292-бап. Татуластыру комиссиясы 1. Татуластыру комиссиясын тараптар жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi (олардың өкiлдерi) өз шешiмiн қызметкерлердің (олардың өкiлдерiнің) назарына жеткізген не хабарламаған не ұжымдық келiссөздер барысындағы келiспеушiлiктер хаттамасы жасалған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде құрады.
2. Татуластыру комиссиясы ұжымдық еңбек дауы тараптары өкiлдерiнен тепе-тең негiзде қалыптастырылады. Татуластыру комиссиясын құру туралы шешiм жұмыс берушiнiң актiсiмен және қызметкерлер өкiлдерiнiң шешiмiмен ресiмделедi.
Жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi татуластыру комиссиясының жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасайды.
3. Татуластыру комиссиясы қызметкерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) талаптарын құрылған күнінен бастап күнтізбелік жеті күннен кешiктiрілмейтін мерзімде қарайды. Татуластыру комиссиясының талаптарды қарау тәртiбi, қараудың көрсетiлген мерзiмiн ұзарту тараптардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады және хаттамамен ресiмделедi.
4. Татуластыру рәсiмі процесінде татуластыру комиссиясы қызметкерлермен (олардың өкiлдерiмен), жұмыс берушiмен, жұмыс берушiлердің бiрлестiгiмен (олардың өкiлдерiмен), мемлекеттiк органдармен және өзге де мүдделi тұлғалармен консультациялар жүргiзедi.
5. Комиссияның шешiмi тараптар келiсiмiнiң негiзiнде қабылданады, тараптардың өкiлдерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi, тараптар үшiн мiндеттi күшi болады және татуластыру комиссиясының шешімінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындалады.
6. Татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде оның жұмысы тоқтатылады, ал дауларды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.
Ескерту. 292-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.06.2014 N 212-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).