1 Семантика ұғымы және түсініктемесі Лингвистикалық семантика, оның түрлері



бет1/7
Дата10.05.2020
өлшемі58,31 Kb.
#66869
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
содержание


1 Семантика ұғымы және түсініктемесі



    1. Лингвистикалық семантика, оның түрлері

Семантика өз бастауын көне Қытай философиясы, грек ойшыл­дары Платон, Аристотель, орта ғасыр араб, шығыс ғалымдары әл-Фараби, М.Қашқари, орта ғасыр Европа ойшылдары Г.В.Лейбництің (1646-1716), Пор-Рояль монастыры монахтары Антуан Арно (1612-1694) мен Клод Лансло (1612-1695) еңбектерінен алады. Ал жеке пән ретінде ағылшын философы Дж.Локктың (Locke,1660) он жетінші ғасырда жарық көрген еңбектерінен бастап бөліне бастайды [8, 5]. Ірі лингвист Вильгельм фон Гумбольдт (1767-1835) тіл мен ойлаудың өзара қатынасын басты тілдік мәселе ретінде өз еңбектерінің арқауы етеді. Әрбір тілдің өзіндік «ішкі формасы» бар және ол тіл әлемді өзіндік ұлттық бояумен мүшелейді, сондықтан әлем туралы адамның түсінігі сол адам қолданатын тілге тікелей байланысты деген Виль­гельм фон Гумбольдт тұжырымдарынан бүгіндегі когнитивті линг­вистика мен лингвомәдениеттану ғылымдары да өз негізін алады. Ал неміс зерттеушісі К.Рейзиг 1839 жылы шыққан латын тіл білімі бой­ынша лекцияларында семасиология атты жеке пәнді сөз мағынасының өзгеру заңдылықтарын зерттеу үшін енгізеді. К. Рейзиг грек тіліндегі semasia «мағына» және semaino «білдіру» деген сөздерден семасиоло­гия терминін, яғни «мағына туралы ғылым» дегенді білдіретін сөзді ғылыми айналымға қосады. Ал 1883 жылы француз тілшісі М.Бреаль семантика сөзін «мағыналар туралы ғылым» пәнінің жаңа атауы ретінде белгілеп, 1897 жылы шығарған «Мағыналар туралы ғылым. Семантика» деген атақты еңбегін осы атаумен атайды, яғни еңбектің французша аты «Essai de semantique. Science des significations». Осы­дан бастап, семантика және семасиология сөздері қатар қолданыла ба­стайды, яғни он тоғызыншы ғасырда орыс тіл білімінде А.А.Потебня, М.М.Покровский т.б. сияқты ғалымдар Батыс Еуропа зерттеушілері В.фон Гумбольдт, Ф.де Соссюр, Г.Пауль ізімен семантика және се­масиология терминдерін синоним ретінде қолданған. Мәселен, М.М.Покровскийдің Мәскеу университетінде «Көне тілдер бойынша семасиологиялық зерттеулер» атты 1896 жылы қорғалған еңбегінде «семасиология» термин ретінде алынған [9].

Семантика және семасиология терминдері жиырмасыншы ғасырдың орта шеніне дейін деңгейлесе қолданылып келді де, соңынан барып, семасиология термині жеке тұрған сөз мағынасын зерттейтін ғылымның атауы ретінде тұрақтала бастады. Мысалы, В.А.Звегинцевтің «Семасиология» атты ірі зерттеуі – семантика мәселелерін қарастырғанымен, семасиология атауын еншілеген соңғы еңбектердің бірі [10]. Семантиканың қарқынды дамуы жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан басталады, өйткені осы кезде синхрон­ды семантика жетекші қызметке ие болып, диахронды семантикаға арналған зерттеулер саны шектеле бастайды. Бұл кезде семантика семиотикамен, логикамен, философиямен, психологиямен шектесе байланысып, сөз, мағына, қатынас, сөйлеу актісі, мағына прагмати­касы, сөйленіс, сөйлем, мәтін, концепт, қимыл үрдісі семантикасы, лингвомәдени бірліктердің ұлттық менталдығын қарастыратын кең көлемдегі пәнге айнала бастады. Семасиология термині тек кеңестік тіл білімінде 20-ғасырдың сексенінші жылдарына дейін қолданылып, 90-ншы жылдары жаппай қолданыстан шыға бастайды. Мәселен, кеңес дәуіріндегі бұл терминнің қолданылуы жайында Ғ.Мұсабаев: «Совет тіл білімінде кейінгі кезде семасиология делініп жүр. Өйткені марризм тұсында аталған семантика деген атауға асыра сілтеушілік байланысты болды. Бұл – бір. Екіншіден, семантика деген атау бұрынғы терминдік мәнін жоғалтып, мағына деген сөздің синонимі болып барады. Сондай-ақ, бұл термин шет елдерде, әсіресе, капиталистік елдерде, идеалистік ағымдағы логикалық позитивизмнің бір саласының аты болып жүр», – деп жазған еді [11]. Кеңес Одағы ыдыраған кезеңнен бастап, се­масиология ономасиологияға қарама-қарсы дара сөздердің мағынасын зерттейтін ғылымның аты ретінде қабылданып, екеуі де семантиканың бір құрамдас бөліктеріне айналды. Ал семантика атауы кеңейіп, жалпы алғандағы әртүрлі мағыналар мен мәндерді зерттейтін ғылымдардың атауы ретінде жалпы ғылымға белгілі болды. Семантика атауының бұрын кең орын алмау себебі, кеңестік дәуірдегі батысқа деген қатаң идеологияға байланысты болса керек, сондықтан тек жиырмасыншы ғасырдың 80-нші, 90-ншы жылдары ғана орыс, қазақ тіл білімдерінде семантика термині қолданысқа ие болды. Мәселен, К.А.Левковская бұл туралы: «Кеңестік және неміс тіл білімінде семантика емес, се­масиология терминін таңдайды, себебі бұл термин ғылым атауын дәл береді», – деп жазған болатын [12]. В.А. Звегинцев тілдің семасиологиялық деңгейінің негізгі бірлігі ретінде моносема терминін енгізіп, оны әлеуетті сөзтіркестік үлгі ретінде анықтап, семантика-синтаксистік құрама деп атайды [13]. Дегенмен, бүгінде семанти­ка термині кең қолданысқа ие болды деп кәміл айта аламыз. Мысалы, Ю.Д.Апресян. Лексикалық семантика; Л.А. Новиков. Орыс тілінің се­мантикасы; М.Оразов. Қазақ тілінің семантикасы; М.А.Кронгауз. Се­мантика т.т. Енді семантика ғылымының таралу шеңбері, сондай-ақ, басқа ғылым салаларымен байланыстарына келейік, яғни философия, логика, семиотика, психология т.т.

Жалпы семантика мынадай ірі ғылым салаларына жіктеледі: логикалық семантика, философиялық семантика, лингвистикалық семантика, психосемантика, семиотикалық семантика немесе семиологиялық семантика, теологиялық семантика. Теологиялық се­мантика – Батыс Еуропа, араб, американ елдерінде орын алғанымен, кеңестік, атеистік кеңістікте мүлде кенже қалған ғылым, дегенмен де, гендерлік, когнитивті лингвистика және лингвомәдениеттану ғылымдары көлемінде орыс және қазақ тіл білімдерінде ішінара қарастырылуда, сол себепті, семантиканың бұл түрін осы сипаттаумен шектелеміз. Теологиялық семантика Қайта өрлеу дәуірі (ренессанс) кезінде алғаш пайда болып, тіл білімі мен дінтану ғылымдарының кейбір маңызды сұрақтарын бірлестікте қарастыруды мақсат етеді. Бұл саладағы алғашқы зерттеушілердің бірі неміс теологы Николай Кузан­ский (1401-1464) өзінің «Компендий» атты еңбегінде тілді таңбалық жүйе ретіндегі жалпы теориясын жасауға әрекет етеді. Сондай-ақ, бұл еңбекте белгісіз бірінші базалық тіл идеясы, мәтін түсінігін ашу үшін қазіргі компонентті талдау негіздері туралы ойлар айтылады. Теологиялық семантика туралы тағы айта кететін жағдай, негізінен, егер мысал ретінде ислам дінін алсақ, қасиетті Құран-Кәрим сөздерінің мағынасы, хадистердегі сөздердің мәні, олардың адресанттарға (қалың көпшілік) тигізер әсері, оларды ұғыну деңгейі, діни қайраткер, діни тілдік тұлғалардың тіл ерекшеліктері т.т. сияқты күрделі мәселелер бұл ғылымның зерттеу нысаны болады. Соңғы кезеңде бұл жалпы се­мантика ғылымын, яғни семантика түрлерін кей зерттеушілер тек бір-бірімен байланыста қарайды, яғни, мәселен, семантика мен семиотика, логика және семантика, философия мен семантиканың байланысы т.т., дегенмен де бәрі де осы ғылымдар айналысатын сұрақтарды зерттейді. Біздің зертте отырған мәселеміз – тіл бірліктері арасындағы мағыналық қатынастардың қайнар көздері семантиканың осы ғылымдармен бай­ланысында жатыр.

Жалпы тіл мен дін мәселесі кеңес дәуірінде мүлде қарастырылмады, себебі коммунистік идеологияға кез келген дін жат болды. Бұл туралы А.П.Комаров былай деп жазады: «Бізде тіл ғана ғылыми теориялық пайымдаулардың нысаны бола алады, ал дін бола алмайды, өйткені ол білімге емес, сенімге сенеді, сондықтан дін ғылымнан алыс тұратыны туралы бір сенім қалыптасты. Міне, сондықтан бізде 75 жыл бойы бұл тақырыпқа арналған бір еңбек жарық көрмеді» [14, 53]. Ол дін мен тілдің бірлігі, оның ішінде ислам діні туралы туралы жаза келіп, араб тілі туралы «Сам термин «Коран» – лингвистической семантики и означает «чтение». Нигде и никогда язык не связывал так прочно раз­ные народы, как арабов связывает язык Корана. Арабский язык боже­ственный и поэтому несравненный и неизменный, превосходящий все другие языки, и вечный. Он признается единственно способным пере­дать всю полноту божественного откровения. Этим объясняется за­прет переводов Корана на другие языки», – дейді [14, 57]. Теологиялық семантиканың мәселелері бүгінде когнитивті тіл білімінен бастау алуда, мәселен, қазақ тіл біліміндегі когнитивті лингвистиканы қарастырған Э.Оразалиева бұл санаттағы еңбектерге Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» еңбегін жатқызады [15,94]. Ал Ә.Әбді-рахманның Құран Кәрімдегі тұрақты тіркестер мен терминдердің лингвомәдени аспектісін зерттеген еңбегі осы жұмыстардың басы деп есептейміз [16, 4]. Сондай-ақ, М. Бұлұтайдың дін және ұлт, ұлттық тіл туралы ой-толғамдары туралы зерттеуін осы аядағы еңбектерге жатқызуға болады [17, 38-42]. Қазақ сөздерінің мағыналық құбылуына және сөйлеу кезіндегі мәннің өзектенуіне, әртүрлі концептілерге ислам дінінің тигізер әсерін зерттеу – келешектегі міндеттерінің бір ұшпағы деп білеміз.

«Семантика» термині, алдымен, логика және философия ғылымдарынан тіл біліміне ауысқан себепті екі мәнде қолданыла береді. Біріншіден, «семантика» сөзі тіл білімі термині болса, екіншіден, логика термині болады. Логиктер «семантика» терминін семиотикадағы мәнде түсінеді де, оны хабар беру қызметі, яғни син­таксиспен байланысты қарастырады. Осыдан келіп, семантика логика мен лингвистикада зерттеледі. Бұлай болуының басты себебі, «мағына, мән» терминдерінің қолданылуында жатыр. «Мән» логикалық термин болғанымен, тіл білімінде, ал «мағына» лингвистикалық термин бол­са да логикада қолданылады. Міне, осындай объективтік себептерге байланысты, семантика ғылымының шартты түрде екі концепция­сы шығады: семантиканың тар концепциясы және кең концепциясы. Бұлардың әрқайсысы семантиканың зерттеу нысаны бола алады, сондықтан семантика екі жақты ғылым деп ұғынсақ қате болмайды. Семантиканың тар тұжырымдамасының (концепция) зерттеу нысаны – тіл бірліктері, олардың көрінуі болса, кең концепциясының зерттеу ны­саны – осы бірліктердің нақты қолданыс кезіндегі мәні болады. Бұлар бірлесе келе семантиканың зерттеу нысаны болады. И.М.Кобозева: «Мағына мен мән – мазмұнның екі жағы (ипостасы), сондықтан бір контексте бұл сөздер таңбалайтын әртүрлі ақпарат түрін анықтау үшін сол контекске талдау жүргізу қажет», – деп дәл анықтайды [18]. Мазмұн кең категория болғандықтан көптеген ғылымдардың бірлігі ретінде қаралады. «Мән» мәселесі логикадан семантикаға тарап кеңігенде семантиканың пән ретінде зерттейтін ауқымы үлкейіп, оған тілдің барлық салаларының бірліктері ене бастады.

Бүгінде шетел, орыс тіл білімінде фонетика, морфология, син­таксис, сөзжасам ғылымдарының бірліктерінің мәндері семантика ғылымында зерттеле бастады. (Орыс тіл білімінде, мәселен, мына­дай зерттеулер жарық көрді: А.П.Журавлев. Фонетикалық мағына. С.В.Воронин. Фоносемантика негіздері. Н.Д.Арутюнова. Сөйлем және оның мәні. И.М.Богуславский. Л.М. Васильев. Орыс етістігінің семантикасы). А.Е.Кибрик семантика шекарасы туралы: «Семантика аумағына сөйлеу кезіндегі сөйлеушінің ойындағы барлық ақпарат пен сол сөйленген сөздегі ақпаратты дұрыс түсіну үшін тыңдаушының қалпына келтіру қажеттігі енеді», – деп жазған болатын [19]. Осы тұрғыдан келгенде, семантика философия, логика, семиотика, пси­хология, теология, прагмастилистика, лингвомәдениеттану, мәтін лингвистикасы, когнитивті лингвистика, контрастивті лингвистика, әлеуметтік лингвистика, нейрофизиология т.т. ғылымдармен тығыз байланысты болады. Осы ғылымдармен өзара бірлестікте зерттеу жүргізілгенде семантика ғылымы бірқатар жаңалықтар ашып, ерен нәтижелерге қол жеткізуі әбден мүмкін. Алайда күні бүгінге дейін се­мантика мәселелерінің басқа шектес ғылымдармен тығыз бірлестікте зерттеліп, бірге қарастырылған ірі, көлемді еңбектер тіпті, дамыған шетел, орыс тіл білімінде кездеспейді. Сол себепті, бұл мәселелерді қазақ тіл білімінде өзге пәндермен бірлесе зерттеу, келешекте қолға алар ірі жобалардың бірі деп білеміз.

Белгілі ағылшын философы және ойшылы У. Куайн логикалық тұрғыдан семантикалық зерттеулер мен семантикалық мектептердегі талдаулардың негізінде семантиканы қуатты (сыртқы) және әлсіз (ішкі) деп шартты түрде екіге жіктейді. Қуатты семантикаға логикалық семантика, яғни тілдердің мәнін, көріну түрлерін ғаламның тілдік бейнесі не әлем моделі тұрғысынан түсіндіретін ғылым жатады. Бұл ғылым өкілдеріне орыс семантикасы өкілдері шетел логиктері У.Куайн, Д.Дэвидсон, С.Крипке, П.Стросон, З.Вендлер, Г.Грайс т.т. ойшылдар­ды жатқызады. «Қуатты» семантиканың ең ықпалды мектебі – амери­кан ойшылы Ричард Монтегю ойларына негізделген формалды семан­тика. Формалды семантиканың басты зерттеу нысаны – логикадағы шын мен жалғандық категорияларының әлем моделіне қатысты сөйлемдердің мағынасының шын не жалған тұрғысынан бағалануы. Формалды семантика шетелде, И.М.Кобозеваның көрсетуінше, АҚШ, Германия, Нидерланды мемлекеттерінде орналасқан, ал Ресейде Е.В.Падучева, Н.Д.Арутюнова, Т.В.Булыгина сияқты зерттеушілер мен олардың шәкірттерінің еңбектері «қуатты» семантикаға жатады. М.А.Кронгауз «қуатты» семантикаға Дж.Барвайстің еңбектерінде алғаш зерттелген ситуациялық семантиканы жатқызады. Бұл ағымда тілдік бірліктердің мағыналарын тек контекстен ғана емес, сөйлесу жүріп жатқан ситуацияға (жағдай) қатысты деп зерттеу жүзеге аса­ды. «Қуатты» семантикаға қарсы семантика саласы – жалпы се­мантика деген атқа ие болды. М.А.Кронгауз жалпы семантиканың басталуын 1933 жылы американ ғалымы А.Кожибскийдің тұңғыш еңбегінің шығуынан бастайды және бұған А.Рапопорт, С.Хаякава, С.Чейз сияқты және т.б. зерттеушілерді қосады [8, 43]. А.Кожибский ұлы орыс ғалымы И.П.Павловтың шартты рефлекстері туралы ілімін дамыта келіп, «қуатты» семантика өкілдері ұсынған ғаламның тілдік бейнесі сол ғалам бейнесін бұзып, тіпті, ауыстыратынын байқайды. Оның ойынша, шын объективтілікке жету үшін қоршаған заттарды тек саусақпен нұқу қажет, сөйлеуге болмайды, сөзбен жарыққа шыққан ой жалғандық категориясы не оның жартысы болады.

Әлсіз семантика тілдік бірліктердің мағынасын әлем моделін сипаттайтын категория емес, адам санасындағы ойлар бірліктерінің мағынасы деп ұғынып, тіл аумағынан шықпай, қарастырады. Бұл ағым, негізінен, тілшілердің еңбектерінде орын алған. Әлсіз семанти­када тілдік мағыналар – әлем туралы үзіктер емес, керісінше, олардың адам санасында бейнелеу әдісі, яғни санадағы бейне. Бұл семанти­ка бұрыннан семасиология аясында сөз болған мәселелерді бүгінгі дамыған ғылым тұрғысынан, сонымен қатар, әртүрлі ғылымдар тоғысында зерттейді. Соның бірі – мағынаны ойлаудың бірлігі ретінде зерттейтін когнитивті семантика. Семантиканың бұл түрі АҚШ-нда Дж.Лакофф, Ч.Филлмор, М.Джонсон, Р.Лангакер, Л.Талми, Р.Джекендофф т.т. ғалымдардың еңбектерінен басталып, басқа мем­лекеттерде өз ізбасарларын тапты. Мысалы, Ресейде Р.М.Фрумкина, Е.С.Кубрякова, Е.В.Рахилина, А.Н.Баранов, И.А.Стернин, З.Д.Попова, т.т. ғалымдардың мектептерін атауға болады. Когнитивті семантиканың маңызды сұрақтарына И.А.Стернин, Н.Ф.Алиференко т.т. ғалымдар концепт пен мағына, концепт пен сөздің ішкі формасы, тілдік бейне мен концепт, концепт пен тілдік сана, сөз және концепт синергетика­сы, концепт және таным, ойлау т.т. жатқызады.

Когнитивті семантикада мағына жеке адамның психологиялық аспектісімен бірлесе зерттеледі. Осыған орай, әлсіз семантикаға мағынаның тілдік категория ретінде психологиялық ерекшелігін ашу сияқты мәселелер енеді. Сол себептен, дәстүрлі семантиканың біраз сұрақтары психолингвистика ғылымымен байланыста қарастырылып, осының негізінде психосемантика ғылымы пайда бо­лып, қалыптасуда.

Сөздің тілдік мағынасын, оның ішінде, лексикалық мағынасын, оның тілдегі көрінуі, актуалдануы, құбылуы ерекшеліктерін басқа тілдермен салғастырмалы түрде зерттейтін трансляциялық семантика түрі де «әлсіз» семантика аясына кіреді. Лингвистикалық семантика, оның ішінде, тілдегі лексикалық мағынаны семантикалық теория бой­ынша, компонентті талдау әдісі арқылы зерттеуді Дж.Катц, Дж.Фодор, Э.Бендикс, Ю.Найда, М.Бирвиш, А.Вежбицкая сияқты көрнекті зерттеушілер бастап, әрі қарай дамытты. Бұл теорияны Ресейде Мәскеу семантикалық мектебі атына ие болған семасиологтар Ю.Д.Апресян, И.А.Мельчук, А.К.Жолковский, Н.Н.Леонтьева т.т. сықылды ғалымдар дамытып, семантикалық зерттеулерді «Мән – Мәтін» үлгісі бойынша зерттеуді және семантикалық тіл бойынша зерттеуді ұсынды. Айта кету керек, бұл зерттеулер бойынша Ресей ғалымдары есімдері әлемдік семантикаға аян болды. Семантиканың шығу, қайнар көздері туралы пайымдаулар барлық зерттеушілерде деңгейлес болып келеді.

Н.Ф.Алиференко семантиканың басты көздерін: «Семантика үш негізге сүйенеді, ойлау мен сөйлеуден тұратын тілдің үш бірлестігі мыналар деп көрсетеді: қоршаған шындық дүние, адам (индивид) миы және тіл. Осының негізінде тілдің үш құрамдас бірлігі шығады: (тіл жүйесі – сөйлеу – сөйлеу қызметі). Бұдан тілге ауысып шығатын үш шексіздікті кеңітіп, таратсақ, бірінші, денотаттар тұрады (шындық болмыстың өкілдері); екінші, адам миы көріністерінің бөліктері: ойлау, сана, таным; үшінші, тіл бірліктері (сөздер)», – деп анықтайды [20, 28]. Міне, осылардан бастау алып, осы мәселелерді зерттеуге байланы­сты семантика әртүрлі жеке ғылым салаларына бөлінеді. Осы ғылым салаларының ішінде тіл мәні – лингвистикалық семантика ғылымының басты зерттеу нысаны. Л.А.Новиков «Семантика – мағыналар туралы ілім» деп анықтайды да, оның басты саласы лексикалық семантиканың басты екі аспектісін көрсетеді: семасиология (лексикалық мағынаны таңба – мағына бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) және ономасиология (лексикалық мағынаны мағына – таңба бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) [21]. Ал белгілі ғалым М.А.Кронгауз семантика ғылымының зерттеу нысанын былай деп анықтайды: «Семан­тика – тілдің тұтас мазмұнын, әртүрлі тілдік бірліктердің мағыналары мен олардың тіл мен сөйлеуде атқаратын қызметін зерттейтін ғылым» [3]. В.А.Звегинцев семантиканы ертегідегі «Золушкаға» теңейді: «Тіл туралы ғылымдардың түкпірінде жүрген семантика – «Золушкадан», бүгінде барлық лингвистер құрмет белгісін көрсетіп жүретін әміршіл, сұлу ханшайымға айналды» [6].

Лингвистикалық семантика даму барысында мынадай бөлімдерге бөлінеді:

а) лексикалық семантика;

б) сөйлем және сөйлеу не сөйленіс семантикасы;

в) грамматикалық семантика;

г) мәтін семантикасы;

д) когнитивті семантика;

е) стилистикалық семантика;

ж) аспектуалды семантика.

Бұл бөлімдер лингвистикалық семантиканың құрамдас мәселелерін егжей-тегжейлі зерттейді.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет