60. Ұлттық тарих рухында қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың мәнін түсіндіріңіз.
Патриотизм - [грек, patris - отан, атамекен] - өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын , Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі.
Патриотизм мәселелері жаңа мемлекеттердің құрылуы, ұлттың қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстар мен соғыстар кезінде ерекше өзектілікке, саяси мәнге ие болады. Бүгінгі күні Патриотизм мәселесі жаһандану, интернационализация, мемлекетаралық, аймақтық және жер шарылық ықпалдастық жағдайында өрши түсуде. Шынайы патриотизмді интернационализм мен космополитизмге қарсы қоюға болмайды. Өз халқын басқа ұлттар мен этностарға қарсы қоюға бағытталған патриотизм шынайы емес, ол ұлтшылдыққа және шовинизмге ұласып кетуі оңай. Ал, ұлттық және ұлттық-мемлекеттік нигилизмге негізделген интернационализм мен космополитизм жалпыадамзаттық мүдделер мен құндылықтарға қайшы келеді. Н.Г.Чернышевский айтқандай: "Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа да опа бермейді".[1]Патриотизм – отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Оны зорлықпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн», – деуі патриотизмге баулудың жарқын үлгісі іспетті. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан бастау алатындай.
«Қазақстан Республикасының жастарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында» тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері бар азаматты тәрбиелеу деп белгіленген. Қазақ халқы, яғни біздің ата-бабаларымыз, тәрбиенің негізгі мақсаты сегіз қырлы, бір сырлы, жетілген адамды тәрбиелеу деп санаған.Тәрбенің негізгі міндеттерінің (бағыттарының) ішінде патриоттық (елжандылық, ұлтжандылық) тәрбие ерекше орын алады. Патриотизм ұғымына енетіндер: - Адамның туған жерін сүйіп, өз халқының тілін құрметтеуі, Отанының мүддесін қорғау, - Өткен тарихын, халқының әдет-ғұрыптарын және салт-дәстүрлерін сыйлауы. М.Шахановтың сөзімен айтсақ: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала, Әр адамның өз анасынан басқа, Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада, Болуы керек құдіретті төрт ана: Туған жері-түп қазығы айбыны, Туған тілі-сатылмайтын байлығы, Туған дәстүр, салт-санасы тірегі Қадамына, шуақ шашар үнемі. Жаңа заманға жігер керек, талаптылық керек, басқа халықтан үйрену керек, ал ең керегі – ұлттық сана қалыптастырып, ұлттық намысы, ұлттық рухы жоғары, ұлтының тарихи-мәдени құндылықтарын бағалайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу керек. Біз ата дәстүріне сүйене отырып, халқымыздың өркениетті елдер қатарына жетукін армандаймыз. Ұлттық сезім мен ұлттық намысты, ұлттық рухты көтеру – бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеті деп білеміз. Қазіргі кезеңде “қазақстандық отансүйгіштік” ұғымына зор мән берілуде. Көп ұлтты Қазақстан халықының отансүгіштік сезімін қалыпастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау ұлттық келісім, ішкі үндесім барша халқымыздың ынтымағы мен өзара жарасымдылығында. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайды. Олар сөзсіз адам көкірегінде жылылық, жақындық, туыстық сезімдерді ұялатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, отансүйгіштік қасиетті ұғым. Қазақстандық отансүйгіштікке келсек, ол тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бұл сезімнің мағынасы терең, аумағы кең, құдіреті күшті. Ол өз мазмұны, өз аясы бар, құдіретті күшке кездейсоқтықтан айналмайды, бұл сезімнің оянып, бірте-бірте күш алып, саналы өзіндік мәні, өлшемі, мағынасы бар біртұтас сезімге ұласуы обьективтік шарттылықтарды қажет етеді. Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір – қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, қиындық мехнаттарын, рухын, тар жол, тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде, елдің басын біріктірген жат жұрттықтардан жерін, суын, даласын, тауын қанын төгіп қайсарлықпен қорғап алған ерліктерін сезіп білгенде ғана, соған деген мақтаныш сезімі оянады. Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды. Соңғы уақыттарда басылым беттерінде «патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбие» ұғымдары қатар қолданылып келеді. Біздің көзқарасымызша, «азаматтық тәрбие» мен «патриоттық тәрбие» ұғымдары бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады. «Патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбиенің» бір бөлігі болып табылып, оны нақтылай және тереңдете түседі, жеке тұлғаның Отанды сүю, өз халқының өткеніне сыйластықпен қарау сияқты, азаматтың адамгершілік негізін құрайтын қоғамдық мәнді қасиеттерінің қалыптасуына себептігін тигізеді. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Бұл бірінші кезекте жеке тұлғаның әлеуметтенуіне көмектеседі және әлеуметтік тұрғыдағы қабілеттіктерінің дамуына да тигізер ықпалы мол. Патриотизмның адамгершілік жақтарын борыш, саналылық, жауапкершілік сезімдері құрайды. Бұл-азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызды компоненттері. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы жағдайында жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті үлкен мәнге ие, ол азаматтық және патриоттық тәрбиенің өзара байланысының нәтижесі болуы тіс. «Азаматтық тәрбие» де, «патриоттық тәрбие» де жеке тұлғаның қызығушы-лықтарын жүзеге асыру және олардың талап-сұраныстары мен мүмкіндіктері негізінде құрылуы қажет. Біз «азаматтық» және «патриоттық тәрбие» ұғымдары біріктірілуі тиіс деп санаймыз. Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келетін болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады. Жүйелі патриоттық сана тұрғысынан алғанда, патриоттық тәрбие тәрбиенің идеялық-саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық және т.б. элементтерінсіз өмір сүре алмайды, патриоттық сана Отанды өркендету мен қорғауға ішкі даярлық пен қабілетті қалыптастыруға білгілі бір әлеуметтік- саяси бағыт береді. Сөйтіп, патриоттық тәрбие басқа тәрбиенің барлық негізгі бағыттарымен бірге жүзеге асырылады. Патриоттық тәрбиенің соңғы нәтижесі ретінде патриоттық сана өз Отанын өркендету жолындағы күресте, оны нығайту және қорғау жолындағы қызметті көрініп, өлшенеді, сөйтіп, сол арқылы тиісті ерлік, жауынгерлік және ұлттық дәстүрлер түзе отырып, олар кейіннен тәрбиелеуші факторға айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |