1950 – 60 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында тау туризмі, альпинизм (шыңға шығу), спорттық туризм дами бастады. Мұның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло, т.б. мамандар оқушылар мен студенттер арасында туризмді дамытуда үлкен үлес қосты.
1958 жылы Зиминге тұңғыш рет туризм бойынша КСРО-ның спорт шебері атағы берілді.
1970 жылы құрылған Туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесі туризмнің одан әрі дамуына әсер етті.
1971 – 75 жылдары Қазақстанда туризмнің материалдық базасын нығайып, саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар пайдалануға берілді.
1978 жылы Қазақстанда экскурсия мен туризмнің респ. кеңесі және 14 облыстық кеңес, 17 туристік база мен мейманханалар, 26 саяхат, экскурсия бюролары және шет ел туристеріне қызмет көрсететін 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында туристік автомобиль базалары құрылды. Туристік базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жетті.
1988 жылы туризм құрылымында біршама өзгерістер болды. Жаңадан туристік экскурсия қауымдастықтары құрылды. Осы жылдары Қазақстан туризмінің дамуына Н.И. Самойленко, С.Әбденбаев, Т.Жездібаев, А.Чукреев, О.Мазбаев, С.Р. Ердәулетов, т.б. үлкен үлес қосты. Тәуелсіздік алған Қазақстанда 1991 жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. 2001 жылы 13 маусымда “Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы” заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, т.б. мәселелер тұжырымдалды. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіншілік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді.
2002 жылы республикада 430 туристік ұйымдар, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеді. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер (гидтер) қызмет көрсетеді. Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас жасайды. Алматы қаласының 25 фирмасы және 5 облыс орталығы Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Пәкстанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға, т.б. елдерге чартерлік әуе рейстерін жолға қойған.
Қазақстанда туризмнің барлық түрлері (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу), т.б. бойынша жүргізіледі. Бұл үшін Қазақстан аумағы бойынша 700-ден астам саяхаттық маршруттар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды 372 әр түрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Мысалы, Алматы қаласында қонақтарға “Алатау”, “Қазақстан”, “Достық”, “Есік”, “Отырар”, “Астана”, “Анкара”, “Hyatt Regency Almaty”, “Интурист”, т.б. қонақ үйлер сервистік қызмет көрсетеді. Астанада 30 туристік фирма және 25 қонақ үй орналасқан. Олардың ірілері: “Окан – Интерконтиненталь Астана”; “Комформ – Отель Астана”, “Турист”, “Есіл”, “Жібек жолы”, “Алтын дала”, т.б.
Туризм мамандары Туризм және спорт академиясында, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ Ұлттық университетінде, “Тұран” университетінде, т.б. жоғары оқу орындарында дайындалады.
Туристік нысандар
Қазақстандағы туристік ресурстарға – туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.
Қазақстандағы туристік нысандар бірнеше топтарға бөлінеді
табиғи-рекреациялық
тарихи-археологиялық
тәуеп ету
Алтынемел тау жоталары
Табиғи-рекреациялық нысандарға Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта да ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.
Қарқаралы ұлттық паркі
Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор. Қола дәуір ескерткіштеріне жартастағы петроглифтерді атауға болады. Оларға әйгілі бірегей ғибадатханалар: Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өзеніндегі Ешкіөлмес ғибадатханасы, сондай-ақ Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6 – 3 ғасырлардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы және сақ әскері киімін киген “Алтын адам”, 2001 – 2002 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Бергіел (Берел) қорғанында табылған “Сақ патшайымы” археол туристік нысандарға жатады. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Тұрбай, Құлан, Мерке, Талхиз, Жаркент қалалары, т.б. елді мекендер қазіргі туристік нысандар болып табылады.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Түркістан – қазақ хандығының алғашқы астанасы. Онда Қожа Ахмет Иасауи кесенесі салынған, кесене іші мен айналасына қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би жерленген.
Достарыңызбен бөлісу: |