Боте тәжірибесі. Егер жарық тіркегіш құралмен әрекеттесетін фотондар бір-біріне тәуелсіз фотондар ағынынан тұрса, онда өте әлсіз жарық ағындарын тіркегенде интенсивтіктің флуктуациялары (ауытқулары) бақылануы тиіс. Мұндай ауытқулар әр секунд сайын құралға түсетін N фотондар санының орташа мәнінен кездейсоқ ауытқудың нәтижесінде байқалады. N саны өте үлкен болса, ауытқу елеусіз, ал N кіші болғанда, мұндай ауытқуларды өлшеуге болады. Осындай тәжірибелердің алғашқысын 1924 жылы В. Боте жасады. Газ разрядты екі санағыштың арасына жұқа металл фольга Ф орналастырылады. Фольгаға қырынан қысқа толқынды рентген сәулелерінің өте әлсіз жіңішке шоғы түсіріледі. Рентген сәулелерінің әсерінен фольганың өзі интенсивтігі өте аз рентген сәулелерін шығара бастайды (рентгендік флуоресценция), яғни фольга шығаратын фотондардың саны болымсыз аз. Рентген сәулелері санағыштарға С түскенде арнаулы М механизмдер іске қосылады. Бұл механизмдер бірқалыпты жылжып отыратын Т таспаның екі шетіне белгі соғып тұрады. Егер фольгадан шығатын рентген сәулесі толқын түрінде үздіксіз, жан-жаққа бірдей таралса, таспаның екі жағына түсетін белгілер симметриялы болып шығар еді. Ал тәжірибеде бұл белгілер ретсіз, қалай болса солай орналасқан болып шықты. Мұны тек фотондар фольгадан бір-біріне тәуелсіз, үздікті түрде, барлық бағытта ұшып шығуының нәтижесі деп түсіндіруге болады