2. Қазақстандағы Кеңес билігінің орнауының ерекшеліктері Қазақстан Кеңес өкіметінің орнауы және жеңуі жолындағы күрес Ресейдегі біртұтас револлюциялық процестің ажыратылмас құрамдас бір бөлігі болып табылады. Бүкіл елдегі сияқты, мұнда да революциялық және ұлт-азаттық қозғалыс өрістей берді. Жұмысшылар жетекші рөл атқарды, олар соғыстың тоқтатылуын, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етті, ал кейбір кәсіпорындарда мұндай тәртіп рұқсатсыз-ақ енгізілді. Фабриктерде, зауыттар мен шахталарда интернационалдық құрамда фабрик-зауыттық комитеттер мен кәсіподақтар құрыла бастады.
1917 жылдың көктемі мен жаздың басындағы революциялық және ұлт-азаттық қозғалыс әлі де бейбіт сипатта еді. Уақытша үкіметтің 18 маусымда майданда шабуылға шығу жөніндегі контрреволюциялық саясаты масқара болды, 10 күн ішінде орыс әскері өлгені және жараланғаны бар 60 мыңдай адамынан айырылды. Мұнын өзі жұмысшылар мен солдаттардың ашу-ызасын туғызып, зығырданын қайнатты. 3 шілдеде шеруге қатысушылардың саны 500 мындай болды.Уақытша үкімет халықтың бас көтеруін басып тастау үшін майданнан өзіне берілген әскер бөлімшелерін алдырды, сөйтіп революцияшыл жұмысшылар мен солдаттарды аямай жазалады.Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде Ресейдің отар шет аймақтарында мұсылман қозғалысы қаулап дамыды, ол бірқатар исламдық партиялардың құрылуына алып келді. 1917 жылы қыркүйекте мұсылмандар ұйымының съезі тұңғыш мұсылман партиясы — Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей Республикасымен Федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады.Түркістан, Орал және Торғай облыстары мұсылмандарының делегаттары қатысқан, сол тұста өткен съезд «Мұсылмандар одағы» партиясының құрылғанын жариялады. Ол Ресей Республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Съез «Түркістан Федерациялық Республикасы» парламенттік республика негізінде құрылуға тиіс деп белгіледі.Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар сонымен бірге Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді. Революцияның дамуына, саяси тайталастың өрістеуіне қарай күштердің ұлттық негізде топтасуы жүріп жатты.Ақпаннан кейінгі кезенде Қазақстанда Ресейдегі сияқты көп партиялы жүйе қалыптасты. Эсерлер, кадеттер және басқа саяси партиялар еңбекшілерді соғысқа қарсы, бүкіл өкімет билігін жүмысшылар мен солдаттар депутаттары Кеңестерінің қолына көшуі жолындағы күреске шақырды.Ресейде 3-4 шілдедегі сан мың адамның бейбіт шеруі жаншылғаннан соң саяси жағдай күрт өзгерді, қос үкіметтілік бітті. Революция дамуының бейбіт кезеңі аяқталды. Бүкіл билік контрреволюцияшыл буржуазияның қолына шоғырланды, ал эсерлік-меньшевиктік Кеңестер Уақытша үкіметтің шылауына айналды. Сондықтан большевиктер партиясы жаңа саяси жағдайда күрес тактикасын өзгертіп, «Бүкіл өкімет Кеңестерге берілсін!» деген ұранды күн тәртібінен уақытша алып тастады.1917 жылы күзде Петропавлдың большевиктері қазақ және татар тілінде жазылған үндеу жариялады, онда былай делінген: «Жұмысшылар мен солдаттар, Совдептің төңірегіне тығызырақ топтасыңдар, барлық өкімет билігінің Кеңестерге берілуін талап етіңдер!». Ақмолада революциялық-демократтық «Тіршілік» газеті шыға бастады. Газеттің шығуы мен баспахананың құрылуына С. Сейфуллин белсенділікпен атсалысты. Ол қазақ еңбекшілерін Кеңес өкіметі үшін күреске құлшындыруда үлкен рөл атқарды.Жаңа өкімет органдарын құру кең қанат жайды. 3 қазанда жұмысшылар мен солдаттардың Перовск Кеңесі Уақытша үкіметтің учаскелік комиссарын орнынан түсірді. 4 қазанда Семей шаруалары депутаттарының облыстық II съезі қызу жарыссөзден кейін большевиктік қарар қабылдады, онда: Кеңестер елде билік орнатып, билікті өз қолдарына алулары керек! — делінген. 5 қазанда Әулиеатада жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының съезі гарнизон басшылығының Кеңестің келісімінсіз әскери бұйрық беруіне тыйым салды. Барлық әскери бөлімшелерге Кеңестің рұқсатынсыз ешқандай жауынгерлік бұйрықтарды орындамау ұсынылды. 17 қазанда Орынбор гарнизонының әскери бөлімшелері өкілдерінің жиналысы мемлекеттің барлық өкіметтік билігі Кеңестерге берілуін талап етті.1917 жылы жұмысшылардың, солдаттар мен матростардың 24 қазанда Петерборда басталған қарулы көтерілісі жеңіспен аяқталды. Астананың барлық маңызды объектілерін — вокзалдарды, телефон-телеграфты, электростанцияны, үкімет мекемелерін, Мемлекеттік банкті басып алды. Уақытша үкімет құлатылды, оның министрлері қамауға алынды.25 қазанда кешкісін Смольныйда Кеңестердің Бүкілресейлік II съезі ашылды, ол В. И. Ленин жазған «жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға» арналған үндеу қабылдады. Онда барлық өкімет билігінің орталықтан жергілікті жерге дейін жұмысшылар, солдаттар мен шаруалар депутаттарының Кеңестеріне көшкені жария етілді. Съезд Бітім туралы декретті және Жер туралы декретті бекітті, жұмысшылар мен шаруалардың тұңғыш үкіметі — Халық Комиссарлары Кеңесін құрды, оның төрағалығына В. И. Ленин сайланды.Петроградтағы оқиғалар туралы, Ленин басқарған Кеңес үкіметінің құрылғаны туралы және Ресей халықтарының ғасырлар бойы арманын білдірген оның алғашқы декреттері туралы хабар, Қазақстанның қалалары мен селоларына лезде тарады, олар өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген жаңа күш-қуат пен революциялық жігер туғызды. Өлкенің еңбекшілері революция жасаған жұмысшылар мен шаруалардың органы болған, Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске көтерілді.1917 жылы 20 қарашада Кеңес өкіметінің «Ресей мен Шығыстың еңбекші мұсылмандарына» үндеуі жарияланды, оның айрықша мәні болды. Онда былай деп атап көрсетілген: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және дербес құқықты деп жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық тыныс-тіршіліктеріңізді ерікті және кедергісіз реттеңіздер. Ресейдің басқа халықтарындай, сіздердің де құқықтарыңызды революция және оның органдары, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттарының Кеңестері қорғайтынын біліп қойыңыздар». Үндеудің ұлттық шет отар аймақтарының езілген халықтарына дем бергені, Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуін тездеткені сөзсіз.