ФМЦТ институты
1-курс 6В01501-Математика
Ерменбаева Ақмейір
Қазақстанның қазіргі заман тарихы
1 тақырып . Қазақ мемлекеттілігінің эволюциясының тарихи бастаулары, кезеңдері мен сабақтастығы.
Негізгі сұрақтар: 1.ХХ ғ. аяғындағы Қазақстандағы қоныстандыру саясаты. Экспедициялық зерттеу жұмыстары. Қоныс аудару саясаты: XIX ғасырдың 60-90-жылдарында жүргізілген әкімшілік реформалар қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Орыс шаруаларын шикі Ресейден қоныс аудару көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан жаппай қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жузеге асырылды.
Патшалықтың қоныс аудару саясатының нәтижесінде негізгі құнарлы жерлер орыс шаруаларына берілді, ал қазақтар сусыз, жарамдылығы аз жерлерге айдалды. 1904-1905 жылдары патша үкіметі Қазақстан аумағын қоныс аударушылардың бес аймағына бөлді. Олар Торғай-Жайық, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аймақтары еді. Оларды құрғандағы күктелген негізгі міндет қоныс аударушыларға арналған қор құру үшін «басы артық» жерлерді іздеп табу болды.
Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аудару ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.
Мұның бірқатар себептері болды:
Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.
Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті.
Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді.
Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын.
Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді. Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай онды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ.
Оның үстіне Ресейдің жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлары мен хаттары ол жақта қалғандарды еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.
2. Әкімшілік орындарының қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы тұрмысқа аудару шаралары 1927 жылы ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты. Бұл Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды қарсылығын тудырды. Сол 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпы- қазақтық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 жылы 12 желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесінде Қазақстан үкіметі 1928 жылы 4 наурызда «Қазақ АКСР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы» арнайы қаулы кабылдады.
Бұл қаулыны іске асыру барысында басымдылық қоныс аударушыларға берілді. Ал көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын отырықшы тұрмысқа аудару мынадай қарқында жүргізілді: 1930 жылы — 87 136, 1931 жылы — 77 508, 1932 жылы — 77 674 және 1933 жылы — 242 208 қожалықтар арнайы белгіленген жерлерге орналастырылды. Қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы тұрмысқа аудару оларды мемлекет тарапынан материалдық және қаржылай қолдаусыз, құр науқаншылық шаралар арқылы жүргізілді. Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы, авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға молырақ қазақ жерлерін босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады.
1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті.
3. Транспорт. Сауда. Банкі жүйесі. Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда капиталистік қатынастардың дамуы - Қазақстанның жалпыресейлік экономикаға тартылуы. Банк және несие жүйесінің дамуы. Қазақстанның Ресей құрамына қосылуының нәтижесінде аймактың экономикалық өмірінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асты:
аймақ жалпыресейлік еңбек бөлінісі мен жалпыресейлік және дүниежүзілік рынокқа тартылды;
ортақ салмақ, өлшем, ақша белгілері жүйесі орнады;
ауыл шаруашылығының тауарлық салалары есті;
тау-кен және өңдеу өнеркөсібі дамыды.
Қазақстанда капитализмнің алдыңғы қатарлы белгілері пайда болып дамыды:
қалалар мен темір жолдар салынды;
тауар-ақша қатынастары дамыды;
көшпелі қазақтар шаруашылықтың жартылай көшпелі және
отырықшы түрлеріне ауыса бастады;
әлеуметтік жіктеліс тереңдеп, жаңа әлеуметтік топтар пайда болды (жұмысшылар, жатақтар, батырақтар және т.б.).
Алайда Қазақстанға капиталистік қатынастар өте баяу енді, мұнда көпке дейін экономиканың артта қалған түрлері үстем болды. Қазақстан шаруашылық жағынан тек шикізат көзі тұрғысынан ғана игерілді. Өз кезегінде ресейлік өнеркәсіп орындары шығарған тауарларды өткізетін рынокқа айналды.
Сонымен қатар Орталық Ресейдің сауда-өнеркәсіп және монополистік буржуазиясының капиталы салынатын аймаққа айналды. Орыс, шетел және аз-маз жергілікті капитал негізінде тау-кен және мұнай орындарын игеретін акционерлік өндірістер құрыла бастады. Банк тораптары мен несие мекемелері құрылуы нәтижесінде капитал елдің шеткері аймақтарына да келіп жетті.
Қазақстандағы несие жүйесін барлық Ресей империясындағы сияқты Мемлекеттік банк бөлімшелері, акционерлік, коммерциялық банк филиалдары, өзара несие қоғамдары, қалалық қоғамдық банктер жүзеге асырды. Мемлекеттік және ірі коммерциялық банк бөлімшелері XIX ғасырдың 70—80-жылдары Оралда, Петропавл, Семей, Омбы, Верный қалаларында ашылды.
XX ғасырдың басында өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының дамуы ақша рыногын кеңейтіп, несие жүйесі ресурстарын ұлғайтты. Бұл кезеңде елкеде ірі коммерциялық банктердің бөлімдері: Орыс-Азия, Халықаралық коммерция, Орыс сыртқы сауда, Орыс сауда-өнеркөсіп, Сібір сауда, Еділ-Кама, Мәскеу көпестері банктері ашылды.
Қазақстан мен Қырғызстан аумағында 1914 жылы 44 банк мекемелері мен 345 несие және карыз жинақтау серіктестіктері жұмыс істеді. Өлке облыстары арасында несиелік мекемелер саны жағынан Ақмола облысы бірінші орынға шықты. Петропавл осы аудандағы сауда-өнеркәсіп қызметінің орталығына айналды. Мал, мал шаруашылығы өнімдері саудасы және үн тарту өнеркәсібінің ірі орталығы Семейде орналасты. Ал Орал және Қостанай Еділ өңірін мал өнімдерімен жабдықтап тұратын маңызды пунктке айналды.
Сауда өнеркөсіп топтары өлкенің бай табиғи ресурстарын игеруге ат салысты. Аймақта сауда өнеркәсіп өндірісімен салыстырғанда біршама жоғары деңгейде болды. Саудада орта және ұсақ сауда өнеркәсіптерінің үлес салмағы үлкен болды. Кішігірім бөлшек сауда дүкендері де сауда операцияларына белсене араласты. Қазақстан мен Қырғызстанда несие көлемі жағынан бірінші орынды — мал және ет саудасы, екінші орынды — нан, үшінші орынды өнеркөсіп тауарлары иеленді.
Қазақстандағы ішкі сауданың дамуына жергілікті рыноктың құрылуы, ақша қатынастарының енуі әсер етті. Дегенмен Қазақстанның барлық аймақтарының арасында бір-бірімен байланыс жүйелі түрде орнады деп айту қиын.
Қазақтардың басты тауары — мал мен мал шаруашылығы өнімдері. Қазақстан капитализм жедел қарқынмен дамып келе жатқан ресейлік рынокқа тартыла бастады. Ресейден қант, галантерея және басқа да мануфактуралық тауарлар әкелінді. Ресейге мал мен шикізат шығару, әсіресе елкеде темір жол салынғаннан кейін ұлғая түсті, егіншілік өнімдерін шығара бастады. Егіншілік енімдерінің тауарлығы артты.
Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аудандарында сауда-экономикалық ынтымақтастық ұлғайды. Қазақ-қытай сауда орталықтары ретінде Омбы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Верный және т.б. калалар өсіп-көркейді. Қазақстан жері арқылы жүргізілетін орыс-қытай сауда қарым-қатынастары Құлжа, Айгүн, Пекин, Санкт-Петербург келісімдері негізінде жандана түсті.
Қазақстан өнеркәсібі нашар дамыды. Сауда операцияларынан көп пайда түсетін болғандықтан, орыс және жергілікті буржуазияның ауыр өнеркәсіпті дамытуға ынтасы болмады. Сонымен қатар ауыр өнеркәсіп ірі капиталды қажет етті. Дегенмен өлкеде көмір, мұнай, мыс кендерін өндіретін кәсіпорындар ашылды.
Ресейлік кәсіпкерлер көбінесе өз капиталдарын ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін фабрика-зауыттарға бағыттады. Ауыл шаруашылығы шикізатын пайдаланумен қатар алтын, тас көмір, мұнай сияқты пайдалы қазбаларды өндірумен айналысты. Қазақстанның табиғат байлықтарын игеру XIX ғасырдың 30—40-жылдарынан басталды. Бұл кезеңде Спасск зауыты, Успенск және Жезқазған кеніштері жұмыс істеп жатты.
Көптеген бай кен орындарын қазақтардың өздері тапты. Мысалы, 1833 жылы Апақ Байжанов деген кедей қазақ Қарағанды аймағында тас көмір кенін тапты. Бұл кен орыны Игілік Өтепов деген байдың жайылымында орналасқан еді. Әтепов бұл кен орнын 250 сомға Ушаков деген көпеске сатады. Екібастұз тac көмір кенін жұмысшы Қасымов ашты. Екібастұз көмірі Ертіс су кемелері мен Сібір темір жолында үлкен сұранысқа ие болды.