15. Алғашқы ұлттық автономиялардың құрылуы мен қызметі, тарихи маңызы мен рөлі туралы баяндаңыз. Алаш автономиясы — 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-терр. мемлекеттігі. Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын ... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап ... съезд бір ауыздан қаулы қылады:
Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
... Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады ...
Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады (“Сарыарқа” газеті. Семей. 1918, 25 қараша). Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Ақпан төңкерісі мен одан кейін орын алған қазан төңкерісі Ресейді әбігерге салды. Билік жиі ауысқан соң заңсыздықтар белең алып, ел ішінде ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық күшейді. Халық қай биліктің етегін ұстарын, кімнің заңын сақтарын білмей сарсаңға түсті. Ұзақ жылдар бойына ақ патшаның бодандығында болып, мойынына темір бұғау түскен қазақ халқы үшін азаттық алатын орайлы сәт енді туғандай болып еді.
Қазақ елінің алдағы таңда қай бағытты таңдайтынын айқындау мақсатында 1917 жылдың желтоқса айының 5 мен 13 аралығында Орынбор қаласында ІІ жалпы қазақ съезі шақырылды. Ұлт зиялылары автономия құру бастамасын бір ауыздан қолдап, оның қажеттілігіне ерекше тоқталып өтті. Тек автономия ресми жариялау мәселесіне келгенде алауыздық танытып, бір мәмілеге келе алмай, ұзақ пікірталасқа жол берді.
Ә.Бөкейхан бастаған топ ең алдымен қазақ даласын мекендеп отырған өзге ұлт өкілдерінің автономияға қатысты пікірін білу керектігін және Түркістан қазақтарының автономия құрамына қосылу мәселесін шешіп алуды ұсынды. Ал Ж.Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері ешкімнің пікіріне қарамастан, дереу автономия жариялау керектігін алға тартты. Ұзақ талас-тартыстан кейін екі тараптың өкілдері ортақ мәмлеге келіп, желтоқсан айының 12 жұлдызында Алашорда автономиясын жариялады. Бұл туралы Әлімхан Ермеков былай деп тебірене жазды: «… желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды («Сары арқа», 1918 ж 22 қаңтар).
Съезд мүшелері ортақ мәмлеге келген соң Уақытша Ұлттық Кеңес құру және оны «Алашорда» деп атау туралы қаулы шығарды. Алашорданың орталығы Семей қаласы болады деп бекітілді және төрағалығына Әлихан Бөкейхан сайланды.
Ел ішін бұзақылар мен ұры-қарыдан қорғау мақсатында ұлттық милициялар құрамын жасақтау туралы келісім жасалып, олардың әр облыстағы саны бекітілді. Милицияға қажетті дүниелер ұлттық қордан сатып алынатын болды. Сондай-ақ Оңтүстік өңірдегі халықты автономия құрамына тарту мақсатында Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыру қажет екендігі айтылды. Бұл жиынға автономия атынан өкіл ретінде Бақтыкерей Құлманов, Міржақып Дулатов және Тұрағұл Құнанбаевті жіберу туралы ұйғарым жасалды.
Алаш автономиясы жарияланған тұста қазақ даласы әлі де болса терең ұйқыда жатқан болатын. Ұзақ жылдар бойына отарлық езгіде болған халық әлемдік өзгерістерден кенже қалып қойды. Соғыс өнерін толық меңгермен, от қарумен қаруланбаған қазақ халқы жеке дара мемлекет болып тұра алмады. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметі ақтар қосынын тастап, ұлттық дербестік беруге уәде берген большевиктер жағына шықты. Ал олар әуелдегі сөзінен танып, Алашорда партиясы мен Алаш үкіметінен тарих сахнасынан күшпен шығарып, мүшелерін өлімге қиды.
Десек те, бұл оқиғаның тарихи маңызы зор болатын. Қазақ даласында пайда болған ұлттық мемлекеттік құрылымды жойса да, кеңес билігі Қазақстанның автономиялық үкімет мәртебесін сақтап, одақ құрамына дербес республика есебінде қабылдады. Бұл 1991 жылы Тәуелсіз ел болып бөлініп шығудың басты алғышарты болған еді.