Тапсырмалар:
1. Мәдениет және оның адамның өмірі мен қызметіндегі орны мен
рөлі
2. Мәдениет мәні туралы білімнің, мәдениет морфологиясы мен
анатомиясының мәдениет туралы ғылым үшін мәнін ашып
көрсету.
3. Мәдениеттің мағынасы, қызметтері мен морфологиясын
анықтауға ыңғайлардың көптігінің мәнін бағалау
1.Мәдениет деп нені айтамыз? Мәдениет ұғымы алғашында
адамның табиғатқа ықпал етуін, табиғат күштерін бағындырып,
өзінің көздеген мақсатына жетуін көрсетуге қолданылды.
Мәдениет халықтың мыңдаған жылдар бойындағы
шығармашылығын, адамның рухани ізденістерін, халықтың
даналығы мен адамгершілік нышандарын жинақтайды.
Адамзаттың рухы, келбеті, еркі, бостандығы, тарихи санасы,
жады, философиялық жүйелері, рәміздері, өмірлік сабақтары, діні,
тілі, ділі, мұраты, бәрі мәдениетпен біте қайнасып жатыр.
Мәдениет — материалдық және рухани байлықты жасауынан
көрінетін адамның өмірі мен әрекетін ұйымдас-тыру тәсілі, қоғам
мен адамның тарихи даму деңгейі.
Материальдық және рухани мәдениет жетістіктерінің
жиынтығы мәдени игіліктерді құрайды. Оларға: техника мен
құрал-жабдықтар, тұрмыстық мәдениет заттары, адамдардың
білімділігі, кәсіптік шеберлігі, мұрағаттар, мұражайлар,
кітапханалар, клубтар және тағы басқалар жатады. Мәдени
игіліктердің ішіндегі ең елеулісі — көркемөнер. Көркемөнер —
мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін
факторлардың бірі. Көркемөнер адамды сұлулыққа ұмтылдырады.
Мәдени әрекет деп мәдени игіліктерді өндіруге, таратуға,
тұтынуға бағытталған әлеуметтік шараларды айтады. Мұндай
игіліктерді жасау нәтижесінде адам өзінің де мәдени деңгейін
көтереді. Осы әрекеттің қайнары, түпкі қозғаушы күші ретінде
адамның мұқтаждары мен мәдени қажеттіліктері
қарастырылады. Олардың қатарына мыналарды жатқызамыз:
өмірдің мәні мен мағынасын іздеу, өмірден өз орнын табуға
ұмтылу, шығармашылыққа талпыныс, альтруизм, гуманизмге
ынта және басқалары.
Мәдени орта — мәдениет туындыларын туғызатын, тарататын
және пайдаланатын белгілі бір аумақта өмір сүретін әлеуметтік
топ. Мәдени ортаның жалпы мәдени деңгейі жалпыадамзаттық
мәдениет жетістіктерін пайдалану және өздерінің мәдени
туындыларын өндіру мүмкіндігіне, топ мүшелерінің материалдық
қамтамасыздығына, тіліне, діліне, әлеуметтік-психологиялық
ерекшеліктеріне қарай әр түрлі болып келеді. Мәдени орта
мәдениеттің коммуникациялық қатынасымен байланысты. Ол
заттық-материалдық игіліктермен жабдықталған ұйымдар мен
ұжымдардан, рухани қызмет орындарынан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |