Время выбрало нас



Дата27.12.2016
өлшемі113,04 Kb.
#5495
Выступление Президента Республики Казахстан – Лидера Нации Н.А.Назарбаева на торжественном собрании, посвященном 20-летию Независимости Республики Казахстан.15.12.2011г.

ВРЕМЯ ВЫБРАЛО НАС

 

Қымбатты отандастар!

 

Бар игілігіміздің бастауы болған құтты Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды!



Бұл байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Бабалар аңсарын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той!

Ендеше, баршаңызды, сіздер арқылы барлық Қазақстан халқын, ұлыстың ұлы күнімен – Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!!!



Ардақты әлеумет!

Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз.

Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі.

Бірлігі кетіп, берекесі қашқан халқымыз «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» қынадай қырылған.

Аласапыран заманда ағайынның алауыздығынан басына бұғалық түсіп, бұлт үйірілген бұлдыр күндер де біздің халықтың басынан өтті.

Сондықтан да данышпан Абай «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп күңіренді.

Бірақ, тағдырдан талай теперіш көрсе де, халқымыздың рухы жасымаған.

Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік.

Еркіндік аңсаған қазақ халқының өршіл мінезі, намысты жаныған жастар бұлқынысы Желтоқсанда жанартаудай жарқ етіп, жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды.

Жастар жүрегіне жара салған Желтоқсан күндерін жұрт жадында мәңгі қалдыру мақсатында көптеген шаралар атқарылды.

Қыршыннан қиылып, Желтоқсанның символына айналған Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Астана, Алматы және еліміздің барлық іргелі қалаларында Желтоқсан атындағы көшелер бар.

Алматыда ескерткіш ашылды. Зардап шеккендерге түрлі қолдау көрсетілуде.

Бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ.

Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт!

Егемендік алу – оңай емес, ал еңсесін тіктеген ел болу одан да қиын.

Біздің алдымызда тәуелсіздікті қорғау, татулықты сақтау, тұрақтылықты орнықтыру сияқты аса күрделі тарихи істер тұр.

Бізге мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді.

Келер ұрпақ алдындағы бұл ұланғайыр істерді біз абыроймен атқарып шықтық.

Дүниежүзі тарихында ешбір мемлекет азаттығының алғашқы 20 жылында осынша қарқынды өрлеу үлгісін көрсете алған емес.

Бұл – Қазақстанның сөзсіз мойындалған дара даму даңғылының айқын көрінісі.

Ардақты ағайын!

 

«Бақ бағалағанның басында тұрады» дейді.



Қастерлей білмесе, қасиеттің де құны қалмайды.

Күлтегін ұстынында «елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған» деген сөздер бар.

Осының бәрі маған дәл бүгінгі қазақ елі үшін айтылғандай әсер қалдырады.

Жұлдызды жиырма жылда біз елдің көшін аудармай, шаңырағын шайқалтпай, іргесін бекітіп, шекарасын заң жүзінде шегеледік.

Мемлекеттік құрылымдарын негіздеп, алтын арқауы үзіліп қалған елдік дәстүрді қайта жалғап, оны берік орнықтырдық.

Елтаңбаны айшықтап, күн астында алтын қыраны қалықтаған көк байрақты шарықтатып, әнұранды шырқаттық.

Жұлдызды жиырма жылда ұлтты ұйыстырып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнаттық.

Ұлтаралық келісім мен діни түсіністікке негізделген бірегей қоғам қалыптастырдық.

Елдігіміз еңселеніп, дүниежүзі қазақтарының Құрылтайларын өткіздік.

Тағдырдың талайымен әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды құтты қара шаңыраққа қайта жинадық.

Біз әлемдік үйлесімнің, этностар арасында жарасымның бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық.

Адамзатты жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан біржолата бас тартқан еліміз бейбітшіліктің белдеуіне айналды.

Біз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең жағдайда әріптестік қарым-қатынас орнаттық.

Кеткенімiз келді, кемісімiз толды, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала бастады.



Қымбатты отандастар!

 

Баршаңыз білесіздер, Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – ол біздің мемлекеттік тіліміз.



Жойылудың алдында тұрған қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, тәуелсіздікпен бірге қайта түледі.

Біз тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мыңнан астам мектеп тұрғыздық.

1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттердің саны 32-ақ процент болса, ол көрсеткіш бүгінде 85 проценттен асты.

Енді 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген отандастардың үлесін 95 процентке жеткіземіз.

Бұл межеге біз кезең-кезеңмен жетуді көздеп отырмыз.

Қазір елдегі өзге этнос өкілдерінің 30 мыңнан астам балалары қазақ тілінде білім алуда.

Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы – ұлыстың ұйытқысына, қазақ тілі – тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды.

Әрине, тіл мәселесі – уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді.

Бұл орайда, біздің басты байлығымыз – ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек!

Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалықты шуақты болмақ.

Дүниеде қазақ деген ел барда - қазақ тілі мәңгі жасай береді!!!

Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз құлашын кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды.

Менің тапсырмаммен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасы бұған үлкен серпін берді.

Шетелдерден қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты бес мыңнан аса қолжазбалар мен көшірмелер әкелінді.

Соның бәрі ел игілігі мен мемлекет мүддесі үшін, ең бастысы қазақ халқы үшін атқарылуда.

Осы жылдарда көптеген тарихи жәдігерлер табылып, 700-ден астам тарихи ескерткіштер қалпына келтірілді. Қазақтың мың әні, Қазақтың мың күйі жарыққа шықты. Қазақтан шыққан кемеңгерлердің кітаптарын аудартып, қайта шығардық. Бұл біздің қазақты дүние жүзіне паш ету үшін, еліміздің дана тұлғаларының бар екендігін білдіру үшін жасалған болатын.

Егемендік арқылы ата дініміз өркен жайып келеді.

Біз Тәуелсіздік жоқ жерде діннің де болмайтынын таяу тарихымыздан жақсы білеміз.

Осы орайда тарихқа жүгініп, бір жайтты еске салғым келеді.

Діннің діңгегі – дәстүрімен берік. Өзгенің қаңсығы бізге таңсық бола алмайды.

Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі салтымыз, дәстүрлі қалпымыз, ата-бабамыздан қалған айқын бағытымыз бар. Сол жолмен жүрген абзал.

Елді бірлікке бастаған абыздар мен жыраулардың қазіргі жалғасы – зиялы қауым өкілдері болып саналады.

Бүгінгі қоғамда тәуелсіздік санасын орнықтыруосы зиялы қауымның қастерлі борышы.

Арқалы ақындар азаттықты жырлап, жазушылар егемендікті арқау етуі қажет.

Бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас» деп жырлағандай, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан тақырып болмау керек.

Тәуелсіздік санамен бірге елшіл мүдде, мемлекетшіл мұрат нығаяды.

Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс.

Жұлдызды жиырма жылда біз қуатты экономика құрып, қарқынды дамыттық.

Біз ұзақ мерзімді стратегиялық ірі жоспарлар жасап, іргелі бағдарламалар қабылдап, оны сәтті жүзеге асырып келеміз.

Жұлдызды жиырма жылда біз астанамызды Алатау баурайындағы ару Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшірдік.

Азаттықтың алтын қазығындай асқақ Астана аз жылда жаһандық бастамаларға жол салатын ақжолтай қалаға айналды.

Өздеріңіз білесіздер, Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін ТМД және Азия елдерінің ішінен алғаш рет қолға алдық.

Әлемдік деңгейдегі мұндай мәртебелі миссия қазақ баласына бұрын-соңды сеніп тапсырылып көрген емес еді.

Ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы Саммитінде адамзат тағдыры таразыға түсіп, Астана рухы ізгілік шуағын шашты.

Осылайша, біз Астанада, яғни, қазақ төрінде Батыс пен Шығысты тоғыстырып, Азия мен Еуропаны жалғадық.

Осының бәрі - сіз бен біздің, барша қазақстандықтардың еңбегі арқылы еншімізге бұйырған ерен бақыт.

Сондықтан мен барша отандастарыма шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін.

Азаттықтың алғашқы тәй-тәй басқан жылдарында жанымда болып, бірге қызмет атқарған Серікболсын Әбділдин, Сергей Терещенко, Ерік Асанбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және тағы басқа азаматтарға бүгінгі мереке күні шын жүрегіммен ризашылығымды айтып, оларға жақсылық пен денсаулық тілеймін.

Осы асқар асуда қалтқысыз сенім артып, қапысыз аманат жүктеген мерейлі халқыма, мәртебелі еліме өлшеусіз ризамын!

Мен үшін ел сенімін арқалаудан артық абырой жоқ.



Қадірлі әлеумет!

Қазақстан ХХ ғасырдың аяғында,  бірқатар империялар күйреген тұста жаңа мемлекет ретінде ірге тіктеді.

Алып империяның бірі – Кеңес Одағы біздің көз алдымызда қирады.

Біз одан орасан зор зардап шектік.

Мәселен, ұлы дағдарыс АҚШ экономикасына 29 процент көлемінде зиян әкелді.

Совет Одағының тарауы бұрынғы кеңестік елдерінің экономикасын 50 проценттен аса құлдыратты.

Кеңес құрамындағы 15 елдің ішінде Қазақстан 13-ші орынды иеленетін еді.

Көпшілік бізді өзара тартысқа түсіп жатқан кедей ел деп есептейтін.

Естеріңізде болса, 1998 жылы белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский Қазақстанның Еуразияда ғана емес, тіпті Орталық Азияның өзінде елеусіз, болашағы бұлыңғыр ел екенін айтқан еді.

Ал енді биыл, 2011 жылы Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Янгланд мырза екеуара әңгіме кезінде былай деді:

«Әлемнің кез келген тұрғыны Қазақстанның тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде зор табысқа жеткенін айта алады».

Мұндай пікірлерді айтып жүрген саясаткерлер аз емес. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен баға.

Қазір халықаралық сарапшылар бірауыздан Қазақстан – жемісті мемлекеттік жоба деп санайды.

Мен мұнымен толық келісемін.



Ардақты ағайын!

Осы Ұлыстың ұлы күнінде мен ендігі сөзімді елімізбен бірге Кемелдік кезеңге қадам басқан жастарға арнаймын.

Біз сендердің білікті маман, болашағы жарқын отаншыл азамат болып өсулерің үшін барлығын жасап келеміз.

Біз сендер үшін білім беру мен ғылымның ең озық жүйесін жасаудамыз.

Сендердің алдарыңнан ата-бабаларың армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуда.

Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді сендер лайықты жалғастыруға тиіссіңдер!

Тәуелсіздіктің 20 жылында жасалған бар жақсылық Сендерге арналды!

Елдік пен Тәуелсіздіктің Киелі көк Туын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін –жастар, сендер боласыңдар!

Ел бірлігін көздің қарашығындай сақтаңдар!

Қуатты Қазақстанның құтты іргесін қалаушы біздің буынның абыройлы аманатына лайық бола біліңдер!

Сонда ғана Қазақстан жас ұрпақтың жанқияр еңбегі арқылы өркендейтін болады деп сенемін.

Тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған бүгінгі ұлы күнге біз берік сеніммен жетіп отырмыз:

Бұл дәуір бізді таңдады.

Біз берілген тарихи мүмкіндікті тамаша пайдалана білдік. Келер ұрпақ та солай етуі керек.



Қымбатты қазақстандықтар!

Іргесі берік, бірлігі бекем еліміздің алдында асқар асу, биік белестер бар.

Мың құбылған алмағайып дүниенің не ұсынғалы тұрғанын болжау қиын.

Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес.

Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап, алаңдаймын.

Енді бірнеше ғасырдан кейінгі Қазақстанның келешегі – келісті, келбеті – көрікті болуын армандаймын.

Менің тұтас тағдырым, қажыр-қайратым, білік-тәжірибем тәуелсіздікті  нығайтуға, Отанымды көркейтуге арналып келеді, бұдан былай да арнала береді.

Бұл ретте тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз.

Осы жолда біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі – бірлік екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Бізге қазақтың бірлігі, жалпы еліміздің бірлігі қажет.

Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз!

Бұл орайда мені бүгінгі жас ұрпақтың қарышты қадамы қуантады, сергек санасы тебірентеді.

Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде жеті жастағы Жамбыл деген бала былай деп жазыпты:

«Көк туым шалқып төрімде, елімнің бағы таймасын. Жас болып ару-Астанам, құлпырып күндей жайнасын.

Тәуелсіздігім – тәтті сый Тәңірден келген, ағайын. Бар қазағым бақыттың жиырмасыншы жылын тойласын!»

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған қаршадай баланың бұлай жырлауы үмітімізді арттырады, осылай ойлауы бізді қуантады. Біз осындай жастарды тәрбиелеуіміз керек.

Ендеше, біздің болашағымыз – жарқын, келешегіміз – кемел!

 

Құрметті ағайын!

Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы абыройлы белесте баршаңызға, толайым табыстар тілеймін!

Тәуелсіздігіміз жасасын!

Мереке құтты болсын!

г .Астана, Дворец Независимости, 15 декабря 2011 года

Обращение

Главы государства по поводу предстоящих

выборов в Мажилис Парламента и маслихаты

13 января 2012 года

 

Құрметті қазақстандықтар!

Алдағы сайлау еліміздің дамуы, демократиялық құндылықтардың нығаюы үшін өте маңызды.

Мемлекет сайлаудың ашық, адал, айқын және бәсекелестікпен өтуіне барлық жағдайды жасап отыр.

Оны баршаларыңыз көріп отырсыздар.

Электоралдық науқанның барлық кезеңіндегі заңдылықтарды сақтау қамтамасыз етілді.

Саяси партиялар бұқаралық ақпарат құралдарын тең дәрежеде пайдалана алды.

Сайлау процесіне қатысушылардың бәріне сайлаушыларын өздерінің сайлау алды тұғырнамасымен таныстыруға кеңінен мүмкіндік берілді.

Қай партияның ел мүддесіне арналған нақты бағдарламасының бар екенін, ал қай партиялардың тек бос сөз, алдау және жала жабумен жүргенін халық нақты көрді. Барды жоқ деп, елге іріткі салатындарға халық өз әділ бағасын береді деп сенемін.

Халықаралық қауымдастық сайлауға зор ықылас танытып отыр.



Біздің болашағымыз, бірлігіміз, тұрақтылығымыз өзімізге, әрбіріміздің таңдауымызға байланысты болады.  Осыны әркез есте сақтауымыз керек.
Каталог: res -> uploads -> images
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> Бекітемін есіл ауданы әкімінің орынбасары С. Ағымбаева «10» қаңтар 2012 жыл
images -> 2014 жылға арналған Шортанды окж кызметі туралы есепотч ё т о работе Шортандинской цбс за 2014 г. Шортанды кенті 2014 жыл
images -> 2013 ж. ХалықҚа кітапханалық Қызмет
images -> Қазақстан халқының тілдері күні
images -> Мероприятий по продвижению манифеста президента республики казахстан н. А. Назарбаева
images -> Сетевой график
images -> 2014 жылға арналған Шортанды окж жұмысының жоспарыплан работы Шортандинской цбс на 2014 г. Шортанды кенті


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет