1.3-ресурс. Оқыту мен оқудағы креативтілік
1-тапсырма: мәтіндегі басты ақпаратты табыңыз.
Креативтілік ақыл-ой қабілеті немесе оқуға қабілеттілік сияқты адамның бойында
бар немесе жоқ деп кесіп айтатындай туа біткен қасиет емес. Оны дамытуға болады,
сондықтан оқушыларды креативті болуға үйретуге болады. Креативтілік балаларды
бақылаусыз өз бетіне жіберу арқылы немесе тек өнер арқылы ғана дамиды деген кең
таралған жаңсақ ұғымның болуына қарамастан, креативтілікті дамыту мұғалімдер мен
оқушылардан жүйелілік пен мақсаттылықты талап етеді және оған оқу пәндері арқылы
қол жеткізуге болады [1].
Оқушылар алған білімдерін өмірде қолдануға болатынын түсінген кезде, олардың
оқуға және меңгерген білімдерін шығармашылықпен пайдалануға ішкі мотивациясы арта
түседі.
Оқушылар өздерінің оқуға деген қабілетін оң бағалап, сәтсіздіктеріне өмірлік
тәжірибе ретінде қараса, бұл олардың креативтілікке бейім екендігін көрсетеді.
Проблемаларды белгілеу және оларды шешу, оқуды үйрену, кешенді
коммуникация, іргелі білімдерді меңгеру сияқты пәндік дағдыларды меңгеру де
креативтілікті дамытады.
Мысалы, егер оқушыларға белгілі бір ғылыми проблеманы қойып, өздерінің
экспериментін жүргізу ұсынылатын тапсырма берілсе, олар осыған байланысты өзекті
тақырып таңдап, жақсы жоба әзірлеп ұсыну үшін, өздерінің білімі мен креативтілігін
пайдалану қажет болады. Пән арқылы оқыту туралы ғылыми сабақ – бұл оқушылардың
креативтілігін дамытуда қолданатын стратегиялардың бірі болып табылады [2, 3].
Ынталандыру және қолдау оқушыларға өздерінің креативтілігін дамыту туралы
тиімді ойлау модельдерін құруға көмектеседі. Креативтілікті анықтау оқушыларға олар өз
бетінше байқамауы мүмкін креативтілік қабілеттерін айқындауына көмектеседі.
Метакогнициялық дағдыларды дамыту сияқты, тікелей креативті процесс туралы, оған
ненің оң әсер ететіні, ненің кері әсер ететіні туралы айту арқылы оқушының креативтілік
қабілетін дамытуға ықпал етуге болады. Ұқсастықтардың болуына қарамастан әртүрлі
мәдениеттерде креативтіліктің мәні мен құндылығы туралы түсінік әрқалай болып келеді.
Бір елдерде креативтілік қоғамдық және адамгершілік қасиеттер ретінде қарастырылса,
енді бір елдерде адамның тұлғалық ерекшелігін көрсететін қасиеттер ретінде
қарастырылады [4].
Креативтіліктің басқа тұжырымдамалық белгілеріне қатысты ҚХР, Жапония және
АҚШ-тан 400-ден астам оқушы қатысқан сауалнама қорытындысы бойынша, бұл елдердің
оқушылары креативтілік туралы түсінікті жаңашылдығы мен пайдалылығы тұрғысынан
бағалайтынын көрсетті. Дегенмен қытайлық оқушылар креативтілікті жаңашылдық
тұрғысынан ерекше бағалайтынын атап көрсеткен. Ал жапондық және америкалық
оқушылар оны пайдалылығы тұрғысынан маңызды деп санайды. Креативтілікке үйрету
мен дағдыландыруда осындай мәдени айырмашылықтарды да ескеру қажет [5].
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Perkins, D. (1995). Outsmarting IQ: the emerging science of learnable intelligence
[Ақыл-ой дамуының коэффицентінің тестілеуін алдау: білім алушы интеллектінің даму
ғылымы]. New York: Free Press.
2. Ritchhart, R., & Perkins, D. N. (2008). Life in the mindful classroom: nurturing the
disposition of mindfulness [Зейінді сыныптың өмірі: зейінді болуға ынталандыру]. Journal of
Social Issues, 56(1), 27-47.
3. Sternberg, R. J. (2003). Creative thinking in the classroom [Сыныпта
шығармашылық ойлау]. Scandinavian Journal of Educational Research, 47 (3), 325.
4. Niu, W., & Sternberg, R. (2002). Contemporary studies on the concept of creativity:
The East and the West [Қазіргі заманғы креативтілік ұғымдары: Шығыс және Батыс].
Journal of Creative Behavior, 36(4), 269-288.
5. Paletz, S., & Peng, K. (2008). Implicit theories of creativity across cultures: Novelty
and appropriateness in two product domains [Әртүрлі мәдениеттегі креативтіліктің
имплицитті теориялары: екі өнім саласындағы жаңашылдық және мақсаттылық]. Journal
of Cross-Cultural Psychology, 39(3),286–302.
Әртүрлі мәтіндерге ортақ мәселені, ойды жазыңыз. Бұл мәселе немесе ой оқыту үшін
қаншалықты түсінікті және маңызды болып табылады?