Екінші кезеңде Қазақстанға шығыс жақтан көшпелі тайпалардың, ғұндардың Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сармат тайпаларының жалғасы - үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен.
Б.з.б. 1 ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі тілдес тайпалар Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, Қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ғұнжардың Қазақстанға өтуінің екінші толқыны б.з. 2 ғ. 1 жартысында орын алды. Бұл кезде солтүстік ғұндардың тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, 6 ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Ғүндардың біріктіруші ролінің арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы іске асты. Мұның өзі тайпалардың жаңа этникалық қауымдастығының қалыптасуына әкелді және сол этникалық процестердің бағыт-бағдарын айқындап отырды. Этномәдениеттік жағдайда түркі тілінің одан әрі дамып жайылған аймақтарда сол сияқты моңғол түрінің белгілі әсері де көбейді.
Сөйтіп, үйсіндер мен қаңлылардың монголоидтік нәсілге өтуі басталды. Бұл процесс тарихи деректерге қарағанда б.з. 1-5 ғғ. қамтиды, мұның өзі жергілікті жұрттың кескін-кейпіне, оның тіліне әсер еткені даусыз. Б.з. 6 ғасырынан бастап үйсін, қаңлы және басқа тайпалар тарих сахнасынан көрінбейді, аттары аталмайды. Оған себеп, бұл кезде Қазақстан жерінде , оңтүстік аймақта шығыстан Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдығынан болса керек. Олар негізінен байырқу, Бұлақ, қарлұқ, кимек, қыпшақ тайпалары еді. 6 ғасырда Қазақстан жері Түркі қағанаты құрамына енді. Осы қағанаттар құрамында 30-дан астам түркі тілдес ру-тайпалар болды. Үйсіндер мен қаңлылар оларға сіңісіп кеткен. 702 жылы Батыс түркі қағанаты тарағаннан кейін оның орнына Түргеш қағанаты (704-756), Қарлұқ қағанаты (756-940), Оғыздар (9 ғ. соңы 11 ғ. басы), Кимек қағанаты) 893-11 ғ. б.), Қыпшақтар (11-1219 ж.), Қарахандар (942-1212 ж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе екі мемлекеттің тарихи ролі күшті болды. Оның біріншісі Қыпшақ хандығы. Ертіс пен Еділ арасын мекендеді.
Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен тағы бір мемлекет - ол оңтүстік, оңтүстік шығыс Қазақстанда өмір сүрген Қарахан феодалдық мемлекеті. Бұл мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күшті болды. Шығыстан монғол тектес көшпелі халықтар жасаған шапқыншылық оңтүстік және оңтүстік -шығыс Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына соншалықты өзгеріс жасаған жоқ.
Алтай жақтан ығыса келіп, өздерінің мемлекеттік бірлестігін құрған наймандар мен керейттер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі әсерін тигізді.
Бірақ осы бір сапырылыс кезінде шығыстан қидандардың (қарақытайлықтардың) шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы нашарлайды. 13 ғ. басында Қарахан мемлекеті қайта көтеріліп келе жатқанда мронғол шапқыншылығы басталды. Сондай-ақ орталық, солтүстік, шығыс, батыс Қазақстан жеріндегі Қыпшақ мемлекеті де сондай жағдайға душар болды. Монғолдар екі мемлекеті де қиратты. Сөйтіп, халық болып қалыптасуы процесі 15 ғасырға дейін кешікті.