176-бап. Келісу комиссиясының шешімдерін орындау Келісу комиссиясының шешімі онда белгіленген мерзімде орындалуға тиіс.
Комиссияның шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда қызметкер немесе жұмыс беруші еңбек дауын шешуді сот тәртібімен жүзеге асыруға құқылы.
177-бап. Жеке еңбек дауын қарау жөніндегі органның қызметкерді жұмысына қайта алдыртуы 1. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бұған заңды негізсіз, не басқа жұмысқа заңсыз ауыстыру, басқа жұмыс орнына заңсыз көшіру, еңбек жағдайларын заңсыз өзгерту, жұмыстан заңсыз шеттету себебінен тоқтатылған жағдайда, жеке еңбек дауын қарау жөніндегі орган қызметтерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешім шығарады.
2. Бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыз бос жүрген (жұмыстан шеттетілген) барлық уақыты үшін орташа жалақысы немесе төмен ақы төленетін жұмысты орындағаны үшін, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа жалақыдағы айырма төленеді.
3. Жеке еңбек дауын қарайтын орган қызметкердің өтініші бойынша қызметкерге осы баптың 2-тармағында көрсетілген мөлшерде жалақы төлеу туралы шешім шығарумен шектелуі мүмкін.
4. Жеке еңбек дауын қарау жөніндегі органның қызметкерді бұрынғы жұмысында қайта алу туралы шешімі дереу орындалуға тиіс. Жұмыс беруші жұмысқа қайта алу туралы шешімнің орындалуын кідірткен кезде, жеке еңбек дауын қарау жөніндегі орган қызметкерге шешімнің орындалуы кідіртілген уақыт үшін орташа жалақысын немесе жалақысының айырмасын төлеу туралы шешім шығарады.
3-БӨЛІМ. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІН
РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
16-тарау. ОН СЕГІЗ ЖАСҚА ТОЛМАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН
РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ