213-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде жұмыс уақытын және тынығу уақытын есепке алу 1. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде айлық, тоқсандық немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді.
2. Есептік кезең жұмыс уақытын, демалыс уақытын, жұмыс беруші
орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын вахтааралық тынығу кезеңінде бөліп беруге жол берілмейді.
4. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір қызметкердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін ай бойынша және барлық есептік кезең бойынша жүргізуге міндетті.
22-тарау. ҮЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ