2. Қазақ саяси элитасы. Бүкілресейлік мұсылман съездері.
Бүкілресейлік Мұсылмандардың Бірінші Съезі, 1905 жылы 15 тамызда Төменгі Новгород қаласында өтті. Съезд 20 ғасырдың басында жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыстың өріс алған кезінде, 1905 жылы 8 ақпанда Санкт-Петербург қаласында өткен мұсылмандар мәжілісінің шешімімен шақырылды. Оған Түркістан өлкесінен, Сібірөңірінен, Қазақстаннан,Кавказдан, Қырымнан 150-ге жуық делегат қатысты. Съезде Ресей мұсылмандары өмірінің өзекті мәселелері талқыланды. Жергілікті өкімет орындарының рұқсат етпеуіне байланысты, Ресей мұсылмандарының тұңғыш съезі жасырын түрде, Ока өз-мен жолаушылар тасымалдайтын “Густав Струве” кемесінде өткізілді. И. Гаспринскийдің төрағалығымен өткізілген бұл съезде делегаттар патша өкіметінің отаршылдық саясатын, мұсылман халықтарының құқылары жылдан-жылға шектеліп келе жатқандығын сынға алды. Олар бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болуын талап еткен шешім қабылдады. Делегаттар Ресей мұсылмандарын өзара байланыстырып, іс-әрекеттерін бір ізге түсіріп отыратын саяси ұйымның құрылуын қажет деп тапты. Бұл ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу мұсылмандық қозғалыстың жетекшілері А.Топчибашев пен А. Ибрагимовке жүктелді. Съезде 5 тармақтан тұратын қарар шығарылды. Онда мұсылмандар отаршыл жүйемен күресте орыс және басқа да халықтардың демократиялық күштерімен бірлесіп әрекет етуінің қажеттігі аталып көрсетілді. Делегаттар бұл съезді Ресей мұсылмандарының өміріндегі тарихи оқиға деп бағалап, жыл сайын тамыздың 15-і күні мұсылман елді мекендерінде аталып өтілетін болсын деген қаулы қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |