№1 дәріс тезистері
ПЕДАГОГИКА – АДАМ ТӘРБИЕСІ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ
ЖОСПАР:
1. Педагогика сөзінің мәні.
2. Педагогиканың негізгі ұғымдары.
3. Педагогиканың шығуы және дамуы.
4. Қазақстанда педагогикалық идеяны көтерушілер.
1. Педагогика өз атауын гректің «пайдос» - бала, «аго» - жетелеуші деген сөздерінен алады. «Пайдагогос» тура мағынасында «баланы жетелеуші» деген ұғымды білдіреді. Ежелгі Грецияда баланы қолынан ұстап жетектеп мектепке апарған құлды «мұғалім» деп атаған.
Уақыт өте келе «педагогика» сөзін қолдану ауқымы кеңейді. Атақты, танымал болған адамдардың есімдерімен қатар, оларды тәрбиелеуші педагогтердің аттары да аталды. Біртіндеп, тәжірибенің жинақталуы баланы оқыту мен тәрбиелеу туралы ғылымның пайда болуына әкелді.
ХХ ғасырдың ортасына дейін осы көзқарас барлығын қанағаттандырды. Тек содан соң ғана білікті педагогикалық жетекшіліктің балаларға ғана емес, ересектерге де қажеттігі туындады.
Педагогика адамның тәрбиесі туралы ғылым деп анықталады. «Тәрбие» термині білім беру, оқыту, дамытуды қоса отырып, кең мағынада қолданылады. «Тәрбие» ұғымының аясының кеңеюі ғылымның тарихи атауымен қарама-қайшылықта. Сондықтан әлемдік педагогикалық лексиконда жаңа терминдер «андрогогика», «антропогогика» терминдері қолданылады.
Педагогтердің ғасырлар бойы жинаған білімдері, тәжірибелері педагогикалық жүйеге айналып, оның ішінен ең тұрақтылары, пайдалылары қалды. Басты міндеті адам тәрбиесі туралы ғылыми білімдерді жинақтау, жүйелеу болып табылатын тәрбие туралы ғылым даму үстінде.
Педагогиканың функциясы адамдарды тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдарын тану және осы заңдардың негізінде педагогикалық практикада қойылған мақсаттарға жетудің жолдары мен тәсілдерін көрсету. Педагогиканың пәні – оқу-тәрбие мекемелерінде жүзеге асатын тәрбие әрекеті. Педагогика қоғамдағы пайда болған тәрбие, білім беру, оқыту мәселелерін шешуге күш салатын қолданбалы ғылым ретінде қарастырылады. Педагогиканың ғылыми таным саласы – тәрбие. Педагогика өзгермелі қоғамдағы тәрбиенің мәні мен рөлін анықтайды. Педагогика – жалпы адам жайындағы ғылым. Тәрбие – жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлау, оларға қоғамдық-тарихи тәжірибені үйрету процесі.
2. Педагогиканың негізгі ұғымдары – «тәрбие», «оқыту», «білім беру».
Тәрбие – тұлғаны қалыптастырудың мақсатты бағытталған және ұйымдастырылған процесі. Педагогикада «тәрбие» термині кең және тар әлеуметтік, педагогикалық мағыналарда қолданылады.
Тәрбие кең әлеуметтік мағынада аға ұрпақтың жинақтаған тәжірибесін жас ұрпаққа беруі.
Тәрбие тар әлеуметтік мағынада қоғамдық институттар тарапынан адамда белгілі бір білім, көзқарас, нанымдар, адамгершілік құндылықтар, саяси бағдарлар, өмірге дайындықты қалыптастыру мақсатында бағытталған ықпалы.
Тәрбие кең педагогикалық мағынада бүкіл оқу-тәрбие процесін қамтитын, оқу-тәрбие мекемелерінде жүзеге асатын тәрбиеленушілерде нышандық сапаларды қалыптастыру мақсатында ұжым, тәрбиешілердің арнайы ұйымдастырылған, мақсатты бағытталған және басқарылатын ықпалы.
Тәрбие тар педагогикалық мағынада нақты тәрбиелік міндеттерді шешуге бағытталған тәрбие жұмысының процесі және нәтижесі.
Оқыту – білім, іскерлік, дағдыларды меңгеруге, дүниетанымды қалыптастыруға, білім алушылардың ойлауы мен әлеуеттік мүмкіншіліктерін дамытуға, қойылған мақсаттарға сәйкес өз білімін жетілдіру дағдысын бекіту үшін арнайы ұйымдастырылған нысананы көздейтін, басқарылатын мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесу процесі. Оқыту негізін білім, іскерлік, дағды құрайды. Білім – адамның шынайы болмысты факт, ұғымдар, түсініктер мен ғылымның заңдары түрінде бейнелеуі. Іскерлік – игерген білім, өмірлік тәжірибе мен әдеттенген дағдылар негізінде практикалық және теориялық әрекеттерді саналы, өз бетімен орындауға дайындығы. Дағды – көп рет жаттығу арқылы қажетті әрекеттерді орындау кезінде көрінетін практикалық әрекеттердің компоненттері.
Білім беру – білім алушы меңгерген жүйеленген білім, іскерлік, дағдылар, ойлау тәсілдерінің көлемі. Білімділіктің басты көрсеткіші –адамның өзінің біліміндегі жетіспегенді логикалық пайымдау көмегімен өз бетімен қалпына келтіруге қабілетінен көрінетін білім мен ойлау жүйелілігі.
Аталған үш ұғым бір-бірімен тығыз байланысты және тәуелді.
3. Тәрбиелеуді алғашқы адамдармен бірге пайда болды деуге болады. Ешқандай педагогика туралы түсінік болмай-ақ тәрбиелеу процесі жүріп жатты. Тәрбие ғылым ретінде басқа ғылымдар пайда болғаннан кейін барып қалыптасты.
Кез-келген ғылымның өмір мен қоғам қажеттілігінен пайда болатыны белгілі. Тәрбиелеу тәжірибесін жалпылау, жас ұрпақты өмірге дайындау, тәрбиелеу үшін арнаулы оқу-тәрбие мекемелерін құру қажеттілігі туындады.
Ежелгі әлем мемлекеттері Греция, Қытай, Индия, Египетте тәрбиелеу тәжірибесін жалпылау философия ғылымында көрініс тапты.
Ежелгі грек философиясының көрнекті өкілі Демокрит тәрбиені жалпылау туралы еңбектерін жазды. Ежелгі грек ойшылдары Сократ, Платон, Аристотель еңбектерінде адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыруға байланысты маңызды идеялар жариялады. Грек-римдік педагогикалық ойлардың дамуының қорытындысы ретінде ежелгі римдік философ және педагогі Марк Квинтилианның «Образование оратора» шығармасын атауға болады.
Орта ғасырларда шіркеу үстемдік етіп, тәрбие діни ағымға бет бұрды. Догматикалық оқыту жетіле түсіп, он екі ғасыр бойы бірінші орында болды. Шіркеу өкілдері Тертуллиан, Августин, Аквинат кең көлемді педагогикалық трактаттар жазғанымен педагогикалық теория алысқа бармады.
Қайта өрлеу дәуірінің педагог-гуманистері Эразм Роттердамский, Витторино де Фельтрэ, Франсуа Рабле, Мишель Монтень «Мен адаммын, маған адамға тән нәрсенің барлығы бөтен емес» ұранымен танымал болды.
Педагогика көп жылдар бойы философияның құрамында болды. Тек XVII ғасырда өз алдына жеке ғылым болып бөлініп шықты.
Педагогиканың өз алдына жеке педагогикалық жүйе болуына үлкен үлес қосқан атақты чех педагогі Ян Амос Коменский. Оның 1654 жылы Амстердамда «Великая дидактика» еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірі болып табылады. Я.А.Коменский ұсынған сынып-сабақ жүйесі педагогикалық теорияның негізі болды.
Ағылшын философы және педагогі Джон Локк тәрбие теориясына көп көңіл бөлді.
XVIII ғасырда догматизм, схоластика және вербализммен күресті француз материалистері мен ағартушылары Д.Дидро, К.Гельвеций, П.Гольбах, Ж.Ж.Руссо жүргізді.
Швейцар педагогі Иоганн Генрих Песталоцци мұғалімдерге оқытудың прогрессивті теориясы мен оқушылардың адамгершілік тәрбиесі теориясын ұсынды.
Неміс педагогі Иоганн Фридрих Гербарт оқыту мен дидактика психологиясы аумағында теориялық тұрғыдан жалпылады.
Неміс педагогі Фридрих Адольф Вильгельм Дистервег барлық педагогикалық құбылыстарға тән қарама-қайшылықтарды зерттеді.
Атақты орыс ойшылдары, философтары мен жазушылары В.Г.Белинский, А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов еңбектері белгілі. Л.Н.Толстой, Н.И.Пирогов халықтық тәрбие өзгерту қажеттігі туралы идеяларын ұсынды.
Орыс педагогикасының бүкіл әлемге танымал болуына К.Д.Ушинскийдің еңбегі зор болды.
Американдық педагогиканың көрнекті өкілдері Джон Дьюи мен Эдвард Торндайк батыстағы педагогикалық ойлардың дамуына өз үлестерін қосты.
Қазан төңкерісінен кейін жаңа қоғамда адамды тәрбиелеу идеясымен С.Т.Шацкий, П.П.Блонский айналысты. Кеңес мектептерінің міндеттерін шешу жолдары қарастырылған педагогикаға қатысты оқу құралдарының авторлары П.П.Блонский «Педагогика» (1922 ж.), «Основы педагогики» (1925 ж.), А.П.Пинкевич (1884-1939 ж.) «Педагогика» белгілі.
Кеңес уақытында Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, В.А. Сухомлинскийдің еңбектері педагогикаға тың леп қосты.
4. Қазақ халқының көрнекті ағартушы-ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мақсаты – халыққа білім беру, оқыту, дүние тануға жетелеу, оны реформа арқылы іске асыру болды.
Аса көрнекті ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин өзінің өмірін қазақ даласында мектептер ашуға, оқу құралдарын жазуға, мұғалімдер дайындауға, бала оқытуға тартуға арнады.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев өлеңдері мен «Қара сөздері» педагогикалық ой-пікірлерге толы. Ақынның педагогикалық көзқарастары дүниежүзілік педагогика классиктерінің пікірлерін қостайды. Ұлы ойшыл-ақынның өсиет сөздері, тәлім-тәрбиеге қатысты ақыл-ойлары әлі күнге дейін жастарға дұрыс жол көрсетер рухани қазына.
Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында жастарды оқуға, үйренуге, мәдениетке жетуге, алға ұмтылуға, басқа елдермен теңесуге ұмтылға шақырды. Өмірді өзгертуші адам мінезі қалыптастырушы ұлы күш тәрбие деген қорытындыға келді.
Достарыңызбен бөлісу: |