МАЗМҰНЫ
|
КІРІСПЕ ...........................................................................................................3
|
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 ЕЖЕЛГІ ҮНДІ ФИЛОСОФИЯСЫ.............................................................4
|
1.1 Ежелгі үнді философиясының ерекшеліктері......................................4
1.2 Джайнизм немесе джайндік философия................................................6
1.3 Буддизм.............................................................................................8
|
ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................10
|
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.............................................11
|
КІРІСПЕ
Жалпы адамзат тарихында қола дәуірінен өту өндіргіш күштердің ширақ дамуына ғана әкеп соққан жоқ, сонымен қатар рулық, алғашқы қауымдық қоғамның ыдырап, құлдық қоғамның пайда болуына, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуіне, адамның белсенді іс-әрекеті арқасында өзінің табиғат құдыреттері алдындағы әлсіздігі, бағыныштылығы сияқты құбылыстарды жоюда алғашқы қадам жасауына, сол табиғат құбылыстары туралы білімнің қалыптасуына, осы негізде абстракциялық ойлау қабілетінің өсуіне мүмкіндіктер туды. Сөйтіп, ғасырлар бойына қалыптасқан әдет-ғұрып, дәстүр, дүниетанымдық көзқарас күйзеліске ұшырап, олардың орнына қоғамда қалыптасқан жаңа жағдайларды түсіндіретін тың көзқарас кең өріс ала бастады. Бұл көзқарас қияли заңдылықтарға сүйенген мифологиялық дүниетаным мен жаңадан дүниеге келіп жатқан білім және ойлау қабілетінің арасындағы қайшылықтарды шешуге тырысты.
Бірақ мұндай көзқарас әлі де болса философия емес еді. Себебі ежелгі шығыста өндірістік тәсілдің баяу қалыптасуы, философиялық ой-пікірдің сол кездегі жетістіктерімен нашар байланыста болуы Шығыс философиясының діни-мифологиялық көзқарастан, күнделікті әдептілік санадан толық арылуына мүмкіндік бермеді.
Дегенмен де, табиғат құбылыстары мен олардың арасындағы өзгерістерді сиқырлы, танылмайтын беймәлім күштердің құдыретінен деп ұғып, адамға ұқсас құдай бейнесін жасау – абстрактілі ойлау процесінің жетілгендігін көрсетіп, дүниетанымдық көзқараста философияның жеке бағыт болып қалыптасуына қажетті алғышарты болды.
Біздің жыл санауымыздан үш мың жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай, ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (кастаға) бөлінді: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән әртүрлі мамандықтары болды. Мысалы, брахмандардың үлесіне ой еңбегі, кшатрийлерге әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға қара жұмыс қана тиді.
Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да қалыптасты. Олар негізінен үнді мәдениетінің ескерткіші Ведаларда (веда - б.д.д.1500ж.) жинақталған. Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдер сол ведалардың беделін мойындау-мойындамауына байланысты әртүрлі бағыттарға бөлінді: джайнизм, буддизм, даршандар, чарвактар-локаяттар, санкхья, т.б. (Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы. «Раритет»,—Алматы: 2006, 7-9 беттер). Бұл аталмыш философиялық бағыттар кейін ғылымның одан әрі дамуына септігін тигізген философиялық мектептер ретінде өздерінің лайықты орындарын тапты.
1 ЕЖЕЛГІ ҮНДІ ФИЛОСОФИЯСЫ
Ежелгі үнді философиясының ерекшеліктері
Философияның пайда болғанына үш мың жылдай болды дейміз. Философия көне ғылым болғандықтан оның ұзақ тарихы бар. Біздің мақсатымыз – әлемдік философиялық ойдың қалыптасу кезеңдерін көрсету. Философия б.э.д. 1 мыңыншы жылдардың ортасында ежелгі өркениеттің үш ошағы болған – Үнді, Қытай және Грек елдерінде бір мезгілде пайда болған. Осы елдерде философияның пайда болына экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани алғы шарттар пісіп жетілді. Олар – қоладан темірге көшуге байланысты өндірістік күштердің өсуі, сауда-саттықтың дамуы, алғашқы мемлекеттердің пайда болуы, ғылымның, білімнің өркендеуі және т.б. Үнді философиясы адамзатты осы күнге дейін толғандырып келе жатқан мәселелерді көне заманның өзінде – ақ қоя білді.
Үнді философиясының пайымдау объектісі – жеке адамның өмірі, оның ішкі дүниесі, басқа адамдармен қарым – қатынасы мәселелері болды. Сондай–ақ, Үнді философиясы мифологиялық оймен тығыз байланыста болып, ғылыми оймен байланысы мардамсыз болды. Философиялық ұғымдардың мән-мағанасы күрделі де, сан-түрлі сипатта болды. Үндістанға б.э.д. 2-ші мыңжылдықтың ортасында солтүстіктен арийлер тайпасы басып кіреді. Арийлердің қасиетті жазулары – Ведалар – қасиетті аян жолымен келген білімдер, көне әдеби ескерткіштер болып табылады. Веда сөзі білім деген мағананы білдіреді. Ведалардың құрамына қасиетті жазулар, құдайға құлшылық етуге бағытталған сөздер, философиялық трактаттар кірді. Ведалар бірнеше бөлімдерден тұрған. Олар философиялық ойлардың қалыптасуына үлкен рөл атқарды.
1. Самхиттер – құдайларға арналған гимндер жинағы;
2. Брахмандар – бұлар әдеп- ғұрыптар мен дұғалар бойынша жазылған әртүрлі мифологиялық әңгімелер, ритуалдар.
3. Араньяктар – орман кітаптары – құдайға құлшылық ету, медитация және әдеп- ғұрып т.б. туралы пікірталас. Оларда дүниетанымдық мазмұн басымдарақ болды.
4. Упанишадтар – философиялық мазмұны терең, рациональдық сипаты басым негізгі бөлім. Упанишадтар – ұстаздың шәкіртпен диалог – әңгімесі. Оның тақырыбы – болмыстың алғашқы бастауы, сол арқылы табиғат пен адамның бойындағы құбылыстар түсіндіріледі.
Ежелгі Үнді жерінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, құлдық қоғам қалыптасқан кезде қоғам 4 варнаға бөлінген. 1. Брахмандар – әулиелер, ой еңбегімен айналысатын адамдар. 2. Кшатрийлер – әскери қызметпен айналысатын адамдар. 3. Вайшьилер – саудагерлер, қолөнермен айналысатын адамдар. 4. Шудралар – қара жұмыспен айналысатындар, құлдар.
Үнді қоғамының осындай даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптаса бастады. Ол көзқарастар әр- түрлі болды. Философиялық даналықтары негізінен адам өміріне, тағдырына бағытталды. Жақсылық пен жамандық табиғатын ажыратуға көмектесті. Философия тек теория ғана емес, өмір салтына айналды. Ӛмірде болатын түрлі қайғы, қиыншылықтардың себебтерін және олардан шығу жолдарын іздестіреді.
Үнді философиясы бойынша, адамның барлық іс- әрекеттері карма заңдылығымен көрінеді. Карма ұғымы тағдыр деген мағананы білдіреді. Карма бойынша, адамның барлық жасаған «жақсы» немесе «жаман» іс- әрекеттері соған сәйкес салдар туғызады. Ол салдар адамның өз өмірінде келмесе, онда «о дүниеде» келеді немесе оның келер ұрпағына беріледі. Ӛмірде адам басында болып жатқан түрлі жағдайлар, қайғы – қасіреттердің ешбірі кездейсоқ емес, қажеттілік. Кейде адамдар жазықсыз жапа шегеді. Оған кінәлі оның өткен ата- бабаларының іс-әрекеттері. Тағдар бар, ол адамдардың өткен іс- әрекеттерінің салдарынан қалыптасады. Қазақта «адам пешенеге жазғанын көреді» деген сөз бар. Адам, әрине, алдына мақсат қояды, соған жетуге талпынады, іс- әрекеттер жасайды, бірақ тағдыр соған сәйкес түрлі жолдарға салады, өмірін белгілі бір арнаға бұрады.
Осылайша, карма ұғымы адам тағдарын ерекшелейді. Карма ұғымы сансара (қайта туылу жүйелері) ілімімен тығыз байланысты болып келеді. Осы қайта туылу жүйесін бұзу, яғни сансарадан шығу мокша (босану, азат болу) деп аталады. Мокшаға жету үшін құбандықтар шалу керек екен. Бостандыққа ұмтылған адамдар алдымен әдептілік қағидаларларын сақтап, драхмаға (өмір жолы, салты) жүгінуі керек.
Көне үнді философиясының негізгі мектептері: Буддизм – ежелгі үнді философиясының басты бағыттарының бірі. Бұл - философиялық ілімнің негізін қалаған Сиддхарта Гаутама (б.э.д. 563-483). Гаутама жастық шағында бақытты өмір сүрген. Кейіннен өмірдің қайғы, ауру, қиыншылық секілді жағамсыз құбылыстарына тап болғаннан кейін, адам өмірінің азап, қайғыға толы екеніне көзі жетіп, оны қайғы – қасіреттен құтқару жолын іздейді.
Жайнизм – көне үнді философиясының маңызды бағыттарының бірі. Оның негізін салушылардың бірі біздің дәуірімізге дейінгі VІV ғасырларды өмір сүрген Жеңімпаз деген атқа ие болған ойшыл Махавира. Жайнизм мынадай төрт нәрсеге тиым салды: ахимса – жаны бар мақұлықтарға ешқашан тиіспе;. астейя – ұрлық, зорлық жасамау; сатья – әділ, шыншыл болу; апариграха – үйірсектікке, көрсе қызарлыққа тиым салу. Махавира бұл тиымдарға бесіншісін – брахмачарья – некеден бас тартуды қосқан. Жайнизм монахтары осы тиым салуларды екі мың жарым жыл бойы қатал сақтап келген. Жайнизм ілімі материалистік ілімге жақын келеді. Материалды заттарды санадан тыс, одан тәуелсіз өмір сүреді деп түсінді.
Локаята (Чарвака) б.э.д. 1-мыңыншы жылдардың ортасында пайда болған. Лока – аймақ, әлем, жер деген мағананы білдіреді. Бұл ілімнің негізін қалаушы әйгілі дана Брихаспати болған. Чарвака ежелгі үнді философиясында пайда болған алғашқы материалистік мектеп деуге болады. Олар Веда ілімдеріне қарсы болып, дінбасыларының халықты алдап жүргенін сынға алады. Сезімдік қабылдау арқылы қол жеткізетін нәрселер ғана бар болып табылады. Құдайды сезім мүшелеріміз арқылы қабылдау мүмкін емес, сондықтан оның бар екеніне көз жеткізу қиын. Біздің сезімдік қабылдауға негізделген тәжрибеміз бір ғана дүниенің – материалды дүниенің бар екендігін көрсетеді. Әлемдегі барлық денелер, заттар 4 элементтен тұрады. Олар: от, ауа, су, жер. Бұл элементтер белсенді және әрекетшіл болып келеді. Өзара байланысқа түсіп, бірігіп сананың пайда болуына алып келеді. Сөйтіп, құраушы элементтерде болмаған қасиет, одан құралған элементте бар болып шығады. Осы элементтерден құралған адам тәнінде сана пайда болады. Сана денеден тыс тіршілік ете алмайды. Дене өлгенде қайтадан өзін өмірге әкелген элементтерге бөлінеді, сонымен бірге сана да жойылады. Чарвака ілімі бойынша, өмірдің мәні – өмірден лаззат алу.
1.2 Джайнизм немесе джайндік философия
Джина Махавира (б.д.д.599ж. Кундапур, Вайшали қаласының маңы – б.д.д.527ж. Павапур) — джайнизм және джайндік философияның негізін қалаушы. Будда Гаутаманың замандасы, личчхавтар тайпасының көсемі Сиддхартханың баласы. Ақсүйектер (раджакнязьдер) отбасынан шыққан, кшатрийлер кастасына жатады. Каноникалық жазбаларға сүйенетін болсақ, Махавира жастайынан жақсы білім алған әрі батыл, ержүрек ешкімге ұқсамайтын еді. Ата-анасы дүниеден өткен соң, бәрін тастап 30-жасында аскеттік өмірге бой ұрып, ұзақ сапарға аттанады. Сол кездері әртүрлі рухани практикада джайндық канондар айтқанындай көп нәрсенің көзін ашқан. Осыдан кейін ол өзінің ілімін қалыптастырды, кейін ілім ішкі қайшылықтарға қарамастан Үндістанда және басқа да елдерде әбден сіңісіп, бұл күндері аталмыш ілімді пір тұтатындардың саны – бірнеше миллионға жетіп отыр. Махавира (оны ізбасарлары «нирванаға сапар шекті» деп санайды) күн көтерілуіне бір жарым сағат қалғанда, Пава қаласының маңында (қазіргі Патна деп аталатын жерден қашық емес) қайтыс болды.
Философиялық шығармалары мен көзқарастары.
Джайнизмнің негізгі философиялық көзқарастары «Сиддханта» деп аталатын кітаптар жинағында келтірілген (б.д.д.III-ғ). Джайнизм («Джина» жеңімпаз) - этикалық ілім. Джайнизм сансараға (жанның бір денеден екінші бір денеге көшіп жүруі), кармаға (әділ жаза заңдылығы) және мокшаға (жанды қасіреттен азат ету) сенеді. Джайнизмнің басты мақсаты – қасірет деп түсінген өмірден азат болу. Джайнизмнің ілімінше, карма заңын құдайларға құрбандық шалып өзіңе қаратуға болмайды. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз істерінің салдарын осы өмірде жеңуге болады. Ол үшін сансардан құтылу қажет.
Джайналықтар әлемді тіршілігі бар және тіршілігі жоқ деп екіге бөледі. Тіршілігі жоқ (аджива) әлем атомдардан (ану) тұратын материядан (пудгала) құралады. Олар бір-бірімен қосыла, бөліне алады. Оларға, сонымен қатар, кеңістік (акаша), уақыт (кала), орта және қозғалыс жатады. Тіршіліктің жаны бар. Керек десеңіз, жердің де жаны бар. Жанның өзі әртүрлі болады. Егер ауа, су, жер, от, өсімдіктер тек қана сезіне алса, құстарға, жануарларға, адамдарға сезім мүшелері арқылы түйсіну тән. Жалпы алғанда, тіршілік мәңгі, бірақ ол материалдық денелер түрін қабылдаған көптеген жандарға бөлініп кетеді де, бір денеден екінші денеге ауысып отырады.
Джайнизм мокша тіршілік пен тіршілігі жоқтардың арасын толығымен алшақтатса, карма оларды біріктіреді, сөйтіп, мәңгі әлемдік процесс жүріп жатады. Карманың өзі көп түрлі болады. Оның бірі денеміздің табиғатын, бізді дүниеге әкелген жанұямызды айқындаса, екіншісі өмірдің ұзақтығын, үшіншісі тіршілік пен тіршілігі жоқтарды біріктірудің негізі болып есептелетін құштарлыққа, ләззаттануға қатынасты айқындайды. Ол сансарадан азат болу үшін «үш қазынаны» сақтау керек. Олар: дұрыс қылық, шынайы білім, дұрыс сенім. Дұрыс сенім-тиртханкалар деп аталатын 24әулиенің іс-әрекетіне сену болса, дұрыс қылық-тазалықты, шындықты, сабырлықты, өзіне қаталдықты, салмақтылықты, т.б. сақтау. Ал шынайы білім-жанның шынайы мүшелері мен ақыл-ойға сүйенбей алған білімі. Мұндай танып-білу процесінде жан қарастырып отырған заттармен тікелей байланысады. Ал түйсіктер, ақыл-ой болса, мұндай байланысқа кедергі жасайды. Танымның үшінші түрі өз тарапынан үш сатыдан тұрады. Бірінші сатысында-жан алшақтағы және ұсақ заттарды түйсінеді, екінші сатысындаөз бойындағы адамдарға деген қызғанышты, жеккөрушілікті жеңген жан адамдардың қазіргі және өткен кездегі ойларын тікелей білуге мүмкіндік алады, ал үшінші сатысында азат болған жанға көрегендік қасиет, абсолюттік білім дариды.
Джайналардың пікірінше, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан көп қабаттан тұрады. Төменгі екі қабатында әзәзіл (перілер), ортаншы қабатта жер, келесі қабатта құдайлар, ал ең жоғарғы қабатта құдайларға ұқсас джиндар орналасқан. Шындап келгенде, джайналардың пікірінше, құдай жоқ, оның бар екендігі туралы келтіріп жүрген дәлелдердің бәрі негізсіз, қате, сондықтан да құдайға емес, 24 тиртханкаларға (әулиелер) және джиндарға сену керек.
Джайнизм кейінірек келе дигамбар және шветамбар деген екі сектаға бөлініп кетті. Джайнизмге Үндістанда қазірдің өзінде де көптеген адамдар сенеді.
Философиялық афоризмдері:
«Мен сізге және сіздің іліміңізге түпкілікті сену үшін, маған бір ғажайып көрсетіңізші». Ұстаз қапалана күлімсіреп, бір ғажайыпты көрсетеді. Сонда әлгі адам жалынғандағыдай қызулықпен оның аяғына жығылады: «Мен енді сізбен бірге боламын». Бірақ Ұстаз оған есікті көрсетеді: «Ал енді сен маған керек емессің» (Үнді даналығы).
Үлкен ағаштар басқаларға көлеңке болып, өздері күн астында шыжып қалып қояды (Үнді даналығы).
1.3 Буддизм
Гаутама Сиддхарта Будда (б.д.д. 563ж.(немесе б.д.д.623ж.), Лумбини, Непал – б.д.д. 483ж.(немесе б.д.д.543ж.), Кушинагар, Үндістан) — рухани оқытушы, аты аңызға айналған буддизмнің негізін қалаушы, Үнді субконтинентінің солтүстік-шығыс бөлігінде өмір сүрді, «Төрт ақиқат» ілімін құрастырушы. Ол Шакья патшалығының мұрагер ханзадасы болған. Балалық шағында өз жақындарының қамқорлығында болып, адам баласы қалауы мүмкін рахатқа бөленіп, өскен. Бірақ князьдік сарайдың сыртында Сиддхартха адамның қайғы-қасіретін, жоқшылықты, ауруларды, кәрілік пен өлімді көреді. Оларды көргенде бозбаланың жаны түршігетін және ол өмірдің мәні туралы көп ойланатын. Жиырма жасқа келгенде ол ешкімге айтпай, үйінен шығып, диуана монахқа айналады. Енді оны Шакьямуни, «Шакья руынан шыққан диуана» деп атайтын боған. Ол ең тәуір деген философтардан дәріс алып, орманда өмір сүрсе де, ақиқатқа жете алмайды. Бірнеше жыл өткен соң, ол ағаштың түбінде тынығып отырғанда, кенеттен нұрлы ақиқатқа көзі жетеді.
Өмір мен өлімнің ақиқаты оған бірден, тұтастай күйде беріледі. Сол кезден бастап ол Буддаға, яғни оянған адамға, Ағарған – адамға айналады. Ол қырық жыл бойы өз ілімін Үндістанда дәріптеген және оған жүздеген, мыңдаған адамдар ерген. Оның философиясы ведалар мен упанишадалардың философиясын ығыстырып шығарды. Гаутаманың нұрлануының негізінде оның «төрт игі ақиқатты» тануы жатыр, біріншіден – дүниеде қайғы-қасірет бар, екіншіден – оның өз себептері бар, үшіншіден – азаптан арылудың мүмкідіктері бар және төртіншіден, сол азаптардан құтылудың жолдары бар. Кейін, Гаутама қайтыс болып, екі жүз жыл өткен соң буддизм бірнеше бағыттарға ыдырайды. Оған буддалық ілімнің басты ережелеріндегі қайшылықтар себеп болды.
Философиялық көзқарастары. Буддизм ілімі бойынша, өмір – қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Оған құдайға шалған құрбандық та көмектесе алмайды. Қасіреттен құтылудың бірден-бір жолы – сансардан (жанның бір денеден бір денеге ауысып отыруы) толық азат болу. Ол үшін адам төрт түрлі ақиқатты білуі қажет: 1-өмір қасірет, Өмірге келу, кәрілік, ауру, өлім, жақсы көрген нәрсеңнен айырылу, қажетіңе жете алмау, т.б. – осылардың бәрі – қасірет. 2-қасіреттің пайда болуы туралы ақиқат. 3-Қасіреттің пайда болу себебі өмірден ләззат алуға деген құштарлық екенін түсініп, аталған құштарлықтардан құтылу арқылы оны жеңуге болатындығына сену. 4-Құштарлықтан құтылу жолдарын білу.
Құштарлықтан құтылу оңай емес, ол үшін сегіз әдептілік қағиданы бұлжытпай орындау арқылы жанды таза ұстауға тырысу қажет. Олар: 1Дұрыс жол-төрт ақиқатты дұрыс түсіну. 2-дұрыс шешім – төрт ақиқатқа өз өмірін өзгертуге бағытталған ерік-жігер. 3-Дұрыс сөз – өтірік айтпау, біреуді босқа жамандамау, балағат сөз айтпау. 4-Дұрыс іс-әрекет – ешқандай тіршілік иесіне жамандық жасамау, ұрлық-қарлықтан қашық болу. 5-Дұрыс тұрмыс қалпы – адал еңбек етуді әдетке айналдыру. 6-Дұрыс күш жұмсау – құмарлықпен, жаман оймен күресу. 7-дұрыс ой бағыты – бұл дүниенің жалған, алдамшы, уақытша екенін түсіну. 8-Дұрыс жинақтала білу – өз денеңді сезінуден, ойлаудан, түйсінуден арылу.
Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады: 1 - ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағыштау. 2 - Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықта және қуанышта болуына мүмкіндік береді. 3 - Қуаныш-қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу. 4 - Толық сабырлық және талғаусыздық жағдайға жету. Соңғы сатыны Будда «Нирвана» деп атайды. Нирвана – қайта тірілуден құтқару. Нирвана – мокшаның өзгерген түрі. Тек, нирвананың мокшадан айырмашылығы – мокша жанды қасіреттен о дүниеде азат етсе, нирвана бұл дүниеде азат етеді. Нирвана жағдайына жеткен адамды архат (қадірлі, құрметті, сыйлы адам) деп атайды. Нирвана, архат жағдайына жеткен адамды брахман деуге де болады. Олай болса, нирвана – ең жоғары ләззат. Кейін келе нирвана ұғымы адамның бойынан бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ. Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып-біле алады.
Б.д.д. III - ғасырда буддизм Үндістанның ресми идеологиясы болды. Кейінірек келе, ол дінге айналып, екі ағымға бөлініп кетті. Хинаяна – «кіші шеңбер» деп аталатын ағым алғашқы буддизмге жақынырақ болса, махаяна – «үлкен шеңбер» деп аталатын ағым – архаттан гөрі «бодхисатваны» пір тұтады. «бодхисатва» – архатқа жетпеген, бірақ толық білімге жетуге талпынып жүрген адам. Ол білгір адамнан гөрі дін уағыздаушы адамға көбірек ұқсайды.
Буддизмге сенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс мемлекеттерде көп кездеседі (Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон, т.б.). Ал Үндістанның өзінде буддизмнің орнын брахманизм басады да, буддизмдегі Будда Вишну құдайдың бір көрінісі болып қалады.
Философиялық афоризмдері:
Құмарлықтан артық от, ашудан артық бейнет, алдаудан өткен мұң, құштарлықтан артық телегей-теңіз жоқ.
Денсаулық – ұлы жеңіс, қанағат – ұлы байлық, сенім – ең жақсы туыс.
Өзіне лайық немесе өзінен асып түсерлік серік таппаған жолаушының сапарға жалғыз шыққаны жөн.
Қара қарға секілді арсыз, содыр, жабысқақ, ақылсыз, бұзық адамға өмір сүру жеңіл. Ал, қарапайым, пәк, біртоға, салқынқанды, алды-артын болжағыш таза адамға өмір сүру қиынға түседі.
ҚОРЫТЫНДЫ
Әлемдегі ең ежелгі философиялардың бірі ретінде Үнді философиясының мыңдаған жылдық тарихы бар. Үнді философиясының дүниеге келуі б.д.д. X - ғасырлар жатқызылып жүр, бірақ кейбір ғалымдар оның тарихын одан да ерте кезеңнен бастайды.
Үндістанның жайлы ауа-райы мен тамаша табиғаты адамнан көп еңбекті талап етпейді және жылына үш-төрт рет мол өнім алуға мүмкіндік береді. Жұмыстан қолы босаған адам руханиятқа көңіл бөліп, өзінің ішкі дүниесіне үңілуге, аңдауға мүмкіндік алады. Осыған байланысты үндістердің психикалық даму деңгейлері жоғары болатыны да заңды. Алайда касталарға бөлінудің қатаң жүйесі (жоғары және төменгі әлеуметтік топтарға жіктелу) миллиондаған халықтың арасында темірдей тәртіп орнатып, еркін өмір сүруге мүмкіндік бермеді.
Касталық жіктелістен көрініс табатын Үндістан халқының өзіндік тарихы мен ерекше әлеуметтік құрылысы оның философиялық және саясиқоғамдық көзқарасының ерекше дамуына өз әсерін тигізген.
Шығыс, негізінен, медитациямен айналысып, адамның психикалық қуаты мен қабілетін дамытуға көңіл бөлген, ал Батыс адамнан тыс жатқан табиғатты игеріп, материалдық және физикалық күштерді дамытумен айналысқан.
Шығыстық адам өз ішіне бойлайтын, өзінің тереңі мен өзінің шынайы Меніне жетуге ұмтылса, батыстық адам – табиғатты жеңуге, оны ғылым мен техниканың арқасында билеуге ұмтылып, сол арқылы өзінің меншікті, адами «Менінің» салтанатын бекемдеуге тырысады.
Үнді философиясының әртүрлі мектептерін бағалауда алуан түрлі көзқарас болса да, біз соларға тән үнді мәдениетіне ортақ сипаттарды ғана аңғарамыз. Қысқасы, ондай ортақ сипатқа адамгершілік пен діни көзқарасты жатқызуға болады.
Философиялық даналықтың мақсаты – әншейін зиялы қызығушылықты қандыру ғана емес, негізінен, көрегендік, болжау, терең сәуегейлік тән ең тәуір деген өмірге қол жеткізу. Жалпы, Үнді философиясындағы басты ерекшелік –адамгершілікке, руханилыққа баса назар аудару.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Алтай Ж.,Философия тарихы. «Раритет», –А: 2006. 9-10 беттер.
Ежелгі Шығыс философиясы. «Жазушы», –Алматы: 2005
Чаттерджи С.Датта Д. Индийская философия. –Москва: 1966
Лысенко В. Г. Будда как личность или личность в буддизме // Бог — человек — общество в традиционных культурах Востока. «Наука», — Москва: 1993.
Ольденбург С.Ф., Владимирцов Б.Я., Щербатской Ф.И., Розенберг О.О. Жизнь Будды, индийского Учителя Жизни. Пять лекций по буддизму. «Агни»,— Самара: 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |