2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 51-тарауында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
523-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту және ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселелердi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-бабында көзделген тәртiппен қарайды, ал егер мәжбүрлеу шараларын қолдану осы соттың қызмет аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса, оларды осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң ұсынуы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысып отырған адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән туғызатын болса, сот отырысқа қатысып отырған адамдардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындауы, қосымша құжаттарды талап етіп алдыруы, сондай-ақ егер бұл өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселе шешiлiп отырған адамның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, одан жауап алуы мүмкін.
4. Сот адамның психикалық жай-күйi бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын жағдайда болғанда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
5. Сот кеңесу бөлмесiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту, сол сияқты оны тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы қаулы шығарады және оны сот отырысында жария етеді. Соттың қаулысы процеске қатысушылардың шағымдары бойынша не прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.