Уа, Алатаудай Ақшадан,
Асып тудың Бөгенбай,
Болмашыдай анадай.
Болат тудың Бөгенбай, - дегенде сол Ақша батырды айтып отыр. Осыдан кейін Бөкеңді қарадан шыққан дегенге кім сенер. Бабалары Тәуке мен Есімнің атақты батырлары болса, қол басқарса, хандармен бірге ел басқарса, тегіндігінен бе, кесек біткен ерекше жаратылысынан да. Бөгенбайдың аталары да оның өзі де тектілерге-тек, бектерге-бек болған.
Бөкең – Ақшаның үшінші баласы. Сырдария өзенінің орта тұсындағы Бөген өзенінің бойында дүниеге келіпті. Анасы – Сандық. Батырдың туған жылы туралы әлі күнге дау көп. Академик М.Қозыбаев 1680 жыл деп кесіп айтты.
92
Өз ұрпақтары, оның ішінде Қ.Нұралин 1678 жылға аяқ тірейді. Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс, ол зерттеушілердің үлесі. Алғашқысына сенсек, Бөкең биыл – 330 жаста.
Батыр үш әйел алған екен. Бәйбішесі – Баяу, тарақты Байғозы батырдың әпкесі. Одан – Тұраналы, Тұрымбет, Батырбек, Тастыбек есімді төрт ұл, Қырғи ныспылы бір қыз туған.
Екінші әйелі – Қамырқан қалмақ қызы. Қамырқаннан – Жылқыбай, Қайназар, Айназар, Жаназар туады.
Үшінші әйелі – Лаба. Уса-Серен қонтайшының қызы дейтін сөз бар, бірақ нақты дәлелі жоқ. Лабадан – Арғынбай, Шілдебай, Нарбай.
Батырдың ұрпағы өсіп-өніп, өз алдына ақарлы-шақарлы ел болған. 1926 жылғы санақта 526 шаңыраққа жеткен екен. Қоржынкөлдің маңында 32 ауыл құрап отырыпты. Ал кейінгі саны белгісіз.
Бөгенбайдың біз білетін алғашқы ерлігі – жоңғарға да қалмаққа да емес, өзіміз осы күнге дейін жерге таласып, жауласып жүрген казак-орыстарға қарсы күресі. Батыр Еділден бері өтіп, қазақтың құнарлы жеріне тіміскілене берген казактардың бетін қайтармай тыныштық жоқ екенін сезеді. Сезіп қана қоймай, қайратты азаматтың қалпымен бетпе-бет шайқасқа қамданады. 1708 жылы 28 жасында 30 мың қолды басқарып, казак-орысты дүркірете қуады, Еділден әрі айдап тастайды.
Осы арада тағы да Үмбетейге жүгінейік:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей,
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған
Маралы қойдай шулаған
Ұзыны шексіз, ені алыс,
Еділден өттің Бөгенбай! – дейді жырау.
93
Достарыңызбен бөлісу: |