АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн. Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет.
Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.
Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырамын.
Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады.