3. Географияны оқытудың мақсаты, орта мектеп географиялық білімнің құрылымы мен мазмұны. 1. Географияны оқыту мақсаты.
2. Мектептегі географияның мазмұны.
3. Жалпы бағдарламаға мінездеме.
Орта мектепте географияны оқытудың өте маңызды мақсаты оқушыларды төмендегіше қалыптастыру және тәрбиелеу:
• Отанның ұлттық байлықтарын аялай қарауға, шаруашылықта жеткен жетістіктерге деген мақтаныш сезіміне, оның даму болашағына деген жауапкершілікке;
• Қазақстандық отансүйгіштікке, өзара көмектесуге деген құлшынысқа, Қазақстан мен дүние жүзі халықтар арасындағы достыққа;
• Халықаралық саяси-экономикалық өмірдегі деректер мен құбылыстарды дұрыс түсінуге және бағалай білуді;
• Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, әсіресе объектілер мен құбылыстарды кешенді түрде қарастыру кезінде, өз ойларын картамен байланыстыра білуге;
• Табиғатқа және табиғат пен қоғамның өз ара қатынасына диалектикалық – материалистік көзқарасты қалыптастыруға;
• Қазіргі заманғы дүние жүзілік экономиканың дамуының негізгі бағыттарымен таныс болуға, Отанға деген сүйіспеншілікке, Қазақстан халқының жетістіктерін қорғауға, Жер бетіндегі халықтармен интернационалдық ынтымақтастық сезімде, белсенді өмірлік көзқарасқа;
• Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау үшін керекті білім мен біліктілікке үйренуге, өндірістік қызметінде, өнеркәсіптік жэне қоғамдық өмірде атсалысудың маңызды жағдайы ретінде оқушыларды экономикалық география мен экономика саласында өзіндік білімін көтеруге дайындауға мақсат етеді.
География пәнінің оқу – тәрбиелік міндеттері.
География пәнін мектепте оқыту барысында келесі міндеттер шешіледі:
1. География ғылымы және онымен жапсарлас бірқатар Жер қоғам туралы ғылымдарды игеру, табиғат аясында жасай білу ережелеріне сай үйренген географиялық білімді кәсіптік қызметке қолдана білуді игеру.
2. Географиялық , саяси экономикалық ақпарат көздерімен, карталармен, тұрмыстық және кәсіптік міндеттерді шешу үшін электронды-есептегіш техникамен жұмыс істей білу.
3. Өз аймағындағы табиғи және шаруашылық ахуалды бағалау. Оқушылардың оқу жұмысына қажетті икемін қалыптастыру, логикалық дамыту, жадын, тілін, аумақ образын жасай білу, қоршаған ортаны эстетикалық қабылдай білу, өмірге деген шығармашылық көзқарас пен тұрақты түрде дамуға және өздігінен білімін көтеруге тырысу қабілеттерін дамыту.
Географиялық білім міндеттерін шешу барысында қазіргі заманғы география толық ғылымдар жүйесі болып табылатындығы басты назарда болды. Ол екі негізгі тарамдарға - физикалық және экономикалық география салаларына бөлінеді. Бұл бөліну география ғылымы зерттейтін обьектілердің өз танымынан туындайды, бір жағынан табиғат құбылыстары, екінші жағынан қоғамдық құбылыстар.
Физикалық география жаратылыстану ғылымдары анықтайтын табиғи құбылыстарын географиялық тұрғыда зерттейді.
Экономикалық география қоғамдық ғылымдар анықтаған заңдылық-тарға негізделген қоғамдық құбылыстарды зерттейді.
География ғылымдарының қазіргі замандық деңгейі зерттеу аумақтарының, әсіресе, Қазақстан Республикасының географиялық ерекшеліктерін, теориялық зерттеулер мен ғылыми түсініктер жүйесін теріп алу және дидактикалық өңдеу міндеттерін қойып отыр.
Қазіргі заман географиясының даму үрдісі мен оның табиғатты қайта қалыптастыру мен тиімді пайдаланудағы ролінің өсе түсуін еске ала отырып, географияның барлық курстарында табиғи ресурстарды зерттеуге адам қоғамы мен табиғат арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне, табиғат қорғауға, минералды-шикізат ресурстарын тиімді пайдалануға баса көңіл аудару керек.
Бұл мәселелер оқу материалының бүкіл мазмұны арқылы өтетін болуы тиіс.
География - жалпыға міндетті білім мен фундаменталдық оқу пәндерінің ішіндегі Жер планетасы туралы толық түсінік беретін, бір мезгілде жаратылыстану жэне қоғамдық ғылым болып табылатын жалғыз пән. Ол географиялық білімдердің орта мектепте алатын Жалпы ғылыми білімдер арсеналындағы синтездеуші функциясын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес, оқушылардың қоршаған әлем туралы білімдерінің толықтығы мен біртұтастығын талап ететін дәстүрлі жэне қазіргі замандық оқу әдістерінің және Жер туралы ғылымдар жүйесінің білім жинақтау құралдарының көмегімен біздің Планетамыз туралы ғылыми көзқарас қалыптастыру «География» пәнінің оқу функциясының негізгі мазмұны болып табылады.
Осыған сәйкес географиялық білім оқушылардың географиялық заңдар мен заңдылықтардың, үрдістердің, әлемнің түрлі аймақтары мен елдеріндегі қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынас обьектілерін білуге және түсінуді үйретуге қызмет етеді.
Табиғатты, тұрғындар мен шаруашылықты зерттей отырып, география табиғат, адам, қоғам, жүйесін зерттеумен айналысатын үлкен интеграциялаушы әлеуетке ие. Адам, қоғам және табиғат арасындағы қатынас – адамзат қоғамының өз өмірі мен әрекеті, ортаны қорғау мәселелерін шешудегі экологиялық құрамы болып табылады. Бұл кешенді көзқарастар оқушыларды оқытудағы пәнаралық ғылыми байланыстар үшін, тәрбиелеуде, дамытуда аса ірі мүмкіндіктерге жол ашады.
Мектеп географиясының құрылымы мен мазмұнын жетілдіруге байланысты «География» пәніне Жалпы білім беретін мектепті реформалаудағы негізгі талаптарды көрсететін айтарлықтай өзгерістер енгізілді.
География пәні Қазақстан Республикасы Жалпы орта білімнің Базистік оқу жоспарында көрсетілген оқу пәндерінің тізіміне сәйкес мынандай курстарға бөлінеді:
- Базистік оқу жоспарында географияны оқуға негізгі мектепте 7,5 + 2 сағат Жаратылыстануға бөлінген.
Географияның курстары
1. 5-ші сынып – Жаратылыстану - кіріктірілген курс.
2. 6-шы сынып - Физикалық география - бастауыш курс.
3. 7-ші сынып - Материктер мен мұхиттар географиясы.
4. 8 – 9-шы сыныптар – Қазақстан географиясы тұтас курсы - Қазақстанның физикалық, экономикалық жэне әлеуметтік географиясы.
5. 10-шы сынып - Дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясы.
5-ші – сыныпта «Жаратылыстану» курсы бастауыш сыныптарда оқылатын Дүние тану курсы мен жаратылыстану ғылымдары биология, химия, физика, география және экология пәндері арасында жалғастырушы роль атқарады.
6-шы – сыныпта «Физикалық география» курсы оқытылады. Бұл курс кіріктірілген «Жаратылыстану» курсынан географиялық жүйелі курстарына логикалық түрде өтуді қамтамасыз етеді, сонымен бірге олар үшін негіз болып табылады. Бұл курстың басты міндеті – оқушыларға пән туралы, Жер бетіндегі табиғат пен тұрғындар туралы, географиялық карта туралы, бастапқы түсініктерді беру, және де өлкетану негізінде бастапқы географиялық біліммен жұмыс істей білуді үйрету.
7-ші – сыныпта «Материктер мен мұхиттар географиясы» курсы оқытылады. Онда оқушыларға түсінікті деңгейде Жер табиғаты мен оның қабықтарының құрылысы таныстырылады. Түрлі аумақтардың табиғатын зерттеу кезінде оқушыларда алғашында табиғат кешендерінің ендік бағытта полюстерден экваторға қарай ендік және биіктік бойынша алмасу туралы образды көзқарас қалыптасады. Онан соң бұл құбылысқа ғылыми түсінік беріледі. Оқушылар географиялық қабықтың біртұтастығы мен құрамдардан тұратыны, олардың арасындағы байланыс туралы түсінікке біртіндеп әкеледі.
Жердің әр бір құрлығы мен мұхиттарын зерттеу кезінде осы аймақтағы халықтың шаруашылық әрекетіне және табиғатына сипаттама беріледі. Дүние жүзінің саяси картасы мен жекелеген елдердің қысқаша сипаттарына үлкен мән беріледі. Және де Қазақстан туралы бірқатар географиялық мәліметтер Евразияны зерттеу кезінде беріледі. Осылармен бір мезгілде Жердің географиялық қабығымен байланысты түсініктерді қалыптастыру жалғастырылады.
8-9-шы - сыныптарда «Қазақстан Республикасының географиясы» (Қазақстанның физикалық, экономикалық және әлеуметтік географиясы) бірегей курсы оқытылады. Бұл курс жеткілікті дәрежеде Қазақстан Республикасының табиғаты, халқы мен шаруашылығы туралы толық, терең және біртұтас түсінік беруге бағытталады. Курстың мазмұнында Қазақстан Республикасының табиғи жағдайларын және ресурстарын бағалау, халықтың демографиялық аспектілерін зерттеу, салааралық, аумақтық - өнеркәсіптік кешендер талдау және Қазақстан Республикасы біртұтас шаруашылық кешенін талдау мәселелеріне баса көңіл бөлінеді.
Аймақтық тарауларда табиғатын, халқын және шаруашылығын кешенді зерттеуге маңыз бере отырып және де шаруашылық сипатына байланысты, ірі табиғат және экономикалық зоналардағы сипаттамаларына баса назар аударылады.
Бұл курста оқушыларда физикалық-географиялық білімнің қалыптасуы негізінен бітіп, экономикалық-географиялық және экологиялық білімнің негізі салынуы керек.
10-шы сыныпта “Дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясы” курсы оқытылады. Бүл курс оқушыларда қоршаған әлемнің біртұтастығы (яғни жер шарының халқы және шарушылығы өзара байланыста) туралы көзқарас қалыптасуын қамтамасыз етеді. Мұнда Жер шары халқының өсуіне баса назар аударылуы керек. Түрлі елдер арасындағы экономикалық байланыстардың күшейе түсуі ауқымды коммуникациялар желісінің аса кеңеюіне әкеліп соғады
Бұл деген пәннің мәдени-гуманистік бағытының күшеюіне алып келеді, себебі әлем халықтары географиясын, діндерді, тілдерді, мәдениеттерді т.б. оқытуға бөлінген уақыт көбейеді. Онда жеке елдер туралы материалдар қысқартылған, себебі осыдан бастап ол материалдар негізінен аймақтық шолу ретінде оқытылатын болады. Сонымен қатар адамзаттың глобальдық проблемалары мен Қазақстанның әлемдік саясат пен экономикадағы орны мен ролін көрсетуге баса назар аударылуы тиіс. Осылайша құрылуына байланысты, бұл курс елтанушылық курсынан жалпы экономикалық географиясы бар экономикалық- географиялық елтану курсына айналады.
11-сыныпта “Жалпы география” (табиғатты пайдалану аспектілері) курсы оқытылады. Оны оқытудағы негізгі мақсат: оқушылардың әлемнің географиялық сипаты туралы білімін қалыптастыруды аяқтау. Ол қоғам мен табиғаттың өзара ықпалы, халықтың көбеюі мен таралуы, әлемдік шаруашылық және географиялық еңбек бөлісуі, дүние жүзінде және жеке аймақтарда туындайтын ауқымды және аймақтың экологиялық- географиялық проблемаларда анықтау туралы теорияны түсіндіруге сүйенеді.
Бұл курста қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану проблемалары туралы білімді жинақтаушы әрі дамытушы болып табылатын табиғат пайдалану аспектілеріне баса назар аударылуы тиіс.
Кең мағынада қарастырылуға тиіс физикалық және экономикалық, географиялық біліммен қатар оқушылар тарапынан биология, химия, физика және өзге де мектеп пәндерін оқу кезінде табиғатты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау проблемасынан алған білімдерін дамытуды ойластыру.
Оқу бағдарламаларының түрлері және олардың мазмұны.
География оқу пәні шеңберінде келесі бағдарламалар жүзеге асырылады:
- білім беретін негізгі бағдарлама;
- білім беретін бағдарлы профильді бағдарлама;
- білім беретін қосымша бағдарлама (жеке жұмыстық бағдарлама немесе жоспарды қоса).
Бөлімде осы пәнің шеңберінде оқытылатын оқу бағдарламасының әрқайсысына сипаттама беріледі, оның ішінде:
- оқу бағдарламасының мазмұны, география оқу шеңберіне оқытылатын бөлімдер мен курстардың тізімі.
Негізгі курстар:
«Жаратылыстану» кіріктірілген курсының құрылымы:
Жер –Күн жүйесінің планетасы. Дүниетану дене және заттар. Дүниетану тіршілік. Табиғат және Адам. Табиғатты қорғау.
Физикалық география - Бастапқы курс. Бөлімдер: План мен карта. Жер қабықтары. Жердегі адамзат. Жергілікті жердің табиғаты.
Материктер мен мұхиттар географиясы - Бөлімдер: Жер табиғатының сипаттамасы. Мұхиттар. Құрылықтар.
Қазақстан Республикасының географиясы. – «Қазақстан Республикасы-ның географиясы» курсы екі бөліктен тұрады:
а) Бірінші бөлім – Қазақстан Республикасының географиясы.
Бөлімдері: Кіріспе және Қазақстан аумағын географиялық тұрғыда зерттеу тарихы. Қазақстан тарихына жалпы шолу. Қазақстанның табиғатын қорғау. Туған өлке табиғаты.
б) Екінші бөлім – Қазақстан Республикасы экономиялық және әлеуметтік географиясы. Бөлімдері: Кіріспе. Табиғи ресурстық әлеумет. Қазақстан Республикасың әкімшілік аумақтық бөлшектенуі. Қазақстанның геосаяси жағдайы. Халқы. Қазақстан Республикасының халық шаруашылығының жалпы сипаттамасы. Өнеркәсібі. Ауыл шаруашылығы. Көлік және байланыс. Әлемдік шаруашылықтағы Қазақстанның орны. Қазақстан Республикасы экономикалық аудандары. Өз облысының (туған өлкенің) экономикалық және әлеуметтік географиясы.
Дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясы. -
Бөлімдер: Дүние жүзінің жалпы экономикалық-географиялық сипаттамасы. Елтану элементтері. Дүние жүзіне аймақтық шолуы.
Жалпы география (табиғатты пайдалану). - Бөлімдері: Кіріспе. Жер табиғатына шолу. Табиғат және өркениет. Табиғатты игерудің аймақтық проблемалары, адамзаттың глобальдық проблемалары, тұжырым.
“География” оқу пәні бойынша оқу бағдарламасын игеру мерзімдері:
- бастауыш мектепте географиялық құбылыстар мен үрдістер туралы мәсе-лелер “Қорғаныш әлем” және “Дүниетану” жинақтылығы курстарында қарастырылады.
- 5-ші сыныпта “Жаратылыстану ” кіріктірілген курсы.
- 6-9-шы сыныптарда география жеке оқу пәндері ретінде 4 жыл оқытылады.
- жалпы білім беретін орта мектепте(10-11-ші сыныптар) география сабағы жеке пән ретінде 2 жыл оқытылады.
- пән бойынша білімнің базалық мазмұнын игеру мерзімі Базистік оқу жоспарымен анықталады, ал пән бойынша білімнің жоғары деңгейінің мазмұны – Қазақстан Республикасының Жалпы деңгейінің мазмұны – Қазақстан Республикасының жалпы орта білімінің типтік оқу жоспарымен анықталады.
“География” оқу пәнінің оқу жоспарын (керекті деңгейлік минимум) мерзімі:
5-ші сыныпта “Жаратылыстану” кіріктірілген курсы аптасына кемінде 2 сағат (барлығы жылына 68 сағат) өтіледі.
- негізгі мектепте – 255 сағат. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы географиясын оқуға 8-9-шы сыныптарда аптасына кемінде 2 сағат бөлінеді
(барлығы жылына 136 сағат).
- орта мектепте – 68 сағат.
- гуманитарлық профильдегі жоғарғы мектепте:
а) филология және эстетикалық профильде - аптасына 1 сағат және оқу жылында 34 сағат.
б) 10 сыныпта қоғамдық-тарихи профильде – аптасына 1 сағат және оқу жылында 34 сағат, 11 сыныпта – аптасына 2 сағат және оқу жылында 68 сағат.
- Жаратылыстану ғылымы профилінде:
а) Жаратылыстану – географиялық профильде – аптасына 4 сағат және оқу жылында 136 сағат.
б) Химия-биология және физика-математика профильдерінде - аптасына 4 сағат және оқу жылында 34 сағат.
Географиядан профильді білім беру профилінде бағдарламаны игеру мерзімі (мазмұны күшейтілген деңгей):
- негізгі мектепте – 714 сағат;
- орта мектепте – 76 сағат;
Географиядан білім беру және қосымша бағдарламаларды негізгі және орта мектептерде игеру мерзімі:
- факультатив сабақтарда: оқу жылында 17 сағаттан кем емес немесе 68 сағаттан артық емес
- жеке бағдарламалар бойынша: оқу жылында 17 сағаттан кем болмау, 34 сағаттан аспау керек.
Оқушылардың оқу жүйесінің апталық және жылдық көлемі.
Оқушылардың әрбір сыныптағыоқу жүйесінің минималдық көлемі:
- негізгі мектепте – аптасына 2 сағат және оқу жылында 68 сағат.
- гуманитарлық профильді орта мектепте – аптасына 1 сағат және оқу жылында 34 сағат.
- жаратылыстану – географиялық профильдегі орта мектепте – 242
сағаттан кем болмауы тиіс (әр сыныпта аптасына 4 сағат және оқу жылында 136 сағат).
География пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі
Оқу пәндері стандарттарында:
- білім бағдарламасындағы оқу жүктемесінің жалпы көлемі белгіленеді.
Білім беретін негізгі бағдарламаға сәйкес жүктеменің минималдық көлемі:
- негізгі мектепте – 323 сағат;
- гуманитарлық бағытта орта мектепте – 68 сағат;
- жаратылыстану (жаратылыстану- география ) бағдарындағы орта мектепте 232 сағат (аптасына4 сабақ);
- физика- математика бағдарындағы орта мектепте – 68 сағат (аптасына 2 сағат) құрайды.
“ География” оқу пәні бойынша оқу бағдарламаларының базалық мазмұны
География білімінің (оқу пәнінің) стандарты мемлекеттік білім нормасы ретінде қабылданатын негізгі өлшемдер жүйесін құрайды. Ол қазіргі заман деңгейіне сәйкес ғылымның, техниканың дамуына, оқытудың әдістері мен мазмұнын арттыруға бағытталған мектеп білімінің жаңа мақсаттарын көрсетеді; XX ғасырдың соңғы он жылдығындағы дүние жүзілік қоғамдастыққа және Қазақстанның қоғамдық өмірінде болған саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.