Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б



бет6/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,38 Mb.
#4895
1   2   3   4   5   6   7

АЮ МЕН СУЫР
Ерте, ерте ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда аю мен суыр ағайынды болыпты.

Ағасы аю аса еңбекқор болса, інісі суыр өте жалқау екен. Әрі ағасын еңбекке салып қойып, өзі тегін олжаға кенелуді ойлайды екен.

Тіпті бір жолы аюдың қыстық азық үшін дайындаған көп жеміс-жидегін ұрлап тасып алыпты. Өзінің азығының азайып қалғанын байқаған аю оған:

– Біздің айналамызда ұры бар сияқты. Азық азайып қалыпты, - десе, анау беті бүлк етпей:

– Е, кеше қара қабан жер тіміскілеп жүрген. Бар пәле содан келген болуы керек, – депті. Аю оған сеніпті.

Аю ертесі азығының тағы да азайып қалғанын сезіпті. Мұны суырға тағы айтыпты. Суыр болса тағы да шімірікпей:

– Кеше осы маңда борсық жүрген. Сол қағып кеткен ғой, – депті. Аю оның айтқанына тағы сеніпті.

Деседе, аю өзгедлерді құрдан-құр кінәлай бергенше, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді ойлапты. Ол шірік ағаштың томарын үгіп, ұп-ұсақ ұнтаққа айналдырып, үңгірдің аузына біліндірмей сеуіп тастапты.

Мұны білмейтін суыр тағы да ұрлыққа түсіпті. Аю ұрының өзге емес, суыр екенін біліп, қатты ызаланыпты. Оны ұстап жазаламақшы болып тұра қуыпты.

Ұрлығы ашылып қалған суыр ағасының ашуынан өлердей қорқып қаша жөнеліпті. Жан дәрмен өзінің ініне кіріп кеткен екен. Аюу болса іннің аузына шоңқиып алып, оның шығуын күтіпті.

Амалсыз қалған суыр іннен шығатын тағы бір амал іздепті. Іннің ішкі бүйірінен басқа жаққа шығатын жол қаза бастапты. Ақыры екінші жақтан да іннің аузын шығарып алған екен. Оған да көңілі көншімей, үшінші жақтан тағы бір ауыз шығарып алыпты. Осыдан бастап аю тауда, суыр етекте өмір сүретін болыпты.

Аюды көрсе суырлардың ініне қашып кіріп кететіндігі әрі індерінің бір емес, бірнеше аузы болатындығы да содан қалған екен.

Суырдың бұл арамдығын білетін адамдар да оларды жақатпай: «көп суыр ін қазбайды, ін қазса, түзу қазбайды» деп мәтелдейтін болыпты.

АҚ ТҮЛКІ МЕН ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ
Бұрынғы заманда ақ түлкі мен қызыл түлкі дос болыпты.

Ақ түлкі өзін аса ақылды санаса, қызыл түлкі өзін өте көріктімін деп біледі екен. Екеуі әр күні сөз таластырып, өз ерекшеліктерін мақтан етісетін болыпты. Ақ түлкі:

– Сенің түрің әдемі болғанмен нағыз ақымақсың. Қандай қиын жағдайда да мен секілді ақыл таба білмейсің, – десе, қызыл түлкі:

– Сенің пайдасыз ақылың неге керек. Үстіндегі бояуың ағып кеткендей аппақ түріңді көрсем, семенімен бірге жүргім келмей, құсқым келеді, – дейді екен.

Жердің бетін қырбақ қар басқан бір күні екі түлкі ұзақ сапарға шығыпты. Екеуі тамақ іздеп жорта-жорта тым шалғай жазыққа дейін кетіпті. Кенет аспаннан қыран бүркіт көрініпті.

Өз басын ғана аман алып қалуды ойлаған ақ түлкі қулығына басып, жалма-жан жыраның ішімен тұра қашыпты. Даланың бәрі аппақ, ақ түлкінің жүні де аппақ болғандықтан, қыран оны байқамай қалып, қызыл түлкіге шүйлігіпті. Қыранның тырнағына ілккен қызыл түлкі ойбайлап:

– Досым-ау, құтқара көр, мені! – деп жалыныпты.

Ал ақ түлкі болса:

– Көріктімін деп маған есе бермеуші едің ғой. Өз обалың өзіңде. Сұлулығың басыңа ажал болды ғой, – деп кете барыпты.

Осы кезде күн қатты ысып, даланың қырбақ қары лезімге еріп кетіпті. Қара адырға қарай өрмелеп бара жатқан ақ түлкі қыранның көзіне бірден көрініпті. Биікке шарықтай ұшқан қыран құдия келіп, ақ түлкіні де бас салған екен. Жаны шығып бара жатқан ақ түлкі:

– Әттеген-ай, «бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» дегендей, берекесіздігімізден бүркітке жем болдық-ау, – деп армандаған екен.

Адамдар: «бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді осындайға қаратып айтса керек.



АЙДАҺАР МЕН КІРПІ
«Ну орманның ішінен алып айдаһар шығыпты» – деген хабар бүкіл аймақты дүрліктіріпті.

Әншейіде батырсынған арыстан, жолбарыстың өзі бұл хабарды естігенде естері шығыпты. Тіпті жұрт «қорықпайды-ау» деген пілдің өзі сол «айдаһар шықты» деген жердің маңын баспайтын болыпты.

Өзінің қанды аузын ашпай-ақ айналасындағылардың өздіген берілгенін естіген айдаһар одан бетер еліріпті. Әуелі: «аспан астының жалғыз иесі менмін», – деп жар салыпты. Айдаһардың осы бір ауыз сөзінен-ақ өлердей қалтыраған өзгелер оған бас ұрып, бар тәтті-дәмдісі мен жылы-жұмсағын оған силайтын күйге жетіпті.

Мұны естіген дәу кірпі қатты ашуланыпты. Өзінің айдаһармен жекпе-жекке түсетіндігін де айтып салыпты. Бұл хабарды естіген жұрттың бәрі:

– Ойбай, енді пәле таптық. Кірпінің кеселінен бүкіл жануарлар қырғынға ұшырайтын болдық, – деп шуласыпты. Тіпті бір тобы кірпіге келіп:

– Әлін білмеген әлек деген. Сен қанша дәу кірпімін дегеніңмекн айдаһарджың қасында түк емесссің. Өзің өлгеніңмен қоймай, бізге де пәлең тиетін болды, – деп оны тоқтатпақшы болыпты.

Басқалардың сөзі бәрі бір кірпіні райынан қайтара алмапты. Ол керісінше құмға аунап, тікендерін қайрап, жекпе-жекке сайланыпты.

Мұны естіген айдаһар оны мазақ қылып қатты күлген екен. Бірақ, оның шынымен–ақ өзімен сайыспақшы болғанын білгенде едәуір тіксініп қалыпты. Дегенмен де өзге жануарлардың алдында осалдығын танытқысы келмей «келсең кел!» депті.

Сөйтіп ендігі жерде кірпі мен айдаһардың жекпе-жек сайысы басталып кетіпті. Кірпі аса жылдамдықпен тез қарманып, айдаһардың құйрығының ұшынан айрылмастай тістеп алыпты. Кірпінің бұлайша тап берерін ойламаған айдаһар оны құйрығынан ұшырып жібермекші болып жанталасыпты. Бірақ кірпінің тісі шыққанды қойып, одан армен қарысып, қадала түсіпті. Айдаһардың денесінің қай жері өзіне тиіп кетсе, өткір тікендерін сол жерге қадап, өне бойын қан-жоса қылыпты.

Айдаһар кірпіге ауыз салайын десе, аузына тікендері қадалып, аузы басы қанға боялыпты. Ызаланып долырған айдаһар бар күшімен арыпталаса тулап, бүкіл орманның ойран-топырын шығарыпты. Жанталаста ағаштың бұтақтары денесіне кіріп одан бетер жаралапты.

Айдаһар тулау-тулай әбден титықтапты. Тауға қарай өрмелеп, кірпіні тасқа ұрып өлтірмекші болыпты. Алайда онысынан да ештеме шықпай, өз денесін жартасқа ұрып, тұла бойында сау тамтық қалмай, ауыр жараланыпты. Кірпінің тісі босағанды қойып, айдаһарды құйрығынан бастап кеміріп жей бастапты.

Әл-дәрмені әдбен құрып, жаны мұрнының ұшына келген айдаһардың көзі де ешметені көрмей қалса керек. Ең соңғы күшін бойына жинап қатты бір тулағанда, биік таудың құзынан терең шатқалға қарай бірақ құлапты. Сол беті төменде ағып жатқан асау өзенге тоғытылып, аяқ жағындағы биік сарқырамадан тік шаншылып, қада тастарға соғылып, жан тапсырған екен.

Ал өн бойында сау тамтық жоқ, қып-қызыл қанға бөккен кірпінің судан шығып келе жатқанын көрген күллі жан-жануар:

– Кірпі жасасын, кірпі батыр жасасын! – деп шуласыпты.

Содан бастап бұл орманда айдаһар атаулы өмір сүрмейтін болыпты. Жан-жануарлар алаңғсыз өмір сүре батапты. Кірпінің ерлігін аңыз қылған орман жануарлары солан бастап оған «киелі кірпі» деген ат берген екен. Тіпті кейіннен кірпі Сүлеймен пайғамбарға ақыл айтқаны үшін «кірпі шешен – кірпікшешен» – атанған деседі.

АҚ КЕПТЕР МЕН КӨК КЕПТЕР
Ағайынды ақ кептер мен көк кептер дән теріп жүргенде, кенеттен қырғи шүйлігіпті.

Ақ кептер болса: «қырғиды өз соңымнан ертіп кетсем, көк кептер аман қалады ғой», – деп ойлапты. Ал көк кептер де: «мен қырғиды ертіп кетсем, ақ кептер аман қалар», – деп біліпті. Сөйтіп екуі де тасаға тығылудың орнына, көтеріле ұшып қырғиға тап беріпті. Кептелерден мұны күтпеген қырғи қатты сасып қалыпты. Осы кезде әр екі кептер оны шырғалап, өз соңдарынан ертіп кетпекке екі айрылып ұшыпты. Олардың екі айрылғанын күткендей қатты дауыл тұрып, нөсер құйыпты.

Дауыл мен нөсер екеуін екі өңірге апарып тастапты. Екеуі бірін-бірі таба алмай, өзге жерде өмір сүріпті.

Ақ кептер адамдарға үйір болып, солардың қарайласуымен күн кешіріпті. Қартайған кептерді «мысық жеп кетпесін» деп жаны ашыған адамдар оны торға қамап бағатын болыпты.

Даланың жабайы құсына айналған көк кептер күндердің бірінде самғай-самғай қанаты әбден талып, бір қаланың тұсына келгенде, биік үйдің төбесіне қоныпты.

Осы кезде әйнек терезелі үйдің ішінен торға қамалған баяғы ақ кептерді көріпті. Көзіне жас үйріліп, терезенің сыртқы жақтауына келіп қоныпты. Торда ұзақ отырған ақ кептер болса оны бірден тани алмай, жәудірей қарапты.

– Мен – көк кептер, ағаңмын ғой, ағаңмын, – деп шиқылдапты анау.

– Рас, менде сендей аға болған, бірақ тани алмай тұрмын, – деп шынын айтыпты ақ кептер.

– Мен қырғиды шырғалау үшін, алысқа ұшып кетіп, сол беті адасып кетпедім бе, – депті көк кептер.

Есіне әлде нелер оралған ақ кептер сонда барып:

– Сені қырғиға жем болған шығар деп күдерімді үзген едім, тірі екенсің ғой, – деп жылапты, – енді менің түрім мынау, тордамын. Шау тартып ұша алмайтын болып қалғанмын!

Амалсыз қалған көк кептер, көк аспанға самғай ұшып, әр күні таңсәріден ақ кептердің терезесінің жақтауына қонып, ән салып береді екен.

Екі кептердің тағдырын сабақ еткен кейінгі кептерлер осыдан бастап, бір-бірінен бөлінбей, топ-тобымен ұшып-қонып жүретін болыпты. Ал үй дөдегесіне қонған кептерлердің гүжілдеген, қырқылдаған үндер шығарып айналып жүретіндігі сол көк кептерден қалған жол болса керек.
МАЙМЫЛДЫҢ ЖОЛБАРЫС БОЛУЫ
Ерте, ерте, ертеде, маймыл мен түлкі дос болыпты.

Бір күні түлкі маймылға:

– Досым-ау, жұрттың бәрі бізді қорқытады. Біз ешкімді қортқыта алмаймыз. Бір амалын тауып, ормандағыларды өзіміге қаратсақ болмай ма? – дейді.

Мұны маймылда қостап:

– Өте дұрыс айтасың. Менде ұзақтан бері сондай бір ойда жүрген едім. Сен мені жапырақпен орап, жолбарыс етіп жаса. Басқалардың қорықпағанын сосын көрейік, - депті.

Екеуі осыған келісіп, әуелі қызылды, сарылы сан түрлі жапырақтарды жинапты. Оны бір-біріне матап-байлау үшін қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, ағаш қабықтары мен шіліктерге дейін дайындапты.

Сөйтіп оңаша үңгірде түлкі маймылды жапырақтарға орап жолбарыс тектес дәу аң жасап шығыпты. Сосын оны орманға ертіп апарып:

– Бізге жаңадан аң патшасы келді, – деп жар салыпты.

Түрі жолбарысқа ұқсайтын, бірақ, ғажайып аңды көрген бүкіл жан-жануар таң-тамаша болыпты. Түлкі мен маймыл болса өздерінің керемет тапқырлықтарына іштей мәз-мәйрам болысыпты.

Қоян, қарсақ тектес көптеген әлсіз жануарлар түлкіге жағатсып, жаңа патшамен танысуға, дос болуға жол іздепті. Тіпті бірнешеуі қонаққа шақырып та үлгерген екен.

Әбден масайраған түлкі бір күні патшаның халықпен кездесу өткісгісі келетінін хабарлапты. Кездесуге жан-жануарлардың барлығы жиналыпты.

Жолбарыс болып жасанған маймыл топтың алдына үлкен қошаметпен шығыпты. Ол сөзін енді бастай бергенде кенеттен алай-дүлей боран соғыпты. Жасырынуға мұрша болмай, қатты жел үстіндегі жапырақтардың тоз-тозын шығарыпты.

Жұрт өздерінің патша деп жүргендерінің маймыл екенін бідіп, түлкі екеуін тұра қуыпты.

Жұртқа қарайтын беті қалмаған майыл мен түлкі жан дәрмен қаша жөнеліпті. Түлкі иен татырға қарай қашса, маймыл биік ағаштың басына шығып, зорға құтылған екен.

Содан бастап, түлкі таудың бөктеріндегі қырқалардың арасында бұқпайтайлап күн өткізсе, маймыл ағаштың басынан түспей өмір сүретін болыпты.

ҚАРАТОРҒАЙ МЕН ҚАБАН
Қараторғайдың таң бозынан сайрағанын жақатпаған қабан:

– Оу, бейшара торғай, таң бозынан шырылдап, мазамды алып біттің ғой. Сен шырылдасаң да, шырылдамасаң да таң бәрі бір атады. Жағыңды шаршатып қайтесің, – деп ызаланыпты.

Сонда қараторғай:

– Мен көктем келіп, бүкіл тіршілік оянарда таң бозынан сайрап, күллі тірлік иелеріне қуаныш-шаттық бағыштаймын. Айналама ізгілік үнін жеткізу менің парызым, – депті.

Одан бетер шамданған қабан:

– Сен жұрттың құлағын сасытып әбден есін шығардың. Оның әсте ізгілік емес, басқаларды мазақтап, азаптау емес пе, – деп бұлқан-талқан болыпты.

Оның бұл қылығына қараторғайда қарымжы қайтарып:

– Арамдықпен мың күн ғұмыр кешкенше, бір күн болсада адалдықпен ізгілікпен өмір сүргенім артық, – деген екен.

Қараторғайға сөзі өтпеген қабан қатты қапаланыпты.

– Сені ме бәлем! – деп қараторғай отырған ағашты қопарып тастамақшы болып, оның түбін қаза бастапты.

Ал қараторғай болса екінші ағашқа қонып алып, тағы да сайрайды екен. Қабан оның да түбін қазып тастамақшы болып жанталасады екен.

Осылайша, қабан бүкіл тоғайдың ішін тұмсығымен қопарып, қорс-қопасын шығаратын жаман әдетке дағдыланыпты.

Ал қараторғай болса бәз-баяғысындай таң бозынан сайрай беретін болыпты. Оның үнін естіген адамдар: «ізгілік үні ешқашан шаршамайды екен ғой», – деп таңнан тұрып Алласына тәубе қылады екен.

ҚАРШЫҒАНЫҢ ЕРЛІГІ
Күндердің күнінде құмай, құзғын, қаршыға бәрі мәжілістес болып отырып, құзғын:

– Менің жасым бәріңнен үлкен. Көргенім де көп, түйгенім де көп. Үлкен деп мені силасаңдар, далбаңдап ұша бергенді қойыңдар. Аң ұстаймын деп арам тер болғанша, дайын тамақ болатын жемтік тауып жеп күн көргендерің дұрыс, – деп ақыл айтыпты.

Оны қостаған құмай:

– Онсызда аю, қасқыр, арыстандар өлтірген өлекселер толып жатыр. Соның қан-жынын жесеңдерде аштан арып, көштен қалмайсыңдар. Тыныш жан бақсаң, басқалаға да жаман көрінбейсіңдер! – депті.

Ал қаршығы болса, олардың сөзіне келіспейтіндігін білдіріп:

– Басқалар дайындаған арам астан, табан ет маңдай термен тауып жеген алал ас қымбат емес пе! – депті. Оның сөзіне құзғын қатты ашуланып:

– Інім-ау, әлемнің арам, алалын айыратын екеуімз бе. Онсызда мың жылға жақын ғұмыр кешіріп отырған жоқпын ба. Әлін білмеген әлек, аса қайрат – бойға қас. Тырнағымызды қандамасақ та, кеңірдегіміз тоқ. Ондайыңды естіртпе!- деп дүрсе қоя беріпті.

Қаршыға олармен сөз таластыра беруді жөн көрмей, биікке қарай самғай жөнеліпті.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, жемтік аңдыған құзғынның балапанын шүйебөрі бас салыпты. Бас салып қана қоймай, шырылдағанына қарамай ауызына тістеп алысқа ала жөнеліпті. Құзғындар қанша шулағанмен шүйебөрі балапанды тастай қоймапты. Балапан өлуге айналыпты.

Осы кезде аспаннан қатты ысқырған дыбыс білініпті. Аң-таң болған жан-жануарлар мен құс біткен бір кесек болат шардай болып, оқтай зымырап келе жатқан қаршығаны көріпті. Қаршыға бар екпінімен келіп, бір аяғымен шүйебөрінің таңынан іліп, бір аяғымен мойынын қайырып, жанын жаһаннамға жіберген екен. Құзғынның балапаны аман қалыпты.

Мұны көрген құзғын, құмайлар қаршығадан кешіріп сұрап:

– Біздің мың жасаған жасымыз сенің бір күндік ерлігіңе жетпеді-ау, – деп көздеріне жас алған екен.


АҚ БАЛАПАН
Алып Алтайдың асқар тауларының бір биігіне қыран бүркіт ұя салыпты. Ұяда екі балапаны болыпты. Екі балапанының бірінің түсі қара қоңыр болса, екіншісінің тұтас тұлғасы қоңырқай болғанмен қос иығы мен балақ жүндері аппақ екен. Енесі бірін «қара торғайым» десе, екіншісін «ақ балапаным» деп еркелетеді екен.

Күндердің бірінде құс үясын байқап қалған адамдар ұядағы қос балапанды алмақ болыпты. Ұяның төбесінен арқанмен салақтап тұскен әлгілер құс ұясына ілініп, балапанды ала бергенде, шаңқылдаған ащы үн шығыпты. Бар екпінімен зымырай ұшқан ана қыран балапанды алғалы жатқан адамды қанатымен қағып жіберіпті.

Сөйтіп адам мен қыран арасындағы шайқас басталыпты. Қараторғайға қолы жетіп, енді Ақбалапанды алмақшы болған адам, жартастан құлап кете жаздапты. Жат тілдегі жердегілер былдырлап, әлде нелерді айқайлап, оқ шығарыпты. Қыран сонда да алған бетінен қайтпай, адамды қанатымен соққылап құлатуға айналыпты. Бір балапанға қолы жеткен адам екншісін алмақ түгілі жанын олжа көрсе керек, үстіндігірге тартып алыңдар деген белгі беріпті. Қыран сонда да арқаннан тартып төбеге өрмелеп бара жатқан адамды қанатымен ұрғылап, қолындағы балапанды құтқарып алуға бар күшін салыпты.

Осы кезде «тарс» еткен мылтық үні шығып, ана қыран қанаттары жалбырап, құзға қарай құлап түсіпті.

– Ақбалапан, Ақбалапан, аман бол, оларға берілме! – деген үні ғана жаңғырығыпты.

Осылайша Қараторғай адамдардың қолында кетіп, енесінен айрылған Ақбалапан жетім қалған екен.

Ақбалапан енді өлместің күнін ойлапты. Адамдардың қайта айналып келуінен алаңдап, аяғын байлаған анасының тұсауын зорға шешіп, құздан төмен қарай ұша жөнеліпті. Бұрын мұндайды көрмеген ол қарағайдың басына соғылып қала жаздап, әрең дегенде бір жартастың төбесіне қоныпты. Осы кезде дауыл тұрып, нөсер құйыпты.

Жылы ұяда жатып мұндайды көрмеген Ақбалапан қатты қалтырапты. Қарны да әбден ашқан екен. Ол анасының арқар, құлжа секілді аң еттерін әкеліп өздерін тамақтандыратынын ойлаған сайын көңілі құдазып көзіне жас келіпті. Кейде анасы жемтіктерді бітеу әкеліп, оларға бұзып жеуді үйретеді екен.

Ойына осы көріністер оралған ол өзі аң ұстап жеуді ойлапты. Әуелі жерден құрт-қымырсқа теріп жеп жан шақырған соң, өрлі-қырлы ұшуға жаттығыпты. Сосын құз басында тұрған арқарға қарай шүйліге ұшыпты. Тырнақтары арқардың арқасына да іліккен екен. Арқар болса таудан құлағандай екпінмен таср-тұср етікізіп, тастардың арасымен ойнақтай қаша жөнеліпті.

Ақбалапан арқарды ұстау түгілі өз жанын әзер аман алып қалыпты.

Үлкен аңға шамасы келмеген ол мұңға батып отырғанда, анадай жердегі бір қаршығаның қоян ұстап жегенін көріп қалыпты. Ол енді қаршығаның сол өнерін қайталағысы келіп, қоян іздепті. Бағына жарай семіз көкше қоян кезігіпті. Жоғарыдан құлдилай зымараған күйі қоянды бас салыпты. Асау арқарға қарағанда әлсіз қоянды бірден бүктеп, өлтіріп жіберген екен.

Осылайша ақүрпік – Ақбалапан өз күнін өзі көретін тірнек күйге жетіпті.

Өздері ала алмаған Ақбалапанның әуеде жүргенін байқап қалған құсбегі адамдар, енді оған қастық сайлапты. Олар далаға айналдыра тор жайып, тордың ортасына ішіне шөп толтырылған қоян терісін тірі қояндай етіп байлап, бала қыранды шырғаға тартыпты.

Жейтін азық таппай аспанды шарлап жүрген Ақбалапанның көзіне әлгілердің шырғаға тартқан қояны бірден көрінген екен. Ақбалапан зеңгір көктен төмен қарай сырқырай ұшып, қоянды аламын деп торға ілккен екен. Аңдып отырған адамдар оны бас салыпты. Басына томаға кигізіп, аяғына шешілместей бау тағыпты.

Көрмеген қорлықты көрген Ақбалапан Қараторғайдың да осында екенін көріпті. Бірақ қараторғай адамдарға әбден үйірлесіп, соларға бауыр басып кеткен екен. Ақбалапанды көріп:

– Бұларды бастабында қатты жек көріп едім. Қазір бойым үйреніп кетті, – депті.

– Мен өлсемде ондай тірлікке көне алмаспын, – деген Ақбалапан қашып кетуге бекіпті. Адамдардың берген тамағын татып та қоймапты.

Амалсыз қалған адамдар оны бір үйге бос қамап, үй ішіне тірі қоян жіберіпті. Соны ұстап азықтансын дегені ғой. Осы орайда Ақбалапан бар екпінімен терезенің әйнегін быт-шыт етіп сындырып еркін көкке самғай жөнеліпті.

Ақбалапаннан айрылып қалғанына өкінген адамдар енді ең соңғы шараға көшіпті. Ол қолға үйренген құсты қоя беріп, сол арқылы оның сыңарын қайырып әкелу әдісі екен.

Ақбалапан көп ұзамай өзіне қарай самғап келе жатқан Қараторғайды көріп, қатты қуаныпты.Бірақ қуанышы су сепкендей басылыпты. Жанаса ұшып келген Қараторғай:

– Інім, өз бетіңмен жүріп күн көргенше, адамдарға бағынышыты болып өмір сүргеніміз артық емес пе?Олар бізге адбаты тиіспейді.Тындырған ісімізге қарап, ақы-сиымызды да жасап отырады.Бізге қорғаныш болады, - деген екен.

– Жоқ, мүлдем керісінше, құлдықта жүріп, өзгенің тамағына тойғанша, еркіндікте адалдықпен күн көргенің жақсы.Басың басқаға байлаулы болып алтын аяқтан су ішсеңде бақыт емес. Нағыз бақыт - еркін жан иесі ретінде адал теріңмен дербес өмір сүру! – депті оған Ақбалапан.

Сөйтіп ағайынды балапандар екі айрылып ұша жөнелген екен.

Ақбалапан осылайша көк жүзінде, еркін аспанда қалықтаған болат топшы ақиық қыранға айналып, өз мұратына жетіпті.

Қазақ халқы сол үшін де қасиетті көк байрағының төсінен, алтын күн шапағының астынан ақ иық қыранға қастерлі орын берген екен.

АРМАНШЫЛ БАЛА
(сөз соңына – балалықтан аз елес)
Мен өмірге келгенде
1967 жылы 5 айдың 5 күні Қытай қарамағындағы Шынжаңның Алтай қаласы Шірікши ауылында туылдым. Әкем Шәкен, шын аты Шаяхмет. Шешем Фәриза Мәлкенқызы.

Ұлы әкем Мұқай (шын аты Мұхаметжан) Баршабайұлы 1920 жылдардың басында байларды тәркілеу, қуғын заманында Зайсаннан қытай жеріне өткен. Онда ауқатты бай, би болыпты. 1966 жылы «тап талдау» дейтін пәле шығып біздің үй (әкем және Мұқай шаңырағы) «жоғарғы таптың өкілі» деп айырылып, «бай малшы ұрпағы» саналған. Сол жылы Қытай елінде басталған кері бағыттағы қозғалыс – «мәдениет төңкерісі» аталған тұманды күндердің «ұрда, жық!» тұсында мен өмірге келіппін. «Табы жат», «бай малшы ұрпағы» кімді қуантсын!? Солайша қалжасыз өмірге келген мен бейбақтың алғашқы күндері «балалар бақшасы» аталатын, сыз, ескі там үйде өтіпті. Әкем мен шешем ауыр еңбекке айдалып кеткен. Талай балалар шетінеп, о дүниеге аттанса да мен тірі қалыппын.



Мен өмірге келгенде көшелерде біздің әулетке қарсы: «жоғалтайық! жоғалтайық!» деген ұрандар көтеріліп, менің де «жоғалуымды» тілеген көрінеді. Мен жоғалмадым. Бүгінде бақытты балалардың алдында қалам ұстап отырмын.
«Радионың ішіндегі кішкене адамдар»
1977 жылдың күз айлары болса керек. Әкем үйге кішкентай радио қабылдағыш әкелді. Бәріміз үйріліп таң-тамаша болып жүрміз. Үйде ешкім жоқта ақырындап радионың сыртын айналып қараймын. Оным радиода сөйлеп тұрған адамдарды іздегенім еді. «Радионың ішіне кіріп алған адамдар қалай сөйлеп жатыр екен» деп таңдана тамсанамын. «Радионың ішіне кіріп сөйлеген адамдарда не арман бар екен» деп, бар аңсарым соған ауатын еді.

Кейіннен арманға қол жетті. Шынжаң қазақ радиосының «ішіне кіріп алып сөйлейтін» диктор, тілші болдым. Қазақ радиосында өзім жазған «Қаралы көш» романын оқыдым.



Ауылдың үстінде ұшып жүру
Бал балалық дәуреннің дәл қай кезі екені есімде қалмапты. Шамасы он жастың ар жақ, бер жағында болсам керек. Түс көріппін. «Кәңгі» аталатын қыстақта, «Қабақ» атты керішті жотаның бауырында отырғанбыз. Бір жағы тоғай іші, одан ары Ертіс. Үйдің шығыс жақ тоғай шетінде қара су бар.

Сол қара судың Ертіс жағындағы тоғай ішінде ойнап жүрсем керек. Ауылдың иттері маған жүгірді. Қос қолымды сермеп-сермеп кәдімгі құсша қалықтай жөнелдім. Иттер төменнен жоғары шапшып, маған жете алмай аяғымның астында жанталаса үріп жүр. Мен ақ теректердің арасында қалықтай ұшып биіктеп барамын.

Кейін ойладым, аяғыма жармасар дұспандарым көп болар ма екен деп. Бірақ бәрі де қанша үрсе де маған жете алмайтындай көрінеді.

Есейе келе арман қуып алыстарға кеттім. Аяғымнан шалғандар адыра қалды. Ұшақ ішінде, биіктерде самғадым.

«Жәдидің үйеңкісі»
Қызылүйеңкі қыстағының Жайламтам аталатын шағын ауылында отырғанбыз. Ауыл бойынша есік алдына ағаш еккен ешкім жоқ еді. Он үштегі жасыма қарамай Ертіс бойынан ағаш көшетін әкеліп, есік алдына тал, терек, үйеңкі отырғыздым. Үйге дейін келетін тоған суы болмаса да үйдің артындағы топырақ алған ұраның ортасынан құдық қазып су шығарып, бақша жасап жанталасатынмын.

Әкем алғашында «не істеп жатырсың?» деп үрке қарағанмен, менің алған бетімнен қайтпай еңбектенгенімді көріп: «зорығып қалма, алқын-жұлқын арыпталаспай ақырындап істе» деп ақыл айтатын. Бетіме мақтамаса да іштей ризалығын да аңғартып жүрді. Күзге қарай менің бақшалығымның жүгерісін үйдегілер қазанға қайнатып мәз болатын еді.

Араға жылдар салып, біз ол жерден көшіп кеттік. Әкем де о дүниеге аттанды.

Кейін естідім, біздің ескі жұрттағы бір үйеңкі ағашын кеспек болғанда, жалғыз ағашты кесуге батпағандар: «Бұл Шәкеннің Жәдиінің үйеңкісі, кессе ағашты еккен кісі өзі кессін!» десіпті дейді.

Сөйтсек, баяғы мен еккен ағаштан жалғыз тал үйеңкі қалған көрінеді. Бертінге дейін ол үйеңкі менің туған жерге қадаған бір шыбығым болып көгеріп, көктеп тұратын. Ел мен жерден кеткеніме де жиырма жылға жақындады. Туған жерім жырақта қалды. Мекенімнің жаңа қожайындары ол ағашты кесіп тастады ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Менің үйеңкімнің тағдыры не болды екен деші...
«Абыройлы жігіттің алдынан ажалды аң кездеседі»
1983 жылдың ақпан айының орта кезі. Мен он бестен он алтыға шығамын, қарындасым Нүргүл он үште. Онда Жосаты аталатын қыстақта болатынбыз.

Қысқы демалыс кезіндегі жұмысымыздың бірі өгіз шанамен отын тасу. Нұргүл екеуіміз Ертістің солтүстік тоғай ішіне өтіп бара жатып, алыстан мұз үстінен түлкі көріп қалдық. Қасымызға ерген ақ төс қара итіміз бар еді. Солай кеткендей көрінген.

Көп ұзамай межелі жерден отын ала бастап едік, тоғай ішінен иттің әлде неге айбарланған ырылы естілді. Орман арасынан баспалай сығаласам, анадай алаңқыда ит пен түлкі бір-біріне айбар шегіп тұр екен. Не істерімді білмей сасқалақтап қалсам керек, қолыма түскен жуан шыбықты алып тап бердім. Ит пен түлкі бір-бірінен көз алмай, азуларын арандай ашып аңдысып тұр екен. Мен шыбықты көтеріп, түлкіні ұрмаққа тап бергенде оның көзі маған жалт етті. Сол-ақ екен, аңдып тұрған ит оның аш белінен қапсыра тістеп, оңды-солды жерге ұрып еді, сылық ете түсті.

Біз оңай олжаға тап болдық. Сөйтсек, түлкінің алдыңғы бір аяғын қақпан жұлып кеткен екен.

Отынымызды алып болып, оның үстіне түлкіні тастап, Ертістен үйге қарай өтіп бара жатыр едік, көлденеңнен бір жігіт бізге қарай шапты. Біз Шірікши ауылының тұрғынымыз, ал отын алған жеріміз «Ламажау» аталатын Ханбытебі ауылының жері болғандықтан отын алғанымызды аңдыған жер қорушысы болса керек.

Бізге жете көзі түлкіге түскен ол, отынды неге алғанымызбен сөз бастап, ақыр аяғында «қақпанымдағы түлкіні неге аласыңдарға» келді. Өктемдікпен тап беріп, ат үстінен түлкіні іліп алып тайып тұрды.

Үйге келгесін болған жайды әкеме айттым. Бұлқан-талқан болған әкем күрең қасқа атына жайлақ міне салып тұра шапты. Көп ұзамай түлкіні алып келді. Маған: «Балам, абыройлы жігіттің алдынан ажалды аң кездеседі. Өз несібелеріңді біреудің тартып алуына жол бермеңдер!», – деді.

Алла қуат беріп, өмір жолында өзіме тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып келемін. Алдымдағыны жырып әкетпекші болғандар көздегеніне жете алмай дал болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет