Жай сөйлем синтаксисі. Сөйлем мүшесі туралы түсінік. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері 1. Сөйлем синтаксисі. 2. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. 3. Сөйлемдi құрайтын элементтер. 5. Сөйлем мүшелерiнiң зерттелуi. 6. Сөйлем мүшелерiнiң табиғи түрi, оның көрiнiсi. Сөйлем -синтаксистің ең негізгі бірлігі, өйткені сөйлем ғана тілдің негізгі қызметтерін айқындай алады. Ондай қызметтің біріншісі-ойлау-танымдық, екіншісі-қарым-қатынас құралы болу қызметтері. Бұл қызметтер өзара тығыз байланысты.
Сөйлем- сөз тіркесін қамтитын, қарым-қатынасты қамтамасыз ететін тілдік материалдардың біртұтас бөлшегі. Мақсатты ойларымызды сөздерден сөйлем құрау арқылы білдіреміз. Ал сөздер сөйлем құрамына ену үшін өзара мағыналық, синтаксистік байланысқа түсіп, өзара тіркесіп айтылады.Сөйлемнің сөзден, сөз тіркесінен бөлек бірлік екенін айқындайтын басты белгілері мыналар:
1) сөйлем біршама аяқталған ойды, модальділікті білдіреді;
2) сөйлем өзара байланысқа енген сөздерден, сөз тіркестерінен құралады;
3) сөйлем бастауыш пен баяндауыштың байланысынан туған предикаттық қатынасты білдіреді;
4)әрбір сөйлемнің айтылу сазы интонациясы болады.
Осы негізгі белгілерді негізге ала отырып сөйлемге мынадай анықтама беруге болады: Предикаттық қатынас негізінде біршама аяқталған ойды білдіретін тиянақты сөздер тізбегін сөйлем дейді.
Сөйлемдегі сөздердің әрқайсысы өзінің лексикалық мағынасына орай сөйлем құрауға қатысып, тұтас ойдың мазмұнына ортақтасып тұрады.Синтаксистің негізгі бірлігі ретіндегі сөйлемнің өзінің арнайы құрылымы болады. Бұл құрылым өзін құрайтын ішкі бөлшектерден тұрады. Сөйлемді құраушы өзінің грамматикалық мағыналары бар сөздер синтаксистік байланыстар мен қатынастар арқылы бірігеді. Бұлар сөйлем мүшелері деп танылады. Демек сөйлемді құрайтын сөздер сөйлем мүшелеріне жіктеледі. Бұл мүшелердің өздеріне тән атқаратын қызметтері болады. Яғни, әрбір мүше өзінің формасы болуымен қатар мағынасының болуымен де ерекшеленеді.
Сөйлем мүшесі дегенімізде, ең алдымен, ол қандай мәселелерді қамтиды, оның нысанына нелер қатысты деген мәселені де негізге алу керек.
1.Сөйлем мүшесі болу үшін сөздер бір-біріне қатысты болу керек. Сөздің сөйлем мүшесі болған кезінде мынадай өзгерістерге ұшырайды:
а) Негізгі сөз, туынды сөз, біріккен сөз, қос сөз,және қысқарған сөз түрінде;
ә) Сөздің дербес мағынасы бары да, дербес мағынасы жоғы да негізгі сөз бен көмекші сөздің түйдектелуі немесе өзара қайталануы арқылы күрделі мүше болады;
б) Сөйлем мүшесі қызметінде тұрақты тіркестер де қатыса алады;
в) Сөйлем мүшесі қызметінде сөйлемдер де қатысады;
г) Сөйлем мүшесі ретінде жеке дыбыстар да қатыса алады.
Міне, жоғарыда аталған ерекшеліктерге қарағанда сөздер сөйлем мүшесін жасаудың ең басты шарты.
2. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде дара да, күрделі де түрінде қатысады. Ал сөздердің күрделі түрлерінің өзін екі топқа:
а) дербес мағынасы бар сөздердің өзара қатысы;
ә) дербес мағыналы сөз бен көмекші сөздің түйдектелуі арқылы және дербес мағынасы бар сөздердің қоспқталып жұмсалуынан болған деп бөлуге болады.
3. Сөздер сөйлемге енгенде грамматикалық мағына білдіруі тиіс;
4. Сөздер сөйлем мүшесі болғанда белгілі бір сұрауларға жауап беруі тиіс;
5. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде өзара байланысқа енуі тиіс.
Сөйлем мүшесі болу үшін осы негізгі шарттар негізінде мынадай анықтама беруге болады: сөйлем мүшесі деп сөйлемде бір немесе бірнеше сөздер тобының басқа сөздермен синтаксистік қатынастары арқылы арнайы бір сұраққа жауап беріп, грамматикалық мағынаға ие болатын сөздерді айтамыз.
Қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелерінің зерттелуін былай топтауға болады:
1. 1922-1940 жылдар арасындағы зерттеулер.
2. 1940 жылғы оқулық, ғылыми еңбектердегі зерттеулер.
3. 1950 жылдан кейінгі әр түрлі бағыттағы зерттеулер.
Негізінен сөйлем мүшелері туралы 1922-1940 жылдар шамасында жазылған еңбектер ерекше назар аударарлық. Ол кезде сөйлем мүшелері туралы А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, І.Бәйтенов, Х.Басымов, С.Аманжолов, Ә.Ермеков, М.Балақаев еңбектерін атай аламыз. Бұл еңбектерде сөйлем мүшелерінің тек жасалу жағы ғана сөз болып қойған жоқ, жалпы сөйлем мүшелерінің қалыптасу, тұрақтану мәселесіне көбірек назар аударылды.
Сөз тіркестерін дұрыс талдай білу үшін, олардан басқа тіркестердің түр- тұрпаты қалай болатынын жақсы білу керек. Өзара байланыста тұрып, тобымен сөз тіркесінің құрамына енетін тіркестер түйдекті тіркестер деп танылып жүр. Түйдекті тіркестер құрамындағы сөздердің бәрінің не біреуінің лексика-семантикалық дербес мағынасы болмайды. Олардың тіркесуінен қосымша грамматикалық мағына пайда болмайды. Ерлік жолдасының нұрлы жүзіне күлімсіреп көз тігеді. Қаракер шапқан сайын үдейді. Сөйлем мүшелері туралы арнайы тоқталған ғалым- А.Байтұрсынов. Автордың Орынборда басылып шыққан ңТіл танытқышң үшінші оқулығы синтаксис мәселесіне арналған. Онда сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөлу, тұрлаулы мүшелерге бастауыш, баяндауышты, тұрлаусыз мүшеге толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыштарды жатқызып, пысықтауышты өз ішінде мезгіл, мекен, сын, себеп, мақсат пысықтауыштар деп бөлу осы еңбектен басталады.
Студенттердің білімін бақылау сұрақтары: 1. Сөйлем мүшелерiнiң зерттелуi.
2. Сөйлем мүшелерiнiң бiр-бiрiне ауысуы, оның көрiнiстерi, сөйлем мүшелерiндегi синкретизм.
3. Сөйлем мүшелерiнiң сұраулары, қалыптасуы, оларды қоюдың негiзгi принциптерi.