39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы 1. Еңбек шарты:
1) алдау, күш көрсету, қауіп төндіру арқылы ықпал етіп;
2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетінсіз (жалған еңбек шарты);
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен;
4) осы Кодекстің 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;
5) ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, асырап алушысының келісімінсіз, он алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.
2. Еңбек шартының жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылуы бұрынғы қызметкердің еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.
3. Еңбек шартының жұмыс берушінің немесе қызметкердің кінәсінен жарамсыз деп танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп соғады.
4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.