"Әдебиетті тереңдетіп оқыту" туралы сөз
Отандық педагогика ғылымының өсуі мен кемелденуіне КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, әйгілі ұстаз Қ.О.Бітібаеваның қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Бүгінде ұстаздың зерттеулері қазақ әдебиеті әдістемесінің теориялық проспектісі болып отыр. Автордың 2003 жылы шыққан "Әдебиетті тереңдетіп оқыту" кітабы да үлкен белес, эволюциялық құбылыс деп батыл айта аламыз. Бұл еңбек автордың ұзақ жылдар жүргізген эксперименттерінің, Республика көлемінде оқылып жүрген дәрістерінің қорытындысы, "Евклид теоремасы тәрізді мінсіз" дүние. Кітап туындыгердің басқа зерттеулерінің заңды жалғасы, әрі солардың басын біріктіріп, түйіндеп тұрғандығымен өзгешеленеді. Өйткені, автор "Абай туындыларын мектепте оқыту", "М.Әуезов шығармаларын мектепте оқыту" т.б. еңбектерінде бір қаламгерді тереңдетіп оқыту жолдарын сөз етсе, бұл еңбекте төл сөз өнерінің тұтас тарихын тереңдетіп оқытуды қарастырады.
Кітапта 9-11 сыныптарға әдебиетті тереңдетіп оқытудың бағдарлама - әдістемелік нұсқауы берілген. Онда автор көне әдебиет жәдігерлері, кешегі және бүгінгі қаламгерлер мен әдебиет зерттеушілерінің, төрткүл дүниедегі танымал сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз етеді. Түсіне білген адамға осының өзі де көп жайды аңғартып тұр. Жүзден асып жығылатын қаламгер (немесе әдеби жәдігер) жайлы сөз қозғау, олардың сөз мұрасын оқытудың тиімді жолдарын көрсетіп беру аз еңбек пе? Әр туындының негізінде жатқан ой, оның көркемдік - эстетикалық құндылығы, қаламгер шығармашылығындағы орны, қазақ әдебиеті қала берді әлем әдебиетіне әкелген жаңалығы неде соны, көріп, көрсете алу үшін нағыз зерттеушілік зерде қажет. Бұл тұрғыдан Қанипа Омарғалиқызы бір өзі бір институттың ісін атқарды дей аламыз.
Ұлттық сөз өнері - шетсіз-шексіз бір әлем. Осы ғажайып әлемді "теңізді тамшысынан танығандай" етіп, бар түйіні мен дәнін екшеп алу, барлық әшекейі мен ажарын қапысыз таныту, әдеби кезеңнің басым тенденцияларын дөп басу, тарының қауызындай бағдарламаға таудай алапат мазмұнды сыйғыза білу - нағыз шеберлікті қажет ететіні де рас. Қанипа Омарғалиқызының бұл еңбегінде әдебиеттен (гуманитарлық бағыттағы мектеп, гимназиялар үшін) берілетін білім мазмұны мен көлемі осындай зерделілікпен белгіленген.
Кітаптың көзге алабөтен түсіп тұрған озғын сипаты - мұғалімдерге, студенттерге, шәкірттерге ортақ құндылығында, практикалық мәнділігінде. Еңбек - мұғалім үшін бағдаршамдай бағдарлама, әрі әдістемелік нұсқау, дайын талдаулар мен сабақ, инсценировкалар, көрнекі құралдар үлгілері, бірегей дидактикалық материалдардың жүйесі. Әдеби талдаулар мен әдебиетіміздің ірі өкілдері (1960-2000 ж.ж.) жайлы мағлұматтар, әдебиеттану, психология, педагогика салалары бойынша ғылыми - әдістемелік еңбектердің берілуі де осының бұлтартпас дәлелі.
Кітапта әр кезең бойынша нені, қалай тереңдетіп оқытамыз, қай ғалымның еңбегін басшылыққа аламыз деген толғақты сауалдарға тыңғылықты жауап беріледі. Бүгінде жаңғырған сана биігінен қарасақ, төл әдебиетіміздің шешуін таппаған түйінді мәселелері әлі қыруар екендігінде дау жоқ. Әсіресе, Кеңестік әдебиет жайында ғылымда әрқилы пікірлер айтылып та, жазылып та жүргендігі шындық. Сондықтан әдебиетші мұғалімдерге осы дәуірің көрнекті өкілдері, заман талқысына түскен таланттар туралы тарихи шындықты жас ұрпаққа бүкпесіз жеткізу, әрі әділ, дұрыс түсінік қалыптастыру жүктеліп отыр. Партиялық саясат талабымен жазылған туындылардан гөрі шын жүйріктің тайбурыл шабысын танытарлық эстетикалық - көркемдік сапасы жоғары туындыларды сұрыптап оқыту міндетті тұр. Бұл жөнінде Қанипа Омарғалиқызы: "Ұлы тұлғалар, әсіресе кеңестік кезеңдегі әдебиет айналасында аракідік болса да әр түрлі пікірлер айтылуда. Сәкен, Сәбит жайындағы, тіпті Әуезовтің "Абай жолы" сынды әлемдік туындысы туралы да ірілі-ұсақты пікірлер айтылып келеді. Егер өткенге бүгінгі көзқараспен қарасақ, онда тарихымыздан, өнеріміз бен әдебиетімізден ешнәрсе қалмас еді. Осы бір маңызды мәселені оқушы санасына жеткізу - әсіресе, тарихшы, әдебиетші мұғалімнің қасиетті борышы" [1, 235б], -дейді. Ғалым - ұстаздың осы пікірін оқи отырып дарынды сыншы С.Әшімбаевтің: "Ұлыларды әркім өз ойының деңгейінен бағалайды. Ал жұрттың көбінің бойы шамалас болғанмен ойы бірдей ойлаған жерден шыға бермейді. Ойы ұсақ жандардың ұлы тұлғалардың көлеңкесін көргіш, "ұсақ - түйек жағына үңілгіш келетіні де осыдан болса керек! Тегінде, "тұлпардың тегін тұлпар таниды" деген сөзде көп мән жатыр-ау!", (2, 263б.) - деген сөздерін еріксіз ойға аласың. Қарапайым мектеп мұғалімінің парасатты пайымы мен асқақ азаматтық позициясына тәнті боласың.
Қазақ оқушысына ұлттық және басқа ел әдебиетінен нені біліп, кімдерді оқуға бағыт-бағдар нұсқау, әлемдік әдеби процесте орын алған шығармашылық тенденцияларды, идеялық - эстетикалық жетістіктерді таныту да автор қаламынан тыс қалмаған. Туысқан елдердегі қалам иелерінен Тоқтағұл Сатылғанов, Садриддин Айни, Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Төреқұлұлы т.б. шығармашылығын тереңдетіп оқытуды ғылыми түрде дәйекті дәлелдеп берген.
Қазақ әдебиетінде орыс тілінде жазатын отандық, әлемдік деңгейдегі танымал таланттар барлығы кімге де болса аян. Ал оларды оқыту мәселесі әлі көбесі сөгілмей жатыр десек артық айтпаймыз. Автор Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов сынды тілі орысша, бірақ рухы қазақ қаламгерлердің шығармашылық өзгешеліктерін ашып, негізгі тенденцияларын талдап, оқытудың тиімді жолдарын көрсету арқылы тың тақырыпқа түрен салған. Сондай - ақ, әдебиетттану ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген, (кейбірі әлі де қызмет етіп келе жатқан) З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаевтардың бағдарламаға еніп, оларды оқытудың сөз болуы да өзіндік жаңалығы.
Сонымен туындыгер бұл кітапта әдебиетті тереңдетіп оқыту жөнінен ойлы ұстазға ой қосарлық құнды пікірлерін ортаға салған. Сағат санын, оқылатын қаламгер мен шығармаларды таңдауды әріптестерінің ырқына қалдырып, шығармашылық ізденістерге жетелейді.
Шәкірттер үшін бұл еңбек көркем мәтінді талдауға басшылық, дидактикалық материал, әрі қаламгерлер мен ғылыми-зерттеулер жайлы мағлұматтар бере алатын дерек көзі десек қателеспейміз. Бұл айтылғандардың барлығы еңбектің технологиялық құндылығына көз жеткізеді.
Кітап ең алдымен, "Тереңдетіп оқыту дегеніміз не? Оның негізгі белгілері мен өзекті мәселелері қандай?" деген сауалдарға жауап береді. Ұстаз пайымынша: "Тереңдете оқыту шығарманың саны немесе сол сыныпта оқылатын авторлардың көптігімен жүзеге аспайды... Тереңдетіп оқытуда оқушылардың икем-дағдысы, яғни, әдеби шығармаларды талдауға машықтандыру, өзіндік пікір айту, әдеби таласқа баулу, ауызекі, шебер де шешен сөйлеуге, бедерлі, айшықты, сұлу жазба тілінің дамуына, оқушылардың өз шығармашылығына баса көңіл беру керек" [1, 9б].
Рас, бұл тақырыпта жазылған зерттеулер шетелдік, отандық ғылымда баршылық. Дегенмен, автор тереңдетіп оқытуға дәл, нақты анықтама берген әрі, бұл мәселе жөнінен тың ойлар түйіндеп, соны идеялар айтқан. Мәселен, ең алдымен, қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту ісін негіздеуі бұл еңбектің үлкен жаңалығы;
Екіншіден, ұлттық сөз өнері тарихына жаңаша көзқарас, азат сана тұрғысынан келгендігі; Ұстаз "... әдебиетті бүгінгі күн тұрғысы, жариялылық негізінде оқытуды, жаңаша ойлау, жаңа көзқарасты басышылыққа ала оқытуды ойластырдық" дей отырып, бұрынғы бағдарламаларда бой көрсетпеген Орынбай Кертағыұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шәңгерей Бөкеев, Иса Байзақов сынды жыр жүйріктеріне тиісті орын беріп, бұрыннан бар қаламгерлер мұрасын қайта қарап, эстетикалық бағасы жоғары туындыларын сұрыптап енгізген);
Үшіншіден, пәндерді интеграциялап оқыту (мәселен, тарих пен әдебиеттің, музыка мен әдебиеттің, орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің, бейнелеу өнері мен әдебиеттің бірлікте қаралуы) идеясының негізделуі;
Төртіншіден, жеке тұлғаны дамытуға (әдебиеттен жалаң білім беру емес, бастысы баланың икем - дағдысын қалыптастыру, ойлана білуге жетелеу, шығармашылық қабілеттерін ашу, Мен - концепциясын қалыптастыруға) бағытталуы;
Бесіншіден, білім беру ісіндегі (проблемалық оқыту, даралап, саралап оқыту т.б.) тың технологияларға негізделуі еңбектің жаңашылдығының бұлтартпас айғағы.
Жоғарыда бұл кітапта жүзден аса әдебиет қайраткерлері мен әдеби нұсқалар қаралған дедік. Осының өзі-ақ, біріншіден, осындағы тақырыптық ауқымның кеңдігін көрсетсе, екіншіден, бұл автордың азаматтық ой белсенділігін танытса керек. Өйткені бағдарлама - әдістемелік нұсқаудың әрбір бөлім, бөлшегі шығармашылық ойдың, ізденістің жемісі. Ол да ешбір толғаныссыз топ етіп туа қалмайды. Оған да бап керек, белгілі бір уақыт қажет, ең бастысы тер төгіп маңдай терлететін қайырымы аз "қара жұмысты" талап етеді. Мұғалім, әсіресе, құшақ-құшақ шығарма мен мазмұндама дәптерлерін тексеретін әдебиет пәніннің тәлімгері бола жүріп, республиканы аралап дәріс оқи жүріп осыншалықты мол еңбекті ерінбей, жалықпай әрі жан қинап жүріп жазған Қанипа апайдың еңбексүйгіштігіне риза боласың.
Еңбекте әдебиетіміздің дамуы тарихилық ұстаным бойынша сөз болған. Ұстаз тіл өнерінің даму үрдісін халқымыздың азаматтық тарихымен сабақтастықта қарауда шолу сабақтарға иек артады. Әдеби дәуірлердің басты белгі - сипаттарын ғылыми негізде, нақты әрі тұжырымды түрде көрсетіп береді. Шолу сабақтардың өзіндік әдістемесін ұсынады. Мәселен, ежелгі дәуір әдебиетіне шолуды интеграциялық сабақ (тарих пәнімен) ретінде өту тиімді болмақ. Шолу сабақтарды өту барысында оқытушының тұжырымды дәрістемесі, шәкірттерге ғылыми еңбектерге сүйеніп хабарлама жасату, зерттеу материалдарына шағын конспект жасату, ескерткіштер табылған жерлердің карта жүйесін, ескерткіштердің суретінен фото-монтаж жасаудың берері мол екенін дәлелдеген.
Ежелгі дәуір әдебиеті үлгілерін мектеп жасындағы баланың ұғымына лайықтап саралап беруі, бұрын-соңды әдістемесі жасалмаған кезеңнің технологиясын негіздеуі ұстаздың тағы бір жаңалығы деуге лайық.
Ойдан ой туады, ойды ой қозғайды демекші, қазір ғылымда қазақ әдебиетінің тарихын сақ дәуірінен қайыру орнықты. Осы орайда сақ дәуіріндегі әдебиет нұсқаларын мектеп бағдарламасына енгізу, оның технологиясын негіздеу күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Сондықтан келешекте ұстаздан осы бағытта тағы да мәнді еңбектер күтетінімізді жасыра алмаймыз.
Көне дәуірдегі әдебиет ескерткіштерін оқыту күрделі де қиын іс. Әдеби жәдігерлерді оқытуда карточка-нұсқау, жоспар үлгілерін пайдалану, сөздік жұмысын жүргізу, түпнұсқа мен аударманы салыстыра оқыту, ғылыми еңбектерге назар аудару, поэтикалық талдау жасатудың тиімділігін дәлелдейді. Әрі берілген білімнің мазмұнына сай оқушылардың икем-дағдысына қойылатын талаптарды көрсетіп береді. Бұл бала білімін бағалауда, коррекция жасауда, білім сапасына мониторинг жасауда бірізділік пен жүйелілікті қамтамасыз етері хақ.
Кітаптағы көз тартар тағы бір ерекшелік - әдеби талдаулардың тереңдігі. Бұны жеке қаламгер өнернамасымен қатар, әдеби дәуірлерге жасалған талдаулар жайында да айта аламыз. Мәселен, қазақ сөз өнерінің аса күрделі кезеңі ХІХ ғасыр әдебиетінің басты сипатын былайша танытады: "ХІХ ғасыр әдебиетін тұтастай алып, саралап қарасақ, оны мынандай төрт топқа бөлуге болады:
1. "Зар заман" ақындары - Дулат, Шортанбай, Мұраттар. Бұлар отаршылыққа жан-тәнімен қарсы болып, соның салдарынан бұзылған елді, ел "жақсыларын", олардың қорқаулығы, парақорлығы, сатқындығы, надандық, пасықтығын әшкерелейді. Елден "иман", молдадан "құран" кеткенін ашына жырлады.
2. Қазақ әдебиетінде өршіл поэзияның, оптимистік поэзияның, күрес, жауынгерлік поэзияның дүниеге келуі. Оның басты өкілі "Ереуіл жыршысы" Махамбет екендігі. Махамбет пен Исатай көтерілісіне қатысып, артынан көп қуғынға түссе де ұстанған жолы, ойынан қайтпаған Шернияз ақынды да осы поэзияның бір өкілі деп қарау дұрыс сияқты.
3. Қазақтың дәстүрлі импровизациялық өнерін жалғастырушылар.
4. ХІХ ғасырдың ірі өкілдері, оның "алтын ғасырын" жасаған ағартушы-демократтар Шоқан, Абай, Ыбырай - тек қазақ әдебиеті емес, әлемдік әдебиеттің, мәдениеттің ірі феномені болды"...
5. ХІХ ғасыр әдебиетінің тағы бір үлкен тобы - әнші, ақын, композитор, орындаушы, әрі музыка аспабында сүйемелдеуші, "сегіз қырлы, бір сырлы", лирик ақындары - Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Әсеттер болды..." [1, 107-108б].
Тезистік сипаттағы осы жолдардан - ақ аталмыш дәуір әдебиетінің басты белгілері айқын танытылған. Кітапта бүкіл бір әдеби дәуірдің басты белгілерін айқындап беретін осы іспетті терең талдаулар мол.
Сөз өнері сүлейлерінің бекзадасы - Мағжан Жұмабаев. Ол жайында автор былай дейді: "Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы поэзия сеңгірі "қазақ лирикасының хантәңірі", парасат пен хас талант бірге өрілген сыршыл да мөлдір өлеңдер шабандозы. Қазақ жырын дүниежүзі поэзиясының ғажайып жетістіктерімен байытқан әдебиетіміздің "өзі патша, өзі - қазі, өзі - биі" өлеңмен фантастикалық суреттер сала білген ұлы тұлғасы".
Қазіргі қазақ әдебиетінің даму тенденциясы кім-кімнің де көңілін аудартады. Бірақ та, бұған дейін оны оқыту ісі мектептерде де жоғары мектепте де әлі қаймағы бұзылмай, тың жатқаны шындық. Автор жаңа дәуірдің ірі өкілдерін оқыту жөнінен үлкен ізденіс танытты. Жұматай Жақыпбаев, Асқар Сүлейменов сынды сөз зергерлерінің мұрасына эстетикалық талдау жасай отырып, әдеби дәуір тынысын танытады. Мәселен, Ж.Жақыпбаевтың махаббат лирикасы жайлы былай дейді: "- Низамидің Мәжнүні... Ләйлә - ақ махаббаттың, сезім тұрақтылығының символы. - Ләйлә - махаббатты, сұлулықты "алмас көзді", алмас сезімді аңсау, жоқтау жырлары. Ол - сенім мен үміт, табысу мен қоштасу жыры. - Ләйлә - ақын арманы, қиялы, өмірлік жар іздеудегі тынымсыз өмір ағымы; - Ләйлә - ақынның тоқтаусыз соғып тұрған жүрек сенімі, үміті, бақыты, мәңгілік жыр мұрасы; - Ләйлә - ақынның өзі. Ол ақынның махаббатпен безендірілген, махаббатпен сусындаған өр тұлғасы, нәзік жүрегі... " [1, 332б].
Әдебиет тарихынан әлі де болса тарихи орынын алмаған, толық зерттелмеген, түрлі деңгейдегі бағдарламаларға кірмеген қаламгерлерді назарға алып, оларды оқыту жолдарын көрсетіп береді.
Бұрыннан белгіліні ежіктеп, езбелеу бар да, шәкіртті саналы әрекетке жетелеу бар. Қанипа Омарғалиқызы ұсынған әрбір тапсырма, көмек-нұсқау, көрнекіліктер т.б. оқушы белсенділігін қамтамасыз етеді. Ақиқаттың ашық әңгімеде, пікірталаста туатынын еске алсақ, ұстаздың технологиясы бойынша шығармашылық қабілеті жетілген әр бала еркін ойлауға қабілетті. Ондай баланың кейде ғалымдардың ойына келмегенді ортаға тастайтын мүмкіндігін ғылым мен өнер тарихы жоққа шығармайды.
Бүгінде ұстаз шығармашылығына, ізденісіне мол мүмкіндіктер берілген. Қатып қалған сабақ үлгілерінен, қасаңдықтан арылдық. Жаңашыл ұстаздар неше түрлі сабақ үлгілерін ортаға салуда. Әр тақырыптың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты сабақ үлгісін таңдап алу, ойлап табуға шектеу жоқ. Тек ізденіс пен ниет қажет. Осы орайда Қанипа Омарғалиқызы ұсынған көне жырау Кет - Бұға жайлы композицияны немесе Асан қайғының ұрпаққа аманат хатын алайық, боламаса жәрмеңке-сабақ, реферат қорғау сабағы, көкпар сабағын, викториналы сайыс, әдеби монтаж, конкурс сабақтар ұлттық сөз өнерін тереңдетіп берудің, баланы жалықтырмай, керісінше, қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін, құзіреттілігін қалыптастырудың жолдары.
"Бәрін айт та бірін айт" дегендей, бағдарлама - әдістемелік нұсқау әдебиетті тереңдетіп оқыту талабының бір ізге түсуіне, технологиялық жағынан баюына, ұстаздардың шеберлік шыңдалуына, өсуіне әсер еткендігін ашып айтқан абзал.
Телегей теңізді қасықтап, шөміштеп қотарып шығу мүмкін емес. Сол сияқты мұндай мәнді еңбекті қанша жырымдап, үзіп-жұлып көлденең тартқанмен, бүкіл негізгі қасиеттерін жеткізу оңай шаруа емес. Мұндай қомақты дүниені бөліп-жармай, тұтас зерттеген жөн. Біз өз тарапымыздан кітаптың кейбір сипаттарын ғана сөз еттік.
Бір түйгеніміз - ұстаздың бір еңбегінен - ақ телегей теңіз білімін, интелекті биіктігі мен ойының тұңғиық тереңдігін сезінгендей боласың.
Бүгінде ұстаздық қызметіне қырық жыл толып отырған Қанипа Омарғалиқызы жоғарыдағыдай мәнді еңбектерін айтпағанда, күнделікті көзге көрінбейтін "қара жұмысымен" - ақ қазақтың педагогикасын өрге сүйреп жүрген өр тұлғаларымыздың бірі және бірегейі дейміз.
Редакцияға 11.03.2008 қабылданды
Философия
О. Айтбаев
Достарыңызбен бөлісу: |