1 А. Нұрқатовтың өмірі мен шығармашылығы А. Нұрқатовтың әдебиетке қосқан үлесі



бет4/5
Дата19.12.2022
өлшемі44,8 Kb.
#163259
1   2   3   4   5
Байланысты:
А Нұрқатов

Абайтануға қосқан үлесі

Зерттеуші ғалымдар абайтанудың тарихын 1889 жылдан бастайды. Осы межеден бергі жүз отыз жылдан астам уақыт ішінде абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болып қалыптасты. А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ә.Жиреншиндерден бастап, абайтану ғылымның бүгінгі абыз ақсақалы М.Мырзахметұлы бастаған қазіргі кезең зерттеуші ғалымдарына дейінгі ұзақ жолы жатыр.


Абайтану ғылымының дамып өркендеу жолында өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының үлесі қомақты. Осы кезеңде абайтануға елеулі үлес қосқан әдебиеттанушы ғалымдардың бірі – Айқын Нұрқатов (1928-1965). Өзінің қысқа ғана ғұмырында соңына мол әдебиет сыны саласында өнімді еңбек етіп, мол мұра қалдырған Айқын Нұрқатов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы «Абайдың ақындық әлемі» атты ғылыми зерттеу монографиясын жазды. Талантты ғалымның қапылыста өмірден ерте өтуіне байланысты толық нүктесі қойылмаған бұл жұмыс Айқын Нұрқатовтың филология ғылымдарының докторы ғылыми атағын қорғау жолында ізденіс жасап жүрген диссертациялық еңбегі еді.
Айқын Нұрқатовтың абайтану ғылымындағы шоқтығы биік еңбегі «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы өзі өмірден өткен соң, 1966 жылы жарық көрді. «Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүрлерінің арнасында», «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген көлемді тарауларда ғалым Абайдың ақындық дәстүрі турасында кешенді талдаулар жасап, тұщымды тұжырымдар ұсынды.
Айқын Нұрқатов абайтануға, Абайдың ақындық мұраларын зерттеуге бірден келген жоқ. Себебі ол бұған дейін Абайдың өмірі мен шығармашылығын қазақ халқының тұтас бір дәуірімен астастыра отырып «Абай жолы» атты роман-эпопея жазып шыққан қаламгер Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі туралы алғаш рет көлемді зерттеу – ғылыми очерк жазған болатын. 1957 жылы жазылған «Мұхтар Әуезов» атты шығармашылық очеркі ғылыми орта тарапынан лайықты бағаға ие болады. Бұдан соң шығармашылық очерктің мазмұны кеңейтіліп, 1958-жылы шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» академиялық жинағына Мұхтар Әуезов туралы тарау болып енгізіледі. Айқын Нұрқатовтың бұл шығармашылық очеркі Мұхтар Әуезов шығармашылығына кеңінен тоқтала отырып талдау жасалған салмақты еңбек болды. Мектеп оқушылары, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында білім алушылар Мұхтар Әуезов шығармашылығын талдауда ұзақ жылдар бойы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» еңбегіне сүйеніп келді.
Мұхтар Әуезов пен Абай Құнанбайұлы шығармашылығы – бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Осы тұрғыдан да болар, сыншы ғалым Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі орнын, әкелген жаңалығын т.б. егжей-тегжейлі зерттеген еңбегін аяқтаған соң, Абайдың шығармашылық әлемі туралы көлемді еңбек жазуға кіріскенін көреміз. Ғалымның бұл еңбегі – «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монография. Жоғарыда атап өткеніміздей Абайдың өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінде, мектеп оқулығында М.Әуезов бастаған қайраткерлердің арқасында қалдырылғанымен, ұлы ойшылдың ақындық әлемін тым тар аяда, пролетариаттық сарында қарастыру, осы тұрғыдан талдап таныту толықтай билік құрып тұрған еді. Міне, осы кезеңде қазақтың бас ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеп зерделеудегі қасаңдық пен жалтақтықтан сәл де болса арыла отырып, Абайдың сан қырлы тұлғасын байсалды түрде жаңа сатыға көтеру қажет болатын. Айқын Абай шығармашылығын, ақындық дәстүрін лайықты деңгейде, биік ауқымда ала отырып зерттеуді мақсат етіп қойғаны анық. Абайды таныту – қазақ халқын, ол халықтың сан ғасырлық тарихын, әдебиеті мен мәдениетін таныту еді.
Кеңес Одағы атты алып мемлекет пен оның ықпалындағы жарты әлемді үрейге бөктіріп басқарған Бас көсем И.В.Сталин өмірден өткен соң коммунистік жүйеде біртіндеп жылымық орнаған болатын. Тарихтың шаңына көмілуге тиісті деп танылған ұлттық құндылықтар біртіндеп орала бастаумен қатар, сталиндік дәуірде танымдық тұрғыда тым тар аяда қалып келген белгілі тұлғаларды зерттеп, насихаттаудың көкжиегі кеңейе түсті. Бұл – Абайдың тарихи, әдеби шығармашыл тұлғасына да қатысты болатын.
Көзге қамшы тигендей жасқана жасып, отызыншы, қырқыншы жылдары ұлтының сорпа бетіне шығар белді тұлғаларынан түгелге жуық айырылып қалған қалған халықтың қаламгерлері мен зерттеушілері үшін «қазақ» деген атауды биіктете отырып жазудың өзі оңайға соғып жатпаған кез. Сондықтан да болар, олардың барлығында дерлік «аға халықты» алға сала сөйлеп, мәтелдеп алатын үрдіс барлығы байқалады. Айқын Нұрқатовтың да өз зерттеу еңбегінің эпиграфы етіп орыстың белгілі сыншысы В.Г.Белинскийдің: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс әдебиеті туралы жазу деген сөз», - деген сөзін алып отыруы бекер емес.
«Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясын жазу арқылы А.Нұрқатов Абайдың ақын, ойшыл философ болып қалыптасуына ықпал еткен мектептер мен оның өз айналасындағы шәкірттері т.б. мәселелерде өзіне дейінгі сыншы, зерттеушілерде қалыптасып үлгерген әсіресақтықтан, жүрек шайлықтырған үрейден туындаған жұтаңдық деңгейінен анағұрлым ілгерілеп бара алғандығын атап өткен жөн. Абайдың Абай болып қалыптасуына халық ауыз әдебиетінің, қазақ жеріндегі алдыңғы өмір сүрген ақындардың, еуропалық және ресейлік әдебиеттің ықпалы бар екенін дәлелдейді. Сөйтіп Абайдың ақындық дәстүр-жолын ұстанып шығармашылықпен шұғылданған ақындарды атай келе олардың өмірі мен туындыларына тоқталады.
Ғалым Абайдың ақын шәкірттері турасындағы тізімді қазіргі күндегідей ұзарта алмаса да, қазақ халқының ұлттық санасы оянуына өлшеусіз үлес қосқан және Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы қатарлы Алаш арыстары белсенді қызмет атқарған «Айқап» қоғамдық-саяси, әдеби журналы турасында мынадай пікір білдіреді: «Сондай-ақ қазақ тілінде «Айқап» журналының, көптеген қазақ газеттердің шығып тұруы да сол кездегі әдеби қозғалысқа, шығармашылық процеске айрықша әсер етті. Бұл әсер жазба әдебиеттегі реалистік дәстүрлердің тереңдей түскендігінен және көркем әдебиеттің сол кездегі өмір шындығын, әлеуметтік сілкінулер мен соларға байланысты туған өзгерістерді барған сайын молырақ қамтығандығынан анық көрінеді».
Бас ақынның демократтық-ағартушылық дәстүрі өзінен кейінгі кезеңде қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты деген мәселегі баса назар аударған Айқын Нұрқатовтың ғылыми-әдістемелік тұжырымдамасы қалай болғанда да Абайдың ақындық әлемін зерттеуді жаңа сатыға көтеруі тиіс болды. Ол ең әуелі Абай шығармашылығының дәстүрлік, жаңашылдық сипаттары неде деген сұраққа жауап іздейді. Осы арқылы Абайдың Абай болуына игі әсер еткен, шығармашыл тұлғалық қалыптасуына ықпал жасаған орта туралы қалыптасқан стереотиптерді бұзады. Сонымен бірге Абайдың ақындық жолын ұстанушы ақындардың тобын молайтты. Шын мәнінде өткен ғасырдың 50 жылдары соңына дейін Абайдың ақындық дәстүрін игеріп дамытушылар қатарында өз балалары Ақылбай мен Мағауия, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Серәлин қатарлы бірнеше ақындар ғана аталатын еді. Абай шығармашылығындағы реалистік сарынды әр жанрда дамыту тұрғысындағы өз пікір, болжамдарын айтады. Сонымен бірге Абайдың үлгісінде орыс әдебиетінен аудармалар жасаған ақын-жазушыларды шолып өтеді. Абайдың өлең өріміндегі дәстүрі қазақ әдебиетіне тән көріністерге тоқталады. Айқын Нұрқатовтың мұндағы бір айтқан пікірі: Абайдың анық та айқын нұсқасы өзге қазақ ақындарына адастырмас бағыт, жаңылдырмас үлгі бола отырып, олардың әрқайсының өзіндік өрнек тауып, ақындық стиль қалыптастыруына бөгет болмағандығын атап көрсетеді: «Мысалы, сатирик Абайдың дәстүрі Сұлтанмахмұттың да, Сәбит Дөнентаевтың да поэзиясына мол дарыды. Олардың сатиралық поэзиясында орын тепкен негізгі тенденцияда, әлеуметтік бағытта көптеген ортақ, ұқсас жайттар бар. Сонымен бірге олардың стиліндегі, ақындық тәсілдеріндегі өзіндік ерекшеліктерді ешкім де жоққа шығара алмайды».
Зерттеу еңбегінің кіріспе тарауында Айқын Нұрқатов Абайды ақын ретінде қалыптастырған ортаның тарихи-әлеуметтік жағдайын ашып көрсетеді. Ақын және оның өмір сүрген дәуірі туралы зерттеуші өзі өмір сүрген кезеңнің сұраныс-талабы тұрғысында тоқталып өтеді. Өз дәуірінен оза туған феномендік тұлғасын зерттеуші Абайдың жасынан айнымас шығармашылық бағыт-бағдар ұстанғандығымен, халық ауыз әдебиеті мен өз алдындағы ақын-жыраулар шығармашылығынан, одан кейінгі дәуірде орыс-еуропалық әдебиеттің тұнық та терең арнасынан нәр алғандығымен түсіндіреді. «Тегінде, Абайдың ақындығындай ақындық қуаты Абайдан бұрынғы ақындарда да болуға мүмкін. Олардың бірталайы тіпті атсыз ақын боп та өткен болар. Сондай ақындардың ғана санасымен таптық тұрғысында, мәдениеттік дәрежесінде қалса, Абай классик Абай болмас еді. Өзінен бұрын жүз ақын болса, жүз бірінші, мың ақын өткен болса мың бірінші болар да қалар ма еді, әлде қайтер еді!», - деген тұжырымдағы таптық сипат бүгінгі күннің көзімен күн тәртібінен түскен мәселе дегенімізбен, мәдениеттік тұрғыда ілгерілеушілік – Абайды Абай еткен деген ойымен толық келісеміз.
Абайдың ақындық әлеміндегі ол нәр алған негізгі қайнар бастау – әрине қазақ халқының ежелден бері ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіліп келген фольклоры екендігі сөзсіз. Алайда коммунистік тапшыл әдебиет талаптары мұны алдыңғы орынға қоюды кешірмейтін еді. Сондықтан да зерттеуші ғалым бұл жерде де орыс ғалымдарының пікірін алға тарта отырып фольклордың басым рөлін көрсетіп береді: «Белинскийдің пікірі бойынша, кей елде әдебиет халық поэзиясының қайнар көзінен өсіп шығады. Ал көп елдерде әдебиет форма мен көркемдік әдісті басқа жұрттардың әдебиетінен алады. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, әсіресе поэзиясы ежелден бар екендігі мағлұм. Оны байыта, молықтыра түсуге тарихта аты-жөні белгілі ақын-жазушылар да аса зор үлес қосты». Бұл – әр сөйлем мен сөздің астарынан ұлтшылдықтың бояуын іздейтін қырағы қырғилардың алдын орау, сақтану әдісі екендігі айқын.
Расымен де халық ауыз әдебиеті – Абай нәр алған ең қуатты бастау көз екені анық. «Мен қалай ақынмын деп айта аламын, ... күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандайын, Абайдың да қазақтың ертеден бері келе жатқан ауызекі айтылымында, халықтық поэзиясында молынан көрініс табушы сөз маржанын асырып әсірелеместен лайықты әрлеп, өңдеп, түрлендіре отырып ұсынғандығын атап көрсетеді: «Барлай қарасақ, Абайдың халық поэзиясымен байланысы біз ойлап жүргеннен әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделі екенін байқауға болар еді. Өйткені, ондай белгілер мен мұндалап көзге шыққан сүйелдей болып тұрған жоқ, тереңде жатыр. Абайда эпигондықтың ұшқыны да жоқ. Халық поэзиясынан алған образдар мен суреттерді, бейнелі сөз айшықтарын Абай жалаң күйде ұсына салмайды, өзінің творчестволық көрігінен өткізеді, шыңдап шығарады, кемел көркемдік дәрежеге жеткізеді». Абайдың халық ауыз әдебиетінен сусындап өскенін, Дулат Бабатайұлы қатарлы өзі үлгі тұтқан алдыңғы буын таланттар болғанын баса көрсетуге болмайтын заман еді.
Айқын Нұрқатов өз еңбегінде Абайдың реалист шығармашыл тұлғасын, оның өмірлік мақсұтын өз туындыларындағы мазмұн мен идея арқылы барынша ашып көрсетуге тырысқанын көреміз: «Кемеңгер Абай өзіне дәуір артқан, тарих жүктеген міндеттің ұлан-ғайыр кеңдігін де, мән-маңызын да мейлінше терең түсінген. Ол өзінің асқақ идеяға толы, асқан көркем шығармаларын ермек іздеп, еріккендіктен жазған жоқ, зор әлеуметтік мақсұт көздеп жазды. Аса қуатты ақындық таланты, классикалық әдебиеттердің тәжірибесіне иек артуы, уақыт рухын, тарих тамырының соғысын қалтқысыз сезінуі оның сол мақсатына жетуіне мүмкіндік берді», - деп жазады Абайдың шығармашылық кредосы хақында.
Айқын Нұрқатов өз зерттеуін Абайдың ақындық әлемімен ғана шектеп қоймаған. Пайымдаулар мен тұжырымдаулар жасау барысында Абайдың қара сөздеріне де жиі-жиі соғып, поэзиясымен үндестікте алып отырғанын көреміз: «Өз шығармаларында мақал-мәтелдерді көп қолдануы, кәдеге жаратуы және сол жайында ой-пікір айтуы Абайдың ауыз әдебиетіне айрықша зер салғанын, теориялық тоқтамға келмек болғанын көрсетеді. Бұған оның «Бесінші сөз» бен «Жиырма тоғызыншы сөзді» осы мәселеге арнауы анық дәлел», - деп атап көрсетеді ғалым.
Сыншы ғалым Айқын Нұрқатов Абай поэзиясына кеңінен тоқтала отырып, өлеңдерінің идеясы мен мазмұнына, құрылысына талдау жасайды. Лирикалық поэзияның табиғатына мән бере отырып, жалпы мазмұнға ақынның қатыстылығы мәселесін көтереді. Абай поэзиясында жылымшы дифирамб, майда тілді ода атымен жоқтығын атай келе Айқын Нұрқатов Абай поэзиясындағы дидактизм мәселесіне қатысты мынадай тұжырым жасайды: «Абайдың лирикалық поэзиясында дидактизм мол. Бұл – қазақтың классикалық ақыны поэзиясының айрықша бір ерекшелігі. Кейбір зерттеушілер мұның түп төркінін Абайдың Шығыс поэзиясымен жақындығынан іздейді. Мұнда дәйекті негіз жоқ. Абай поэзиясындағы дидактикалық сарындар оның халық поэзиясымен етене байланыстылығынан және ағартушылық сарынынан келіп туады. Оның халықты ояту, елді өнер-білімге бастау, соған жар салып үндеу тақырыптарына арналған өлеңдерінің бірталайы осы ерекшелікті жақсы танытады». Абай шығармашылығындағы, әсіресе, поэмалары мен көптеген өлеңдерінде ұшырасатын дидактикалық сарынға Шығыс поэзиясының әсері болуы әбден мүмкін. Олай қарастырған абайтанушы зерттеушілер де бар. Бірақ Айқын Нұрқатовтың оларды теріске шығаруын ғалымның өзіндік ұстанымы деуге болады.
Ғалым Айқын Нұрқатовтың зерттеу барысында Абайдың ішкі парасат әлеміне барынша үңілуге тырысқанын аңғарамыз. Абайдың ақындық өресінің биікті, поэзияны өнер, яғни эстетикалық жарасым бірлігі деп түсінгендігі турасында мынадай тұжырым жасайды: «Абайдың көркемдік форма саласындағы жаңашылдық ізденістері жайында сөз болғанда әрдайым есте, ұстайтын бір ақиқат жай бар. Ол – Абайдың форма үшін форма іздемегендігі. Жалпы поэзияны еріккеннің ермегі деп білуге жан-тәнімен қарсы болған Абай көркемдік формаға байланысты ізденістерге де қажет болғандықтан, саналы түрде ден қойды. Сөйтіп, Абайдың «өңкей келісімге» толы, «теп тегіс, жұмыр», яғни мінсіз форма үшін күресі оның реалистік жаңа дебиет жасау жолындағы күресінің бөлінбес, ажырамас бір саласы болды».
Қазақ әдебиеті тарихында «Кітаби ақындар» шоғыры бар. Бұл шоғыр шығармашылығының негізі тақырыбы – діни мазмұндағы шығыстық-исламдық қисса-дастандар. Бұл бағыттың да таралуына өзіндік дәуірлік себептер болды. Қазақ поэзиясының ХХ ғасыр басындағы даму жолындағы бір бағыт болушы кітаби ақындар мен оларға Абайдың шығармашылық тұрғыдағы көзқарасы туралы Айқын Нұрқатов былайша пікір өрбітеді: «Өткен ғасырда және жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ арасында Шығыстың классикалық әдебиеттерінің үлгілерімен бірге сопылық, мистикалық сарындағы шығармалар да қоса таралды. Қазақтың бірталай ақындары сол ауысып келген тақырыптарды қайталап жырлап, өз тараптарынан да хикаялар шығарып жүрді. Қазақтың ұлы ғалымы, тұңғыш ағартушысы Шоқан сияқты, кемеңгер Абай да осындай «поэзияның» таралуына барынша қарсы болды, ондай «үлгіге» өзі де әсте қадам баспады», - деп атап көрсетеді. Ғалымның бұл пікірімен көп жағдайда келісуге болады деп білеміз. Себебі, дәл осы айтылған кезеңде қазақ арасына патша үкіметі указной моллалар арқылы дендеп енуді көздеген саясат жүргізгені белгілі. Қазақ тілінің әбден қойратпақталған кезеңі болатын. Айқын Нұрқатов Абайдың осындай келеңсіздікке қарсылық көзқарасы ретінде мына өлеңді ұсынады:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет