13. Өткізу мерзіміне қарай әлеуметтік зерттеулер
А) Ұзақ, орта және қысқа мерзімді және экспресс-зерттеу
В)Экспресс-зерттеу және фундаменталды
С) Ұзақ, орта және қысқа мерзімді
D) Ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді
Е) Панельді
14. Эксперттік сұрауда эксперттерді таңдауға қойылатын ең негізгі талап:
A) білітілік дәрежесі
B) тәжірбиесінің көптігі
C) білім дәрежесі
D) болжам жасай білу қабілеті
E) жасы
15. Фокус-топтар әдісін ең алғаш рет қолданған ғалым
А) Р.Мертон
В) П.Лазерсфельд
С) О.Конт
D) Э.Дюркгейм
Е) Д.Морено
6 – дәріс. Қоғам және әлеуметтік өзара әрекеттесу
Әдебиеттер:
Кравченко А.И. Социология. Хрестоматия. М., 2002
Смелзер Н. Социология .-М., 1994
Әбсаттаров Р.Б., Дакенов Н. Әлеуметтану. Алматы: Ғылым, 2004.
Жоспар:
1.Қоғам ұғымы.
2.Қоғамның түрлері .
3.Қоғамның даму теориялары.
4.Агралық қоғамдардың әлеуметтік сипаттамасы.
5.Дәстүрлі қоғамдардың әлеуметтік өзара әрекеттесуі.
1. «Қоғам» деген ұғым әлеуметтану ғылымының басты категориясы болып табылады. «Мемлекет», «қоғам», «ел» деген ұғымдарды синоним ретінде түсіну әлі де кездеседі. Әрине, бұл атаулардың жақындық болғанымен, оларда айырмашылық бар. Егер біз оларға жеке тоқталсақ, қоғам – бір-бірімен өзара байланыста, қарым-қатынас болатын адамдардың үлкен қоғамдасуы; мемлекет – со қоғамдағы басқаратын билік органы; ел - әлгі аталған қоғам қалыптасып, мекендейтін белгілі бір территория.
Ғылыми әдебиеттерде «қоғамның» мәнін түсіндіруге бағытталған анықтамалардың саны 150-ден астам. Әрине, олардың бәрі бірдей «қоғам» деген ұғымның мәні мен мазмұнын толық аша алмағанмен, бұл анықтамаларда ортақ сипатты белгілер бар.
Мәселен, әлеуметтанудың негізін қалаушы француз ғалымы Огюст Конт қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдай келе қоғамның негізін отбасы, таптар және мемлекет құрайды деген анықтама береді.
Француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм қоғамды коллективтік санаға негізделген, жеке индивидке қарағанда жоғары, бастанқылық сипаты бар рухани нақтылық деп түсіндіреді. Яғни, қоғамның тұтастығының негізі – коллективтік, жалпыға тән сана деген тұжырымды айтады.
Көрнекті неміс ғалымы М. Вебер: «Қоғам – адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы» дейді.
Американдық әлеуметтанушы Парсонстың пікірінше, қоғам-адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал, ол қарым-қатынастардың негізі – ережелер (нормалар) менқұндылықтар болып табылады деген.
Ал, К. Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.
Бұл анықтамалардың бәріне тән ортақ сипатты белгі – қоғамды өзара тығыз байланыста болатын элементтердің тұтас жүйесі ретінде қарастыру тән. Бұл – қоғам өміріне жүйелік тұрғыдан қарау деп аталады.
Қоғамға жүйелік тұрғыдан қараудың негізгі принциптеріне көшпес бұрын, алдымен жүйе (система) дегенге анықтама бере керек. Жүйе - өзара байланыста болып, белгілі бір тәртіпке келтірілген элементтерден тұратын, өздігінен дамитын және өзін өзі реттеп отыратын күрделі тұтастық. Кез келген тұтас жүйенің ішкі табиғатын, мазмұнын оны құрайтын элементтердің құрамы анықтайды. Қоғам - әлеуметтік жүйе. Ал, әлеуметтік жүйе деп, негізгі элементтері адамдар арасындағы өзара байланыстар мен қарым-қатынастардан тұратын, өзара ықпалдасудан тұратын күрделі тұтастықты айтамыз.
2. Адамзат қоғамының пайда болуы дамуы ұзақ та күрделі процесс. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы қоғамдар бұдан 50-40 мың жылдар бұрын пайда болған. Алғашқы қоғамдар адамдардың қандық-туыстық белгілері бойынша бірігулерінің нәтижесінде пайда болған еді. Бұл – құрылым жағынан бір тектес, яғни адамдар арасында әлі жікке, тапқа бөліну бола қоймаған қоғам. Қоғам мүшелері негізінен табиғаттың дайын өнімдерімен күн көретін. Олар аң аулаумен, өсімдіктердің жемістерін терумен айналысатын.
Қоғамның бұл аталған даму сатысын «алғашқы қауымдық қарапайым қоғам» деп атайды. Келе-келе адамдардың шеберліктері артып, еңбек құралдары жетіле түсті. Адамдар енді тек дайын өніммен күнелтпей, өздері өнім өндіре бастады. Мал шаруашылығы мен егіншілікке көшу – қоғамдық еңбек бөлісінің пайда болуына ықпал етті. Адамдар енді көшпенділіктен отырықшылыққа көше бастады. Осылардың нәтижесінде қоғамда басы артық өнім пайда болып, қоғам мүшелерінің арасында мүлік теңсіздігінің орнауына әкелді. Ал, мұның өзі қоғамда бір-біріне қарама-қарсы таптардың шығуына басты себеп болды. Осылайша қоғамның даму барысы мен құрылымындағы өзгерістерге байланысты қоғамдағы басқарудың қажеттілігі, яғни мемлекетке деген қажеттілік келіп шықты.
Қоғам дамуының бұл сатысын «таптық, күрделі қоғам» деп жіктеуге болады.
Ғылыми әдебиет беттерінде қоғамды жіктеудің басқа да өлшемдері кездеседі. Мәселен, жазба өнерінің пайда болуымен байланысты: а) жазбаға дейінгі және б) жазбасы бар қоғам деп жіктеу кездеседі.
Сонымен қатар кейбір авторлар қоғамдағы демократиялық қатынастардың даму дәрежесіне қарай ашық және жабық қоғам; діни ұстанымдардың түрлеріне байланысты исламдық, православиелік, католиктік, т.б. қоғамдар деп те жіктейді.
Маркстік теория бойынша қоғамның даму сатыларын анықтауда негізгі өлшемге өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің түрі мен қоғамның таптық құрылымы алынады. Осы тұрғыдан талдай келе марксизм қоғам дауын 5 тарихи сатыға жіктейді. Олардың басқаша 5 қоғамдық – экономикалық формациялар деп атайды. Олар мыналар:
а) алғашқы қауымдық қоғам;
ә) құл иеленушілік қоғамдық-экономикалық формация;
б) феодалдық қоғамдық-экономикалық формация;
в) капиталистік қоғамдық-экономикалық формация;
г) коммунистік қоғамдық-экономикалық формация.
Бұлардың үшеуі, яғни құлдық, феодалдық және капиталистік қоғамдық-экономикалық формациялар – таптық-антагонистік, қанауға негізделген, еңбек адамына жат қоғамдар ретінде сипатталады. Марксизм коммунистік қоғамға ерекше маңыз берді. Бұл - әділетті, еркіндік пен теңдікке негізделген, материалдық игіліктердің молшылығы қамтамасыз етілетін, тапсыз қоғам дейді.
Алайда ХХ ғасырдың барысындағы әлемдік дамудың тәжірибесі коммунистік қоғам туралы маркстік ілімнің жарамсыздығын көрсетті. Біз түрлі қоғамдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан әркелкі заңдылықты байқаймыз.
Бұл ретте ХХғ. 50-60-жылдарында американдық әлеуметтанушылар Даниел Белл, Уолт Ростоу және француз әлеуметтанушысы Раймон Арон ұсынған қоғам дамуының «үш сатысы туралы теорияның» мәні зор. Бұл ғалымдар өздерінің тұжырымдамаларын дүниежүзілік тарихқа салыстырмалы талдау жасау негізінде қорытындылады.
Аталған авторлар адамзат қоғамының дамуын әлемдік шеңбреде үш кезеңге бөледі. Яғни, қоғамдар даму дәрежесіне қарай үш түрлі типке жіктеледі:
индустриалдық сатыға дейінгі қоғам, оларды аграрлық немесе дәстүрлі қоғам деп атайды;
индустриалдық қоғам;
постиндустриалдық қоғам.
Бұл аталған қоғам сатыларының алғашқысы ең ұзаққа созылған саты болды. Бұл – негізінен қол еңбегі мен қарапайым техникаға сүйенген мардымсыз ауыл шаруашылығы басым қоғам. Қоғам өмірінде дәстүр мен діннің ықпалы күшті болған. Мемлекеттік билік – атадан балаға мұра ретінде беріліп отыратын монархиялық билік түрінде жүзеге асырылып отырды.
Дін иелері мен феодалдар қоғамдағы мәртебесі жоғары әлеуметтік топтарды құрайды.
Индустриалдық саты, шамамен, бұдан 250 жылдар бұрын қалыптасқан. Батыс елдердегі өнеркәсіп төңкерісінің нәтижесінде феодалдық «томаға тұйық» шаруашылық пен кішігірім шеберханалардың орнына заводтар мен фабрикалар, қол еңбегінің орнына машинаналар келді. Мемлекеттік және халықаралық шеңберде нарық қатынастары қалыптаса бастады. Қоғам мүшелерінің білім деңгейлері мен кәсіби шеберліктері де арта түсті, мұның өзі оқу орындарының ашылуына әкелді. Сонымен қатар қоғамда әлеуметтік институттар пайда болып, олар өздерінің функцияларын атқара бастады.
Халық санының артуы мен өнеркәсіп өндірісінің дамуы халықтың басым көпшілігінің қалаларға шоғрлануына әкелді. Ол урбанизациялану процесінің дамуына жол ашты.
Қоғамның дамуы ғылыми-техникалық прогресс пен еркін кәсіпкерлікке, бәсекелестікке сүйенеді. Соның нәтижесінде «бизнесмендер» деп аталатын қоғамдағы жаңа және жетекші әлеуметтік топ пайда болады.
Постиндустриалдық қоғамның қалыптасуы ХХ ғасырдың соңғы ширегінен басталады. Қоғам дамуының бұл моделін басқа да атаулармен сипаттау кездеседі. Мәселен, Збигнев Бзежинскийдің – «технотрондық қоғам», Элвин Тоффлердің – «үшінші толқын», И. Масуданың – «ақпараттық қоғам» тәрізді атаулар кездеседі.
Бұл қоғам сатысында экономиканың негізгі саласы – халыққа қызмет көрсету саласы болып есептеледі. Компьютерлер мен күрделі басқару жүйелерін енгізу жұмыс орнында көптеген процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
3.Қоғамды зерттей отырып, социология ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң және заңдылық деңгейінде зерттейді. Социология заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен және қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Социология заңдарын қоғам тудырады және ол заңдар сол қоғамда қолданылады. Социология заңдарының неғұрлым елеулі белгілері :
Бірінші маңызды белгісі - қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның және оның құрамдас бөліктерінің оң және теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.
Екінші белгісі - социология заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан социология заңдары бірін бірі өмірге келтіреді, бірін бірі толықтырады, олардың қолданылу және көріну механизмдерін жасайды.
Үшінші белгісі - жеке социология заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауымдастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шарттылықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір социология заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік организмді біржақты қарауға әкеп соғады.
Төртінші белгісі - социология заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол - әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипат көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Социология заңдары - социология ғылымының теориялық негізі.
Бесінші белгісі - бұл социология заңдарының субъективті жағы. Социология заңдары субъективті қасиетке адамдар қызметінің нәтижесінде пайда болатындығы және дамитындығы үшін ие болады.
Социология заңдары жалпы социологиялық және жеке социологиялық болып бөлінеді. Бөлу белгілері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе ретінде немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде және күші аз топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы социология заңдары - өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде жалпы қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке социология заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.
Сонымен қатар социологияда әлеуметтік заңдардың бес категориясы бөліп қаралады:
Әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүруін көрсететін заңдар.
Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланысты белгілейтін заңдар.
Даму тенденцияларын белгілейтін заңдар.
Әлеуметтік құбылыстар арасындағы себеп-салдарды белгілейтін заңдар.
Әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкіндігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар .
Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы социологияда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала болжауға болмайтындығын, оның ретсіз және ала-құла екенін ғылыми әдістердің көмегімен зерттеу мүмкін емес; керісінше адамның мінез-құлқын алдын ала болжауға болатындығы, оның қайталанып отыратындығы, көптеген қырларының кездесетіндігі адамзат қоғамын зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға әлеуметтік заңдар ашуға, олардың қолданылу шарттарын анықтауға және әлеуметтік топтар мен қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала көре білуге мүмкіндік береді.
5.“Әлеуметтік іс-әрекет” ұғымы - социологиядағы негізгі түсініктердің бірі. Социологияда “әлеуметтік іс-әрекет” ұғымын алғаш рет енгізген және ғылыми негіздеген М.Вебер болатын. М.Вебердің түсінігінше әлеуметтік іс-әрекеттің кем дегенде екі ерекшелігі бар: біріншіден, ол оңтайлы, саналы түрде болуы, ал екіншіден басқа адамдардың мінез-құлқына бағытталуы қажет. Әлеуметтік іс-әрекеттің мұндай ұғымы бойынша адамдардың әлеуметтік емес, материалдық объектілерге бағытталған іс-әрекеттерін әлеуметтік іс-әрекеттер деп атауға болмайды. М.Вебер келтірген мысал ерекше: екі велосипедшінің кездейсоқ соқтығысып қалуы қарапайым оқиға ғана бола алады, ал соқтығысты болдырмауға әрекеттену, соқтығыстан кейінгі ұрыс-төбелес немесе жанжалды бейбіт жолмен шешу - бұл әлеуметтік іс-әрекет. Алайда әлеуметтік және әлеуметтік емес іс-әрекеттер арасында айқын шекара жүргізу өте қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас белгісін құрайтын мінез-құлықтың саналылығын, оңтайлылығын анықтау одан да қиын. Әлеуметтік іс-әрекеттер азды-көпті айқын мақсатты көздейтін ішінара саналы іс-әрекеттер болып табылатыны көрініп тұр.
Әлеуметтік іс-әрекеттің анатомиясын сипаттай отырып, социолог-функционалистер көбіне оның мынадай негізгі элементтерін бөліп көрсетеді:
өздерінің қажеттіліктері және соған орай мүдделері мен мақсаттары бар әрекет етуші (немесе әрекет етпейтін) жеке адам немесе адамдар тобы;
әрекет өтетін нақты орта;
әрекет субъектісінің ортаның нақты шарттарына бағыт ұстауы, ол алға қойылған мақсатқа жетудің нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;
әрекет субъектісінің басқаларға, өз әрекетіне олардың жауап әрекетіне бағыт ұстауы.
Бұл ретте басқаларға бағыт ұстау жеке тұлғамен немесе саны азды-көпті тұлғалар тобымен, тіпті жалпы қоғаммен өзара байланысты және өзара іс-әрекетті ескеруді көздейді.
Адамдардың немесе олардың топтарының тәуелділігі мен сәйкестігін көрсететін әлеуметтік іс-әрекет - әлеуметтік байланыс болады. Ол мынадай негізгі элементтерді қамтиды: осы байланыстың субъектілері; байланыстардың мазмұнын сипаттайтын байланыс заты; байланысты жүзеге асыру механизмі және оны саналы түрде реттеу. Әлеуметтік байланыстың әлеуметтік байланысу түріндегі және әлеуметтік өзара іс-әрекет түріндегі әр түрлі нысандары көрсетілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |