек» фильмінің музыкасы өзгеше үн тебіренісімен, шабыты шалқар әуен-ырғағымен баурап алады. Композитор халық әуендерін жеріне жеткізе, жетілте өңдеп пайдаланған. Нұрғиса ағаның өз шығармалары «Зар заман», «Сағындым сені» және басқалары халық музыкасымен табиғи түрде астасып, тамаша тұтастық тапқан. Композитордың шеберлігі халық әндерінің импровизациясында да айқын танылады. Фильмнің негізгі арқауы «Гәкку» әні әр түрлі варианттарында және Нұрғиса Тілендиевтің өз әкесі Тілендінің «Аққу» күйі өте-мөте сұлу жарасым тапқан. Нұрғиса Тілендиев фильмге композитор ретінде ғана емес, талантты дирижер, әрі өз шығармаларының орындаушысы ретінде де қатысты. Оның қолындағы домбыра сиқырлы үндер, сан қилы сылқым саздар қоймасындай. Экраннан көріп отырып, біз актерлердің музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігіне тәнті боламыз, ал орындаушы композитордың өзі екендігін біле бермейміз.
Жүргізуші: «Қыз Жібек» фильміне Нұрғиса ағаның композитор ретіндегі тебіреністі жұмысы халқымыздың көне аспаптарын пайдаланумен айшықталғанын айту парыз. Қылқобыз, домбыра, сыбызғы, асатаяқ, дабыл, дауылпаз және жетіген секілді қазақтың көне ұлт аспаптары фильмнің тек мазмұнын ашуға септігін тигізіп қана қойған жоқ. Сонымен қатар халықтың тұрмыстық һәм табиғи суреттерін көз алдымызға елестетеді. Ежелгі ұлт аспаптарын қайтадан қалпына келтіріп, алғаш рет кинофильде пайдалану, осынау көне көмей мүліктердің зор мүмкіндігін аңғартып, композитор творчествосына кең өріс ашып қана қойған жоқ, сонымен бірге бұл аспаптардың өнердің басқа саласынан да мықтап орын аларына жол ашып берді.
Жүргізуші: Нұраға 1997 жылдың күз айларында өте қауырт жұмыс үстінде болды. Өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестрінің сахнаға шыға бастағанына 15 жыл толыпты. Қазақ өнері мен мәдениетінің шын жанашыры болған атақты Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың нұсқауымен 1982 жылы құрылып, тұсауы кесілген «Отырар сазының» өткен тарихынан Нұрағаның өзі былай деп сыр шертетін.
Нұрғиса: Сол сексен екінші жылдың ақпан айы болуы керек. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы іздеп жатыр деген соң, дереу бардым. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін тапсырма алып қайттым. Екеуміздің оңаша кабинеттегі әңгімеміз қысқа болды.

  • Нұркен, сені шақыртқан себебім мынау. Сенің композиторлық дарының, оркестрдегі дирижерлік шеберлігің елге танымал. Ән-күйлерің тыңдаған жанның жүрегін баурайды. Ұйымдастырушылық қабілетің тағы бар. Соның бәрін ескере отырып, өзіңе бір үлкен шаруаны жүктегелі отырмын. Ұлттық өнеріміздің теңдессіз екендігін өзге жұртқа танытуымыз үшін бізде фольклорлық-этнографиялық оркестрдің болуы керек-ақ. Сені композиторлар, дирижерлардың арасынан ыңғайлы көрдік. Сен тездетіп осы мәселені қолыңа алуың қажет - деді Димағам. Не айтарымды білмей қалдым. Ол кезде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмде» музыка редакциясының бас редакторымын. Жоспарлап тастаған қыруар жұмыс бар. Қалай бірден келісе қояйын. 80-ші жылдары ел ішінде көне аспаптың тым азайып кеткен шағы. Ал, ондай аспаптардың тілін білетіндер жоқтың қасы ғой. Соның бәрін ой елегінен өткізе келе қарсылығымды әр түрлі сылтаулармен білдіре бастап едім, Димаш ағам орнынан тұрып:

  • Нұркен, сен осы қазақсың ба? – деді.

  • Таза қазақпын! – дедім.

  • Онда әңгіме бітті. Бүгіннен бастап сен сол этнографиялық оркестрдің жетекшісің – деп қолын ұсынып, қоштасты. Сөйтіп, аты тұрғай, заты жоқ оркестрді «басқарып» шыға келдім. Димағамның қайрауымен жатпай-тұрмай еңбек еттім. Ұлттық аспаптар жасай алатын, оның тілін білетін адамдарды іздеп әр өңірге сапар шеккен күндер бұл күнде айтуға оңай. Сонымен 1982 жылы 17 қазан Жамбыл атындағы филармонияның концерттік залында небары 12 өнерпаздан тұратын оркестрді сахнаға шығардым. Осы күн «Отырар сазының» туған күні болып саналады.


Жүргізуші: Елбасымыз, қазақ елінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Нұрекең өнер тарланы ғана емес, сонымен бірге ұмытыла бастаған жетіген, сазсырнай, желқобыз, тайтұяқ, дабыл, шыңдауыл, дауылпаз, күлдіреуік, керней, сазген, нарқобыз сияқты көне аспаптарды қайта жасатқызып, оркестрді шын мәніндегі ұлттық оркестрге айналдырды. Бұл музыкалық біліммен бірге біліктілікті, іскерлікті, табандылықты қажет ететін еді. Нұрекеңде осындай қасиеттермен қатар асқан ұйымдастырушылық қабілетінің барлығына тәнті болдық», - деп жоғары баға берді.
Жүргізуші: Нұраға бұл күні құрамы алпыстан астам адамға жетіп, дүние жүзінің 27 мемлекетінде болып, қазақ ән-күй өнерін әлемге паш етіп жүрген «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің кешегісін осылайша бір тұжырып өтті. Қазір «Отырар сазының» репертуарындағы күйлердің біразы оның өз туындысы, қалғандарын оркестр үшін өңдеген де өзі. Нақтылай айтқанда, Нұрағаң өзі ырғақ, әуен шығарады, оны өңдеп музыкалық шығармаға айналдырады, оның ноталық үлгісін, партитурасын, клавирін өзі жазады, шәкірттеріне үйретеді, оркестрдің үн тазалығын бақылайды, өзі дирижерлік етеді. Тобықтай түйін мен тоқетерін айтар болсақ, Нұрағаң ғайыптан музыка үнін алып, әуендетіп соны тірілтеді. Кең далаға қалықтатады. Халқының құлағына жеткізеді. Нұрғиса Тілендиевтің әуені Қорқыттың сарынындай, Құрманғазының серпініндей, Тәттімбеттің сағынышындай қалықтап жүр қазақ аспанында. Осыған қарап ұрпағы қалай сүйсінбес дерсің. Аты аңыз, батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы: «Обработчик! Как своеобразный дирижер, как виртуоз я тебя ценю», - деді Нұрағаңның өнеріне сүйсіне отырып атқан.
Жүргізуші: «Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті», - деген екен күй атасы Қорқыт бабамыз.

Нұрғиса Тілендиевтің қаршадайынан таңдағаны – ата-баба жолы, ой түйгені – ата-баба рухы, пір тұтқаны – Ұлы Жамбылдың еркелеткен жүзі. Музыка – оның адамдық болмысының сарқылмас қуаты. Қайтсем елімнің көсегесін көгертем, қайтсем үлес қосам дегендегі ішкі бекінісі, асыл арман-мақсаты, ата дәстүрінің берік туы. Осы айтқандарымыздың куәсіндей, оның өмірдегі еңбек жолын көктей шалсақ, «Өнер өрге жүздірер» дегендей, оның қанаты талмас қырандай, үнемі шырқау биікке самғағанын байқаймыз.

1998 жылдың 24 тамызы күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жарлығымен Қазақ ұлттық музыка өнерін дамытуға сіңірген аса үздік еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағын беріп – Алтын Жұлдыз айрықша ерекшелік белгісін тапсырды.
Жүргізуші: Данышпан сазгердің тірісінде көрген соңғы қызығы еді бұл. Ол 1925 жылы 1 сәуірде дүниеге келіп, 1998 жылдың 15 қыркүйегінде 74-ке қараған шағында дүниеден өтті. Музыкасын мәңгілікке қалдырып, халқының Қаһарманы атанып о дүниеге кете барды. Иә, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығының арқауы – Елбасы дөп басып қастерлегендей, өз ұлтының биік тұғыры. Оның нәзік лирикасы да, ен даланы асқақтатқан дабыл үнінің жаңғырығы да – ұлт музыкасының тілі. Ұлттық рухтың үстемділігі.
Жүргізушілер: (кезектесіп оқиды)
Құрметті кешке қатысушылар, құрметті қонақтар, құрметті өнер сүйер қауым!
Өркениет дамуындағы көркемдік үлгілерінің бірі – музыка әлемі болса, сол музыка әлемінің қазағы – Нұрғиса Тілендиев. Нұрғиса – музыка.
ХХ ғасырдағы дәстүрлі музыкамыздың алтын діңгегі.
Ең бастысы Н.Тілендиев халқымыздың, қарапайым адамның жүрегінен орын алғандығымен, санамызда «мен қазақпын» деп сайрап тұрған дала мәдениетінің күмбездей күмбірлеген, қоңыраудай күңгірлеген, шырақшының өшпес отындай жалынымен санамызда қалыптасқандығы.
Нұрғиса Тілендиев – халықтың дәстүрлі музыкасындағы бүгінгі ұрпағына деген адамшылдықтың, кісіліктің, парасаттылықтың тағлымы. Нұрғиса тағлымы. Ұлтымыздың намысы.
Осымен «Сұлу сазға жан беріп, тіл бітірген Нұраға» атты

әдеби музыкалық театрландырылған кешімізді аяқтаймыз. Кеш соңында сіздерге айтарымыз: Нұрғисаны іздесең – оның шығармаларына үңіл, Нұрғисаны танығың келсе – оның күйлерін есті, Нұрғисаны сағынсаң – оның әндерін тыңда, - дейміз.


Көріскенше сау-саламатта болыңыздар!
Нұрғиса Тілендиевтің балалық шағындағы

қызықты хиқаялары
Алма ұрлау оқиғасы
Әйгілі боксшы, қазақ топырағына бокс қолғабын тұңғыш арқалап келген Шоқыр Бөлтекұлы Нұрғисаның ұстазы, әрі туған ағасындай болған кісі еді. Бір жылы Шоқыр ағасы жазғы каникулға шыққан балаларды Алматы шетіндегі Қоянқұс ауылына апарады. Қауын-қарбыздың піскен кезі екен. Барлығы оншақты оқушы болса керек. Солардың ішіндегі жасы кішісі Нұрғиса. Балалар күндіз үлкендермен бірге қауын-қарбыз жинауға көмектеседі. Кешке қолдары бос. Бір күні Шоқыр ағалары:

  • Бүгінге осы да жетеді, шаршап қаларсыңдар, - деп ауылға ерте қайтарып жібереді.

Екі-үш күннен бері балалар қауын-қарбызды армансыз жеп тойып алған. Егістіктің арғы беті сыңсыған алма бағы еді. Сілекейді шұбыртқан тостағандай-тостағандай қып-қызыл алмалар сонадайдан көзге ұрып тұр. Ол кездегі апорттың үлкендігі әңгелектің көлеміндей. Ауыздарының суы құрып қызыға қарайды. Күзетші ұйғыр шал бақтың маңайына адам баласын жолатпайды. Балалардың төбесі көрінгеннен айғайға басып, тырқырата қуады-ай. «Ит пен бала қорыған жерге өш» деген сөздің жаны бар-ау, сірә. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, бір күні балалар баққа кіреді. Әуелі қол жетер жердегі бұтақтарынан ұстап сілкілеп көріп еді, түсіп жарытпады. Биіктегі қып-қызыл алмаларды алу үшін ағаштың басына шығу керек. Ал, кім шығады? Балалар бір-біріне: «Сен шық, Сен ше? Ағашқа жақсы өрмелейсің ғой, Нұрғиса, сен шық» десіп, ақыры Нұрғисаны қолқалады. Ойланып-толғанып тұруға уақыт жоқ. Бұтақтан-бұтаққа секіріп алмасы қалың бір ағаштың басына шықты. Ауыздың суын ағызған апорттарды «Әй бір армансыз жейтін болдық-ау» деп сілкілеп те, үзіп те түсіріп жатыр. Алманың қызығына түскендері соншалық, қарауылдың барын ұмытқан. Бір кезде төменде «Нұрғиса, маған таста, маған. Бері лақтыршы» десіп шулап тұрған балалардың үні өшіа, тым-тырыс бола қалды. Бір тықырдың таяп қалғанынан сезіктенген Нұрғиса да жалма-жан күзетшінің үйі тұсына жалт қараған. Мәссаған, ұзын көйлегі ағараңдаған ұйғыр шал бұл шыққан ағашқа жақындап-ақ қалыпты. Есін тез жиған Нұрғиса да жерге түсе сап қашпақ болып, бұтақтан-бұтаққа ырғып төмен қарай сырғыған. Алайда, ағаштың түбінде тайыншадай қара төбет тістерін ақсита бұған қарап ырылдап тұр. Зәресі үшқан Нұрғисаның жүрегі су ете қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, не істерін білмеген ол қайтадан жоғары қарай өрмелеп, жапырағы қалыңдау бір бұтаққа жабысып, жасырынудың қамына кірісті. Бірақ әлгі иттің кететін түрі жоқ. Бір кезде иті тұрған жерге асықпай басып күзетші шал да жетті. Басында ала тақиясы. Үстінде кең тігілген ақ көйлек-дамбал, аяғында кебіс. Шал ағаштың басындағы Нұрғисада жұмысы жоқтай асықпай насыбайын атты. Сосын көзін сығырайта шалқалай Нұрғисаға қарап:

  • Әй, бала, түсің, түсің,- деп ұйғыршалап, саусағымен іліп шақырды.

  • Қоқыма, бала, қоқыма. Тиісмймән. Түсің.

  • Ит қабады, түспеймін, - деді бала дауысы дірілдей. Күзетші зекіп итін қуып жіберді. Шалдың түсі жылы, тілі майда. Нұрғиса отырған ағашынан шалдың дәл алдына дік етіп секіріп түсті. Ұйғыр шал:

  • О-о, ақылды бала екенсің. Яқшы бала, яқшы, - деп сөйлеген күйі баланың қолынан жетелеп, үйіне қарай жүрді. Түрінде не сабайтын, не қысастық қылатын адамның ниеті сезілмейді. Есік алдына келгенде:

  • Саған алма кирек мә? – деді. Бала үнсіз басын изеді.

  • Унда сулай тұра қалың, - деп жанындағы жіңішкелеу ағашты құшақтатып қойып, қолдарын жіппен байлады. Нұрғисаның үстінде мәйкі, бұтында резенкелі қара труси. Жалаң аяқ. Шал жеделдетіп барып етегіне толтырып алма алып келді де дәл алдына төгіп қойды. Баланың ойында ештеңе жоқ. Қып-қызыл апорттарға қарап: «О, алма алып қайтатын болдым»,- деп іштей қуанып тұр. Ұйғыр шал асығатын емес. Қалтасынан шақшасын шығарып, әуелі бір атым насыбайды сол қолының алақанына төгіп, шақшасын қалтасына салды. Сөйтіп алақанындағы насыбайдың үстіне аздлап түкіріп, оң қолының бас бармағымен ақырын уқалай бастады. Өзі жайлап баламен сөйлесіп тұр.

  • Әй, бала қоқыма, қазір жіберем. Атың кім?

  • Нұрғиса

  • О-О, яқшы-яқшы. Ал дадаң аты кім? Анаң аты кім?

Бала сұрақтың бәріне жауап беріп жатыр. Бір кезде әлгі насыбайды уқалай-уқалай қойдың құмалағындай ғып, баланың трусиін түсіріп жіберіп, бас бармағымен құйрығына қыстыра қоймасы бар ма? Нұрғиса түк түсініп үлгерген жоқ. Қолы болса байлаулы. Жанына батып ауырмаған соң көзі жыпылықтап тұра берді. Ұйғыр шал түк болмағандай жымиіп тұрып қолын шешті. Мәйкесінің етегін созып тұрып, үйіп алма салып, екі қолымен ұстатып қойды. Сөйтті де:

  • Ал, енді бара ғой. Яқшы бала екенсің. Алма жегің келсе тағы келің, - деп итінен ұзатып шығарып салды. Ұрлығымен ұсталып. Бұлайша оп-оңай құтылғанына қуанып, жүгіріп келеді. Етегінде 3-4 келідей алма. Бар ойы, тезірек достарына жетіп, алманы таратып, ой бір мақтану еді. Насыбай таза естен шыққан. Бір уақытта әуелі сәл-пәл қышыған құйрығы, әп-сәтте удай ашыта жөнелгенде жаны көзіне көрініп, безілдеді-ай дейсің. Алманы да, басқаны да ұмытты. Бар алма шашылып жолда қалды. Құлындағы дауысы құраққа шалынып, бір тасада тығылып мұны күтіп тұрған балалардың қасынан зулап өткенін біледі. Өз-өзін мүлде тоқтата алар емес. Ауыл шетіндегі өздері жатқан үйді айнала шырқырай бақырып жүгіріп жүр.

  • Насыбай, насыбай, - деп екі жағына жалт-жалт қарап шырылдай безіп жүріп айтқан сөзінен ешкім ештеңе ұғатын емес. Содан үлкендер жабыла қуып жүріп ұстап, бажылдата отырып, құйрығын жуып, басып отырып әрең дегенде тыныштандырғаны бар.

Бірде командировкадан келсем, Дариға ауырып қалып, ауруханаға

түсіпті. Соны естігенде, жаңа ғана судай салдырлап жүрген басым сылқ етіп сынып түстім. Дереу машинаға отырып, Фурманов пен Комсомол (Төлеби) қиылысындағы Букеңнің (Бауыржан Момышұлының) үйіне бұрғыздым. Баукең Кәмеш жеңгемізбен тұратын. Есікті теуіп ашып (іште жүз грамм бар ғой, әйтпесе өйтермін бе) кіріп келсем диванда қисайып жатыр екен ағай. Үстінде спортивный костюм. Есіктен ене бере:


  • Ассалаумағалейкум! – деп айқай салып, оң қолымды тік көтере беріп қайта түсірдім. Баукең мұндайда: «Гитлерге честь беріп тұрмысың? - деп жақтырмайды. Айқай сап сәлемдестім де, «алейкумсаламына» қарамастан жетіп барып, жатқан жерінен көтеріп алдым. Көтеріп алып, жататын бөлмесіндегі төсегіне апарып атып ұрдым. Сөйттім де, есін жиғызбастан бұтындағы трикосына жармасып, сыр-сыр сыпыра бастадым. Сонда ғана барып Баукең есін жиып:

  • Ей, дурак, не істеп жатырсың?! Зорлайын дегеннен саумысың?! – деп гүж ете қалды.

Мен «үндемеңіз» дегендей ым білдірдім де, трикосын сыпырып шешіп алған соң:

  • Аға, келініңіз қатты ауырып, ауруханаға түсіпті. Мынаны апарып басына жастаймын. Ырым болсын. Сонда жазылады! – дедім ентігіп. Жайшылықта салмақты, сүйегі ауыр көрінетін Баукең жеп-жеңіл екен ғой өзі. Сонда да шалт қимылдағандықтан ба, ырс-ырс етіп ентігіп қалдым.

  • Вот, дурак! – деп Баукең сұп-суық түсімен жалт етіп бір қарады да, артынша, - ну ладно, жазылса апар. Менен сәлем айт! Кру-гом! Шагом марш! – деді де, тізесіне дейін түскен трусиінің балақтарын реттеп, қиралаңдап тұра бастады.

Баукеңнің таяғына дейін жетіп, бір бәлеге ұшырамай тұрғанда көзді жоғалту керектігін білемін ғой. Зып беріп зыта жөнелдім. Баукеңнің трикосын бүктеп-бүктеп қолтығыма қысып алғанмын. Содан ауруханаға тарттым. Ауруханада Дариғаш екінші қабатта жатыр екен. Дақаң мені тас қып құшақтай алды. Осы сәтте қолтығыма қысып алған Баукеңнің трикосы есіме түсіп кетті. Бір балағы салбырап әлі жүр. Сосын оны қолыма алдым да өксіп тұрған Дақаңның тұмсығына тақадым.

  • Иіске!- деп зірк ете қалдым, триконың екі балағын екі жаққа созып, ауын тура ауыз-мұрнына апарып, - иіске деймін! – Дариғаш өксігін сап тиып, шошып кетті.

  • Ой, Нұрғиса, бұл немене?

  • Бұл Баукеңнің дамбалы, қорықпа, иіскеп жібер, жазыласың!

  • Баукеңнің дамбалы дейді ғой, шырағым. Иіске десе иіске, әулие кісі ғой, ырым болады. Бір шапағаты тиер, - деп шүйкедей кемпір де қабаттаса кетті. Дақаң қашқақтай беріп еді, мен оны күштеп әкеп тұмсығын трикомен тұмшалап тастадым. Ол қақалып-шашалып, қиқылдап жатыр. Исі барды-ау дегенде бұткиімді төрт бүктеп, жастығының астына апарып жастап жатып:

  • Тиісуші болма! – деп бұйырдым.



Нұрғиса Тілендиевке арналған өлең-жырлар
Нұрекем, менің Нұрекем
әнін жазған Дариға Тілендікеліні

сөзін жазған Бекемгүл Батырбекқызы


Аққуды күймен қондырған,

Даламдай дархан пір-тұлғам.

Құстарға дауысын қосқан,

Сиқырлы жүрек сыр тұнған.


Қайырмасы:

Нұрекем, менің Нұрекем!

Сен барда бағым гүл екен!

Сен жоқта көңілім құлазып,

Күндерім көрген мұң екен.
Еліңе сері еркесің,

Өмірде болмай теңдесің.

Ақұлпа аспанда бұлттай,

Кеттің-ау, биік сен көшіп.


Қайырмасы:
Асылдан еді-ау сүйегің,

Сұңғыла сазгер киелім.

Сұңқарға жар еткен сендей,

Тағдырға басты иемін.


Қайырмасы:
Әулием өзің ел сүйген,

Елің үшін жан күйген.

Әр үйге қуаныш сыйлап,

Көңілде қалдың жыр-күймен.


Қайырмасы:

Нұрекем, менің Нұрекем!

Сен барда бағым гүл екен!

Сен жоқта көңілім құлазып,

Енді кімге наз етем.
Құбылыс
Қырғын толқын,

Ырғын ырғақ,

Мықты ағын.

Сол ырғақтың ықпалынан шықпадым.

Қас қағымда өзгересің он рет,

Қиын кісі,

Қиынбысың?

Ұқпадым!
Бауырыңның бір айтқанын құптаған.

Ән мен өлең – бірге туған жұп ханым.

Жер мен көктей сөздеріңнің арасы:

Баламысың?

Данамысың?

Ұқпадым!
Дәуіңнен де,

Дауыңнан да ықпадың.

Жетпістесің.

Жүзіңнен де бұқпаған!

Дарынсызды тойтаруға жаралған

Келтекпісің? Тентекпісің?

Ұқпадым!
Жүрек менің пайғамбарым,

Лұқпаным.

Содан менің биіктерге шыққаным,

Ұқпағаным көп бойыңда, Нұр-аға

Қайталанбас құбылыссың –

Ұққаным!


Қадыр Мырза Әли

Қосылғандай жер мен көктің арасы,

Ауыр қаза тап болғанын қарашы.

Көзін жұмды

Күй сүлейі, ән пірі,

Сазгерліктің дана туған данасы.


Әрі аға, әрі сыйлы дос еді,

Өлді деме, мәңгіліктен тос елі.

Құрманғазы, Тәттімбеттен кейінгі,

Бар қазақтың шын дүлдүлі осы еді.


Күй толқытса көңілі ояу жандыны,

Көкіректерде мәңгі сөнбей қалды үні.

Толқындаған әуен толы, ән толы,

Күрт жабылды елімнің күй сандығы.


Көкірегі болса өнер тұрағы,

Ол жаңғыртты өткен асыл мұраны.

Сөнді бүгін «Отрар сазын» жандырған,

Бар қазақтың лаулап тұрған шырағы.

Нұрғисалық – үздік дәурен салтанат,

Жете алмайды, оған жабы қолқалап.

Майырылды, қайырылды бір күнде,

Ән боп, күй боп самғап жүрген қос қанат.


Бір адамға сыймас еді-ау дарыны,

Жан баурағыш сиқырлы еді әр үні.

Сағынармыз күй ағасы Нұр-аға,

Ерке сері, қаршыға-көз сарыны.


Күй саңлағы жоқ еді ғой теңдесі

О, қазағым! Өлді деуге сенбеші.

Атқан таң мен батқан Күнді толқытып,

Әр жүректе жайнап тұрар бейнесі.


Жәй оғындай түскен озық дараға,

Өлді – деген сөз сыймайды санаға.

Сен өлмейсің,

Мәңгілікке өрлейсің.

Топырағың торқа болсын, жан-аға!

Кәкімбек Салықов



Ән-ғұмыр
Қасқайып ажалдан да бас тартпаған,

Ғажап адам пендеге тас атпаған.

Нұрғиса Тілендиев озды өмірден,

Ән Рухы секілді асқақтаған.


Тамаша таусылмайтын жыр – қиссадай,

Біртуар қазақ ұлы Нұрғисадай.

Өнердің биігінде ән боп қалқып,

Жалауы жампозымның тұр қисаймай...


Әні тасып, бойынан нұры тасып,

Күйі шалқып, төгіліп, біртұтасып.

Дәуірінің әлемдік міеберінен,

Үн қатады қазақтың Нұрғисасы.


Төгеді ұлы жүректен жан жылуын,

Шұғыла шуағындай таң нұрының,

Танытып мәнділігін, мәңгілігін,

Әлемді әлдилеген ән-ғұмыры!

Сейітхан Молдахметұлы
Нұрғисаға сыр...
О, Нұрғиса, рүхыңмен қолда мені,

Көңілімнің соғып тұр жорға желі.

Сен де күйші боласың ақын жанды

Деп анашым кезінде болжап еді.


Айдай келіп айтқаны жан анамның,

Тағдырыма жаңаша қарағанмын.

Өр кеудемді от мінез күйге жанып,

Домбыра алдым, қолыма, қалам алдым.


Өнер жолы ауыр жол аңғарамын,

Асау арман, сені, мені алдамаған.

Күркіреген үнімен найзағайдың

Мәңгілікке күй жолдап жалғанамын.


Қолда мені, Нұраға, күй әніңмен

Қазағыңды шалқытып қиялыңмен.

Бір күй шертпей даланың сахнасына

Мына дүниеге қалайша сиямын мен.

Талап Қараш
Нұрғиса
Құстар қайтып барады, көлге сән берер,

«Аққу күйі» - өлмейтұғын мәңгі өнер.

Сыңғыр-сұлу жарық дүние ішіне еніп,

Күннен өрген ән салғандай сәулелер.


Келер ғасыр қақпаларын көшке ашып,

Сырлы сазбен арман дүние астасып.

«Құстар, құстар» қанат қағып жұлдызға –

Бара жатыр жер бетімен қоштасып...

Өмір теңіз, толқын әуен, жан-жағың,

Қара жерге қауырсындай салмағың.

Нұрлы дүние құлағында Нұраға,

Қызыл-жасыл шұғылалы қалды әнің.


«Бір-біріне – адам деген бір қонақ»,

Әуен сазсыз қаға алмайды жыр қанат.

Асықтың ба, әлде Жамбыл «тәтеңе»,

Туған елді күміс үнді нұрға орап.


Әнің барда, көрмес көңіл жетімдік,

Әнсіз тірлік, болар еді не тірлік?

Өмір-өзен, қос жағасын жалғадың,

Домбыраның қос ішегін көпір ғып...

Қанипа Бұғыбаева

Әдебиеттер тізімі:
Нұрғиса Тілендиев //Қазақ Ұлттық энциклопедиясы: Т.8.-Алматы, 2006.-630-631 б.
Ғасыр сазын тербеген: [Нұрғиса Тілендиев туралы естеліктер] /Құраст. С.Әбдірайымов, Ж.Шәкәрім, Д.Тілендікеліні, Б.Иса.-Алматы: Білім, 2007.-280 б.
Жәкітайұлы Т. Нұрғиса Тілендиев: Эссе.-Алматы: Арда, 2007.-168 б.
Қаһарман Нұрғиса: [Очерктер, поэмалар, эсселер, өлең-жырлар] /Құраст.С.Әбдірайымұлы.-Алматы: Санат, 1999.-352 б.
Шәкәрім Ж., Тілендікеліні Д. Нұрғиса Тілендиев: [Ғұмырнамалық деректі хиқаят].- Алматы: Қазақстан, 2003.-184 б.
Х Х Х
Аманжол Б. Нұрғиса Тілендиевтің Қазақ оркестрі //Мәдениет.-2009.-№11.-16-19 б.
Иманалиев Ж. Күйшінің құпиясы: [Нұрғиса Тілендиев – күйші, дирижер] //Айқын.-2012.-4 шілде.-5 б.
Қалижан У. Әлқисса, Нұрғиса: [Нұрғиса Тілендиев туралы] //Егемен Қазақстан.-2010.-3 сәуір.-5 б.
Қапалбекұлы Н. Құстармен бірге күзде қайтқан: [Нұрғиса Тілендиев арамыздан қайтқанына он жыл болды] //Егемен Қазақстан.- 2010. -

23 ақпан.-5 б.


Нұрғиса Тілендиев: Күйші, композитор, дирижер //Аңыз адам.-2012.-№15.-1-52 б.
Нұрғиса Тілендиев: [Халық Қаһарманы, сазгер Нұрғиса Тілендиев туралы мақалалар] //Жалын.-2008.-№10.-13-32 б.
Шәкәрім Ж. Нұрғиса жолы: [Композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев туралы] //Мұқағали.-2012.-№1-2.-83-91 б.
Мұхаметшин С. Дарын құдіреті: [Қазақтың арқалы күйшісі, дүлдүл композитор Нұрғиса Тілендиев жайында] //Жетісу.-2009.-6 маусым.-9 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Кеудесі ән, саусағы күй дара біткен

(кітап көрмесінің үлгісі) 2


Сұлу сазға жан беріп, тіл бітірген Нұраға

(әдеби музыкалық тнатрландырылған кештің үлгісі) 3


Нұрғиса Тілендиевтің балалық шағындағы қызықты

хиқаялары 17


Нұрғиса Тілендиевке арналған өлең-жырлар 21
Әдебиеттер тізімі 25

Құрастырушы: С.А.Момбаева – кітапхананы дамыту

және әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: Ғ.Қ.Нұрғалиева - кітапхананы дамыту

және әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі







Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет