1. Қазақстанның қазіргі заман тарихы курсын оқудың маңызын түсіндіріңіз. Қазақстан Республикасы егемендік пен тәуелсіздікке ие болғаннан бері «Қазақстан тарихы»


Қазақ зиялы қауым өкілдерінің І және ІІ-Мемлекеттік Дума жұмысына қатысуы және олардың қызметі туралы баяндаңыз



бет6/58
Дата08.02.2022
өлшемі277,54 Kb.
#118994
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58
Байланысты:
Гос экзамен жауаптары

7. Қазақ зиялы қауым өкілдерінің І және ІІ-Мемлекеттік Дума жұмысына қатысуы және олардың қызметі туралы баяндаңыз.
1905—1907 жылдары Ресейде бірінші орыс революциясы болып өтті. Қазақстанда халықтың өкімет билігіне қарсы қарулы қақтығысы бола қойған жоқ. Бірақ қазақтардың, жұмысшылар мен шаруалардың жекелеген баскөтерулері орын алды. Ол жылдардағы маңызды оқиғалардың бірі қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуы болды.
Бірінші орыс революциясы және патша үкіметі отаршылдық саясатының күшейе түсуі
1905 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде бірінші орыс революциясы болып өтті. Оның жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Автор қуғын-сүргін көрді. Ташкент, Қоқан жағында және Ішкі Орда аумағында бой тасалауға мәжбүр болды.
Верный, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл мен Семейде жұмысшылардың наразылық жиналыстары мен митингілері болып өтті. Ақмола облысы мен Далалық өлке орталығы Омбы қаласында да халық наразылық шеруіне шықты.
Қазақстанда жұмысшылардың өре көтерілуі мен ереуілдері темір жол бекеттерінде ерекше орын алды. Алайда олардың патша үкіметіне қарсы қарулы қақтығыстары бола қойған жоқ. Өйткені жұмысшы табының қатары әлі аз еді. Саяси жағынан пісіп жетілмеген, көтеріліске әзірленбеген болатын. Жұмысшы табы енді ғана қалыптасып келе жатқан-ды. Оның үстіне, шет аймақтың ұлттық ерекшелігі де тежеуші әсерін тигізбей тұра алмады. Патшалық самодержавие мұнда еуропалық ұлт өкілдерінің ат төбеліндей аз жұмысшылары мен жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ жұмысшылары арасына от тастап, оларды бір-біріне қарсы қоюға тырысып бақты.
Бұл кезенде патша үкіметінің отаршылдық саясаты күшейіп, барған сайын асқына түсті. Мұны мынадан айқын көруге болатын еді. Біріншіден, қазақтардың жерлерін қоныс аударушы орыс шаруаларының және қазақтардың қорын жаппай тартып алу одан әрі жүріп жатты. Патшаның 1904 жылғы жарлығы бойынша бұрынғы Сібір шекара шебіндегі ені он шақырымдық бейтарап алқап казак әскерлерінің «мәңгілік» пайдалануына берілді. Патша үкіметінің осы және басқа да озбырлық әрекеттері салдарынан дала тұрғындары жаппай жерсіз қала бастады. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде бір ғана Семей облысының өзінде 147 мыңға жуық қазақ жерсіз қалды. Сондықтан да жерсіз қазақтар жерді Сібір қазақтарынан, император әулетінің Алтай таулы округіндегі меншікті аумағынан, Томск, Тобыл губернияларындағы орыс шаруаларынан, сондай-ақ Қытай империясының әкімшіліктерінен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Екіншіден, өлке аумағынан мал өнімдері шикізаты, минералдық ресурстарды көптеп тасып әкету күшейді. Кеніштерді, шахталарды, зауыттар мен фабрикаларды болмашы арзан бағаға сатып алған шетелдік кәсіпкерлер елдің табиғи қазба байлығын тасып әкетуде алдарына жан салмады. Үшіншіден, жұмысшыларды, соның ішінде әсіресе қазақтарды қанау әлдеқайда қатыгездік сипат алды. Қазақтардың жалақысы көрер көзге төмендетілді, олар мамандық деңгейі төмен, ең ауыр қара жұмыстарда істеді. Орыс жұмысшыларымен салыстырғанда тұрғын үй жағдайлары да адам төзгісіз еді. Төртіншіден, патша үкіметі қазақ өлкесінде православие дінін уағыздаушы миссионерлерді қаптатып жіберді.
Жергілікті халықтың тарапынан әлдебір келеңсіз әрекеттердің жасалып кету мүмкіндігінің алдын алу үшін 1906 жылғы 6 қаңтардан бастап патшаның арнайы жарлығы бойынша Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағында әскери төтенше жағдай жарияланды. Патша үкіметі бұл аймаққа қосымша әскери күш жеткізді. Жұмысшы қозғалысының жетекшілерін қамауға алу, жер аудару, кәсіпорындағы жұмысынан босату шаралары басталды.
Қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы
Қазақтардың саяси сана-сезімінің елеулі түрде өскенін қазақ зиялы қауым көшбасшыларының Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуынан көруге болады.
1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.
Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты.
1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан — Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан — Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан - Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан — Әлихан Бөкейхановтар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды.[1]
Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан — Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нүрекенов, Сырдария облысынан - Тілеулі Алдабергенұлы, Жетісу облысынан — Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан — Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан — Бақтыгерей Құлманов. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді.
II Мемлекеттік Думада қазақ депутаттары кадеттермен жақындасып, мұсылмандар фракциясының тобына кірді. Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы басқа да халықтардың өкілдерімен бірге, ішкі Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару үрдісін тоқтатуды талап етті. Б. Қаратаев II Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару саясатының қазақтар үшін өте жағымсыз, ауыртпалықты болып отырғаны туралы арнайы баяндама жасады. Ол өзінің жалынды сөзінде былай деп атап көрсетті: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер: бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі ата қоныс жерлерінен ғана емес, жеке меншік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр».
Қазақ депутаттар өз халқының заңды құқығын қорғап жоғары билік орындарына бірқатар үндеулер де жазды. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаттары Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т. Нүрекенов, Ш. Қосшығұлұлы 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады».
Дума депутаттарының арасында көрнекті қоғам қайраткері Сәлімгерей Жантөренің есімі ерекше аталады. Ол Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітірген болатын. Алғашқыда судья болып қызмет етті, кейін бірнеше жыл бойы уездік және губерниялық земствоны басқарды. 1903 жылы Уфа губерниясынан Думаға мүше болып сайланды. Сәлімгерей Жантөре өзіндік ұлттық ерекшеліктері ескерілетін халық мектептерін ашу мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол Мемлекеттік Думада кеңінен танылды. Башқұрт халқының атынан депутат болып сайланса да өзінің туған халқы қазақтардың проблемаларын да ешқашан есінен шығарған емес.
Шәймерден Қосшығұлұлы (1874—1937) І және II Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан екі рет сайланды. Ол өз жерлестерінің арасында өте беделді әрі құрметті азамат еді. Қазақ халқының шын мәніндегі біртуар ұлы болатын. Ш. Қосшығұлұлы өлкедегі мұсылман дінінің мүддесін қорғады. Сол үшін полиция тарапынан талай рет қуғын-сүргінге ұшырады.
II Мемлекеттік Думаның таратылуы және оның қазақтар үшін салдары
Бірінші орыс революциясы қатаңдықпен басып тасталғаннан кейін патша үкіметі елде қуғын-сүргін шараларын жүзеге асыруға кірісті. 1907 жылы реакцияшыл сайлау заңы шықты. Ендігі жерде бұратана ұлттар, соның ішінде қазақтар да сайлау құқығынан айырылды. Патша үкіметі Қазақстанның байырғы халқы сайлауға қатысуға әлі дайын емес деп санады. Сондықтан да 1907—1917 жылдарда қазақтар Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланған жоқ. Патша үкіметінің бұл шарасы қазақ халқының ашу-ызасын туғызды. 1907 жылғы маусымда Ақтөбе, Петропавл, Костанай сияқты тағы да басқа қалаларда наразылық митингілері болып өтті. 1908 жылы Ә. Бөкейханов Выборг үндеуіне қол қойды. Ол үндеу II Мемлекеттік Думаның таратылуына қарсылық ретінде қабылданған болатын.
Келесі шақырылған Мемлекеттік Думаларда қазақ халқының мүдделерін Т. Седелъников, В. Недоносков, Н. Бородин, И.И. Космодемияновский, А. Виноградов, Н. Скалозубов сияқты орыс депутаттары белсене қорғады. Орынбор губерниясынан сайланған депутат Т.И. Седельников Мемлекеттік Дума мәжілісінде былай деп ашық айтты: «Жүздеген мың қырғыздар... мүлде жерсіз қалып отыр, ұлтарақтай ғана болмашы жері бар қырғыздардың саны кем дегенде миллионға жетеді». Қазақтардың жерге қатысты құқығын башқұрт Ш. Сыртланов, татар депутаты С. Максудов қорғады.
Закавказьелік депутат X. Мамедов III Мемлекеттік Думаның мінберінен бүкіл мұсылман фракциясының атынан сөйлеген сөзінде Ресейдің ішкі аймағынан шаруаларды Қазақстанға қоныс аударуды онда қазақтардың жерге қатысты занды құқықтары шешілгенге дейін тоқтата тұруға шақырды. Қазақтың белгілі саяси қайраткерлердің бірі Мұстафа Шоқай Думаға депутат болмаса да, III және IV Мемлекеттік Думалардағы мұсылман фракциясының құрамына кіріп, ондағы мұсылман депутаттардың назарын қазақтардың бастан кешіріп отырған ауыр халіне аударды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет