Е.Суфиев (1919-1980) Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының химия-биология факультетінің түлегі. Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін мектептерде ұстаздық қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдардан 80-жылдарға дейін Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларындағы оқу орындарында психологиядан дәріс оқыды.
Е.Суфиев көп жылдар бойы қазақ шәкірттерінің орыс тілін меңгеруінің психологиялық негіздерін зерттеді.
Қазақ психология ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан психолог- ғалымдарымыздың қатарынаМажит Мұқановты(1920-1985) жатқызуға болады. Ол Ленинградтың Н.И.Герцен атындағы педагогикалық институтын 1949 жылы тамамдағаннан кейін, Қазақ университетінің аспирантурасын бітіреді, 1950 жылы профессор Т.Тәжібаевтың ғылыми жетекшілігімен психологиядан кандидаттық диссертация қорғайды. 1953-1960 жылдардың аралығында Алматының шет тілдер педагогикалық институтының, 1960-1985 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының психология кафедрасының меңгерушісі болды.
М.Мұқанов 1980 жылы психологиядан тұңғыш рет Қазақстанда докторлық диссертация қорғап, кейін профессор ғылыми атағын алды.
Ол – жалпы психология, жас және педагогикалық, психология, этнопсихологиядан оннан астам еңбектің авторы. Мәселен, «Бақылау және ойлау», Алматы, 1959; «Педагогикалық психология очерктері», Алматы, 1950; «Ми және сана», Алматы, 1956; «Жан дүниесінің сыры», Алматы, 1964; «Ақыл-ой өрісі», Алматы, Қазақстан, 1980; «Жас педагогикалық психология», Алматы, 1982.
Республикада бұл жылдары психологиядан бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында психологиядан дәріс оқыған ғалымдардың бірі – Әбдірахман Асылбеков (1907-1970). Ол – бірнеше ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы, әсіресе, оның «Оқушылардың ынтасын тәрбиелеу» (1958), «Қоғамдық пайдалы еңбек арқылы оқушыларға коммунистік тәрбие беру» (1959), «Бала тәрбиесінде семьяның рөлі» (1969). «Мектеп оқушыларында ынтаның қалыптасуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Достарыңызбен бөлісу: |