Жұмысшылар мен қызметкерлердің өндірген өнімдері мен істеген жұмыстарына толтырылған алғашқы құжаттар мен жұмыс уақытының табельдері оларға еңбек ақы есептеу және оны төлеу үшін ұйымның цехынан, бөлімшелерінен, бригадаларынан кәсіпорынның әкімшілігі белгілеген мерзімде бухгалтерияға келіп түседі. Еңбекақы есптеу үшін толтырылатын бұл алғашқы құжаттар мен табельдердің дұрыс толтырылуы, лауазымды тұлғалардың қолдарының қойылуы мұқият тексеріледі. Тексеріліп болғаннан кейін бұл құжаттар бойынша кәсіпорынның жұмысшылары мен қызметкерлеріне еңбекақы есептелінеді.
Жалпы жұмысшылар мен қызметкерлерге есептелетін еңбекақы негізгі және қосымша болып екі түрге бөлінеді.
Негізгі еңбекақы - жұмысшылар мен қызметкерлердің нақты жұмыста болған уақытына, яғни олардың істеген жұмысына, атқарған қызметіне төленеді. Незігі еңбекақыға мына төмендегі аталғандар жатады:
1. Мерзімді және кесімді еңбек ақы;
2. Сыйлықтар мен сыйақылар;
3. Үстеме сыйақылар.
Қосымша еңбекақыға – еңбек заңына сәйкес шарттарда қаралып белгіленген, жұмысшылар мен қызметкерлердің жұмыс істемеген, қызмет атқармаған уақытына төленетін төлемдер жатады. Оларға:
1. Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек демалысы үшін төленетін төлемдер.
2. Жұмысшылар мен қызметкерлердің мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарды атқарғаны үшін төленетін төлемдер.
3. Жас сәбилі аналарға берілетін демалысқа, баланы тасақтандыру үшін берілетін үзілістерге төленетін төлемдер.
4. Жасөспірімдердің қысқартылған жұмыс уақытына төленетін төлемдер.
5. Жұмысшылар мен қызметкерлердің кінәсінсіз жұмыстың тоқтап қалған уақытына төленетін төлемдер.
6. Тегін көрсетілген немесе тегін берілетін қызметтер мен заттың құны.
7. Жоғары немесе арнайы оқу орындарында және басқа да мамандығын көтеру курсына жіберілген уақыына байланысты жұмысшылар мен қызметкерлерге төленетін төлемдер.
8. Әскери жиындарға қатысқаны үшін сондай-ақ демалыс немесе мейрам күндері кезекшілік атқарған адамдарға төленетін төлемдер және тағы басқалар жатады.
Өндіріс пен құрылыста халық шаруашылығының басқа да салаларында еңбекақы есептеудің және оны төлеудің мерзімді және кесімді деп аталатын екі нысаны қолданылады.
Мерзімді еңбекақы жұмысшылар мен қызметкерлердің жұмыс істеген уақытына, сағаттық немесе күндік еңбекақы мөлшері бойынша өнім өндіргені немесе өндірмегеніне қарамастан, яғни оның жұмыста болған уақытына төленеді. Мерзімдік еңбекақы өндірген өнімі мен істеген жұмысын мөлшерлеуге болмайтын, яғни атқарған жұмысының көлемі мен санын анықтау мүмкін емес болып есептелетін инженерлік-техникалық жұмыстағы жұмысшылар мен қызметкерлерге еңбекақы төлеуге негізделген.
Кесімді еңбекақы - жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек өнімділігін өсіруге, өнімді өндіруге кеткен еңбек уақытын қысқртуға ынталандыру мақсатында қолданылады. Еңбекақы есептеудің және төлеудің кесімді түрін қолданғанда жұмысшылар мен қызметкерлерге тиісті еңбекақы, олардың өндірген өнімдерінің көлемін немесе санын тариф бойынша белгіленген өлшем бірлігіне қарастырылған яғни белгіленген кесімді бағаға көбейту арқылы табылады. Кесімді баға белгіленген жұмыс уақытында өндірілуге тиісті өнім көлемі мен сапасына негізделіп белгіленеді. Уақы мөлшері бір жұмысты орындауға керекті, яғни қажет болатын, адам/сағат, адам/күн өлшемінде көрсетілген уақыт болып саналады. Өнім өндіру мөлшері жұмысшылар мен қызметкерлердің белгілі бір уақыт аралығында жасап шығаратын, өндіретін өнімінің санымен немесе көлемімен анықталады.