9-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы 1. Осы Кодекс:
1) еңбек;
2) еңбек қатынастарына тікелей байланысты;
3) әлеуметтік әріптестік;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді.
2. Осы Кодекс, егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе:
1) қызметкерлерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдардың қызметкерлеріне;
2) жұмыс берушілерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарға қолданылады.
3. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және ҚазақстанРеспубликасыныңөзге дезаңдарында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңдары осы Кодексте белгіленген құқықтар, бостандықтар мен кепілдіктер деңгейін төмендетпеуге тиіс.