1-тақырып Қазақстанның қазіргі заман
тарихына кіріспе
1.1 Отан тарихын зерттеудегі тұжырымдамалық негіздер мен өзекті мәселелер.
1.2 Қазақ мемлекеттілігінің негіздері мен сабақтастығы: ежелгі, ортағасыр және жаңа заман.
1.3 Мемлекеттің саяси, әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуындағы заңдылықтар.
1.1 Отан тарихын зерттеудегі тұжырымдамалық негіздер мен өзекті мәселелер. Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәнін оқытудың мақсаты – отан тарихының негізгі кезеңдері туралы объективті, тарихи білім беру, мемлекеттіліктің және тарихи-мәдени үдерістердің дамуы мен қалыптасуы мәселелеріне білім алушылардың назарын аудару болып табылады. Осы мақсатқа орай мынадай міндеттер алға қойылады: 1) ғылыми дүниетаным мен азаматтық ұстанымды қалыптастыратын қазіргі заман тарихының басты оқиғалары туралы тарихи білімді жүйелеу; 2) қазақ халқы этногенезінің мәселелерін тұтас және объективті айқындауға, Ұлы Дала территориясындағы мемлекеттілік пен өркениеттілік түрлері эволюциясын және аса маңызды тарихи фактілер мен оқиғалар жиынтығын тұтастай және объективті түрде қарастыруға негізделген қазіргі отан тарихының ғылыми негізделген тұжырымдамасын жасау; 3) жеделдетілген модернизация мен республиканың экономикалық және идеялық-мәдени жетістіктер бағыты бойынша көтерілуі кезеңінде қазақстандық даму моделінің мазмұнын шынайы ғылыми тарихи біліммен толықтыру; 4) полиэтникалық және поликонфессионалды қазақстандық қоғамды біріктірудің идеологиялық және рухани негіздерін қалыптастыру; 5) дүниежүзі тарихы контекстінде қазіргі Қазақстан тарихының ерекше, әрі маңызды орнын айқындаушы ғылыми қағидаларды ашу болып табылады.
Дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі ретінде орын алатын Ұлы Даланың өткені сан қилы тағдырларға мекен болғаны белгілі. Сондықтан отан тарихының қазіргі кезеңін зерделеуде көп факторлы және тарихи ғылыми көзқарасты ұстанған абзал. Зерттеушілер осы ұстанымдардың негізгілерін былай көрсетеді: объективтілік, субъективтілік, тарихилық, сабақтастық, өркениеттік, жүйелілік [1, 14]. Бұл ұстанымдардың мазмұнын: 1) объективтілік – зерттеу нысанын тануда субъектіге тәуелсіз шынайылықты қабылдау; 2) cубъективтілік – жеке көзқарас, сондай-ақ тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету; 3) тарихилық – зерттеу нысанын әлем тарихының контекстінде қарастыру мәселесі немесе мәселені дүнежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағына отырып, отан тарихының қағидаларымен байланыста қарастыру; 4) сабақтастық – халықтың этникалық, тарихи, мәдени түп негіздерінің бүгінгі күнмен ұштасуы; 5) өркениеттік – әлемдік өркениет факторларын ескере отырып, жергілікті құндылықтарды толыққанды қарастыру; 6) жүйелілік – адамзат тарихының тұтас жүйесіндегі отан тарихының орны ретінде түсіндіруге болады.
Жалпы 1995 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мәжілісінде«Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» қабылданып, тарихи білімнің іргелі ұстанымдары мен негізгі басымдықтары анықталған болатын. Бұл тұжырымдаманың басты міндеті – тарих ғылымының басты мәселелері мен оны шешудің бағыттарын белгілеу, тарихи білім мен ағартушылыққа реформа жасау жолдарын қарастыру еді. Осылайша ҚР тұңғыш Президентінің тапсырмасымен қатарынан үш жыл тарихи танымға арналды. Сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Туған жер», «Киелі Қазақстан», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» секілді көптеген бағдарламалар да тарихи құндылықтарды айшықтауға, өткеніміздің объективті бағасын беруге негіз болды.
Әрине, осы бағдарламалар арқылы тарих ғылымы Ұлы Даланың мол тарихи мұрасының шынайы бейнесін қазіргі ұрпаққа көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл тарихи сананың жаңғыруына ықпалды фактор болуы сөзсіз. Ұлттық тарихымызды күшейтудің, отансүйгіштік қасиетті арттыруды қуатты тетігі, міне осында жатыр деп білеміз.
2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» атты Қазақстан тарихшыларының алғашқы Конгресi өтті. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Конгрестің негізгі мақсаты Қазақстандағы тарих ғылымының сапасын жаңа биікке көтеру, қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани мұрасын жинауда, зерттеуде, сақтауда, дамыту мен насихаттау саласында ғылыми зерттеулердің жұмысын үйлестіру және қолдау [2], - деп анықталған еді. Осы конгрестің іргелі жұмыстарының нәтижесінде ғалымдар «Қазақстан тарихы көне дәуірден бүгінге дейін» атты 10 томдық басылымды дайындауға, көптеген өзге ғылыми іс-шараларға тартылды.
2013 жылы 5 маусымда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеп, ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөлетін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атаумен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанын атап өтті [3]. Осы мәселені қолға алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарихшы ғалымдары т.ғ.д., профессор Е.Сыдықов, т.ғ.д., профессор Т.Садықовтың редакторлығында «Халық тарих толқынында» атты 7 томдық мақалалар жинағы басып шығарды. Жинаққа тарихи, ғылыми-танымдық зерттеулер енгізілді.
Енді отан тарихындағы бірқатар өзекті мәселелерге келетін болсақ, еліміздің тарихын зерттеудегі кезеңдеу мәселесін жатқызуға болады.Алғаш рет бұл мәселенің қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру барысында көтерілгені аңғарамыз. Өйткені отарлау үдерісі бұл аймақты жан-жақты зерттеуге итермеледі. Олай болса қазақ тарихының кезеңделуі мəселесі алғаш рет ХVІІІ ғасырдың орта кезінде қолға алынды деуге болады. Империялық кезеңнің алғашқы зерттеулері, әрине жоғары ғылымилығымен ерекшеленбеген болса да олардан ғылыми зерттеулерге жол ашатын көптеген құнды мағлұматтар алуға болады. Мәселен, отарлық саясаттың белсенді зерттеушілерінің қатарында П.И.Рычков мұсылман тарихшыларының желісімен жүрсе, А.И.Левшин қазақ тарихын Ресейге қосылғанға дейінгі жəне қосылғаннан кейінгі уақыт, - деп екіге бөлген болатын. Сонымен қатар осы кезеңнің зерттеушілері арасында кезеңдерге бөлу мәселелерін Ш.Ш.Уəлихановтың, Н.А.Аристовтың, В.В.Бартольдтың еңбектерінен де кездестіруге болады
Ресейде саяси жағдайдың түбегейлі өзгеріске ұшырауына байланысты бұл жұмыстар 1920-30 жылдары жаңаша көзқараста қайта жандана түсті. Отан тарихын кезеңдеуде этникалық жəне саяси үдерістерді басты шарт ретінде қарастырған авторлардан – А.Н.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Т.Шонанұлы, А.Чулошниковты атап өтсек [4], С.Асфендияровтың «Қазақтар тарихының кейбір негізгі мəселелері» атты мақаласында қазақ тарихы: 1) капиталистік дамуға дейін (XVIII ғасырға дейін); 2) отарлау. Қазақстан патшалықтың отары жəне Қазақстандағы Қазан революциясының алғы шарттары; 3) отан тарихының кеңестік кезеңі [5], - деп үшке бөлінген еді. Дегенмен Қазан төңкерісінен кейін орнаған большевиктік билік қазақ тарихын кезеңдеу мәселесінің әрі қарай ұлттық көзқарас аясында ғылыми айналымда талқылануына шектеу қойды. Оның орнына мaркстік ілімнің негізінде қалыптастырылған: 1) алғашқы қауымдық; 2) құл иеленушілік; 3) феодалдық; 4) капиталистік; 5) коммунистік, ретінде бөлінген қоғaмдық-экономикaлық формaция 1940-жылдардан кейін мықты бекіді.
Заманымыздың тарихшы ғалымдарыТ.О.Омaрбеков, У.Ж.Тулешовa, М.Бижaновa «Тaрихты кезеңдеудің жaңa міндеттері» атты мақаласында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл мәселеге алғаш мән берген тaрихшы ғалымдардан М.Қозыбaевтың: «қaзaқ тaрихын кезеңдеу тaрихтың тaмырының тереңдігін, қaзaқ хaлқының ұлт ретіндегі ерекшелігін көрсетуі тиіс», - деген пікірін, ал A.Күзембaйұлының кезеңдестірудің жaңa тұжырымдамасын ұсынғaнын атап өтеді [6, 6-9]. Осылайша еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарында отан тарихында кезеңдеу мәселесі қайта көтерілгенімен, әлі бірізді толыққанды шешім тапты деп айта алмаймыз. Демек, бұл жан-жақты зерделеуді қажет ететін методологиялық күрделі мәселелердің бірі екенін білдіреді.
Отан тарихының өзекті мәселелерінің қатарында тарихи деректер мен тарихнамасын айта кеткен жөн.Мәселен,Қазақстан тарихын зерттеудегі ежелгі кезең бойынша деректер қорын екі топқа бөліп қарастыруға болады: 1) шетелдік авторлардың еңбектері; 2) жергілікті авторлардың туындылары. Соның ішінде ежелгі және ортағасыр, сондай-ақ жаңа заман тарихы туралы деректердің басым бөлігін шетелдік авторлардың еңбектері құрайтынын да байқаймыз. Біздіңше, бұл мәселенің туындауына ықпал етуші факторлар ретінде қазақ жерінде болған көптеген соғыс қимылдары мен отарлау саясатын көрсетуге болады. Осы саяси жағдайлардың салдарынан дереккөздердің бір бөлігі шетелдерге тасымалданса, тағы бір бөлігі «отырарлық кітапхана» сияқты отпен қауышты, ал қалған бөлігі «отбасылық жеке кітапханаларда» сақталды. Сондықтан аталған дәуірлерге тән қолдағы төл деректер көп деп айта алмаймыз. Осы тұрғыда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының пайдасы орасан зор болғанын айшықтап өткен жөн. Бағдарлама аясында жүзеге асырылған іс-шаралар арқылы шетелдердегі көптеген тарихи туындылар елімізге қайта оралды.
ХХ ғасырдың басында тарихи деректердің басым бөлігін ресми және биресми мерзімді басылымдардың құрағаны белгілі. Ресми басылымдар империялық саясатқа қызмет етсе, биресми басылымдарда Алаш зиялыларының ой-толғамдары, Алаш партиясының бағдарламасы сынды өзекті ұлттық мәселелер талқыланды. Алайда «қызылдар» билігі орнағаннан соң бұлардың барлығы тиым салынған басылымдардың қатарына енгізілді.
Сонымен саяси биліктің ауысуы дереккөздер қорына өзіндік ықпалын тигізді. Маңызды дереккөздер қорын ашық түрдегі кеңестік жалпылама еңбектер (саяси мәніне қарай Декреттер, Үндеулер, Жарғылар, партия құжаттары, заңдық актілер, баяндамалар мен іс-құжаттар, статистикалық материалдар, соғыс ардагерлерінің мемуарлық шығармалары, фотоқұжаттар, стенограммалар, көркемсурет туындылары т.б.) құрады.
Уақыт өте дереккөздердің қоры толыға түсті, заманауи талаптарға сәйкес олардың жаңа түрлері пайда болды. Қазіргі кезде қолжетімділігі жоғары дереккөздердің қатарында Президент Жарғыларын, Жолдауларды, Елбасының еңбектерін, заңдық актілерді, сондай-ақ мұрағат материалдарын, барлық заттай, жазба, дыбысты, сөздік, салттық т.б. деректерді айтуға болады. Деректердің жаңа түрі ретінде ғаламтордың сенімді материалдары да құндылыққа ие болды.
Қарастырылып отырған кезеңнің тарихнамасына дәуірдің саяси лебі ықпал етпей қоймады. Бұлай дейтініміз ХХ ғасырда еліміздің қарама-қайшы ұстанымдарға ие болған үш үлкен саяси өзгерістерді бастан кешіргені белгілі. Ғасырдың басындағы қазақ өлкесі патшалық отарлаудың барлық сала бойынша ең ауыр кезеңін өткізген болса, 1917 жылдардан бастап отан тарихы большевиктік тәртіптің орнауымен тығыз байланыста өрбіді. Сондықтан алғашқы тарихи жұмыстар қазақ өлкесіндегі төңкеріс мәселелеріне, Азамат соғысы тарихына арналды [7, 13]. Бұдан біз большевиктердің өз билігін заңды жолмен орнатқанын дәлелдеуге тырысқанын байқаймыз. Осылайша 1920-30-жылдардағы мемуарлық сипаттағы еңбектерде Қазан төңкерісі қарсаңындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси ауыр ахуалы, «қызылдар мен ақтар», кеңестердің орнауы сияқты тақырыптарда тың материалдар жазылды. 20-жылдардың соңында кеңес тарихынан Алаш тарихы алып тасталып, 1933 жылы Алашорданы контрреволюциялық мәнін ашып көрсетуге, бұрмалауға негізделген пікірталас өткізілді [7, 18-19]. Большевиктік мүддеге қызмет етуші зиялыларды даярлаудың алғы қадамдары ретінде халыққа білім беру, қазақ өнерінің, театрының тарихы зерделене бастады.
1940-50-жылдарда жарияланған еңбектердің деректік негізі әлсіз болды, өйткені қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз материалдары толыққанды пайдаланылмады. Бұған қоса жергілікті ұлттық ерекшеліктерге назар аударылған жоқ. 40-жылдары мәдениет тарихы қолға алынды. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша материалдар жинауға Қазақ КСР-де арнайы комиссия құрылып, үгіт-насихаттау сипатындағы 150 - ден астам еңбектер жарық көрді. Дегенмен 50-жылдардың соңына дейін «күштеп ұжымдастырудың» қорытындыларына, ауыл, село, деревняларды социалистік қайта құрудағы партиялық басшылықтың қызметіне оң баға беріліп келді.
1960-80-жылдардағы жарық көрген еңбектерде ғасырдың басты оқиғасы ретінде Ұлы Қазан төңкерісі қайта көтерілді. Еңбектердің мазмұнында маркстік-лениндік ілімнің жетістіктері мен Компартиялық жетекшіліктің елді дамытудағы орасан зор жеңістеріне көңіл бөлінді. Ішінара ұжымдастыру науқанының қорытындылары сынға алына бастады. Алайда ол кездегі халықтың наразылық қозғалыстары баяғы күйінше бай-кулактар мен бандит-басмашылардың арандатушылық әрекеттері деп бағаланды.
1980-90-жылдары ғана зерттеушілер объективті кешенді зерттеу мүмкіндігіне ие бола бастады. 80-жылдардың соңына дейін «ауыл мен селоны социалистік қайта құру» тұжырымдамасын оң бағалаған бірыңғай тұғырнама үстемдік етті [7, 24]. Дегенмен 80-жылдардың соңына қарай өзгерістер байқалды. Алаш қозғалысы, Алашорда тақырыптары, 1931-33 жылдардағы ашаршылық, жаппай тәркілеу мен күштеп ұжымдастыру секілді тақырыптар зерделене бастады. 90-жылдардың басынан алғаш рет мемлекеттік деңгейде саяси қуғын-сүргін құрбандары, ұжымдастыру зардаптары, қоныс аударушылар мәселесі, идеологиялық қысым кезеңі сынды трагедиялық тақырыптардың, бұрмаланған мәселелердің әділетті бейнесін қалпына келтіру мәселелері күнтәртібіне қойылды. 1991 жылы қарашада ҚР Жоғары Кеңесінің арнаулы комиссиясы құрылып, алғаш рет ОГПУ-НКВД құпия құжаттар қоры көтерілді.
Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіне байланысты тарихы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерттеліп келеді. Басты тақырыптардың қатарында тәуелсіздіктің орнауы, ұлттық тарих, қоғамды демократияландыру, ұлттық бірегейлік секілді көптеген мәселелерді атап өтуге болады. Осы кезеңдегі тарих ғылымының дамуында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, 2008 жылы құрылған Мемлекет тарихы институты басты мекемелер ретінде ауқымда үлес қосып келеді.
Сонымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі: ««Ұлтты жобалап жоспарлайтын» балаң уақыт артта қалды. Мәселе тарихтың жиырмасыншы ғасырында тоталитарлы мемлекеттің мұнымен кінәлі болуында ғана емес, сонымен бірге іргелі деректерді түсінетін мезгілдің жеткенінде де болуы керек» [8, 11], - деген пікіріне сүйенетін болсақ, отан тарихының өте күрделі кезеңдерін нақты ғылыми дәлелмен ұсынатын, әлі де зерттеуді қажет ететін құжаттар жетерлік деуге болады.
1.2 Қазақ мемлекеттілігінің негіздері мен сабақтастығы: ежелгі, ортағасыр және жаңа заман. «Қазақтар ұлы өркениеттердің мұрагерлері тарихтың сан-сапалық құз-қияларынан өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиеттерін алып шыға алды. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен еселеп жаңғырта да білді... Қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ол осы жерге әлдеқайда отаршылдық немесе басқыншылық жолмен келмеген. Қазақтардың тарихи тек-тамыры мейлінше тереңде ондай тек-тамыр алғашқы қазақ хандығы құрылған кезеңмен әсте шектелмейді» [8, 26], - деп Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, қазақ этносының ғасырлар бойы қалыптасқаны қаншалықты анық болса, мемлекеттілігінің де тамыры өте тереңде жатқаны соншалықты шынайы деп айтуға болады. Осы тұрғыдан қарастырғанда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы тарихы да өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси ахуалы баршаға мәлім. Нақтырақ айтсақ, Атамұра баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты еңбектің бірінші томында: «көптеген тарихи зерттеулерге тарихи үрдісті шамадан тыс идеологияландыру, қара дүрсін тікелей түсіну, схематизм тән еді. Тыйым салу жүйесі зерттеулердің, әсіресе кеңестік кезеңде, деректеме базасын шектеп отырды. Қоғам өмірінің барлық құбылыстары бойынша таптар мен тап күресін маркстік-лениндік тұрғыдан түсіндіруге негізделген таптық әлеуметтік көзқарас негіз етіп алынған методология үстемдік етті. Бұқараның санасына бұрынғы КСРО халықтарының тарихында, дүниежүзілік тарихта Ресейдің ерекше рөл атқарғаны, оның ерекше үстемдік дәрежесі туралы идея қоярда-қоймай сіңірілді» [7, 8], - делінеді. Осылайша идеологиялық қысым мен партиялық қатаң бақылауда болған отан тарихының көптеген мәселелері жабық күйінде қалдырылды немесе бұрмаланып түсіндірілген болатын.
Ал қазіргі зерттеушілердің пікірінше Қазақстан территориясында мекендеген тайпаларды зерттеу ісін дәстүрлі түрде б.э.б. 2-1 мыңжылдықтарда қола дәуірінде мекендеген тайпалар – андроновтықтардан бастау қажет. Өйткені қазақ этносы өзінің нәсілдік-генетикалық бастауын осы дәуірден алады. Мұны қазақ және андронов мәдениеттерінің арасындағы ұқсастықтар дәлелдесе, үйсін, сақ, ғұн, қаңлы және сармат тайпалары қазақтардың арғы тегі болып табылады [9]. Бұған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары «Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан территориясындағы мемлекеттілік дамуының тарихи сабақтастығы» атты ғылыми жобасы ғылыми негіз болады. Жоба барысында айналымға көптеген қытай, тұнғыс, монғол, парсы тілдеріндегі жаңа деректер енгізіліп [10, 4], зерттеу нәтижесінде ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан және көршілес Орталық Азия территорияларында өмір сүрген мемлекеттердегі саяси институттардың дәстүрлігі мен сабақтастығына көз жеткізілді. Сондай-ақ соңғы ортағасырдағы қазақ мемлекеттілігінің ежелгі саяси бірлестіктермен (сақ, үйсін, қаңлы) арасындағы тарихи сабақтастығы ғылыми дәйектермен айқындалды.
Демек, Қазақстан территориясында өмір сүрген ежелгі саяси бірлестіктерді қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалаған негіз ретінде қабылдайтын болсақ, ортағасырда пайда болған түркі (Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Оғыз мемлекеті, Қимақ мемлекеті, Қарахан мемлекеті сынды) мемлекеттерін саяси-әлеуметтік құрылымдарды дамытушы немесе жалғастырушы мұрагерлері деуге болады. Әрине, жоғарыда берілген дәлелдерді отандық ғалымдардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жүзеге асырған ауқымды шараларының тұшымды нәтижесі деп көрсету қажет.
Шын мәнінде тарихи деректерге жүгінетін болсақ, б.э.б. І мыңжылдықта өмір сүрген сақ тайпаларының оңтүстік-шығыс Қазақстандағы (Есік, Бесшатыр), Шығыс Қазақстандағы (Шілікті) обаларынан табылған олжалары сақ тайпаларының жоғары және төл мәдениетке ие екенін, оларда қоғамдық әлеуметтік құрылымның дамығанын дәлелдеп берген болатын [7, 158]. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы 21 қарашада жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері»», - деп айтса, «Алтын адамға» қатысты бөлімінде «біздің түп тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған – «Алтын адам»... Жауынгерлердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі» [11],- деп айтады.
Бұл жерде бұрмаланған фактілер қатарында сақ тайпаларының жазуын айтуға болады. Ғалым К.Ақышевтің басшылығында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Есік обасынан күміс тостағанша табылған болатын. Осы тостағаншаның сыртқы жағында ойып 26 таңбамен екі қатарда жазылған мынадай жазу бар:Аға, саңа очкуқ! Без чөк! Букун ічре (р?) азуқ і (аудармасы: Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!) [12]. КСРО кезеңінде осы көне жазуды парсы жазуы деп дәлелдеуге талпыныс жасалды. Яғни Қазақстан территориясындағы өмір сүрген көшпелілерде жазу-сызу болмаған, мәдени деңгейі төмен дегенді қабылдатуға тырысты. Дегенмен шындық уақыт өте өз мақсатына ұласты. Бұдан 2500 жылдай бұрын өмір сүрген тайпалардың жаза білгені және оның көне түркі жазуы екені мойындалды. Десек те «сақ өркениетінің лингвистикалық жағы, яғни тілдік мәселелері даулы болып отыр. Бұл тайпалардың кезінде Еуразияның кең даласына таралғанын ескерсек, сақтардың тайпалық конфедерациялық одағында түркілерден басқа иран тілдес тайпалардың болуы ықтимал», - деген көзқарастар да жоқ емес [1, 26].
ХІІІ ғасырға келгенде қазақ жері Шыңғыс хан әскерінің жаулап алу соғысынан кейін қиранды ішінде қалды. Алайда уақыт өте қайта өмір тіршілігі жалғасын тапты. Монғолдар басып алған жерлеріне арнайы «даруғашы», «тамғашы» секілді өкілдерді тағайындап, солар арқылы басқарды [13, 54]. Бұл кезеңде билік құрылымының барынша тұрақтыланғанын байқауға болады. Осы мәселеге қатысты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «қазақ мемлекетінің іргетасын төре тұқымының (Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтары) өкілдері қалағанын, «Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» [8, 211], - деген пікірі орынды айтылған. Қолымыздағы деректер бойынша осы атап отырған тұңғыш ұлттық мемлекет – Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында Жетісу жерінде бой көтерді. Шыңғыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ұлыс біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылымның туын желбіретті. Осылайша Еуразия кеңістігінде Қазақ хандығының құрылуы қазақ мемлекеттілігінің, саяси дамулардың заңды қорытындысы болды.
Мемлекеттіліктің ұзақ өмірлі болуы үшін оны құраушы құндылықтардың сақталуы қажет екені мәлім. Осы тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн», - дей келе, осы территориядағы руханияттың алты мың жылдығы дамуына тоқталып, өткен тарихын он екі кезеңге бөліп қарастырады [8, 267]. Мәселен, бірінші кезең қазіргі Қазақстанның аумағында мал баққан ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының игеруі, ал екінші кезең шамамен 4-5 мыңжылдық бұрын арийлер тарихы мен рухының орталығы біртіндеп солтүстіктен оңтүстікке ойысуы делінеді. Үшінші кезең – шамамен 3-4 мыңжыл бұрын ғұн тайпаларының көшімен сипатталып, 2-2,5 мыңжылдар бұрын олардың осы жерлерге келіп қайнасуы. Төртінші кезең – шамамен 1,5 мыңжыл бұрын ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жуан-жуан тайпаларының ежелгі ақсүйек әулетінен тараған ұрпақтары. Тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел пайда болды. Бесінші кезең – 1300-1100 жылдар бұрын түркі халықтарының рухани орталығы Шығыста, Орхон Енисейде бой көтерді. Алтыншы кезең – 1100-900 жыл бұрын қазақ жерінде араб-ислам ықпалы басталды. Жетінші кезең – ХІ ғасыр Түркістаннан исламның сопылық ағымы қазақ жеріне тарады. Сегізінші кезең – ХІІ-ХІV ғасырларда қазақ халқының төрт мұраты тұжырымдалды: үш жүздің жауынгерлік ұрандары (Ұлы жүз – Бақтияр – бақыт; Орта жүз – Ақ жол – әділет; Кіші жүз – Алшын – От-ана) және қазақ халқының ортақ ұраны – Алаш ұғымына бірікті. Шыңғыс империясына тәуелденді. Тоғызыншы кезең – XV-XVII ғасырларда алғаш Қазақ хандығы құрылды. Оныншы кезең – XVІІ-ХІХ ғасырларда қазақ халқы өте ауыр кезеңді басынан өткізді. ХІХ ғасырда ұлттың руханиятында жаңашылдықтар пайда болды. Шоқан, Абай секілді жарық жұлдыздар өмір сүрді. Империялық Ресейдің бұғауына толық түсті. Он бірінші кезең – ХХ ғасыр. Қазақ халқының өз мемлекетін құруға талпынысы, Алаш зиялыларының орасан зор қызметтері. КСРО ның құрамындағы қазақ елі. Ұлттық рухани тіректердің қирауы. Он екінші кезең – 1980-жылдардың ортасынан басталды. Халық рухының қайта көтерілуі, дербес даму жолы – ретінде айқындалды.
Сонымен қазіргі уақытта да отан тарихындағы мемлекеттілік мәселесі күрделі, әрі маңызды тақырыптардың бірі болып қала береді. Осы тақырып аясында тарихшы ғалымдар еліміздің өз тарихында өте күрделі, қиын жолдардан өткеніне тоқталып: «қазақ мемлекеттілігі түрлі тарихи кезеңдерде әр қырлы үлгіні иеленді – хандық (ХІХ ғасырға дейінгі кезеңде), протекторат (ХVІІІ-ХІХ ғасырдың басы), одақтық республика (ХХ ғ.). Алайда ұлттық мүддеге сәйкес келетін және ХХІ ғасырдың сын тегеурініне төтеп бере алатын заманауи үлгідегі толыққанды мемлекеттілік, 1991 жылдан беріде, демек, КСРО ыдырап, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана құрылды» [1, 6], - деп көрсетеді.
1.3 Мемлекеттің саяси, әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуындағы заңдылықтар. Адамзат жаратылысынан бастап эволюциялық даму жолында ұзақ кезеңдерді басынан өткізді. Қашан да болсын бір ұлттың, мемлекеттің тарихын тұтастай ой елегінен өткізу оңайға соқпаған. Қазақ елі тарихының да сонау ерте тас дәуірінен басталатынын ескеретін болсақ, халқымыздың аса бай тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарын зерттеу ісінің өте ауқымды мәселе екені анық көрінеді.
Қазақстанның КСРО құрамында өмір сүруінде басшылық тарапынан қабылданған маркстік тарихи материалистік көзқарастан асып кете алмады. Марксизмдегі қоғамдық-экономикадық формация теориясы өндірістік қатынастардың ауысуымен ерекшеленді. Ол тарихи кезеңдерде түрлі ғылыми пікірталас тудырғанымен, маркстік ілім негізінде қабылданған қалып қазіргі кезге дейін өзектілігін сақтап келеді.
Б.э.б. 2-1 мыңжылдықта шаруашылықтың даму барысы жаңара түсіп, тұрмыстық және этникалық тұрғыдан біршама жақын тайпалардың арасында ірі саяси интеграция көрініс тапты. Бұл тарихта Орталық Азия жеріндегі ертедегі ірі тайпалық бірлестіктердің құрылып, мемлекеттік құрылымдардың пайда болуымен сипатталады. Зерттеушілердің пікірінше ежелгі мемлекеттік құрылымның негізін қалағандардың уақыты жағынан алғашқысы – ғұндар болатын. Сондай-ақ мемлекеттік дәрежеге көтерілген – үйсін тайпалары және қаңлылар еді. Үйсіндер мен қаңлылар қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпалары ретінде аталады [14, 16-19]. Бұл мемлекеттер туралы мәліметтер көбіне қытай, үнді, парсы жазба деректерінде сақталған.
552 жылы көктемде түріктердің Ашин тайпаларының көсемі Бумын жуан-жуан (жужан немесе авар) билігін жеңеді. Сөйтіп Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері біріктіріп, Түрік қағанаты атты мемлекет құрды. Қағанаттың кең қанат жайған уақытында оның шекарасы солтүстік Монғолия жерінен бастап шығыс Еуропаға дейін созылды.
Түркілер батыс пен шығыс халықтарының жетістіктерін ұштастыра отырып, ерекше мәдени әлем түзді. Бұған тәңірлік, христиандық, буддизм, ислам сияқты діндердің тоғысында болуы да ықпалын тигізді [1, 31].
604 жылы екі қанатқа бөлінген Ұлы қағанаттың қазіргі Қазақстан территориясында орналасқан бөлігі – Батыс Түрік қағанаты – үлкен саяси күшке ие болды. Бұл қағанатта әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың түрлері жылдам, толыққанды қалыптасты деуге болады. Қағанаттың Ұлы Жібек жолында орналасуы бұл жерде қала мәдениетінің жылдам өркендеуіне ықпал жасады.
Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп, 704 жылы Түргеш қағанаты құрылды. Қағанатта мал шаруашылығымен қоса отырықша егіншілікпен айналысқан аймақтар, қалалар көркейе түсті. Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда керуен жолдарына бақылау орнатты. Бұл әрине мемлекеттің әскери саяси күшін арттырды. Дегенмен VIII ғасырдың ортасында сыртқы соғыстар мен ішкі алауыздықтың әсерінен қағанат құлап, орнына түркі тайпасы қарлұқтардың мемлекеті билікке келді. Қарлұқ мемлекетінде билеуші – «жабғу», ал 840 жылдан бастап «қаған» деп аталды. Қарлұқ қағанаты сыртқы саясатында парсы, арабтар тарапынан жиі, әрі ұзақ соғыстарға тап болса, ішкі саясатында ішкі қырқыстардың салдарынан әлсіреді. Осы жағдайды тиімді пайдаланған Қашғар жеріндегі түрік тілдес тайпалар 940 жылы Қарлұқ мемлекетін құлатып, Шу аңғарында Қарахандар әулетінің үстемдігін орнатты. Қарахан мемлекетінде билік институттары барынша жоғары дәрежеде дамыды.
Түркі мемлекеттерінің жетістіктері туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев еңбегінде: «жұмылған жұдырықтай бірлік, шаруашылықты жүргізудің сол кездегі озық тәсілі, қарулы күштерді неғұрлым тиімді ұйымдастыра білу түркілердің орасан зор мемлекеттер құруына және сол арқылы дүниежүзілік тарихтың даму барысына ықпалды әсер етуіне мүмкіндік берді» [8, 94], - дейді.
ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан әскерінің қазақ жерін жаулап алуына байланысты ғалым З.Қиянатұлы: «монғол шапқыншылығы қазақ мемлекеттілігінің дамуына екі жақты рөл атқарды, бір жағынан шығыс Алтай, Жетісу, Сыр бойында гүлденіп өсіп келе жатқан отырықшы мәдениетті тып-типыл етсе, екінші жағынан Шыңғыс хан ұрпақтары жаулап алған жерінде мемлекеттіліктің әскери феодалдық қатаң жүйесін әкелді. Әрбір ұлыс өз шеп шекарасын айқындап орда тігіп, тұрақты қарулы қолын жасақтады, елін жаудан қорғап, көршілес елдермен тұрақты қарым-қатынастар жасау арқылы мемлекеттілікті одан әрі сомдай түсті [15, 412].
Түркі мемлекеттері құрылып, гүлденіп, құлдырағанымен, олардың арасындағы тарихи сабақтастық әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыда толыққанды көрініс тапты. Ал ХІІІ ғасырдан кейін билік жүйесінде өзіндік заңдылықтар пайда болды. ХІІІ ғасырға дейінгі кезеңде түрік мемлекеттері құрамындағы тайпалардың бірі күшейген тұста билікке келе алса, бұдан кейінгі уақытта билеуші әулет тек Шыңғыс ұрпақтары болды. Бұл үрдіс қазақ даласында мықты бекіді. Көшпелі және отырықшы өркениеттің басын біріктірген Алтын Орда мемлекетінің пайда болуы саяси, экономикалық, әлеуметтік мәдени салалардың жетістіктерін әлемге паш етті. XV ғасырда Алтын Орданың ізбасары ретінде қандас тайпалар бірлесе отырып, қазақтың жеке этнос ретіндегі мемлекеті – Қазақ хандығын құрды. Хандық қазақ халқының қалыптасуына негіз болса, ал шаруашылық, мәдени ортақ құндылықтары халық санасына біртұтас ұлт екенін орнықтырды.
Көшпелі, әрі отырықшы-қалалық өркениетті ұштастырған Қазақ хандығының өзіндік ерекшеліктері мен даму заңдылықтары болды. Көшпелілерде билеуші әулет пен қауым үнемі тығыз қарым-қатынаста, белсенді байланыс ортасында өмір сүрді. Бұл мемлекеттік басқару жүйесі – демократиялық биліктің көшпелі өркениеттен қалған билік түрі екенін дәлелдейді. Яғни қазіргі қоғамдағы демократиялық билік жүйесі өз бастауын осы көшпелі өркениетінен алды деуімізге толық негіз бар. Ал түркі империяларының басты жетістіктері туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Шығыс пен Батысты жақсы білген көшпелілердің империялары қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін тез меңгеріп отырды... Қалай дегенмен де, көшпелілердің отырықшы халықтармен салыстырғандағы әскери-тактикалық артықшылықтарын қамтамасыз еткен ең басты фактор олардың жауынгерлік жорықта жылқыны кеңінен пайдалануы болатын. Мұның өзі әскери істегі төңкеріс еді...» [8, 89-90], - деп атап өтеді.
Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуындағы заңдылықтар Ресей империясының отарына айналғаннан кейін өзгерістерге тап болды; шаруашылық жағдайдың өзгеруі әлеуметтік қарым-қатынастарға ықпал етті. Империя қазақтарды мәдени және рухани жағынан да отарлауға назар аударды. Большевиктік биліктің де осы бағытта астарлы саясат жүргізуінің арқасында қазақстардың дәстүрлі шаруашылығы түбегейлі жойылды.
Сонымен қазақ елінің осы кезеңге дейін жүріп өткен белестері адамзат тарихында өзіндік маңыздылығын сақтайды. Бір жағынан сан ғасырлар бойы қазақ жері әртүрлі діндерді ұстанатын көптеген халықтардың бейбіт өмірімен сипатталса, екінші жағынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «тарих материалдарды зерделей отырып, әр түрлі уақытта Ұлы Дала түрлі кезеңінде барша түркі тайпасының бас орда – астаналары нақ осы заманғы Қазақстан аумағындағы қалаларда орналасқанын байқамау мүмкін емес. Атап айтқанда, бұл жайт Суяб, Құлан, Тараз, Баласағұн, Сығанақ және Түркістан сияқты көне қалаларға қатысты. Ең қызығы, олар белгісіздеу қалалық қоныстар емес, Қазақстанның аты шулы ежелгі қалалары. Олардың гүлденуінің шарықтау кезеңі орта ғасырларда, тіпті одан да ерте тарихи дәуірлерде жатыр. Сондай-ақ бұлар Еуразияның азиялық бөлігіне ғана емес, Еуропаға да едәуір танымал болған қалалар. Бұл қалалар өздері арқылы Еуропа мен Азия арасында тауарлар алмасуы жүрген аса маңызды көлік тораптары ретінде Еуропа тарихына күні бүгінге дейін белгілі» [16, 61], – деп айтқанындай, қазақ жеріндегі саяси, экономикалық, мәдени жоғары деңгейдің әлемдік прогресске ежелден қосып отырған айтулы үлесімен ерекшеленді.
Еліміздің геосаяси жағдайы мен экономикалық әлеуеті әлемдік оқиғалардың, соғыстардың (Бірінші дүниежүзілік соғыс, Екінші дүниежүзілік соғыс, Қырғи-қабақ соғыс т.б.) ішіне тікелей немесе жанама түрде кірігуіне жол ашты. Қазақ жерінде, әсіресе кеңестік жүйенің орнығуы қоғамның трансформацияға ұшырауына негіз болды.
Қорыта айтқанда қазіргі Қазақстан қалыптасқан мемлекет. Оның тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша көзқараста қайта зерделеніп, бұрынғы жалаң ұранды тұжырымдамалардан барынша арылып отыр. Тарихи білімнің өзекті мәселелері талданып, іргелі ғылыми жобалар арқылы оның шеңбері дамытылу үстінде. Ежелден келе жатқандай, нақ осы кезде де әлемдік деңгейдегі үздік жетістіктерде өзіндік жолымен жүріп келеді.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» атты Қазақстан тарихшыларының алғашқы Конгресiнде көтерілген мәселелер
2. Қазіргі заман тарихының дереккөздері мен тарихнамасы туралы көзқарас
3. Қазақ мемлекеттілігі, сабақтастығы мәселесі туралы түсінік
4. Қазақ жеріндегі басқару-әкімшілік жүйенің өзгеріске ұшырауы
5. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық тарихқа көзқарасы