Біріншіден, сөйлеу анатомиялық мүшелердің қатысуымен іске асады. Сол үшін де оны динамикалы дейміз. Сонымен қатар мұнда дауыс ырғағы, логикалық екпін, айтылу анықтығы, кідіріс секілді әрекеттер бар. Ал тіл жеке сөздерден тұрады, яғни сөз тілдің бір элементі [5,3]. Жеке сөзде (лингвистикалық бірлік) динамика жоқ. Тіл – дерексіз, сөйлеу – деректі. Деректі болуы үшін динамика керек.
Осы динамиканың негізінде сөйлеу іс –әрекеті (речевая деятельность) пайда болады. Сөйлеу іс-әрекеті – тіл арқылы жүзеге асатын коммуникативтік әрекет [9,309].
Екіншіден, сөз ұғымның атауы болатын болса, сөйлеуде мазмұндық ақпарат бар. Яғни сөйлеу ой-пікірдің, көзқарастың, идея мен әңгіменің ортақ қасиеттерін тұтастырып, аталған сөйлеу түрлерінің бәріне мазмұн тән екенін айқындап тұрады.
Үшіншіден, сөйлеу тілдік амалдар арқылы іске асады. Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөз тіркестерін, сөйлем құрау ережелері – көпшілікке ортақ, объективті категориялар [8,368]. Сөйлеу белгілі бір ойды білдіретін сөйлемдер арқылы жүзеге асады. Cөз сөйлемнің құрылыс материалы секілді болса, сөйлем сөйлеу әрекетіне (жазбаша немесе ауызша) негіз болып, мәтінді құраушы қызмет атқарады.
Төртіншіден, сөйлеудің коммуникативтік жағдайға сай ыңғайланған стилі болады. Сөйлеу стилі (стиль речи) де қалыптасып, көпшілікке ортақ болып келеді. Мұнымен бірге сөйлеу үстіндегі әр кісінің өзіне ғана тән (индивидуалдық) сөз жұмсауы, сөз тіркесін, сөйлем құрау ерекшеліктері де болады. Бұл ерекшеліктер сөйлеушінің өз ойын дәл, әсерлі етіп немесе мәнерлеп айту талабынан туады. Тіл дамуы, жетілуі сөйлеу кезіндегі осы жеке адамға тән (индивидуалдық) шығармашылыққа сүйенеді [8,368].
Сондай-ақ сөздің сөйлеудің «құрылыс материалы» ретінде мынадай қосымша қызметтері бар:
Сөз – адам санасында бейнеленген ұғымның жарыққа шығуын қамтамасыз етеді.
Сөз басқа қатысымдық бірліктердің жасалуына ұйытқы болады.
Сөз өмір шындығын нақтылы мағына арқылы түсіндіре келіп, адам ойының екінші біреуге жеткізілуіне әсерін тигізеді.
Сөз адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыруға негіз болады [10, 246].
1996 жылғы Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігінде «Речь – сөз тіл (ағыл. speesh, discourse, нем. rede, фр. discours). Орыс тіліндегі бұл терминнің беретін мағынасы кең, сөз және тіл мағыналарында жұмсала береді» делінеді [11,140].
1998 жылы жарық көрген Тіл білімі сөздігінде «сөйлеу» сөзі «речь» терминіне балама ретінде алынып, мынадай анықтама берілген: «сөйлеу (ағыл. speesh, discourse, фр. discourse, parole, нем. rede, sprachen) – дыбыстау арқылы (іштей сөйлеуді қоса) немесе жазбаша түрде қандай да бір ойды баяндау» [12,311].
Ал З. Ерназарова сөйлесім терминіне «сөйлеу актісінің тілдік көрінісі» деп анықтама берген [13,6].
Рас, контекске қарай «сөз» бен «сөйлеудің» ауысып қолданылатын тұстары бар, дегенмен зерттеушілердің әрқайсысы өзінше атауы немесе бір еңбегінің ішінде бірнеше түрлі беруі осы саланың жүйелілігін бұзады, зерттеу де қайшылыққа әкеп соқтырады.
Сонымен қатар, кейбір зерттеушілер ұсынған «тіл қолданысы», «қолданыс» секілді атаулар аталған терминге атау болғаннан гөрі анықтама болып тұр емес пе? Сондай-ақ, «лебіз», «айтылым» сөздерін атау ретінде ұсынатын ғалымдар да бар. Ал бұл сөздерде жалпылыққа қарағанда жалқылық (бір ғана тақырып аясы туралы) басым секілді. Және бір атау бар, ол – «тілдік қатынас». «Тілдік қатынас» лингвистикада өз алдына жеке ғылым саласы болып табылады.
«Речь» туралы қарастырған ғалымдардың бірі Ф. Оразбаева: «Сөйлеу кезінде адам қалай болса солай тіліне келгенін айта салмайды, ол ең алдымен ойлауды басынан өткереді, сырттағы объективтік шындық санаға, ойға әсер етіп, пайымдау туғызады. Сол адам миының ойлау процесі арқасында нені айту керек, не туралы сөйлеу қажеттігі жөнінде нақты сөз жасалады» - дейді [13,93]. Осы ойға С. Ержанова да қосылады. Зерттеушінің пікірінше, сөйлеу әркетінде мына мәселелерге көңіл аударылады:
Біріншіден, айтатын ой пікірді дайындау, бұл кезеңде бұрынғы жинаған тәжірибе мен қазіргі жағдайды ескере отырып, айғақтайтын мақсат, ниеттерді түсіну, айтылған ой-пірлердің қандай қорытынды беретін бастау әрекеттері іске асырылады.
Екіншіден, ой-пікірді түзеу. Бұл кезеңде айтылатын пікірге байланысты сөздер тұтастай қарастырылып, олар бір жүйеге қажетті қалыпқа түсіріліп тұжырымдалады.
Үшіншіден, сөзді қабылдау әдісі басшылыққа алынады. Бұл кезеңде айтылатын ой-пікірді дыбыс немесе сызба түрінде бейнелеу іске асырылады [14,18]. Осында жүйеленіп көрсетілген процестер де «речь» терминіне «сөйлеудің» сәйкестігінің бір айғағы бола алады.
Қорыта айтқанда, «речь» тіл ғылымының ауқымды саласы болғандықтан, нақты, тұрақты атауды қажет етеді. Терминді әркімнің өзінше ұсынып, өзінше қолдануы, бір еңбекте бірнеше нұсқасын аралас қолдануына атүсті қарамаған жөн.
Ал «речь» терминінің қазақша баламасы үшін ұсынылып отырған «сөйлеу» сөзімен тіркесетін сөйлеу әрекеті, сөйлеу этикеті (мәдениеті), сөйлеу тактісі, сөйлеу ағыны, сөйлеу актісі, сөйлеу әдебі,сөйлеу қарқыны, сөйлеу нормасы т.б. сөйлеудің ғылыми аппаратын ашуға қызмет етеді. Контексте аталған терминге байланысты тіркестерде сөз, тіл болып қолданылатын сәттер болса да, «речь» терминіне «сөз», «тіл» сөздеріден, тағы басқа тіркестерден гөрі тура мағынадағы, субстантивтенген «сөйлеу» етістігін қазақша атау етіп алғанымыз дұрыс болар еді. Ал тіл мен сөйлеудің ара жігі туралы келесі тараушада сөз ететін боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |