Дальтонизм (түсті ажыратпаушылық) — көздің көру қабілетінің бұзылуы нәтижесінде түсті ажырата алмаушылық. Түсті бірқалыпты сезетін адам негізгі үш түсті (қызыл, жасыл және көк) қабылдай алады (Көру мақаласын қараңыз). Дальтонизмге шалдыққан адамның қызыл және жасыл түстерді сезінуі төмендейді немесе мүлде жойылады, соның салдарынан айналадағы әлемнің түрлі-түсті көріністерін теріс қабылдайды. Көк түске сезімталдықтың кемуі өте сирек байқалады. Түсті мүлде айыра алмаушылықты түс танымау деп атайды; мұндайда айналадағы барлық заттар қара-ақ реңді болып қабылданады. Дальтонизм туа біткен және жүре біткен болып бөлінеді. Туа біткен дальтонизм ерлерде тұқым қуалайды. Жүре біткен дальтонизм көздің немесе орталық жүйке жүйесінің ауруға шалдығуынан болады, сондықтан түсті ажырата алмау белгісі байқалған жағдайда дереу көз дәрігеріне қаралған жөн. Дальтонизмде тағы бір ескеретін жайт: түс айыру кемістік ұзақ уақыт бойына сол ауру адамның өзіне де, оның маңайындағыларға да байқалмауы мүмкін. Дальтонизмге шалдыңқап адамдарда бірте-бірте түстің ашықтығына қарай ажырата білу қабілеті пайда болады. Адамдардың түсті айыра білуін тексеріп отырудың практикалық, әсіресе кәсіптік тұрғыдан айрықша маңызы бар. Өйткені түсті дұрыс айыра білмеу. бақытсыз жағдайға ұшыратуы мүмкін.