1 дәрісбаян тақырыбы: Психология пәні, оның міндеттері мен әдістері



бет91/116
Дата30.09.2022
өлшемі1,21 Mb.
#151276
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   116
Байланысты:
C.М. Жакупов Жалпы психология

XII ТАРАУ. ЕРIК




Қысқаша мазмұны



  1. Ерiк туралы ұғым.

  2. Ерiк жайлы негiзгi теориялар.

  3. Ерiктiң физиологиялық негiздерi

  4. Ерiктiк iс-әрекеттiң құрылымы.

  5. Адамның ерiктiк қасиеттерi және олардың дамуы.

Адам тек түйсiк, қабылдау, ес, қиял, ойлау арқылы дүниенi танып қана қоймайды, оны сонымен қатар өзгертедi, оған ықпал жасайды әрi өзiнiң қажеттiлiктерiне орай бейiмдейдi. Алайда қажеттi нәтижеге жету үшiн адамға белгiлi бiр күш жұмсауына және кездескен кедергi мен қиындықтарды жеңуiне тура келедi. Жалпы адамның өз көңiл қалауына, тiлектерiне қарамай iстеуге мәжбүр болатын, бiрақ қажеттi әрi саналы түрде ақыл-парасатқа негiзделген әрекеттердiң тууын қамтитын психикалық реалдықты, болмысты түсiндiру үшiн ерiк деген ұғымды қолданамыз. Қазақ тiлiнде ерiк сөзiне синоним ретiнде қайрат, күш-қуат, қажыр, жiгер, ырық сияқты сөздердi пайдаланады. Отандық психология ғылымының негiзiн қалаушы Жүсiпбек Аймауытұлы 1926 жылы жазылған “Психология” кiтабында: “Iшкi өмiрдiң барып-барып тиянақтайтын жерi – амал (iс) мен сыртқа шығу, осыны қайрат дейдi. Қайрат кең мағынада да, тар мағынада да жүретiн сөз”- деген түсiнiк берiп кетедi. Кең мағынасында, қайратты iс-әрекеттерге итеретiн жалпы қабiлеттер, ал тар мағынада зейiннiң мiндеттi қатысуын талап ететiн, санаға салу мен ақылмен шешу арқылы жүзеге асатын қасиет ретiнде сипаттайды. Ж. Аймауытов “Олай болса, қайрат... бiрiмен-бiрi алысқан бiрнеше пернелердiң (елестердiң) жүйелерi болғанда орын алатын нәрсе екен; қайрат сана майданы күрделi болудан тұратын нәрсе екен.”-деп жазады. Жалпы қазақы ойлау жүйесiнде “ерiк” сөзiнен гөрi “қайрат” сөзi көбiрек қолданылғанын Абай, Шәкерiм, Мағжан Жұмабаев шығармаларынан да байқауымызға болады. Мәселен, М. Жұмабаев “Педагогика” (баланы тәрбия қылу жолдары) атты кiтабында “... бiр мақсатқа жету үшiн жанның аңды (саналы- Ж.С) ұмтылуы қайрат деп аталады. Әрине, жан құр ұмтылып қана қоймайды, сол ұмтылғанын болдыру үшiн дененi iске қосады. Жанның қайрат күшi арқылы iстелетiн iсi ерiктi iс деп аталады”-деген анықтама бередi. Және қайраттың тартылу,ұмтылу және тiлеу сияқты түрлерiн бөлiп көрсетедi әрi оның қалай жасалатынына түсiнiк бередi.


Ал бүгiнгi психология ғылымы ерiкке қандай анықтама бередi, соған келейiк.
Ерiк деп адамның өзiнiң психикасы мен қылықтарын саналы басқару қабiлетiнен көрiнетiн қасиеттi атайды. Ол саналы қойылған мақсатқа жету жолында кездескен кедергiлердi жеңуден көрiнедi. Ерiк адам психикасының маңызды құрауышы болып табылады және мотивтермен, таным және эмоциялық процестермен тығыз байланысты. Ерiктiң негiзгi функциясы (қызметi) өмiр әрекетi барысындағы қиын жағдайларда белсендiлiктi саналы түрде реттеуден тұрады. Сонымен қатар, ерiктiң өзге екi қызметiн бөлiп көрсетуге болады: белсендiрушi және тежеушi.
Ерiктiң арқасында адам өз қалауы бойынша, саналы ұғынылған қажеттiлiктен шыға отыра, алдын ала ойлаған, жоспарлаған әрекеттерiн жүзеге асыра алады. Ерiк белгiленген мақсатқа жету жолында адам бойын кернеген эмоция мен сезiмдердi тежеп отыратын, қуаныш пен қызығу тудырмайтын, алайда қажеттi iс үшiн жағымды жайттардан бас тартуға мәжбүрлейтiн мiнез-құлықтың реттеушi қасиетi боп табылады. Сонымен, ерiк бiр жағынан, адамның әрекетiн бағыттайды не тежейдi, екiншi жағынан, белгiлi бiр талаптар мен мiндетттерден шыға отыра психикалық iс-әрекеттi ұйымдастырады.
Ерiктiк реттеу пайда болу үшiн белгiлi бiр шарттар болуы тиiс. Ең әуелi- кедергi-қиындықтардың болуы. Адам мақсатқа жету жолында қиындыққа кездескен жағдайда ғана ерiк көрiнедi. Бұл кедергiлер сыртқы не iшкi болуы мүмкiн. Сыртқы кедергiлерге уақыт, кеңiстiк, заттардың физикалық қасиеттерi, өзге адамдардың қарсы iстелетiн әрекеттерi жататын болса, iшкi кедергiлер мазмұнына- адамның қатынасы мен бағдары, бiлiмiнiң аздығы, ерiншектiгi, енжарлығы,ықыластың жоқтығы, шаршауы, сырқат күйi және т.б. кiредi. Сыртқы және iшкi кедергiлер санада бейнелене отыра, ерiктiк күш салу тудырады. Ол қиындықты жеңге қажет тонус жасайды, жұмылдырады.
Өмiр практикасында жеке қылықтар мен әрекеттерден тұлғаның ерiктiк ұйымдасуы қалыптасады. Ерiктiк қасиеттер тұлғаның ажырамас белгiсiне айналады.
Адам мақсатқа жету үшiн ақыл-ой мен дене күшiн саналы түрде бағыттауы мүмкiн. Мәселен, адам мүлтiксiз, өте дұрыс және қажеттi шешiмдер қабылдайды делiк. Алайда, сол шешiмдi орындау үшiн күш-қуатын жинап, жұмылдырмаса, яғни, азды-көптi күш жұмсамаса, онда ол өз мiнез-құлқын игеруде дәрменсiздiк көрсетедi. Бұл жағдайда алға қойған iстi практика жүзiнде орындаудың дұрыс жолы табылғанымен шешiм орындалмай қалды. Оларды жүзеге асыруға ерiк күшi жетпей қалды. Демек, бiр нәрсенi саналы ұғыну дегенiңiз әрекет жасаумен барабар емес. Ерiк дегенiмiз, И.М.Сеченовтың сөзiмен айтқанда - сезiмнiң әрекет жағы. Бiздiң толғаныс-тебiренiстерiмiз, яғни сезiмдерiмiз мазмұнды болады. Күнделiктi өмiрде бiз түсiнiп қабылдағандарымызды не ұғынғандарымызды ғана емес, осы мазмұнға сай туатын тебiренiстердi де басшылыққа аламыз. Сезiм әрекет, қылықтарға итермелеу рөлiн атқарады. Сондай-ақ көңiл-күй мiнез-құлықты ұстамды ету құралы да бола алады. Мәселен, ұят сезiмi жағымсыз қылық жасауға тыйым салғандай болады, одан сақтайды. Кей кезде сезiмге берiлмей әрекет жасау қажеттiгi туады. Мысалы, түнде далаға шығу қорқынышты-ақ, әйтседе адам қорқыныш сезiмiн басып, керектi нәрсенi алып келедi. Адам жұмысқа бөгет болатын болса, қызығулардан, ойындардан, ұнайтын iстерiнен, шылым шегу, арақ iшуден бас тартуы мүмкiн. Дәл осы жерде ерiк өзiнiң басты қызметiнiң бiрi – тежегiштiк қасиетiн көрсетедi.
Сонымен, бiз психологиялық әдебиеттердi оқи отыра, ерiк өзiнiң ерекше белгiлерi бар әрi оңай анықтап байқауға болатын және ғылыми тiлмен сипаттауға болатын, толық шынайы психикалық құбылыс екенiн көруiмiзге болады. Ерiктiң қандай негiзгi белгiлерi бар?
Тiптi сонау дәуiрлерде Аристотель ерiк ұғымын өздiгiнен қозғаушы күшi жоқ бiлiмдерге сай адам қалай мiнез-құлқын жүзеге асыратынын түсiндiретiн ұғым ретiнде, өзiнiң жан туралы iлiмiнiң негiзгi категориялар жүйесiне енгiзген болатын. Аристотельде ерiк талаптану,ұмтылумен қатар мiнез-құлық барысын өзгертуге қабiлеттi фактор ретiнде көрiндi. Аристотель бойынша адам мiнез-құлқына қозғау салатын “ талпыныс (ұмтылу) заты, ал ол арқылы ақыл-парасат итермешi болады, өйткенi талпыныс заты ол үшiн бастау боп табылады” . Басқаша айтсақ, ерiк проблемасы әрекет затына қозғаушы күштi беру мәселесi және сонымен әрекетке түрткiнi қамтамасыз ету боп табылады.
Ерiктiк актiнiң елеулi белгiлерiнiң бiрi ол әрқашан да күш жұмсау, шешiм қабылдау және оны жүзеге асырумен байланысты. Ерiк мотивтер күресiн талап етедi. Осы елеулi белгiсi бойынша, ерiктiк әрекеттi басқалардан ажыратуға болады. Ерiктiк шешiм әдетте бәсекелес әрi қарама-қайшы, түрлi бағыттағы әуестiк, елiгу жағдайында, олардың ешқайсысы ерiктiк шешiмсiз түпкiлiктi жеңуге қабiлетсiз болғанда қабылданады. Ерiк өзiн-өзi шектеу, едәуiр күштi құштарлықтарды тежеуден, сол сәтте тiкелей туындаған тiлектер мен түрткiлердi басып тастау ебдейлiгiнен, маңызды әрi мәндi мақсаттарға зауық, елiгулердi саналы бағындырудан тұрады. Өзiнiң жоғары деңгейiнде ерiк адамның рухани және адамгершiлiк құндылықтары, кәмiл сенiмi мен мұраттарынан көрiнедi.
Ерiктiк психологиялық құбылыс ретiндегi тағы бiр белгiсi – бұл жүзеге асырылатын iс-әрекеттiң ойластырылған жоспарының болуы. Жоспары жоқ не алдын ала белгiленген жоспар бойынша орындалмайтын әрекеттi ерiктiк деп санауға болмайды. С.Л.Рубинштейн айтқандай, “ерiктiк әрекет- бұл ... саналы, мақсатқа бағытталған әрекет, ол арқылы адам өзiнiң импульстерiн (итермешi күш) саналы бақылауға бағындырып және қоршаған болмысты өзiнiң түпкi ой-ниетiне сәйкес өзгерте отыра алдында тұрған мақсатты жүзеге асырады”.
Ерiктiк әрекеттiң елеулi белгiсiне әрекеттi жүзеге асыру барысында тiкелей қанағаттанудың болмауында жатқызамыз. Өйткенi, ерiктiк әрекет әдетте моральдық емес, эмоциялық қанағаттанудың болмауымен сипатталады. Ойлағаныңды табысты жүзеге асырғаның үшiн адамда моральдық қанағаттану сезiмi сөз жоқ болады.
Адамның ерiк күшi тек жағдайды жеңу не игеруге ғана бағытталмайды, сонымен қатар адамның өзiн-өзi жеңуден де көрiнiс бередi. Бұл әсiресе, эмоциялық қызба және ұшқалақ мiнездi адамдарға тән болып келедi.
Ерiк проблемасын арнайы зерттеген ресейлiк психолог В.А.Иванников ерiк өлшемiнiң төрт типiн бөлiп көрсетедi Оның айтуынша ерiк өлшемi мыналардан көрiнедi: 1) Ерiктiк әрекеттерден; 2)Мотив пен мақсатты таңдаудан; 3) Адамның iшкi күйi, әрекетi мен әр түрлi психикалық процестерiн реттеуден; 4) Тұлғаның ерiктiк қасиеттерiнен;
Сөйтiп, адамның өзге тiршiлiк иелерiнен елеулi айырмашылықтары оның сана мен интеллектен басқа ерiк күшiнiң болуында, олсыз бүкiл қабiлеттiлiктер құр жай бекер сөз болып қалмақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   116




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет