Тоғатай Омаров



Дата19.12.2016
өлшемі117,63 Kb.
#4133
Жазушы Төлен Әбдік әңгімелеріндегі авторлық концепция
Тоғатай Омаров
Зерттеу нысанамыз жазушы әңгімелері. Себебі, өзге де әріптестері секілді Төлен де әдебиет әлеміне алғаш «Райханымен» (1964) келді.

Ия, әңгіменің қиын жанр, әрі шеберлік мектебі екенін ескерсек, Төлен де сол мектептен түлеп ұшып, бүгінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған саңлақ суреткерге айналды.

Ендеше, Т.Әбдік әңгімелерінің ерекшелігі, өзге әріптестерінен даралық қасиеттері қандай? деген заңды сұрақ туады. Бұл мәселелерге Т.Әбдік әңгімелерін талдау барысында тоқталамыз.

Т.Әбдіктің бітімі бөлектеу дүниесі “Оң қол” әңгімесі. Біріншіден, “Оң қол” Төленді талантты жазушы ретінде танытса, екіншіден “Оң қолды” мақтауға да, мақтануға да тұратын кесек дүние. Мұндай шығармалар қазіргі қазақ прозасында саусақпен санарлық. Оның себебі, біздің ойымызша Төлен түрен салған тақырып тосындығы болса, соған орай көркемдік ізденістің автордың ой-өзегімен шебер қиюласуында жатса керек.

Қазақ прозасындағы психологизм мәселелерін зерттеп жүрген ғалым Г.Прәлиева: “Жетпісінші жылдардың басы мен орта тұсында қазақ прозасында соны бір құбылыс, әдеби жанрда бұрындары байқала қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады. Мәселен, роман-монолог (“Аңыздың ақыры” – Ә.Кекілбаев), роман-диолог (“Ақиқат пен аңыз” – Ә.Нұршайықов), әңгіме-түс көру (“Оң қол” – Т.Әбдіков), повесть-новелла (“Ақ ару-ана” – С.Санбаев) және басқалар. Мұның бәрі қазақ сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасымен, стильдік ерекшеліктерімен жаңаша леп әкелгендей еді” (1,76), деген пікір айтады.

Сондай-ақ “Алғаш американ теоретиктерінің сөз қолданысында пайда болып, әдеби тәсіл ретінде көркемөнерде өрнегін сала бастаған “ой ағынының” артын ала орыс әдебиетіне, әсіресе, Достоевский мен Л.Толстой шығармаларында ішкі монолог, іштей талдау, адам ішіндегі адам, жалпы психологизмнің көркемдік болып көрініс табуы қазақ прозасына да әсер етпей қойған жоқ” (1,76) дей келіп, негізінен психологиялық тереңдік, ойшылдық сияқты қасиеттерді талап ететін бұл стильдік ағымға екінің бірі бара бермейтінін, Т.Әбдіктің “Оң қол” әңгімесін нақ осы стильдік ағымдағы жаңалықтың бірі ретінде бағалайды

Әңгімеде шымырлық пен шеберлік сияқты қасиеттер бірден көзге ұрады. Автор Алманың түсі арқылы адам санасындағы үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, шебер жеткізе білген. Шығарма мазмұнымен оқырман жұртшылықты таныстыру артықтау болар. Дегенмен, парктегі гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, ерке Алманың сырқаты тұқым қуалайтын қауіпті сырқат. Оны медицинада дененің екі жарылуы (раздвоение личности) десе, әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы шебер пайдаланады.

“Қаламгер қай кейіпкерінің кесек бейнесін жасамасын ол сөзге сараң, автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салқынқанды. Кейіпкерлері тек өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп, ойларды толғайды. Шағын әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды-солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс – автордың үлкен табысы” (1,77).

Бұл пікірге орай ой өрбітсек, “түс көру” тәсілі басқа да жазушылардың шығармаларында көрініс беретінін байқау қиын емес. Ғалым Ж.Дәдебаев “Оң қолды” О.Бөкей шығармаларымен салыстырады.

Мәселен: “Т.Әбдіковтің “Оң қол” әңгімесінде бір тұлғаның бойындағы біріне-бірі жат, жау екі сана туралы сөз қозғалады. Автор “бір дене ішіндегі екі түрлі “жан иесінің” кезектесіп не қатар өмір сүруін “мидың шешілмей жатқан жұмбақтары...” ретінде түсіндіреді” (2,128), деп «Қиялханның» түсімен (Жасын) алыстырады.

Қалай десек те, кезінде “Оң қолды” әдебиетші қауым да, көпшілік оқырман да, тосын жаңалық ретінде қабылдағаны рас.

Ғалым Р.Рүстембекова “Оң қолды” тіпті фантастикалық шығармалар қатарында атап өтеді. Зерттеуші: “Өмірде дәл сондай жағдай болды ма, жоқ па, мәселе онда емес, өмірде болғандай етіп сізді сендіруі – міне әңгіме түйіні осында жатыр... Жазушы жас қыздың оң қолының өзіне қастандық жасауын үлкен дерт ретінде бейнелеуінде символдық астар жатыр. Өмірдегі зұлымдық атаулыны адам өз қолымен көбіне саналы түрде істейтінін айтып, жазушы оны қоғамдық үлкен дертке ұштастырады” (3,86), дейді.

Ал осы әңгімесі жөнінде автордың өзі былай дейді: “Ғылымда генетикалық жад (память) деген ұғым бар. Жаңа туған жәндік өмір сүру үшін не керек екенін үйретпей-ақ біледі. Жұмыртқадан жаңа шыққан тасбақаның баласы бірден теңізге жүгіреді. Не істеймін деп ойланып жатпайды. Жер бетінде кез-келген жан иесі табиғаттың әу бастағы программасына бағынады.

Америка құрлығын он жылдан астам уақытта айналып шығатын көбелектің бір түрі бар екен. Көбелектің он жыл өмір сүрмейтіні белгілі. Әр ұрпақ өзінің мерзімдік ғұмыры біткенге дейін белгіленген маршрутпен ұшып отырады да, тіршілік мерзімі бітер кезде сол жерге өздерінің тұқым-құртын қалдырады. Келесі жылы одан пайда болған жаңа көбелектер қалыптасқан маршрутпен жаңылмай әрі қарай ұша береді. Өйткені генетикалық жад арқылы не істеу керек екенін жақсы біледі” (4).

Хайуанаттар туғанда-ақ не істейтінін біліп туады екен. Яғни адам да әуелден генетикалық информациядан туады. Олай болса, адамдардың іс-әрекетіндегі, тіпті қоғам тіршілігіндегі көптеген оқиғалардың қозғаушы күші де осы, әу бастағы адамға берілген генетикалық тапсырманың құпиясында жатыр екен.

“Оң қол” әңгімесіндегі бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін-өзі өлтірмек болып, бірақ идея іске аспай қалған. Енді генетикалық информацияға еніп кеткен осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздың жадында жаңғырып, ақыры жүзеге асып, қыздың мерт болуымен аяқталады.

Барлық әрекет ең алдымен ойдан басталады десек. Жаман ой, жаман әрекетпен аяқталуға тиіс. Ендеше үлкен жауапкершілік осы ой әлемінен басталуы керек. Егер әрқайсысымыз өзімізден кейінгі ұрпақтың біз ойлаған қиянаттар мен біз жасаған қателіктердің отына күюі мүмкін екенін сезіне алсақ, онда, біздіңше тіршілік бұдан гөрі мәнділеу, маңыздылау болар ма еді.

Бақсақ, жақсылық атаулымен қатар жүретін жауыздықтың түп-төркіні “ой” мен соны іске асыратын “қол” - да жатыр екен. Ал оны жақсы ниетке өзгертудің кілті жеке болмыстың өзінде.

Міне, бұл авторлық түйін, автордың концепциясы.

Т.Әбдік өте сирек қалам тербейді. Бірақ, оның қайсы бір шығармасын алмайық екінің бірі бара бермейтін, өмірдің ең өзекті, әлеуметтік мәселелерін қозғайтынын көреміз.

Суреткердің шымыр да, ширақ жазылған келесі бір әңгімесі “Қонақтар”. Бұл фәниге бәріміздің де қонақ екенімізді ескерсек, бұл шағын әңгіме тақырыбының өзінде үлкен символдық астар бар. Біз күнделікті өмірдің күйбеңімен жүріп қаншама құндылықтардан ажырап бара жатқанымызға оншама ой жібере бермейді екенбіз. “Ит тойған жеріне, ер жігіт туған жеріне” деген қарапайым қағиданың да байыбына барып, базарына үңілмеппіз. Урбанизацияның терең иірімдеріне көміліп бара жатқан қазақтың қаракөз қыздары мен ұлдарының тағдыры Т.Әбдіктің ары мен иманынан да шет қала алмапты. Шынында да осы бір шағын ғана әңгіменің көтерген жүгі бүгінгі таңдағы үлкен проблеманың біріне айналғанын уақыттың өзі көрсетіп отырған жоқ па?

Бұл бүгінгі ата-тегі, ұлттық тамыры, рухани құнарынан қол үзген “маргинальдарды”, ұлттың ұлы мұраттары мен рухани құндылықтарын мойындамай, өзгенің “қаңсығын” “таңсық” көретін “нигилистерді”, тіпті, бір ұлттың, тұтас бір мемлекеттің мүддесін былай қойып “жаһандану” үдерістерін дәріптеп жүрген “космополиттерді”, бір сөзбен айтқанда “мәңгүрттерді” берген кешегі кемелденген социалистік қоғамға жазушының іштей наразылығы десек жарасады.

Ендеше, осынау ащы шындықтың сырына кейіпкермен бірге үңіліп көрейік:

“Әй, кемпір, – деді ішінен бағанағы жерде айтатын сөзі ойына жаңа түсіп, – мен саған дейін үш қатыннан айрылғанмын. Азды-көпті ғұмырымның ішінде талай бақтан айрылып, талай баққа қолым жетті. Дүние бірде алдын берсе, бірде артын берді. Бірақ әкем көрген, әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айрылып көрген күнім жоқ. Не тантып отырсың!” (5,293).

Алайда, Ерғабыл қарияның қасіретін ұғынар ұл қайда? Жетесіз ұлдың жетесінде бірдеңе болса, қара ормандай шаңырағына ие болмас па. Сондай-ақ, бұл тек Ерғабыл қарияның ғана қасіреті ме еді? Қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан ондай қарияларды әр ауылдан, тіпті, әр үйден кездестіруге болатындай еді-ау, ол кездері. Болмаса Сапабек сияқты “өз қағынан жеріген құландар” аз ба еді. Әрине, біз біреуге кінә артып, айыптаудан аулақпыз. Алайда, сондағы бар кедергі ауылдық жерлердегі мектептердің орысша білім бермейтіндігінде тұр ма еді? “Ұлы Орыс тілі”, “Ұлы Орыс халқы” деген ұранға айқай қосып, “адам болам десең, алдымен орыс тілін меңгер” деп, сәуегейлік танытқан аңғалдығымызды немен түсіндіреміз. Осы жерде жазушы көтерген проблеманың, оған автордың көзқарасын анықтау мақсатында бірді-екілі детальға тоқтала кетудің артықтығы жоқ. Ендеше ары қарай тыңдап көріңіз.

“Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке-шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.

– Ал, енді мына балаларың, – деді Жеңісті көрсетіп, – бір түйір қазақша білмейді.

– ...Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны

қалай оқытамыз деп отырсыңдар. Биыл жетіге келді.

Ерекең төмен қарап үн-түнсіз ұзақ отырды.

– Алып кет өзіңмен бірге,- деді бір кезде дауысы қарлығып. – Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар.

Сапабек тағы да қынжыла күлді.

– Ой, көке-ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба ? Орыс мектебі жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе...

– Бар, бар, алып кет, – деді Ерекең. – Жолдарың болсын!” (5,301-302).

Келтірілген диалог көп шындықтың бетін ашқандай. Суреткер шағын деталь, шымыр да, ширақ штрихтармен үлкен шындықты таныта білген. Жалпы көркемдік тәсілдің қай-қасысы да, кейіпкер табиғатының жұмбақ сырларын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық-көркемдік салмағын арттыру мақсатында қолданылатыны белгілі. Ал, диалогтың көркемдігі – шығарма кестесіне жігі білінбей жымдасқан әдемі жарасымында, табиғилығы мен шынайылығында десек, диалог арқылы танылған кейіпкерлердің өн бойынан жасандылықты көрмейміз. Бәрі де шамасына лайық, өзіне ғана жүктелген міндетті орнымен атқарып тұр. Ендеше, мысалға алынған диалог шығарманың көркемдік шешімінің кілті ретінде де құнды.

Әке мен бала арасында қоғамның даму барысында пайда болған алшақтық, жатбауыр болып бара жатқан бала, тасбауыр тартқан немере, адамгершілік, ар-ождан, міне, мұның бәрі сұңғыла суреткер жүрегін жаралаған жәйттер еді.

Бір айта кетер мәселе, сөз болып отырған әңгімеде Ш.Айтматовтың да әсері байқалатындай. Мәселен, “Боранды бекет” романында әкесі Қазанғапты жерлеуге келген Сәбитжанның:

“Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша!” (6,23) дейтіні бар. Ия, қайдағы бір ертегі бейітке апарып жерлеу, ол үшін ақылға сиымсыз тірлік. Оған Ана-Бейіттің, әке өсиетінің құны көк тиын. Ана-Бейіт дегеннен шығады, автор аңыздық желіні Сәбитжан характерін ашуда сәтті пайдаланған.

Жалпы ата-бабасының қанына сіңген салт-дәстүрлерін ұмытқан адамды мәңгүрт десек, Төлен де осы рухани мәңгүрттіктен сақтануды меңзегендей.

Әрине, біздің кейіпкеріміз әке қазасына келіп отырған жоқ. Алайда оның жаңағы Сәбитжаннан айырмасы шамалы. Оны жетпістің желкесіне шыққан ата-ананың тағдыры онша ойландырмайтын сияқты. Курроттатып, одан қалса шетелдетіп жүрген оған ата-бабасының кіндік қаны тамған қасиетті топырақтың құны бір тиын.

Т.Әбдік өмірдің елеусіз ғана көнтерлі тіршілігін, қарапайым ғана тілмен баяндап отырып-ақ, адамзаттық үлкен мәселелерге ұштастырады.

Жазушының қоғам дертіне айналған ділгір мәселені көтерген келесі бір әңгімесі “Қайырсыз жұма”.

Жазушының президент аппаратында, жалпы әкімшілік қызметтерде көптен бері жұмыс істейтіні белгілі. Оның бұл қызметі де өз творчествосына әсер етпей қалмапты. Әрине кез келген жазушы өзіне таныс, өзі зерттеп білген, миы мен жүрегінің “мың градустық домнасында” балқып, (С.Мұқанов) піскен шындығын ұсынатыны белгілі. “Қайырсыз жұманың” кейіндеу жазылуына қарағанда, бұл тақырыптың да толғағы жетіп, жазбауға мүмкіндігі қалмағанда барып хатқа түскені байқалады.

Күнделікті өмірде “Баянсыз бақ, талайсыз тақ” деп екінің бірі айтқанымен, екінің бірі ұстана бермейтін фәни дүниедегі осы бір шындық, бұл әңгіменің негізгі түйіні. Ия, бір қарағанда бір адамның жұмыстан босатылуында тұрған пәлендей ештеңе жоқ сияқты (тіпті ол министр болса да). Бұл жер кім келіп, кім кетпей жатқан орынтақ. Ал шындығында солай ма?

Бұл әңгімесінде де Т.Әбдік адам жанының тұңғиығына үңіліп, адам психикасының терең қатпарларын ашады. Көзді арбаған билік, қылымсыған кресло кімге тұтқа боп, кімге опа берген. Тасбақадай тырбаңдап жүріп жеткен сол тақ пен билік тұрлаусыз бірдеңе екен. Әттең оны пенделердің кеш түсінетіні қандай өкініш, қандай қасірет. Жиырма жеті жасында комбинатқа директор, одан министрдің орынбасары, ақыры министр болған, енді міне алты жыл дегенде орнынан алынып, елсіз қу медиен далада қаңғып қалғандай болып отырған Әбен Ілиясовичті тыңдап көріңіз.

“Билік дейді-ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшыңда да жоқ. Манағы қалт-құлт етіп алдына келген Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік Біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Әріде, тым әріде. Осыны білсек, кінәләсудың орнына бір-бірімізді аяйық”... (5,286-287).

Өлінің ісі – тіріге сабақ болуы тиіс. Олай болса, Әбен Ілиясовичтің трагедиясы талай адамға ой салғандай-ау. Бір мұндардың мойнына түсер тұзақты екінші мұндардың қолына ұстатып қойған тоталитарлық жүйенің (Ә.Кекілбаев), кешегі біз жабыла қол шапалақтап, уралай үн қосқан социалистік қоғамның суреткер салған бүгінгі кейпі, міне осындай.

Әрине, мұның бәрі Төлен ашқан, тек соның ғана шығармаларында көрінген шындық деуден аулақпыз. Бұған ұқсас сюжетті басқа да жазушыларымыздан көруге болады. Мәселен, белгілі жазушы М.Байғұттың “Әкім кеткен күн” атты шағын әңгімесіне де, өмірдің осы шындығы өзек болған. Мәселе кейіпкердің бірінде әкім, енді бірінде министр болуында да тұрған жоқ. Түйін, сол өмірлік шындықты суреткердің қалай көрсете білуінде. Ендеше, “Қайырсыз жұма да” өзіндік табысымен келген, қазақ әдебиетінің төрінен ойып орын алуға лайық шығарма деп білеміз.

Біз Т.Әбдіктің әр тұста жазылған әңгімелеріне шолу жасап көрдік. Сондағы байқалған бір ерекшелік – Т.Әбдіктің кең құлашты, үлкен масштабтағы жазушы екендігі. Сөз, әрине Төленнің әлемдік масштабтағы ойлау, ой қорыту қабілеті туралы.

Мәселен, Т.Әбдіктің “Бір күндік ашу” деген әңгімесінің көлеміне қарап, оның көркемдік жетістіктерін кемсітуге болмайды. Шағармадан жазушының кейіпкер жан-дүнисінің нәзік иірімдерін тап басып, тани білер сұңғылалығы бірден-ақ аңғарылады. Әңгіме желісіне адам өмірінің бір мезеттік қана қыры алынған. Алайда бізге суреткер сол бір сәттің өзінен адамға тән барша болмыстың құпиясын ашқандай көрінеді. Онжылдықты былтыр бітіріп, қазір кітапханада жұмыс істеп жүрген Айгүлдің Ордабекке әлі күнге кішкентай бала көрінетіні рас.

“Шынында да ол соқтауылдай қыз. Бірақ мұны айтқан адамды Ордабек барынша ұятсыз, ардан безген біреу деп білер еді”, немесе “Жұмысқа келген студенттердің біреуі Айгүлге сөз салып жүр екен, – деген хабарды естігенде табиғатында жоқ бір долылықпен түтігіп, тіпті жыларман халге келді” (5,346), деген Ордабектің жан әлемі қандай табиғи, ұлттық нақыш-бояуымен ашылған.

Ал Айгүл бейнесі тіпті бөлек. Жазушы оның да ет пен сүйектен жаратылғанын, адам ретінде оның да біреуді жақсы көріп, ғашық болуға толық хақылы екенін, кейіпкер жан әлемінің толқыныстары арқылы суреттейді. Шығарма сюжеті шап-шағын. Адам өмірінің бел-белестеріндегі бір кезең – алғашқы махаббат десек, шығарма финалы бас кейіпкердің өткен өмір жолдарын ой көзімен шолып, қорыту арқылы түйінделген.

“Жат перзент” әңгімесінің де желісі бір сәт, бір кезеңдік оқиғаның әсерінен дамиды. Кекшілдік жақсы қасиет емес. Алайда кекшілдіктің соңы біреудің ақ төсегін арамдаған өшпенділікке ұласса, оны немен түсіндіреміз. Ат аунаған жерде түк қалып, оның азабын өле-өлгенше тартар Кәрімнің:

“Мен өмірімнің ұзын ырғасына көз жібердім. Бұл өмірде қатеміз қайсы, дұрысымыз қайсы – адам біліп болған ба?! Осыдан біраз жыл бұрын Зәурешпен арамыздағы жастықтың желігінен туған бұра жүрісті таразының бір басына, қалған ғұмырымды екінші басына шығарып, жалғастырғым келді. Анықтауға зердем жетпеді. Бар білгенім – Зәурешті шын көңілмен ұнатыппын. Бірақ мен алғашында мұны мойындағым келмеді. Өйткені мұның бәрі өзімді қоршаған ортаның қағидасына мүлде қайшы еді. Сондықтан мен де көңілімдегі шынайы сезімді жалған деп тануға мәжбүр болдым. Сонда менің жіберген ең үлкен қатем қайсы? Зәуреш пе? Жоқ, бүкіл қалған ғұмырым ба? Соңғы кезде балам ыңғай түсіме кіреді” (5,345), деген жан азабын қалай түсіндіреміз. Айыпты қоғам ба, кейіпкер ме? Оны өзіңіз саралап көріңіз.

“Жаңалық ашу – демек бәріміз көріп жүргенді көре білу, бірақ осыған дейін ешкімнің ойына келмегенді ойлай білу”, – дейді венгр ғалымы А-Сент-Дьерди. Олай болса, Т.Әбдіктің “Оң қол”, “Қайырсыз жұма”, “Бір күндік ашу” т.б. шығармаларын осындай жаңалықтардың қатарында атап өту орынды.

Бірер сөзбен түйіндер болсақ, көркемдік мәселесін социалистік реализм әдісінен іздеп, әдебиеттің партиялығы, таптығы тұрғысынан саралаған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл шарттылыққа бағынбаған Төлен Әбдік әңгімелері өміршеңдігінің кілті де осында жатса керек.


Пайдаланылған әдебиеттер
1. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Алматы: Ғылым, 2001.

2. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. Алматы: Қазақ университеті, 2002.

3. Рүстембекова Р. Қазіргі қазақ әңгімелері. Алматы: Жазушы,1988.

4. Әбдікұлы Т. Рухани кемелдену – адамның өзіне-өзі үңілуінен, өзімен- өзі күресуінен басталады. Әңгімелескен Қ.Жиенбай. // Қазақ әдебиеті. 2005, 18 ақпан. № 7, (2907).



5. Әбдікұлы Т. Оң қол. Алматы: Атамұра, 2002.

6. Айтматов Ш. Ғасырдан да ұзақ күн. Алматы: Атамұра, 2005б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет